Ағаш
Құдайдан «Мирдің» бұдан әрі қызмет ете беруін нәсіп етсе екен деп тілеймін. Ол әлі тамырын тереңге жайған алып бәйтерек емес, бірақ енді ғана бүршік жарған жас тал да емес. Өскін енді-енді тамыр жая бастады, уақыт өте келе діні бекіп, тамырын тереңге жіберер деп үміттенемін. Жас балалар келіп, біз бастаған істі жалғастырар, бәлкім біздің қолымыздан келмеген істі қолға алар. Ең бастысы, біз бастаған идея өзінің өмір сүруге қабілетті екенін дәлелдеді. Бірақ оның ертеңі не болар екен?
ТМД-ға байланысты құжаттарды оқысаң жүрегің ауырады. Президенттерден бастап бәрі де шағым айтуда. Қаншама құжаттарға қол қойылды. Бірақ та сол қол қойылғандардың қаншасы өмірде қолданыс тапты? Құжаттар халықтың санасына жетіп, әрекет еткен жоқ. Мәселен, екі мемлекеттің – Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынасын мысалға алайық. Екіжақты қол қойылған құжаттардың, келісімдердің, шешімдердің тұтастай бір жинағы бар десе де болар. Солардың кез келген біреуін алайық – міне, «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Ресей аумағын тұрақты мекендейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Ресей азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы келісім». Ельцин мен Назарбаев қол қойған: барлық үкіметтік сатылар осы құжатқа тиіс. Қандай да бір шенеуніктердің алдында осы құжаттың жатқанына сенімдімін, бірақ азаматтығы жоқ елде тұрып жатқан адамдар қаншама қиындықтар көргенімен, мұндай құжаттың барын да білмейтініне шүбәм жоқ. Ресейдің өз заңы, Қазақстанның өз заңы бар, азаматтар өз мемлекеттерінің заңын білмей жүріп басқа мемлекетке барғанда тіпті құқықтық бағытынан жаңылысады. Немесе «Ресей және Қазақстан азаматтарының азаматтық алуын жеңілдету туралы келісім». Біз өзіміздің ақпараттың жаңалықтарымызда бұл жайында бірнеше рет айтқанымызбен, ешкім бұл құжаттарды пайдаланбайды.
Адам – тым болмаса заңға құрмет көрсететін елдерде заңға сүйенетін жануар. Мысалы, америкалық азаматтар бір нәрсені бастамас бұрын алдымен заңгерге барып қандай кедергілер, қиындықтар күтіп тұрғаны туралы ақылдасып алады. Еуропада саяхаттап жүрген адам заң қызметінен алдын ала қандай елдерде Шенген келісімі қолданылатынын, қай елге бару үшін виза қажет екенін біліп алады. ТМД-да да солай болуы керек. Шалыс бассаң өзіңе қиын. Батыста заңгер бизнесте, саясатта және отбасы істерінде өте маңызды тұлға болып табылады. Бізде мұндай мәдениет жоқ, заңгер мамандығы енді-енді маңызға ие бола бастады. Біз өз проблемаларымызды шешуде кездейсоқ адамдардың ақылын пайдаланамыз, халықтың игілігі үшін заңда жазылған, президенттеріміз қол қойған құжаттарды пайдаланбаймыз, өйткені ол туралы білмейміз де.
Егер «Мирдің» тұрақты арнасы болса, өзіміздің заң саласына арналған бағдарламамыз болар еді. Онда ТМД азаматтарына заңдар туралы мәліметтер жеткізіліп, ақпараттандырылар еді, іс жүзінде қолданылатын кеңестерді беруді қолға алар едік. Ғаламтордағы сайттардан да осыған ұқсас бірнәрсе ашуға болады: әртүрлі аудиториялардан келіп түскен сұрақтарды шешу үшін мұндағы диалогтық қатынасу режимі де қолайлы. «Мир» бүгінгі таңда интернет жобасын әзірлеуді қолға алды, болашақта қанат жаяр деген үміттемін. Бірақ әзірге «Достастық елдерінің заң базасы» менің білуімше, еш жерде жоқ. Меніңше, мұндай сайтты құру және оған қолдау көрсету үшін ақшаның жоқтығы себеп емес. Газет, телевизия, ғаламтор жарияланымдарының артында одан материалдық немесе моральдық пайда көретін бір адамның немесе ұйымның тұратыны анық. Негізінде мұндай жарияланымдармен Достастықтың атқару комитеті айналысуы, яғни Достастық органдарының шешімін азаматтарға жеткізуі тиіс болатын. Атқару комитетінің мұндай қызметпен айналысуға қаражаты жете ме, жоқ па білмеймін, бірақ мұның қажеттігін сезінетін адамның жоқтығы анық.
«Мир» өзінің басқа да функцияларымен қоса заңды тұрғыдан ақпарат беру, ағартушылық, Достастықтың жаңа заңдарына қолдау көрсету қызметін де атқара алар еді. Арна қандай да бір мәселенің неліктен шешілмегені, оны тездетіп шешу үшін қандай амал қолданылатыны туралы Үкіметке, мемлекетаралық ұйымдарға сұрақ қоятын азаматтың атынан әрекетке қабілетті заңды тұлға рөлінде көмектесе алатын болады. Тағы да қайталап айтамын бұл үшін өзінің тұрақты арнасы болуы қажет. Әрине эфирде бәрін қамту мүмкін емес. Бірақ эфир көрерменді интернетке жетелер еді, өзекті құқықтық мәселелер бойынша сайттарға сілтеме жасар еді. Ал ол сайттар бүкіл елдер бойынша, барлық мемлекетаралық құқықтық актілер бойынша үнемі жаңартылып отыратын толыққанды ақпарат беріп отырады.
Директорлар кеңесінде таралымдар жүйесінде толыққанды, тәулік бойы хабар тарату мәселесі үнемі алға қойылады. «Хабар неліктен аз таралады?» деген қарапайым сұрақ біздің жанды жеріміз. Хабар тарату жүйесін кеңейту әзірше қолымыздан келер емес. Ол үшін қаражат керек. Ресей арналары арқылы тарату тым қымбатқа түседі. Ол үшін қолдау көрсететін демеуші табу қолымыздан келмеді. Оның ішінде демеуші мемлекет таба алмадық. Мемлекеттер мұндай арнаның болғанын қалағанымен, оны ұстап тұруға шамалары келмей жатты.
Салиқалы хабар тарататын компания құру үшін жүздеген миллион доллар салу керек! Хабар таратуды қамтамасыз ету де мол қаражатты қажет етеді! Ал ақша болса жоқ. «Олай болса, біреуге сатылып, ақшасы бар адамның қанатының астын паналаңдар» дейді. Бәсекеге қабілетті мұндай ұсыныстар шынымен де болды десем артық болмас. Көбінесе мұндай ұсынысты Березовский жасайтын. Ол «Мирге», сонымен бірге маған көп ұрынатын.
«Қолыңдағы жұмысыңмен қоса алғанда қанша тұрасың? Ақшаңды ал да кет. Біз одан әрі қалай дұрыс деп санасақ солай жұмыс істейміз» деген сөздерді айтқан кездері де болды.
Қомақты қаржы алып, жан рахатымен өмір сүру деген қызықтырарлық ұсыныс болғанымен, одан әрі не болады? Түскен пайдаға аралға барып өмір сүрем бе? Жерорта теңізінің жағалауынан вилла сатып алам ба? Бір жағынан қарасаң жағымды, жаңа, экзотикалық дүние болғандықтан тартымды. Бірақ жұмыссыз қанша уақыт шыдай аламын? Өмірімнің біраз жылын арнаған идеядан бас тартып, оны сатып кетіп қалай өмір сүремін? Қайғысыз-қамсыз, рахатқа бату мен үшін жат нәрсе. Мен іштей қашанда өз жұмысына берілген еңбекқор жан болып қала беремін. Жас емеспін, ерте ме кеш пе бәріміз кетеміз, өмірден өткенде артымда не қалады деген сұрақ толғандырады.
Ең бастысы, өз ісімізді бөтен адамның қолына берер болсақ, «Мир» не үшін құрылса, соған қарама-қарсы мақсатта жұмыс істейтін болады.
Доренконың журналистік талантына табынушылардың өзі оның бағдарламаларының негізгі тұжырымдамаға сәйкес келмейтіндігін мойындай ма деп қорқамын. Мысалы, оның Шевернадзеге қастандық жасауға Примаковтың қатысы бар деген сюжеті, біздің жарғылық құжаттарымызда сөзсіз расталған ақпаратты ғана шығару керек деген міндеттеме жазылғанын айтпағанның өзінде, халықтардың арасын ашпай, керісінше біріктіретін жаңа үлгідегі ақпараттық кеңістік құруды көздейтін ұстанымымызға қайшы. Доренко заңмен белгіленген нормаларды аттады ма, жоқ па, оны Ресей соты тексеретіні сияқты, оның бағдарламаларын көрсету-көрсетпеу де мемлекеттің ішкі ісі. Бірақ Доренконың конфронтациялық сюжеттерін шығару, сосын барлық Достастық елдеріне сот конфронтациясын көрсету – жақсы нәрсе емес. Біз мұндай мақсатта жұмыс істеу үшін құрылған жоқ едік.
Бізге таза саясатпен айналысуға болмайды. Біздің компаниямыздың аз ғана тарихында осындай «тілекшінің» ғимараттың миналанғанын ескерткен жалғыз қоңырауы соғылды. Барлығын шығарып, бомбаны іздеп, эфир үзіле жаздаған болатын. Алайда бұл оқиға біздің бағдарламаларымызға қатысты емес, біздің қабатта үй-жайлар мен аппаратты жалға алатын ТСН-ге байланысты екендігіне сенімдімін. Біз мұндай қауіп-қатерге жол берген емеспіз, болашақта да ондай жағдай орын алмайды деген үміттеміз.
Өзіміздің жарғымыз бен принциптерімізді берік ұстана отырып хабар таратуды қайтсек кеңіте аламыз? Бұл мәселе біздің кеңестерімізде үнемі талқыға салынады. Мысалы біздің Солтүстік Осетияда филиалымыз бар. Біздің жігіттеріміз Дағыстандағы, Шешенстандағы – соғыстың қайнаған ортасына бара алар еді, ол бізге тым жақын емес пе. Бірақ та біз оларға НТВ өздерінің майдангер тілшілеріне төлегендей ақы төлей алмаймыз ғой. Бұл деген мүлдем әртүрлі мүмкіндіктер болып табылады.
Онда не істеу керек, қолымызда бар дүниенің барлығын сатып, бай көкемізге жұмысқа тұрайық па? Мен үнемі: «Сабырға келіңдер, «Мир» - асығып шешім қабылдайтын жер емес, болашағы бар ұйым», деймін.
Қазір, осы жолдарды қағаз бетіне түсіріп отырған сәтте «Вместе» бағдарламасының 650 түсірілімі шығып, бірнеше мыңыншы телекөпірлер өткізілуде. Бұрын әрбір телекөпірдің өзі бір ұлы оқиға болатын, ал қазір ол әдеттегі дүниеге айналды. Сонда да мыңдаған телекөпір өткізу тек қиялға ғана сиятын цифрдай көрінуші еді. Біз қазір бұл межеден де астық. Бұл дегеніміз жай ғана құрғақ цифр емес – оның артында біз бір-бірімен сөйлесуге, бірін-бірі түсінуге, бір-бірімен жақындасуға мүмкіндік берген мыңдаған адамның тағдыры тұр.
Қазақтарда «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген мақал бар. Біз бәріміз әртүрліміз, әр адамның жақсылығы мен жамандығы бар. Бұл меніңше лайықты нәтиже.
Гусинский НТВ жаңалықтар арнасына 100 млн. доллар (осындай цифрді атағанымен, шын мәнінде бұдан да көп кетті деп ойлаймын) жұмсаған. Арнаның құрылымы алғашында компанияның өзі жасаған жаңалықтар мен жақсы сатылатын кинолардан тұрған болатын. Бүгінгі таңда, баға түскенімен, тиісінше шығын да аз 40 млн. доллар болар. Бірақ мәселе ақшада емес. Бәрінен бұрын ақпаратты жинау әрі тарату үшін арнаның инфрақұрылымы қажет. Бұл үшін «Мирдің» қажетті негізі бар. Біз жаңа адамдармен, жаңалықтар қызметінің энтузиастарымен жұмыс істеуге әзірміз. Мұндай адамдар біздің компаниямызда әзірге жоқ па деп қорқамын. Бұл іс НТВ-ға дайын командасымен келіп, осы компаниядағы жаңалықтардың ерекше стилін құрған Олег Добродевтің келуіне мұқтаж. Мұндай адамдар сирек кездеседі.
«Мирдің» басшылар командасы алты жыл ішінде мүлдем өзгермеген еді. Дегенмен уақыт деген өтіп жатыр, біз де қартайып барамыз, көбіміз елуден, ал кейбіреулеріміз алпыстан астық. «Мирге» жастарды араластырар кез келді.
Әрине, компанияға жаңа шығармашылық саладағы қызметкерлер, телевидениенің заманауи тілін түсінетін жастар қажет. Сондықтан да бұрынғы діңгегімізді, негізгі принциптеріміз бен постулаттарымызды сақтай отырып қазіргі жастарды жұмысқа тартуға тырысып бағамыз.
Әлем мәдениеті
Испандық биолог, Нобель сыйлығының лауреаты, сегіз жыл бойы ЮНЕСКО-ның бас директоры қызметін атқарған Федерико Майор осы қызметте жүрген жылдарында әлем мәдениеті идеясын насихаттаудан жалыққан емес. Ол қызуқанды адам еді, барша халықты әлемді соғыс мәдениеті тұншықтырып тұрғандығына сендіруге тырысты, әлем мәдениетті болуы үшін соғыстан бас тартуы керектігін айтты. Федерико Майор - әлем мәдениеті идеясының шын мәніндегі авторы.
Бірақ оны жұрт есінен адасқан жан ретінде қабылдады. Майор қайда барса да, мейлі Африкада, Еуропада, Штаттарда болсын, үнемі өз идеясын насихаттап, жұртшылықты оны жүзеге асыруға шақыратын. Жер бетіндегі адамдар өздерінің ең маңызды азаматтық құқығы – бейбітшілікте өмір сүруі тиіс деген қағиданы ұстанды. Бұл идея абстрактілі көзқарас болып көрінгенімен, ақиқатқа айналуы мүмкін емес нәрсе еді. Соғыс үйреншікті құбылысқа айналды, соғыстың нәтижесі де көзге ұрып тұрады.
Адамдардың бейбітшілікте өмір сүру құқығын қайтсек жүзеге асыра аламыз? Оны үкімет емес мемлекет – «кейбір басшылар ғана емес, қоғам (азаматтық әскери және діни органдарды қоса алғанда) тұтастай қолға алғанда жүзеге асыра алады. Екі-үш жыл ішінде соғыс мәдениетінен бейбітшілік мәдениетіне өтуге жұдырықтай жұмылу үшін бәріміздің осыған атсалысуымыз керек. Осындай өзгерістерге қол жеткізу үшін әр адам үлес қосуы керек. Қарулы күштер демократиялық тұрақтылық пен азаматтарды қорғаудың кепілдігі болып қызмет етпесе, біз толық қауіпсіздік жүйесінен еркіндікке жете алмаймыз. Әскери министрліктер мен қорғаныс министрлігі біртіндеп бейбітшілік министрлігіне айналуы тиіс».
Бірақ ЮНЕСКО-ның бас директоры қызметінде екі мерзім отырған Федерико Майордің өзі «Мәдениет жылы» деп жариялаған 2000 жылға дейін сол қызметін атқарған жоқ. Енді ол осы жылды өткізуге жеке тұлға ретінде ғана қатыса алатын болады. Ол өз идеясын ЮНЕСКО-ға тарту етті, осы ұйымның бақылауымен жылдың негізгі оқиғалары мен акциялары өтетін болады. Мен бұл оқиғаны осындай адамның және осындай беделді ұйымның бейбітшілік идеясын жүзеге асыруына сегіз жылдың өзі жетпегенін ойлап еске алып отырмын. Әрі Майордың иелігінде менің қолымдағы қаражатпен салыстырғанда едәуір мол ақша болғаны анық.
Біздің компаниямыздың мәні мен принциптері «соғыс идеясына» немесе біздің кәсіби тілімізге аударсақ, конфронтациялық телевидения идеясына қарағанда солғындау көрінеді. Ресейдегі соңғы саяси өзгерістер аналитиктердің кейбіреулеріне Ресейде соғыс партиясы жеңді деп айтуға мүмкіндік беріпті. Бұл пікірге қосылмай-ақ қояйын, бірақ соғыс стратегиясның жеңгені анық. Мүдделерді күш қолдана отырып білдіру, оған бейбітшілік әдістерімен қол жеткізгенге қарағанда анағұрлым оңайырақ.
Шешенстан туралы нақты айтпай-ақ қояйын, лаңкестер үшін соғыс тілі – жалғыз түсінікті тіл. Бірақ қарудың келген жеңіске қарсы тұратын жаңа өшпенділіктер пайда болады. Жеңіске қол жеткізгеннен кейін соғыс тоқтай қояр ма екен? Әлде, қарсылас тараптар әскери күш-қайратын жинап, қайтадан қақтығысқа даярлана ма?
Еуразиялық кеңістікте бейбітшілікке қол жеткізу - өте қиын міндет. Бейбітшілік мәдениетіне жету үшін ұзақ жылдар керек. Біздің осы процеске қатысуға қаржылай шамамыз келмейді. Бізді құрған елдің үкіметі осы ғаламдық міндеттің маңыздылығын, оны шешуге «Мирдің» қатысуын түсінген кезде ғана олардың тарапынан қолдау табуға үміттенуге болады.
Иә, біз өте күрделі істі қолға алдық. Енді бар күш-жігерімізді жинауға тура келеді. Не болса да уақыт төреші. ТМД көшбасшыларының кезекті кездесуі не болатынын көрерміз: олар Достастықтағы достықты шынымен қалар ма екен, әлде олардың бәріне болмаса да кейбіріне бұл атау мәдениетті түрдегі айқастағы жәй бетперде ме екен?
Згибнев Бжезинскидің сәуегейлігіне сенсек, (ол – АҚШ Стратегиялық зерттеу орталығының қызметкері, саясатта ысылған, тәжірибесі мол, құнды ақпараттарды қолға түсірген адам) бұрынғы КСРО кеңістігінде қарулы қақтығыстар мен соғыстың болуы әбден мүмкін. Орталық Азия Еуразиялық Балқанның тағдырын кешеді дейді. Ресейде қазіргі мәселелерді қарумен шешу осыған ықпал етуі мүмкін. Қалай болғанда да 21 ғасырда еуразиялық әлемнің қиын күндерді бастан кешері анық. Осындай кезде біздің арнамыз осы ақпаратты қадағалап, барлық Достастық елдеріне қол жетімді етуі керек. Қандай да бір елдің емес Достастық елдерінің мүддесінде саралаған жөн болады.
Айталық, үкіметтің немесе ұлттық компаниялардың қамқорлығындағы ресейлік телекомпаниялар ресей әскерінің лаңкестермен күрес мақсатында Грузия шекарасын бұзуынан оғаш ештеңені де көрмейді. Біздің тікұшағымыз абайсызда Грузия тарабына қателесіп ұшып, грузин әскеріне оған оқ жаудырса «Онда тұрған не бар? Ондай-ондай болып тұрады, жаңсақ кетіпті» дейді. Грузияның дербес егемен мемлекет екеніне көзжұмушылықпен қарайды.
Ресейлік бұқаралық ақпарат өзге елдердің әрекетін Ресейге қарсы шығуға тырысушылық ретінде қарап, оларды мойындамауда. Бұған ешкімнің де Тәуелсіз мемлекеттер Достастығына негіз болған тұғырнама ретінде қарағысы келмейді. Бұрынғы КСРО-да геосаясат мәселесімен тек Кремль ғана айналысса, қазір геосаясатпен Алматыдағылар да, Кишиневтегілер де, тіпті барлық жерде айналысуға тырысуда. Жақсы болсын, жаман болсын, негізгі ақиқат осы.
Осы орайда, «Мир» телекомпаниясының алдында біртұтас дербес ұстанымы бар және бағдарламаларын ешқандай қорқынышсыз жүргізуге қабілетті адамды, жетекші-авторды тарту туралы мәселе туындап отыр. Ол жер бетіндегі қарапайым халық мүддесін басым қойып, Алла берген өмір сүру құқығын басты мәселеге балап, үкімет пен билік басындағылардың пайдасы мен мүддесімен санаспайтын, «бейбітшілік мәдениетін» насихаттаған Федерико Майор сияқты болуы тиіс. Бұл азамат ешқандай геосаясатты ойламайды, ойлағысы да келмейді. Оның өз шаруалары бар – отбасы, бизнес, адамдармен қарым-қатынас. Оған сенің көмектеспесең де, өмір сүруіне кедергі жасамағанын керек.
ТМД-да қалыпты, заңды, қылмыстық емес бизнес жолындағы кедергілерді жою оңай іс емес. Мұнымен «Мирдің» айналысуы керек. Алайда бұл үшін компанияға мықты таратушылар, сырнай-кернейшілер мен бейбітшілік мәдениетін насихаттаушылар керек әрі оларға төлейтін қомақты қаражат қажет. Оның үстіне олардың өз ісінде табысқа жеткен жүргізушілері мен өзге де ұстанымы бар басқа да атақты арналармен бәсекеге түсуіне тура келеді.
«Мир» біртіндеп дами отырып «бейбітшілік мәдениеті» сияқты халықаралық жобаларға арқа сүйеуі тиіс. Ол үшін жүріп-тұру, адамдармен кездесу, байланыс құру керек. Тұжырымдама жасалды, енді оған қаражат қажет. Өзіміздің спутниктік жүйеміз көмектескенімен кірісі шамалы, несиені жабуға көп ақша кетуде. Бірақ енді үш жылдан кейін барлығын төлеп бітетін боламыз. Сол кезде «Бұдан әрі немен айналысамыз?» деген басты сұрақ туындайды.
Спутниктік жүйе маңындағы өз бизнесімізге негізделген бәсең даму, сөзсіз дұрыс амал болды. Бүгінгі таңда ресей эфиріне «бейбітшілік мәдениеті» сияқты көлемді бағдарламамен шығу ағаттық болар еді. Бәлкім, кім біледі, бәрі қалай шығуына байланысты ғой. Әртүрлі саяси күштермен, қаржыгерлермен жұмыс істеуге тура келер еді.
Ісіміз алға жылжуда. Бағытымыз айқын. Енді өмір сүріп, дамуымыз керек. Кадрлық, қаржылық проблемаларды шешу қажет. Қаржылық тылымыз неғұрлым бекем болса, біздің келешек жобаларымыздың спектрі соғұрлым бай болады.
Құс жолы. Мартин Хэдлоу
.... Алматыдан Бішкекке баратын жол Іле Алатауы арқылы өтеді. Бір кездері бұл жерден Ыстық көлге немесе тауды айналып Қытайдан жібек мата тиелген керуендер өтетін. Қазір жолдардың қай жерден өткені туралы жөн сілтеп тұрған қорғандар ғана қалған. Айдала болғанымен, жерін шұқып жіберсең болғаны, астынан бүлкілдеп аққан бұлақ пайда болады.
Соғыс болмай тұрған кезде бұл жерде Жамбыл ақынның атының ізі қалған. Қолына домбыра ұстаған қарттың ел аралаған аймағы. Сол кезде оның соңына Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері түсіп, оның атынан орыс тілінде бірнәрселер жазған деседі. Өзі шабыт шақырды ма, жоқ әлде андушы орыс авторластары ма, әйтеуір Сталин конституциясы жырға қосылды. Сталин оған шымқай қара түсті «Эмканы» сыйға тартады. Сол «Эмканы» мен 1992 жылы Мартин Хедлоуға көрсеткен едім.
«Мир» жобасына қатысқаны үшін Мартинге оған деген алғысым шексіз. Хедлоу Жаңа Зеландияда дүниеге келіп, Австралияда өскен. Халық оны «Поющие в терновнике» атты кітабы арқылы таниды. Өзінің Жаңа Зеландиясында жүрген кезде ол солтүстіктен келген ғажайып құстарды көреді. Ол біздің солтүстіктік құстар болатын.
Біз тұңғыш рет Малайзияда кездестік. Ол кезде Хедлоу ЮНЕСКО-ның атынан Оңтүстік Шығыс Азияның коммуникациясымен айналысып жүрген, өмір көрген адам болатын. 1992 жылы Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары бойынша конференция өтті, оны даярлық штабында жұмыс істеуге жіберген екен. Біз бұрыннан таныс болғандықтан, ол мені тауып, кездестік.
Сол кездері мен оны Жамбыл жерлерін көрсетуге шақырған болатынмын.
– Сен Жамбылдың кім екенін білмегеніңмен, бұл өте әсерлі болады, кеттік бізбен бірге,— дедім оған. Біз Жамбылдың ауылы Ұзынағашқа ат басын тіредік. Мартинге Жамбыл ақынның кім екенін айтып, ақынның мұражайын және Сталин сыйлаған көлікті көрсеттім. Осының алдында ғана «Қазақфильмнің» жігіттері Жамбыл туралы кино түсіріп, көлікті қалпына келтіріп қойған екен. Сәтін салғанда Мереке қарсаңында келген екенбіз, біз ат басын бұрған күні Жамбылдың шөбересінің сүндет тойы болды. Қонақтармен бірге әңгіме шерттік, үй иелеріне Мартиннің қонақ екенін айттым. Бұрын Малайзиядан, оның үстіне ЮНЕСКО-дан келген адамды көрмеген үй иелері «Құдайы қонақ!» деп бір қуанып қалды.
Мартин сүндеттелген балаға телекоммуникация саласында үлкен жетістікке жет деп бата берді. Бір үйден шыққанымызша болған жоқ, келесі үй бізді қонаққа шақырып жатыр. Жамбылдың тағы бір шөбересі сүндетке отырғызылыпты.
Осындай шөберелердің саны он беске дейін жеткен шығар. Олар шын мәнінде ақынның ұрпақтары екен. Қолына домбырасын ұстап, атқа мінген ақын көңілді өмір сүргенге ұқсайды, енді мінекей бүкіл ауыл оның туыстары мен ұрпақтары. Шынымен де Жамбыл ауылы.
Ақыры Мартин Куала-Лумпурды тастап, Алматыға көшіп келді. Орталық Азия мен Қазақстандағы телекоммуникацияны дамыту жөніндегі ЮНЕСКО-ның үйлестірушісі болып, 1998 жылға дейін жұмыс істеді. Бір жолы Бішкекке барар жолда көлік апатына ұшырап қалған еді. Сонда мен оған:
-
Сені осындай жабайы жерге әкелгенім үшін өзімді кінәлап тұрмын,- деген едім оқыста.
-
Жабайы ештеңесі де жоқ. Жап-жақсы ел!— деп жауап қатты ол.
Мартин қазір де ЮНЕСКО-ның үйлестірушісі, Таяу Шығыс мәселесімен айналысады, Оманда тұрады. Арабиялық Лоуренс сияқты басына шалма тартқан көрінеді.
Қарым-қатынас - ЮНЕСКО қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі. Бұл мәселемен бұрын КСРО мемлекеттік телерадиосы Төрағасының орынбасары болған, бас директордың бірінші орынбасары Генрих Юшкявичус айналысады. Хедлоу - оның дирекциясындағы қызметкерлердің бірі. Ұжымның басты мақсаты – ақпарат алу құқығына әрбір адамның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ол үшін барша елдерге дамыған коммуникативтік сала қажет. Осындай игілікке толықтай қол жеткізілмейінше ақпарат құқығы құрғақ сөз болып қала береді.
Хедлоу көптеген игі істер жасады. Соның арқасында Жамбылдың 150 жылдығы, Әуезовтың 100 жылдығы және «Манастың» 1000 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде тойланды. Хедлоу ЮНЕСКО-да үлкен құрметке ие тұлға, 1999 жыл досымыздың ықпалының арқасында Қаныш Сәтпаев жылы жарияланды деп ойлаймын. Мартиннің жәрдемдесуі арқылы «Мир» Азия Тынық мұхит тарату одағының мүшесіне қосылып, біз қазір осы ұйымда ТМД-ның мүдделерін білдіреміз.
Ол «Мир» компаниясындағы шаруаларды үнемі қадағалап отыратын, бірақ жобаның онсыз да сәтті дамып жатқанын көргеннен кейін айта қаларлықтай көмек жасай қойған жоқ. Оған біз аса мұқтаж да емес едік. Ол өз идеясынан туындаған «Жастар және толеранттылық» атты 8 сериялы фильм түсіру үшін қаражат тапты. Бұл сериалдың мақсаты – ұлттық және өзге де тосқауылдарға қарамастан жастар арасындағы шыдамдылық пен өзара түсіністікті насихаттау еді.
Жуырда біз ЮНЕСКО үшін тағы бір фильм түсірдік. Жаңа фильм «Бейбітшілік мәдениетінің жаңа жағалауларына» деп аталады. ЮНЕСКО-ның қаржысы көп болмаса да, өздерінің негізгі бағыт-бағдарларына сай келетін кез келген жобаға қаражат таба алатын. Мен ЮНЕСКО-ға жаңа бағдарлама ұсындым, қазір қарастырылу үстінде. Ұлы Жібек жолының тарихы туралы бағдарлама «Бір сурет - әртүрлі тіл» деп аталады.
Орталық Азияның жаңа мемлекеттері үшін халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынас тәжірибесі жаңа құбылыс. Сондықтан да Мартин Хедлоу сияқты адамның пайда болуы барлық өңір үшін маңызды оқиға деп санаймын. Біз оны өзіміздегі директорлар кеңесіне шақыратынбыз. Себебі, мартиннің ой-толғаныстары мен тілектері біз үшін өте пайдалы еді.
Мартин менің «Құс жолы» деген ғаламдық телекоммуникациялық жобамды қолдап, 1995 жылы наурызда Минскіде өткен Мемлекетаралық Үйлестіру кеңесінің отырысында ұсынды. Бұл атау солтүстіктен оңтүстікке ұшқан құстардың адаспайтынына, аспандағы құс жолымен ұшатынына байланысты алынған. Ал ақпаратқа келер болсақ, ақпараттардың әлемге таралу жүйесі дұрыс құрылмаған. Барлық спутниктік жүйелер экология мен биология заңдылықтарына бағынбайды. Біз өзіміздің жүйеміз үшін теледабылдың табиғи түрде таралуына барынша үйлесетін спутникті таңдадық. Оның қозғалысы станциядан спутникке, спутниктен басқа станцияға меридианальді бағыттар арқылы жүретін болады.
Құстар мемлекеттік шекара дегенді білмейді, ал ақпараттық ағымдар шекарамен санасуға мәжбүр. «Мирдің» өзінің спутниктік жүйесі болған кезде, біздің компаниямыз телекоммуникациядағы жаңа құс жолын салар деп (трансұлттық халықаралық корпорация) үміттенгенбіз. Ақпарат легі мемлекеттік шекараға ұрынбай қозғалуы тиіс. Біз ТМД шеңберінде осыған қол жеткіздік, алайда коммуникация саласын бұдан әрі кеңейткіміз келеді. Азия мен Еуропаға дейін таратып, континенттер арасында электронды көпір орнатсақ дейміз. Жоба іске енді ғана аса бастады. «Мир» құсы телекоммуникацияның трансшекаралық әлеміне ұшуы үшін әлі көп жұмыс істеу керек.
... Кей кезде есіме Куала-Лумпур каласында пальмалар аясында жүрген Мартин Хедлоу түседі. Кезінде Мартиннің осы пальмаларды, барлық экзотиканы тастап Алматыға көшіп келіп, менің үйімнен екі көше төмен жерде тұратынын, ал өзімнің Мәскеуге кететінім туралы ойламаған да едім.
Достарыңызбен бөлісу: |