Ермековтің ісіне



бет5/5
Дата30.06.2016
өлшемі383.5 Kb.
#167858
1   2   3   4   5

«Комиссияның жоспары бойынша («Сана» журналының) екінші санын жарыққа шығару көзделген. Түркхалкомағарту мекемесінің мемлекеттік ғылыми кеңесіне қарасты ғылым комиссиясына қызметке келгенімше оның бірінші саны шығып үлгеріпті. Менің есімде сақталғаны, ол журналды мынадай мақалалар жарияланды:

1.ГУСОМ бекіткен, Байтасов қайта қарап шыққан 1-баспалдақтағы мектептерге арналған жалпыға ортақ оқу бағдарламасы.

2. М.Тынышбаевтің «Мырза Едіге батыр» (тарихи дастанның кейіпкері) атты мақаласы және қазақ тұрғындарының саны туралы кесте.

3. Жұмабаевтің қазақтың халық ақыны Ақан туралы мақаласы.

Ұлтаралық межелеуге байланысты комиссияның қаулысымен редакция алқасы құрылды, оның құрамына Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров және мен кірдім. Осы алқа мүшелеріне материалдарды дайындау тапсырылды. Бұл кезде комиссияның қолында журналға арнап әр жерден жіберілген және жергілікті ташкендік авторлар жазған материалдар болды. Келіп түскен материалдардың барлығын комиссияның төрағасы ретінде Х.Досмұхамедов қарап шықты және басылуға тиісті материалдарды сол іріктеп алды.

Журнал ешқандай да кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген жоқ және ондай әдеби міндетті алдына қойған да емес. Оның басты мақсаты – оқу-ағарту саласы болды, алайда ол кезде қазақ көркем әдебиетін бағалауда пікір қайшылықтары болатын, соған орай басылған Ғаббас Тоғжановтың рецензиясына бола журналды ұлтшыл мекеменің қатарына қосты, алайда онда кеңес өкіметіне қарсы бағытталған немесе таза ұлтшылдықты көздейтін ештеңе де жоқ болатын.

Ол кезде көркем шығарманы маркстік тұрғыдан бағалай алатын сын қазақ әдебиетінде мүлдем жоқ еді. Егерде «Сана» журналы нақты таптық бағыт ұстай алмаса, онда мұны сол кезде қазақ тілінде шыққан барлық басылымдарға кінә ретінде көрсетуге болады. Д.Ысқақов».

Ал Даниял Ысқақов өзінің 1931 жылы 31 сәуір күнгі тергеуде берген жауабында Халел Досмұхамедовпен ғылыми шаруашылық мәселелеріне қатысты жиі араласып тұрғандығын айтқан. Екеуінің сөздері бір арадан шыққан. Сол сияқты Дәурен Тұрғынбаевтің (сол кезде 45 жаста екен) 1931 жылы 11 мамыр күнгі жауабы да сол мазмұндас.



«1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Даниял Ысқақовтан алынған жауаптың хаттамасы: Ташкентте 23-жылдан тұрамын. 26-жылы Қызылордада комиссияның жұмысымен бес күндей болдым. Байтасов саяси курсқа хат беріп жіберді. Онда бұрынғы алашордашылардан ешкімді кездестіргемін жоқ. 24-26-жылдардың арасында бұрынғы алашордашылардың ішінен ғылыми комиссияда жұмыс істейтін Халел Досмұхамедовпен қызмет барысында кездесіп жүрдім. Ал куәға тартылып отырған Тынышбаевпен, Қашқынбаевпен қоғамдық орындарда ғана өте сирек ұшырасып қалып жүрдім. Мен Ташкентте тұрғанда Ермековпен 2-3 рет қана жолықтым, одан көп емес. Сұраған мәселеге тік жауап беретіні шыншыл адам, ал оның өкіметке қарсы пікір айтқаны есімде жоқ. Бұрынғы алашордашылардың Ташкентте ұйым құрғаны және олардың Заки Валидовпен байланысы туралы мүлдем хабарсызбын.

Енді мақаланың жайына келетін болсақ ( көркем әдебиет туралы «Екеу» деген бүркеншік атпен Абдолла Байтасов екеуі бірігіп жазған сын мақаланы айтып отыр – Т.Ж.) мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін, Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада недәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімша қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов: екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын – деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ» – деп жауап берді. Бұл мақала 26-жылы не 27-жылы жарық көрді.

«Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.

Әділевті мен ғылыми комиссияда қызмет істеп жүргенде таныстым. Ол да сонда жұмыс істейтін. Бірде ол Халел Досмұхамедовтен демалыс сұрап, Ташкенттен кетіп қалды. Содан кейін мен оны Қызылордада Қазақ театрының директоры болып жүрген кезінде бір рет қонақта болдым. Қонақта Байтасов, Кемеңгеров және ...(аты-жөні танылмады) болды. Содан кейін кездесудің сәті түспеді (Қолы қойылған)»

Міне, Д.Ысқақовтың «қылмысы» да, жауабы да осы. Тек тергеудің мысын қайыру үшін өзінің «Көркем әдебиет туралы» мақалаға қатысын жеңілдетіп баяндап отыр. Ал ай бойы ұстаған «Алқа» бағдарламасын оқымадым дегені – жорта жауап. Сонша көлемді де емес және пікір білдіруге ниеттенген мақаланы оқымауы мүмкін емес.



Тергеуге тартылып, бірақ сұрақ астына аз алынған азаматтың бірі – Қошке Кемеңгеров. 1896 жылы 15 шілде күні туған. Омбы ветеринарлық-фельдшерлік мектебінің екі класын бітірген, Омбы ауыл шаруашылығы училищесін тәмәмдаған, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқыған, аспирантураға түскен. Қазақ тұрмысы туралы көркем шығармалардың, көсемсөздердің, тарихи зерттеулердің авторы. Тұңғыш қазақ драма театрының сақнасы 1926 жылы 11 қаңтарда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасымен ашылған. Әдебиеттің ұлттық сипаты мен таптық ұстанымы туралы баспасөзде Қ.Кемеңгеровтің «Көркем әдебиет туралы» ( «Еңбекші қазақ», 1926 жылғы 1 желтоқсан), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 30 қаңтар) атты мақалалары жарияланды. Ол Сәбит Мұқановтың «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926,14-15 қазан), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірлерім» атты мақалаларына пікір қосу ретінде жазылып, «Қызыл Қазақстан» журналының 1927 жылғы №2 санында жарияланды. Содан кейін тұңғыш рет араб қарпінен крилл қарпіне қотарылып, Т.Жұртбай құрастырған «Алаш ақиықтары» атты жинақта басылым көрді. Оған осы мақаласы үшін: «кеңес өкіметінің мәдениет майданындағы шараларына баспасөзде қарсы шықты, астыртын «Алқа» ұйымына қатысты» – деген айып тағылды. Қошке Кемеңгеров 1930 жылы 17 қыркүйекте М.Әуезовпен, М.Күдеринмен бір күні тұтқынға алынды. Алайда ұзақ уақыт нақты айып тағылмай, сұраққа тартылмай келген. Тура бір жылдан соң:

«1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Қошмұқамед Кемеңгеровтің көрсетіндісінің хаттамасы. 23-жылы мен Қызылорда қаласында болып, ғылыми ағарту жұмысына қатысты мәселелермен айналыстым. Ол кезде мен Ташкентте тұратынмын. Ысқақовтан сұрасаңыздар да айтар, ол уақытта Ермеков те, Байтасов та Ташкентте тұрған емес, сондықтан бірге жүрген емеспіз.

Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық. Соңғы адам маған Ташкентте: кеңес платформасына негізделген жазушылардың «Алқа» әдеби үйірмесін құрмақ екен. Оған партияда жоқтар да, коммунистер де қатыса алатын көрінеді. Үйірме ассосация ретінде ресми тіркелген және жұмыс істеп жатқан сияқты – деді. Платформаның жарғысымен танысып шықтым. Мен ол кезде материалистік іліммен таныс емес едім, сондықтан да бағдарлама жалпы алғанда орынды сияқтанды. Мен оны қазір оқысам, оның марксизммен арадағы қайшылығын аңғарған болар едім. Бұл 25-жыл болатын. Сәрсен мен Жәкен: ассосацияға коммунистер де, партияда жоқтар да қатысады. Пікір білдіріңіз – дегенді айтты. Бірақ та мен бұл мәселе жөнінде ешкіммен хат алмасудың реті келмеді. Онымен танысқаным туралы тізімге қол қойдым ба, жоқ па, білмеймін, нақты есімде қалмапты. Байтасовтың Смағұл Сәдуақасовқа бағдарламаны көрсеткенін білемін. Мен онымен бұл мәселе төңірегінде әңгімелескен емеспін. Мұның барлығы жай ғана сөз күйінде қалды, ешқандай отырыс болған жоқ.

(...) Байтасов маған: 21-жылы Заки Валидовтің Ташкентке келіп, қазақ ұлтшылдарымен кездескенін айтты. Бұдан басқа ештеңе білмеймін. Қазақ ұлтшылдарының төңкерісшіл ұйымы туралы ештеңе естігемін жоқ, білмеймін де. Ал Тынышбаевтің өңін білгеніммен де, өзімен таныс емеспін. Әлеуметшілердің ұйымына ешқан мүше болған емеспін және ол туралы ештеңе білмеймін» – деп жауап берген.

Бұл жауапқа пәлендей түсінік беріп жатудың қажеттігі жоқ сияқты. Негізгі айтылған мәселелер М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің жауаптарында толық талданғандықтан да қайталап жатпаймыз. Қ.Кемеңгеов бұл жолы шартты жазамен құтылса да, 1937 жылы ұсталып, сол жылы 21 қараша күні Омбы түрмесінде атылып кетті.

хххххххххххххххххххКітаптың қорытын бөлімінеххххххххххххх

Қазақ ұлты рухани парасаттың даму баспалдағына неғұрлым биiктеп көтерiлген сайын, өзi үшiн құрбан болған алаш ғұламаларын соғұрлым құрметтеп, тағзым етуi тиiс. Өйткенi, ұлттың рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалғандар да, мәңгүрттiктен құтқарып кеткендер де, болашақтағы тәуелсiздiктiң қасиеттi ұлы жолын анықтап берген де солар.


Уақытты да, Дәуiрдi де, Заманды да;

Қоғамды да, Мемлекеттi де, Үкiметтi де;

Адамзатты да, Халықты да, Ұлтты да;

Дананы да, Тұлғаны да, Тобырды да;

Ақылыңды да, Жаныңды да, Тәнiңдi де
талқыға салған коммунистiк-колонизаторлық жазалаушы өкiметтiң «ұлы құрбандарының» рухы қашанда рухани бостандықтың киелi нысанасы болып қала бередi. Еркiн ұлт сол сезiммен мәңгi өмiр сүредi.

Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:

«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20 көкек.

Тыңдалды: № 2370-iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3-статьялары бойынша; 2. Үмбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11-статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11-статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11-статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16-статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11-ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11-ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2-ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2-статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:



  1. Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтбасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейтазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х-30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».

Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды Әуелi тергеуге алынған 30 адамның 10 адамы мерзiмiнен бұрын ерте босатылды. Бұл – қандай бiр аяушылықтың белгiсi емес едi. Оның басты себебi: бүкiл тергеу iсi Голощекиннiң нұсқауы бойынша жүргiзiлген болатын. Ал тура осы 1932 жылы қазақ ұлтының үштен бiрi аштықтан қырылып, Қужақтың өзiне де тықыр таянған-тын. Оның бiрiншi басшы қызметiнен кететiнiн Алдан-ала сезген тергеушiлер мен соттар да, үштiктiң мүшелерi де сақтық жасап, iстi қысқа қайыра салған болатын. Ұлтының тағдыры талқыға түсер шақта түрмеге отырғызылған ардагерлер елжұрты ашаршылыққа ұшырап, жаппай қырылып жатқан кезде қапастан шығарылды. Бұл қасiрет оларға түрмеден де көрi қатты батты. Бiрақ қолдан келер қайран мен айла-амал, қайрат, қуат-күш жоқ едi. Олардың әрқайсысы солтүстiктiң орманының бас еркiнен айырылған балташыларына айналды. Кейбiрi қайтып оралды, кейбiрi мәңгiлiкке мұз жамылып, қиян шетте қалды. Оларға туған жердiң бiр уыс топырағы да бұйырмады. Тiрi қалғандары ендi есiн жия бергенде кеңес өкiметiнiң екiншi бiр «ұлы құрбандығы басталды» Оған сол өкiметтi орнатқандар мен алдыңғы «құрбандықты» ұйымдастырғандардың өзi де iлiндi. Ол – заманның талқысы болатын. Бұл «қарадүлейден» (смерчь) кейiн ұлт зиялыларының қатары өрттен кейiн аман қалған жалғыз қарағай құсап сиреп – ақ қалды. Соның бiрi – Мұхтар Әуезов едi. Тiрi қалуы тiрi қалғанымен, заман талқысы зықысын шығарып-ақ кеттi. Ендi сол бiр жанталасқан заманның зауалын басынан кешуiне тура келдi. Басқа салған соң пенде шiркiн көнедi екен. Көндi де.

).

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет