Бақылау сұрақтары
1.Тамыз төңкерісі
2.Қазақстан тәуелсіздігін жариялау
3.ТМД-ның құрылуы
4.Компартияның таралуы
5.Қазақстан Конституциясының қабылдануы
Әдебиеттер
1.Қазақстан тарихы.Очерк.,Алматы.,1993
2.Күзембайұлы. Қазақстан Республикасының тарихы. Алматы., 1998
3.К.Рысбаев Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2002 ж.
4.Ч.Мусин Қазақстан тарихы А., 2003 ж.
5.Қазақстан Республикасының Конституциясы. А., 2007 ж.
6.Назарбаев Н.А. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде даму стратегиясы. А., 1992 ж.
7.Назарбаев Н.А. Сындарлы он жыл. А., 2003 ж.
8.Назарбаев Н.А. Тарих қойнауында. А., 1999 ж.
9.Назарбаев Н.А. «Қазақстан - 2030». ҚР Президентінің халыққа жолдауы. А., 1997 ж.
Лекция №29
Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы
Жоспар
1.Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы
2.Егемендік жолындағы қиындықтар және оны жою шаралары
3.Тәуелсіз жылдарындағы жетістіктер мен қорытындылар
Қазақстан егемендік алғаннан кейін зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құруға кірісті. Мұны іске асыруда еліміздің тарихи және отарлауда болған мұрасы, оның саяси мәдениетінің өзіндік ерекшелігі, мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасы жан-жақты ескерілді. Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйелердің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлінді. Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар - парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конститутциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты.
Тәуелсіздік алған алғашқы кезден бастап, елде болып жатқан өзгерістерді талдау арқылы Қазақстан басшысы өзінің назарын болашақтың бағытын айқындауға аударды. Атап айтқанда, Президент Н. Ә. Назарбаев 1992 жылы жарық көрген "Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы" - деген еңбегінде жаңа тарихи жағдайға байланысты еліміздің егеменді мемлекет болуының стратегиялық міндеттерін көрсетіп берді. Онда айтылған кейбір маңызды қағидалар мен тұжырымдар Егемен Казақстанның бірінші Конституциясында өзінің көрінісін тапты.
Бұдан кейін мемлекет алдында бой көтерген жаңа тактикалық мақсаттардың іске асу шаралары белгіленді. Оны Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің 1993 жылы жазған "Қазақстанның болашағы - қоғамдық идеялық бірлігінде" - деген еңбегінде ашып берді. Мұнда Президент Тәуелсіз еліміздің одан әрі күшейіп нығаюында қоғамдық ынтымақтастық пен жарастықты іске асырудың жолдарын анықтады.
Алайда,, осы белгіленген стратегиялық міндеттерді тәжірибе жүзінде іске асыруда көптеген қиыншылықтар мен кемшіліктер кездесті. Оны орындауда дәрменсіздік көрсеткен С. Терещенко басқарған (1992 ж. бастап) Министрлер Кабинеті 1994 жылы отставкаға кетті. Оның орнына Ә. Қажыгелдин бастаған жас саясаткерлерден тұратын жаңа үкімет келді. Бұл үкімет таяудағы үш жыл ішінде елімізде болып жатқан реформаларды іске асырудың жаңа бағдарламасын белгіледі, осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізді. Бірақ өзінің бағдарламасын аяғына дейін жеткізбей Ә. Қажыгелдиннің үкіметі 1997 жылдың 10 қазан күні отставкаға шықты. Оған себеп, алдымен, жекешелендіру бағдарламасында кеткен үлкен қателіктердің салдары болды, содан соң елімізде әлеуметтік әділетсіздіктің орын алғанын айтуға болады.
Ә. Қажыгелдин Үкіметінің орнына Н. Балғымбаев басқарған төртінші үкімет келіп екі жыл (1997-1999 жж.) қызмет етті. Бұл үкіметте қиын кезеңде жұмыс істеді. Елде қордаланып қалған қарыздарды қайтару, сыртқа шығарылатын шикiзат өнімдері бағасының құлдырауы, көрші елдердегі экономикалық дағдарыстың Қазақстанға әсері кезінде жұмыс істеуге тура келді.
Үкiмет сыртқы факторлардың жағымсыз әсерiне қарамастан, тұтас алғанда макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап қалды. Сондай-ақ, бұрынғы заемдарды төлеуде, мемлекеттiң iшкi және сыртқы мiндеттемелерiн орындауда Н. Балғымбаев басқарған үкiмет бiрқатар айтуға тұрарлық қызмет атқарды.
1999 жылы қараша айында Қазақстан үкiметі басына Қ. Тоқаев басқарған бесінші үкiмет тағайындалды. Жаңа үкiмет Республика Парламентiнде өзiнiң 2000-2002 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасын ұсынып бекiттi. Ондағы шешiлуге тиiстi басты проблемалар негiзiнен "Қазақстан-2030" стратегиялық бағдарламадан туындаған-ды.
Бiрiншi. Елiмiздегi қатаң бюджет мәселесiн ескере отырып, одан тиiстi қорытынды жасау, бюджеттi жоспарлауда жетiмсiздiктер болып жатса, оны түзету, кiрiстi жинақтауда резервтер болатын болса, оны iске қосу, яғни қаржы көзiн, оны қолданудың әдiс-тәсiлдерiн жете пайдалану.
Екiншi. Экономиканы, қаржы және заңдылық жүйесiн реформалауды одан әрi жалғастыру, әлеуметтiк саладағы реформаларға баса назар аудару.
Үшiншi. Елге инвестицияның қажеттiлігiн ескерiп, белгiлi және салиқалы инвесторларды iздеп табу, олардың мемлекет экономикасына деген ынтасын арттыру.
Төртiншi. Сыбайлас жемқорлықпен күрестi одан әрi күшейту.
Бесiншi. Өндiрiстi жандандыру, отандық тауар өндiрушiлерге қолдау көрсетiп, кiшi және орта бизнестiң мәселелерiн шешу.
Алтыншы. 2000-шы жылдың басына дейiн зейнетақы қарызынан құтылу.
1999 жылдың қараша айынан 2002 ж. қаңтар айына дейiн қызмет iстеген Қ. Тоқаевтың үкiметi өзiнiң алдына қойған iс-қимыл бағдарламасын орындауда бiрқатар әлеуметтiк-экономикалық бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарын жүргiздi. Олардың бiрсыпырасы жүзеге асты, дегенмен кейбiр мәселелер аяғына дейiн орындалмады.
2002 жылы қаңтар айында Қазақстан үкiметі басына И. Тасмағамбетов басқарған бесiншi үкiмет келдi. Жаңа үкiметтiң алдына бiрқатар күрделi мiндеттер қойылды:
-бiрiншiден, экономикалық диверсификацияға қол жеткiзу арқылы өнеркәсiптiк саясатты жүзеге асыру;
-екiншiден, қор рыногын дамыту;
-үшiншiден, аграрлық сектордағы реформаларды одан әрi жалғастыру;
-төртiншiден, бiлiктiң әр деңгейiндегi өкiлеттiктің ара жiгiн айқындау.
И. Тасмағамбетов басқарған үкiмет өзiнiң қызметiнде елiмiздiң экономикасын дамытуға айырықша көңiл бөлудi одан әрi жалғастырды. Осы бағытта 2002 ж. мемлекеттiң бюджетiн бiрнеше рет талқылап, елiмiздегi экономикалық және кейбір күрделенген әлеуметтiк мәселелердi шешу үшін шара қолдануды қолға алды. Үкiмет Ел басының тапсырмасымен 2003 ж. бюджеттен бөлiнетiн қаржыны бiлiм беру саласына 33 пайызға, денсаулық саласына – 38, мәдениеттi қаржыландыруға – 27 пайызға көбейттi. 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы және жалақы деңгейi 12 пайызға өсiрiлдi. Сондай-ақ, азаматтардың бұрынғы КСРО жинақ банкiсiндегi "жоғалған" салымдары қайтарылу жөнінде шешім қабылдап, жүзеге асырыла бастады.
Алайда, 2003 жылғы 11 маусым айында И. Тасмағанбетов өз өтінішімен үкімет басынан кетті. Бір жыл бес ай уақыт ішінде жұмыс істеген бұл үкімет тұсында республикада экономикавлық реформаларда дамыту барысында бірсыпыра істер атқарылды. Әлеуметтік даму мәселесіне де ерекше назар аударылып, халықтың әл-ауқат деңгейі өсті. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын Стратегиялық бағдарламасына сай 2003-2005 жылдарға арналған елдің индустриялық-инвестициялық даму бағдарламалары қабылданды.
Елiмiздегi жоғары басқару жүйелерiндегi өзгерiстер жергiлiктi атқару органдарының да өзгеруiне алып келдi. Бұларда егемендiк алған кезден бері үш рет өзгерiске ұшырады. Алдымен жергiлiктi атқарушы органдар – облыстық, қалалық, аудандық атқару комитеттерi болып құрылды. Кейiннен барлық атқару комитеттерi мен Кеңестердi қосып, оларды бiр адам – Кеңес төрағасы басқаратын болды. Ақырында келiп атқару жүйесiнм - әкiмдер, өкiлдiк органдарды – Мәслихат басқаратын болды.
Қазақстанда көппартиялық жүйенің және жаңадан саяси партиялардың пайда болуының басты үш себебін атап көрсеткен жөн. Оның бірінші себебі - 1989 жылдан бастап Қазақстан саяси өмірінде болған өзгерістер, соның ішінде әртүрлі көзқарастың, жариялылықтың көрніс ала бастағанына байланысты қоғамда өз орнын ала бастаған саяси еркін ой. Бұл кезде тоталитарлық және коммунистік идеяға қарсы негізде саяси партиялар мен қозғалыстар пайда болды. Олардың басты ұрандары: социал-демократия, ұлт бостандығы, мәдениет және экология бағыттарында қайта даму, жаңару, жандану болды.
Екінші себебі - 1991 жылғы Мәскеуде болған тамыз оқиғасымен байланысты. Оның нәтижесінде Кеңестер Одағы тарап, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Республика жетекшілері жаңа жағдайда, егемендік алумен байланысты уақыт талабына сай батыл қимыл жасады. Белсенді мемлекеттік жаңа құрылыс басталды, саяси партиялардың бағдарламаларына қоғамға қажетті, көкейкесті ұрандар мен міндеттер кірді. Партиялардың негізгі міндеттері - үкіметпен байланысы жоқ саяси күштерді ығыстыру, парламент сайлауларында жеңіске жету, уәкілдік қызмет органдарында көпшілік қолдайтын ниеттестік тәртіпті қамтамасыз ету және т. б. Міне, осымен байланысты Қазақстан басшылығы мұндай саяси партиялар арқылы өзінің сүйенетін әлеуметтік базасын құруға ерекше мән берді.
Үшінші себебі - бұл еркіндік синдромы, ол барлық саяси ұйымдар мен күштерге тән. Республика жағдайында ол, әсіресе, реваншистік күштер арасында ерекше байқалады. Оған коммунистер, ұлтшылдар және тағы басқада топтар жатады. Қазақстанда және бұрынғы Кеңес Одағына кiрген мемлекеттерде мұндай ультрақұқықтық саяси партиялардың пайда болуы ескi тоталитарлық жүйенiң күйреуiмен және нарықтық экономиканың қалыптасуымен байланысты.
Мұның өзі батыл әрі принципті саяси және заңды бетбұрыс қажеттігін туғызды. Нәтижесінде Қазақстан азаматтарының тікелей еркін білдіру, бүкіл халықтық дауыс беру арқылы 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Оған қатысқан адамдардың 90 %-ы біздің мемлекетіміздің жаңа Ата заңын жақтап дауыс берді.
Жаңа Конституцияға, оның алдыңғысымен салыстырғанда, көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата заң төрт бөлім, 21-тарау, 131-баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан да едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98-баптан тұрады. Жаңа Конституцияда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталынып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді.
Ата Заңның еркшелігі - ол билік тармақтарының ешқайсысына, мемлекеттік лауазым иелеріне конституциялық құқтарды бұзуға жол бермеуінде.
Тіл туралы саясат заңды құбылыс. Өйткені тіл ұлттық мүдделердің нәзік тоғысқан қызу нүктесі. Қазір қазақ және орыс тілдерінде 8300-ден аса және одан басқа он жеті ұлт тілінде оқытатын жүздеген мектеп, 12 тілде шығатын газеттер мен журналдар, 11 және 6 тілде хабар жүргізетін теле және радио тұрақты қызмет етеді. Тіл саясатын іске асыруда Қазақстан халықтары Ассамблеясымен бірқатар ұлттық мәдени орталықтарының белсенді түрде жұмыс жүргізіп отырғанын атап көрсеткен жөн.
1992 жылғы маусым айының 4-ші жұлдызы Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы, Әнұраны - дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшуді таңдап алған болатын. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда Қазақстан Ресейдің үлгісімен бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті.
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең - 1991-1992 жылдар, екінші кезең - 1993-1995 жылдар аралығы болып, осы мерізімде жүргізілетін іс бағдараламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді. Ал үшінші кезең - 1996-1998 жылдарды қамтуға тиіс болды. Осымен байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т. б. Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның да кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жеке меншіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды.
Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді.
Бірінші. Реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-айласы да толық анықталмады.
Екінші. Барлық елге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. "Жапондық", "Немістік" тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық Валюталық Қордың ұсынған "есеңгіретіп емдеу" деп аталатын жолына түсіп, Ресейдің соңынан ерді. Ол Ресейден бөлек дербес экономикалық саясат жүргізу қиын деген желеумен жасалды.
Үшінші. Экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанға қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру өкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты.
Төртінші. Қабылданған зандар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жұзеге асатын механизмдері жасалмаған-ды. Реформаны жүзеге асыру үшiн оған қажет механизмдердi жасау керек едi.
Бесінші. Инфляцияны (құнсыздандыруды) ауыздықтамаса ешбір істе береке болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресрустарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары пайызбен сатып, пайда табумен әуестенді.
Алтыншы. Қылмыс, жемқорлық, занды бұзушылық көбейгені соншалық, ол қоғамның қатерлі ісік сияқты ең қауіпті ауруына айналды. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапкерсіздік қосылды. Міне, бұлар реформаны жасауда, қоғамды дұрыс дамытуда өздерінің кеселдерін тигізді.
Жетінші. Мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан бір-ақ жылда шығару саясаты жүргізілді. Бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді.
Сондықтан мемлекеттің алдында дағдарыстан шығудың жолдары қарастырыла бастады. Оның ең бастысы - бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Нарықтандырудың барысын, оның неден басталғанын, қалай басталғанын халық жете түсінбеді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғары таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті, оны көтеру мүмкін болмай қалды.
1997 жылдың қазан айында Президент Н. Ә. Назарбаев республика халқына "Қазақстан-2030"-деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе "Қазақстан барысын" қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерізімдегі даму жолдары мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Онда елдің ішкі бекем тұстарын және сыртқы саясатындағы мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, мемлекеттің дамуындағы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыру көзделген. Олар: ұлттық қауіпсіздікті сақтау, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту, нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу, Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын көтеру, энергетика ресурстарын жете пайдалану, инфрақұрылым, көлік және байланысты дамыту, демократиялық кәсіби мемлекетті құру.
"Қазақстан-2030" стратегиясында көрсетiлгендей, әсiресе, соңғы жылдары республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндiрiс ауқымының өсуi байқалып отыр. Тек 2000-2002 жылдары жалпы iшкi өнiмнiң жиынтық өсiмi 35,5 пайызды құрады. Сауатты макроэкономикалық саясат елiмiздiң халықаралық беделiн едәуiр көтеруге жағдай жасады. Қазақстан бұл жылдары ТМД елдерiнiң арасында жан басына шаққанда шетелдiк инвестициялар тарту жөнiнен көш бастады. Осының нәтижесiнде республика экономикасының барлық дерлiк салаларында, әсiресе, ауыл шаруашылығында, сауда мен қызмет көрсету саласында жеке меншiк секторы басым бола түстi.
Жоғарыдағы айтылған қиындықтар мен кемшiлiктердi жою үшiн 1999 жылдан бастап Қазақстан үкiметi елдiң өнеркәсiбiн жандандыруда бiрсыпыра шараларды iске асыруға күш салды. Жеңiл өнеркәсiптi дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсiбi мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Соның нәтижесiнде 1999 жылы мұнай-газ өндiру, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тiгiн өнеркәсiптерiнде өнiмнiң өсуiне қол жеткiзiлдi. Жыл соңында жалпы өнiм өндiру 1%-ға, ал өндiрiс көлемiн арттыру 1,8%-ғаөстi. Елдiң алтын қоры 2 млрд. долларға жеттi. 2000-шы жылы Үкiмет Алматы облысындағы Текелi сiлтi, Степногорск подшипник, Оралдағы "Зенит" зауыттарына, Павлодардағы трактор зауыты мен "Асыл ағаш" жиһаз фабрикасына жеке-жеке бағдарламалар бекітіп, оларды тез арада сауықтыру шараларын белгiледi. Сонымен қатар дәрi-дәрмек және медициналық өнеркәсiптi өрiстету көзделдi.
Қазақстанның территориясы үлкен болса да, ол темiржолдың ұзындығы жағынан қазiрде көптеген алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерден әлде қайда артта қалып отыр. Сондықтан тәуелсiздiк алған алғашқы жылдардан бастап республика өз жерiнде жаңа темiр жолдар салу және темiр жол станциялары мен желiлердi қайтадан жаңартуға ерекше назар аударуда. Осы мақсатта "Қазақстан темiр жолы" 1998-2000 жылдар, 2001-2010, 2011-2020, және 2021-2030 жылдарды қамтитын өзiнiң болашаққа бағытталған бағдарламасын жасаған. Онда, әсiресе, халықаралық темiр жол желiлерiн құруға ерекше назар аударылған. Олар Қазақстан территориясында басты екi бағытты қамтиды. Бiрiншiсi – Орталық (Достық-Ақтоғай-Арыс-Шеңгелдi, Достық-Ақтоғай-Арыс-Ақтау жолдары). Екiншiсi – Солтүстiк (Достық-Ақтоғай-Саяқ-Мойынты-Астана-Пресногорьков жолдары). Бұдан басқа халықаралық мемлекеттiк жүктердi тасуда Республиканың Батыс Ақсарай-Мақат-Бейнеу), Орталық Азия (Шеңгелдi-Қандағаш-Озинки) темiр жол бағыттары қарастырылған.
Елiмiз егемендiк алғаннан кейiнгi жылдары Қазақстан территориясы арқылы жетi басты халықаралық автомобиль жол дәлiздерi қызмет етедi. Бiздiң елiмiз арқылы негiзiнен транзиттiк тасымал Орта Азия, Ресей және Қытай мемлекеттерi арасында жүредi. Олар:
1. Харгос-Алматы-Бiшкек-Шымкент-Ташкент, ұзындығы – 1176 шақырым.
2. Шымкент-Қызылорда-Ақтөбе-Орал одан әрi Самараға дейiн, ұзындығы – 3152 шақырым.
3. Алматы-Балқаш-Қарағанды-Астана-Қостанай, одан әрi Ресейге дейiн, ұзындығы – 2435 шақырым.
4. Майқапшағай-Семей-Павлодар-Омбы, ұзындығы - 1105 шақырым.
5. Челябинск-Петропавл-Новосибирск. Бұл автомобиль маршрутының 220 километрi Қазақстан жерiнен өтедi.
6. Петропавл-Рузаевка-Жезқазған-Қызылорда-Өзбекстан.
7. Астрахань-Атырау-Бейнеу-Түркменбашы.
Халықаралық көлiк дәлiздерiне кiретiн бұл автомобиль жолдарының Қазақстан үшiн алатын орны, атқаратын iсi ерекше. Сондықтан транзиттiк аса маңызға ие бұл жоғарыдағы автожолдар қызметiне бiрiншi кезектi көңiл бөлiнедi.
Сонымен қатар, үкiмет тарапынан жергiлiктi жолдар құрылысына да айталықтай назар аударыла бастады. Бiр ескертетiн жайт республика экономикасы үшiн үлкен рөл атқаратын автожолдар жөндеу мен жаңадан салу жұмыстарын үкiмет қазiргi кезеңде негiзiнен жергiлiктi жерлерге, облыстарға жүктеген. Көлiк-коммуникация салалары бойынша мемлекеттiк басқару iсiн жетiлдiруде және оның құқықтық базасын қалыптастыруда едәуiр ұйымдастыру жұмыстары жүргiзiлдi.
Қазiрде Қазақстанда республикалық маңызы бар 20 әуежай қызмет етедi. Оның төртеуi мемлекет меншiгiнде, 6 әуежай жеке компаниялардың қолында, қалғандары коммуналдық-ұжымдық меншiктерге қарайды. Республика бойынша халықаралық әуе жолдарын қамтамасыз ету тек 14 қалалық әуежайларға жүктелген. Олар: Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Тараз, Орал, Өскемен, Шымкент, Павлодар, Семей қалалары.
Қазақстанның құбыр жолдарына мұнай құбырлары мен газ құбырлары жатады. Республиканың батысында ұзындығы 154 шақырымдық алғашқы мұнай құбыры - Доссор-Ракуш-Каспий аралығында 1917 жылғы Қазан революциясына дейiн салынған. 1934 жылы ұзындығы 830 шақырым Каспий-Орск мұнай құбыры, ал 1966 жылы ұзындығы 141 шақырым Өзен-Жетiбай-Ақтау құбыры жүргiзiлдi.
Мұнай-газ құбырларының Қазақстанда кеңiнен салынуы ХХ ғасырдың 60-жылдары Маңғыстау түбегiнде жер асты қазба байлықтарының жаңа көздерiнiң табылуымен байланысты жедел өрiстедi. Атап айтқанда, 1968-1970 жылдары ұзындығы 1500 шақырым Өзен-Атырау-Самара континентальдық аса iрi мұнай құбыры салынды. Қазiрде Қазақстан жерi арқылы үш басты мұнай құбырлары өтедi. Олар: Кенқияқ-Орек, Омбы-Павлодар-Шымкент-Чарджоу, Теңiз-Атырау-Самара мұнай құбырлары. Бұдан басқа республика территориясымен ұзындығы 3 мың шақырым Орта Азия – Орталық мұнай құбыры, сондай-ақ Маңғыстаудан Едiл бойы арқылы Украинаға дейiн ұзындығы 2,5 мың шақырым халықаралық мұнай құбыры жүргiзiлген.
Халыққа бiлiм беру саласын алға бастыруда оның материалдық-техникалық базасын нығайтуда, әсiресе, 1996-1997 жылдары үкiмет тарапынан едәуiр айтуға тұрарлық жұмыстар жүргiзiлдi. Атап айтқанда, 1996 жылы бiлiм беру саласына 65 миллиард теңге, немесе мемлекеттiк бюджеттiң 23,4 пайызы, 1997 жылы 73,3 миллиард теңге, яғни мемлекеттiк барлық бюджеттiң 21,4 пайызы бөлiндi. Алайда одан кейiнгi жылдары халыққа бiлiм беру саласындағы орнықтылық және кейбiр кезек күттiрмейтiн мәселелердiң шешiлуiн желеу етіп, мемлекеттiк бюджеттен қаржы бөлу бiрсыпыра азайды. Мәселен, тек 1999-2001 жылдары бiлiм беру саласына жыл сайын шамамен 12 миллиард теңге бөлiнiп отырған. Мұның өзi бiлiм беру саласындағы кейбiр келеңсiздiктерге алып келдi. Балабақшалардың 82 пайызы қысқарып, оқушылары аз көптеген ауыл мектептерi жабылып қалған.
Мектептерде жұмыс iстейтiн мұғалiм кадрлардың сапалық құрамында келеңсiз жағдайлар қалыптасты. 2001/2002 оқу жылында республика бойынша педагог кадрлардың тапшылығынан мектептерде тек орта бiлiмi бар 3,5 мыңнан астам мұғалiм және 6 мың басқа мамандық иелерi жұмыс iстеген, мектептерден жалақыны азсынып, 43,6 мың мұғалiм басқа салаларға жұмысқа ауысып кеткен.
Қазақстанның Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң деректерi бойынша 2000/2001 оқу жылында елде жалпы бiлiм беретiн мектептердiң саны 8007 болған. Олардың 3545-i (44,2%) қазақ, 2356-сы (29,4%) орыс, 13-i ұйғыр, 81-і өзбек, 3 тәжiк, 1 украин. Бір ерекше атап көрсететiн жайт, әсiресе, соңғы жылдары республикада қазақ тiлiнде оқитын оқушылардың саны едәуiр артып, 2003 жылы олар барлық мектеп оқушыларының 54,4 пайызын қамтыған.
Қорытып айтқанда, мұның барлығы Қазақстанның экономикасы оңала бастаған тұста әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият мәселелерiне айрықша назар аударатын кез келгендiгiн, елдiң болашағы мәдениетпен астасып жататындығын тағыда қадап көрсетедi. 2003 жылы республикалық бюджеттен мәдениет саласына бөлiнетiн қаржы көлемi 2002 жылмен салыстырғанда 52 пайызға өскен. Соңғы екi жыл iшiнде бұл салаға бөлiнген қаржы екi есеге дейiн көбейдi. Бұл қаржы мәдени саланы түгел қамтып, едәуiр аяғынан тiк тұрып кетуiне әсер етедi. Сондықтан үкiметтiң басшылығымен мәдениет салалары алдағы уақытта да өзiнiң дұрыс шешiмiн тауып, одан әрi дами беретiнiне зор сенiм бiлдiруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |