Елдес омаров: тарих толқынындағы тұЛҒА



бет3/5
Дата12.07.2023
өлшемі53.51 Kb.
#475646
1   2   3   4   5
Статья ВАК Нурпеисова Э. от 21.06.

Талқылау.
Кеңестік тарихнамада ұлттық қозғалыстар, саяси партиялар тым біржақты, қатаң таптық көзқарастар тұрғысынан жазылғандығы белгілі. Оларда негізінен, марксистік доктрина қағидаларының дұрыстығы, большевиктердің бағыт - бағдарының толықтай салтанат құрғаны концептуалды тұжырым ретінде басшылыққа алынды. Соған байланысты, Кеңес Одағында пролетариаттың диктатурасы мен бірпартиялық жүйенің орнауы заңдылық болып есептелді. Таптық, партиялық жетекшілік ерекшеленіп, жеке тұлғалар мен қайраткерлер рөлі ескерілмеді. Тек ұлттық санамыздың қайта жаңғырған тұсында ғана төл тарихымыз жанданып, ақиқаты айтылмаған тарихи құбылыстар қайта қаралып, оларға шынайы баға беруге талпыныс күшейе түсті.
Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер бағытындағы негізгі басым тақырыптар ХХ ғасыр тарихының, Алаш қозғалысының, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметінің проблемаларына және алаштанудың өзекті мәселелеріне арналған. Бұл бағытта М.Қозыбаев, К.Нұрпейісұлы, Ж.Қасымбаев, М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Т.Жұртбай, Б.Аяған, Д. Аманжолова, Т.Хазретәлі, М.Құлмұхамед, Д.Қамзабекұлы, Сұлтан-Хан Аққұлы, З.Дүкенбаева, С.Смағұлова т.б. зерттеулерінде белгілі ғалымдардың, ірі қоғам қайраткерлерінің өмір жолын, ғылыми мұраларының құндылығын көрсетіп, олардың тарих ғылымындағы алар орны мен қайраткерлігіне тоқталады.
Жанама дерек беретін, Алаш қозғалысы тарихын, ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық­-саяси қызметін және Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуге арналған көптеген диссертациялық еңбектерде Елдес Омарұлының есімі ғана кездеседі (Абикенова, 2007, Байдалы, 2018).
1937 жылғы тоталитарлық жүйе құрбаны болған Е.Омаровтың есімі мен ағартушылық мұрасы көп жылдар бойы өткен тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің қатарында болып келгендігі бұл тақырыптың заман талабына сай қайта талдануы қажеттілігін айқындай түседі.
Нәтижелері.
Сонымен, Елдес Омаров деген кім? Неліктен біз оны тарих толқынындағы тұлғалар қатарына жатқызамыз? Ұлы тұлғалар – өздерінің саяси немесе рухани еңбегі арқылы қоғам қажеттіліктерін анағұрлым толық қанағаттандырып, оның дамуына айтарлықтай әсер етіп, атқарған қызметі өз мемлекетінің аясынан шығып, бүкіл әлемге пайдасын тигізіп, баршаға әйгілі болған адамдар. Сондықтан кез келген мемлекет тарихы ұлы тұлғалар ісінің призмасы арқылы анағұрлым айқын, әрі әсерлі көрінетіні тегін емес.
Елдес Омаров Қостанай уезінің Дамбар болысының Қожай (№13) ауылында туған (қазіргі Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы, Белинский ауылы). Оның туған күні туралы бірнеше мәлімет кездеседі: кейбір құжаттарда 1892 жылдың 29 ақпаны жазылса, тағы бір құжаттарда 1 наурыз деп көрсетілген. Елдес қарапайым шаруа отбасында өсті. Әкесі-Омар бай қатарында болмаса да, Тобыл жағалауында мал мен кең жайылымдардың иесі болған. Оның төрт баласы болды: үш ұлы мен қызы. Үлкендері - Елдес пен Ескендір әр уақытта қуғын-сүргінге ұшырады, ал кіші ұлы Әбдеш 1948 жылы аурудан қайтыс болды, қызы Марияш қана қартайып, 1990 жылы қайтыс болды (Шуакаев, Шаяхмет, 2017:3). Елдес алғашқыда молдадан хат тануды үйренсе, содан кейін 1907 жылы Қостанайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін үздік бітіреді. Аталған училищені бітіргеннен кейін мекеме меңгерушісінің 1907 жылы №335 Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебінің инспекторы атына жазған өтініші арқасында Орынборға оқуға түседі (ҚР ОМА Р-95-қ., 1-т., 170-іс, 6-п). Аталған мекемеде Елдес 4 жыл бойы оқып, 1911 жылы бітіреді.Сол жылы қыркүйек айының 3 жұлдызынан бастап Халық училищелер инспекторының қаулысымен түлек Елдес Омаров Торғай уезінің Добай ауылдық мектебінің мұғалімі қызметіне тағайындалады (ҚР ОМА Р-95-қ., 2-т., 279-іс, 9-п). Мұғалім қызметінде 1911­-1914 жылдары арлығында жұмыс жасайды, ал 1914 жылдың 1 маусымынан бастап Орынбор окружной сотына Қосмұхамед Шуақаевтың орнына аудармашы қызметіне сайланады (Оренбург окружной сотына..., 1914: 4). 1917 жылдың ақпанына дейін жергілікті сот кеңсесінде қызмет етті. Содан кейін ол Минскідегі земство одағының хатшысы қызметіне шақырылды. Орынборда бас қосқан қазақ зиялылары ұлтты аман сақтау үшiн жалпы қазақ съезiн шақырайық деген пәтуаға келгенде, Алашорда мүддесi үшiн құрылған ұйымдастыру алқасындағы бес адамның бiрi - Елдес Омаров болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Сағындық Досжановтардың жанынан табылған Елдес 1918-1919 жылдары Алашорданың Қостанай уезiндегi комиссары болған еді. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облыстық Азаматтық комитетінің төрағасы, Торғай облыстық земство төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
Елдес Омаровтың «еңбек кітапшасында» 1922-1926 жылдары Академиялық Орталықтың қызметкері әрі алғашқыда Орынбордағы кейін Қызылордаға көшірілген Қазақ Халық ағарту институтында (Казахский институт народного образования-КИНО) оқытушы болып істеді делінген. Аталған оқу орны 1919 жылы арнайы орта оқу орны ретінде Орынборда ашылып, жұмыс жасады. Бастапқыда оқу орны Қырғыз халық ағарту институты деп аталды. Оқу жоспары және білім беру бағдарламалары бойынша сабақ тек қазақ тілінде жүргізілді. Партия және совет орындары институттың материалдық базасын, оқушылардың тұрмыс жағдайын жақсарту, оқытушылармен қамтамасыз етуге зор қамқорлық жасады. 1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. Ағарту институтында мемлекет және қоғам қайраткерлері Сейітқали Меңдешев, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, т.б. дәріс берген. Пәндер қаулы бойынша бөлініп, оқытушыларға бекітіліп берілген. Елдес Омаров аталған оқу орнында 1 кластағы 2 cағаттық Физика пәнін және 2 кластағы 2 сағаттық Физика пәні мен 7 сағаттық Математика пәнінен сабақ берген (РФ МА А1565-қ., 6-т., 294-іс, 6-п). Физиканы өзінің авторлық бағдарламасы бойынша оқытқан (РФ МА А1565-қ., 6-т., 294-іс, 14-п).
Жалпы, Елдес Омаров математика, алгебра, физика, тригонометрия және геометрия бойынша көптеген оқулықтардың авторы. Автор оларды орыс, неміс тілдерінен аударып, өңдеп, өзі жазды. Ол көптеген терминдерді қазақ тіліне аударып жазады. Мысалы, геометрия - пішіндеме, теорема - түйін, трапеция - қостабан және т.б. Аударма ісімен де белсене айналысқан ол 1926-27 жылдары қазақ тіліне Азаматтық және Жер Кодекстерін аударады.
Ғалым көптеген еңбектерін орыс тілінде жазады. Олардың ішінде: «Ученая деятельность Ахмета Байтурсынова», «Упражнения по синтаксису», «О сочетании звуков казахского языка»‚ «Новые правила о казахском шрифте» және т.б.
Ғалым зерттеуінің келесі бір бағыты- тарих ғылымы. 1922 жылы "Қазақ календарі" журналында «Қазақ халқының тарихынан» тақырыбында көлемді мақала жарияланды. Онда ғалым қазақ халқының шығу тарихын ежелгі тайпалардың (сақтар, ғұндар және т.б.) қалыптасуынан бастап Қазақ хандығының құрылуына дейін және оның гүлдену кезеңін қарастыра бастайды (Омаров, 1922). Осындай көп қырлы қызметі үшін замандастары Елдес Омаровты «Қазақ Ломоносовы» деп атады.
1926-1929 жылдары Ташкент педагогикалық институтында және Орта Азия мемлекеттік университетінің (Среднеазиатский государственный университет-САГУ) Шығыстану факультетінде сабақ береді. 1934-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік медициналық университетінде қазақ тілінен сабақ берсе, кейін 1935- 1937 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілі кафедрасының доценті қызметін атқарды.
Алайда, басқа да Алаш қайраткерлері сияқты «халық жауы» деген айыппен 1929 жылдың аяғында қамауға алынып, 1930 жылы сәуірде ату жазасына кесілді, бірақ үкім өзгеріп оның орнына 10 жылға Архангельскіге жер аударылды. 1933 жылы шілде айында ол қылмыс құрамының болмауына байланысты босатылып, ақталды. 1937-1938 жылдардағы Ұлы террор кезінде Елдес Омаров қуғын-сүргінге ұшырайды. 1937 жылы зерттеуші, филолог Телжан Шонановты қорғағаны үшін зардап шегеді. Осы жылдың қазан айында алдымен Омаровтар отбасы ҚазМУ жатақханасынан шығарылып, қараша айында қамауға алынды, ал 1 желтоқсанда Елдес Омаровты атуға үкім шығарылды (Козыбаева, 2019:117).
Көріп отырғанымыздай, тарих толқынындағы тұлға атына сай болып тұрған XX ғасырдың көрнекті ағартушыларының бірі Елдес Омаров жалған айыптармен «халық жауы» атанып, атылып кеткен. Ал, отызыншы жылдардың екінші жартысынан кейінгі тұста оның қоғамдық ағартушылық және ғылыми мұраларын зерттеуге тыйым салынады.
Е.Омаровқа қатысты айтылған алғашқы пікірлер 20-шы жылдардың орта тұсынан бастау алады. Мәселен, 1922 жылдары жазыла бастап, 1927 жылы жеке кітап болып шыққан Е.Омаровтың замандасы, әріптесі С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-мемуарында Елдес Омаров Торғай Алаш-Ордасының басшыларының бірі деп көрсетілген. Шығарма 1916-1919 жылдардың оқиғаларын қамтиды. Роман-эссе тарихи, әдеби фактілер мен көркем мәтіннен тұрады, сондықтан оқығанда уақыт кезеңін ескеру керек. Автор  1920 жылы Ақмолада қазақ кедейлерінің уездік съезі шақырылып, сол съезде де қазақ автономиясы туралы баяндама жасалынғанын айтады. Съездің басында Ақмолаға бес қызыл әскермен келген Қырымұлы (Крымов) деген ноғай жігіттің және Жұмабай жолдас Нұркеұлы және Омарұлы болғанын айтады (Сейфуллин, 2009:85).
Сондай-ақ, Е.Омаровтың өз заманының ірі қайраткері екенін мойындаған замандас зиялыларының пікірлері де кездеседі. Әлихан Бөкейхановтың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында: «Елдестің физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті» дей келе, мына бір жәйді де жазады: «Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?», - деді. Мен: «Жоқ», - дедім. Шәң­герей: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көремін», - деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен», - деп, Елдеске деген құрметін жасырмайды (Жұртбай, 2008:?).
Сол сияқты, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатованың естелігінде әкесінің абақтыда отырған кезінде, үйіне жіберген бір хатында жолдасы Елдестің жайын білгісі келетіні туралы жазылады. «Елдес айдаудан босатылып келген соң жұмыссыз жүрді, уақытша Қартқожаның үйінде тұрған еді. Баласы мен Эльза келгеннен кейін жеке пәтерге шықты» деген жауап бергені келтірілген. Осыдан, Міржақыптың қиын- қыстау күндерінің өзінде досына деген кіршіксіз сезімін көре аламыз (Дулатова, 1994: 18).
Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында 1929 жылы жарыққа шыққан Н.Мартыненконың «Алаш Орда: Сборник документов» еңбегінде Елдес Омаровтың есімі Қостанай уезінің Земство басқармасының мүшесі, кейін Қостанай уезі бойынша Алаш Орда комиссары ретінде кездеседі (Мортыненко, 1992:21).
1935 жылы жарық көрген Қазақстан компартиясының белгілі зерттеушілері авторлығымен жазылған Брайнин С.X. мен Шафиро Ш.Я. «Очерки по истории Алаш-Орды» еңбегінде Омаровты Қостанай уездік комиссары деп көрсетеді (Брайнин, Шафиро, 1935:83).
Кейнгі, жарты ғасырға жуық уақыт қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтеріне біржақты баға беруі барысында зерттеу жұмыстарының жасалуына мүмкіндік бермеді. Тек араға біраз уақыт сала, жазықсыз қуғын - сүргін шарасына ұшыраған азаматтар ақтала бастаған кезде, сол ақталғандардың туыстары естеліктер жаза бастайды. Мысалы, көрнекті мемлекеттік қайраткер және ғалым Жұмақан Күдериннің жары Татьяна Кудерина - Насонова өзінің естелігінде «Елдес Омаров, жер аударудан қайтып келген соң, қазақ тілінің оқулығын жазды, ҚазГУ-де қазақ тілінен дәріс берді. Оған оның әйелі - ұлын (Омаров Генрихті) ертіп қайтып келді де, оған өзінің қайтадан үйленуін талап етті. Елдес алғаш тұтқындалғаннан кейін Эльза оның барлық жеке мүлкін сатып жіберіп, басқа біреуге күйеуге шығып, сонымен бірге Ленинградқа кетіп қалған болатын. Қайта келген соң ол әйел: егерде бұған қайта үйленбесе, онда ұлы Генрихты Берлинге (оның ұлты неміс болатын) алып кетемін, баласын әкесіне өмір бойы көрсетпеймін - деп қорқытты. Барлық жолдастары, оның ішінде Елдестің өзі де Эльзаның НКВД-ның тыңшысы болып істейтінін, адал адам емес екенін білетін, алайда ұлына деген әкелік махаббаты үшін оның ұсынысын қабыл алды, екеуі бірге тұрды» деген мәлімет келтіреді (Кудерина-Насонова, Кудерина, 1994, Жұртбай, 2008).
Келесі бір құнды естеліктердің бірі, жоғарыда көрсетіліп кеткен Г.Дулатованың естелік-еңбектері. Біреуінде: «Жұмысының берекесі болмай, қиналып жүрген түрі сезіледі, Госбанктегі орыстарға қазақ тілінен сабақ беруге орналасқан еді, сағатына төлейтін тиін-тебені аз, алған ақшасы күн көрістеріне жетуші ме еді, азап шегуде. Оның үстіне ескіден келе жатқан өкпе ауруы шығып, қатты жүдеп жүр. Елдестің баяғы сүйегіне біткен қуақы әзіл-қалжыңы қалар емес, қолы босында келіп-кетіп кетеді» деп жазылған. Жалпы, бұл естеліктерде Омаров және басқа зиялылар жайлы тың деректер баяндалады. Еңбектерде Гүлнар Дулатова Алаш қайраткерлері туралы көзімен көрген оқиғаларды суреттеген. Елдес ағасы мен Эльза жеңгесі туралы баяндайтын бірнеше естелік әңгімелер кездеседі (Дулатова, 1994: 4).
Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуға мол мүмкіндіктер туды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңы қабылданды. Кейін, 1997 жылы Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып белгіленсе, саяси қуғын-сүргiн құрбандарын мәңгi есте қалдыру мақсатында «31 мамыр- Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын Еске алу күнi» деп белгiленді. Нәтижесінде, саяси қудалауға ұшыраған Е.Омаров сынды зиялыларымыздың өмірі мен қоғамдық қызметін, шығармашылық мұраларын зерттеуге мүмкіндік туды.
Алаш қозғалысының тарихын зерттеуде методологиялық бағытты айқындап беруші К.Нұрпейісовтің кітабында «Алаш» қозғалысының бастауларына, монархия құлатылғаннан кейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың өзгерістеріне, «Алаш» партиясының құрылуына, Алашорда мен Кеңес өкіметінің өзара қатынастарына баса назар аударылады. Бұл кітапта кеңес үкіметі кезінде 60 жылдан астам зерттеуге тыйым салынған Алаш һәм Алашорда тарихының деректемелік негіздері, ұлттық-демократиялық Алаш партиясының дүниеге келуі, оның бағдарламалық мақсат-міндеттері, Алаш автономиясының іс-әрекеті сөз болады. Сонымен қатар мұрағаттық құжаттар арқылы Елдес Омаровтың Алашордадағы қызметіне тоқталады. 1918 жылы қазанның 14-17 күндері А.Бірімжановтың және Е.Омаровтың басшылығымен Қостанайда төтенше уездік қазақ съезі болды деп жазады (Нұрпейісов, 1995: 146).
Алғашқы болып Елдес Омаровтың тұлғасын толыққанды әр қырынан зерттеп, мұрағат материалдарын айналымға енгізгендерінің бірі  Аманқос Мектеп-тегі. Ол Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы және т.б. мұрасын баспасөз бетінде алғашқы насихаттаушылардың бірі. Автор өзінің «Көсемсөздің көсемі» монографиясында Елдес Омарұлын жаңа қазақ тiлiнде тұңғыш ғылым тiлiн жасаушылар Ахмет Байтұрсынұлы, Əлихан Бөкейхан, Мiржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы қатарында қарастырады. «Елдес Омарұлы жаңа ашыла бастаған ұлттық мектептер мен жоғары білім ордаларының рухани сұранысын өтеген ана тіліндегі оқу құралдарын жазды» деп баяндайды. Е.Омарұлына арналған мақалаларын «Ана тілі» газет беттерінде, кейін 1996 жылы «Жалын» журналында мұрағат деректері негізінде «Елдес Омарұлы» атты мақала жариялап, оқырман қауымды Е.Омарұлы есімімен таныстырды (Мектептегі, 1996:201).
Жапондық ғалым Міржақыптанушы Томохико Уяманың «The Geography of Civilizations: a Spatial Analysis of the Kazakh Intelligentsia’s Activities, from the mid-Nineteenth to the Early Twentieth Century» атты көлемді мақаласында қазақ зиялыларының қалыптасуын географиялық факторлар арқылы қарастырады. Қазақстан территориясының климаты, ланшафт, қазақ жүздеріне және оқыған қазақ зиялыларына шолу жасайды. Қазақ зиялыларының қысқаша өмірбаяндарына талдау жасай келе қосымшада 65 адамның тізімін келтіреді. Оған тек 1917 жылға дейін қоғамдық, ағартушылық іс-әрекеті арқылы көзге түскендерді ғана келтірген. Ғалым зерттеуінде Қазақ зиялыларының рулық құрамының маңыздылығын, туған жерін, алған білімін, қала мен дала бойынша салыстыра есептеген. Жапондық ғалым Елдес Омаровты орта жүздің қыпшақ тайпасының Танабұға руынан шыққаны туралы жазады. Сол сияқты Омаровты А. Байтұрсыновтың жақын досы деп көрсетеді (Tomohiko, 2000:83).
Т.Жұртбайдың «Ұраным Алаш» деп аталатын үш томдық еңбегі 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісі негізінде жазылған. Автор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаты негізінде Алаш қайраткерлері жөнінде тың пайымдау жасайды. Алаш қозғалысының тарихын толықтыра түсетін іргелі зерттеуде Е.Омаровтың есімі аталады. Е.Омаровтың тергеу ісінде берген жауабы, бұрын-соңды белгісіз боп келген, не қате тұжырымдар жасалған тарихи оқиғалар тергеу деректері мен тінту кезінде тәркіленген хаттар мен құжаттар салыстырыла талданады. Дегенмен бұл еңбекте толық қайраткерлік тұлғасын ашпайды (Жұртбай, 2008:).
Сондай ақ, Алаш зиялылары турасында қалам тартқан әдебиеттанушы ғалым Д. Қамзабекұлы да Е.Омаров туралы өзінің зерттеу еңбектерінде біраз мағлұматтар беріп өтеді. Мысалы, Алаш қозғалысына, партиясына қатысты ұғымдар мен атаулар, сол кезеңнің тарихи-қоғамдық, мәдени, әдеби дамуын байқататын мағлұматтар енгізілген келесі бір еңбек Д.Қамзабекұлы пен Е.Тілешов құрастырған «Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық». Бұл энциклопедиялық анықтамалықта Елдес Омаровтың Алаш қайраткері мен қатысушысы ретіндегі өмірбаяны баяндалған (Тілешов, Қамзабекұлы, 2014:164).
2016 жылы С. Жолдасбай, Е. Ерланұлы авторлығымен шыққан «Алаш айтқан асыл сөз» еңбегінің бірінші басылымында Ә. Бөкейханов бастаған Алаш арыстарының ұлт, тіл, дін, білім, әскер сынды әртүрлі тақырыптағы қанатты сөздері топтастырылған. Еңбекте Елдес Омаров туралы жалпы мәлімет келтіріліп, мәдениет, әріп, ескішілдік туралы айтқан қанатты сөздері жарияланған. Мысалы, еңбекте Омаровтың келесі қанатты сөзі келтірілген: «Мәдениетті ел тұтас жері бар өнерді, табиғатты өздеріне икемдеп, сыртқы түрлерін өз ыңғайларына қарап өзгертіп алады. Біз сияқты мәдениетсіз бейшара елдер оны біледі» делінген (Жолдасбай, Ерланұлы, 2016: 195).
Қазіргі таңда Е.Омаровтың мұрасына үлкен қызығушылық танытып, көптеген мақалалар мен еңбек авторы болып жүрген филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері, журналист және жазушы Ақылбек Шаяхмет зерттеулер жүргізіп жүр. Ол өзінің «Тайбағар» атты деректі хикаяларды қамтитын кітабында Е.Омаровтың өмірбаянына тоқталады (Шаяхмет, 2011: 4). Сонымен қатар, Е.Омаровтың туысы техника ғылымдарының докторы, профессор Шуақаев Марат Қапашұлымен бірлесіп «Е.Омаров. Шығармалар жинағын» баспадан шығарды. Көрсетілген еңбекке Алаш ардақтысы Елдес Омаровтың қазақ және орыс тілдерінде жазылған туындылары енгізілді (Шуақаев, Шаяхмет, 2017).
Берік Әбдіғалиұлы құрастырған «Алаш әскері (1918-1920)» еңбегінде Елдес Омаровтың қысқаша өмірбаяны, Алашорданың Торғай бөлімшесіндегі қызметі жайлы айтылады. Бұл еңбек Азамат соғысы уақытындағы Алаш әскерінің қимылы мен позициясын көрсетеді. Еңбек мұрағат құжаттарын, сонымен қатар Алаш әскері көрініс табатын мемуарлар мен ғылыми-әдеби шығармаларды негізге ала отырып жазылғанымен, сондай-ақ Алаш әскері туралы бұрын белгісіз болған, аз зерттелген құжаттарды ғылыми айналымға енгізуімен ерекшеленеді (Әбдіғалиұлы, 2017:53).
Келесі Болатбек Төлепбергеннің «Алаш Жолы: Публицистикалық зерттеулер мен мақалалар» атты зерттеуінде Алаш қозғалысы мен Алаш идеясы туралы пайымдары, қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолындағы өмірге келген қоғамдық құбылыстарға байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынады. Бұл зерттеуде Елдес Омаров есімі Алаш Орда үкіметінің құрылу хаттамаларында ғана кездеседі (Төлепберген, 2017:125).
2018 жылы филология ғылымдарының докторлары О. Жұбаева және Ә.Ахмет редакцияторлығымен шыққан «Омарұлы Е. Үш томдық шығармалар жинағы» атты еңбекті баспадан шығарды. Еңбектің 1 томына Елдес Омаровтың «Қазақ тілі синтаксисі бойынша жаттығулар жинағы» атты ҚР Орталық мемлекеттік архивінен табылған еңбегінің қолжазбасы, «Ақы заңы» атты аудармасы, әліпби, емле, терминге қатысты мақалалары, түрлі конференция мен жиында сөйлеген сөздері енді. 2 томға Е.Омарұлының «Физика» оқулығы, Цингерден аударған «Физикасы»(1-2 бөлім), Г.И Фалеев, А.В. Перышкиннен аударған «Физика» атты оқу құралы енген. Еңбек ХХ ғасырдың басындағы терминжасам үдерісінен нақты тілдік-тарихи дерек береді. 3 томға Елдес Омарұлының 1928 жылы жарық көрген «Пішіндеме» атты оқулығы, 1935,1940 жылдары жарық көрген, Н.Рыбкиннен аударған «Геометрия есептерінің жинағы. Стереометрия» енген (Жұбаева, Ахмет, 2018).
Филология ғылымдарының докторы, профессор З.Ахметжанованың жетекшілігімен Елдес Омарұлы шығармалары атты екі томдық жинақ шығарылған. Бұл еңбектің 1 томына Е.Омарұлының тіл білімінің түрлі мәселелеріне, жазу, емле, дыбыс, таңба, әліпби, тағы басқа да тақырыптарға арналған 31 мақаласы және «Синтаксис танытқыш» атты бұдан бұрын мүлде баспа бетін көрмеген еңбегі еніп отыр. 2 томға Е.Омарұлының «Жер заңы», «Ақы заңы», «Лениннің ұлт мәселесі тақырыпты сөздері» атты аудармалары енді. «Жер заңы» Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдардағы Одақтас Республикалар аумағында жүргізген жер саясатын нақты көрсетеді. «Ақы заңы» – Кеңес Одағы азаматтарының экономикалық қарым-қатынасын реттейтін, олардың құқықтары мен жауапкершіліктерін көрсететін заңнамалық құжат. «Лениннің ұлт мәселесі тақырыпты сөзі» кітабында Ресейдегі Төңкерістен бұрынғы және Төңкерістен кейінгі ұлт мәселесінің жай-күйіне, сондай-ақ жаңа орнаған Кеңес Үкіметінің ұлт мәселесінде ендігі ұстанатын саясатының қалай болу керектігі көрсетілген. Аудармаларда түрлі экономикалық, саяси, заң терминдері қазақша берілген және қазақ тіліне икемделген (Ахметжанова, 2018).
2019 жылы тарихшы С.Смағұлова өз «Елдес Омаров қазақ тарихы хақында» атты мақаласында Е.Омаровтың 1922 жылы жарияланған «Қазақ халқының тарихынан» атты мақаласын талдайды. Автордың айтуынша Омаровтың мақаласының құндылығы, оның Қазақ хандығының құрылуы, Жәнібек, Керей, Қасым, Есім, Жәңгір, Тәуке және т.б. хандардың тұсындағы қазақстардың саяси, әлеуметтік жағдайларына тоқталуы. Ғалым Елдес Омаровтың бұл тарихи мақаласы- қазіргі таңда деректемелік, тарихнамалық құжат ретінде тарихшылар үшін аса маңызды еңбек екендігін көрсетеді (Смағұлова, 2019:42).
Осы жылы жарияланған жас ғалым Махаббат Қозыбаеваның «Изучение судеб национальной интеллигенции в рамках реализации проекта «Великие имена великой степи»: Елдес Омаров» мақаласында Елдес Омаровтың ұлттық интеллигенция өкілі ретіндегі толық баяндамасы берілген. Автор мақаласында Омаровтың өмірбаяны мен Алаш үкіметі кезіндегі қызметіне толығырақ тоқталып, тың дерекке сілтеме жасайды (Қозыбаева, 2019:114).
2022 жылы Халықаралық Түркі академиясында жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» мақалалар жинағында Елдес Омаровтың көрнекті ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы жайлы 1922 жылы Орынбор қаласында жарияланған «Ученая деятельность А.Б. Байтурсынова» атты мақаласы басылған (Омаров, 2022: 31).
Қорытынды.
Бір сөзбен айтқанда, тарих толқынындағы тұлға - Елдес Омаров қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресіп қана қоймай, ағартушылық, шығармашылық қызметі арқасында халықтың білім мен ғылымға, болашақ ұрпаққа аманат болып қаларлық еңбектер жазды, ағарту саласына зор үлесін қосты. Елдес Омаровтың таңғажайып ғылыми мұрасы мол және әлі де зерттеуді қажет етеді. Жоғарыда қарастырылып кеткен еңбектердің санына қарамастан, зерттелу тарихына байланысты кейбір аспектілер терең зерттеуді талап етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет