Диссертацияның «Шығарма сөз жүйесіндегі стилистикалық айшықтар тілі» атты екінші бөлімі теориялық поэтиканың негізгі бөлігі стилистика ұғымына арналған. Бұл тақырыпқа қатысты «Әдебиет танытқыштағы» (дәлірегі «Тіл қисыны» тараушасы) негізгі тұжырымдар негізінен ХХ ғасыр басындағы орыс әдебиеттану ғылымының өкілдерінің [Эйхенбаум (1924, 1927), Шкловский (1925), Томашевский (1925-1931), Винокур (1925), Жирмунский (1928), Медведев (Бахтин) (1928), Тынянов (1929), Виноградов (1930)] көзқарастарымен бірлікте сараланады. Бұл тақырып ішінде қарастырылған түсініктердің аталым мағынасының басын ашып алғандай болсақ ол төмендегідей болады: а) Байтұрсынұлының «Тіл қисыны» дегенін – стилистика ғылымымен, нақтысы поэтикалық стилистикамен; Ә) поэтикалық семантика (сөз мағынасының ауысуы, яғни, троптар мен өзге де көркемдік айшықтар; көбіне мұны аталмыш ғалымдар поэтикалық лексиканың аясында қарайды) ұғымын Байтұрсынұлының «Тіл көрнекілігімен», анығы сол бөлімге кіретін категориялармен қатар қарастырылды. Б) Ал «Сөз талғау» тарауына кіретін «Сөз дұрыстығы», «Тіл тазалығы», «Тіл анықтығы», «Тіл дәлдігі» деген тараушалар көбіне поэтикалық синтаксиспен балама ретінде алынды. Және осы бөлімде, қарастырылған категориялардың барлығы үш аспектіде қаралды. Оны түйіндей айтқанда жекелеген категориялардың - генезисті, семантикасы және прагматикалық функционалдығы тұрғысынан деуге келеді. Стилистикаға қатысты «Әдебиет танытқыштағы» тұжырымдардың мәні нақты салыстыру үлгісімен де талданды:
Тіл қисынының лебіз ғылымына тікелей қатыстығы жөнінде В.М. Жирмунский : «Поскольку материалом поэзии является слово, в основу систематического построения поэтики должна быть положена классификация фактов языка, которую дает нам лингвистика» [17, 28] деген тұжырым жасайды. Ахмет Байтұрсынұлы поэтикасының да стилистикалық шарттармен ғана шектелмейтіні белгілі. Автор, дұрыс әңгіме жазу үшін тілдік шарттарды білу аз дейді, оған қоса «жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса» дейді, сонда ғана шығарма «пікірлі, әсерлі әдемі болып шықпақ» [9, 176] дейді. «Пікірлі», «әсерлі», «әдемі» шығарма деген түсініктер: Байтұрсынұлы – «лебіз ғылымының мақсатын» тек тіл білімінің негіздік категориялырының аясында ғана емес, күрделі пәлсапалық және эстетикалық теориялармен бірлікте, өте кең түсінгендігінен хабар береді.
Томашевский тропты антикалық поэтиктердің тәпсіріне сай қарайды. Оларға дейін де тропты Аристотельдің ауыстыру (метафора) деп атағаны белгілі. Ал «В тропах различают два основных случая: метафору и метонимию» [15, 52] деген жүйенің А.А. Потебняға жақындығы бар (мына еңбекті қараңыз: Потебня А.А. Из записок по теории словесности. Харьков. 1905; және өзге де еңбектері бұл тұжырымдардың заңды жалғастығын айғақтай түседі [18]). Тропты осылай жасалу тәсіліне қарай метафоралық троп және метонимиялық троп деп бөліп алған соң, автор метафораның ішінде катахрезаны (бұл терминнің мағынасын – қисынсыз метафора деуге де болады), метонимияның ішінде синекдоханы қоса қарастырады. Ал эпитет, аллегория, перифраздар – троптың негізгі түрлеріне кірсе, анаколуф (сөздің шашырап байланысуы), эллипсис, инверсия, риторикалық сауал, лептеу (восклицание), арнау – фигураның ішінде қарастырылады. Жирмунский де негізінен осы әдістен алшақ кетпейді. Ал А. Байтұрсынұлы болса, троп пен фигураны бірлікте қарайды. Классикалық мысал ретінде, Мағжанның «Толқын» өлеңін мысалға алады. Асыл сөздің образдылығы да, эстетикалық және поэтикалық мұраты да осы өлеңде үлкен шеберлікпен берілген. Осындай сөздерді «көрнекі тіл» дейміз дейді де, оны «көріктеу», «меңзеу», «әсерлеу» деп, үш әдіске жіктейді. Мұндай күрделі де қарапайым концептуальды тәсіл Байтұрсынұлыға тән. Біздіңше, Ахмет Байтұрсынұлы пайымындағы әрбір ұғым немесе сол ұғымның жүгін көтеретін «пән сөздері», негізінен үш тағанмен бірлікте қаралады. Олар: сөздің терең генезисі мен семантикасы және оның асыл сөз жүйесіндегі функциясы. Осы әдестемелік пайым тұрғысынан болсын не ғылымдағы өзге де жүйелілік қағидасы тұрғысынан болсын - «Әдебиет танытқыштың» бұл тарауын зерделу, әлі де бірнеше арнайы көлемді зерттеулерге сұранып тұр.
Және назар аударылған мәселе «Әдебиет танытқыштағы» стилистиканың өзге де прагматикалық жетістіктері туралы. «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білу тиіс. Яғни әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыс сөйлемді тізе білу тиіс» дейді [9,178]. Мұнан түсінетініміз автордың шығармалық ойлары және оны жүзеге асыру тікелей стилистикалық білімге байланысты екендігі. Бұл тұжырымнан шығатын қорытынды мәтіннің құрылымы оның мағынасына әсерін тигізеді дегенге келеді. Поэтикалық семантика дегенде біз көбіне осы ұстаныммен бетпе-бет келіп қаламыз. В.М. Жирмунскийдің де жазуынша: «композиционные задание художника, звуковое и смысловое, находит выражение в метрическом и синтаксическом построении словесного материала» [17, 31]. Ал Байтұрсынұлының сөйлемді дұрыс құру дегені поэтикалық синтаксистің де нысанын қамтиды. Дәлірек айтсақ, ғалым бұл жерде поэтикалық синтаксиске тән мағыналық ерекшелікті көре білген. Яғни Байтұрсынұлының жоғарыдағы «айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білу тиіс. Яғни әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыс сөйлемді тізе білу тиіс» деген ұстанымы поэтикалық мәтінге тән ең маңызды мәселені қозғап тұр. Мұнда біз «Әдебиет танытқышта» - автордың шығармашылық стратегиясы мен поэтикалық заңдылықтар бірлігі деген мәселеге қатысты ғылыми тұжырымдар жасалған деген қорытындыға келеміз.
Әдебиеттану ғылымында 1920 жылдары поэтиканың бас мүшесі болып табылатын стилистикаға деген қызығушылық айтарлықтай биік болды. Бұған дәлел ретінде Эйхенбаум (1924, 1927), Шкловский (1925), Томашевский (1925-1931), Винокур (1925), Жирмунский (1928), Медведев (Бахтин) (1928), Тынянов (1929), Виноградов (1930), Гроссман (1927), секілді тағы да басқа көптеген ғалымдардың еңбектерін келтіруге болады [19] .
Әдебиет тарихын зерттеудің әдістемелік принциптері қайта қаралып, жаңарғанын ескерсек бұл кезең туралы С. Балухатыйдың айтқаны нақтылықты білдіреді: «Особо влиятельной оказалось школа исследователей, вульгарно именуемая «формальной», стоящая на принципе изучения литературы, как словесного искусства, мастерства, имеющего специфическую природу, свои законы развития и особые приемы научного анализа. <…> Число работ по стилистическому анализу произведений новой русской литературы растет, проблемы множатся и утончаются, литературный матерьял, подлежащий обработке, разнообразится. Очевидном образом, не порывая еще с историко-культурным анализом в работах обычного типа, мы вступили в широкую полосу стилистической характеристики литературных явлений» [20, 725].
Басты басты лингвистикалық бағыттағы мектептердің жалпы поэтика мен өнердің теориясына айтарлықтай ықпал еткендігі байқалады. Осыған Л. Шпитцердің (1928 жылғы) «Өнертану грамматикализацияланып келеді» деген жазбасы да дәлел [21, 502]. Теориялық поэтика мен теориялық лингвистиканың арақатынасы туралы ірі-ірі пікір қақтығыстары да осы кезең еншісінде. Мұндай пікір қақтығыстарына негіз болған жағдайдың бірі деп төмендегі тезисті келтіруге болады: « ... наука о языке выработала объективный метод исследования, и вопрос о научной поэтике есть вопрос о применении этого метода к поэзии, а не внесении интуитивных, оценочно-эстетических или наивно-социологических моментов в научное исследование» [22, 173]. «Орыстың жас поэткасының» өрлеу барысын сараптай әрі В.М.Жирмунскийдің: «Поскольку материалом поэзии является слово, в основу систематического построения поэтики должна быть положена классификация фактов языка, которую дает нам лингвистика» [17, 28], деген пікірін тілге тиек ете отырып, Г.О. Винокур төмендегідей тұжырым жасайды: «Совпадение схем этих свидетельствует лишь об одном: принципы, с помощью которых группирует свой материал поэтика, суть те же принципы, что и лингвистике. Все те отдельные моменты, которые будет наблюдены лингвистом в структуре слова вообще, будут повторены и в той структуре, какую образует факт поэтической» [23, 166]. Осы мәселеге қатысты Г.О. Винокурдің : «Поэтика находит себе настоящее основание в лингвистике как наука о языке вообще. Так, поэтика возможна только через лингвистику» деген батылдау пікірі тағы бар [23, 286].
Дегенмен, теориялық поэтика мен лингвистика аясындағы нағыз пікірсайыс 1920-жылдары ПТЗҚ-да (Поэтикалық тілді зерттеу қоғамы) Р.О. Якобсонның жасаған баяндамасынан кейін басталды. Бұл тақырып басты проблемаға айналып, 1921-1922 жылдары В.М. Жирмунскийдің, Б.М. Эйхенбаумның, В.В. Виноградовтың еңбектерінде баяндалады. Бұлар, Р.О. Якобсонның поэтикалық тілге «Поэтикалық диалектология» тұрғысынан қарағандығын қатаң сынға алады. Дегенмен, поэтика диалектологияға басы байлы емес екендігі және кейбір тұстарда жалпы әдеби сарынға тәуелділігі басы ашық мәселе. (Бұл туралы толығырақ, 1921.С. 69 қараңыз. Сонымен бірге, Якобсонның кітабына жазған рецензиясы. Орыстың жаңа поэзиясы. Бірінші қолжазба, Виктор Хлебников. Прага , 1921. Басы, 1921. № 1. С.214. Эйхенбаум, 1969. С.335. Виноградов, 1976. С. 464.) Бұдан өзге, аталмыш пікірталастың тағы бір қырына негіз болғаны – В.М. Жирмунский мен Б.М. Эйхенбаумның Р.О. Якобсон пікірімен келіспеуі. Олардың пікірінше поэтика телеологиялық қағидаларға негізделуі қажет [24, 785]. Сонымен қоса, Б. М. Эйхенбаум, поэтикаға қарағанда лингвистика – жаратылыстану ғылымдарына жатады және поэтиканың әдістемелік ережесімен салыстырғанда біршама өзге заңдылықтарға бағынатынын алға тартады: «Лингвистика оказывается в ряду наук о природе, поэтика - в ряду наук о духе <…> лингвистика же, как и все естествознание, имеет дело с категорией причинности и потому исходит из понятия явления как такового» [25, 337]. Бұл жөнінде Николаевтың дәйекті түрде байқағаны Р.О. Якобсон мен Б.М. Эйхенбаум екеуі де екі түрлі эстетикалық-философиялық дәстүрлерді негізге алдығы: «Б.М. Эйхенбаум опирается на риккертианское деление наук о духе, а Р.О. Якобсон, что и сказалось в его определениях, на феноменологию Г.Г. Шпета, враждебного любым видам неокантианства» [24, 786]. Осы сөзсайыс айналасындағы дау да толас таппады. Әрі қарай, Николаев маңызды деген тағы бір мәселеге тоқталған. Дәлірек айтсақ, бұл ПТЗҚ-мен МЛҮ ( Мәскеудің лингвистикалық үйірмесі) арасындағы текетірес.
Бұл үйірме 1915-24 жылдары ғылыми қоғам ретінде біріккен. Осы үйірменің ұйымдастырушылары Мәскеу Университетінің тарих және филология факультетінің студенттері (А.А.Буслаев, Р.О. Якобсон, С.С. Рогозин, Ф.Н. Афремов, П.Г. Боготырев, Н.Ф. Яковлев және П.П.Свешниковтер) болатын. МЛҮ студенттік дәрежесінен тез арада өсіп, танымал қоғамға айналды. МЛҮ-дің тұрақты мүшелерінің тізімінде: С.И. Бернштейн, С.М. Бонди, О.М. Брик, В.М. Жирмунский, М.М. Кенигсберг, Б.В. Томашевский, В.М. Шкловский, Б.И. Ярхо, Г.Г. Шпет, Ю.Н.Тынянов, А.М. Пешковский, С.О. Карцевский, Ю.М. Соколов және басқалары да болды. Формалистік әдісті қолдаушылар секілді МЛҮ-дің мүшелері де М.М. Кенигсбергтің сөзімен айтсақ «анализ форм выражения словесных форм» деп санады. Дегенмен, МЛҮ-дің әдістемелік жүйесінің формализмге жақындығы туралы үзілді-кесілді айта алмаймыз. Оның өзі бірқатар түсініктемелерді қажет етеді. Себебі, формализм - мазмұнды пішін ретінде баяндайды. Сондықтан ол мазмұнның рәсімделуін зерттейді. Яғни, бұл жерде басты міндет тілді (пішінді) суреттеу болып табылады. Бұған себеп, формализмнің баяндау барысында мазмұн тек дәйек ретінде ғана алынады. Формализмге қарама-қайшы структурализм болса, керісінше пішінді мазмұн ретінде баяндағандықтан, пішіннің мазмұндалуын іздеуге тура келеді. Структуралист үшін алғашқы қадам пішін (тіл) болады. Оны зерттеу жалпы мәтіннің этикалық мазмұнын меңгеруге әкелуі тиіс. Бұл жөнінде М.И. Шапирдің ойына жүгінсек: «направление Московского лингвистического кружка следует определить скорее не как формализм, а как предструктурализм: членами кружка форма рассматривалась, в первую очередь, в оппозиции к содержанию, а не к материалу. Москвичи шли к поэтике от лингвистики, а петроградцы (имеется веду члены формальной школы, которым и являлся петроградский ОПОЯЗ - У.Е.) – от теории литературы» [25, 593]. Жалпы алғанда, Мәсеку лингвистикалық үйірмесінің тіл қызметін зерттеу шеңберінде поэтикалық тіл категориясы маңызды орында болған. Ең алдымен поэтикалық тілдің (ақын тілі) мәні оның поэтикалық (эстетикалық) қызметінде. Осы көзқарас тұрғысынан алсақ, 20-жылдары поэтика негізгі және жетекші лингвистикалық ілім ретінде қабылданған.
Осы екінші бөлімге кіретін «Сөздің стилистикалық айшықтары. «Сөз талғау», «Поэтикалық семантика трактовкасы. Троптардың анықтамасы», «Поэтикалық семантиканың жүйеленуі», «Поэтикалық фонетика трактовкасы», «Тіл әуезділігі. Эвфония. «Әуезділіктің жалпы шарттары»», «Сөз және сөйлеу әуезділігі», «Өлең сөздің теориялық негізі. Метрика мен ырғақ жүйесі», «Өлең сөздің трактовкасы.«Өлең шығару»» атты тараушалардың барлығы да «Әдебиет танытқыштың» - ХХ ғасыр басындағы теориялық еңбектермен қаншалықты методологиялық әрі прагматикалы-функциональдық ұқсастығы, кемшілігі, артықшылығы бар деген зерттеу міндеті басшылыққа алына отырып қарастырылды. Мәселен, әуезділікке қатысты Байтұрсынұлы жаңаша тұжырымдар жасайды. Егер сұрақтың методологиялық жағын алатын болсақ, А.Байтұрсынұлының көзқарасы Б.Томашевскийдің пайымдауына жақын. Ғалымдардың көзқарастары «көркем сөйлеудің үйлесімділігіне» жақындықтан туындайды. Біріншіден екі зерттеушіде де поэтикалық сөйлеудің дыбыстық құрылымы стилистика тарауына аясында қарастырылады. Екіншіден екі жағдайда да шығарманың дыбыстық жүйесінде, жалпылай алғанда, эвфония қызметінің анықтамасы негізгі болып табылады. А.Байтұрсынұлының ерекшеленетін тұсы эвфонияны екі тарауға бөліп қарастырылғандығында. Яғни, бұл жерде біз «Әдебиет танытқышта» ғылыми айналымға «сөз әуезділігі» мен «сөйлеу әуезділігі» деген түсініктердің енгендігі турасында айта аламыз.
Жұмыстың «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің трактовкасы» атты үшінші бөлімінде толығымен «шығарма сөздің» бүтіндей семантикалық ерекшеліктері қамтылады.
«Әдебиет танытқыштың» ең басында сөз өнерінің жалпы теориясына қатысты келесі бір тәсіл пайдаланылған: «Шығарманың екі жағы бар: 1) тысқы тіл жағы, 2) ішкі пікір жағы.
Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді:
шығарманың тілінің ғылымы, 2) шығарманың түрінің ғылымы.
Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы шығарманың тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді» [9, 176]. Бұдан шығатын түйін - Байтұрсынұлы ең алдымен шығарманың семантикалық құрылымына назар аударып отыр. Шығарманы мазмұндық жағынан қара сөз бен дарынды сөз жүйесі деп бөлуі соның айғағы. Сонымен «Әдебиет танытқыштағы» «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталатын екінші тарауда асыл сөз теориясының негізгі белгілері тұтастай талданады. Ахмет Байтұрсынұлы тұжырымы бойынша, көркем сөз – көпқабатты құбылыс. Оның құрамында сөздің негізгі теориялық басымдықтары белгіленген: «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз зейін тілі. Жалаң сөз зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, қақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әләптеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады, жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады» [9, 255]. Жоғарыда біз ғалымның қандайда бір категорияның мазмұнын ашуда ең маңызды ерекшеліктерді айтып кеткенбіз. Мұндай ерекшелік, ғалымның «сөз өнері» мәнін түсіндіргенде қолданылатын әдістеме әдеттегі бізге таныс дефиниция жүйесіне берілмейді. Ғалым пәннің кез-келген категорияларын түсіндіргенде оның қасиетін образды мысалдармен, философиялық, филологиялық категориялар бірлігінде ашып береді. Бұған қоса, А. Байтұрсынұлы көркемдіктің негізгі спецификалық категорияларына басты көңіл аударады. Яғни, тек ой желісіндегі көркемдіктің реттілігі ғана ашылып қоймайды, сонымен қатар олардың түпкі белгілері («Көркем сөз – көңіл тілі»; «көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе ») яғни адам санасының көркемдік әлемді сезіну негіздері қатар түсіндіріледі. Мұның бір шеті адамның образды қабылдау бейімдігіне де қатысты («яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау») Мұның өзі бейнелеу категориялардың мәніне, санадағы бейнеге ұласады. Бұл тұрғыда Потебня еңбектеріне сілтеме жасауға болады [18]. З.Фрейдтен Э.Фромға дейінгі бір топ психологтардың да көркем туынды мен түс көрудің жақындығы туралы көп жазуы тегін болмаса керек.
Жоғарыда келтірілген, көркем сөздің ерекшелігіне қатысты А.Байтұрсынұлы тезисі, жалпылай алғанда, гегелдік және гегелден кейінгі эстетикалық әдіснамаға біршама жақын. Образ категориясын талқылауда гегелден кейінгі эстетикалық методологияның бір ерекшелігі - көркемдік мәтін мен ғылыми дәлелдік шығарма сөздердің мәнін қарсы қойып талдауларында болды. Ал көркем сөздің пәндік мазмұнын ашуда А.Байтұрсынұлыдан да аталмыш тәсіл байқалады: «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз - зейін тілі. Жалаң сөз зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе» т.б. деген секілді, көркем сөз бен қара сөзді қарсы қойып түсіндіру мәселесіннен соны аңғарамыз.
Бүгінгі заман әдебиеттанушысы В.Е. Хализев көркем сөздің екі негізгі қасиетіне тоқталады. Біріншісіне - «ойдан шығарылған заттық ұғымды» (мұның мағнасы сөз өнерінегі көрнекілік заттық көрнекілік емес дегенге саяды; оны шартты көрнекілік деп түсінуге болады) жатқызса; екіншісі – сөздік конструкция мен сөздік құрылымдар. Әдеби шығарманың мұндай екі жақтылық қасиеті ғалымдарды белгілі бір тұжырымға әкелді. Ол тұжырым әдеби шығармада екі өнердің – қиял өнері (мұның сапында көбіне өзге тілдерге тез аударылатын беллитристикалық прозаларды да айтуға болады) мен сөз өнерінің (бұл ақын тілінің негізі болып табылады) белгісі бар деген пайыммен байланысты. Бұл тұрғысында Хализев: «На наш взгляд, вымысел и собственно словесное начало точнее было бы охарактеризовать не в качестве двух разных искусств, а как две нерасторжимые грани одного феномена: художественного словесности» [26, 109] деген пікір айтады. Расында көркем сөздің біз қозғап отырған екі бірдей белгісі көркемдік аясында қашанда бір-біріне қызмет ете бермек. Батыстық ойлау жүйсімен салыстырғанда қазақы ойлау да бейнелікке барынша жақын. Ал орыс әдебиеттануы да образға тірі ағза кейпінде, яки тіршілік танымы ретінде қарайтындарын айтады. Мұны «образ» түсінігінің орыс тіліндегі бүтіндей мәні - symbol, copy, fiction, figure, icon секілді бірнеше англо-американдық терминдермен берілетінінен де көруге болады.
Ғалым сөйлеу жүйесінің мағыналық қызметін негізге ала отырып, «қара сөз» бен «дарынды сөздің» нысанын айырып береді. Алғашында олардың терминдік жолын саралап, ашып алады: «Екі түрлі лебіз бар: бірі жалаң, екіншісі көрнекі болады деп жоғарыда айтылған еді. Қайсысымен сөйлесек те сөйлеу болады. Бірақ сөйлеуді негіз түріне қарай айыру қажет болған орында жалаң лебізбен айтылған сөзді ғана сөйлеу дейміз де, көрнекі лебізбен айтылған сөзді жырлау – толғау дейміз. Сөйлеу де,жырлау да, толғау да, бұл күндегі әдебиет алқасына кіретін жалаң лебізді және көрнекі лебізді сөздердің таптарын анық ашуға жарамсыз болғандықтан, жалаң лебізді сөздерді қара сөз деп, көрнекі лебізді сөздерді дарынды сөз деп атау қолайлырақ. Әдетке қарамай, асылына қарағанда, «қара сөз» деген мен «сөйлеу» деген екеуінің мағынасы бір болып, «дарынды сөз» деген мен «жырлау», «толғау» дегеннің мағынасы бір болып, бірінің орнына бірі айтыла береді. Қара сөзді шығармалардың да, дарынды сөзді шығармалардың да түрлерінің өлеңдісі, өлеңсізі болады» [9, 252]. Б.В.Томашевский, В.В.Виноградов, Г.О.Винокурларда бұл айырым көбіне көркемдік нысанның құрылымына байланысты жүзеге асады. Мәселен Б.В.Томашевскийдің «Речь художественная и речь практическая» деген бөлімді (және олардың ұғымдық негізін) «Стилистика белгілері» атта тараудың аясында қарауы соның дәлелі [15]. Осы негізде 20 жылдары бірқатар еңбектер жазылғаы туралы стилистикаға кіріспе тарауда айтып кеткен болатынбыз.
Шығарма сөздің (словесное творчество) жоғарыдағы мысалдағыдай болып бөліну себебін түсіндіргенде, А. Байтұрсынұлы оны ең алдымен адамның ойлау жүйесімен байланыстырады. «Ойлау екі түрлі: адам ойлағанда иә нәрсеге тиісінше ойлайды, иә көңілінің түйісінше ойлайды» [9, 253]. Тиісінше ойлауды (объективное мышления) қара сөзге тән деп, ал түйісінше ойлауды (субъективное мышления) дарынды сөздің талабына сай келетінін бірнеше қисынды мысалдар арқылы анықтап береді. Енді осы екі ұғым жүйесі не туралы айтады дегенде, қара сөз тиіс ғалам турасындағы (объективный мир) әңгіме болады да, дарынды сөз түйіс ғалам турасындағы (субъективный мир) әңгіме болатынын көркем сөз бен жалаң сөздің қасиеттерін салыстыра отырып қорытады. Қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің мағыналық жағындағы сипаттарын осылай ашып алғаннан кейін, оларды функцияналдық жағынан былайша жіктейді: «Қара сөз бен дарынды сөздің арасындағы парық жұмсалатын орнына, қызметіне қарай былайша айрылады: дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді, қара сөзден адам тек ұғым алады» [9, 255]. Әрине, бұл жерде қара сөз ұғымы тек ғылым тілдерімен шектеліп тұрмаған болса керек. Десек те, ұғымның қисыны бойынша қара сөздің жүйесі нақтылыққа алып барып ғылым тілінің талабына келеді. Алайда, бұл жерде «қара сөз» жүйесін А.Байтұрсынұлының сөз өнерінің мазмұндық негізінен таратқанын ескерсек, онда ол тек ғылым тілімен шектеле алмайтын болып шығады. Бұл енді «қара сөз» үлгілерін саралағанда айқындалатын жайт.
Бірақ, бұл мәселеде түсініктердің орны айқындала түсу үшін оны тағы қарастыруды қажет етеді. Мәселен сөйлеу жүйесінің прозалық және поэтикалық түрлерін зерделегенде оның негізі сөз өнерінің мәніне ұласып жататыны түсінікті. Бұл әрине, олардың ілкі не кең мағынасындағы трактовкасына қатысты. Кең мағынасы дегеннің бір ұшы ол түсініктердің генезисіне алып келеді. Мәселен бұл туралы А.Н. Веселовский: «Исторически поэзия и проза, как стиль, могли и должны были появиться одновременно: иное пелось, другое сказывалось. Сказка так же древня, как песня; песенный склад не есть непременный признак эпического передания; северные саги, этот эпос в прозе, не представляют собою единичный факт» дейді [27, 434]. Потебня болса, бұл айырымға сөздің бейнелілік астары жағынан келеді де, ақын тіліне қарағанда прозада бейнелілік болмайды дейді: «Когда возникает проза? Проза для нас есть прямая речь… в смысле речи, имеющей в виду или только практические цели, или служащей выражением науки. Прозаичны — слово, означающее нечто непосредственно, без представления, и речь, в целом не дающая образа, хотя бы отдельные слова и выражения, в нее входящие, были образцы» [28, 152]. Кейіннен А.А. Потебня бұл мәселені «сөз бен ой» дәрежесіне дейін көтереді. Сөздің ішкі құрылымының философиясына қатысты ғалымның теориялық пікірлері бүгінгі әдебиеттануда (дәлірегі Потебнядан кейінгі) үлкен ықыласпен зерттеліп келеді [29]. Прозаның генезисіне ой жүгірткен А.А. Потебняда мынадай да сілтемелер кездеседі: lат. prosa sc. oratio, locutio из prosa, provorsa (как susum из sursum, subvorsum, retiosum из retrorsum, retrovorsum) – сөзбе сөз: тіке алға бағытталған (как prosa sc. dea – дұрыс босану тәңірі; алдымен сәбидің басы шығады), түзу дегеннің (прямая речь – түзу, тура сөз) бұл жердегі мағынасы, оны өлең майыстырмаған (prosa oratio, quam non inflexit cantilena), немесе жай, жалаң деген мағынада (Steinthal - 128, 5; 127, 22; Pott. - 123, 218) [27, 211]. Қалай болғанда да, Байтұрсынұлы ұсынған қара сөз бен дарынды сөз айырымын поэзия мен прозаның баламасы ретінде қарай алмаймыз.
Қорыта айтқанда, бұл соңғы бөлімде асыл сөз теориясының - көркем шығарманың түрлері, прозалық мәтін мен ақындық мәтіннің айырымы, көркемдік әлемнің құрылымдық жүйесі мен ондағы мағыналық астарлар мәселесі, мәтіндерінің арасында қатынас жүйесі, терминдеу жүйесі, көркемдік әлеміндегі субъективті және объективті басымдықтар, композициялық негіз, оқиға таңдау, олардың орналасуы, әдеби тектер мен жанрлар ерекшеліктері, шығарманың эстетикалық талғам бағыттары секілді негізгі белгілері тұтастай талданады.
Достарыңызбен бөлісу: |