Әож 94(574. 1): 332 021(043) Қолжазба құқығында


Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері



бет2/3
Дата24.02.2016
өлшемі303 Kb.
#12332
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. 1946-1980 жылдар аралығы тұтас хронологиялық кезең ретінде алынуының себептері Қазақстанның батыс өңіріндегі аграрлық саясаттың ерекшеліктеріне байланысты. 1946 жыл Ұлы Отан соғысының аяқталуынан кейінгі жаңа жағдайларға байланысты қайта жасақталуының бастауын көрсетсе, зерттеудің 1980 жылдардың аяғына дейін жеткізілуі де тарихи-логикалық принципке негізделген. Өйткені осы аралықтағы уақыттың тұтас алынуы кеңес өкіметі тұсындағы аграрлық саясаттың ерекшеліктерін зерттеу арқылы еліміздің батыс өңіріндегі ауыл шаруашылығының 1980 жылдардың аяғына дейінгі даму барысын нақтыладық.

Зерттеу жұмысының территориялық ауқымы. Қазіргі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қамтитын Батыс Қазақстан өңірі.

Зерттеу жұмысының негізгі нысаны. Кеңестік жүйе негізіндегі Қазақстанның батыс өңірінде аграрлық саясаттың ерешеліктері, ауыл шаруашылығында болған өзгерістер, Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт өмірге көшу, социалистік кезеңнің ауыртпалықтары мен зардаптары, жетістіктері ғылыми тұрғыдан талдауға алынып, көптеген құжаттар арқылы зерттелініп, талданды.

Зерттеу жұмысының деректiк негізi. Зерттеу барысында КОКП және ҚКП-ның съездерi мен пленумдарының, конференцияларының шешiмдерiн, сондай-ақ мемлекеттiк атқару органдарының ауыл шаруашылығына қатысты құжаттарын, статистикалық материалдар кеңiнен пайдаланылды. Республика ауыл шаруашылығының әр түрлi аумағындағы ерекшелiктерiн ескере отырып, жергiлiктi аймақтардың материалдары да жан-жақты пайдаланылды. Атап айтқанда Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатынан (АқтОММ) Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылық басқармасының № 171-қоры, Ақтөбе губерниялық жер басқармасының жерге орналастыру бөлімінің № 153-қоры, Халық депутаттарының Ақтөбе облыстық кеңесі және атқару комитетінің № 85-қоры, Атырау облыстық мемлекеттік мұарағатынан (АтОММ) Гурьев облыстық халық комиссарлар кеңесі атқару комитетінің ауыл шаруашылығы басқармасының № 194-қоры, Арнайы шаруашылық бірлестігінің № 1234-қоры, Облыстық атқару комитетінің №855-қоры, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатынан (БҚОММ) Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының № 761-қоры, Батыс Қазақстан облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің № 850-қоры және Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатынан (ҚРОММ) Қазақ КСР-інің ауыл шаруашылық министрлігінің №1481-қоры, Қазақ КСР-і кәсіподақтарының республикалық кеңесінің №1491-қорларын атап көрсетуге болады. Сонымен қатар, зерттеуге республикалық, облыстық, аудандық басылымдардағы ауыл-село еңбеккерлерiнiң тынысы туралы мәліметтер, саяси қоғамдардың, қозғалыстардың жарғылары мен бағдарламалары жөнiндегi материалдар кеңiнен пайдаланылды.

Зерттеу жұмысында мұрағаттық құжаттармен қатар мерзімді баспасөз материалдары пайдаланылды. Өйткені, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап жұмысшылар мен ұжымшар шаруаларының тарихы жайында кең көлемді, жан-жақты сараланған зерттеу жұмыстары салалық журналдардың беттерінде жарық көріп отырды. Ол басылымдар қатарында «Вопросы истории КПСС», «Партийная жизнь Казахстана», «Қазақстан коммунисі», «Народное хозяйство Казахстана», «Сельское хозяйство Казахстана», «Известия АН Каз ССР (серия истории)», «Вопросы истории», «Мысль» және т.б. журналдар болды. Сонымен бірге «Путь к коммунизму», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Приуралье», «Сельская жизнь», т.б. газеттер бетінде жарияланған мәліметтер де диссертацияның деректік негізін құрады.



Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Зерттеу жұмысын талдауда соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан жаңалықтар мен түбегейлі өзгерістер негізге алынды. Тарих ғылымында халық шаруашылығы жүйесінің қалыптасуы туралы және ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, орны мен рөлі туралы тарих ғылымында орныққан тұжырымдар басшылыққа алынды, тарихи-ғылыми, қоғамдық-саяси ойлардың озық тұстары пайдаланылды. Зерттеу барысында плюралистік көзқарас методологиялық негіз ретінде басшылыққа алынды.

Диссертациялық зерттеудің методологиялық және теориялық негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттілік, салыстырмалық, талдау, жинақтау және қорыту, жүйелілік әдістері құрады. Сонымен қатар тарихи ұстанымдар мен тұжырымдамалық ережелер, танымдық теория негізге алынды.



Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертацияның басты ғылыми жаңалығы – ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отырған мол мұрағат деректері және бұрын жарияланған еңбектерді сыни тұрғыдан талдау негізінде жинақтап, жүйелеп, Қазақстанның батыс өңіріндегі кеңестік аграрлық саясаттың ерекшеліктерін алғаш рет кешенді түрде зерттелуі болып табылады. Зерттеуге енгізілген жаңалықты былайша топтауға болады:

- Батыс Қазақстандағы кеңестік аграрлық саясаттың тарихына қатысты мұрағат құжаттары, сараланып, жаңа деректерді тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізу;

- Аймақтың облыстары бойынша (Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары) аграрлық дамудың салыстырмалы талдауының жасалуы, оның ерекшеліктерінің айқындалуы;

- Ауыл шаруашылығы өндірісінің даму бағытындағы жеткен жетістіктер мен орын алған келеңсіз құбылыстар туралы толыққанды мәліметтердің берілуі;

- Ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістердің сипаттамасына ұлттық көзқарас тұрғысынан баға беру;

- Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-мәдени жағдайы мен әл-ауқатының артуындағы оң өзгерістерді айқындап, келеңсіз тұстарын талқылау.

- Кеңестік аграрлық саясаттың ерекшеліктерін аша отырып, экстенсивті бағдар және аграрлық саладағы дағдарыс себептерін жан-жақты сипаттау.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. 1946-1980 жылдар аралығындағы кеңестік аграрлық саясаттың Қазақстандағы ерекшеліктерін батыс облыстардың материалдары негізінде зерделей отырып, мынадай тұжырымдар жасалды:

1 Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлық салада жүргізген саясатының мәнін ашып, тәжірибелерін ой-елегінен өткізе отырып, ауыл шаруашылығының жағдайын сапалық жағынан жоғары деңгейге жете алмай дағдарысқа ұшырауының себептері ашып көрсетілді;

2 Соғыстан кейінгі кезеңдерде ауылдың жағдайы аса қиын болды, оның экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағынан дамытуда әкімшілдік-әміршілдік жүйе аталған мәселелерін шешуде уәде бергенмен оны орындамады;

3 1946-1980 жылдар арасында Қазақстанның аграрлық саласы біраз алға басқанымен, ұжымшарлар мен кеңшарлар өздерінің түпкі мақсаты – елді азық-түлікпен қамтамасыз етуді жүзеге асыра алмады және соның себептері атап көрсетілді.

4 Ауыл шаруашылығының зерттеліп отырған кезеңдегі материалдық-техникалық базасын нығайтудағы жетістіктер мен кемшіліктер жан-жақты зерделенді.

5 Ғылыми-техникалық прогрестің озық тәжірибелердің ауыл шаруашылық өндірісіне енгізудегі олқылықтардың себептері және ауыл еңбеккерлерінің мәдени-техникалық біліктілігін жетілдірудің қиыншылықтар, сол сияқты оны шешудің шаралары атап көрсетілді.

6 Аграрлық жағдайға кешенді, жан-жақты анықтама беру арқылы кейбір теориялық және методологиялық тұжырымдама жасау арқылы өзіндік баға берілді.

Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысында 1946-1980 жылдардағы кеңестік аграрлық саясаттың Қазақстандағы ерекшеліктері баяндалады. Диссертацияда келтірілген мәліметтерді, айтылған сын пікірлер мен көзқарастар, негізгі тұжырымдар мен алынған қорытындыларды жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы курсы бойынша оқылатын дәрістер мен өткізілетін семинар сабақтарында, арнайы курстарда маңызды дерек ретінде кеңінен пайдалануға болады. Сонымен қатар зерттеу жұмысын ауыл шаруашылығы саласындағы қызметкерлерге әдістемелік көмекші құрал, ал студенттерге оқу құралы ретінде қажеттілігі бар деп санаймыз.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасында дайындалып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негiзгi мазмұны мен тұжырымдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы, М.Оспанов атындағы БҚММА ұйымдастырған дәстүрлі конференцияларына ұсынылып, талқыға түсті. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес үш мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сынан өтті.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде қарастырылып отырған тақырыптың өзектілігі көрсетіліп, мәселенің зерттелу деңгейі сараланады. Зерттеудің мақсат міндеттері, негізгі нысаны, хронологиялық шеңбері, методологиясы, деректік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен тәжірибелік маңызы айқындалады.

«Еліміздің батыс өңіріндегі аграрлық экономиканың даму бағыттары» деп аталатын бірінші тарауда 1946-1980 жылдар аралығындағы Қазақстанның батыс өңіріндегі ауыл шаруашылық өндірісіндегі негізгі нәтижелер, осы саладағы интенсивтендіру бағыты мен ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру жолында атқарылған іс-шаралар қарастырылады.

Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру мен дамыту туралы төртінші бесжылдық жоспар ауыр өнеркәсіп пен транспортты қайта қалпына келтіріп, жан-жақты ұлғайтуды, сонымен бірге ауыл шаруашылығын, жеңіл және тамақ өнеркәсібін қарқынды дамытуды, елде азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын заттардың қорын құруды қарастырды.

Соғыстан кейінгі жылдарда өлке мал шаруашылығының жаңа даму кезеңі басталды. Өз дамуының жаңа кезеңіне енген мал шаруашылығының интенсивті өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Соғыстан кейінгі бесжылдықта бүкіл Қазақстанмен бірге Батыс Қазақстан облысының еңбекшілері едәуір табысқа жетті. 1946-1950 жылдары облыстың ұжымшарларында қоғамдық мал барлық түліктерден 617 мың 848 басқа өсті. Мұның ішінде ірі қара малы бесжылдық ішінде 75 мың, яғни 49,8 пайыз, қой мен ешкі мыңнан астам, яғни 99 пайыз, жылқы 39 мың, яғни 100 пайыз, түйе 37,7 пайыз, ал шошқа екі есе дерлік өсті [37, 61-62 бб.].

1950 жылғымен салыстырғанда 1954 жылы Батыс Қазақстан облысының ұжымшарлары мен кеңшарларында ауыл шаруашылық дақылдарының барлық егіс көлемі 65,9 пайызға ұлғайды. Азықтық бағалы дақыл – жаздық бидайдың егіс көлемі ұжымшарларда 31,5 пайыз, кеңшарларда 171 пайызға артты. Дәнді дақылдардың егіс көлемі негізінен тың және тыңайған жерлерді игеру есебінен ұлғайтылды.

1960 жылдардың ортасына қарай ауыл шаруашылығында жалпы ел экономикасының дамуына кері әсер еткен мәселелер шоғырланды. Оларды шешу жаңа аграрлық саясатты жүргізуді қажет етті. Сөйтіп КОКП Орталық Комитетінің 1965 жылғы наурыз Пленумы осы мәселені қарап, «КСРО ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту жөніндегі кезек күттірмес шаралар туралы» қаулысын қабылдап, жаңа аграрлық саясатты жариялады.

1960 жылдардағы жаңа аграрлық саясат кешенді механикаландыру мен электрлендіруді енгізу, жерді пайдаланудың тиімділігіне қол жеткізу, жан-жақты химиялық әдістерді қолдану, суландыруды кеңейту, кооперативтік меншікті жетілдіру және қоғамдастыру, шаруашылықаралық және агроөнеркәсіптік интеграция негізінде ауыл шаруашылық өндірісін мамандандыру мен шоғырландыру арқылы ел экономикасын тұрақты да ырғақты дамытуға бағыт ұстады.

Тұтастай алғанда, 1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың басындағы Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы дамуының жағдайы сол кездегі уақыт талабына сәйкес келмеді.

Тоғызыншы бесжылдықта ауыл шаруашылығы ауыр жағдайда дамығандығы белгілі. Бес жылдың тек 1973 және 1974 жылы ғана қолайлы болды. 1972 және 1975 жылдардағы екі жылда құрғақшылық болды. Елдің ауқымды бөлігін, сонымен бірге Батыс Қазақстан облыстарын қуаңшылық жайлады. Бірақ та ауыл шаруашылығын интенсивтендіру бойынша шаралар жүйесін жүзеге асыру, оның материалдық-техникалық базасын нығайту, ғылыми-техникалық прогрестегі жетістіктерді енгізу, сонымен қатар еңбек ұйымдарын жақсарту, агротехника мен т.б. шаралар деңгейін көтеру осындай қолайсыз жағдайда да өндірістің ары қарай өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

1965 жылғы наурыз Пленумынан кейінгі соңғы он жылда батыс облыстардың ауыл шаруашылық органдары кеңшарлар мен ұжымшарлардың жерді тиімді пайдалану, егіншіліктің мәдениетін көтеру үшін табанды күрес жүргізуі егіншілікте жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігін көрсетеді. Дегенмен астық өндірісіндегі елеулі табыстарға қарамастан оның жалпы өнімі, әсіресе жемдік астық көлемі әлі де жеткіліксіз болды.

Республикада 1960-1970 жылдары кеңінен тараған интенсивтендіру бағыты ауыл шаруашылығы дамуына сапалы өзгеріс әкелді. Ол ауыл шаруашылығының барлық саласын жаңа белеске көтеруді, ауыл бейнесін өзгертуді, егіншілік пен мал шаруашылығының табиғаттың дүлей күштеріне тәуелділігін жоюды мақсат етіп қойды. Сонымен қатар бұл бағыт қоғамдық мал басын үздіксіз өсіруді, мал өнімін, егін шығымдылығын арттыруды, жұмыс күшін тиімді пайдалануды, жер алаңы мен еңбек мөлшерінің әр үлесіне шаққанда өнім көлемін арттыруды, өндіріске озық технология мен осы заманғы ғылым мен техниканың табысын жедел енгізуді көздеді. Қарастырылып отырған кезеңде республикадағы ауыл шаруашылығындағы үлкен өзгерістер, яғни оның техникалық жабдықталуы Батыс Қазақстан аумағынан да көрініс тапты.

Ауыл шаруашылық өндірісін интенсивтендіруде, еңбек шығынын азайтуда, өнімнің өзіндік құнын арзандатуда мал шаруашылығындағы еңбек үрдісін механикаландырудың ролі зор. Республиканың кеңшарлары мен ұжымшарларының жылдық есептеріне қарағанда 1965 жылы ірі қара мал фермаларында еңбекті механикаландырудың жай-күйі мынадай болды: Батыс Қазақстан облыстарында малдың жалпы санының 11 пайызы механикаландырылған жолмен суарылды, ал республика бойынша 31,5 пайыз, сәйкесінше жемшөп үлестіру 2,3 және 4,8 пайыз, малдың қиын шығару 4,0 және 11,3 пайыз, сауынды сиырлардың 34,4 пайызы және 26,4 пайызы механикаландырылған фермаларда сауылды [44 , 40 п.].

Республикада, оның ішінде Батыс Қазақстан облыстарында мал шаруашылығын механикаландыру дәрежесі төмен күйінде қалып, әлі де қол еңбегінің үлесі басым болды.

Фермалардың механикаландырылуын тежеген басты себептердің бірі – мал қоралары құрылысын келесі жылға жоспарлау мен қаржыландыруда көлемі және мерзімінің сәйкес келмеуі. Басқа да қиындықтар қатарында кешенді механикаландырылған типтік ферма құрылысын жобалауда Орал облысы жағдайы үшін үйлесімді таңдау мүмкіндігінің болмауы жатады.

Осыған қарамастан 1960-1970 жылдары Батыс Қазақстан шаруашылықтарында мал шаруашылығында көп еңбек сіңіруді керек қылатын үрдісті механикаландыру бойынша кешенді шаралар жасалып, жүзеге асырылды. 1966-1967 жылдары Орал облысы шаруашылықтарында 12280 басқа арналған 69 сиыр қорасы мен 19000 бас шошқаға арналған 15 шошқа қорасы кешенді механикаландырылды. Қой шаруашылығында көп еңбек сіңіруді керек қылатын жұмысты механикаландыруда үлкен істер атқарылды. Жазғы жайлау мен фермаларда 1,1 млн қой мен 114,5 мың бас ірі қара малына арналған суару жүйесін механикаландырылды. Бұдан басқа облыс шаруашылықтарында қой тоғытуға арналған 37 қора-монша механикаландырылды. Ірілендірілген 37 шопан бригадасы ұйымдастырылып, қой қырқуға арналған 80 ірілендірілген пункт жабдықталды [45, 116 п.].

Ауыл шаруашылық дақылдарын өңдеу бойынша машиналар кешенін енгізу, сонымен қатар мал шаруашылығында көп еңбек сіңіруді керек қылатын жұмыстарды механикаландыру ақыр соңында еңбек өнімділігінің өсуіне әкелді. Мал шаруашылығында көп еңбек сіңіруді керек қылатын жұмыстарды кешенді механикаландыру үрдісі тоғызыншы бесжылдықтың соңғы жылдары одан әрі дамыды.

Қарастырылып отырған кезеңде мал шаруашылығында көп еңбек сіңіруді керек қылатын жұмыстарды механикаландыруда өсу тенденциясы байқалғанымен, алайда оның деңгейі уақыт талабына сәйкес келмеді. Қой шаруашылығындағы жұмыстарды механикаландыруда сәйкес келетін машиналар өте аз көлемде жеткізілді. Бұған қарамастан жекелеген шаруашылықтардың мал шаруашылығында көп еңбек сіңіруді керек қылатын барлық жұмыстарды кешенді механикаландыру жақсы экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді.

1960 жылдары ауыл шаруашылығын жоспарлауды жақсарту, кеңшарлар мен ұжымшарлардың шаруашылық дербестігін кеңейту, көп жылға дейін сатып алудың тұрақты жоспары бар ауыл шаруашылық өнімдерін дайындаудың жүйесін жасау республикада ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастыру мен басқарудың жүйесін жетілдіру үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға жол ашты.

Алайда бұл жүйеге көшу егіншілікте, әсіресе мал шаруашылығында өнім өндіру ұсақ бригадалар мен шағын фермаларға бөлініп орналастырылған ұжымшарлар мен кеңшарлардағы өндірістің көп салалы құрылымынан қиындады. Мұның өзі ақша қоры мен материалдық ресурстардың шашырауына әкеліп соқтырды да, еңбек үрдістерін ойдағыдай интенсивтендіруді едәуір қиындатты, өндірістің рентабелділігін кемітті. Бригадалар мен фермаларды біріктіру және нығайту тиісті ұйымдастыру жұмысынсыз, өндіріс технологиясын толық жолға қоймай жүргізілді. Сөйтіп, шаруашылықты жалпы басқару жүйесінде салааралық, ішкісалааралық байланыстар бұзылды, осылайша біртұтас кешенді сала қызметін үйлестіру, жоспарлауды жетілдіру, қаржыландыру мен материалдық-техникалық жабдықтауды жақсарту ісі қиындады, қорытындысында барлық шаруашылық тетік ауыл шаруашылық өндірісін мамандандыру мен шоғырландыруға даяр болмай шықты. Ал 1970-1980 жылдары ауыл шаруашылық өндірісін мамандандыру мен шоғырландыру Қазақстанның кешенді аграрлық саясатының басты бағыттарының бірі болды.

Қазақстанда 1960 жылдардың өзінде бүкіл елдегідей сияқты аймақтық мамандандырудың негіздері анықталды. Мысалы астықты ұжымшарлар мен кеңшарлар солтүстік облыстарда, ірі қараны өсіретін шаруашылықтар – батыс, шығыс және орталықта, қой шаруашылығымен айналысатындар орталық, батыс және оңтүстік облыстарда құрылды. Алайда ол кезде өндірісті терең мамандандыру мен шоғырландыру туралы сөз қозғалмаған. Шын мәнісінде ол кезде республиканың көптеген шаруашылықтары әлі де көп салалы және әмбебап болып қала берді. Оларды ауыл шаруашылық өндірісінің барлық салалары азғана мөлшерде дамып, оның үстіне көптеген қаржы мен материалдық-техникалық игілік толып жатқан өндірістік бөлімшелерге, фермаларға, бригадалар мен звеноларға шашырап, құмға сіңген судай жоғалды.

Сонымен қатар 1960-1965 жылдары Батыс Қазақстан облыстарында ірі шаруашылық ұйымдары мен екі-төрт ұжымшарларды біріктіру негізінде ауыл шаруашылық өндірісін шоғырландыруды күшейту ерекше орын алды. Алайда мұндай ірілендіру негізінен механикалық түрде жүргізілді, бірақ біріккен шаруашылықтар көп салалы әрі әмбебап күйінде қала берді. Мұнда басты салаға үлкен мән берілмеді.

1971-1980 жылдар аралығы Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылық өндірісі үшін оны өнеркәсіптік негізге жоспарлы көшірудің, шаруашылық аралық кооперация мен өндірісті агроөнеркәсіптік интеграциялауды ұйымдастырудың маңызды кезеңі болды.

Тәжірибе көрсеткендей, қарастырылып отырған кезеңде Батыс Қазақстанда біртіндеп өмірде жүзеге асырылған ауыл шаруашылығын мамандандыру мен шоғырландырудың перспективті жоспарлары жасалды. Одан басқа шаруашылықаралық кооперацияландыру базасында мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру бойынша белгілі бір жетістіктерге ие болып, онда көрнекті орын ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау мен әлемдік интенсивтендіру мәселелеріне, ауыл шаруашылығын дамуының тиімді және сапалы көрсеткіштерін арттыруға берілді.



«Батыс Қазақстан ауылдары мен селоларының әлеуметтік дамуы және оның негізгі мәселелері» атты екінші тарауда ауыл халқының мәдени-техникалық деңгейі мен материалдық жағдайы, оны жетілдіру шаралары, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау мен шешу жолдары, ауыл-село халқының әлеуметтік және еңбек белсенділігі баяндалады.

Соғыстан кейін қабылданған КСРО халық шаруашылығын қалпына келтіру мен дамыту туралы бесжылдық жоспар жөніндегі заңды орындау бағытында, сөз жоқ, Батыс Қазақстан аумағында орналасқан облыстардың елді мекен тұрғындарының әл-ауқатын, мәдениеті мен тұрмысын заман талабына сай жақсарту жолында әлеуметтік-экономикалық шаралар белгіленіп, аталған мәселелерді нақты шешуге баса назар аударылды.

Соғыстан кейінгі жылдары халыққа білім беру саласының алдында мектеп жасындағы балаларды толықтай мектепке тарту, мектеп ғимараттарын тұрғызу мен олардың материалдық-техникалық басасын жақсарту мәселелері тұрды.

Ұжымшаршылардың мәдени деңгейін көтеруде жалпы білім беретін мектептер желісімен қатар кәсіптік-техникалық оқытудың түрліше формалары үлкен роль атқарды. Егер 1950-1960 жылдары республикада 213 мың ауыл шаруашылық механизаторлары даярланса, 1965-1968 жылдары олар 439,4 мыңға жеткен. Село халқының ішіндегі механизатор-кадрлардың үлес салмағы мен саны күннен күнге арта түсті. Көптеген ұжымшарларда, мәселен Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы «Жиренқопа» ұжымшарындағы әрбір еңбекке қабілетті адамның үшіншісі механизатор болатын.

Ауыл тұрғындарының мәдени-техникалық деңгейін арттыруда жаппай мамандықтарды игеру қозғалысы үлкен рол атқарды. Бұл қозғалыс МТС-ды таратқаннан кейін жаппай сипатқа ие болды. Тракторшы, комбайншы, жүргізуші, тұқым себуші мамандығына мұндай кәсіпті меңгермеген барлық еңбекке қабілетті тұрғындар оқи бастады.

Ауыл еңбеккерлерінің мәдени-техникалық деңгейін арттырудың көрсеткіші болып республика ауыл шаруашылығындағы рационализаторлар мен өнертапқыштар қозғалысы табылды. Ұжымшар өндірісінің жаңашылдары комбайндар мен тұқым сепкіштердің жұмысын жақсартып, уақыт пен еңбекті үнемдейтін қосымша қондырғылар жасап, қырмандарла астық өндіруге және астық даярлау пункттеріне жіберуге аз еңбек жұмсауға мүмкіндік беретін сеялкаларды, сорттағыштарды, астық пульттерін, астық тиегіштерді өздері ойлап тауып, жетілдіріп іске қосты. Мәселен 1954 жылы Орал облысының Зеленов ауданында астықты тазартуды, кептіру мен тиеуді тездету үшін «Мир» ауыл шаруашылығы артелінің мүшелері көптеген тапқырлық көрсетті. Ұжымшардағы ауыл шаруашылық жаңашылдары механикаланған қырман жасап шығарды [46, 96 п.].

Ауыл шаруашылығының өнертапқыштары жан-жақты қолдау тауып, ауыл шаруашылық өндірісіне енгізілді. Қазақстанның ауыл шаруашылығының ғылыми-техникалық қоғамының қатарында 1967 жылы жаңашылдар мен мамандар қатарындағы 23 мың мүше мен 1265 бастауыш ұйым болған.

Село халқының жалпы мәдени деңгейін көтеруде жоғарғы мектеп пен орта арнаулы оқу орындарының ролі айтарлықтай. Олар ауыл шаруашылығына қажетті білікті мамандардың үлкен отрядын қалыптастарды. 1960-1961 жылдан 1968-1969 оқу жылына дейін ауыл шаруашылық мамандықтары бойынша жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарына студенттер қабылдау екі еседен өскен, сәйкесінше мамандар даярлау да осынша артқан. 1959 жылы ауыл шаруашылығында 1000 адамға шаққанда 9 адамның жоғары білімі болған, ал 1970 жылы олар 17-ге жетті, ал орта арнаулы білімді мамандар сәйкесінше 277-ден 348 адамға артты. Егер 1960 жылдың 1 желтоқсанында жоғарғы және орта арнаулы білімді мамандар саны республика бойынша бір колхозға шаққанда 6 адамнан келсе, 1970 жылы 16 қарашаға қарай ол үш еседен асқан және 18 адамды құрады.

1946-1980 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуды көздеген кешенді бағдарламада өндірісті өркендетудің және еңбек өнімділігін арттырудың басты шарты ретінде ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс жағдайын жақсарту жөнінде қабылданған шаралар жүйесі елеулі орын алды.

Осы жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығында ұжымшаршылар мен кеңшар жұмысшыларының нақты табысын жоғарылатуға көмектесетін, ауыл шаруашылық еңбеккерлері мен өнеркәсіп өндірісінің жұмысшыларының жалақысын айтарлықтай теңестіруге мүмкіндік беретін маңызды шаралар дүниеге келді.

Қазақстан ауылдары мен елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауылдық елді мекендерді көркейту жүйесін арттыру, ауыл тұрғындарының өмірі мен тұрмысын жақсарту туралы мәселелер маңызды орын алды. Қазақстанның ауылдық жерлерінде 1946-1980 жылдары ауыл тұрмысын жетілдіру бойынша үлкен жұмыстар тындырылды.

Еңбекшілер өмірінің материалдық және мәдени деңгейінің өркендеуі үй шаруашылығындағы еңбекті жеңілдету мен уақытты үнемдеуге бағытталған шаралардың жүйесімен қатар жүрді. Бұл міндетті шешуде тұрмыстық қызмет мекемелерінің алатын орны зор. Олардың міндеті тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсетуді әрдайым жақсарта отырып, қызмет көрсету саласын уақыт талаптарына толық жауап беретін халық шаруашылығының бір саласына айналдыру еді.

Қазақстанның 1946-1980 жылдардағы ауыл шаруашылық даму тәжірибесі, онда қайшылықтар аз болмағанымен, ауыл өмірінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірінде ауыл халқы құрылымындағы динамикалық өсуші топ ретінде жоғары және орта білікті мамандар маңызды рөл ойнады. Тұтас Қазақстан үшін және оның батыс облыстарында ауыл шаруашылық мамандар отрядының өсу тенденциясы тән болды.

Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығының дамуына елеулі экономикалық және әлеуметтік өзгерістер тән. Онда жоғары және орта білікті ауыл шаруашылығының кадрларын дайындауға ерекше мән берілді. 1965-1977 жылдары Гурьев облысының ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жоғары және орта білімді мамандар саны 865-тен 1865 адамға дейін өсті, нәтижесінде 80-жылдардың басында облыстың әрбір шаруашылығында орта есеппен жоғары білімді 7 маман және орта арнаулы білімді 12 маман болды [1, с. 187]. Осы кезеңде жоғары және орта білімді мамандар саны Орал облысында 5 есе дерлік өсті [47, 6 п.], ал 1980 жылдардың басында Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығының 4600 маманы, оның ішінде 578 агроном, 780 зоотехник, 700 инженер-механик, 926 мал дәрігері жұмыс істеді, онда бір шаруашылыққа есептегенде 22 білікті маманнан келді [48, с. 12, 43].

Кадр саясатының маңызды буыны ауыл шаруашылық мамандарын тек қалыптастыру мен іріктеу, басқарудың жаңа жағдайында шаруашылық қызметінің түпкі жоғары нәтижелерін қамтамасыз ете алатын, өндірісті басқаруда жақсы мектептен өткен, жаңа прогресті жақтаушылар ғана емес, сонымен қоса басшы жұмысшыларды біліктілікті арттыру курстары арқылы даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру, сол арқылы олардың тұрақсыздығын қысқартуға қол жеткізу еді. 1966-1980 жылдары Гурьев облысында ауыл шаруашылығының 192 адам жоғары оқу орнында, 425 адам орта ауыл шаруашылық арнаулы оқу орындарында, барлығы 617 басшылық жұмысшылары мен мамандары өздерінің біліктілігін көтерді [49, 145 п.].

Ауыл шаруашылығын интенсивтендіру еңбекшілердің терең техникалық білімінсіз, жоғары білім мен мәдениетсіз, ғылым мен техниканың жетістіктерін жан-жақты пайдалануынсыз мүмкін емес. Бұл күрделі үрдіс жалпы білім беру, кәсіби-техникалық дайындық, біліктілікті арттыру, озық тәжірибелердің жетістіктерін енгізу, экономикалық білім беру, идеялық-теориялық жағынан шынықтыру, қалың бұқараның еңбек және саяси белсенділігін арттыру аясындағы кең көлемді мәселелерді қамтиды. Қазақстанда 1960-1980 жылдары жаңа техникаларды пайдалануға берумен, химияны енгізумен, суландырудың дамуымен байланысты барлық жұмыстарды жоғары деңгейде орындауға қабілетті ауыл шаруашылығы үшін жаппай кәсіп кадрларын дайындау мен бекітудің кешенді перспективті жоспары жасалып, жоспарлы түрде жүзеге асырылды.

Жаппай кәсіп кадрларын дайындауда бірінші кезекте механизаторларды дайындауда негізгі рол ауылдық кәсіптік-техникалық училищелерге аударылды. Мысалы, 1980 жылы Ақтөбе облысының 15 ауданының 11-де 4,5 мың адам оқитын училищелер болды, ал 1966 жылдың басында ауылдық училищелерде бар болғаны 2,7 мың адам оқыған болатын.

Жаңа типті оқу орны ретінде орта кәсіптік техникалық училищелер болды, оларда жастар мамандықпен қатар жалпы орта білім алып шықты. Орта кәсіптік-техникалық училищелерде жоғары білікті кадрларды дайындау үшін қолайлы жағдайлар қалыптасты. Орта білім беру мен кәсіптік-техникалық білім берудің бірігуі жұмысшының мәдени-техникалық деңгейін сөзсіз көтерді.

Тұтас алғанда 1980 жылға қарай Қазақстанда батыс облыстарындағы кәсіптік-техникалық училищелерде 20 мыңға жуық механизатор даярланып шықты. Олардың 10,8 мыңы Ақтөбе облысы бойынша, 6,2 мыңы Батыс Қазақстан бойынша және 2 мыңнан астамы Гурьев облысы бойынша болды.

Ауыл шаруашылығын өрге бастыру міндеттерін орындауда және республиканың барлық агроөнеркәсіп кешендерін жетілдіруде 1946-1980 жылдары бұқараның шығармашылығын одан әрі дамыту маңызды орын алды. Шын мәнісінде ол адамдардың жоғары саналылығы мен белсенді әрі ақылды іс-әрекетіне сүйенді. Дәл осы бастама өндіріс қорларын ашып және іске тартуға, жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыруға көмектесті. Қарастырылып отырған уақыт ішінде республиканың ауыл шаруашылығы үшін еңбектің механикаландырылуы, қоғамдық өндіріс дәрежесінің өсуі, ұжымдық еңбектің одан әрі дамуы және ұжымдық еңбек формаларының жетілдірілуі, қызметкерлердің материалдық және моральдық ынталандырылуы, ауыл-село тұрғындарының тұрмыс жағдайларының жақсаруы, олардың білім мен кәсіби-техникалық, мәдени деңгейінің өсуі тән болды. Ауыл шаруашылығындағы бұл өзгерістер сөз жоқ, сонымен бірге осы салада әлеуметтік және шығармашылық белсенділікті ұйымдастырып, жетілдіруді талап етті. Сонымен ауыл еңбекшілерінің бастамасын өндірістің әрбір учаскесінде жоғары түпкі нәтижелерге жетуге бағыттау көзделді.

Ауыл шаруашылығындағы жұмысты барлық озық формада жүргізген Батыс Қазақстанның ұжымшарлары мен кеңшарлары 1966-1980 жылдары мал шаруашылығы мен егіншілік өнімдерін мемлекетке сату мен өндіру бойынша міндеттемелерді және жоспарлы тапсырмаларды орындауда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізді.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің әлеуметтік және еңбек белсенділігі өзінің даму үрдісінде жаңа мазмұнмен байи түсті. Бұл қозғалысқа қатысушылар бір-бірімен шеберлік құпияларының қыры мен сыры туралы, техниканы тиімді пайдаланудың бағалы әдістері жайлы пікір алысып, тәжірибе бөлісті. Мұның бәрі оң нәтижелер берді. Оны жекелеген трактор-егіс бригадаларының өндірістік көрсеткіштері, жоғары егіншілік мәдениеті ұжымы атағына лайықты Ақтөбе облысының Елек, Первомай кеңшарлары, Красный маяк ұжымшары және Орал облысының Березов, Ащысай кеңшарлары, Тельман және Ленин атындағы ұжымшарлар мысалы дәлелдейді. Онда тракторшылар мен комбайншылар И.Н.Усенко, М.И.Богатырев және басқалары 1968 және 1970 жылдары егін ору мерзімінде әр гектардан орташа есеппен 15-17 мың пұт астық бастырып, жоғары өнім өндіруге қол жеткізді [50, 6 п.].

Ауыл шаруашылығында техниканы меңгеру, еңбектің өркениетті әдістерін үйрену және кәсіби шеберлікті шыңдау жөніндегі жарысты ұйымдастыруға түрткі болған себептердің бірі ұжымшар, кеңшар, бригада, буын ұжымдарының, сонымен қоса жекелеген өндіріс озаттарының шығармашылық бастамалары сынды көптеген құнды бастамалардың тууы және кең құлаш жаюы еді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің әлеуметтік және еңбек белсенділігі өзінің даму үрдісінде жаңа мазмұнмен байи түсті.

Еңбектің анағұрлым прогрессивті әдістерін меңгеруге септігін тигізген, кәсіби шеберліктерін арттыратын, еңбек бәсекелестігінің ең жаппай және тиімді түрі кәсіптер бойынша жарыстар болды.

Батыс Қазақстан шаруашылықтарында жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесін жинақтап қорыту мен дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Бәрінен бұрын оның басты мақсаты еңбек өнімділігі мен өндірістің тиімділігін арттыру, шаруашылықтандырудың барлық деңгейінде жоспарлы тапсырмаларды орындау болып табылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет