Шығармашылығы
Алғаш 1925 жылы «Едіге» әңгімесі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген “Тулаған толқында” мен “Американ бидайығы” атты шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. “Тулаған толқында” повесі сюжеттік құрылысының босаңдығына қарамастан, жас қаламгердің пейзаждық, юморлық, диалог жасағыштық шеберліктерін байқатып, суреткерлік қырын танытқан шығармасы болды.[2]
М. әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылды. “Қос шалқар” (1928), “Көк үйдегі көршілер” (1929), “Өмір ертегісі” (1930), “Алғашқы адымдар” (1932), “Шұғыла” (1934), “Үздіксіз өсу” (1934), “Жайлау жолында” (1936), “Тұтқын қыз” (1938), “Жеңілген Есрафил” (1939), тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі.
Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел — Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі Әйел — Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті. Ол “Ананың анасы” (1933), “Өлімді жеңген ана” (1933), “Ашынған ана”, “Ананың арашасы” (1934), “Ер ана” (1942), “Ақлима” (1944), “Әмина”, “Ана жыры”, “Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ өмірінің шынайы көріністері сипатталады.
“Оянған өлке” (1953) тарихи романында қазақ халқының 19 ғасырдағы өмірі үлкен суреткерлікпен өрнектелген, қазақ жеріне өндіріс орындарының орнай бастауы шынайы сипатталған. Шығармада жазушы ескілікті әдет-ғұрыптарды сынап, кейбір кертартпа дәстүрлердің қазақ даласында азая бастағандығын көрсетті. Қазақ топырағындағы Қарағанды шахтасы мен Ақбұйрат мыс қорыту зауытының құрылуы мен жаңа өмірге ұмтылған адамдар тағдыры, характер шиеленістері, түрлі қақтығыстар – барлығы романда көрініс тапты. Үш томға лайықталған еңбектің алғашқы кітабы Жұман мен Игілік секілді қазақ байларының, орыс байлары мен жұмысшы тобының тартысты қатынастарын жан-жақты көрсету арқылы қазақ даласының бүкіл бір дәуірін суреттейді. Көркем филос. толғауы басым роман қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы ретінде танылды.
“Оянған өлкенің” заңды жалғасы болып табылатын “Жат қолында” (1984) романы 30 жылдан соң жарық көрді. Бұл кітапты өз алдына дербес шығарма деуге де болады. Өйткені романда суреттелген өмір кезеңі де жаңа, кейіпкерлері де соны. Роман өндіріс ошақтарын ағылшындар мен француздардың билеп-төстеуі мен сол тұстағы (19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басы) халық тұрмысын тарихи тұрғыдан терең бейнелеуімен, Орталық Қазақстан өңіріндегі әлеум. өмірдің шындығын кең ауқымда байыпты түрде суреттеуімен құнды. Жазушы бейнелеп отырған дүбірлі оқиғаларға толы тарихи мезгіл сол тұста өмір сүрген жекелеген адамдардың сомдалған тұлғалары, сан алуан әрекеттері, тағдырлары арқылы оқырманның көңіл айнасынан өтіп, көз алдына елестеп отырады.
Көлемді романдармен қатар Мүсірепов прозада шағын жанрды да дамыта түсті. “Автобиографиялық әңгіме” (1956), “Этнографиялық әңгіме” (1956), “Сөз жоқ, соның іздері” (1962), “Өмір жорығы” (1963), “Айгүл қойшының бір күні” (1964), “Айжан қойшының түндері”, “Бірінші фонтан”, “Қыран жыры” (1967), “Жапон балладасы” (1967), тағы басқа шығармаларында сан түрлі мәселелерді көтеріп, әрқилы образдарды жасады. “Арқаның, Көздің, Тастың әңгімелері” арқылы, ондағы көркем бейнелер негізінде адамзатқа шексіз қайғы-қасірет әкелуші адамдарды әшкереледі.
Оның “Кездеспей кеткен бір бейне” повесі (1966, ҚР Мемл. сыйл., 1970) — классикалық шығарма. Повесть Мүсіреповтің шынайы сөз зергері ретіндегі қаламгерлік қарымын, талант қуатын танытты. Қара сөзбен жазылған поэма іспетті бұл шығармада азаматтық ерлік пен ақындық асыл өнер, адамгершілік биіктік пен махаббат терең лиризммен әсем өрнектелген. Адам бейнесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін әдемі штрих-детальдармен беруде жазушы ірі көркемдік табысқа жеткен. Бас кейіпкер Еркебұланның жігерлі тұлғасы, оның рухани әлемінің алуан сырлары көркемдік бояумен әсем өрнектелген. Оның прототипі ретінде ақын Сәкен Сейфуллин алынған. Терең лиризммен, сан түрлі сезім толқындарымен тебірене жырланған Еркебұлан бейнесі қазақ әдебиетіндегі ұнамды образдар қатарын байытып, сөз өнерінде үлкен жетістік саналды.
Қаламгердің көп ізденіс, үлкен дайындықпен келген образы — Ұлпан бейнесі (“Ұлпан” романы, 1974), ол — қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, оқшау тұрған әдеби образ. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен көрінетін Ұлпан бейнесін жасауға жазушы өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғаны байқалады. Ол күнделігінде: “Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы.” деп жазды. Шығармадағы Ұлпан мен Есеней ойдан шығарылған образдар емес, тарихта болған адамдар. Сонымен қатар туынды арқауына алынған 19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-тарихи өмірі тарихи жан-жақты зерделеніп, іріктелген оқиға, мәліметтер.
Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Оның “Қыз Жібек” (1934), “Қозы Көрпеш — Баян Сұлу” (1939), “Ақан Сері — Ақтоқты” (1941) пьесалары лиро-эпостық жырлар негізінде туындаған. Фольклорлық шығармалардың идеялық, тақырыптық желісін сақтай отырып, ол тың өрнекті дүниелер жасады. Жазушы пьесалары қазақ театры репертуарынан тұрақты орын алды. “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” ұйғыр, корей театрларының сахналарында, Украинадағы Винницкий театрында және Мәскеу қаласындағы театрларда, Франциядағы Нанси қаласы театрында (1984) қойылды. Бұл спектакль Париж қаласында өткен театр фестивалінде 1-орын алды (1981).
Мүсірепов сондай-ақ “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сияқты опера либреттоларының да авторы. Ол тарихи тұлғалар өмірінен “Амангелді” (1939), “Ақан сері – Ақтоқты” (1942), “Болашаққа аманат”, “Қыпшақ қызы Аппақ”, “Қайран Майра” атты драмалық шығармалар жазды. Мүсірепов драматургиясы шиеленіскен әлеуметтік тартысқа құрылған, қимыл-әрекеттері ширақ, диалогтары дәлме-дәл, монологтары ақындық пафоспен рухтанған серпінді, тілі құнарлы да бейнелі: осы қасиеттер кейіпкерлер характерлерін терең ашуда қолайлы қызмет атқарған. Сценарийін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған “Амангелді” фильмі (1938) қазақ кино өнерінің алғашқы баспалдағы саналса, “Махаббат туралы дастан”, “Қыз Жібек” (1970) фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған туындылар.
Кеңсай зиратындағы ескерткіш
Мүсірепов – қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен үлес қосты. Оның “Уақыт іздері” (1977) атты еңбегі идеялық соңдылығымен ерекшеленді. Жазушы очерктерінің басым көпшілігі мазмұн тереңдігімен, шынайы көркемдігімен өзі өмір сүрген заманның талабына толық үндес келіп отырды. Мүсірепов 1970 жылдан күнделік жазуды әдетке айналдырған. Оның архивінде (мұражайындағы) жазушының 300-ден астам қойын кітапшалары сақталған. 1997 ж. Мүсіреповтің “Күнделік” атты кітабы жарық көрді (құрастырған Ә.Нарымбетов).
Жазушы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының дамуына зор үлес қосты. Оның әдебиет мәселелері жайында жазған еңбектері 20 ғасырдың 20-жылдарынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін мерзімді баспасөз бетінде қазақ, орыс тілдерінде үздіксіз жарияланып тұрды. Әдеби-сын мақалалары “Суреткер парызы” (1970), “Заман және әдебиет” (1982), “Дәуір дидары” (1986), “Әдебиет – кәсіп емес, өнер” (1987) атты кітаптарында жинақталып, жарық көрді. Мұнда ол әдебиет пен өнердің 20 ғасырдағы даму кезеңіне, сондай-ақ олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позиция тұрғысынан қарап, ғылыми топшылаулар жасады. Әдебиет тарихына талдау жасап, сөз өнерінің әрбір табысын халықтың рухани қазынасына қосылған құнды дүние ретінде бағалады. Жоғары көркемдік идея мен шығармашылық шеберлікті әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде берік, айнымас өлшем ретінде ұстанып, әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін белсенді түрде үздіксіз күресті.
Көркем аудармада О. Генри, С.Тагарао, М.Горький, М.Шолохов, В.Василевская, И.Эренбург, У.Шекспир, А.Островский, Ж.Мольер, Я.Галан, К.Симонов, А.Леонов, А.Сафронов, А.Штейн, тағы басқа қаламгерлер пьесаларын қазақ тіліне аударды. Мүсірепов белгілі ғалым Г.Ломидзе атап көрсеткендей: “Ол керемет дәлдікпен әрі үйлесімділікпен жұмыс істейтін өте нәзік, өрнекті шебер. Мүсірепов қаламынан жанды бейне, тірі пішін сомдалып, ол суреттеген адам мінез-құлқы мен құбылыстарға кең тыныс, ауқымдылық тән” суреткер болды.
Қоғам және мемлекет қайраткері
Ғ.М.Мүсіреповтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңындағы баннер. Сөз зергерінің қанатты сөзі және суреті.
Мүсірепов – көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылдың 4 шілдесінде ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП(б) қазақ өлкелік комитетіне “Бесеудің хатын” жолдады. Хаттың мазмұны мен көтерген келелі мәселесі Мүсіреповтің қай кезеңде де болмасын халқының қамы үшін күресіп, қоғам алдындағы парызын адал орындаған азамат болғандығын айғақтай түседі.
1990 жылы Мүсірепов атындағы республикалық балалар мен жасөспірімдер театры “Бесеудің хаты”спектаклін қойды, пьеса авторы – Ш.Мұртаза, қоюшы-режисер Р. Сейтметов). Мүсіреповтің қоғам қайраткері ретіндегі, қарапайым адам қатарындағы адамгершілік ұстанымдарын айғақтайтын іс-қимылдары жетерлік. Соның бірі 1937 жылы Қазақстан Жазушылар одағындағы жиналыста тағдыры талқыға түсіп, ұсталып бара жатқан Б.Майлинге араша түсіп, “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” деген сөзі бүгінгі күні аңызға айналған. Осының салдарынан ол 1938 жылы партия қатарынан шығарылды. Ол сондай-ақ Азия және Африка елдері жазушыларының Ташкент, Бейрут, Дели, Алматы конференцияларының белсенді ұйымдастырушыларының бірі болды.
Жазушы бейбітшілік күрескері ретінде Алматы мен Мәскеуде ғана емес, Париж, Рим, Джакарта, Токио, Каир, тағы басқа қалаларда өткен халықаралық конференцияларда сөз сөйлеп, күрделі мәселелерді көтерді. Ол 5-сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
Бесінші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің және 6, 7, 8, 9, 10, 11-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.1974 – 75 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |