Ф 11-18 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі


Мораль философиясы: негізгі этикалық категориялар



бет14/14
Дата14.06.2016
өлшемі1.42 Mb.
#135923
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

40. Мораль философиясы: негізгі этикалық категориялар.

1. Жақсылық пен жамандық

2. Борыш пен ұждан

3. Еркіндік пен жауапкершілік

4. Ар мен қадір – қасиет

5. Бақыт және өмірдің мәні

Моральдық сананың маңызды ұғымдарының бірі – жақсылық пен жамандық ұғымы.

Жақсылық немесе мейірімділік дегеніміз – қоғамда адамдардың өзара түсініп, келісімге келуіне негіз болатын адамгершілік қасиеттерді дамытып, нығайту. Моральдық сана әруақытта моральдық құндылықтарға сүйеніп іс - әрекет етуді ұсынады. Жақсылық дегеніміз – моральдық борышқа адалдық немесе оны әрдайым орындап отыру. Моральдық парыздың, борыштың және жақсылықтың орындалып отыруының объективті негізі адам өмірінің құндылықтарына сәйкес қоғамдық қарым – қатынастарды реттеудің қоғамдық қажеттілігі.

Жамандық дегеніміз - жақсылық талаптарының бұзылуы, оның іске аспай қалуы.

Моральдық сана қоғамда гуманистік ашық және еркін қатынастардың қалыптасуына жағдай жасайтын барлық қасиеттерді жақсылық деп есептейді. Бұл мейірімділік және қайырымдылық, өзара көмек пен бірлесіп қызмет ету, өзара түсінісу мен сыйласу, ұждан талаптары мен парыз, кішіпейілділік пен ибалылық.

Жамандық дегеніміз – қоғамдық қатынастардың үйлесімділігі мен бірлігіне қарсы, парыз бен ұжданды өтеуге зиян келтіретін, адамның бір сәттік менмендігін іске асыруға бағытталған жағымсыз әрекеттер. Бұлар – ашкөздік, ашқарақтық, дөрекілік және күш көрсету, қоғам мен адамға деген немқұрайдылық, енжарлық сияқты жағымсыз әрекеттер.

Жамандық пен жақсылық бір – біріне қарсы түрде қоғамның адамгершілік рухында дамуына кедергі жасайды, бұл этиканың ең қиын мәселерінің бірі.

Әлеуметтік – тарихи этика тұрғысынан жамандық пен жамандық еркінің себептері адамның қажеттіліктерін жеткілікті түрде қанағаттандыра алмайтын қоғамдық қатынастар. Сондықтан оны жоюдың бастапқы алғы шарты – адамдардың арлық сұраныстарына сай өмір сүруіне негіз болатын ізгілікті қоғамдық қатынастарды қалыптастыру және мәдениетті дамыту.

Жақсылық идеалдарына адалдық дегеніміз – мораль талаптарына адалдық, оны ұдайы орындап отыру.

Адамгершілік талаптарын орындау адамның жеке міндетіне айналуынан адамгершілік борыш ұғымы туындайды. Борыш сезімі адамға өз міндеттерін әруақытта қажеттігін есіне салып отырады.

Борышты ұдайы орындап отыру оңай емес. Кей уақытта оған көптеген кедергілер кездеседі, кедергілерді тудыратын да адамдардың менмендігі, бірбеткейлігі, өзімшілдігі. Борыш талаптарын орындау үшін әрдайым осындай кемшіліктерді жеңіп отыру қажет. Бұл көп адамның қолынан келе бермейтін ерлік.

Мораль адамның тәртібінің ішкі, терең реттеушісі ретінде өзінің адамгершілік борышының қоғамдық мағынасын анықтауына өлшем болады, жалпы қабылдаушылық, көпке белгілік одан жауапкершілікті алып тастамайды.

Дәл осы жерде адамның ұжданы өз қызметіне кіріседі. Ұждан дегеніміз – адамның моральдық міндеттерді анықтауы және оны орындалуын өзінен талап етуі, өзінің тәртібі мен жүріс – тұрысын бақылау.

Өзінің ұжданына сүйене отырып, адам жақсылық пен жамандық,парыз, әділеттілік, адамгершілік туралы өз түсініктеріне жауапкершілігін сезінеді, өзінше моральдық өлшемді анықтайды, өзін өзі бағалайды.

Рухани адам үшін ұждан – рухани құндылықтар мен сенімнің түйіскен жері, өзін - өзі сыйлаудың және өзін өзі қадірлеудің негізі.

Ұждан адамды гуманизм мен мейірімділік идеалдарына, парыз бен арға толық бағындырады.

Жоғары дамыған ұждан адамға үлкен талап қояды, ешқандай келісім мен енжарлыққа жол бермейді.

Ұжданға негізделген өмір тұлғаның өзін өзі жоғары бағалауын күшейтеді және нығайтады.

Ар мен қадір – қасиет ұғымы моральда кез келген адамның адамгершілік тұлға ретіндегі құндылығы туралы көзқарасты білдіреді.

Ар, абырой және қадір қасиет адамға қоғамда тек сыйлау, құрметтеуді қамтамасыз ететін іс - әрекеттерді ғана жүзеге асыруды міндеттейді, ешкім де өзінің абыройын төгетін әрекет жасамайды. Абырой әр адамның қоғамда оған өзінің орнына, репутациясына лайықты әрекет жасауға міндеттейді.

Ар адамның ең асыл қасиеті. «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деген М.Әуезов.

Моральдық сананың тағы да бір маңызды қасиеті - әділдік ұғымы. Ол адамдардың қарым – қатынасындағы тазалықты, тәртіпті білдіреді. Әр адамның құқығын, қадір – қасиетін сыйлау әділдікпен тығыз байланысты.

Адамгершілік құндылықтарын білдіретін моральдық категориялар бақыт пен және өмір мәні ұғымымен аяқталады. Бақыт пен өмірідің мәні бір – бірімен тығыз байланысты. Өйткені, адам өзі істеген мәнді істерінен моральды қанағаттандығын сезінеді. Өзін - өзі толық дамытқан, өзінің қолынан келетін қоғамдық іс - әрекетте сүбелі табыстарға қол жеткізіп, қоғамдық қарым – қатынастардың дамуында белгілі із қалдырған адам бақытты адам. Бақыт дегеніміз - әр адамның өзіне өзі риза болуының жоғары деңгейі.


41. Өнер философиясы: өнердің шығуы мен мәні.

1. Өнердің шығуы

2. Өнердің мәні

3. Өнердің адамның, қоғамның өміріндегі рөлі

Осы уақытқа дейін табиғат, қоғам мен адамның арасында үйлесімділік, тылсым бірлік бар екенін көрсетуге тырысып, оны ұғымдар деңгейінде ашудамыз. Үйлесімділік, гармония – бұл кез келген болмыстың атрибуты. Үйлесімділік бар жерде әсемдік те, сұлулық та бар. Табиғаттың әрбір бөлігі, құбылысы қайталанбас, керемет үйлесімділікпен қалыптасқан.

Үйлесім, үндестік – іргелі эстетикалық ұғым. Ол – дүние болмысының бүтіндей, жан жақты, әмбебап сәйкестігі табиғат пен адам қатынасының кездейсоқ көрінісі емес, олардың өзара әбден бауырласып, біте қайнасқан, бірегей бірлестігінен туатын нағыз жарастық үйлесімі деген мағынаны ашады. Осы тұрғыдан И.С.Тургеневтің мына бір ойы көңіл аударарлық: «Өзіңмен өзің үйлесіп, әрі қарабасыңда қыруар қайшылықғыңның болуы ғажап емес пе? Жаратылыс – біртұтас, бірегей, ғаламат ғажайыптар әлемі, әр адам дәл осындай болуға тиіс – ақ – шынында да сондай екен ... Бізсіз табиғат қайтер еді, - табиғатсыз біздің күйіміз не болар еді? Бірінсіз бірін түсіну қиын».

Көркемдік таным үлгісінде шегі тек көрнекті, жер бедеріне, дүние келбетіне тарихи қатынас, көзқарас құбылысы арқылы ғана емес, сонымен бірге көзге көрінбейтін адам өмірімен, тұрмысымен белгілі бір дәрежеде сабақтас үздіксіз жатқан әр қилы жаңалықтар арқылы да өрісін кеңейтіп келеді.

Күллі әлемнің әдемілігі, сұлулық сипаты жаратылыс шындығына, әр құбылыстың мән – мағынасына рухани жан жылуымен беріліп сезінгенде ғана танылады.

«Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік» деп Абай айтып кеткен еді.

Аристотель – сұлулық сырын заттың көлемі мен орналасу тәртібінде деп есептесе, жаратылыс көркінің құрылымдық белгілеріне Платон - өлшем мен теңдестікті, Леонардо да Винчи арақатынас жарасымын жатқызады.

«Сұлулық дегеніміз – адам жанымен танылып, адам санасында бейнеленген табиғи - әлеуметтік құбылыс» - деп жазады профессор В.Л.Тугаринов

Өнер қоғамдық сана мен адам қызметінің өзгеше формасы, көркем тұлға арқылы берілетін шындықтың бейнесі, дүниені эстетикалық игерудің аса маңызды тәсілі. Қоғамдық болмыстың бейнелік формасы бола отырып, өнер қоғамның рухани өмірінің басқа да құбылыстарымен, яғни ғылыммен, техникамен, саясатпен, моральмен тығыз байланыста болады.

Өнер дегеніміз – адамның дүниеге деген эстетикалық қатынасын бейнелейтін көркем образдарда туындататын шығармашылық іс - әрекет.

Ол қоғамдық сананың бір түрі. Оның негізгі ерекшелігі - әсемдік, сұлулық арқылы адамның шындық туралы сезімі, идеалдары беріледі. Яғни өнер шындықтың жай ғана копиясы, суреті емес, оның өнер иесінің санасында түрленуі немесе өзгеріске ұшырауы.

Әлемге эстетикалық қатынас – адам мәдениетінің маңызды қыры. Оның құрамына эстетикалық іс - әрекет, эстетикалық сезім, қабылдау, қажеттілік, идеалдар кіреді.

Эстетикалық іс - әрекет – бұл дүниені материалдық – практиалық негізге сүйеніп, рухани, әлеуметтік, психологиялық игеру.

Өмірдің өзі сияқты өнер де көпжақты және көп мағыналы, әртүрлі тәсілдердің көмегімен іске асады. Сәулет өнері, мүсіндеу өнері, сөз өнері, ырғақ өнері т.б. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, тәсілдері бар. Мысалы, шешендік өнер – қазақ халқына тән көркемдік шеберліктің тамаша түрі. Ол көрген – білгенді көкейге тоқып, көп үйренуді тілейтін, тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Нағыз шешен үшін сөз шебері болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топта тайсалмай сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын салқын қанды болу қажет.

Ерте заманнан – ақ «өнер алды қызыл тіл» деп сөз өнерін қадір тұтып қастерлеген қазақ халқы жалпы әдеби мұраға, оның ішінде өрнек – айшығы мол ақындар айтысына айрықша мән берген. Айтысты өзінің рухани мол өмірінің жарқын көрінісі, көнермес асыл мұрасы тұрғысында буыннан буынға жалғастырып, үлгі етіп отырған.

Өнердің бірнеше функциясын атап көрсетуге болады.

Біріншіден, оған танымдық функция тән. Өнер туындылары күрделі қоғамдық құбылыстар туралы бағалы ақпарат беріп отырады. Кей жағдайларда адамның санасының терең қабатында дамып, енді көпшілік санасында қылаң бере бастаған күрделі өзгерістер алдымен өнерде бейнеленеді, сонан соң біраз уақыт өткен соң ғана ол ғылыми зерттеудің нысанына айналады.

Кез келген өнер туындысының бастапқы нысаны адам болып табылады. Жалпы өнерді, әсіресе көркем әдебиетті адамтану немесе оқулығы деп бағалау кездейсоқтық болмаса керек. Мұның өзі өнердің екінші бір функциясына, тәрбиелік мәніне меңзейді. Өйткені, кез келген өнер туындысы адамның адамгершілік және идеялық қалыптасуына әсер етеді.

Дегенмен, олардың танымдық және тәрбиелік функциясы оның ерекше сипаттамасы емес, өйткені мұндай міндетті қоғамдық сананың барлық түрлері орындайды. Өнердің ерекше функциясы, яғни оны шын мәнінде өнер ететін функциясы – эстетикалық функциясы болып табылады.

Көркем өнерді қабылдап, түсіне отырып, адам рахатанады, өйткені, шындықтағы әдемілік пен сұлулық адамды бейжай қалдырмайды, ол оның жүрегіне не үлкен қуаныш, не үлкен мұң ұялатып, үлкен толғаныс, не тербеліс тудырады. Көңіл – күй тәрбиесін берудің пәрменді құралы бола отырып, эстетикалық сана – адамдар үшін қуаныш пен әсердің көзі болуға тиіс. Эстетикалық сана адамдардың талғамын тәрбелейді.

Эстетикалық талғам адамның шын мәніндегі сұлулықтан ләззат алу қабілетін, еңбекте, тұрмыста, мінез – құлықта, өнерде әсемдік қабылдау, жасау қабілетін білдіреді.


42. Өнер философиясы: өнердің түрлері.

1. Өнер түрлерін жіктеудің өлшемдері

2. Кеңістіктегі өнер

3. Уақыттық өнер

4. Кеңістіктік – уақыттық өнер

Өнер әр дәуірдің көркемөнер іс - әрекетінің жалпы міндетіне бағына отырып, бір – бірімпен өзара байланысқан, бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар жеке түрлерінің жүйесі болып табылады.

Объективті реалдылықтың қасиеттері мен қырлары әртүрлі және көпжақты. Мысалы, музыка адамның ішкі – жан дүниесінің қуанышын, күйзелісін, торығуын жақсы бере алады, ал адамның сыртқы әдемілігін, үйлесімділігін мүлдем бере алмайды.

Өнердің әр түрінің қайталанбас өзіндік ерешелігі бар.

Эстетикада өнерді үш топқа бөледі:

1. кеңістіктік өнер – сәулет, мүсін, бейнелеу т.б.

2. уақыттық өнер - әдебиет, музыка

3. кеңістіктік – уақыттық өнер – театр

Кеңістіктік өнерді статикалық, уақыттық өнерді динамикалық, кеңістіктік – уақыттық өнерді синтетикалық деп атауға болады. Бұларды қабылдау органының ерекшелігі арқылы да көрсетуге болады: кеңістік өнер көзбен көріледі, уақыттық өнер құлақпен естіледі, ал кеңістіктік пен уақыттық өнер көзбен де, құлақпен бір уақытта қабылдана береді.

Бұл жіктеудегі ұғымдар шартты және салыстырмалы. Бұл жерде кеңістік пен уақыт ұғымы ерекше көркемдік мағынада алынып отыр. Шын мәнінде кез келген өнер уақыт пен кеңістікте бір уақытта өмір сүреді.

Өнерді статика мен динамика тұрғысынан жіктеу де салыстырмалы, мүсіндеу мен бейнелеу қозғалмайтын заттар, музыка мен өнер - өзгергіш процестер. Бірақ мүсіндеу мен бейнелеу де қозғалысты бере алады, поэзия мен музыка да заттық әлемді бере алады. Екеуінің өзара айырмашылығы абсолютті емес. Бірақ бұл айырмашылық бар, ол бұл өнер түрлері үшін өте маңызды, сондықтан осы қасиеттер жіктелуде көрініс береді.

Барлық өнерді бейнелейтін және айқындайтын деп екіге бөлетін жіктеу де бар. Бұлай бөлуге негіз бар, бірақ ол да шартты.

Ешнәрсе айқындамай бейнелейтін, немесе ешнәрсе бейнелемей айқындайтын өнер жоқ. Кез келген өнер бейнелеуге де, айқындауға да бейім, екеуінің бірлігі өнердің әр түрінде ерекше көрініске ие.

Бейнелеу - бұл ұқсастық, өнердің образдарының шындықпен ұқсастығы. Айқындау – бейнелеуге тән ішкі идеялық эмоциялық мағына. Бұл бірлік кез келген өнерге тән, онсыз өнер болуы мүмкін емес, бірақ бұл бірлік өнердің әр түрінде өзіндік сипатқа ие.

Өнер адамның іс - әрекетімен тығыз байланысты, бұл да оны жіктеуге негіз болады.

Сәулет өнері мен декоративті – қолданбалы өнер еңбек іс - әрекетімен тығыз байланысты, театр, өнері ойын іс - әрекетімен байланысты.

Көркем өнер іс - әрекетінің табиғатынан табиғатынан туындайтын мынадай жіктеу бар.

Қолданбалы өнер – сәулет, декоративті – қолданбалы өнер.

Бейнелеу өнері – мүсіндеу, бейнелеу, графика, көркем, сурет, уақыттық өнер

Сөйлеу өнері - әдебиет, уақыттық өнер

Дыбыс өнері – музыка

Көрсету «ойын» өнері – хореография, кино, теледидар, эстрада, цирк – кеңістік уақыттық өнер.

3. Кеңістік өнерге сәулет , мүсіндеу, бейнелеу өнері жатады.

Сәулет өнері дегеніміз – материалдық, техникалық, көркемөнер құралдарының көмегімен адамға жайлы өмірлік ортаны жасауға бағытталған ерекше шығармашылық іс - әрекеттің түрі мен нәтижесі. Өмірлік сәулеттік орта ұғымының негізін тұйықтаған, сонымен қатар табиғатпен байланысқан кеңістік құрайды.

Сәулет өнерінің шығармасы сыртынан да, ішкі жағынан кеңістікте қабылдайды.

Сәулет өнерінің негізгі ұғымы – архетектоника. Ол сәулеттегі түрдің құрылысының принципі, композицияның әртүрлі элементтерінің жиынтығы.

Сәулет өнерінің дамуында екі жол бар – органикалық және органикалық емес сәулет. Органикалық сәулетте конструкция мен бөліктерді пластикалық өңдеу, органикалық емес сәулетте геометриялық түрлердің реті мен дұрыстығын қадағалау бар.

Сәулет өнерінде тәртіп пен еркін конструкция арасында ұдайы қақтығыс болып тұрады.

Мүсіндеу дегеніміз – материалдық дененің кеңістікте көлемді кеңістіктік бейнесін жасайтын бейнелеу өнерінің бір түрі. Бұл өнердің негізінде адамдардың жабыстыру, өсіру, кесу сияқты іс - әрекеттері жатыр. Өзінің көздеген ойын іске асыру үшін материалды бетінен ішіне, тереңінен сыртқа қарай бейімдейді.

Мүсінші реалды кеңістікте үш өлшемді көлемді кеңістіктің пластикалық түрін жасауға тырысады.

Бейнелеу өнері - көрінетін жазықтықта сурет пен түрдің көмегімен көрінетін әлемді бейнелеу. Түрдің көмегімен түр, жарықтың қатынастарының неше түрін көрсетуге болады. Тициан, Рембрандт, Гойя, Суриков, Левитанның картиналарынан сезімге толы, тірі натурадан айнымайтын образдарды көреміз.

Өнерде көркем әдебиет өте маңызды. Ол шындықтың дамуының іргелі құбылыстары мен процестерін өте терең және жан – жақты көрсете алады. Әдебиеттің ықпалы мен маңызы дәуірдің тынысын дөп басып, дәл табуымен және оны тікелей, әдемі бере алуымен анықталады. Орыстың классикалық әдебиеті реалистік бейнелеу өнеріне, музыкаға, театрдың дамуына әсер етті.

Әдебиеттің басқа өнердің ішіндегі бастапқы ролі көптеген өнердің әдебиетке негізделуінен көрінеді. Театр өзінің барлық түрімен, кино, теледидар, тіпті эстрада әдеби сюжеттерден туындайды. Өнердің бұл түрлерінің дамуы көркем әдебиеттің дамуымен тығыз байланысты.

Әдеби тақырыптар мен сюжеттер басқа өнердің түріне тақырып болады. Әдеби шығармалардың мағынасы басқа өнермен ашылады.




1 Гумилев Л.Н.Поиски вымышленного царства. М., 1989. с. 279

2 Бурбаев Г.Ұлт менталитеті. Астана, 2001. 9б.

3 Тәжікова К. «Ислам; дүниетаным, идеология, саясат». Алматы, 1996. 100 б.

1 Левшин А.И. Описание киргиз – кайсакских орд и степей. СПб. 1837, ч.3 с.148.

1 XV-XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясы. Алматы, 1982. 132 б.

2 Бұл да сонда, 132 б.

1 Шәкәрім «Үш анық» Алматы, «Әлем» Алматы – 1991,19 б.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет