Ф-об-007/017 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Орынбор губернаторлығына қандай облыстар кірді ?



бет6/9
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#15792
1   2   3   4   5   6   7   8   9
6. Орынбор губернаторлығына қандай облыстар кірді ?

7. 1867-1868 жж. реформаның ең ауыр салдары неде?

8. 1867-1868 жж. реформа бойынша Қазақстанға неше буынды басқару жүйесі енгізілді?

9. 1867-1868 жж. реформа бойынша Қазақстандағы облыстарды басқаруға кімдер тағайындалды?

10. 1867-1868 жж. реформа бойынша Маңғыстау өлкесі қай облыстың құрамына енгізілді?

11. 1867-1868 жж. реформадан соң Бөкей хандығының жері қай генерал-губернаторлық құрамына енді?

12. 1867-1868 жж. реформа бойынша Қазақстандағы сот жүйесінің ең төменгі буыны қалай деп аталады?

13. 1867-1868 жж. реформа бойынша кімдер салықтан босатылды?

14. Ресей үкіметі қазақ даласын басқару туралы Ереженің үлгісін жасау үшін Дала комиссиясын қашан құрды?

15. 1868 ж. 21-қазанда қандай «Ереже» қабылданды?

16. 1886 ж. 2-мауысымдағы «Туркестан өлкесін басқару туралы ережеге» байланысты оның құрамына қандай облыстар кірді?

17. 1891ж. ережеге сай құрылған губернаторлық.

18. 1886 -1891жж. Ережеге сай құрылған жергілікті мұсылман тұрғындарының ісін қарайтын ең төменгі сот буыны қалай аталды?



19. Дала генерал – губернаторлығының орталығы қай қала болды?

20. Түркістан генерал – губернаторлығының орталығы.


21 - лекция. Тақырыбы:

ХІХ ғ. 60-70 жж. реформаның отаршылдық мәніне қарсы қазақ халқының азаттық көтерілістері.

Жоспары:

1. 1868-1869 жж. Орал, Торғай облыстарындағы азаттық көтеріліс.

2. 1870 ж. Маңғыстаудағы азаттық көтеріліс.

Лекция мақсаты:

Студенттерге 1868-1869 жж. Орал, Торғай облыстарындағы және 1870 ж. Маңғыстаудағы азаттық көтеріліс туралы түсіндіру.



Лекция мәтіні

1. 1868-1869 жж. Орал, Торғай облыстарындағы азаттық көтеріліс.

1867-1868 жж. реформаның қабылдануымен қазақ даласындағы отаршылдық езгі одан әрі тереңдей түсті. Кіші жүзде жер қатынастары бұрынғыдан бетер шиеленісті. Жаңа бекіністер салуға, орыс-казактар қонысына қазақтардың шұрайлы жерлері көптеп тартып алынды. Қазақтарға отарлық салық жүйесі де ауыр тиді: Жетісу мен Сырдария облыстарында 2 сом 75 тиын, ал қалған далалық облыстарында 3 сом болып келетін шаңырақ салығы мемлекеттік салық еді. Земство салығын қосқанда 3 сом 50 тиын, шекара маңында 4 сомға жеткен салық қазақ шаруаларын ауыр жағдайға душар етті. Бұл аздай қой басына –15 тиын, ірі қараға-18, жылқыға –23, түйеге-38 тиыннан ақы алынды.

1868 ж. желтоқсанда “Уақытша Ережені ” жүзеге асыру үшін жер-жерлерге ұйымдастыру комиссиялары шығарылды. Олар жұртты ауыл-ауылға бөліп, оларды басқаратын ауыл старшындарын, болыстарды сайлауға, әр үйден көбейтілген жаңа мөлшерде салықтар жинауға тиіс болатын. Қазақтар “Уақытша Ережеге” үзілді–кесілді қарсы шықты, бұрынғыдай көшіп-қонудың сақталуын жақтады, жаңа салықтардан, уезд бастықтарының тағайындалуынан құтқаруды, жер сатуды жоюды т.б. талап етті. Жайылымдарды жаңа әкімшілік арқылы пайдалану баяғыдан келе жатқан тәртіпке қайшы келді. Мұндай жағдайда ата-бабасынан келе жатқан жайлау, қыстаулар басқа болыс, уездерге ауысып кететін болды. Мұның бәріне халық ашық қарсы болып, оны қабылдамады.

1868 ж. желтоқсанда басталған көтеріліс 1869 ж. наурызда бүкіл Орал облысын, Торғай облысының батысы мен оңтүстігін түгел қамтыды. Бұл көтерілісті Сейіл Түркебаев пен Беркін Оспанов басқарды. Көтерілісшілер найза, қылыш соқты, қару-жарақ, оқ-дәрілер іздестіріп тапты. Ембі өзенінен оңтүстік пен солтүстікке қарайғы бүкіл өңір көтерілісшілердің бақылауында болды. Ресей соғыс министрі Милютин Орынбор губернаторы Н.А. Крыжановскийге көтерісті бсып–жаншуға шұғыл және батыл түрде кірісуді талап етті. 1869 ж. наурыз-мамырда Мәскеуден, Петербургтен, Харьков, Қазаннан 57 офицер, 510 атқыш әкелініп, бұған қосы 5300 қарулы әскер мен 20 зеңбірек шығарылды.

Көтерілісшілер Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі Жамансай көлі маңында подполковник фон Штемпельдің отрядымен шайқасқа түседі. 20 мыңдай көтерілісші оларды 7 күн бойы қоршауда ұстап, бірнеше рет шабуылдайды. Азық тиеген 13 көлігінен айрылып, 3 әскері өліп, 5 адамы жараланған фон Штемпель ақырында Калмыков бекінісіне қашып барып тығылады. Көтерілісшілердің екінші тобы майор Пироговтың отрядын өкшелей қуып, Ащыбұлақ өзені бойында бірнеше рет шабуылдайды. Подполковник Рукиннің, Юрковскийдің отряды да шегінуге мәжбүр болады. Көтеріліс қарқыны патша үкіметін қатты шошытты. Оны басып жаншу үшін 1700–ден астам қарулы әскері, көптеген зеңбіректері бар ірі жазалаушы отрядтары Орал облысының әскери губернаторы Веревкиннің өзі басқарып шықты. Сөйтіп, ұйымдасу жағы төмен, нашар қаруланған, түпкі мақсаттарына жете түсінбей стихиялы басталған көтеріліс ақырында жеңіліс тапты.

2. 1870 ж. Маңғыстаудағы азаттық көтеріліс.

Маңғыстаудағы көтеріліс те Орал, Торғайдағы сияқты 1867–1868 жж. реформаның енгізілуіне байланысты болды. Маңғыстаудағы толқудың негізгі себептерінің бірі - патша өкіметінің жер жөніндегі саясаты, соның ішінде адайларға өз жайлауларын пайдалануға тыйым салу болды. Сонымен қатар, патша үкіметінің жаңа алым-слық жүйесін енгізудегі зорлық-зомбылығы да адайларды қатты ашындырды.

1870 ж. 15 наурызда Маңғыстау өлкесінің приставы подполковник Рукин қарамағында 4 офицер, 36 казак, би Майұлы, тілмәш Бекметұлы және 60 адамы бар топпен адайларға “Ережені” қабылдатып, салық төлету үшін жорыққа шықты.

Досан батыр Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған 400-ден астам көтерілісші 1870 ж. 24 наурызда ертемен Үшауыз деген жерде Рукин отрядын қоршады. Қатты шайқас болып, нәтижесінде Рукиннің отряды талқандалды. Рукин өзін-өзі атты. Бұл жеңіс қазақтарды рухтандырды. Көтеріліске балықшылар мен жұмысшылар да қосылып, көтерілісшілердің жалпы саны 10 мыңға дейін жетті. Азаттық көтеріліс бүкіл Маңғыстауды шарпыды. Көтерілісшілер балық өнеркәсібіндегі қайықтар мен кемелерді басып алып, өзінше «флотилия» да ұйымдастырды.

Сандары көбейтіп, жұрттың қолдануын тапқан көтерілісшілер Сарытастағы казактар жайлаған балықшылар қонысына шабуыл жасап, оны талқандап, Форт-Александровскийге қарай бет алды. 2-сәуірде олар Николаевск станциясын қоршап, оны толыққа жақын талқандайды. Үйлер мен кеңселерді өртеп, көптеген әскери адамарды өлтіріп, тұтқындайды. 5-сәуірде Досанның жасағы Форт-Александровск бекінісін қоршауға алады. Бірақ әскери техникамен жақсы қаруланған оқ боратып, алдырмайды. Көтерілісшілер шегінді. Бұл көтеріліс патша әкімшілігіне үлкен Маңғыстауға 7 ротадан артық жаяу әскер, 6 атты әскер жүздігі, 4 зеңбірегі бар екі взвод жинады. Соғыс министрі Милютиннің “бұларды келістіріп жазалау керек” деген нұсқауына сай жазалаушылар үш ай бойы Маңғыстаудан кетпей, көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншып жазалады. Көтеріліс басшылары Досан Тәжіұлы, Иса Тіленшібайұлы 3000 дай шаңыраққа бас болып, 1870 ж. желтоқстанда Хиуа хандығына өтіп кетті. Адайлардан соғыс шығыны ретінде 90 мың қой өндіріліп алынды.

Сонымен, ХІХ ғ. 60-70 жж. Орал, Торғай облыстарында және Маңғыстауда болған азаттық көтерілістер қазақ халқының патша үкіметінің отарлық езгісіне қарсы азаттық жолындағы ірі бас көтерулерінің бірі болып табылады.



Бақылау сұрақтары

1. 1867-1868 жж. реформаның қабылдануымен қазақ даласындағы отаршылдық езгі одан әрі тереңдеуі.

2. 1868-69 жж. Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістің себептері.

3. Көтерілісшілердің қойған талаптары.

4. 1868-69 жж.Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістің сипаты және қозғаушы күштері.

5. Көтерілісшілердің басшылары.

6. Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістің барысы.

7. Жамансай көлі маңындағы шайқас.

8. Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістің жеңілу себептері.

9. Маңғыстаудағы адайлар көтерілісінің себептері.

10. Маңғыстаудағы адайлар көтерілісінің сипаты және қозғаушы күштері.

11. Маңғыстау көтерілісінің басшылары.

12. Подполковник Рукиннің отрядын талқандау.

13. Маңғыстау көтерілісінің барысы.

14. Патша үкіметінің Маңғыстау көтерілісін жазалауы.

15. Көтерілісшілердің бір бөлігінің Хиуаға көшуі.

16. Маңғыстау көтерілісінің жеңілу себептері.

17. Орал, Торғай облыстарындағы және Маңғыстаудағы азаттық көтерілістердің тарихи маңызы.



22 - лекция. Тақырыбы:

Патшалық Ресейдің Қазақстанға қоныс аудару саясаты.

Жоспары:

1. Патша үкіметінің аграрлық саясатының отаршылдық мәні.

2. Шаруаларды қоныс аударту туралы “Уақытша Ережелер”

3. Қоныс аудару қозғалысы.



Лекция мақсаты: Студенттерге патша үкіметінің аграрлық саясатының отаршылдық мәнін, орыс шаруаларын қоныс аударту туралы “Уақытша Ережелер” және қоныс аудару қозғалысының барысы туралы түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Патша үкіметінің аграрлық саясатының отаршылдық мәні.

Патша өкіметі ХІХ ғ. екінші жартысында өзінің аграрлық саясатының ажырамас бөлігі болып табылатын қоныс аударту мәселесіне баса назар аударды. Ресейде 1861 ж. крепостниктік құқының жойылуы ондағы аграрлық мәселені шеше алмады. Елде шаруалардың толқулары жалғаса берді. Сондықтан патша үкіметі, біріншіден, шаруалардың революциялық толқуларын әлсірету үшін, екіншіден, ішкі Ресейдегі жетіспей жатқан жер мәселесін шешу үшін және үшіншіден, болашақта Қазақ елін кең көлемде отарлай түсуде онда өзіне тірек жасау үшін орыс шаруаларын Қазақстан сияқты шет аймақтарға қоныс аудартуды ұйғарды.

Алғашқы кезде патша өкіметінің қазақ өлкесін әскери казак-орыс отарлауымен шектелген болса, енді ХІХ ғ. 60 жж. ортасынан бастап Қазақстанға орталық Ресейден орыс шаруаларын да қоныс аудартуды бастады. Мұндай қоныс аударту ХІХ ғ. 70-80 жж. жаппай сипат алды.

Қазақстанға орыс шаруаларын қоныстандыру Батыс Сібір Бас басқармасының 1866 ж. 20-қазандағы қаулысынан алғаш көрінеді, онда былай делінді: “Адамгершілік қасиеттері мен материалдық қаражаттары өздерінің сенімділігіне жеткілікті дәрежеде кепілдік бола алатын орыс жұмысшы семьяларына Қырғыз даласына қоныстандыруға рұқсат етілді”. Жергілікті әкімшілік те дәл сондай позиция ұстанды. Мысалы, Алатау округі бастығының баяндамасында “өлкені орыстардың ойдағыдай отарлауы үшін колонистердің шаруашылық және адамгершілік жағынан қамтамасыз етілген адам құрамы қажет” делінген.

Қысқасы, патша үкіметі Қазақ өлкесін кеңінен отарлап, ондағы отаршыл әскерлерді толықтыру үшін және қазақтар арасында орыстандыру саясатын жүргізу үшін орыс шаруаларын Қазақ өлкесіне қоныстандыруға ерекше мән берді. Бұған 1867-1868 жж. реформа бойынша бүкіл Қазақ жерінің Ресейдің мемлекеттік меншігі болып жариялануы заңдық негіз болды.

2. Шаруаларды қоныс аударту туралы “Уақытша Ережелер”

Патша үкіметі өзінің Қазақстандағы аграрлық саясатының мақсаттарын белгілеп алғаннан кейін оларды жүзеге асыруға кірісті. Жетісу өлкесінің губернаторы Г.А. Колпаковский бірінші боп ұсыныс көтеріп, өзінің басшылығымен 1868 ж. “Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы Уақытша ережелер ” қабылдады. 1883 ж. дейін күшін сақтаған бұл ережелерге сәйкес жан басына 30 десятина мөлшерде жер берілді, қоныстанушылар 15 жыл мерзімге салықтардан және алуан түрлі міндеткерліктерден босатылды. Тіпті, мұқтаж жанұяларға 100 сомға дейін қарыз ақша да берілді.

1883 ж. Жетісу облысының Дала генерал-губернаторлығына қарауына байланысты жергілікті әкімшілік “Облыстың отырықшы халқын жерге орналастыру туралы Ереже” , яғни байырғы тұрғындарды, жаңадан келушілерді, сондай-ақ Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендерді орналастыру туралы Ереже шығарды. Ол бойынша жан басына берілетін жер мөлшері 10 десятина болып белгіленді. Қоныстанушылар салықтар мен міндеткерліктерден 3 жылға босатылды.

1889 ж. 13-шілдеде “Село тұрғындары мен мещандарының қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы және олардың бұрынғы қоныс аударғандар жағдайын қарастыруы жөнінде Ереже ” қабылданды. Бұл “Ережеге” сәйкес жан басына берілетін жер мөлшері 15 десятина болып белгіленді. Тобыл, Том губерниялары шаруалардың қоныс аударатын басты аймақтары ретінде белгіленді.



3. Қоныс аудару қозғалысы.

Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыруда 1892 ж. құрылған Сібір темір жол комитеті маңызды роль атқарды. 1893 ж. “Уақытша Комиссиялар” құрылды. Олар қоныс аударатын жерлерді белгілеп, артық жерлерді анықтаумен айналысты.

ХІХ ғ. 90 жж. орта шетінен Сібір мен Қазақстанға шаруалардың қоныс аударуы үдей түсті. Сондықтан 1894-1895 жж. өзінде-ақ қазақ өлкесінің басы артық жерлерін анықтап, оны “қоныс аудару қорына ” қосу үшін барлық жерді зерттеу қажеттігі туралы мәселе қойылды. Осыған байланысты 1896-1902 жж. белгілі зерттеуші Ф.Шербина бастаған экспедиция қазақ өлкесін зерттеді. Қоныстандыру саясатының нәтижесінде 1897 ж. қазақтардың жалпы халыққа шаққандағы үлес салмағы 67,7 пайызға төмендеді.
Бақылау сұрақтары

1. Патша үкіметінің орыс шаруаларын Қазақстанға қоныс аударуының себептері .

2. «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережені» кім және қашан қабылдады?

3. Ресейден Қазақстанға орыс шаруаларын жаппай қоныс аударту қашан басталды?

4. «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы ережелерге» сәйкес жан басына қанша мөлшерде жер берілді?

5. «Село тұрғындары мен мещандарының қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы және олардың бұрынғы қоныс аударғандар жағдайын құрастыруы жөніндегі Ереже» қашан қабылданды?

6. «Жетісу облысында жаңадан келушілерді, сондай-ақ Шығыс Түркістанан қоныс тепкен ұйғырлар мен дүнгендерді орналастыру туралы Ереже» қашан қабылданды?

7. Жетісуға ұйғырлар мен дүнгендер қашан көшіп келді?

8. «Жетісу облысында Шығыс Түркістаннан көшіп келген ұйғырлар мен дүнгендерді орналастыру туралы Ережеге» сәйкес жан басына берілетін жер мөлшері қанша десятина

болып белгіленді?

9. « Село тұрғындары мен мещандарының қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы және олардың бұрынғы қоныс аударғандар жағдайын құрастыруы жөніндегі Ережеге» сәйкес жан басына берілетін жер мөлшері қанша десятина болып белгіленді?»

10. « Село тұрғындары мен мещандарының қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы және олардың бұрынғы қоныс аударғандар жағдайын қарастыруы

жөніндегі Ереже» бойынша Қазақстанның қай облыстары басты қоныс аударатын аймақтар болып белгіленді?


  1. Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныс аудартуда Сібір темір жолының маңызы.

  2. Щербина экспедициясы.

14.1897 ж. санақ бойынша қоныс аударту нәтижесінде қалыптасқан демографиялық ахуал.

23 - лекция. Тақырыбы:

ХІХ ғ. 2- жартысындағы Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік дамуы.

Жоспары:

1. Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі. Өнеркәсіптің, сауданың және қалалардың дамуы.

2. Қазақ ауылының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер.

Лекция мақсаты: ХІХ ғ. екінші жартысындағы Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі, өнеркәсіптің, сауданың, қалалардың дамуы және қазақ ауылының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістерді студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі. Өнеркәсіптің, сауданың және қалалардың дамуы.

ХІХ ғ. 2 - жартысында Қазақстанға капиталистік қатынастар ене бастады. Қазақстанға Ресей капиталы тартылды. Ол әсіресе пайдалы қазбаларды шығару және өңдеуге, ауылшаруашылығы шикізаттарын өңдеу өнеркәсібіне және саудаға салынды. Ресей капиталы үшін мұнда аса тиімді, қолайлы жайлар көп еді: жер қойнауының қазба байлықтардың аса молдығы, жердің өте арзандығы, шикізаттың арзандығы, жұмыс күшінің арзандығы т.б.

Кен өндіру өнеркәсібі өлкенің өнеркәсіп өндірісінің маңызды саласы болды. Тау-кен өнеркәсібі зауыттары негізінен Ақмола, Семей облыстарының Баян Ауыл, Қарқаралы, Ақмола және Алтай уездерінде болды. Мұнда мыс, күміс-қорғасын рудниктері мен зауыттары, көмір, алтын өндірісі болды. 1896 ж. бір ғана Қарқаралы уезінде 70-ке жуық шағын мыс, 170 күміс-қорғсын, 3 темір т.б. рудниктер болды. Ұсақ, орта өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірге жұмысшы саны 300-ден 500-ге дейін жететін Спасск мыс зауыты, Успен руднигі, Қарағанды көмірі кәсіпшілігі, Екібастұз және Риддер өнеркәсіпорындары сияқты ірілері жұмыс істеді. Күннен күнге күшейе түскен капиталистік қатынастар сауданың қатты дами түсуіне себепші болды. Империя мен отар өлке арасындағы тауар алмасу мен айырбас кеңейді. Ресейден Қазақстанға түрлі маталар, металл бұйымдар, самауыр, қазан, орақ, шалғы, балта т.б. заттар әкелінді. Орта Азия хандықтарынан да қазақтарға түрлі тауарлар келіп жатты. Ал қазақтар сыртқа негізінен мал мен мал шикізатын, астық шығарды. Қазақ-орыс сауда байланыстарын дамытуда жәрмеңкелер ерекше орын алды. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 ж. Бөкей Ордасында ашылды. Жәрмеңке саудасы әсіресе Ақмола облысында күшті дамыды. Онда Тайыншакөл (Петропавл), Констанинов (Ақмола), Петров (Атбасар), Қоянды (Қарқаралы уезі) сияқты аса ірі жәрмеңкелер және 50- ден астам ұсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. Бұдан өзге Семей облысында Шар жәрмеңкесі, Жетісуда – Қарқара, Сырдария облысында - Әулиеата, Орал облысында - Ойыл, Темір сияқты ірі жәрмеңкелер жұмыс істеді. Олардың әрқайсысының тауар айналымы миллион сомға жетті.

1897 ж. бүкіл халықтық халық санағы бойынша ірі қалалар мыналар еді: Орал-36446 адам, Верный - 22744, Семей - 20216, Петропавл - 19688, Жаркент - 16094, Қостанай -14275, Әулиеата - 11722, Ақмола - 9688, Гурьев - 9322, Өскемен - 8721, Павлодар - 7738, Перовск - 5058, Көкшетау - 4962, Қарқаралы - 4451, т.б. Қалалардың дворяндар, офицерлер, көпес-саудагерлер, әр саладағы интеллигенция өкілдері, қызметкерлер, жұмысшылар, т.б. тұрды.



2. Қазақ ауылының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер.

ХІХ ғ. ортасынан бастап Қазақ жеріне капиталистік қатынастрының тарала бастауы қазақ ауылының шаруашылық өміріне, әлеуметтік топтарының жағдайына әсерін тигізбей қоймады. Дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстауда, Бетпақдалада, Орталық Қазақстанда, Сырдария, Семей, Ақмола облыстарының далалы аудандарында сақталды. Брақ мұның өзінде мадың құрамы, жерді иелену сипаты бұрынғы көшпелі шаруашылыққа көп ұқсай бермейтін еді. Жылқы санының азайып, сиыр санының көбеюі де біртіндеп ауыл өміріне ене бастаған капитализмнің көрінісі еді. Капиталистік қатынастарының етек алуы және Қазақстанға орыс, украин шаруаларын қоныс аударту отырықшы егіншіліктің кең тарауына себепші болды.

ХІХ ғ. 70-80 жж. бастап кедейленген қазақтар күнкөріс көзін табу мақсатымен тау-кен орындарына, қалалы жерлердегі ірілі-ұсақты кәсіпорындарға кетіп, сонда жалданып жұмыс істей бастады. Оларды жатақтар деп атады. Олар ауылдық пролетариаттың әлі қалыптасып үлгермеген тобына жататын еді.

Өнеркәсіптің дамуымен жергілікті жұмысшы табы қалыптаса бастады. Жұмысшылардың дені Ресейден қоныс аударылғандар еді. Қазақтар көбіне ең ауыр, жалақысы аз жұмыстарға салынды. Кейбір кәсіпорындарда қазақтар 60-70 пайызға жетті. Әйелдер мен балалар еңбегі де кеңінен қолданылды. Ересек ер кісілерге қарағанда бұлардың еңбегі едәуір арзан болды. Мысалы, ХІХ ғ. соңында кен орындарында 16 жасқа дейінгі балалардың үлесі 14 пайызға жетті. Қазақстан өнеркәсіптеріндегі орташа айлық жалақы Ресейдегімен салыстырғанда 2-3 есе аз болды.


Бақылау сұрақтары:

1. Ресей капиталы үшін Қазақстанның маңызы

2. Қазақстанға Ресейден капиталистік қатыныстардың ене бастауы

3. Қазақстандағы капиталистік қатынастардың ерекшеліктері

4. Қазақстандағы тау кен өнеркәсібінің дамуы

5. Өнеркәсіп жұмысшыларының қалыптасуы

6. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы

7. Қазақстандағы өнеркәсіптің құрылымы

8. Қазақстандағы сауданың дамуы

9. Қазақстандағы жәрмеңкелер

10. Қоянды жәрмеңкесі

11. Жәрмеңкелердегі сауда айналымы

12. Қазақ – орыс сауда байланыстары

13. Қазақ – Қытай сауда байланыстары

14. Қазақстандағы ірі сауда орталықтары

15. Қазақстандағы темір жолдардың салыны бастауы

16. XIXғ. Қазақстан қалалырының дамуы. Ірі қалалар

17. Қала халқының әлеуметтік құрамы

18. Қазақ ауылына капиталистік қатынастардың тартыла бастауы.

19. Капиталистік қатынастардың тартыла бастауымен қазақ ауылының әлеуметтік құрамының өзгеруі.

20. Жатақтар тобы, олардың ерекшеліктері.

24-лекция. Тақырыбы:

ХІХ ғ. Қазақстан мәдениеті.

Жоспары:

1. ХІХ ғ. қазақ әдебиеті. Ақын-жыраулар творчествосы.

2. Халыққа білім беру ісінің дамуы.

3. Қазақстанды орыс ғалымдары мен зерттеушілерінің зерттей бастауы.



Лекция мақсаты: ХІХ ғ. қазақ әдебиеті, ақын-жыраулар творчествосы, халыққа білім беру ісінің дамуы, Қазақстанды орыс ғалымдары мен зерттеушілерінің зерттей бастауы туралы студенттерге таныстыру.

Лекция мәтіні

1. ХІХ ғ. қазақ әдебиеті. Ақын-жыраулар творчествосы.

ХІХ ғ. 1-жартысында қазақ әдебиетінде 2 идеялық ағым: еңбекші халық бұқара мүддесін білдірген ақындар, суырып салма жыршылар мен ірі феодал–ақсүйектердің мүдделерін жақтаған ақындар қалыптасты. Ақындық өнері халық арасында кеңінен таралғандар ішінде Шернияз, Орынбай, Шөже, Сүйінбай, т.б. ерекше із қалдырды.

ХІХ ғ. көрнекті қазақ ақыны Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) болды. Ол езілген елдің жоғын жақтап, ар намысын қорғаған күрескер ақын. Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар қозғалысына бастан аяқ қатысқан, сол қозғалыстың ең бір табанды сарбазы, жалынды үгітшісі, өз кезеңінің ірі қоғам қайраткері. Еліне, халқына шын беріліп, сол үшін шыбын жанын пида еткен ақын, асыл ер. Қалың бұқара мақсатын жоғары ұстай білген азамат ақын.

Шернияз Жарылғасұлы (1807-1867 жж.) қазіргі Ақтөбе облысы Ойыл ауданында туған. Шешендік өнерге, ауыз әдебиетіне жасынан құмар болған оның ақындық талабы ерте оянды. Исатай, Махамбет бастаған көтеріліске қатысты. ХІХ ғ. 1-жартысына тән халық мәдениетінде айшықты із қалдырған Шернияздың әдебиет саласына қосқан бір жаңалығы дәстүрлі сурып-салма ақындық өнерін одан әрі жетілдірді.

Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895 жж.) Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Жастай екі көзінен бірдей айырылған Шөже қобыз тартып, өлең айтуға машықтанды. Ақындық өнері күн көрудің көзі болды. Шөже даңқы жұртқа тараған айтыс ақыны. Шөже – ірі эпик ақын. Әйгілі “Қозы-Көрпеш Баян сұлу” жырының ең көркем нұсқасы осы Шөженің айтуымен таралды.

Сүйінбай Аронұлы (1822-1895 жж.) – қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақәстек деген жерінде дүниеге келген. Тапқыр, тілге жүйрік Сүйінбай 14-15 жасынан-ақ ақындық өнерге машықтана бастады.

Халықтың сүйікті ақыны Сүйінбай өз өлеңдерінде өмір шындығын,қазақ еңбекшілерінің ой-арманын жырлап өткен.

2. Халыққа білім беру ісінің дамуы.

ХІХ ғ. басында Қазақстанда оқыту негізінен шәкірттерге “Шариғат ұл-иман” (мұсылман дінінің ережелері): “Әпитек ” (құранның 7 ден 1 бөлігі) сияқты діни бағыттағы кітаптарды, ислам дінінің қағидаларын үйретуге бағытталды. Білімін жалғастыру үшін ауқатты ата-аналар балаларын Бұқар, Самарқанд, Хиуа, Ташкентке жіберіп отырды. Олар мұнда араб тілін, араб философиясын т.б. оқып үйренді.

Қазақстанның Ресейге қосылуы мұнда орысша білім берудің дамуына да жағдай тудырды, ол Омбыда, Орынборда, Оралда, Семейде және басқа қалаларда құрылған орыс мектептерінен басталды.

Қазақтар арасында орысша білім берудің өрістеуіне 1789 ж. қазақ халқының дәулетті топтары ішінен тілмаштар мен писарлар даярлайтын “азиялық мектептің” ашылуы көмектесті. Мектеп түлектері орыс тіліне қоса араб, парсы, түрік, қытай т.б. шығыстық тілдерді меңгерді, топографиялық және жер өлшеу ісін білді. 1813 ж. Омбыда, 1825 ж. Орынборда ашылған әскери училищелер ресейлік билеу әкімшілігі үшін шенеуніктер даярлаумен айналысты. Осындай орысша және татарша сауат ашатын мектептердің бірін ұйымдастырған Бөкей Ордасының ханы Жәңгір болды. 1841 ж. Ордада ұйымдастырған бұл мектепте сабақ татар және орыс тілдерінде жүргізілді. 1850 ж. Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан қазақтарға орысша білім беретін бірнеше мектептер ашылды.



3. Қазақстанды орыс ғалымдары мен зерттеушілерінің зерттей бастауы.

ХІХ ғ. 20-40 жж. Қазақстанды зерттеуде жаңа кезең басталды. 1848-1849 жж. С. Карелиннің Каспий теңізіне және капитан-лейтенант Бутаковтың Арал теңізіне жасаған экспедициялары маңызды роль атқарды. Олар Сырдария өзінінің жағалауын суретке түсіріп, Арал теңізі мен оған құйып жатқан Сырдарияның тереңдігін анықтады, олардың дәлме-дәл карталарын жасады.

ХІХ ғ. орта шенінде Қазақстанда болған ірі-ірі экспедицияларды Ковалевский, Северцов, Васильев, Данилевский, Небольсин т.б. басқарды. Олар Қазақстанның табиғатын, халқының мәдениеті мен тұрмысын зерттеді. Қазақ жерін топографиялық картаға түсірумен шұғылданды, табиғи байлықтарын зерттеді.

Қазақстанды зерттеуде 1845 ж. құралған Орыс географиялық қоғамы зор роль атқарды. Шын мәнінде бұл қоғам Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының тұңғыш базасы болды.

Қазақстанның тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуде А. Левшиннің “Қырғыз –қазақ немесе қырғыз –қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген 3 томдық еңбегінің зор маңызы болды.

Қазақ халқының өмірі мен тарихына, шығармашылығына көңіл бөлген орыс мәдениетінің тамаша өкілдері ішінен В.И. Дальдің есімі көрнекті орын алады. Ол 1833-1841 жж. Орынбор әскери губернаторының жанында ерекше тапсырмалар орындайтын чиновник қызметін атқара жүріп, 8 жыл ішінде түркі тілдес халықтарының жазбаларын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырды, әңгімелер т.б. шығармалар жазды. Ол 1836-1838 жж. азаттық көтеріліс басшылары Исатай мен Махамбетке жанашырлық білдірді.” Бөкей мен Мәулен” повесін жазып, онда қазақтардың тұрмыс жағдайын сипаттап жазды.

Орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин шығармасының бір тармағы Орынбор өлкесімен, 1773-1775 жж. Жайық жағасында басталған Пугачев көтерілісімен байланысты. 1833 ж. осы көтеріліс туралы мәлімет жинауға келген А.С. Пушкин Орынбор өлкесіне 1 аптадан артық қазақтардың өмірін өз көзімен көрді. Нәтижесінде ол “Пугачев бүлігінің тарихын” жазды. Онда ол қазақтардың көтеріліске қатысқанын және бұл соғыстың мақсаттары қазақтар мүддесіне жақын болғанын көрсететін фактілер келтірілген. Пушкин Оралда “Қозы көрпеш –Баян сұлу ” поэмасын жазып алды.

Бақылау сұрақтары:

1. ХІХ ғ. 1-жартысында қазақ әдебиетіндегі идеялық ағымдар.

2. ХІХ ғ. ақындық өнерімен халық арасында терең із қалдырған ақындар.

3. Махамбет Өтемісұлы (1803-1846 жж.)

4. Шернияз Жарылғасұлы (1807-1867 жж.)



5. Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895 жж.)

6. Сүйінбай Аронұлы (1822-1895 жж.)

7. Жанақ Сағындықұлы (1770-1846 жж.)

8. Дулат Бабатайұлы (1802-1874 жж.)

9. Шортанбай Қанайұлы (1819-1881 жж.)

10. Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906 жж.)

11. ХІХ ғ. басында Қазақстандағы оқыту-ағарту жүйесінің ерекшеліктері.

12. Азиялық мектептің ашылуы.

13. Омбы мен Орынбордағы әскери училищелердің ашылуы.

14. Жәңгір хан ашқан қазақ балаларына арналған мектеп.

15. Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы мектептің ашылуы.

16. Карелиннің және Бутаковтың экспедициялары.



17. Қазақстанды зерттеудегі 1845 ж. құралған Орыс географиялық қоғамының маңызы.

18. А. Левшиннің қазақ тарихын зерттеудегі ролі.

19. В.И. Дальдің шығармашылығы.

20. Орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин шығармашылығының бір тармағының Қазақстанмен байланысы.


25 - лекция. Тақырыбы:

ХІХ ғ. - қазақ мәдениетінің алтын ғасыры. Қазақ халқының ұлы ағартушылары.

Жоспары:

1. Ш. Уалиханов – қазақтың тұңғыш ұлы ағартушы ғалымы.

2. Ы. Алтынсарин – ұлы ағартушы педагог.

3. А. Құнанбаев – қазақтың ұлы ағартушы ақыны.



Лекция мақсаты: Қазақ халқының ұлы ағартушылары – Ш. Уалиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев жөнінде, олардың ағартушылық, шығармашылық мұралары туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Ш. Уалиханов – қазақтың тұңғыш ұлы ағартушы ғалымы

Ш.Ш. Уәлиханов 1835 ж. қарашада Құсмұрын қамалында туған. Шоқан алғаш Құсмұрындағы жеке қазақ мектебінде арабша хат танып, қарындашпен сурет салуды үйренді. Шығыс ақындарының өлеңдерін жаттады. Шоқанның ғылымға ден қоюына оның әкесі Шыңғыстың ауылында академик Шренк, декабристер Семенов, Штенгель, Басаргин сияқты аса білімді адамдар, Қазан университетінің студенттері Сотников, Костылецкий және Сейфуллин болып тұратын.

1847 ж. күзде 12 жасар Шоқан Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түсті. Шоқан алғаш орыс тілін білмейтін еді, бірақ ерекше қабілеті арқасында бұл қиыншылықты тез жеңіп шықты. Үздік оқыды. Шоқан оқуды 1853 ж. “корнет” деген офицерлік атақ алып бітіріп шықты.

1855 ж. ол генерал Г.Х. Гасфорттың саяхатына қатысып, Жетісу, Тарбағатай, Орталық Қазақстан, Іле өңірінде болып, тарихи аңыздарды, өлеңдерді т.б. жинай жүреді. 1856 ж. Шоқан Ыстықкөлдің көлемін топографиялық , картографиялық тұрғыдан сипаттады.1857 ж. Алатау қырғыздарына сапарында ол қырғыздың тамаша эпосы – «Манас» шығармасына көңіл аударды.

1858-1859 жж. Шоқан өзін әлемге әйгілі еткен Қашқария саяхатына барып қайтты. Марко поло мен Гоестен кейін бұл елге алғаш барған Шоқан еді. Нәтижесінде ол “Алтышардың немесе Қытайдың Нан-лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы” деген күрделі зерттеу еңбек жазды. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, географиясына, әлеуметтік құрылысына арналған тұңғыш ғылыми еңбек еді.

1859 ж. аяғында Ш.Уалиханов Петурбугке келді. Бұл оның өмірінің жарқын беттерінің бірі болды. Мұнда ол алдыңғы қатарлы орыс интеллигенциясымен араласты. Олардың ішінде әсіресе оның ең жақын досы Достоевский де болды.

1861 ж. көктемде ауыр науқас болған ол Петербургтен кетуге мәжбүр болды. 1865 ж. сәуірде Көшен тоғаны деген жерде Тезек төренің ауылында қайтыс болды.

2. Ы.Алтынсарин – ұлы ағартушы педагог.

Аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, жаңашыл педагог Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Қостанай облысында дүниеге келді. 1850 жылы ол Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы мектепке түсіп, оны алтын медальмен бітіріп шықты.

Мектепті бітіргеннен кейін Ы. Алтынсарин үш жылдай (1857-1860) атасының қол астында кеңсе қызметкері, содан соң 1859 жылдың 1 тамызынан бастап Орынбор басқармасында тілмаш болып қызмет етті. 1860 жылы облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды да, өзін сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындады.

Оның өміріндегі ең маңызды оқиға – оның 1864 жылы 8 қаңтарда қазақ балаларын оқытуға арналған өзінің тұңғыш мектебін ашуы болды.

1868 жылы Алтынсарин Торғай уездік басақармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасып, содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен ол ауылдарда жиі болып, басқарушыларымен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Сайлау кезінде ол әділ шешім шығарылуы үшін, дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты.

Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Мәселен, ол 1864 жылғы 14 сәуірдегі хатында былай деп жазған: «Қызмет бабы бойынша мен қазақтармен жиі қақтығысып қаламын, олардың ішінде осындағы өз туыстарымда бар. Маған іштей жамандық ойлайтындар Ордадағы лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда......».

Ы. Алтынсарин патша өкіметінің жүгенсіз саясатына қарсы болды. Мұны оның 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалаларды дәлелдейді.

1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды.



3. А.Құнанбаев – қазақтың ұлы ағартушы ақыны.

Қазақтың ұлы классик ақыны ұлы ағартушы ойшылы Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысы, Шыңғыс тауында туды. Абайдың әкесі Құнанбай тобықты руының старшыны болды. Алғашында ауыл молдасынан сабақ алған Абайды әкесі Семейдегі имам Ахмет-Риза медресесіне оқуға жіберді. Алайда Абайдың қаладағы оқуын бітіртпей, әкесі оны қайтадан ауылға шақыртып алып, бірте-бірте дау-шарды тексеріп төрелік айтуға, келешектегі рубасының әкімшілік қызметіне үйрете бастады. Абай табиғат өзіне молынан сыйлаған қабілеттілігінің арқасында шешендік өнерінің түрлі тәсілдерін шебер меңгереді. Сот ісі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дағдылы құқығы негізінде жүргізілді. Ру тартысына еріксіз араласқан Абай даулы мәселелерді шешу барысында жөнсіздікке, әділетсіздікке және қатыгездікке, билеуші топ пайдасын көздеген талап, мүддеге қарсылық білідіріп отырды. Ол патша сотының заң ережелерімен жақынырақ танысып, патша самодержавиесінің әкімшілік-шенеуніктік аппаратының заңсыз іс-әрекеттеріне куә болды. Дүниетанымы қалыптасып, рухани толысқан Абай он-жиырма жыл ішінде халықтың поэтикалық шығармашылығын, шығыс ақындары мен орыстың классикалық әдебиетін терең зерделейді. 1886 жыл Абайдың өміріне үлкен өзгеріс әкелген жыл болды. Ол алғаш рет өлеңіне («Жаз») өз атын қойып, көркем шығармашылыққа толығымен ден қояды.

Абай қаламынан өлеңдермен қатар, қара сөзөбен жазылған ғибраттар, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» дастандары дүниеге келді. Абайдың мол әдеби мұрасында аудармалары елеулі орын алады.

Абайдың өзі туып - өскен ортадан шоқтығы биік тұрды. Адамды «ақыл, қайрат, ғылым» асқақтататын қоғамның прогресті дамуына ұмтылу Абайдың бүкіл шығармашылығының басты бағыттарының бірі болып табылады.



Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ мәдениетінің өрлеу кезеңі

2. Ш.Уалихановтың тегі, жастық өмірі

3. Ш.Уалихановтың Сібір кадет корпусында оқыған кезеңі

4. Ш. Уалихановтың Жетісуға Орталық Қазақстанға саяхаттары мен зерттеулері

5. Ш.Уалихановтың Алатау қырғыздарына саяхаты

6. Ш. Уалихановтың Құлжаға сапары

7. Ш. Уалихановтың Қашқарияға сапары

8. Ш. Уалихановтың Черняев экспедициясына қатысуы және онымен қатынасы

9. Уалихановтың С.-Петербургтегі өткізген жылдары

10. Ш. Уалихановтың орыс зиялыларымен достығы

11. Ш. Уалихановтың шығармалары

12. Ы. Алтынсаринның тегі, жастық өмірі

13. Ы. Алтынсаринның педагогтық қызметі

14. Алтынсарин – Торғай облысының оқу инспекторы

15. Ы. Алтынсаринның шығармалары

16. А. Құнанбаевтың тегі, жастық өмірі

17. А. Құнанбаевтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі

18. А. Құнанбаевтың шығармалары
26 - лекция. Тақырыбы:

ХХ ғ. басындағы Қазақстанның саяси өмірі.

Жоспары:

1. Қазақстанның ХХ ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы.

2. Қазақстан 1905-1907 жж. революция кезеңінде.

Лекция мақсаты: Қазақстанның ХХ ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын және Қазақстандағы 1905-1907 жж. революцияның алғышарттары мен себептерін, сипатын, барысын, жеңілу себептері мен тарихи маңызын студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Қазақстанның ХХ ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы.

ХХ ғ. басы Ресей империясында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен, оның Қазақстандағы отаршылдық саясатының тереңдеуімен ерекшеленді. Өлкеге орыс шаруаларын қоныстандыру одан әрі күшейе түсті. Қоныстандыру басқармалары құрылып, олар қоныстанушы жер қорларын “құрау” үшін “артық” жерлерді анықтаумен айналысты. Әрбір қазақ жанұясы пайдалануға 15 десятинадан ғана жер алды, ал қалған барлық жерлер мемлекеттік мүлік министрлігіне бағынатын қоғамдық жер қорларына жатты. Бұл әрине көшпенді шаруашылықты күйзеліп, қиратты.

Ал шын мәнінде мал шаруашылығын дамыту үшін, сол кезде анықталғандай, мысалы Сырдария аймағында - 145 десятина, Жетісуда –110 десятина жер керек еді. Сонымен бірге Қазақстан жерінде Сібірлік, Оралдық, Орынборлық, Жетісулық казак әскерлері орналасты. ХХ ғ. басында олардың саны 1 миллион 11 мың адам болды және 15,6 миллион десятинадан астам құнарлы жерлерді иеленді.

Қоныстандырудың жаңа кезеңі 1906 ж. премьер–министр болып тағайындалған Столыпиннің реформасымен тікелей байланысты болды. Ол орталық деревняларда жер мәселесін шешіп, аграрлық буржуазияны қалыптастыру үшін орыс шаруаларын шет аймақтарға, соның ішінде астыққа бай Қазақстанға жаппай қоныстандыруға ерекше мән берді. Қоныстандыру қозғалысы күшейді. Егер 1895 жылдан 1905 жылға дейін Қазақстанның далалық облыстарында 294296 адам қоныстанса, ал 1906 жылдан 1910 жылға дейін 770 мыңнан асты. 1897 жылғы санақ бойынша далалық облыстарда орыс халқы 20 пайыз болса, 1917 жылы 1 қаңтарда 42 пайызға жетті . Қазақтардан 1893-1905 жылдары 4 млн. десятина, ал 1906-1912 жылдары 17 млн. десятинадан астам жер тартып алынды. Ал, 1917 жылы тартып алынған жалпы жер 45 млн. десятинадан асып түсті.



2. Қазақстан 1905-1907 жылдардағы революция кезеңінде.

Қазақстанға орыс шаруаларының қоныстандырылуымен бірге саяси, революциялық қайраткерлер де жер аударылып отырды. Олар өлкеде ағартушылық, ұйымдастырушылық-революциялық маңызды роль атқарды. Қазақстанға ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басында марксизм идеялары тарай бастады. Қазақстанда 1896 жылы Атбасар қаласында жер аударылған жұмысшы Ушановтың ұйымдастыруымен тұңғыш марксистік үйірме құрылды. ХХ ғ. басында мұндай марксистік ұйымдар Ақмолада, Петропавлда, Оралда, Қостанайда, Семейде, Верныйда, т.б. құрылды.

Революцияның бастауына себеп болған – 1905 жылғы 9 қаңтардағы «қанды жексенбі» оқиғасы болды. Қазақстан қалаларында өткен жұмысшылар жиналыстарында Петербургтегі қарусыз жұмысшыларды атқылауға наразылық білдірілді. Қалалар мен темір жолдарда наразылық ереуілдері болды. 1905 жылы ақпанда Перовскіде, Түркістанда, Қостанайда, Павлодарда, Петропавлда, Оралда т.б. қалаларда ереуілдер болды. Бұлар: «патша самодержавиесі жойылсын!», «Бостандық жасасын!» деген ұрандармен өтті.

1905 ж. қарашада Мәскеу мен Петроградта өткен байланыс қызметкерлерінің талабын қолдап, Семей, Верный, Пішпек т.б. қалалардың почта-телеграф қызметкерлері ереуіл жасады.

Осы 1-орыс революциясы кезіндегі ең ірі интернационалдық сипаттағы бас көтеру 1905 ж. 11 желтоқсанда Успен кенішінде болды. Оның барысында орыс жұмысшысы Топорнин мен қазақ Байшағыров басқарған «Капиталға қарсы орыс-қырғыз одағы» құрылды. Олар 2 желтоқсан күні өздерінің жиналысында жоғарыға талаптар қойып, оны «петиция» ретінде рудник басшысы Фелльге тапсырды. Ондағы басты талаптар: жалақыны көтеру, азық-түлік бағасын арзандату, тұрмыс жағдайды жақсарту, т.б. еді. Бұл талаптар қабылданбағандықтан, кеніште үлкен ереуіл болды.

1905-1907 жж. революция соңында жеңіліс тапты. Оның себептері: 1-ден, жұмысшы табының, әсіресе қазақ жұмысшыларының аздығы еді; 2-ден, қазақ ауылының қалалық орталықтарда болып жатқан оқиғалардан тыс қалуы; 3-ден, қозғалыстың ұйымдаспағандығы, т.б. еді.



Бақылау сұрақтары:

1. ХХ ғ. басындағы Ресей империясының Қазақстандағы отаршылдық саясатының тереңдеуі.

2. Қоныстандыру басқармаларының құрылуы және олардың іс-әрекетінің салдары.

3. ХХ ғ. басындағы Қазақсандағы берілген жер үлесі қазақтың мал шаруашылығын дамытуына тиімді болды ма?

4. ХХ ғ. басындағы Қазақсандағы казак әскерлері және олардың жер иеліктері.

5. Столыпин реформасы және оның мәні.

6. ХХ ғ. басындағы Қазақсандағы қоныстандыру қозғалысының қарқыны.

7. ХХ ғ. басындағы Қазақсандағы қоныстандыру саясатының нәтижесінде қалыптасқан демографиялық ахуал.

8. Революцияға дейінгі әр кезеңдегі қазақтардан тартып алынған жерлер көлемі.

9. Орынбор – Ташкент темір жолының салынуы.

10. ХХ ғ. басындағы Қазақсандағы жұмысшылардың саны мен құрамы.

11. ХХ ғ. басындағы Қазақсандағы жұмысшылардың жағдайы.

12. 1905-1907 жж. революцияның алғышарттары.

13. Қазақстанға марксизм идеяларының тарала бастауы.

14. 1905-1907 жж. революцияның себептері, сипаты және қозғаушы күштері.

15. Қазақстандағы 1905 ж. ақпан-мамырдағы революциялық толқулар.

16. Почта-телеграф қызметкерлерінің ереуілі.

17. Успен кенішіндегі ереуіл.

18. 1905-1907 жж. революцияның жеңілу себептері.

19. 1905-1907 жж. революцияның тарихи маңызы.



27 - лекция. Тақырыбы:

ХХ ғ. басындағы Қазақстан мәдениеті.

Жоспары:

1. Оқу-ағарту ісі.

2. Қазақстанның мерзімдік баспасөзі.

3. ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті.



Лекция мақсаты: Қазақстандағы ХХ ғ. басындағы оқу-ағарту ісі, мерзімдік баспасөзі, ғасыр басындағы қазақ әдебиеті туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Оқу-ағарту ісі.

ХІХ ғасыр аяғы – ХХ ғасырдың басында Ресей империясының халыққа білім беру мен мектеп жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері Қазақстандағы халыққа білім беру ісі мен бүкіл ағарту жүйесінде көп дәрежеде өз ықпалын жасады. Оқу-ағарту ісі айқын таптық сипатта болды, оның Қазақстандағы айырмашылығы ұлттық ерекшелікке орай жүргізілді. Ұлттық мектептер туралы 1870 жылы қабылданған “Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы” заң ұлттық мектептерге және ұлттық шет аймақтарға бүкіл ағарту жүйесін: 1) әлі орыстандырылмағандар үшін, 2) орыстары көп жерде тұратындары үшін және 3) жергілікті дәрежеде орыстанғандар үшін деп, 3 санатқа бөлді. Бұл орайда 1-санат үшін мектептер салынатын болып белгіленді, оларда оқыту орыс әліппесімен жазылған оқулықтар бойынша ана тілінде жүзеге асырылуға тиісті болды. Екінші санат үшін орыс мектептері құрылуға тиіс болды, оларда орыс балаларын да “бұратана” балаларды да бірге оқыту көзделді. Ана тілі ауызша түсіндірген кезде ғана қолдануға тиіс еді. Үшінші санат үшін орыс мектептері құрылып, оларда оқыту тек орыс тілінде жүргізілді.



2. Қазақстанның мерзімдік баспасөзі.

Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздің алғашқы басылымдары “Түркістан уәлиятының газеті” (1870-1882 жж.), “Дала уәлиятының газеті ” (1888-1902 жж.) отаршылдық өкімет органдары құрды. Біріншісі Ташкентте шығып тұрды және Түркістан генерал-губернаторлығының ресми органы болды, ал екіншісі Омбыда, Дала генерал-губернаторлығында шығарылды. Өкімет орындарының өкімі бойынша бұл басылымдар отарлық басып алуды нығайтты және Шығыстағы бодандарды рухани жағынан бағындыру мақсатымен шығарылды. Отаршылдық әкімшілік мұнда патша жарлықтарын, үкімет ұйымдарының өкімдерін басты, отарлық шет аймақтарды игеру үрдісін жазды, бұратаналарға көзқарас жөнінде “өркениеттік миссияны” жүзеге асырған империялық саясаттың мәнін түсіндірді.

Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы ХХ ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905-1907 жылдардағы революцияның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден (Шахмардан) Қосшығұловтың (қосарлас редакторы А.Ибрагимов) бастамасымен «Улфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш.Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3-4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жауылып қалған.

1907 жылғы наурызда Троицкіде «Қазақ» газетінің бірінші (әр соңғы да) нөмірі шықты. Тыйым салынған екінші нөмірдегі «Біздің мақсаттарымыз» деген мақаланың авторы М.Дулатов еді. Нақ сол жылы қазақ жастарының Томск қаласында «Дала» газетін шығаруды жолға қоймақ болған әрекеті де табысқа жеткізбеді.

Қазақ қоғамының демократияшыл жұртшылығының ұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911 жылғы 16 наурызда Орал (Теке) қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді «Қазақстан» газеті шықты. 1911-1913 жылдарда (қаңтар-ақпан) небәрі 16 нөмірі шығарылды (редакторы Елеусін Бұйрын). Газет «кәсіпкерлік пен ғылымға үйрету» ізгі мақсат деп есептеді. Профессор Ү.Субханбердинаның пайымдауынша, газет прогресшіл-демократияшыл түсінікті болып, отандастарын орыстың озық мәдениетін меңгеруге шақырған. Ол оқырмандарына кітап шығару жаңалықтары туралы хабарлар, шарушылықты прогресшіл жолмен жүргізу жөнінде кеңестер беріп отырды. Оның беттерінде Гурьев уезінде жаңа мұнай кенішінің ашылғаны туралы хабар бірінші болып жарияланды. 1913 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін Петропавлда «Ешім даласы» газеті шығып тұрды.

«Айқап журналы». Ұзақ уақыт күш-жігер жұмсап, аянбай еңбектенуінің арқасында М.Сералин 1910 жылдың аяғында журнал шығаруға рұқсат алды. «Қостанай уезінің Шұбар болысы № 5 ауылының қазағы М.Сералинге,- делінген құжатта, - Троицк қаласында оның жауапкершілігімен мынадай бағдарлама бойынша: бас мақалалар, шетелдік хабарлар, мұсылмандар өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, аралас дүниелер және редакцияға хаттар бағдарламасымен ай сайынғы «Эй-кафь» журналын шығаруға рұқсат берілді». Прогресшіл демократияшыл зиялылардың сан жылдар бойы аңсаған армакны орындалды: 1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихында тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының да, бірінші шыққан «Қазақ» газетінің де тағдырына жалпы ұлттық басылымдар болу жазылған еді.



3. ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті.

Ресейдегі ХХ ғ. басындағы революциялық қозғалыс Қазақстанға да өз әсерін тигізді. Саны аз ұлттық зиялылар осы жағдайды пайдаланып, тәуелсіздік пен бостандық үшін, халықты ғасырлар бойғы ұйқыдан ояту үшін күрес бастады. Зиялылар халықты жолына шығарды, біліді, ғылымды, өнерді меңгеруге шақырды. Бұл үрдісте қазақ әдебиетінің рөлі жоғары болды. Қазақ жазушылары мен ақындарының алдыңғы қатардағы бөлігі Абайдың ағартушылық, демократиялық дәстүрін жалғастырып, оларды отаршылдыққа қарсы күрес идеясымен байланыстыруға тырысты.

Ахмет Байтұрсынов (1873-1938) – ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиетін бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес идеясымен байытқан ақын. Оның «Маса» деген поэтикалық жинағы қазақ халқының ауыр, құқықсыз жағдайына, оны отаршылардан азат етуге арналған, екінші жағынан білімге, ғылымға, мәдениетке шақыру болып табылады. А.Байтұрсынов – қазақ тілінің реформаторы. Ол араб графикасы негізінде әліпби жасады.

Міржақып Дулатов (1885-1935) – А.Байтұрсыновтың халық бостандығы жолындағы күрес жылдарында да, әдебиет саласында да онымен қатар жүрген серігі. Оның «Оян, қазақ!» жинағы – халық тағдырының проблемалары өткір көтерілетін алғашқы туындыларының бірі. Өз заманындағы қазақ қоғамының келеңсіз жақтарын ашып көрсете келіп, М.Дулатов отандастарын жаңа өмірге шақырады, басқа халықтың жақсылық жағын үйренуге үндейді, білімді, ғылымды уағыздайды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) – тәуелсіздік ісіне, халықтың прогрес пен мәдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетіноның көркемдік-эстетикалық дамуы тұрғысынан байытты. Оның өлеңмен жазылған «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары, лирикалық өлеңдері, көсемсөздік, сын өлеңдері, мақалалары оның көркемдік ізденістерінің сан қырлы және жан-жанты болғанын ашып көрсетеді.
Бақылау сұрақтары

1. ХІХ ғасыр аяғы – ХХ ғасырдың басында Ресей империясының халыққа білім беру мен мектеп жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктерінің Қазақстандағы халыққа білім беру ісі мен бүкіл ағарту жүйесіне тигізген ықпалы.

2. “Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы” заңның қабырдануы және оның ұлттық мектептерге және ұлттық шет аймақтардың бүкіл ағарту жүйесін тигізген әсері.

3. ХХғ. басындағы Ресей үкіметінің Қазақстандағы орыстандыру саясаты, оның ерекшеліктері мен салдары.

4. “Түркістан уәлиятының газеті”

5. “Дала уәлиятының газеті ”

6. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы.

7. «Серке» газеті.

8. «Қазақ» газетіне (1907 ж. шыққан) тыйым салыну себептері.

9. «Қазақстан» газеті

10. «Ешім даласы» газеті

11. «Айқап» журналы, оның қазақ қоғамын ағартудағы маңызы.

12. ХХ ғ. басындағы қазақ зиялыларының ағартушылық іс-әрекеттері.

13. Ахмет Байтұрсынов (1873-1938)

14. Міржақып Дулатов (1885-1935)

15. Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)

16. Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931)

17. Мұхаметжан Сералин (1872-1929)

18. Спандияр Көбеев (1878-1956)

19. Ғұмар Қарашев (1876- 1921)

20. Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939)

21. Мәшкүр Жүсіп Көпеев (1858-1931)

22. Жаяу Мұса Байжанұлы (1835-1929)

23. Балуан Шолақ Баймырзаұлы (1864-1919)

24. Мәди Бапиұлы (1880-1921)

25. Майра уалиқызы (1896-1926)

26. Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы (1856-1932)

27. Кенен Әзірбаев (1884-1976)



28 - лекция. Тақырыбы:

І-дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан. 1916 ж. көтерілістің себептері.

1. Көтерілістің себептері, сипаты және қозғаушы күштері.

2. Көтерілістің Жетісудағы орталығы.

Лекция мақсаты: 1916 ж. Ұлт-азаттық көтерілістің себептері, сипаты, қозғаушы күштері, көтерілістің Жетісудағы орталығы, оның барысы туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Көтерілістің себептері, сипаты және қозғаушы күштері.

1914 ж. 1 тамызда Ресей империясы І дүниежүзілік соғысқа кірді. Соғыс қазақ өлкесіндегі халықтарға да ауыр салмақ түсіріп, ер-азаматтар майданға алына бастады. Соғыс жағдайы өте көп мал, азқ-түлік, көлік, жем-шөп, ақша қажет етті. Мемлекеттік салық шамадан тыс өсіп кетті. Соғыс басталған уақыттан бастап, салық 3-4 есе, ал кейбір жағдайларда 15 есеге дейін көтерілді. Соғыс жылдары Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 100 мың пұр балық, 70 мың бас жылқы, 13 мың түйе, 14 мың киіз үй, сондай-ақ 40 мың пұт мақта, 1 мың пұт мақта майы мен сабын алынған.

Қаладағы өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мүлде қиындап кетті. Соғыстың алғашқы күнңнен бастап, Қазақ өлкесінде төтенше әскери жағдай енгізілді. Кен орындары мен шахталардағы жұмыс уақыты бірнеше есе өсті. Бір күндік орташа ақысы 20 тиын тұратын жұмысты еңбекшілер 12-14 сағат істеді.

Ресей империясының соғысқа қатысуы Қазақстандағы отарлық езгіні күшейтіп, ұлттық және әлеуметтік қайшылықтарды одан әрі шиеленістіріп жіберді. Патша үкіметінің орыстандыру саясаты, қазақ жеріне шаруаларды жаппай қоныстандыру қозғалысы және осыған орай жерді жаппай тартып алу, жергілікті халықтың азаматтық құқықтарының аяқ асты етілуі 1916 жылы Қазақстан мен Орта Азияны қамтыған ұлт-азаттық қозғалыстың басталуына алып келді. Ал көтерілістің басталуына тікелей түрткі болған жағдай 1916 ж. 25 маусымда патша жарлығы шықты. Жарлық бойынша майдандағы қара жұмысқа бұратана халықтардың 19 бен 43 жас арасындағы барлық еңбекке жарамды ер азаматтарын алу еді. Қазақстан мен Орта Азиядан 500 мыңнан астам жігіт алу көзделді. Майданға алудан мемлекеттік қызметкерлер, дін иелерін, мекеме есепшілерін, жоғары және орта оқу орны оқушыларын, лауазымды адамдарды босатты.

Патша жарлығына жауап ретінде бүкіл Қазақстан мен Орта Азияның халқы стихиялы түрде бас көтерді. Ұлт-азаттық көтерілісті – Торғай облысында - А.Иманов, Ә.Жангелдин, Оралда – С.Меңдешев, Ә.Әйтиев, Маңғыстауда – Ж.. Мыңбаев, Атбасарда – Ә.Майкөтов, Ақмолада - С.Сейфуллин, Жетісуда - Т.Бокин, Б.Әшекеев, Сырдария облысында - Т.Рысқұлов басқарды.

2. Көтерілістің Жетісудағы орталығы.

1916 ж. ұлт азаттық көтерілістің ірі орталықтарының бірі - Жетісу болды. Мұнда патша жарлығы жарияланғаннан кейін шілденің басында қазақтар Жетісудың әр болыстарында съездер өткізіп, онда қарулы күреске шығу жөнінінде шешімдер қабылдады. 17 шілдеде Түркістан өлкесінде әскери жағдай енгізілді. Жетісудағы көтерілісті Бекболат Әшекеев (Верный уезі), Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов (Қарқара), Ақкөз Қосанов (Мерке ауданындағы Құрақты болысы) және басқалар басқарды. Көтерілісшілердің патша жазалаушыларымен ірі қақтығыстары Асы және Қарқара жайлауларында, Самсы станциясы маңында, Кастек, Нарынқол, Шарын, Қорам өңірлерінде, Лепсі оязының Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде болып өтті. Тамыздың ортасында Жетісу облысының барлық дерлік облыстарын көтеріліс жалыны шарпыды. Жетісудағы халық көтерілісін басып жаншу үшін патша үкіметі 95 рота, 24 жүздік, 16 зеңбірек және 17 пулеметі бар тұтас жазалау экспедициясын жабдықтады. Көтерілісшілердің ерлікпен қарсыласқанына қарамастан 1916 ж. қазанда көтеріліс басып-жаншылды. Көтерілісшілерді аяусыз жазалады. Патша жендеттері көтерілісшілерді ғана емесе, бейбіт халықты да жазалады. 300 мыңнан астам қазақтар мен қырғыздар Қытайға көшуге мәжбүр болды.



Бақылау сұрақтары:

1. I-дүниежүзілік соғыстың Қазақстанға ықпалы

2. 1916 ж. көтерілістің себептері

3. 1916ж. көтерілістің сипаты

4. Көтерілістің қозғаушы күштері

5. Қазақ зиялыларының 1916 ж. көтеріліске қатысты ұстанған позициялары

6. Алаш қайраткерлерінің қазақ халқына үндеуі

7. Қазақ зиялыларының революцияшыл бағытының көзқарасы

8. Жетісу облысындағы көтеріліс басшылары

9. Торғай облысындағы көтеріліс басшылары

10. Сырдария, Ақмола, Атбасар, Орал, Маңғыстау аймақтарындағы көтеріліс басшылары

11. Отарлауға дейінгі басқару жүйелерінің қалпына келтірілуі

12. Жетісудағы көтерілістің басталуы

13. Жетісудағы көтерілістің барысы

14. Жетісудағы көтерілістің салдары және маңызы

29 - лекция. Тақырыбы:

Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс.

Жоспары:

1. Сырдария, Ақмола, Семей, Орал облыстарындағы көтерілістер.

2. Көтерілістің Торғайдағы орталығы.

3. Көтерілістің жеңілу себептері және тарихи маңызы.



Лекция мақсаты: 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің Торғайдағы орталығы, Сырдария, Ақмола, Семей, Орал облыстарындағы көтерілістер, көтерілістің жеңілу себептері және тарихи маңызы туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Сырдария, Ақмола, Семей, Орал облыстарындағы көтерілістер.
Сырдария облысында да азаттық көтеріліс кеңінен қамтыды. Мұнда әсіресе Шымкент, Әулиеата уездеріндегі көтеріліс бұқаралық сипат алып, ұзаққа созылды. Бірақ қыркүйектің соңында аяусыз басып-жаншылды. Көтерілісшілердің жекелеген отряды Торғай облысында көшіп барып, Амангелді Имановқа қосылы. Семей және Ақмола облыстарындағы көтерілістер жазалаушыламен кескілескен аяусыз күрестер жүргізді. Патша әкімшілігі бұл облыстардағы көтерілісті басуға 12 кавалериялық жүздік 11 күшейтілген жяу әскер ротасын жіберді. Әсіресе күшті қақтығыстар 1916 жылы қыркүйек- қазан айларында Зайсан, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола, Атбасар уездерінде болып өтті. Қазан айының аяғында көтеріліс күшпен басылды. Бұқара халықтың жаппай бас көтерулері күшпен басылды. Батыс Қазақстандағы Орал облысы мен Бөкей Ордасында да күшті толқулар болып өтті. Табан тірескен қақтығыстар, әсіресе Гурьев және Темір уездерінде болды.

2. Көтерілістің Торғайдағы орталығы.

Торғай облысындағы көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды.

Азаттық көтеріліс Торғай облысының барлық уездерін қамтыды. Торғайдағы көтерілісшілердің ханы болып Орта жүздің ықпалды биі Нияздың немересі, аса беделді Әбдіғафар Жанбосынов сайланды. Көтерілісшілердің бас қолбасшысы – сардарбергі болып атақты Иман батырдың немересі Амангелді сайланды. Ондаған мың ұйымдаспаған көтерілісшілерден Амангелді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлінген жүйелі әрі тәртіпті әскери организм құрды. Оған Қазақстанның өзге аймақтарынан – Сырдариядан, Ақмола, Семейден көтерілісшілер келіп қосылды. Көтерілісшілердің жалпы саны 20 мыңға дейін жетті.

Қазан айының соңында А. Иманов бастаған 15 мыңдай көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Көтерілісті талқандау үшін патша үкіметі генерал Лаврентьев бастаған тоғыз мың адамдық жазалаушы экспедициялық корпус жіберді. Торғайды ала алмайтын болғандықтан, көтерілісшілер қоршауды тоқтатып, Батпаққара жазығы мен Аққұм құмының маңына ірге теуіп, партизандық күрес әдісіне көшті. Амангелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр бастаған жігіттердің құйындай ұйытқып жасаған шабуылдары жазалаушылардың зәресін ұшырды. Амангелді сарбаздары жазалаушы отрядтарға Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал-Үрпек түбіндегі шайқастарда, Торғайды қоршаған кезде табан тірей қарсылық көрсетті.

Торғай даласындағы көтерілісті басу үшін патша үкіметі құрамында 17 атқыштар ротасы, 18 казак жүздігі, 4 кавалериялық экспедициясын жасақтады. Қазақстанның басқа облыстарындағы көтеріліс 1916 жылдың аяғына қарай басып-жаншылған болса, Торғай облысында жақсы ұйымдастырудың арқасында ол 1917 жылы да жалғасып, Ақпан буржуазиялық революциясына ұласты.

3. Көтерілістің жеңілу себептері және тарихи маңызы.

1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыс империализмге, отаршылдыққа қарсы бағытталды. Көтерілістің жеңілуінің басты себебі - оның бытыраңқылығы, ұйымшылдықтың аздығы еді. Шын мәнінде, өте қарапайым қарулармен қаруланған халықпен сол кездегі техниканың жетістіктерін пайдаланған империяның тұрақты армиясы соғысты. Патша шенеуніктері қоныстандыру қозғалысы жеделдете жүргізіліп жатқан өңірлерде орыс, украин шаруалары, дүнген, ұйғыр, өзбек диқандары арасындағы қайшылықтарды пайдалана білді.

Ұлттық-демократиялық зиялылар қатарында да бірлік болмады. Кейбір бай-феодалдар, хандар көтерілісшілердің мүдделерін сатып кетіп отырды. Патша үкіметі тез арада көтерілісшілерді басшыларынан айыра білді.

Көтеріліс қазақ халқының ұлттық және таптық сана-сезімінің өскендігін көрсетті. Мыңдаған көтерілісшілер патша билігіне қарсы қарулы күрес мектебінен өтті. Отаршылдық езгінің ұзақ жылдары ішінде олар ұлттық мүдделерінің ортақтығын тұңғыш рет ұғынды, белсенді саяси қызметке құлшынып, өзін Ресей билігінің отаршылдық экспанциясына қарсы күрес жүргізе алатын күш деп сезінді. Шын мәнінде, 1916 жыл – ХХ ғасырдың соңында қазақ халқының қолы жеткен саяситәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттігі үшін күрестің бір белесі болып, тарихта өз орнын алды.


Бақылау сұрақтары

1. Сырдария облысындағы азаттық көтеріліс.

2. Семей облысындағы азаттық көтеріліс

3. Ақмола облысындағы азаттық көтеріліс

4. Орал облысы мен Бөкей Ордасындағы халық толқулары.

5. 1916 ж. көтерілістің ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтерілісі қай өңірде болды?

6. Әбдіғафар Жанбосынов – Торғай облысы көтерілісшілерінің ханы.

7. Амангелді Иманов – Торғай қазақтары көтерілісінің сардарбегі.

8. Әліби Жангелдин – көтерілісшілердің рухани көсемі.

9. Торғай қаласын қоршау.

10. Көтерілісшілердің жазалаушы отрядтармен жүргізген шайқастары.

11. 1916 ж. көтерілістің жеңілу себептері.

12. 1916 ж. көтерілістің тарихи маңызы.

30 - лекция. Тақырыбы:

Қазақстан 1917 ж. Ақпан төңкерісі кезінде.

Жоспары:

1. Ресейдегі ақпан буржуазиялық демократиялық революциясы. Қазақстанда Қосөкіметтің - кеңестердің және уақытша өкімет органдарының құрылуы.

2. Қазақстанда саяси партиялардың құрылуы.

Лекция мақсаты: Студенттерге Ресейдегі ақпан буржуазиялық демократиялық революциясын, Қазақстанда Қосөкіметтің - кеңестердің және уақытша өкімет органдарының құрылуы, олардың жүргізген саясаты, Қазақстанда саяси партиялардың құрылуы, олардың мақсат-мұраты жөнінде түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Ресейдегі ақпан буржуазиялық демократиялық революциясы. Қазақстанда Қосөкіметтің - кеңестердің және уақытша өкімет органдарының құрылуы.

1917 ж. 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша тақтан құлатылды. Бұл хабарды Қазақстан халқы қуанышпен қарсы алды. Мұны қазақ халқы өздерінің сан ғасырлық азаттық күресінің нәтижесі деп қарады. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да Қосөкімет орнады. Олар: 1. Уақытша үкімет органдары; 2. Жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңестері.

Қазақстанда кеңестер 1917 ж. наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Верныйда, Түркістан өлкесінде т.б. жерлерде құрыла бастады. Кеңестермен бір мезгілде Уақытша үкімет органдары, оның облыстық және уездік комиссиариаттары құрылып, оған бұрынғы патша шенеуліктері, сондай-ақ ұлттық либералдық қазақ зиялыларының жекелеген өкілдері енді. Сонымен қатар Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық, облыстық және уездік комитеттері де ұйымдастырылды. Оларға комиссарлар болып ұлттық интеллигенциясының өкілдері, атап айтқанда, Торғай облысында - Ә. Бөкейханов, Жетісу облысында - М. Тынышбаев, Түркістанда - М. Шоқаев, т.б. тағайындалды. Бірақ олар шын мәнінде отарлық әкімшіліктің шенеуніктері болғандықтан жергілікті қазақ халқының көкейтесті мәселелерін шеше алмады. Кейбір жағдайда ұлттық интеллеигенция өкілдері Ақпан төңкерісінен кейінгі қоғамдық–саяси дамудың өте маңызды мәселелері бойынша уақытша үкімет жағынан шығып кетті.

2. Қазақстанда саяси партиялардың құрылуы.

Бұл кездегі империя көлемін құамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында Орынбор қаласында шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмей ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. Олар «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдады. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда болған «Бүкіл қырғыздық» съезде «Алаш» партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т.б. кірді. Бұл партияның сол жылы 5-13 /18-26/ желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде қазақтың автономиясы - Алашорда Үкіметі - Ұлт Кеңесі құрылды. «Алаш» партиясының Бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөлімнен тұрады. Олар: 1) Ресейдің демократиялық федерация болып жариялануы туралы; 2) Ресей құрамында Қазақ ұлт автономиясын құру; 3) Халықтар арасында тең құқықтық орнату; 4) Дін туралы, дінді мемлекеттен ажыратып шығару; 5) Елдегі билік және сот туралы; 6) Елді қорғау, әскер және халықтық милиция құру; 7) Халықтың табысына қарай салық салу; 8) Жұмысшылар туралы; 9) Ғылым және білім туралы; 10) Жер мәселесі.

Жаңа құрылған үкіметтің құрамына 15 адам, Халық кеңесі төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Бұл үкіметтің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті жандандыру саясаты болған еді. Осы қозғалыстың өмірге келуі отаршылдық езгідегі халқымыздың ғасырлардан бергі қолданылып келген және әбден пісіп-жетілген наразылығының айқын көрінісі болды.

Большевиктер билікке келісімін-ақ, ұлттық мүддені негізгі мұраты санаған, Қазақстандағы бұл қозғалыс пен Алаш партиясына пролетарлық төңкерістің салтанатты шеруі жолындағы кедергі есебінде қарады. Бұл бағыт оның ішкі және сыртқы саясатында /халықаралық коммунистік қозғалыстағы да/ ашық көрініп, әсіресе Сталиннің жеке билігі орнағанан кейінгі кезеңде жетекші бағытқа айналды. Соның салдарынан бұрынғы империяның шет аймақтарында дами бастаған ұлттық қозғалыстарға үзілді-кесілді тежеу салынды.

Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы - ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі – Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тоталитарлық өктемдікпен империялық зомбылықтың шабуылына көміліп, тарих қойнауында қала берді.
Бақылау сұрақтары:

1. Ресейдегі Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оған қазақ халқының көзқарасы.

2. Қазақстанда Қосөкіметтің құрылуы.

3. Қазақстанда Уақытша өкімет органдарының құрылуы.

4. Қазақстанда Кеңестердің құрылуы.

5. Қазақтардың ұлттық, облыстық және уездік комитеттерінің ұйымдастырылуы

6. Қазақ зиялыларының (Ә. Бөкейханов, М.Тынышбаев, М. Шоқай т.б.) Үкімет комиссарлары болып тағайындалуы.

7. Уақытша Үкіметтің жүргізген саясаты.

8. 1917 жылғы ақпаннан қазанға дейінгі жұмысшылар және жастар ұйымдарының құрылуы.

9. «Алаш» партиясының құрылуы.

10. «Алаш» партиясының төрағасы және мүшелері.

11. «Алаш» партиясының мақсат-мұраты.

12. «Алаш» партиясының бағдарламасының жариялануы.

13. Түркістан федералистер партиясының құрылуы.

14. Қазақстандағы кадеттер мен эсерлер ұйымдары.

15. «Үш жүз» партиясының құрылуы.

16. Алаш автономиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы және оның тағдыры.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет