Эльмира Тулегеновна Нурпеисова1 1 Костанайский региональный университет имени А. Байтурсынова, 47дом, улица Байтурсынова, 110000, Костанай, Казахстан.
Докторант
Аннотация. Введение. В статье рассматривается жизнь и деятельность просветителя и публициста Елдеса Омарова, как активного члена движения «Алаш», возникшего в начале ХХ века в период национально-освободительной борьбы казахского народа. Материалы и методы. Анализируются архивные данные, рассказывающие о жизни и деятельности Елдеса Омарова, раскрывается содержание исследований и трудов. Обсуждение. В настоящее время приоритетные темы научных исследований посвящены проблемам истории ХХ века, а именно движению «Алаш», жизни и деятельности деятелей «Алаш» и актуальным вопросам алаштану. Отечественные ученые отмечают жизненный путь, ценность научного наследия общественных деятелей того времени, их место и роль в исторической науке. Результаты. Впервые были введены в научный оборот документы из архивов Казахстана и России. Их анализ помогает полноценно изучить личность Е. Омарова, определить его значение и роль в истории Казахстана. Проанализированы труды отечественных и зарубежных ученых, освещающие жизнь и деятельность Е. Омарова. Выводы. Личность в потоке истории- Елдес Омаров, благодаря своей просветительской, творческой деятельности, написал замечательные произведения для народа, внес большой вклад в сферу просвещения.
Ключевые слова:Елдес Омаров, деятель, Алаш, личность, архив, историография.
Кіріспе. ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттық күресі кезеңінде пайда болған «Алаш» қозғалысы - дәуірлік құбылыс. Оның қызметі, идеялары, бағдарламалары ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуының іргелі негіздерін қалады. Қозғалыс жетекшілері мен қатысушылары туған халқының мүдделерін жанқиярлықпен қорғады, оның өмір сүру және тәуелсіз саяси даму құқықтарын қорғады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана халық біртіндеп ХХ ғасырдың барлық оқиғаларын, соның ішінде «Алаш» қозғалысымен байланысты оқиғаларды еске ала алды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 5 қаңтарындағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» (Тоқаев, 2021: 2) атты мақаласында кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым алу қажеттілігі туралы және олардың өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болғандығы айтылған. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру мәселесі көтерілген. Себебі, Алаш қозғалысының қайраткерлері мен қазақ басқарушы элитасының, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады. Көптеген жылдар бойы бұл тақырыптарда зерттеу жүргізуге, сөз қозғауға тыйым салынды. Әлі күнге дейін барлық құжаттар жария етілмеген, қатысушылардың толық тізімі жасалмаған, есімдері аталмаған.
Мысалы, толық зерттелмеген есімдер қатарында жерлесіміз Елдес Омаров та бар. Оның Алаш зиялыларының ұлы шоғырында алатын орны ерекше. Ол - өз ұлтын сүйген патриот, туған халқының мүддесі үшін адал қызмет еткен ағартушы - ғалым, публицист және шебер аудармашы.
Бірақ, Е. Омаровтың өмір жолы жемісті еңбектермен қатар қасіретке де толы болды. Ол саналы түрде өзі таңдаған жолынан ауытқымай, ел болашағы үшін құрбан болса да, ұзақ жылдар бойы ұлтына беймәлім болып келді. Сондықтан, Елдес Омаровтың өмірі мен қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметін тарихи тұрғыдан зерттеу қазіргі заман талабы қажет етіп отырған өзекті мәселе.
Материалдар мен әдістер. Қарастырылып отырған мәселенің деректік базасын Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің 1920-1936 жылдар аралығын қамтитын 81-қор Қырғыз (Қазақ) АССР Халық ағарту комиссариаты (Орынбор қ.), Елдес Омаровтың жеке Ісін қамтитын Р-95 қор және Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінің Қырғыз (қазақ) халық Ағарту институт ұжымының тізімі мен жарлығы жайлы құжаттарды қамтитын А-1565 қоры құрады.
Ал тарихнамасын талдауда бірқатар тарихнамалық деректер, соның ішінде С. Сейфулиннің (Сейфуллин, 1927) Г. Дулатованың (Жұлдыз, 1994), Т. Кудерина-Насовнованың (Кудерина-Насонова, Кудерина, 1994) естеліктері, А. Мектептегі (Жалын, 1996), А. Шаяхмет пен М. Шуақаевтың (Шаяхмет, Шуақаев, 2017), К. Нұрпейісовтің (Нұрпейісов, 1995), Т. Жұртбайдың (Жұртбай, 2008), Д. Қамзабекұлының (Тілешов, Қамзабекұлы, 2014), С. Смағұлованың (Смағұлова, 2019), М. Қозыбаеваның (Қозыбаева, 2019) және т.б. монографиялар, ғылыми мақалалар, мерзімді және мерзімді емес басылымдар оның деректік базасын құрады.
Мәселені толыққанды зерттеу мақсатында деректану мен тарихнаманың тарихилық, шынайылық және әлеуметтік тәрізді жалпы әдіснамалық қағидалары қолданылды. Жалпы әдіснамалық қағидалар және әмбебап зерттеу бағыттары мұрағат қорларын және жеке тектік қор құжаттарын алдын-ала анықтауға және соның негізінде зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Зерттеуде арнайы тарихнамалық әдістер тарихнамалық талдау, синтездеу, фактілік, сыни, тұжырымдамалық, контент талдау, мазмұндық талдау, жүйелеу кеңінен пайдаланылды.