Ермековтің ісіне


)Қазіргі қалыптасқан шаруашылық жүйесіне түбірімен өзгеріс жасау мүмкін емес



бет2/5
Дата09.06.2016
өлшемі0.84 Mb.
#126026
1   2   3   4   5

1)Қазіргі қалыптасқан шаруашылық жүйесіне түбірімен өзгеріс жасау мүмкін емес.

2)Жер бөлісі таптық тұрғыдан жүргізіліп, оған еңбекші бұқара кеңінен тартылуы тиіс – деген жалпы ереже қабылданды.

Мен бұған сене қойғамын жоқ және шешім табатын жаңа жол да жоқ болатын. Қызығы сол, дәл сол кездегі қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесі тұсында осынау шетсіз де шексіз кең далада жергілікті ұлт жерден қысымшылық көретін. Енді оны таптық тұрғыдан бөліске салса, онда қазақ елі жерсіз қалатыны анық еді. Өлке бойынша жерді мәдени игерудің бағдарламасы жасалуы тиіс еді. Бұл бағдарламаны жасау қолдарынан келмеді ме, жоқ, жасағысы келмеді ме, білмеймін, әйтеуір, жүзеге аспай қалды. 23-26 жылдары мемлекеттік жоспарлау мекемесінде істеген тұстарымда аталған мәжілістерге қатысып жүрдім. Жетекшілері Әлібеков пен Қаратілеуов болатын. Одан кейін Әлихан Бөкейханов айналысты. Көрсетілген мәселелердің ішіндегі жер бөлісі туралы пікірлерді олар толық түсінді. Сәдуақасов пен Сұлтанбеков те сол ұстанымда болды. 22-23 жылдары Жер жөніндегі халық комиссары Кадылов (Қадыров, Қаратілеуов – ?) болды. Барлық мәселелерді Бөкейхановпен кеңес отырып шешті. Тек соның мақұлдауымен ғана істі жалғастырып, бағыт-бағдар алып отырды. Бұл пікір алысуларда біз (ұйымдасқан топ емес, халықтың қамы үшін шын жаны ашығандар): қалайда асыра сілтеушіліктер болады – деп есептедік. Ондай асыра сілтеушілік, мысалы, Семей облысында орын алды. Нәтижесінде саяси тұрғыдан да, атқарылған шараны жүзеге асыру барысында да кері әсерін берді. Тыңды игерудің шаруашылыққа әкелетін зияны өсіріп көрсетілді. Соған қарамастан кеңес өкіметінің шараларына қарсы күресетін ешқандай да ұйым болған емес, ондай айыпты жоққа шығарамын. Шалғынды жерлер мен байларды тәргілеуге қарсы ешқандай іс-әрекет жасағамын жоқ, мен ол кезде Ташкентте қазақ пединститутында қызмет істеп жүргемін. Сондықтан да саналы немесе санасыз түрде, немесе заңдық тұрғыдан алғанда да ондай әрекетке барған емеспін және бара да алмайтынмын. Бұл мәселе жөніндегі қоғамдық пікір қатты шиеленісіп тұрғандықтан да, мұндай әлеуметтік мәселеге көңіл бөлмей, саңырау болып қалу мүмкін емес еді. Құлақ түре жүріп жеке әңгімелер мен пікір алысуларда жоғарыдағы пікірімді білдірдім. Менің тікелей қызметім мүлдем басқа мәселелермен айналысуға бағытталған еді. 26-27-жылдары өзімнің бұл мәселелер жөніндегі қарсы пікірлерімді белгілі бір топқа ғана айттым. Оны бұрынғы жауаптарымның бірінде көрсеткенмін. Партия мен үкіметтің шешімдеріне қарсы өз көзқарасымды жеке адамдармен бөлісуге қақым бар деп есептедім. Біз ол шешімге мүлдем қарсы едік. Қоршаған орта, қалыптасқан дәстүр бәрін қабылдауға мүмкіндік бермейтін.

Маған қойылған: Швецов жетекшілік еткен, Бөкейханов құрамында болған Ғылым академиясының экспедициясы туралы сұраққа келетін болсам, ол жоғарыдан шешілген ғылыми мәселе. Экспедиция жоғарыда көрсетілген ескі көзқарас тұрғысынан зерттеу жүргізді. Олар қалыптасқан шаруашылық жүйесін сақтаудың жолдарын зерттеді. Статистикалық есептердің барлығы да ғасырлар бойы дала төсінде қалыптасқан шаруашылық жүйесін (бірнеше мың жылдан бері сақталып келе жатқан өмір сүру тәсілін) сақтаудың амал тәсілдерін ақтап қалудың жолдарын іздестірді. Экспедицияның жұмыстарымен таныс емеспін. Мен жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде оның негізгі бағыттары ғана анықталған болатын. Жерді қалай пайдалану жөніндегі ғылыми баяндамамен таныс емеспін, көрген де жоқпын. Мен шаруашылықты жүргізу жүйесі тұрғысынан ғана ол пікірге қосылдым. Жер өңдейтін немесе мал шаруашылығымен айналысатын ауданда тұратын қазақтардың шаруашылығы көшпелі өмірге бейімделген. Негізінен мал шаруашылығына сүйенген кәсіпшілікке барынша жақын. Бір аймақта әрі егіншілікпен, әрі мал шаруашылығымен айналысу да табиғи дамыған. Дегенмен де олардың арасындағы қайшылық ушығып келе жатқан. Біздің бес жылдық жоспарымызда көрсетілген жерге жаңадан қоныстанушылар туралы көп талқыланды. Осы мерзім ішінде қоныс аударушылардың саны бес миллионнан асады десті. Бұндай жоспарға қарсылық білдіре отырып орталық және өлкелік мекемелерге арнайы мәлімет дайындадым. Онда: «Мұны қозғап отырған бұрынғы отарлаушы жүйенің жұрнағы қоныс аударушылар мекемесі. Егерде мұндай жоспардың болғаны рас болса, оны орталық және өлкелік мекемелер қолдамауы тиіс. Дәл солай бола қалған жағдайда өз көзқарасымды қорғаудың жалғыз-ақ жолы бар еді. Ол – кеңестік басшылардың пиғылын әшкерелеу немесе кеңес мекемелері туралы пікірлерімді ашық білдіру» – деген мағынадағы пікірлер айтылған.

Колхоздар бен совхоздар туралы көзқарасыма келсем, өкінішке орай, өзімнің ескі идеологиялық бағытымды қатаң ұстана отырып, оның тәжірибе жүзінде жүзеге асу мүмкіндігіне мән берместен, осы мәселе жөніндегі сол кездегі жиналыстарда мен үнемі қарсы сөйледім. Шаруашылықтардың өндірістік негізге көшуі бұрынғы патшалық отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейтте, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын аймақтың жерін патшалық жыртқыштар талан-таражға салып біткен еді. Жартылай рулық құрылымдағы феодалдық қоғамды соншама қысқа мерзім ішінде социалистік құрылымға ауыстыру мүмкін емес деп есептедім. Қазақстанда социалистік құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым.

Бұдан кейін: импералистік отарлау мен жартылай отарлық жүйе артта қалған халықтарға үстемдік жасап тұрған жағдайда олар бірте-бірте құрып кетеді, соның ішінде шаруашылық мәдениеті төмен қазақ ұлтын да сондай тағдыр күтіп тұр деген іштегі күмән сонау 20-жылдардан бастап өзгеріске түсті. Артта қалған халықтар социалистік даму жолына сөзсіз түсу керек екен деген ой келді. Бірақ ол жолдың сорабы белгісіз еді және толық құрылымы мен жүрер жолы әлі нақты табылмаған болатын. Ендеше бізді аса қауіпті әлеуметтік сілкіністердің күтіп тұрғаныт анық еді. Шаруашылықты жүргізу тұрғысынан түсінікті болғанымен де, адамдардың тағдыры тұманды болатын. Оның үстіне Қазақстанның аса қатал табиғаты да қалыптасқан жүйеден ауытқыса апатқа алып келетін еді. Ал капиталистің жеке басы ешқашанда тәуекелге бармайтын. Ол көбігін ғана қалқып алатын. Жергілікті тұрғындардың өзі мұндай сынаққа төтеп бере алмайтын. Ал біз қатал табиғаттың талабына бейімделіп өмір сүрдік. Ал қазір біз өзге көріністің куәсі болып отырмыз...».

Бұдан әрі Ә.Ермеков социалистік құрылыстың артықшылығын тілге тиек етіп, мақтайды. Мұның жай-жапсары алдыңғы көрсетінділерде баяндалғандықтан да және ол пікірлер Ә.Ермековтің шын ойы емес, тек жадағай сөз болғандықтан6 оны бұл арада келтіріп жатуды артық санадық.

Осы томның 894-902 беттерінде тура осы мағынадағы 1931 жылы 20 сәуірде берген жауабы тігілген. Өзгешелігі, мұнда латын альфавитіне көшу мәселесіне тоқталған. Жер, әріп реформасы, мәдениет саласы туралы баяндай келіп, Бөкейханов пен Байтұрсыновқа қарата:

«Бұл мәселелер жөнінде екеуінің де ықпалы күшті. Жандосов та олардың алдынан өтпейді. Қазір екеуі де қартайды. Енді олар өздерінің көзқарасын өзгертуі қиын. Мен латын һарпін жақтадым» деген пікір білдірген.Тергеу барысында Ә.Ермеков пен М.Әуезовтің «қылмысын» өзара сабақтастыруға ұмтылған. Соған қарсы әрекет ретінде Ә.Ермеков бұл «айыпты» мойындаудан бас тартады:

ОГПУ-дің коллегиясына маған 58 баптың 7, 11; 59 баптың 3 тармақтары бойынша тағылған айыптарды 58 баптың 7, 8 тармақтарына ауыстару туралы мәлімдеме.



ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10- тармағы бойынша тағылған айыпқа менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариятының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның айтуынша онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей».

Бұл оқиғаның шындығын қауiпсiздiк комитетiндегі тергеу iсi толықтай дәлелдейдi. Тергеу iсiне тiркелген төменде біз келтіретін хат соның айғағы. Бұл хатты Мұхтар 1928 жылдың басында, «Қилы заман» мен «Хан Кененi» жазып жатқан кезiнде алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21 наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:



«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз» -деп түсiнiктеме берген.

ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданып отыр. Демек, зерттеушiлердiң назарына ұсына кететiн жай, бiз ұшығына жете алмай жүрген не iз-түссiз жоғалып кеткен қолжазбалар мен құжаттардың түпнұсқасын Ташкенттен iздеу керектiгi. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж», – деп жазылған да iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның – түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе ғой. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды, ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Мұның «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.



«Қадiрлi Әлеке!

Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы – достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат–хабар алысатындарымда азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақ та Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.

Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігер – ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.

Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi неғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.

Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталықтың алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған Авксеньев одағына Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.

Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз. Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтан да мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.

Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.

Жер мәселесiнiң төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Палена мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың – Т.Ж..) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары – Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр – Т.Ж.). Мұның астарын түсiруге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақта бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме?

Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiнен өзiн қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы – әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады? Әлiмхан. Сотайға сәлем.

Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз.

Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз. Әлiмхан. 25/II–28 жыл. Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».

Бұл хаттың тергеу орындарына «Алаш ісі» басталмай тұрып түскеніне қарағанда хат М.Әуезов Ленинградта жүргенде «қолды болған» сияқты.



Ә.Ермеков (жалғасы): Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәріс беретінмін. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлімгерей Қаратілеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерінің нәтижесін тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттік университетінен деректер алу үшін Ташкентке келді. Ол менің үйімде болды. Әңгіме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесі төңірегінде өрбіді: бұл өте күрделі іс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендігі, граф Поленнің тексеру материалдарының Ташкентте екендігі, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннің осында екендігі, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелік газетте Жер комиссариатының басшысы жерді бөлшектеу жөніндегі губернатордың есебіне сүйеніп мақала жариялағаны айтылды. Бір қызығы, сол кезде ескі мәліметтерге көп сүйенетін. Тәргілеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргізілетінін жеткізді.

Жерге орналастыру мен байларды тәргілеу барысында теріс идеологиялық пікірлерім бұрынғы көрсетінділерімде жазылған. Мен бұл пікірді Ташкенттің педагогикалық институтында сабақ беріп жүргенде білдіргенім түсінікті. Бұл мәселе тек қана партия мүшелері мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгілі. Қаратілеуов жолдаспен кездейсоқ кездесіп қалғанда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Мен: өзінің өткендегі саяси қайраткерлігінің нәтижесінде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсіресе, қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретінін айттым. Қоныстандыру жөнінде түрлі қауесеттер айтылып жүрді. Бөкейхановтың іске тартылуын мен де қостадым. Өйткені жер мәселесін зерттейтін институт ВКП(Б) орталық комитетіне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесінің білгірі ретінде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкіметінің тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесін зерттейтін арнайы экспедицияларға қатысты. Жер мен қоныстандыру бағытындағы менің көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кісіні өзімнің ұстазым деп шын көңіліммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда біз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық.

27-жылғы конференцияда Өлкелік комитеттің хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесінде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында – грех –Т.Ж.) бар екендігін, оған жаңаша қарау қажеттігін айтты. Оған көп адамдардың кінәлі екені рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтік құрылым қажеттігін ескермедім. Семейде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, шаруашылық мәдениеті жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейіндегі халықтың жойылып кететіндігі сөзсіз екендігі анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы мені қатты қынжылтты. Мен: көшпелілердің қарапайым тұрмысы жеңіл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтіру өте қиын – деп есептедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегі – өнеркәсіптің араласуы, машина-трактордың бөлінуі, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтік саласына үлкен өзгерістер әкелетінін ескермеппін. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тікелей жер мәселесімен айналысқамын жоқ.

Ал өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі әрекеттерім бір бағытта – бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе жерге орналастыру екендігін баса айттым. Мен Сафаровтың Түркістан туралы баяндамасынан кейін сөз алдым. Сафаров өзінің баяндамасында: Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстік Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсіреді – деп өзеурей сөйледі. В.И.Ленин жолдас менің бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек – деп жауап бердім. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөніндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген 1921-1926 жылдар арасындағы менің пікірім осындай.

Жер мәселесі туралы қысқаша шолудан кейінгі айтарым, бұл мәселені шешу жөніндегі бастапқы ұстанымымда тұрақтап тұрып қалуым – менің идеологиялық қатеме жатады. Таптық байланысты, ұлт аралық қатынастың маңызын дер кезінде кең мағыналы деңгейде қабылдамаппын. Мен оған ұлтшылдық тұрғысынан қараппын. Ал үгіт-насихат жүргізді дегенге келсем, ондаймен айналысқамын жоқ, осы мәселемен айналысатын адамдар, әсіресе, Бөкейханов менің үгітіме мұқтаж емес. Олармен кездескен кезде өз пікірімді білдірдім. Осындай адасуда жүргенімде және дағдарыстың алдында (отарлаудың бес жылдық жоспары бойынша Қазақстанға жаппай қоныстандырушыларды әкелу, оларға жағдай жасау туралы жүзеге аспай қалған науқан қарсаңында) мен мұны қазақ халқының қасіреті ретінде қабылдадым. Бөкейхановтың көтерген мәселелердің негізінде өзімді толғандырған жайлар жөнінде Орталық комитеттке мәлімдеме жаздым.

Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәргілеу туралы шешімнің шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде үкіметке мәлімдеме тапсыр, – деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадірбаев Сейдазымға да айттым. Тәргілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәргілеуге іліккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім».

Осындай саяси бағамдаулардан кейін іле Ә.Ермековті көрсеткен, яғни, «халық жауы» ретінде әшкерелеген Фазыл-Ағзам Әлихановтың көрсетіндісіне жауап берген. Ол көрсетінді 2 томның 284- бетінен басталады.



«3 қазан, 1930 жыл. Жауап алған Волохов. Ермековті мен 1924-жылдан білемін. Сол жылы ол Қарқаралыдан Семейдегі Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне қызметке ауысып келісімен өзінің ұлтшылдық бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Губерниялық мекемелердің сеніміне кіріп, бедел жинаған соң, ол ең алдымен қазақ мәдени орталығы дегенді жоспарлап, құрылыс сала бастады. Бұл құрылыстар оның өзі туып-өскен Қарқаралыда салынатын болып шықты. Губерния қызметкерлеріне, оның ішінде Досовқа беделінің өтетінін біліп аппараттағы қазақтарға үнемі биік деңгейде болыңдар деп ұран тастайтын. Ол биыл бірнеше қазақты Семейге шақырып, Ұранқаев, Спанов, Әбішев басқаратын ірі шаруашылықтарға орналастырды. Кеңес немесе шаруашылық мекемелеріндегі қызметкерлердің, тіпті партиялық мәселелер жөнінде де өзара келіспей қалған істері Ермековтің алдында шешілетін, «бітістіру», «орналастыру» соның мойнында еді.

1925-жылдың басында ғой деймін, Ермеков Мемлекеттік жоспарлау мекемесіндегі Тоқтабаевтің шақыруымен Қызылордаға кетті, ол сонда төрағаның орынбасарлығына тағайындалды.

1926 жылы Қызылордаға барғанда Ермековте болдым. Онда маған Ермеков: Бөкейхановты Жер жөніндегі Халық комиссариятына жұмысқа шақыру жоспары жүзеге асуға жақын. Қалыптасқан саяси жадай қиын, сондықтан да тәжірибелі мамандардың барлығы Түркістанға кетті. Семейдегі Ғаббасовты Қызылордаға шақыру керек – деді. Профессор Швецов Ермековтің үйінде тұрды ғой деймін. Аз уақыттан соң Ермеков Семейдегі Ғаббасовты шұғыл түрде тәжірибелі маман есебінде Мемелекеттік жоспарлау бөліміне қызметке келуге шақырған хат жолдады. Ал Ермековтің өзі барлық қаражат жүйелері тоғысқан Қазақ аул шаруашылығы банкісіне ауысып, Қазақстанның банкі жүйесіне әсер етпек болды. Ермеков дегеніне жетіп, банкке белсенді ықпал жасады. Оны Ақмоланың аул шаруашылығы банкісіне Қозыбағаровты тағайындап, Петропавловскіге бару үшін жол ақысына 500 сом бөлдіруінен байқау қиын емес. Ақмола партия ұйымы қарсылық білдіріп, ойлары жүзеге аспай қалды.

2). Қозыбағаров қаржыға байланысты істі жүргізді. Семейден Ақмоладағы Ауыл шаруашылығы банкісіне Жанғазинді ауыстырды. Жанғазин бай тұқымынан болса да, оған барынша қолдау көрсетті. Біраз уақыттан соң Ермеков Ташкентке жоғары оқу орнына оқытушылыққа ауысты. 27-жылдың шілдесінде Ермековті мен таба алмадым. Қызылордаға келген Ғаббасов Ермековтің Ташкентке көшкенін айтты. Қызылордаға келгенде маған: қазақ жастарының сауатын ашу үшін түпкілікті орналасуға бекінгенін айтты. Ермеков Семейден келген байлардың балаларын тартты. 28-жылы ол Алматыға – ҚазГУ-ге ауысты. Мен 1929 жылдың шілде айында Алматыға ауыстым. Оны 29-жылдың қазан айында қызым баспамен ауырып жатқанда көрдім. Қызымның ауырып жатқанын біліп, көңілін сұрауға келіпті. Содан кейін мен оны қаңтар, ақпан айларында көрдім. Қарқаралы округінен шақыру келіпті: онда тәргілу басталыпты: бұл бейбастық. Тәргілеуге ұшыраған туыстарыма көмектесемін. Тәргілеу – ауылдағы қараңғы қазақтарды уәдемен тойдырудан басқа ештеңе емес, бұған келісуге болмайды. Қаншама адам зардап шегеді –легенді айтты. Содан кейін өлкелік сьезде … профессор …ковичтің (аты нақты танылмады) жасаған баяндамасын өте салмақсыз деп сынады…”.

Ә.Ермеков (жалғасы): УОО ПП ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруіне қарағанда, маған айып ретінде тағылған 57 бап пен 58 баптың 7-тармағы бойынша мен кеңес өкіметіне қарсы әрекетім үшін емес, Фазыл Әлихановтың көрсетуімен кеңес саясатын теріс түсіндіруге тырысқандығым үшін жауапқа тартылған екенмін. Мен бұл жөнінде ОГПУ-дің өкіліне берген бірінші жауабымда айтқанмын. Енді келіп соның көрсетіндісінің үзіндісін алға тарта отырып, айыптау баптарын өзгертпек. Онда: Халық комиссариятының әлеуметтік мәдениет бөлімінің кеңесшімі Барлыбаевқа ет дайындау жоспарын кеміту туралы кеңес беріппін. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттің үйінде кездейсоқ кездестім. Өкінішке орай, Әлиханов пен Барлыбаевтің үй-ішімен дастархандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бірге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретінде бізді шақырды. Адамға тән осалдық жасап біраз ішімдік іштік. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде қонақтарымның көңілін табу үшін қоғамдық сипаттағы сөздерді де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегін асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай, мал басын сақтау да керек дегенді айттым. Сол бір мылжың сөздердің саяси астар алғанына таңмын. Барлыбаевтің бұл сөзінде не мән-мағына бар? Бұл жөнінде мынаны айтқым келеді. Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр – деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзілінің астарына мән бермеппін».

Ә.Ермековтің өзі көрсеткеніндей, Әлиханов шынында да барлық айғақпен Ермековті жазғыруға ұмтылған.

Ф.Әлиханов (жалғасы): „… Мұратбековті бұрыннан білемін. Ол Өскеменнің найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-інің рұқсатымен Семейге келді, соңынан қайтадан Қытайға қашып кетті. Омарбеков туралы Мамырбаевтің қасында, не басқа бір жерде айтқан болуым керек. Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесін сұрады. Пролетар көшесіндегі кеңсені көрсеттім. Ол Жұманов пен Әлібековке жолығамын деді. Шумаков – дәріхана басқармасында, Әлібеков – Мәскеуде екенін айттым. Ол: қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге іздедім деді. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны білетін сияқты көрінді. Мамырбаевтің қандайда бір хат немесе хабар алғанын білмеймін. Мұратбековтің ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесімен кездескісі келетін болуы мүмкін. Ермеков: Мұратбековтің Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенін білемін, кеңес беруге дайынмын. Бірақ қытайға хат жаза алмайсың. Ол Еуропа емес. Исаев Голощекиннің оң қолы. Мал шаруашылығының нашарлауы соның мойнында. Исаевтің ең оңды ісі – Қазакстанда азық-түліктің сатылуын қамтамасыз етті – деген сияқты пікір білдірді.



Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшім деген болды. Ол Смағұловтың үйіне тоқтайтын. Менімен кездескенде Күдері тәтесінің тәргіленгенін айтты. Хакімжан Мамырбаевты Алматыға көшіп келіп, өз қарауында қызмет істеуге шақырды. Ермековтің ҚазГУ-дегі азарту саласындағы әрекетіне келетін болсақ, ол шәкірттердің алдына бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзінің ойын нәзік әрі емеуірінмен сөйлейтін.

Ермеков орыс интнлигенциясымен бәсекелес болатын. ҚазГУ-де ол өзінің қызметкерлерін қорғаштаумен болды. Ол өзінің әйеліне: сендерді қалай жақтырмаймын десеңші – деп айтып отыратын. Ермековтің өзінің айтуынша, ол ректор Аспендияровпен өте жақсы болатын. Мен өзім ешқашанда қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымына қатысқан емеспін. Өзім Ермековтің ықпалына түскен емеспін. Ұйым мүшелері маған белгілі емес…”.

Бұдан кейінгі 3 қазан күнгі жауабы да сол мазмұндас. Ә.Ермеков өзінің жауабын бұдан әрі былай жалғастырады:

Ә.Ермеков (жалғасы): «Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлерінің арасындағы топшылдық маған бұрыннан белгілі болатын. Әлихановтың көрсетіндісіндегі түсініспеушілікті ОГПУ-дің коллегиясына 1930 Қазақстанда социалистік құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым. 1930 жылдың 3 қазан күні жолдаған мәлімдемеде көрсетіп, Әлихановты беттесуге шақырғанмын. Өкінішке орай ол өтінішім қанағаттандырылмады. Әлихановтың куәлігі осынша сенімге ие болғандықтан да Шомбалов пен Барлыбаевты куәлікке тартуды сұраймын. Осы бір кездейсоқ тіршіліктің соңы осыншасма ушығып кеткенінің өзі Әлихановтың көрсетіндісінің абсурд екендігіне дәлел. Әлиханов «Ет өткізу одағының» инструкторы, жоспарлау және үкімет мекемелеріне сөзі өтетіндей оның аппараттағы орыны қандай? Әлиханов жеңілтек адам. Санасыздың сандырағын осы күнге дейін түсінбеймін. Таныстардың барлығы маған оның тақыс, өзінше қулығы бар, өз кінәсін өзгеге көтертіп күн көретін адам екенін айтқан. Егерде менің көрсетіндім күдік тудырса, онда ОГПУ тергеушілері бұл инцидентті анықтап тергесін. Мен Барлыбаев пен оған қай уақытта, қандай нұсқау бердім, оны қалай жүзеге асырды, соны дәлелдесін».

Жауаптың ыңғайына қарағанда Ф.Әлиханов түрмеге қамалған соң Ә.Ермековтпен бір камерада отырған. Тергеушілердің төселген әккі тәсілі бойынша Ф.Әлиханов Ә.Ермековтен «сыр тартқан». Сондай-ақ Ә.Ермековтің: «Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр – деп соңын қалжыңға айналдырды» – деуіне қарағанда, бұл адам түрмеге белгілі бір тапсырманы орындау үшін кіргізілуі мүмкін. Оған мұның жеңілтек мінезі әсер еткен сияқты. Ф.Әлихановтың көрсетіндісіндегі әр адамға берілген мінездемесіне, олардың жүрген-тұрған жерін, іс-әрекетін, кіммен кімнің не деп сөйлескенін мәлімдеуіне және тұтқыннан өзгелерден бұрын босатылып жіберілуіне қарағанда, сондай бір кілтипанның бар екенін болжауға болады. Ал ол мәліметтер әлгі адамдарға зиянын тигізді ме, жоқ па, бұл дүдәмал күйінде қалған жай. Анығы көрсетіндіде көрсетілген Ә.Ермековтен басқалары бұл жолғы «қамақ науқанына» ілінбепті. Ә.Ермеков жауабының жалғасын, әдеттегідей, жалпы саяси оқиғаларға баға берумен аяқтайды.



Ә.Ермеков (жалғасы): Мен қазір революцияның ұлы авторымен (көсемі – Т.Ж.) жүздескен тірі куәнің бірімін. Сондықтан да революццияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремін. Мені: теоретик ретінде Ленинді оппортунист деп айтты – деген әлдекімнің көрсетуі жалпы қисынға келетінін мойындаймын. Әлемдік пролетариат пен езілген халықтардың ұлы көсемін көріп, тілдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзінің: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бірден өту мүмкіндігі туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннің екінші құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретінде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дерті туралы айтқан атақты сөзін ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзі төрағалық еткен мәжілісте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерінен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзі түсіп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте – дегенінде қатты шамырқанып кеттім, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенін түсіндім. Артта қалған халықтардың өкіліне қалай көңіл бөліп, қандай жауапкершілікпен қарайтынына сонда көзім жетті.

Әлі есімде, Астарахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахан губерниясының НКВД-ның өкілі, Азық-түлік халық комиссариятының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: Астрахан губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бір бөлігі. Қазақтар басым тұратын жердегі шаруашылыққа көмектесуді де, азық-түлікпен қамдауды да одақ мойнына алады – деді. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Астрахан губерниялық атқару комитетінің төрағасы мен НКВД өкілі губерниядағы тұрғындардың ара қатынасын көрсететін нақты статистикалық есептің жоқтығын айтты. Бұған: халықтың арақатынасын білу үшін онда барудың да, статистикалық есептің де керегі жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкілі бар екенін ешкімде білмейді. Бірақ бәрі де қамтамасыз етіледі – деді. Маған қол ала жүгіргендерді бүгін еске алу күлкілі, болмашыны сөз еткендей көрінгенімен де, В.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзіне ойланғансып, солай дедім бе, жоқ па деп еске түсіруге тырысудың, жауап берудің өзі күлкі тудырады. Тек айтарым, бүгінгі оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөліскен емеспін».

Берілген жауаптардың мазмұнына қарағанда Ә.Байділдиннің төмендегі көрсетуі бойынша оның өзіне әкеліп берген хаты жөнінде қосымша сұрақ қойған.



Ә.Байділдин: «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін депті. Маған хатты Әлімқан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек – депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақ тәсілімен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек – деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым – деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек – деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек – деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды.

Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдонғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдонғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз – дедім, ол уәдесін берді.

Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады... Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Кеңесу Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов , Нұрмақов, Жандосов, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».

«1931 жылдың 10 қазаны. ОГПУ-дің коллегиясына Әлімхан Ермековтің мәлімдемесі.

Айыптау ісінде Сәдуақасовтан Байділдинге хат әкелгенім туралы көрсетіліпті. 25-жылы Өлкелік комитет пен Халық комиссарияты мемлекеттік жоспарлау комитетінің өкілдеріне қосып Сәдуақасовты және мені Мәскеуге іссапарға жіберді. Менің Өлкелік комитеттің мүшесі Ежов пен Сәдуақасовтан білгенім – негізгі мақсатымыз шекараны анықтап, бекіту екен. Оңтүстіктегі облыстарды Орта Азия федерациясына, солтүстік облыстарды РСФСР-дің көрші облыстарына қосу туралы мәселе қойылмақ екен. Оңтүстік Қазақстанның төрағасы бұған ерекше ынта қойып, қызу қолдайтынын білдірді. Солтүстік облыстардағы қазақтарды оңтүстікке, Жетісуға көшіру жөнінде нақты ұсыныс жасалыпты. Бұған мен: ұлттық белгісіне қарап қазақ, орыс тұрғындарының арасына шекара қою қиын, олар аралас тұрады. Оңтүстік және солтүстік облыстардың экономикасы өзара тығыз байланысты. Жазда солтүстікке қарай көшіп, мал өрістететін Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қазалы, Бөкей аймағындағы жер пайдаланушылар үшін де тиімсіз. Қостанай уезінің қазақтарын Оңтүстікке көшіру де мүмкін емес. Егерде солтүстік облыстар РСФСР-ға қосылатын болса, онда қазақ тұрғындары да Ресейдің көрші губернияларының қарамағына өтуі тиіс – деп қарсы пікір білдірдім. Мәскеуге келгеннен кейін Ежов пен Сәдуақасов жолдастар: біздің мәселеміз қаралмайтын болды, Қызылордаға қайта беруіңе болады – деді. Орталықта қандай мәселе қаралатынын ол кезде де, қазір де білген емеспін. Мен Қызылордаға қайттым, Смағұл Сәдуақасов берген хатты Байділдинге әкеп бердім. Хаттың мазмұнын бұрын да, қазір де білмеймін. Ал Сәдуақасовтың үйінде ме, жоқ басқа жерде ме, өткен жиналыстарға мен қатысқан жоқпын және ондай мәжілісті естігемін де жоқ. Партиядағылар мен партияда жоқтардың бас қосуына қатысқан жиналысым – 1920 жылы өткен Кеңестердің құрылтай сьезі. Ол туралы алғашқы көрсетінділерімнің бірінде жазғанмын.

59 бап бойынша, 58 баптың 11 тармағы бойынша өзгертіліп тағылған айыптар тергеу барысындағы анықталған шындықтың негізінде кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет етпегендігіме байланысты алынып тасталуын өтінемін. Ғаббасовтың Семейдегі тәргілеуге қарсы жүргізген әрекетіне менің қатысым бар екендігі туралы Попов жолдастың бопсасы шындыққа сәйкеспейді. Попов жолдас мені айыптаудың формулировкасымен таныстырған жоқ. Бар білгенімді жоғарыдағы көрсетіндлерімде айтқамын.

Ал 20-жылы мен Мәскеу қаласындағы Байтұрсынов пен Валидовтың арасындағы келіссөзге кездейсоқ қатыстым. Ол маған Байтұрсынов арқылы белгілі болды. Байтұрсынов ол кезде Қазақстан үкіметінің өкілі болғандықтан да кездесуден бас тарта алмайтынмын. Ешқандай ұйым туралы сөз қозғалған емес. Оның мән-жайы алдыңғы жауаптарда айтылды. 20-жылы қазан айында оқуымды тәмамдау үшін Томскіге бардым. 21-жылы педагогикалық тәжірибеден өттім. Сол жылдың күзінен бастап мектеп меңгерушісі болдым. Ғаббасов үнемі Семей қаласында тұрды. Ғаббасовпен ешқандай байланысым болған емес. 20-жылы Мәскеуде Байтұрсыновпен бірге болғанымды Ғаббасовқа 25-жылы, Валидов қатысқан басмашылар қозғалысы талқандалған соң айтқаным есімде. Валидовтің 20-жылғы көңіл-күйін Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжанов бөлісетін еді – дегенді де сол айтты. Алайда ол да, мен де бұған қарсы едік. Ғаббасовтың қандайда бір ұйымға мүше болғанынан хабарсызбын. Ташкентте ұйымның бар екендігін болжап қана білдім. Ғаббасовпен екеуміздің еш байланысымыз жоқ, 25-жылға дейін әр қалада тұрдық, саяси оқиғаларға да көзқарасымыз да әр қилы. 20-жылы Колчактың тұсында ол жазғандай мен қырға кеткемін жоқ, Семей қаласында болғамын. Содан кейін партияға өту мәселесі көтерілгенде біздің пікіріміз екіге бөлінді, 20-жылы ол мүлдем қарсы болатын. Содан кейін маған оның қазақ байларының арасындағы рулық тартысқа қатысқаны ұнамады. Біздің іштей араздығымызды білмейтіндер бізді әріптестер деп ойлап қателесіп, оның қасына менің фамилиямды қоса беретін. Мәселенің басын ашу үшін бұған ерекше тоқталдым. Мұның барлығы маған тағылған айыптың жоқтығын дәлелдейді. Нақты бір дерек болса оны жоққа шығару мүмкін емес қой. Пролетариат диктатурасының орнауы, буржуазиялық ұлтшылдық, Қазақстанның өзін-өзі анықтауы, пантүркизм туралы пікірлерімді алдыңғы көрсетінділерде баяндап өттім. Қайталап айтамын идеологиялық қайшылықтарымның, кейбір тактикалық ауытқулардың болғанына қарамастан кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға қатысқан емеспін. Әлімхан Ермеков. 28 қазан, 1931 жыл».

Ә.Ермековтің тергеу барысындағы жауаптарынан, шындығы сол ма, жоқ, жорта домбытқаны ма, әйтеуір оның кеңес өкіметінің саясатын талдай келіп, өзінің бұл платформаны жақтай сөйлеуге сыңай танытып, бейім бергені анық байқалады. Мұның соңы «өздерінің қателіктерін мойындаған» әйгілі «Ашық хат» жазуға алып кеді.

19 қараша, 1931 жыл. ОО ПП-нің бөлім бастығы Молохов жолдасқа. Ерекше өкілі Попов жолдасқа

Мен өзімнің ешқандайда контрреволюциялық әрекетке қатыспағанымды тағы да мәлімдеймін. Өзгелердің көтсетіндесіндегі жалған айғақтардың негізінде өзімнің айыпкер екенімді мойындасам, ерекше өкіл Поповтың тілеуін қанағаттандыратын сияқтымын. Өзімді айыпкер санаудан басқа жол қалмаған сияқты. Бұл маған берілген сыбаға іспетті. Мен шындығында да астыртын ұйымға қатыссам, тергеушінің жүгі жеңілдейтіндей көрінеді. Айыбымды мойындау арқылы ғана өзімнің кінәмді жеңілдететін көрінемін. Бірақта мен, шамамен, мүмкіндігім жеткенше өзгелердің айыптауларын жоққа шығара отырып, тергеу орындарының алдында өзімді ақтап алуға тырысамын. Сондықтан да сіздерден маған тағылған айыппен таныстыруды және мені астыртын ұйымға қатысты деп айғақ берген адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Идеологиялық қателіктерім мен кейбір шараларға көзқарасымның тұрақсыз болғанына қарамастан, кейінгі он жылдың ішінде Қазақстан еңбекшілерінің ынтымағы мен мүддесі үшін саналы түрде адал қызмет еттім. Алда қанша өмір бар және қанша жұмыс істеймін, оны білмеймін, бірақ жалған айғақтарды мойындап, өзімді сатқын ретінде көрсете алмаймын. Менің ойымша бұл мәселе тергеу барысында толық анықталады және әшкереленеді деп ойлаймын. Контрреволюциялық ұйымға қатысымның жоқтығын және маған қысым жасау арқылы мойындатамыз деген емеуіріннің нәтижессіздігін дәлелдейді. Алдыңғы көрсетінділерімде: менің өткен жылдардағы идеологиялық ауытқуларымды қазіргі социалистік құрылыс жүйесіне ешқандай зиян әкелмегендігін арым мен ожданыма сүйене отырып мәлімдегенмін. Менің өткендегі „Алашорданың контрреволюциялық әрекеттерім тұсындағы идеологиялық ұстанымдарын социалистік құрлыс қоғамына қарсылық емес, керісінше консервативтік көзқарас болып табылады…”

Әлімхан Ермековтың тергеудегі қалған жауаптарының барлығы да осы мазмұндас болып келеді. Оның жер туралы өз көзқарасын білдірген жауабы арнайы бөлімде талданады. 1931 жылы 17 желтоқсан күні:

Тұтқын Ермековтің өтініші бойынша оның 28/ХІ – күні Өлкелік комитеттің хатшысы Голщекиннің атына жолдаған өтініші қабылданбады” – деп көрсетілген.

Бұл – кейіннен „Социалды Қазақстан” мен „Казахстанская правда” газетіне басылған Ашық хат болса керек. Бұл шарғының астары туралы М.Әуезов пен Ә.Ермековтің қуғын-сүргінде «шыңдалған», жалғандыққа жандары төзбейтін екі сенімді жас достары Қайым Мұхамедханов пен Жайық Бектұровтың екі мазмұндағы естелік айтып беріп еді. Біріншісі, М.Әуезов: «Бізді ашық хат жазуға А.Байтұрсынов көндірді: Сендер жассыңдар. Мүмкіндіктеріңді толық сарқып болған жоқсыңдар. Елге қызмет етіп, біздің ісімізді жалғастырыңдар. Ал біз халықты алдай алмаймыз» – депті Қ.Мұхамедхановқа. Ал Ж.Бектұров бұл жөніндегі естелігін хатқа түсіріп кетіпті.

Ж.Бектұорв: «Сол кезде Қазақстанның сталиншіл көкжендеті, сұмырай Ф.И.Голощекин оқымыстылардан Ә.Ә.Ермековті, жазушылардан М.О.Әуезовті әдейі дұшпан көзі етіп абақтыдан босатып, «Алаштың» көрнекті екі қайраткері өздерінің ұлштшылдық қателіктерін мойындады» деп қулықпен зорлап, ашық хат жаздырған. Бұл хөаттарды газеттерде бастырып, жалған насихат үшін пайдаланған. Оны кезінде қуана да, үрейлене де оқыдық. Ол үшін Ахмет Байтұрсыновтың Ә.Ермеков пен М.Әуезов інілеріне өкпелегенін де естідік, өйткені өлсе де, тірілсе де бір топтың адамы қиын жолда араларына қыл өтпей, жік, жарықшақ шығармай бірже болуды дұрыс деп санаған ағаларымыз. Иә, кемедегілердің жаны бір деген. Бірақ, үкімет басындағы улар әр түрлі айла-шарғы жасап, Ә.Ермеков пен М.Әуезовті өз тоюынан бөліп алған. Бұл жайттың сырын Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда тұрған кезінде маған былайша түсіндірді:

Қазақстан басшылары бізге қатемізді мойындасақ, кеңес құрылысына беріле қызмет етсек, жол ашық, кеңшілік болады, өзімізбен бірже тұтқында қалған өзге іні-ағаларымыз да осы жолға түседі дегендей емеуірін білдіріп, кәдімгідей қолқа салды. Біз бұған иландық. Кейін осындай жолмен Ахаң, Мағжан, Жүсіпбек, бәрі де босап шығады ғой деп ойладық. Осы ретпен алдымен мен алдауға түстім. Обалы нешік, Мұхтар інім өздеріңіз білетін белгілі хатқа қол қойғысы келмеді. «Әлеке! Түбі бұл үшін тарих алдында сіз өзіңіз жауапты боласыз» – деп көпке дейін хатқа қол қоюға көнбеді. Мен оған: «Қарағым, не қылса да құрық екеумізге түсіп тұр ғой, сенің орныңа Жүсіпбек Аймауытовты да, Мағжан Жұмабаевті де алуларына болатын еді. Бұл да бір тағдырдың жазғаны шығар. Түбі жақсылығы болар, бас тартпа» – деп Мұхтарды зорлағандай көндірдім. Бірақ артынша қатты өкіндім» – депті.

Ол өкініштің себебі өзгеше. Мұны кейіндеу келтіреміз. Жоғарыдағы жауапты растайтын дәлел тергеу ісінің 3-томның 165-бетіндегі:

ОГПУ-дің Қазақстандағы өкіліне. Ашық хатты баспасөзде жариялауды және көшірмесін ВКП(б) өлкелік комитетіне және іске тігуді өтінемін. Егерде баспасөзде жариялауды мүмкін деп таппасаңыздар, онда бір данасын үйіме жіберуге рұқсат етіңіздер. Ә.Ермеков. 29/ІҮ-32 жыл.” – деген қолы қойылған хаттан анық байқалады.

Бұл «Ашық хат» 1932 жылғы 4 мамырда БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекин мен Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолданды. Оның соңына:

Тергеу біткеннен кейін де пәле қуған жауапсыз адамдар тағы да арадай таламас үшін мен бұл мәлімдемені саналы түрде жазып отырмын” – деп ескерткен.



Голщекин мен Исаев оқып шығып, тиісті редакциялаудан өткізгеннен кейін барып «Алашорданың басты екі адамы өздерініңде, бұрынғы пікірлестерінің де төңкеріске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кінәларын жууға уәде беріп отыр» – деген тақырыппен «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жарияланды. Мұнда тергеу ісіне қатысты деректер қамтылғандықтан да мәтінді толық келтіреміз. Басқарманың атынан төмендегідей түсініктеме берілген:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет