14. Ақын арманы өлмейді
(Дихан Әбілов)
Дихан ағаның шын аты Әбдірахман екен. Бұл туралы ақынның өзі «Ой толғаулары» атты естелік кітабында «Қазақ бала туғанда молда алдырып, азан шақыртып ат қойдырады. Қошқарбай молда менің атымды «Әбдірахман» қойған екен. Арада он бес – жиырма күн өткенде біздікіне Мәшһүр Жүсіп келіпті. Менің атымды сұрапты.
-
Жоқ, Әбіл, Қошқарбай қойған ат бұл нәрестеге ат болмайды. Бері
әкелші өзін, - деп, мені өзіне жақындаттырып алып, аузыма түкіріпті де, - мұның аты Дихан! депті. Ол шығымдылық деген сөз» - деп жазыпты.
Туған жері Баянауыл тауының солтүстік беткейіндегі Мойылды деген табиғаты әсем құз жартастар мен ағаш-орман арасы. Әкесі - Әбіл, арғы нағашысы – атақты Бұқар жырау. Жасынан Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сәбит Дөнентаев, Жаяу Мұса, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тума таланттардың шапағатына бөленіп, құйма құлақ дарын иесі болып өседі. Соның бір көрінісі мынау:
«Манағыдай емес Арыстан ағаға бойым үйреніп:
-Өзіңіз кімсіз, аға? – дедім.
-Мен Омбы қазағымын. Атым Дүйсенбі. Ұмытып қалма!
-Қайда барасыз?
-Қоңыр малақайының маңдайын шалқайта сырып:
Өз жұртың күндейді,
Қайың жұртың міндейді
Нағашы жұртың тілейді,-
дегенді естіп пе едің? Ендеше мен сол тілейтін жұртыма барам. Ботпай ауылын білесің бе?
...Сөйтіп, қой соңынан ере сөйлесе отырып, Кереку мен Баян қара жолынан өте бергенімізде, Дүйсенбі аға Ботбай шілігіне барар жолды сұрады менен. Жақсы ағадан айрылғым келмейді. Алайда жөн айттым.
Осыдан жарты шақырым біздің ауыл. Соның баурайы көш жолы соған түсесіз. Екі-үш шақырым өткенде Алпыс ауылы. Одан кейін Бүркітбай бұлағы, Айман бұлақ, Торайғыр көлі – Сұлтанмахмұт, Ботбай ауылы.
Пластинкаға жазып алғандай жаңағыларды қайталап айтты да:
-Бүркітбай бұлағы не? Мұстафаның Бүркітбайы ма?
Бауырында Баян ауылы қойым жатыр,
Шалқыған көк теңіздей ойым жатыр.
Бәкеңнің Мұстафасы ән салғанда,
Таласар ол болам деп қандай пақыр?
- деді
Мен мүдіріп қалдым. Жауап қайтара алмадым.
-Ал, қош бала!
Бұл Дихан баланың қазақтың жыр дүлділі Сәкен Сейфуллинмен алғаш жүздесуі болатын.
Осылай жастайынан әрнәрсеге зерек болып, өз бетімен хат тануға талпынған бала 1920 жылдардан бастап Баянауылда бастауыш (Масғұт мұғалімнен орысша бірінші класты бітіріп, хат танып, кітап оқитын дәрежеге жетеді) мектепті бітіріп, онан соң 1926-1928 жылдар аралығында Семейдегі ауыл шаруашылығы техникумында оқиды. 1934-1937 жылдары Алматыдағы журналистер институтын бітіреді. ҚазПИ-дің аспирантурасында білімін жетілдіреді. Бұдан соң Д.Әбілев туған ауылында, Қызылжар, Қарағанды, Алматы қалаларында мәдени-ағартушылық мекемелерінде, газет басқармаларында, Жазушылар одағында түрлі жауапты қызметтер атқарады. Ал, 1941-1946 жылдар аралығында Отан басына қауіп-қатер төнгенде әскер қатарында майданда болады.
Осы арада Дихан ағамыз Семей ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген кезінде денсаулығына байланысты бір-екі жыл оқуын үзіп, Баянауылда 1931 жылдан бастап шыға бастаған «Ленин туы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарғанын айта кеткіміз келеді. Ал, ол кезде бұл аудандық газеттің редакторы белгілі ақын, жазушы Ғалым Малдыбаев болатын.
1931 жылы ақын, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпеев қайтыс болады. Осыған орай 1932 жылдың басында газет редакторының атына Алматыдан жазушы, халық жанашыры Ғабит Мүсіреповтен төмендегідей хат мәтіні келіп түседі.
Ғалым! Сен қызмет етіп жүрген Баянауылда бүгінгі тірілердің ірісі Мәшһүр Жүсіп Көпеев қайтыс болыпты. Мәшһүр ХІХ-ХХ ғасырдың бірдесі уәкілі, әрі ақын, әрі шежіре. Халық творчествосының жиынтық қазынасы. Осы дүниелері өте мол болуға тиісті. Ел іші әзірше бәрін түсіне бермейді. Әркімнің қолында кетіп жүруі де мүмкін.. Сондықтан сен сол Мәшекеңнің шығармаларын, қолжазбаларын маған «Қазақстан» баспасына жібер, тез кіріс. Қапыда қалмайық!
Сәлеммен Ғабит
1932 жыл, 12 ақпан.
Ал, Ғ.Малдыбаев болса, өз кезегінде түрлі себептерге байланысты
бұл мәселенің орындалуын Д.Әбілевке тапсырады. Осы оқиғаны Дихан аға өз аузымен біздерге: «Мұра-мұрат,- деді әкем. Сені жаңа заман белсендісі көретін болар Шарафи (Мәшһүрдің үлкен баласы)» Жаз. Мен айтты деп жаз!...»
Сараң сөзді Әбекең (Әбіл – ақынның әкемнің айтқанын кітапшама жазып алып тұрмын): «Шарафи, екеуіміздің қараңғылығымыз Мәшекеңнің нұрына көлеңкесін түсірмесін. Балам бара жатыр. Үкімет керек деп жатқан Мәшекеңнің көкірек қазынасына ратшылық жасама»- деп жазғызды да аяғына Әбіл деп арабша таңба салды. Жүріп кеттім. Бере ме, жоқ па? Бақ тәуекел! Бұл сөз алдына уақиға боларлық жайт. Қысқасы, сол сапарымда мен Мәшекеңнің үйінде он тоғыз күн болып, екі кітап қолжазбасын алып қайттым. Ғалым сол күні менің көзімше почтаға апарып Ғабитке жөнелтті. Қазір Ғылым Академиясының әдебиет институтының қазынасында, менің қарындашпен беттеген Мәшекеңнің сол екі кітабы әлі бар», - деп әңгімелеп берген болатын.Осылай сонау бір қысылтаяң кезде де рухани байлығымыздың мәртебесінің асуына үш бәйтерек осындай бір жақсылық жасаған болатын. Осындай игі істің жалғасы ретіндегі тағы бір құнды оқиға Дихан ағамыздың халық жыршысы Нұрпейіс Байғанин атамызды әдебиет майданына алып келуі болатын.
Соғыс алдында тоқсандағы жыр дүлділі Жамбылдың ақындығына 75 жыл толу тойы өткізілмек болады да жер-жерге айтыс ақындарын іздестіруге өкілдер жіберіледі. Бұл жолы Дихан ағаның еншісіне Ақтөбе облысы тиеді. Сөйтіп, белгілі әдебиетші Қанафия Мұстафин екеуі баласы Ғалымның қамауында отырған жыр тұйғынын Алматыдан, Жәкеңнің қасынан бір-ақ шығарады.
Кезінде С.Дөнентаевтан бастап, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин және т.б. Дихан ағаның творчествосына ден қойып, өсіп-өну жолына үнемі қамқорлық жасап отырған.
Бұған мысал ретінде ақынның өз аузынан айтқан:
«Тайыр:
-Мұқа, бұл әлгі өзіңіз «оқып шықтым, ұнады» деген «Бармақты» жазған жас ақын Дихан,- деді.
Мұқан Тайырдан көзін алып, менің жүзіме қоңыржай қарап тұрды да:
-«Бармақты» жазған 16 жылдың көтерілісіне өзі қатысқан ересектердің бірі ме деп едім. Ол жылдағы балаң жанның өзінше көргені мен сезгені екен ғой Диханның жазғаны,- деп Мұқан мені бұрыннан білетіндей іштарта айтты»,- деген әңгімесін көлденең тартуымызға болады. Бұл сол жылдардың өзінде тарлан жазушылардың қатарына қосылған М.Әуезовтің өзінен кейінгі жас талапқа берген үлкен бағасы еді.
Енді тікелей Д.Әбілевтің творчестволық еңбек жолына келер болсақ, онда ең алдымен Семейде оқып жүріп С.Дөнентаевқа өлеңдерін көрсетіп, сынатқан. Оның сол кездегі бірлі-жарым өлеңдері «Кооператив», «Қызыл әскер» сияқты, сол Сәбит сынынан өтіп барып «Жаңа ауыл» газетіне жарияланған. Бірақ болашақ халық жазушысы ол кезде өлеңді өндіртіп көп жазбаған. Оның өлең жазуға бүтіндей берілуі Алматыға келіп, журналистер институтына түскен кезінен басталады. Алғашқы дәуіріндегі Дихан ағаның өлеңдерінде екі Сәбиттің де, Бейімбеттің де идеялық творчестволық ықпалы байқалады. «Соп-соп борозда», «Оянып кетпегенде», «Ызақор еді Серіағам» сияқты егіншілік, еңбек өмірін нақты суреттеген өлеңдерінде Диханның алғашқы ақындығы танылады. Мәселен, оның 1932 жылы жазған:
Күркіреп ақты көк өзен,
Көкала толқын көкке атып.
Тулатты толқын тауларын,
Кетердей жерді аударып.
Долы Ертіске қарасаң,
Баяғы ағын, сол ағын.
Жуып жатыр таласып,
Көпірдің діңгек балағын,
деген «Көпір» атты өлеңінде ақынның суретшілік қабілеті айқын байқалады.
1930 жылдары Дихан өлеңді бұрқыратып көп жазады, көп оқиды, білімін де, ақындық тәжірибесінде толықтыра береді. Тек институт көлемі ғана емес, Алматыдағы әдебиетші-жазушылар ортасы да ақынға үлкен мектеп болады. Диханның көптеген өлеңдері республикалық газет-журналдарда басылады. 1937 жылы «Шалқыма» атты поэмасы, 1939 жылы «Сүйемін» атты өлеңдер жинағы жарияланады.
Дихан шығармаларының ішінде жылы, суретті лирикалар да, жұртшылықтың жақсы назарын аударған «Шалқыма» сияқты поэмасы да бар еді. Тақырып жағынан алатын болсақ, екі жинағына ортақ бір нәрсе: ақынның «Қуат» поэмасынан бастап, «Чапаев», «Мерген бала», «Оқ», «Отан үшін» сияқты өлең-жырларына дейін бәрі де Отан қорғау, кеңес әскерінің жеңімпаздығын, күрестерін бейнелеуге арналған. Сондай-ақ, «Испан қызы», «Ремедиос» секілді империалистердің басқыншылық арандату әрекеттерін әшкерелеуге арналған ұзақ сюжетті өлеңдері де Отан қорғау тақырыбын тереңдете түседі.
Осы жинақтарына кірген «Кел, жігіттер», «Қызыл жалау», «Таңертең», «Торғай», «Қызғалдақ», «Қырғыз қызына» сияқты лирикалары Диханның лирик-ақын екендігін байқатады.
Дихан ақындығының екінші дәуірі, яғни, өсіп қалыптасқан кезі Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдарда басталады. Оның ақындық жолда өсуіне толып жатқан себептер бар. Алдымен ақын от пен оқ кешкен майданда жүріп солдат өмірін, соғыс уақиғаларын нақты жырлады. Шындықтың өзімен қоян-қолтық араласты. Ал қашанда болсын өмір шындығының өзі адамға ең ауыр мектеп қой, сол өмір, соғыс шындығы ақын қаламын төселдіріп, жетілдіре түсті.
Ұлы Отан соғысы ақын поэзиясындағы ең орталық тақырып. Бұл тақырыпты меңгеруге ақын әр жағынан, әртүрлі шеберлік, жанрлық ерекшелігімен келеді. Дихан бірқатар өлең-жырларында, поэмаларында сұрапыл соғыстың қатал жорықтарын, кеңес патриоттарының жауға деген ыза, кектерін, ерлік күрестерін баяндаса («Жұлдызды жігіт», «Біздің батыр полковник», «Жаңа жыл кеші», «Москва түбінде», «Неман», «Төмпешік»), енді бір келесі лирикасында ол соғыстағы жауынгер солдаттың туған жерге, достарына, туыс-жақындарына деген сағыныш, жалынды ыстық махаббатын әр алуан сюжет, ақындық мотив, көркемдік формамен бейнеледі. Мәселен, олардың қатарына «Қоштасу», «Жан сөзі», «Сүйген жарға», «Мені де, сені де», «Сағыныш», «Құздағы жұлдыз», «Ақ үйде», «Күй», «Туған елге», «Тастақ», «От», «Тоты», «Қайда кеттің», «Сол күн үшін», «Бөбегім», «Ботакөз» т.б. өлеңдерін жатқызуға болады.
Бұдан басқа оның майдандағы солдаттың соғыс жайындағы тіршілігін, нақты тұрмысын, сезім күйлерін суреттеген лирикалары да қызықты. Диханның «Шылым», «Алабаған», «Құты», «Бұғы», «Кәрлен кесе» жырлары осындай өлеңдер.
Дихан қазақтың басқа жауынгер ақындарынан ерекше бір тақырыпты, атап айтқанда, Қиыр Шығыс, Жапониямен соғыс тақырыбын бырсыпыра жырлап қайтты. Бұл сол кезде қазақ поэзиясындағы тың тақырып болатын.
Диханның соңғы дәуірдегі поэзиясында лирикамен қатар эпикалық шығарма елеулі орын алады. Ақынның соғыс тұсындағы поэзиясында суретшілік, сюжеттілік, шағын өлең арқылы белгілі бір ойды, тартыс түйінін қорытып отыру әдісі соғыстан кейінгі дәуірдегі шығармаларына тереңдей қалыптаса түседі. Тақырыпты меңгерумен шеберлігін жетілдіру ақын үшін маңызды бір творчестволық мақсат болады.
Жоғарыда біздер Диханның табиғатты, өмір көркін жырлаудағы шеберлігі бала кезінен оянған талантының жарқ етпе көрінісі дедік. Мәселен, Алтай тақырыбына арналған лирикалары мен поэмаларында оның Ертісті, Зайсан көлін, Үлбе өзенін жарқын да сұлу суреттей алған шеберлігін танимыз. Жылдың төрт мезгілі, көктем, тың даладағы егіс тақырыбына арналған табиғаттың алуан түрлі құбылыстарын, сол жарастықты табиғат құшағындағы адамдардың еңбек өмірін берудегі суреттілігі көрінеді. Ақын бірде:
Қарашы Зайсан көлдің келбетіне,
Көл бар ма мұндай сұлу жер бетінде?
Толықсып көк толқыны көбік шашып
Қаз дауысын, аққу әнін тербетуде!-
деп сұлу Зайсанның сипатын қарапайым халықтың сөзімен жырласа,
енді бірде:
Адам жаны өлеңдеткен, жыр еткен,
Жыл ішінде ғашығындай мезгіл бар
Өмір қойған аты оның нұр көктем...
Көк плюшке бөленді бар атырап.
Көк ормандар жайды жасыл жапырақ,
Көк өзендер көсіле ағып күркіреп
Теңіздерде құйып жатыр сарқырап...
Үлкенменен кіші әзілдеп құрбыдай
Жай – күйіне жас салтанат құрды май
Сезіміңді, лебізіңді толқытып
Өмір туын нұрмен желпіп тұрды май
Қаз бауыр бұлт жоғарыда қалықтап
Орман шашын сәулесімен тараған
Ай сүңгиді аспанынан шалқалап
Ұлы анадай әлде болса балажан
Күн шығады жас көктемді арқалап,-
деп көктем көркін беруде ол ерекше ақындық тіл табады. Осындай дәл және ақындық шеберлікпен жазылған суреттер Диханның ақындық жолдарының өсуіне тиісті қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Дихан лирикаларының бірталайы нақты бір өмір обектісін, нақты бір тартыс түйінін баяндайды. Мәселен, оның «Өзен», «Өмірде бір ыстық шағың болады», «Алтай сулары», «Қорғасын толқыны», «Домбыра күйіне» сияқты шебер жазылған өлеңдері әрі шағын лирика, әрі сюжетті шығарма. Ақынның «Өмірде бір ыстық шағың болады» деген өлеңі жаңа жыр ырғағымен берілген, форма жөнінде ізденумен жазылған тақпақ. Өз Отанының қуатты жасағыш бейнесін ол осындай ізденумен жазылған шағын жырларында да ұтымды тапқырлықпен бере алады.
Дихан бірталай поэмалар жазған ақын. Әсіресе, соғыстан кейін
Алтай тақырыбын лирикалы жыр көлемінде де дамытып, нақты жырлауда елеулі табыстарға жетті. Зайсан көлі, Ертіс, Үлбі өзендері, Алтай тауы бойындағы өмір көріністері, жаңа құрылыс, еңбек ерлігі ақын поэзиясының негізгі бір идеялық, творчестволық мотиві болды,
«Алтай жүрегі» (1953 жыл) поэмасы 1954 жылы орысшаға аударылып басылды. 1957 жылы бұл шығарма жөнделіп, толықтырылып «Таудағы ту» деген атпен қайта шықты. Осы поэманың жалғасы ретінде «Отты тасқындар» атты поэмасы 1956 жылы жарық көрді.
Бұдан соң ақын енді Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірбаяны, творчестволық қызметін қатар қоғамдық қайраткерлерлігіне арналған «Ақын арманы» атты көркем шығармасын жазуға кіріседі. Дихан бұл іске дайындықпен келген болатын.
Баянауыл аудандық «Ленин туы», Қызылжарда шығатын Қарағанды облыстық «Ленин туы», республикалық «Социалистік Қазақстан», Жазушылар Одағының «Қазақ әдебиетіндегі» журналистік қызметін былай қойғанда «Жаңа әдебиет» кейін «Әдебиет майданы» журналында жарияланған «Сырлы шкафтың сыры» мен «Танакөк» әңгімелерінен бастап өлеңмен жазған «Алтай жүрегі» романы және Некрасовтың «Русьте кім жақсы тұрадысының» аудармасы поэзиядан прозаға салынған жолдың алтын көпірі болды.
Алдында роман болып жазылған бұл шығарма кейін үш кітаптан тұратын трилогияға айналды. Бұл еңбегін бастан аяқ жазып шығу үшін жазушы өзінің 16 жыл аяулы өмірін арнапты. Бірақ ол үшін ақын – жазушы ешқашан өкінбейтін болады. Себебі, онда өлмейтұғын мұра, өшпейтұғын тарих бар. Осы мақаланы жазу барысында біздер Д.Әбіловтың «Ақын арманы» трилогиясын тағы бір рет оқып шықтық. Соның барысында өзімізге төмендегідей ой түйдік. «Ақын арманы», «Арман жолында» және «Баянауыл баурайында» деп аталатын үш кітаптан тұратын бұл «Сұлтанмахмұт» трилогиясы қазақ әдебиетінің алтын қорына келіп құйылған шын мәніндегі құнды шығарма. Мұнда өмірі қысқа болғанымен өлеңі ғасырларға созылатын Сұлтанмахмұт сынды қазақ халқының ақынының образы беріліп қана қоймай, сол арқылы ХХ ғасыр басындағы қазақ елінің тарихы, қоғамдағы орны мен саясаты, әлеуметтік – экономикалық хал жағдайлары да алақандағыдай ашып көрсетіліп берілген. Шығарма сонысымен құнды. Иә, ақын арманы өлмейді. Жалғасын табады.
Буырқанған, бұрқанған жыр тасқыны.
(Қалижан Бекқожин)
Бабам қалап кеткен бе,
Қат – қат сандық тастарын?
Келемін аттап бөктерде
Тебірентіп мені де
Аталар өткен асқарым... [73]
Баянауылдағы Бекқожа балташының баласы Нұрғожа ақынның Қайыржан, Қалижан есімді ағайынды ағалы – інілі екі ұлы болған. Әкелері әсіресе үлкенін жанындай жақсы көріп:
Нұрғожа бас жігіттің болған бірі,
Тарқаған қалам алса көңіл кірі
Құдайға қазір алса ризамын
Артымда Қайыржаным қалса тірі,-
деп өлең жолдарын да арнаған.
Алайда ғазиз әке балаларының болашағына бөле – жара қарамаған. Қос қанатына өрелі білім беру қамымен 1917 жылы төңкерістің алдында ауылдан қалаға, яғни Керекуге көшкен. Кейіннен әкелерінің өздеріне деген мұндай қамқорлығына Қалижан: «Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Мені әкем алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды да, жалдамалы молдасымақтарға діни оқуға берді...
... Араб әліппесінің әріптерін атаудың өзі бір қиямет... «Бисін бе, биесін – би, Бәби - бо» деген бірдемелерді ежелеп бірнеше күн жаттап қақсайтынбыз. Алайда, сол бала шағымда араб әліппесін жете білгендігімнен қаншама таңғажайып қиссалар, аңыз – хикаялар, ертегі – дастандарды оқып шықтым. Әкемнің қос әбдіресі кітаптарға толы болатын. Сонымен қатар қаладағы татар дүкендерінде Бұқарада, Қазанда, Ташкент шаһарларында басылып шыққан қисса – дастандарды, батырлар жырларын түгел оқысам керек. Солардың ішінен бала кезімде оқығаным - татардың ұлы шайыры Ғабдолла Тоқайдың 1913 жылы шыққан «Көңіл тамшылары» атты өлеңдер жинағы. Әкем Абай, Сұлтанмахмұт, Мұрат өлеңдерін, Біржан – Сара айтысын, тегі сүйсіне оқыса керек», - деп ризашылықпен еске алған.[74]
Ал, енді Қ.Бекқожиннің өзіне келетін болсақ әдебиет майданында жарты ғасырдан астам еңбек еткен жылдарында үлкен асулардан өтті. Оның өлең, поэмалары, әдеби сын, публицистикалық еңбектері, пьесалары том – том кітап болып басылып, театр сахналарында қойылды. Ол әдебиеттану және аударма саласында да елеулі еңбектер жазып, соңына өшпес мұра қалдырған белді де, белгілі әрі білікті суреткер ақын, жазушы.
Қазақстан Мемелекеттік сыйлығының лауреаты, халық ақыны Қ.Бекқожиннің өмірбаяны мен творчествосы жайлы әр жылдары жарық көрген баспасөз материалдарын былай қойғанда, мектеп оқушыларына арналған оқулық, хрестоматияларда, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтар [75] мен қазақ әдебиетінің тарихына арналған ғылыми еңбектерде [76] нақты бір жүйеге келтірілген көптеген тұжырым пікірлер білдірілген. Сондай – ақ, ақын творчествосын зерттеудегі әдебиетші Төкен Ибрагимов [77] пен ғалым Әбділхамит Нарымберовтардың [78] да еңбектерін айрықша атап өткеніміз жөн.
Ақын Қ.Бекқожин әдебиетке отызыншы жылдары келген. Бұл туралы белгілі ғалым Р.Бердібаев: «Қазақ совет поэзиясы түрлі тың тақырыптарға барды, әр жанрда шығармалар туды. Жалпы алғанда, 30 жылдарда қазақ поэзиясы сан жағынан да, сапа жағынан да, жаңа қияға өрледі. Оның тұрақты да өнімді өкілдері ретінде І.Жансүгіров, С.Мұқанов, А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, К.Әбдіқадыров, Ғ.Орманов, Ж.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов сияқты белгілі ақындар қызмет етті. Отызыншы жылдардың орта тұсында бұлардың қатары Ә.Сәрсенбаев(1905), Қ.Аманжолов (1911 - 1955), Ж.Саин (1912 - 1961), Қ.Бекқожин (1913), Қ.Сатыбалдин (1917 - 1970), М.Хакімжанова (1906), Д.Әбілов (1907), А.Жұмағалиев (1915 - 1941) тәрізді ақындармен көбейді», - деп жазды.[216]
Шынында да Қалижан кезінде әдебиет әлеміне:
Ерке өскен еркін елде мен бір жаспын,
Туғаннан тың ғасырмен мен сырласпын.
Ержеттім толқынды өмір арасында –
Сондықтан менің жырым - өрен тасқын, -
деп буырқанып келген жастың бірі еді. [217]
Өзінде де, сөзіне де сенімді ақын:
Еркінмін, бұлтты жарып көкке ұшамын
Бұзамын мұхиттың да мұз құрсауын, -
дей келіп одан әрі:
Гүл орман, Отанымда шаттық өмір,
Теңіздей көтерілген шалқып көңіл
Сайраған бұлбұлдарды сол орманның
Жан – жақтан жастық жыры толқындап тұр
Шырқаймын мен де бірге шаттық сырын
Жырыммен жаңғыртамын таудың шыңын,-
деп шарықтап кетеді.
Бұл туралы ғалым Ә.Нәрімбетов: «Отызыншы жылдардың орта тұсында поэзия әлемінің табалдырығын аттаған ақын Қ.Бекхожиннің алғашқы туындыларынан байқалатын жай: оның шығармаларында сол тұстағы уақыт тынысының сезілетіні. Ақын бірден халық өмірінің дүбіріне құлақ қойып, идеал – мақсатын жырлауға ұмтылды. Өз заманының көкейкесті мәселесін толғауды басты ақындық парызым деп білді. Бұл бағыттағы оның шығармаларының идеялық нысаны айқын еді. Ал, көркемдік сапа тұрғысынан қарағанда, олардың дені алғашқы творчестволық тәжірибелер, тұңғыш барлау ізденулер екені көрініп тұр. Көркемдік шеберлік жолындағы ақын алар биік асулар алда болатын», - деп жазады [80]
Иә, ақын алар асулар алда болатын. Бұған оның әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған жырлары куә. Бұл сұрапыл майдан жылдарында Қ.Бекхожиннің де творчествосының жауынгерлік рухы күшеюмен қатар, қаһармандардың келбеті де айқындала түсті. Ол, ә дегеннен – ақ «Кек дабылы» деген өлең жазып:
Кеудемізде кек қайнаған
Кекпен өзен отқа айналған
Қаһарлы айқай салған шуды
Дүниеде кім ашулы?
Біз, жігіттер, -біз ашулы!
Біз ашулы
Намыс оты
Бойды өртеген, жалын қысқан
Ашындырды, арға тиді,
Бүлік салып бізге дұшпан, -
деп халықтың бойындағы жауға деген өшпенділікпен, шексіз ашу – ызаны дәл тауып, тұтандыруға тырысты.
Бұдан кейінгі ақынның екінші бір өлеңі «Кәдімгі біздің Қошқарбай» деп аталады. [82] Мұнда ол жауды талқандауда шынайы ерлік көрсеткен қарапайым қазақ жігіттерінің бейнесін:
Сонда неміс сұмына
Оқ боратып дауылдай
Қағысқанды қандатып
Қабағына қан татып
Түнерді түсі аспандай –
Қан қырғында жүр екен
Кәдімгі біздің Қошқарбай,-
деп тебірене жыр жолдарына қосты.
Қ.Бекхожиннің Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған туындыларының белгісі де, бірегейі боп оның «Партизандар» және «Партизан анасы» деп аталатын жырлары болып табылады. Бұл жайында белгілі ғалым Ә.Нарымбетов жоғарыда аталған монографиясында: «Мәселен, ақын Қ.Бекхожин «Партизан анасы» балладасында белгілі бір нақтылы сюжетпен партизан өмірін айқын суреттеуді мақсат еткен. Шығарманың бас кейіпкері партизан және оның кәрі анасы. Жорықта жүрген партизан ұлына деген ананың сағынышын ақын тебірене толғайды. Әр ананың өз перзентінің тірлігін тілейтіні заңды құбылыс. Сол әрбір әзиз анадай партизан анасы да ұзақ мерзім жорықта жүрген ұлымен жүздесуді арман етеді. Ұлым тірі ме, өлі ме деп көкірегі қарс айырыла күдіктенеді де. Сөйтіп, жаумен үш жыл майдандасқан ұлын іздеп ана жолға шығады. Сол жерде фашистер ананы қоршап «партизан ұлың қайда, тауып бер?» деп қысады. Жау аузынан өз ұлының тірі екенін естіп қуанған ана сезімін ақын оның өз сөзімен жеткізе алған:
Ей, залымдар, өлтір мені
Жыламаймын, мен қуанам
Тірі екен ғой сендерге ойран
Салып жүрген менің балам
Қуанамын тірлігіне
Қарашығым еді менің
Қуанамын ерлігіне
Сақтап жүрген ана кегін...[83]
Бұдан кейін жауыздардың анаға оқ атуы алдындағы ана арманы, қиялы әдемі бейнеленген. Сезім суреттерін бере отырып, ақын шығарма кейіпкерлерінің биік бітімін шынайы мүсіндеген. Олар: жауды талқандап жүрген ер партизан және оның абзал анасы»,-деп әділ бағасын берген. [84]
Саяси, азаматтық лириканың бастауы сонау С.Сейфуллин, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлиндерден басталады. Ал, осы саяси - азаматтық лирика Қ.Бекхожиннің творчествосынан басты орын алады десек қателеспейміз. Бұған оның «Отан», «Жер», «Бейбітшілік» тақырыптарына арналған:
Сол ғана інім, сол тілек,
Сол тілек ізгі, сол күшті!
От алмасын зеңбірек
Тыныштық жеңсін соғысты
...............................................
Аузында ажал оты бар
Атомдар бейбіт жол алсын,
Ашуы мұзға атылар,-
деп басталатын «Тұрсын дүние бабында» [85] деген сияқты өлең шумақтары куә.
Осы орайда арнайы сөз етуге тұрарлық екінші бір мәселе – Қ.Бекхожиннің творчествосындағы замандас бейнесі. Мәселен, ол «Адамзатқа маймыл ата дегенге» [86] деп аталатын өлеңінде:
Адамзатта күннің ізгі нұры бар
Пейілі бар, күндей жылы, мерейлі
Адамзатта- жалын да бар қуырар –
Жаусыздықты жерге төнген үрейді
Адамзатта- асқан дана ақыл бар
Дүниеге теңіз болып шалқыған
Құдірет бар, бағынатын атомдар
Қасиет бар тұлғасына сай туған,-
деп замандасын ең биік дәрежеге көтереді де, кен қопарған кенші мен қызу еңбектің қазанында қайнаған жұмысшыны, ел ризығын жиып жүрген диқанды, дала төсін тұяққа толтырып отырған малшыны, зәулім үйлерді тұрғызушы құрылысшыны («Жезқазған жырлары», «Кеншімен сырласу», «Шахтер мақтанышы», «Комбайншы қыз», «Қарт шопанды ойладым», «Құрылысшы жыры») осының дәлелі ретінде айызынан қандыра тебіріне жырға қосады.
Өсиет өлең шығару дәстүрі қазақ поэзиясында ертеден бар. Оған Бұқар жырау Қалқаманұлының, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәбит Дөнентаевтың, Тұрмағамбет Ізтілеуовтың көптеген өсиет өлеңдері дәлел. Бұл салада Қ.Бекхожин де аз еңбектенбеген. Сондықтан оның «Әркімде бір қате бар», «Туысыма», «Ақын ініме», «Қайғың болса», «Жұрт көзінше күрсінбе», «Егер шықсаң асқарға», «Ұмыт бәрін», «Бес ешкіні қудым» деп аталатын жырларын қазіргі поэзиядағы өсиет өлеңдерінің тәуір нұсқаларының қатарынан табатынымыз орынды. Мәселен, ол бұл тұрғыдан алғанда кейінгі ұрпаққа:
Ұмыт,-
Көрген запыңды күншілерден,
Өсектерді соңыңнан сыңсып өрген
Еске сақта әзілін достарыңның
Кірбің кезде көңілді бір көтерген
Ұмыт,-
Ұсақ өкпеңді туысыңа
Қалмасын зіл кеудеңнің қуысында
Жадырай бер мереймен, ізгілікпен
Кеңір сонда кеудең де, тынысың да,-
деп өсиет айтады [87]
Сондай – ақ, Қ.Бекхожин нақыл шумақтар да жазған ақын. Бұл туралы ғалым, зертеуші Ә.Нарымбетов: «Арғы – бергі қазақ поэзиясында өсиет өлеңдермен қатар нақыл шумақтар шығару дәстүрі де ежелден бар. Сырттай қарағанда өсиет пен нақыл өлеңнің табиғатында ұқсастық та байқалады. Іштей үңіліп, ажырата қарағанда, айырмасы да көзге түседі. Өсиет өлеңнің көлеміне қарағанда нақыл өлеңнің мөлшері шағын келеді. Өмір тәжірибесінің сығынды жиынтығындай философиялық ғибраттылық ой – пікір нақыл шумақтың өзегі болып отырады. Бұл ретте ол мақал – мәтелге де жуықтап қалады. Бірақ нақыл шумақ мақал – мәтел емес. Сол нақыл шумақтардың біразы өмір сынынан, халық талғамынан өтсе кейін біразы мақал – мәтелге де айналып кетуі мүмкін. Сондықтан ақындардың нақыл шумақтарын кейінгі уақытта шығуы ықтимал мақал – мәтелдердің арсеналы десе де болғандай»,- деп жазып нақыл шумақтарға тың көзқарас білдіріп, орынды баға береді. Ғалымның бұл ой – пікіріне ақынның:
Таудай толқын болса да,
Суға батпас қасқалдақ.
Қанша боран соқса да
Қыран ұшар аспандап
Таусыла сыр айтқаннан
Томсарғаның ірілік
Сөйлесуге баптанған
Сырласыңның сырын ұқ [88],-
деген нақыл шумағы толық жауап беріп тұрған, үндес - өзектес жыр жолдары деп білеміз.
Қ.Бекхожин эпик ақын. Сонықтан да оның қазақтың эпикалық поэмаларының даму, өркендеу, процесіне қосқан үлесі ұшан – теңіз.Көзі тірісінде 40-тан астам өлең жинақтары шығып, жиырма шақты ірі поэмалар жазған ақынның шығармаларында кісі аттары, кейіпкерлері өте көп. Бұл жайында ол кезінде: «Мен жазған жиырма шақты поэмалардағы кейіпкерлердің көпшілігі – тарихта болған белгілі адамдар немесе өмірде шындық негіздері бар бейнелер. Сол кейіпкерлердің бір қатарын мен өз көзіммен көрдім, олардың абзал өмірінен, әйгілі істері жайында өздерімен танысып, сұхбаттасқан едім. Тегінде, тарихтан анық естіп білгенімді немесе көріп жете барлағанымды жазуға мен ертеректен бейімделдім», - деп жазған. [89]
Қ.Бекқожиннің алғашқы жазған поэмасы «Кек» деп аталады. Ол 1938 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарияланып, оқырманнан тиісті бағасын алады. Поэманың бас кейіпкері азамат соғысының қаһарманы – Балтабай Баратбаев. Автор дастанында халық аңыз етіп айтқан, өзі дер кезінде естіп – білген оқиғасын, азамат соғысының ері Балтабай бейнесін былай деп жырлайды:
Онда мен жетідегі жүгірмекпін!
Ұқтым ба дүбірлеген сырын көптің?!
Зеңбірек күркіресе қызық көріп
Қызыл ту желпілдесе күлімдеппін...
Соңынан солдаттың мен жүгіремін
Сол күннен ұмытылмас сыр білемін
Шықты деп шулы батыр Керекуден
Естіген бала күннен жырым менің
Геройым – аты шулы ер Балтабай
Байға қас, жарқылдайтын ақ балтадай
Кегіне жарлы жұрттың жанын қайрап
Ел сүйген ерліктері еткен талай...
Арада 44 жыл өткен соң «Кек» поэмасына байланысты үлкен оқиға болады. Ол туралы ақын: «1982 жылы 10 ноябрьде совет милициясының 60 жылдық мерекесі кезінде Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі мені телевизия арқылы сөйлеуге шақырды. Бақсам милиция ардагері Балтабай Баратбаев есіміне республикалық жүлде белгіленген екен. Сол жүлдені милицияның өнегелі қызметкерлеріне сол мерекелі күні тапсыруды ұйғарыпты. Милиция ардагерін тұңғыш жыр еткен маған «Кек» деген поэмаңыздан үзінді оқып, Балтабай туралы естелік айтыңыз деп өтінді. Милиция басшылары, елу милиция қатысқан телевизиялық бұл жиынға Балтабайдың туған баласы, қазір жасы ұлғайған Сапар Баратбаев та қатысты. Мен халықтың тәртіп, өнегесін сақтаушы, игілігін қорғаушы абзал азаматтарға Балтабай туралы естелік айтып, «Кек»поэмасынан үзінділер оқып бердім», - деп еске алады кейінірек жазған естеліктерінің бірінде.[90]
Қ.Бекхожиннің келесі бір дастаны «Орман қызы» деп аталады. Ақын 1938 жылы жазылған бұл поэмасы үшін 1939 жылы комсомол сыйлығының лауреаты атағына ие болған. «Орман қызының» басты кейіпкері Қарлығаш есімді әнші қыз (Күләш Байсейітова) бейнесін ақын:
Жарқ етіп шықты міне сахнаға
Тұр екен ән толқыны дәтін ала.
Көзінен кереметті ұшқын атты,
Солай бір серпіледі ақын ғана.
Сылдырап шашындағы ақ шолпысы
Желбіреп ақша гүлдей шоқ үкісі
Майысып құба талдай топ алдында,
Жымиды құлпырды да сұлу түсі
Күмбезге күміс төгіп әні кетті
Сарайдың залдарын жарып өтті.
Кең дала жазығындай ән жайылып,
Аңсаған алыстарға ағып жетті...
деп шарықтата жырлайды.
Эпик ақын өзінің «Ақсақ құлан» поэмасын 1939 – 1940 жылдары жазып, алғашқы нұсқасын «Әдебиет және искусство» журналының 1940 жылғы сандарында жариялатқан. Кейін, 1963 жылы автор бұл дастанына қайта оралып, өңдеп жаңғыртқан:
Жейхунның самал соқпай кең арнасы
Тулақтай тақыр болған көгал басы
Жағасын қалың тобыр жаугер басып
Алқапта айбат шеккен хан ордасы
Моңғолдың маңғыт қырған қоналқасы,
Адырда, алау жұтқан Сығанақтың
Қалыпты қалалардың қараң тасы,
Әлі де суыған жоқ қоламтасы
Шығысты шеңгелімен уыстаған
Шыңғыстан ұлыс бар ма ығыспаған
Өзіндей ажал түсті обыр ұлы
Жошы хан мұнда келіп тыныстаған
Бұл сипаттама тарихы шындықты елестеді. Ал, күйші тұлғасы, іс - әрекеті, күйшінің сүйікті жары Еліктің сыр – сипаты творчестволық қиялдан туған жәйттар. Тарихи шындық негізі бар, оқырман жұртшылыққа белгілі, сыншылар тарапынан да жақсы баға алған, орыс тіліне аударылып (аударған белгілі ақын Владимир Соколов) бірнеше рет жарық көрген бұл туындының өз творчествомның шоқтығы деп мәртебе тұтамын. Поэманың поэзиялық қасиетін, әсем өрнектерін, күй сарындарын оқыған адам менің бұл мақтанышымды бекерге шығармас...», - деп жоғары көңіл – күйін білдіреді ақын. [91]
Қ.Бекхожиннің тарихи тақырыпқа «Ақсақ құланнан» кейінгі жазған екінші бір көрнекті еңбегі «Мариям Жагорқызы» деп аталатын поэмасы болып табылады. Ақынның бұл шығармасының да екі нұсқасы бар. Оның алғашқы варианты 1949 жылы жазылып, 1950 жылы жеке кітап болып басылып шықса, жөндетіліп түзетілген екінші жаңа нұсқасы 1954 жылы аяқталып, 1955 жылы жеке кітап болып жарияланған. Бұл туралы автордың өзі кезінде: «Поэманың уақиғалық мазмұны көпшілік оқырмандарға танымал болса керек. Бұл дастаным қазақ тілінде де, Москвада орыс тілінде де бірнеше рет басылды. Оқырман, сыншы қауымның дастаныма білдірген ізет ықыластары, берген бағалары мен үшін ізгі сүйеніш, әсіресе, әдебиетіміздің ардагер, ұстаз жазушылары Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың: «Мәриям Жагорқызы» поэмасы жайында кезінде білдірген ізгі пікірлері менің қаламымды биіктерге сермеуге зор шабыт, мерей туғызады», - деп тебірене еске алған. [92]
Бұдан кейін ақын 1950 жылы жұмысшы, шахтер өмірін суреттейтін «Қамбар ағай» және 1957 жылы Жезқазғандағы кеншілердің, инженерлердің бейбіт құрылыс жылдары мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі өмірлеріне арнап «Ақан Ақтаев» деген поэмаларын жазды. Соңғы дастанына 1962 жылы қайтадан оралып, «Тұрлаулы тағдыр» деп өзгертіп, тың леп берді.
Қ.Бекхожиннің келесі «Дала комиссары» деп аталатын поэмасы азамат соғысының ардагері Әліби Жангелдиннің өмірбаяны мен ерлік істеріне арналған шығарма. 1960 жылы баспа жүзін көріп, орысшаға аударылған.
Енді осындай жырларымен халыққа әбден танымал болған дауылпаз ақын 1964 жылы қазақтың «Сыр сандығы» атанған ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің өмір – тағдырына арнап «Сұңқар туралы аңыз» поэмасын жазады. Ақын ақын туралы шығармасында:
Күдері көңілімнің күрт үзілді
Аспанға буралардай бұлт түзілді
Жаңағы күн шуағы жоғалды да,
Суық жел соға қалды бүркіп зілді
Жалбырап қара шашым жүгірдім мен
Үрейлі жапырақтың сыбдырымен
Сол үйге ол да мендей қарап төнген
Қаптаулы терезелер қара тормен
Сұңғақ бой көрінбейді стол бос тұр
Сұңқар жоқ тұғырында қанат көрген, -
деп шарқ ұрады, жоғалғанын іздейді, оның себептерін қарастырады.
Сондай – ақ адуын ақынның қаламынан 1967 жылы «Кремль сақшысы», 1969 жылы «Соңғы сайран» атты поэмалары туындады. Алғашқы дастанның басты кейіпкері Кремльдің алғаш сақшыларының бірі қазақ Әли Сәрсенбин болса, соңғы дастанның геройы – ақын, композитор, әнші Ақан сері Қорамсаұлы. Бұл поэманың жазылу тарихы жайында автордың өзі «Өлең өткелдері» атты еңбегінде: «Тегінде мен творчестволық бағытымда, жас шағымнан бері ардагерлер, өнерпаздарын өмірін, өткендегі әнші, күйші, ақындар тағдырын жырлауға құштар болдым... Сондай тақырыпқа арналған поэмалардың бірі «Соңғы сайран». Бұл шағын дастан атақты Ақанның серілік, әншілік сырлы өмірі жайында емес, бұл жырда Ақанның тек соңғы бір күйінішті шағы, сері жанның сайран, думаннан, Ақтотыдай сүйген аруынан, Құлагер сынды тұлпарынан, бөктергілерді бүретін қыран құсынан айырылып, жасы да, еңсесі де еңкейіп, Қоскөл жағасында жалғыз қалған аянышты халі қасіретпен шарқ ұрған қиялын сипаттайды.
Аулақта, қызық думан алтыбақан,
Ауыл жоқ айналада алқа қотан.
Күрсінсе сақалынан жас тамшылап
Қоскөлдің жағасында отыр Ақан
Жағасын бұлт басқандай қарайған маң,
Үстінде сағым да жоқ арайлаған.
Құс та жоқ, қыбыр да жоқ өңірінде
Оқшау көл көшкен жұрттай қараң қалған.
Бұл поэмада жыр болған жайт ел аузындағы аңызға негізделіп, автор Ақан қайғысын өзінше толғайды. Ақан сері жайында жазылған өзге шығармаларда Ақтотының Ақанның өз қолында қаза тапқаны ашылып айтылмайды (Адуынды албырт серінің күйгелек қызғанышынан туған уақиға ғой). Мен осы жайды күйінішпен жырладым:
Өтсе де оған көп жыл - өршіл сол шер
Алысып, албырт арман өксіген ер –
Кешірмей бөбек қыздың еркелігін
Сілтеген сұлуына сері семсер...
Кетпеді жүрегінен сол бір қайғы
Сонау шақ көрген түстей бұлдырайды...
Сонда ауыр сағынышпен таяғын домбыра етіп, бебеу қаққан бейбақ Ақанға көл тереңінен сексен қызбен қосыла ән шырқап, Ақтоты сылаңдап шыға келеді.
Серім – ау, киесі едім құба белдің
Бұл көлге семсеріңнен құлап едім
Зарыңды күңіренген естідім де
Сілкініп су астынан шыға келдім
Сұңқарым, ұмыттың ғой сол кінәмді,
Кетіп ең құйындатып ақ құланды
Сағындым, әуеніңді сұңқылдаған
Бұлбұлым, шырқашы бір сол бір әнді...
Шерлі Ақан көлден шыққан ғашығын бұрынғысынша қайта құшып сүйеді, қайта масайрайды.
Білмеді қыз ойнақ па, жын ойнақ па?
Осылай түндер өтті бұл аулақта
Дауасын ескі дерттің тапты солай
Делбедей басы дел – сал ауған шақта.
Ел аузындағы, аңыздағы бұл дастанда осындай символикалық, романтикалық махаббат трагедиясы жыр болады. Айта кетелік, аса сезімтал, қиялы ерекше кейбір адамдар есі адасуына байланысты галлюцинация яки жалған құбылыс көзіне елестейтін әдет болады.
Мүмкін, ел аңызы Ақан қиялында елестеген жәйтке байланысты шығар...», - деп сыр шертеді. [93]
Бұдан басқа Қ.Бекхожин 1970 – 1974 жылдар арасында «Мамырстан», «Шардара», «Америка хикаяттары», «Гималай сарыны», «Ертіс хикаясы» атты поэмалар жазған. Енді осы шығармалардың оқиғалар желісіне қысқаша болса да тоқталып кетелік. «Мамырстан» дәуір туралы толғау – жыр. Ақын бұл толғауын республикамыздың құрылғанына 50 жыл толуына арнап, халқы үшін «Жиделі байсын» жерін аңсаған Асан қайғыдан бастап, кейінгі дәуірдің дана жырауы Жамбылға тоқтап, молшылық кезеңін мақтауға айналдырды. Ал, «Шардара» (Теңіз дастаны) поэмасы болса еңбек адамының ерлік жеңісіне арналған шығарма. Онда далаға қол құдіретімен теңіз орнатқан адам құдіреті сөз болады. Бұл поэма қазақ тілінде екі – үш рет және Москвада орыс тілінде басылып шыққан.
Келесі «Гималай сарыны» мен «Америка хикаяттары» атты поэмалары сюжет жағынан бір – біріне ұқсас, сарындас болып келеді. Екі поэма да сол кездері орталық газет – журналдарында басылған материалдарға негізделіп жазылған. Бірінде Эверест шыңына өрмелеп шығып, Он – ің туын тіккен үнді жігіт Хоршахонаның ерлігімен оның европалас әріптестерінің жауыздығы сөз болса, екіншісінде негрлер арасынан шыққан әлеуметтік қайраткер Анджела Дэвистің бейбітшілік жолындағы күрескерлік іс- әрекеті:
Дуылдап ақ мырзалар ара сынды
Сол қызға тұтандырды бар ашуды
Торда отыр тас түйіліп тұрған құсап,
Негрдің от жанарлы қарашығы ...
деп суреттеледі.
Ақынның үшінші бір нақтылы тарихи негізге құрылған шағын хикая дастаны «Ертіс хикаясы» деп аталады. Онда Қазақстан совет үкіметі орнағасын да «Ертіс жағалауы ежелден Сібірге жатады, Семей, Павлодар атырабы Сібір өлкесіне қарауға тиісті» деген талаппен Лениннің алдына барып жүгінген орыс Смирнов пен оған керісінше Ертістің бұл жағалауындағы ел мен мекен ежелден қазақ елінің қонысы екендігін дәлелдеген қазақ Кәрімінің (Ғалым Тәжібаев) арақатынасы анықталып, солардың негізінде пролетариат көсемінің бейнесі сомдалған. Осыған қарап Қ.Бекхожин үнемі поэма жазумен шұғылданған екен деген ұғым туңындамауға тиіс. Мәселен, бұдан басқа ақынның әр жылдары жазып оқырманнан лайықты бағасын алған «Қыз кеткен», «Маңырақ марқасы», «Күзетші», «Бетпақ елестері», «Карл патша мен алтын арқар», «Ақсақ Темір және ақын», «Арагва», балаларға арналған «Қамбар ата», «Ата мен Атан», «Бақыт іздеген бала», «Негр Джеймс», «Джон негр баласы» және т.б балладалары мен мазмұнды жырлары бар.
Міне, ақынның осындай көптеген лирикалық жырлары топтасқан жинақтарының бірі «Менің замандастарым» деп аталады. Мұны айтып отырған себебіміз ақынның осы өлең кітабына 1978 жылы осы жинақтың авторына Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Қ.Бекхожиннің ақындық творчествосына тоқталғанда оның 1973 жылы жазылып, 1974 жылы жеке кітап болып шыққан, 1980жылы әзірбайжан тіліне аударылған «Әпақ - нама» поэмасына тоқталмай кетуге тіпті де болмайды. Сонау ХІІ – ХІІІ ғасырларда өмір сүрген әзірбайжан халқының ұлы ақыны Низами Бижәбидің ғашық болып үйленген аруы қыпшақ қызы Әппақ екен. Мұны Низамиға қазақ ақыны Қалижан:
Каф тауымды топан басты,
Төнді маған ақыр заман.
Мың бір түнге мың жалғасты
Өлді менің Шаһризадам
Мынау жалған айдынында
Дауыл соқты қайығымды,
Қалдым батып қайғы – мұңға
Қанатым да қайырылды.
Тұңғиықтан тапқан сүңгіп
Жоғалттым мен гауһарымды
Тіл күрмеліп, қалдым мүлгіп
Тас төбемнен тау жарылды...
Мөлдіретіп моншақ жасты
Саусағымды жайдым айға
Мені Мәжнүн жыны басты,
Уа жасаған, Ләйлім қайда?
деп жырлапты.
Ақынның «Мамырстан», «Әнет - бабаң», «Менің замандастарым», «Ұлытау сарыны», «Сері күші» деп аталатын екінші бір топ поэмалары лирикалық – публицистикалық шығармалар қатарына жатады. Мәселен, таза тарихи тақырыпқа жазылған «Әнет бабаң» дастанын алып көрелік:
Босқын жұрт сеңдей шұбап,
Бейне тау сілкінгендей.
Еңіске жатыр топырлап құлап
Қанға боялған Қаратау бұлақтары сыңсығандай...
Тар асуда қыз жатыр бұрымы кесіліп
Қасында маймыл басты дүрбіт жүр есіріп...
Ал қалың құмырсқадай қыбыр топ.
Айдағандай желкесінен нұқып
Жатыр басып, жатыр зымып,
деп ХҮІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншыларының қазақ халқына жасаған қанды жорықтарын көрсетсе, енді бірде Әнет бабаның босқын халыққа жігер беріп, ес жиюға үндеген, күрес шақырған төмендегідей толғауын береді:
Кенет Қаратау ышқына бір қақырып
Қара бұлтын сеңше сапырып, күркіреп
Найзағайы жарқылдап
Қарияның көз жасындай
Бұршақтары домалап
Босқындардың бастарына құйылды
Ал Жақпардағы қайсар қарт
Найзадай жауға шүйілді.
Қар бұршақты мұздай құрсанып
Қылшылдап тілін тістеніп
Тебіріне теңселіп
Қосалқы жауға қасқиып
Кек таяғын кезеніп
Қатты да қалды қалшиып
Қ.Бекхожиннің екінші бір таза тарихи тақырыпқа жазылған поэмасы «Сері күйші» деп аталады. Бұл ел қамын жеп көз жұмған Қорқыт күйші жайындағы драмалық шығарма. Бұлардан басқа ақынның «Ұлан асу» және «Жамбыл мен Айкүміс» атты пьесалары да бар. Мәселен, оның алғашқы пьесасын Алматы, Қарағанды, Шымкент театрларының сахналарында қойылып көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген дүние. Онда жоңғар шапқыншыларына лайықты тойтарыс беріп, халық мақтанышына айналған Абылай, Бөгенбай, Жәнібек сияқты батырлардың асыл бейнелері сомдалған.
Достарыңызбен бөлісу: |