Ф 11-18 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет11/14
Дата14.06.2016
өлшемі1.42 Mb.
#135923
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

30. Қоғамның рухани болмысы.

1. Қоғамның рухани болмысы.

2. Қоғамдық сананың даму заңдылықтары.

3. Қоғамдық сананың құрылымы.

Қоғамның материалдық, саяси, әлеуметтік болмысымен қатар руханилық та аса маңызды қажеттілік. Шын мәніндегі руханилық – адам жетістігінің биік шыңы болып табылады.

Руханилық дегеніміз не? Ол қандай негіздерден тұрады? Бұл тарихи тамырлары терең, қиын да қызықты мәселелердің бірі. Адам, қоғам тарихының рухани қабаты философияның әруақытта назарын аударып отырған.

Рухани өмірді зерттеуге Сократ, Платон, Гегель, З.Фрейд, А.Камю, Абай, Шәкәрім сияқты көрнекті философтар үлкен үлес қосты.

Руханилықтың түпкі мәні «рух» сөзінен өрбитіні айдан анық нәрсе. Рух деген сөздің «Қазақ тілінің түсіндіреме сөздігінде» табиғи материалдық бастамалардан өзгеше затсыз, идеалды бастаманы, қуатты, батылдықты білдіретіндігі анықталған. Жалпы осы анықтаманы қабылдай отырып, «затсыз, идеалды бастама» деген не сөз деп ойланып көрейік. Әрине, зат, құбылыс, нәрсе табиғатта дербес өмір сүреді, өзіне тән табиғи заңдылықтар аясында өзгеріске ұшырап, дамып отырады. Олардың әрқайсысында адамдар іс - әрекеті шеңберіне кіріп, өзінің мәндік, мағыналық қабатын өзіне сылып тастайтын табиғи қажеттілік бар. Адамдар өзінің өмір сүруіне сәйкес белгілі бір уақыт – кеңістікте мәңгілік мүлгіген қажеттіліктер әлеміне жан бірітіп, оларды қозғалысқа келтіріп, іс - әрекет аясына ендіреді.

Мүлгіген табиғи процестерге жан бітіру – ақыл – ойдың нәтижесінде ғана іске асады. «Ақыл – ой дегеніміз – рух» деген Гегель анықтамасы осындай түп төркіннен туындайды. Гегельдің ойынша, рух ақиқаттың тікелей өзі, сондықтан ол адамдардың адамгершілік өмірі. Ал ол жеке индивидтің, адамның өмірі. Мұның өзі дүниеде, объективтік шындықта зат, нәрсе, құбылыстармен қатар, одан тыс, бірақ болмыстың тынысын қамтамасыз етіп тұратын жан – жақты, сан алуан байланыстар бар екендігіне меңзейді.

Идеалды, затсыз бастама дегеніміз – сол байланыстар әлемінің адам санасында бейнеленуі.

Бейнелеудің өзі әртүрлі деңгейде, әр түрлі формада болады.

Рух – дегеніміз заттардың, құбылыстар мен нәрселердің байланыстың қабаты. Сол себепті де оның мағыналық потенциалы әлдеқайда терең.

Адам материалдық игіліктерді ғана тұтынып қоймайды, егер ол өз болмысын тек заттар өндіру мен тұтынумен шектесе, онда оның өмірі сүреңсіз, мәнсіз болар еді. Рухани қажеттіліктер адам өміріне нәр береді, оны қызықты, жан – жақты етеді. Рухани дүниелерді жасау, тудыру процесі адамды дамудың жаңа сапасына жетелейді. Таптырмайтын керемет рухани дүниелері арқылы адамдар мәңгілікке қол созады. Егер материалдық игіліктер уақыт өткен сайын өз маңызын жойып, тозып, модадан шығып қалса, ал рухани қазына ғасырдан ғасырға жетіп, жаңа ұрпақтарды таңдандырады, сүйсіндіреді, рахатқа, ләззатқа бөлейді.

Леонардо да Винчидің «Джоконда» атты суретінің салынғанына бірнеше ғасыр өтсе де жаңа ұрпақ оған таң тамаша қалудан танбайды. Руханилық күрделі құрылымы бар әлеуметтік – мәдени құбылыс. Қазақ тілінде бұл мәселеге жан – жақты талдау жасаған С.Е.Нұрмұратов. Ол руханилықты адамның субстанциалдық өзегі ретінде көрсете отырып,оның білімділік, имандылық, моральдық, эстетикалық, философиялық, психологиялық, өнерлік, шығармашылық негіздерін түсіндірген.

Рухани құндылық – адамның рухани іс - әрекетінің нәтижесі. Рухани өндіріс – қоғамдық дамуды жеделдететін, оған серпін, тың ұмтылыс беріп отыратын ерекше күш. Өйткені, қоғам дамуының бағытын, бағдарын анықтап, баға беріп, болашағын болжап отыратын ілгері ойлар, ең алдымен, идея, принцип, теория түрінде өмір сүреді.

Рухани өндіріс қоғамдық сананы, қоғамдық пікірді тудырады. Оның негізін қоғамдық сананың адамдар үшін позитивті немесе кері мағынасы бар әртүрлі құндылықтар жүйесін жасап шығару мүмкіндігі құрайды.

С.Е.Нұрмұратов философиялық әдебиеттерде құндылықтарды әртүрлі тәсілдермен жіктейді, топтайды дей келіп: «мәселен, мақсат – құндылықтар немее жоғарғы (абсолютті) құндылықтар және құрал – құндылықтар (инструментальді) құндылықтар. Материалды және рухани құндылықтар, оң және теріс сипаттағы (жалған) құндылықтар деп бөлу де кездеседі. Бұл бөлінудің бәрі салыстырмалы түрде екені белігілі, өйткені олардың бәрі адам өмрінің біртұтас әлемін құрайды» деп жазды.

Қоғамдық сана қоғам заңдылықтарының кейбір ерекшеліктерімен де тығыз байланысты.

Қоғамдық сана – қоғамда болып жатқан өзгерістерге сүйене отырып, оның болашағы туралы болжам жасайды, уақыт өткен сайын оның болмысының өзгерістері қайда апаратынын түсіндіреді. Бұл қоғамдық сананың алдын ала бейнелеу мүмкіндігін білдіреді.

Қоғамдық сананың қоғамдық өмірді бейнелеуінің әртүрлі деңгейі бар. Қарапайым сана адамдардың өмір сүру жағдайынан тікелей туындайды. Оған адамдардың өзі және қоршаған орта, әртүрлі оқиғалар туралы пікірлері жатады. Қарапайым сананың негізін шындықты тура бейнелейтін дұрыс мағына құрайды. Қарапайым сананың көмегімен адамдар қоғамның беткі жағында жатқан оқиғалар мен қатынастарды түсіндіруге тырысты.

Теориялық сана ғылыми білімнің құралдарымен жасалған идеялар мен көзқарастардың, ілімдердің жүйесі. Ол жеке адамдардың күшімен жасалады. Адамзат тарихында қоғамдық өмір туралы экономикалық, саяси, құқықтық ілімдер болған.

Теориялық сана өзінің мәні жағынан қоғамдық болмыстың түпкі байланыстарын, заңдылықтарын білдіреді. Қоғамдық болмыс қоғамдық санада әр қырынан көрінеді. Бұл қоғамдық өмірдің күрделілігімен, жан – жақтылығымен, түсіндіріледі. Қоғамдық сананың формалары шындықтың әртүрлі қасиеттерін бейнелейді. Сондықтан олардың мағынасы ғана емес, тану тәсілі де әртүрлі болады.

Қоғамдық сананың түрлері бір уақытта пайда болмаған. Олар қоғамдық болмыстың күрделеніп, сонымен қатар, адамның танымдық мүмкіндіктерінің жетіле, кеңейе түсуімен байланысты қалыптасып отырған.

Қоғамдық сананың тарихи, бірінші формасы – моральдық сана. Моральдық сана қоғамның қалыптасумен бірге дамыған, өйткені белгілі бір тәртіп ережелеріне, қалыптарына сүйенбейтін, әлеуметтік ұжым болуы мүмкін емес. Алғашқы қауымдық құрылыста эстетикалық, сонан соң діни сана пайда болған. Саяси сана таптық қоғамның дамуының жемісі, ал құқықтық сана таптық қоғам дамып, күрделеніп, ондағы жіктеулер нығая түскен кезде қалыптасқан.

Қоғамдағы атқаратын функциясы мен маңызына қарай қоғамдық сананы екі топқа бөлуге болады: біріншіден, әлемді игерудің рухани практикалық формалары, екіншіден, рухани – теориялық формалар. Бірінші топқа – моральды, саясатты, құқықты, екіншісіне эстетиканы, дінді, философияны жатқызуға болады.

Қоғамдық сана қоғамдық болмысты ақиқатты бейнелей отырып, адамдардың пратикалық іс - әрекетіне тірек, бастау болады. Соның нәтижесінде нақты саяси ілімдердің, іс - әрекеттердің бағдарламасы мен адамгершілік, саяси мұраттар қалыптасады.

Кейбір жағдайда қоғамдық сана қоғамдағы жағдайды дұрыс түсіндіре алмай, соның нәтижесінде жалған көшірме, сурет қалыптасып, ол саясат пен экономиканың, адамгершіліктің, экологиялық мәдениеттің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Осындай жалған сананың мысалы ретінде, большевиктердің әлемдік революция ілімін біздің елімізде 1980 жылы коммунизм құру жоспарын айтуға болады.

Қоғамдағы жалған сананың бір көрінісі – утопия. Утопия – ойша құрылған әлеуметтік идеал, ойша жүзеге асырылған қоғам. «Утопия» ұғымын ағылшын ғалымы Томас Мор енгізген. Утопия арнасында социалистік қоғамдық идеал дамып отырды.

Қазіргі замандағы батыс идеологиясы мен мәдениетінде, әсіресе А.Азимов, Р.Брэдбери шығармаларында тарихи мұраттардың дағдарысы, революциялық күрестің мәнсіздігі, әлеуметтік кеселдің жойылмайтындығы сөз болады.

Адамның еркіндігі сарқылған, яғни оның мысын табиғи немесе әлеуметтік жағдайлар басып отырған уақытта жатсыну санасы қалыптасады. Бұл сананың айқын көрінісі ретінде мифологиялық сананы алуға болады.

Мифологиялық сана көне дәуірде фантастикалық аңыздар, әңгімелер түрінде туған. Ол табиғатты жандандырып, оған адамның барлық қасиеттерін теліген. Мифологиялық сана әлемдегі барлық халықта әруақытта болған.

К.Маркс «әрбір мифология табиғат күштерін қиял түрінде және қиял түрін өзгертуі, демек ол табиғаттың бұл күштерін шын мәнінде жеңгенде ғана жойылады» деп жазды. Мифология – дүниетанымның көне формасы, онда адам – қатынасы да, адамгершілік жайлы көзқарастары да бейнеленді.

Діни сана да адамның әлсіздігін көрсетеді. Адамдар діннің көмегімен нақты күнделікті өміріндегі оған жетіспейтін құндылықтарды, яғни ізгілік, махаббат, рухани демеуді табуға тырысады. Дін - әлемнің қатыгездігінен, мейірімсіздігінен құтылудың жолын іздестіру.

Авторитарлық сана билік иелерін ерекше құрметтеп, культке айналдырудан туындайды. Бұл сананың қалыптасуына демократияның әлсіздігі және биліктің бір адамның қолында шоғырлануы, бұқараның білім деңгейінің төмендігі, олардың патриархалдық психологиясы әсер етеді.

Қоғамдық сана – қоғам дамуының керемет рухани күші. Тарих көшінің кейбір дәуірлерінде ол күрделі өзгерістерге жетелейді. Қоғамдық сананың күші оның функцияларында көрініс береді.

Қоғамдық сана танымдық – ақпараттық рөл атқарады. Оның негізінде қоғамдық сананың қоғамдық болмыс мүмкіндігі жатыр. Осы білімге сүйене отырып, қоғам туралы жан – жақты түсініктер алуға болады.

Қоғамдық сана коммуникативті – құндылық міндетін де атқарады. Сананың өрісі психикалық өмірдегі тек қана саналы істермен ғана шектелмейді, оның құрамында санасыздық та, немесе бейсаналық та орын алып отырады.

31. Мәдениет пен өркениет.

1. Мәдениет ұғымы және оның мәні.

2. Өркениет туралы түсінік.

3. Мәдениет пен өркениеттің өзара байланысы.

Әрбір адам ұлттық әлеуметтік топтық таптық ортаның өкілі, яғни нақты мәдениеттің өкілі. В.М.Межуев: «Мәдениет дегеніміз – адамның іс - әрекеті, оның даму формасы» - деп анықтама береді. Адам табиғи заттар мен құбылыстарды өзінің мүддесіне, талап – тілегіне сай өзгертіп отырады. Мәдениет адам мен табиғаттың өзара тұтастығы, өзара қарым – қатынасының тарихи дамып өзгеруінің өлшемі. Адам табиғаттың бел баласы, бірақ оның өмір сүру қисыны басқа. Ол табиғаттан тыс өзіне жайлы ортаны, яғни өзінің болмысына имманентті қоғамды жасауы керек. О баста мәдениет деген сөз өзіндік лексикалық ұғым мағынасында «натура» /табиғат/ деген сөзге қарсы ілім ретінде қалыптасты. Табиғаттан тыс, адам қолынан шыққанның бәрі де мәдениет айғағы бола алады. Мәдениет әлемі – адамның өз әлемі, өйткені ол адамның творчестволық, жасампаздық қабілеттерінің жемісі. Адамзат тарихы – мәдениет тарихы. Адамдар өздері өмір сүріп отырған табиғи және әлеуметтік ортаны өзгертеді, ол тарихи нақты процесс. Ортаны өзгерту арқылы өзі де өзгеріп, дамып отырады. Осы даму процесінің нақты мағынасы мәдениет болып табылады. Мәдениет адамның өзіндік дамуымен барабар процесс.

Философия мәдениетті қоғам дамуына тән жалпы заңдылықтарға сүйеніп зерттейді.

Философиялық әдебиеттерде мәдениет ұғымын саралаудың көпжақтылығын, көпмәнділігін еске ала отырып, олардың бәрін бір жүйеге келтіруді мақсат ететін болсақ, онда екі үрдісті анықтауға болар еді.

Біріншіден, мәдениет дегеніміз табиғаттан өзгеше, одан тыс адам қолымен жасалған құбылыстар.

Екіншіден, мәдениет дегеніміз - өндірісте, ғылымда, өнерде адам қол деткізген жетістіктер. Мысалы, осы мағынада технологиялық, мәдениет, көркем, өнер мәдениеті, адамгершілік мәдениеті деп атап жүрміз. Бұл мәдениеттің нормативтік сипаты. Әрине, бұл екі үрдіс те біржақтылықты көрсетеді, ұғымның мәні ашылмайды.

Мәдениеттің өзіндік концептуалдық мәні оның адамның өзін қоршаған ортаны жетілдіріп, көркейтуге тырысқан саналы рухының, ізденістерінің көрсеткіші екендігін еске алсақ, жоғарыда келтірілген В.М.Межуев анықтамасының дұрыстығы дәлелденеді.

Адамның қоғамдық прогресс жолындағы әрбір қадамы оның мәдениет жолындағы қадамы болып табылады.

Адамның рухани мәдениеті оның айналасындағы адамдармен қарым – қатынасында көрініс табатын қадір – қасиетінде, адамшылығында, ұяттылығында, тәрбиелілігінде, интеллигенттігінде, қарапайымдылығында. Осы моральдік сана ұғымы, осы адамгершілік қасиеттер адамның руханилығының негізін құрайды. Ал басқа - өнер, әдебиет, ғылым, білім дегендер тәрбиелеу және еңбектену нәтижесінде ұғып алуға болатын материалдар болып табылады.

Адам нағыз гуманды бастаулардан нәр алатын қоғамда ғана қалыптасуы мүмкін. Рухани мәдениет және өркениет бір – біріне әруақытта сай бола бермеуі де объективті құбылыс.

Ғылыми – техникалық жетістіктердің адамға ізгілік әкелуімен қатар, бақытсыздық әкелуі де өмірде орын алып отырған жағдай. Хиросима және Нагасаки, Семейдегі ядролық полигон техникалық прогрестің жемісі. Бірақ оны адамға қарсы қолданған адамгершіліктен ада адамның іс - әрекеті. Гуманизмнен, адамның рухани мәдениетінен тыс шынайы прогресс болуы мүмкін емес. Адамды өнерге, рухани байлыққа баулып отыру адамды гуманизм рухында, гуманистік мақсат жолындағы кесапаттарды жеңіп отыратын іскерлік рухында тәрбиелейді.

Ғылымның жоғары мақсаты – адамдарға білім беру. Мәдениет пен өнердің жоғарғы мақсаты – тұлғаның жан жақты дамуы.

Біздің өтпелі қоғамымызда таным және өмір үшін, болашақ тағдырымыз үшін ең маңызды өзекті мәселе – мәдениет және өркениет мәселесі, олардың өзара қарым – қатынасы және бірлігі мәселесі.

Адамдарды әр уақытта болашақ тағдыр ойландырады. Сондықтан да осы мәселе өзінің өміршеңдігімен алдыңғы қатарға шығып отыр.

Тарих өткедерінде, дағдарыстар мен күйреу дәуірінде халықтар мен мәдениеттердің тарихи тағдыры туралы да ойлануға тура келеді. Дәл қазіргі уақытта осындай ой толғақтары біздің қоғамымызға керекті бірден – бір қажеттілік.

Мәдениет пен өркениет бір – біріне өте жақын, төлтума ұғымдар. Әлемдік ғылымның алтын қорына алғашқы рет цивилизация - өркениет деген ұғымды енгізген шотланд философы Адам Фергюссон көрінеді. Дегенмен, бұл ұғымды қоғамдық болмыстың өзіндік диалектикасының қыры мен сырын терең зерттеу мәселесіне кеңінен қолданып, оны метолодогиялық қағида дәрежесіне көтерген К.Маркс пен Ф.Энгельс болып табылады. Өркениет туралы мәселе философия тарихында әр түрлі қырынан көрінеді.

Біріншіден, өркениет дегеніміз – адамзаттың даму процесінде тығылықтан кейін дүниеге келген ерекше тарихи кезең. Бұл кезеңнің негізгі ерекшеліктері – еңбек бөлісуі арқасында пайда болған адамдар арасындағы қарым – қатынастар онан әрі кеңейіп, товар өндірісінің пайда болуы, таптардың қалыптасуы, мемлекеттің дами бастауы.

Өркениет – бүкіл дүние жүзілік тарихи процестің белгілі бір тиянақты даму сатысы. Археологтар мен ежелгі тарихты зерттеушілер бұл ұғымды дәл осы мағынада пайдаланып жүр.

Өркениетті тарихи дамудың нақты кезеңі деп қарастыруды ең алғашқы рет Ш.Фурье ұсынған еді, осы теориялық дәстүр Л.Морган, Ф.Энгельс еңбектерінде одан әрі дамытылды.

Екіншіден, өркениет деп салыстырмалы тұйықталған, өзіндік ерекшелігі бар қоғамдастықты атаған. Бұл дәстүр И.Я.Данилевский еңбектерінде қалыптасқан. Кейінен осы концепцияны О.Шпенглер, К.Н.Леонтьев дамытқан.

Үшіншіден, өркениет адам баласының өмір сүру мүмкіндіктерін кеңейіп, табиғаттың дайын байлықтарын пайдаланып қана қоймай, оны қоғамдық өндірістік технология арқылы өзгерту дәрежесіне көтерілгендігін дәлелдейді. Еңбектің қалай іске асатыны, адамның табиғатқа әсер ету тәсілдері өндірісті қалай және қандай құрал – жабдықтармен жүзеге асыру мәселесі өте маңызды болды. Өркениет жалпы әлеуметтік прогрестің даму процестерімен тығыз байланыста өрбиді. Оның даму жолдарын өркениеттің төменгі сатысы, өркениеттің жалпы деңгейі, өркениеттің аралық сатылары сияқты терминдер арқылы сипаттауға болады.

Өркениетті жалпы қоғамдық дамудың жиынтық мәнездемесі деп қарастыруға болады, оған өзара диалектикалық қарым – қатынаста болып отыратын қоғамдық өмірдің объективті және субъективті заңдылықтары кіреді.

Мәдениеттің алғашқы нышандары еңбек, іс - әрекетпен бірге қалыптаса бастайды. Ал өркениет кейінірек пайда болады. Оның қалыптасуының алғышарттары қоғам дамуының әлеуметтік сипат алуы болып табылады.

Табиғатқа тәуелділіктен босаған адамдардың арасында шын мәнінде нағыз жалпы әлеуметтік қарым – қатынастар пайда бола бастады және адам өмірі күрделене түсті. Өркениет дамуына кеңінен жол ашатын маңызды фактор – қоғамдық әлеуметтік қарым – қатынастардың кеңейіп, нығаюы.

Мәдениет ұғымы адамзат дамуының барлық тарихи кезеңдерін қамтиды, оның аясына өркениетті даму да, одан бұрынғы даму да кіреді. Ал өркениет ұғымы қоғамдық прогресстің кейінгі кезеңдерінде пайда болған дамуын түсіндіреді.

Өркениеттің дамуы адамның табиғи шектілігін және бастауымен тығыз байланыстығын көрсетеді. Бір жағынан, адам табиғат заңдылықтарын танып, біліп, оған терең бойлау арқылы оны өзіне бағындырды, оның тікелей әсерінен бірте – бірте арыла отырып, өзіндік заңдылығы, уақыттың және әлеуметтік тарихи кеңістігі бар қоғамдық болмысты жасай алды. Екінші жағынан, адамның қоғамдық мәнін меңгеру адамның өзін - өзі басқарумен, басқаша айтсақ, өзінің жігері, еркі, темпераменті т.б. сияқты биологиялық - әлеуметтік қасиеттерін ұдайы тежеп, өзін - өзі ұйымдастыру дәрежесіне көтерілді.

Мәдениет және өркениетті зерттеу үшін олардың өзара бірлігі мен айырмашылығын көрсетіп отыратын тарихи өлшемді табуымыз қажет. Сол өлшем арқылы қоғамдық процестің осы екі жағын түсіндіріп қана қоймай, олардың әрқайсысына тән ерекше сипатты табуға да болады.

Осындай ерекше миссия мәдениет пен өркениетті өзара біріктіру және ажыратудың тарихи өлшемі болу – адам ұғымына тән болып табылады. Әрине, мәдениет те, өркениет те адам өзі дүниеге келтірген, өзі солар арқылы өмір сүріп отырған қоғамдық құбылыстар.

Қоғамдық – экономикалық формация, өркениет және мәдениет ұғымдарының өзара байланыстары мен ерекшеліктерін саралайтын болсақ, мәдениет және өркениет ұғымы қоғамдық дамудың іс - әрекеттік гуманистік қырына жатады, олардың арасында (жоғарыда біз көрсеткендей – М.Н.) өзара иерархиялық корреляциялық байланысы бар.

Формация және өркениет ұғымдарының өзара байланысы олардың қоғамдық дамуды саралаудың дербес екі түрлі жолының аясында тұрғандықтан, олардың бірін – бірі толықтыруымен түсіндіріледі.

Формация ұғымы арқылы қоғамдық дамудың әлеуметтік – экономикалық тынысы сарапталса, ал өркениет ұғымы қоғамды әлеуметтік мәдени тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік береді.

Жалпы социологияда өркениет ұғымын пайдалану қоғамдық дамудың көп жақтылығын, тарихи процестің субъектісі адамға біртұтас бағытталуының жүйелілігін анықтайды, өйткені, ол өзінің мағынасында қоғамдық қарым – қатынастардың даму деңгейінің тереңдігі мен гуманистік сипатын да көрсетіп отырады.

Өркениет терминін пайымдаудың қажеттігі кездейсоқтық емес. Оның өзі осы ұғымның даму тарихы таным контекстісі мен мақсаттардың әр алуандылығы, басқа да жақын ұғымдар мен байланысының, сонымен қатар, осы түсінікке сай келетін тарихи болмыстың күрделілігімен түсіндіріледі.

Өркениет ұғымы арқылы әртүрлі ұлттардың, халықаралық дамудың өзіне тән сапалық ерекшеліктері анықталады. Мәселен «ағылшын өркениеті», «Европалық өркениет» т.б. Жалпы адамзаттың даму заңдылықтарын зерттей отырып, өркениеттің тарихи формаларын да түсіндіруге болады. Мәселен, «антикалық өркениет», «феодалдық өркениет», «капиталистік өркениет».

Өркениет дегеніміз - өзіндік өндірістік технологиясымен оған сай мәдениеті бар тарихи нақты қоғамды білдіретін философиялық – социологиялық ұғым.

Мәдениет пен өркениет өзара қабыса бермеуі де мүмкін. «Европаның күйреуі» деген әйгілі кітабында О.Шпенглер өркениеттің кез келген мәдениеттің тағдыры екендігіне көңіл аударған еді. Оның пікірінше, өркениет қанат жайған сайын мәдениет күйреуге ұшырайды. Орыс ойшылдары Достоевский, Хомяков, Леонтьев мәдениет типтері мен өркениеттер типтерінің айырмашылығын түсініп, бұл мәселені Россия және Батыс мәдениетінің қарым – қатынасымен байланыстырды.

Ницше де осы мәселені көтерген еді. Адамзаттың алдыңғы қатарлы ойшылдарының бәрі де техникалық өркениет әлемінде рухани мәдениеттің дағдарысқа ұшырайтынын айтып ескертіп отырған.

Өркениетте кез келген идеология, рухани мәдениет тек қана қондырма рөлін атқарады. Өркениеттің рухани мәдениеттен айырмашылығы: біріншіден, оның негізін бейтарап, абстрактілі ақыл емес, практикалық, прагматикалық, негізгі бағыты айқындалған ақыл құрайды, онда діни факторлар жоқтың қасы; екіншіден, өркениет символикадан таза, ол әруақытта реалды, бейтарап және қарапайым.

Өркениетте бірлескен ұжымдық еңбек жекелік шығармашылықты бірте – бірте ысыра береді. Әрине, бұл тұлғалық ерекшеліктің дамуына өте қауіпті.

Өркениеттің дамуы үшін адамның жұмыс күші ретінде, әртүрлі құндылықтарды жасайтын жұмысшы ретінде дамуы тиімдірек. Сондықтан, адамның тұлға ретінде дамуы емес, керісінше, жұмыс күшінің структурасы және соны жетілдіру мәселесі көбірек қызықтырады. Бұл тұрғыдан келсек, өркениеттілік – бұл жоғары кәсіпкерлік, қоғам байлығын көбейтуге жағдай жасайтын қабілеттілік, қоғамдық қарым – қатынастарды жетілдіру. Мәдениеттілік – адамның рухани жетілуі. Мәдениет адамда біртұтастықты, намыс, ұят, ізгілік, турашылдық, өзін - өзі сыйлау сияқты жоғары адами қасиеттерді қалыптастырады. Тұлғалық, сонымен қатар, тың бастаулар тек қана мәдениетте дамиды.

Өркениет дәуірі адам өміріне машина ене бастағаннан бері дамыды, содан бері оның табиғи реті мен байланысы бұзылды. Өркениеттің негізін машина құрайды, сондықтан онда рухани мәдениеттің тұтастығы жоқ, онда арнайы мамандыру басым. Сөйтіп, мәдениет өзінің руханилығын жоғалтып, өркениетке айнала бастайды. Қасиетті рух өзінің ежелгі тұғырынан тайып, сапа санмен алмастырылады.

Өркениеттің жылдамдығы соншалық, онда өткен де, бүгін де жоқ, онда тек қана болашақ бар. Өркениет дәуірінде мәдениет әр уақытта романтикаға толы.

Өркениет – адамдарды бір – бірінен алыстатын әлеуметтік құндылықтарға негізделген, өйткені ол адамдарға зат, заттық қатынастар әлемін ұсынады. Материалдық құндылықтар жоғары саналатын қоғамда қоғамдық қарым – қатынастар әруақытта дағдарыста болып тұрады.

Мәдениет - өркениеттің негізі. Құндылық қарым – қатынас мәдениет пен өркениетті байланыстырады. Мәдениет әртүрлі құндылықтардың бірлігі ретінде адамды рухани бостандық сферасына енгізеді. Рухани мұраттар өмірге мағына береді, болашаққа жол ашады. Рухани құндылықтар мен мұраттарды қадірлейтін қоғамның болашағы бар.

XX ғасырдың аяқ шенінде қанат жайған әртүрлі елдердің экономикалық, әлеуметтік – саяси интеграция процестері сан алуан мәдени дәстүрлердің бір – бірімен ұшырасуын, кездесуін тездетуде. Соның нәтижесінде адамның өмір сүріп отырған заттық, болмыстық ортасы, оған тән әлеуметтік қарым – қатынастар жүйесі, коммуникация тәсілдері өзгерді. Ғылыми – техникалық прогресс өркендеген, робот пен электроника жұмыс істейтін, қуатты демократиялық қозғалыстар мен ақпарат тасқыны заманы бұрынғы методологиялық қағидалардың аясына сыймайтын тың, ауқымды оқиғаларды туғызуда. Өскелең заман қоғам танудағы көптеген ұғымдарға сын көзбен қарап, саралауды талап етуде.


32. Практика - әлемге адамның ерекше қарым – қатынасы.

1. Практика ұғымы, оның мәні.

2. Практиканың құрылымы және негізгі формалары.

3. Практиканың гносеологиялық функциялары.

Таным процесінде объект затсызданады (распредмемивается) және өмір сүрудің басқа түріне өтеді, яғни идеалды – идея немесе образ түріне өтеді. Игерілген объективті мәндер, күштер мен олардың заңдылықтары объективтік заттық формада, сол қалпында сақтау үшін ғана емес, соның ішінде келесі практикалық процесте қолдану үшін қажет болады, яғни үнемі жаңа практикалық процеске тартылып, іс – қимыл, процесс формасына ауысады. Бұрынғы игерілген «адамилық» адамдардың белгілі бір құралы, адами күш, мән, адами қабілет ретінде қатысады.

Таным процесі әруақытта әлеуметтік қатынастар мен мәдениет әлемінің белсенді ықпалымен іске асып отырады.

Философияда практика деп адамның өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында әлемді немесе өзін өзгертуге бағытталған әрекетін айтады. Практиканың негізгі түрі - еңбек. Еңбектің арқасында табиғи күштер өзгертіліп, табиғи заттар өңделіп, адамдар қызметінің құрамдас бөлігіне, адамға қызмет ететін құралдарға айналып отырады. Практиканың саяси, басқару, тағы да басқа формалары бар.

Біріншіден, практика – танымның қозғаушы күші, негізі мен бастауы. Практиканың нақты сұраныстары танымдық қажеттіліктерді және адамзаттық міндеттерін, тіпті танымның өзін іс - әрекеттің түрі ретінде тудырды. Мысалы, Көне Египетте жер өңдеу геометрия мен математиканың тууына себеп болды, ал кеме жөндеу мен сауда ісі астрономия мен басқа ғылымдардың дамуын жеделдетті.

Екіншіден, практика - өзінің сұраныстарымен танымның мақсаты. Адамдар алатын білім оларға өмірде пайдалану үшін қажет, өйткені білім заттар мен тауарлар, еңбек құралдарын өндіретін өндіріс үшін бірден – бір қажеттілік. Біздің өмірімізде аса маңызды қажеттілікке айналып отырған радио, теледидар физика және басқа да ғылымдардың жетістіктері нәтижесінде пайда болған. Егерде білім практикада қажет болмаса, оның әлеуметтік құндылығы төмендей береді.

Үшіншіден, практика – адам білімдері мен көзқарастарының ақиқаттығының өлшемі. Ғылыми болжамдар мен теориялардың нақтылығын практика дәлелдейді, немесе жоққа шығарады. Бірақ, бұл өлшем өзінің жетілмегендігінен әмбебап емес, өйткені әлем туралы көптеген болжамдар мен идеяларды практика жүзінде тексеруге немесе бағалауға болмайды. Сондықтан да ғылым білімнің ақиқаттығын негіздеу үшін басқа да тәсілді қолданады, мысалы, логикалық дәлелдеу.

Осы айтқандарымыздың бәрін қысқаша қорытсақ, практика дегеніміз – қоршаған орта мен өзін - өзі өзгертуге бағытталған адамдардың нақты іс - әрекеті. Оның негізгі түрлері:


    • материалдық өндіріс;

    • басқару іс - әрекеті;

    • ғылыми эксперимент;

    • әлеуметтік іс - әрекет;

Практиканың негізгі функциялары:

    • ақиқаттың өлшемі;

    • танымның қайнар көзі;

    • танымның мақсаты;

    • танымның нәтижесі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет