Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет8/20
Дата25.02.2016
өлшемі1.63 Mb.
#25424
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20

«Сынақ»
Алматыда, Қарағанды мен Өскеменде ресми түрдегі телевидение 1958 жылдың 8-наурызынан бастау алды. Дәл сол жылы Қытайда ең алғашқы телехабар таратушылар пайда болған екен. Қалай болғанда да, Аспанасты елімен ойнауға болмайды! Әлеуеті орасан, резерві өте мол ел. Дәл іргесінде орналасқан Қазақстанды телевизиясы ең озық елдердің қатарына қоса алмайтынымыз жасырын емес, әрине. Алайда, Кеңес одағының күш-қуатының арқасында біз телевизия көшіне ілесіп кеттік. Мәскеуде телехабар тарату 1935 жылы, ал Қазақстанда 1958 жылы бастала берсін. Бәрібір біздің отандық телевизия түрен түспеген тың сала емес, ертеректе ізі салынған дүние болып табылды. Себебі, ол КСРО-ның студиялары мен ғылыми институттарының ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибесі, озық техникалары біздің отандық телевизияның кәдесіне жарады.

Қазақ мемлекеттік телерадиосының төрағасы Камал Сейітжанұлы Смайыловты өз басым ұстазым деп санаймын, оған қарыздармын. Ол кісі қазақ журналистикасына соғыстан кейінгі буынның қатарында келді, жастар баспасөзінің ең танымал публицистерінің санатына қосылды.

Камал Сейітжанұлы қызмет жолын Орталық Қазақстандағы Жезқазған облысында бастады. Өзі осы облыстағы Қарсақбай қаласының маңындағы поселкеде дүниеге келген. Қарсақпайда соғысқа дейін-ақ ағылшындар мыс рудасын өндірумен шұғылданған. Осы поселкеден көрнекті хирург Төрегелді Шарманов шыққан. Камал Сейітжанұлы екеуі бала кезден бастап дос. Алпысыншы жылдары екеуі де министрлік қызметке тағайындалды. Осылайша, Камал Смайылов кинематограф саласында, Төрегелді Шарманов денсаулық сақтау саласында еліміздегі ең белді тұлғаларға айналды. Министрлер кеңесіндегі әріптестері осыған байланысты екеуіне «кішкентай поселкеге екі бірдей министр көптік етпей ме?!» деп жиі қалжыңдайтын.

Кинокомитетте Камал Сейітжанұлы ауыз толтырып айтарлықтай көп дүние тындырды. Мәскеуден, басқа да республикадан келген атақты актерлердің қазақ киносына түсуіне бірден-бір ықпал еткен осы кісі. Мәселен, «Қазақфильмде» жарық көрген дүниелерге сүбелі үлесін қосқан Андрей Кончаловский, Толомуш Өкеев, Болат Шәмшиев, тағы да басқа адамдар Қазақстанға Камал ағамыздың ықпалымен келді.

Камал Смайылов қазақ телевидениесінің дамуына да айтарлықтай еңбек сіңірді. Өзі де талантты публицист еді, қазақ тілінде де, орыс тілінде де жазатын, телевидениені экран өнері деп айрықша бағалайтын.

Кинематограф саласында министр болмай тұрып, Камал Сейітжанұлы «Қазақфильмнің» директоры қызметінде ұзақ жылдар жұмыс істеді. Сол кезеңде қалалық және ауылдық қазақтардың бірігіп еңбек етуінің арқасында студияның сценарийлік алқасы қалыптасты. Қалалық тұлғалардың қатарында — Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, ал ауылдан шыққан есімдердің қатарында Асқар Сүлейменов, Тахауи Ахтанов сынды классиктерді айрықша атап өткен жөн. КСРО-ның халық әртісі, киностудиядағы атағы аспандап тұрған Шәкен Аймановты да осы есімдердің санатына қосуға болады.

Шәкен Айманов өте талантты адам еді. Қазақ кино өнеріне бұрын-соңды болмаған тың соқпақ салды. Оған дейін әрбір кинофильмде қайырымды әрі батыр большевиктердің бейнесі, Кеңес үкіметінің орнауы үшін жандарын салып күрескен қызылдардың бейнесі көрініс табатын. Ал редакция алқасына жаңадан келген жастар қазақ кино өнерін жаңа эстетикалық және философиялық биіктікке көтеруге, әлемдік кино өнерінің деңгейіне жеткізуге жандарын салып еңбек етті.

Смайыловтың кино саласына сіңірген орасан зор еңбегі туралы талай мәрте жазылып та, айтылып та жүр. Кейінірек ол мемлекеттік телерадиоға ауысты, алдымен төрағаның орынбасары, сосын министр болып тағайындалды.

Смайылов келген тұста мен журналист ретінде танылып үлгерген едім. Өз бетімше жаңа жастар бағдарамасын, көрермендер арасында кеңінен белгілі бағдарламалар циклын жасағанмын. Мен жастар редакциясында жұмыс атқардым, орыс тілінде көптеген бағдарламаларды жүргіздім. Біз әрқашан көрермендер үшін жаңа дүниелерді жасап, жұртты елең еткізуге тырысатынбыз.

Орыс редациясы болсақ та, Совет Мазғұтов басшылық жасайтын қазақша бағдарламалар жасаумен шұғылданатын бас редакциямен тығыз байланыста жұмыс істедік. Қысқасы, журналист ретінде тәжірибе жинақтап, жастар редакциясының редакторы қызметін атқарамын. Бір күні мені Камал Сейітжанұлы шақырып алып:

— Сен телеведение саласында танылып үлгерген адамсың. Негізі, алған білімің қандай?— деп сұрады.

—Политехникалық институттың металлургиялық факультетін бітіргенмін,— дедім мақтанышпен.

— Бұл — жақсы, әрине. Дегенмен, одан бөлек сценаристік мамандық алсаң артық етпес еді. Ол үшін екінші бір институтты тәмамдаудың қажеті жоқ. Жоғарғы сценаристік курсқа түссең жеткілікті, бас-аяғы екі жылдың ішінде бітіріп шығасың. Қанша дегенмен, өз салаңды кәсіби мамандардың арасында жүріп жетік үйреніп алғаның жақсы емес пе?! Кім біледі, болашақта өзің де кино түсіру ісіне ат салысуың мүмкін. Олай болса, Мәскеуге тарт!

Мен мұндай ұсынысты күтпеген едім. Отбасылы адаммын, екі қызым өмірге келген. Жұмыстан біраз қаламақы аламын, енді жүз сом шәкіртақымен күн көруге тура келмек. Оның үстіне, ата-анама көмектесуім қажет. Сонымен, шешім қабылдамас бұрын Ирамен ақылдасып, қабырғаммен кеңеспекші болдым.

— Камал аға саған жамандық ойламайды. Өзің солай шешсең, оқығаның дұрыс,— деді Ира.

Сонымен, 1974 жылы мен жоғарғы сценарийлік курсқа оқуға түстім. Шынында да, екі жылдың ішінде көптеген үздік фильмдерді көріп, білім көкжиегімді кеңейттім. Әу бастан маған «Белорусский вокзал» фильмінің, басқа да танымал дүниелердің сценарисі Вадим Трунин ұстаз болды. Кейінірек тәжірибелі редактор, мықты сценарист Валентин Михайлович Дьяченконың (көрермендерге «Мужики» фильмі арқылы жақсы таныс) алдын көрдім. Ол кісі әскерде барлаушы болған, өлім жазасына кесілген, лагерьдің дәмін татқан, қысқасы талай қысылтаяңды бастан өткерген тәжірибесі мол адам еді.

Мәскеуде маған ұстаздық еткен тұлғаларға деген алғысым шексіз. Олар кинодраматург пен журналистің жұмысы бір-бірінен айтарлықтай өзгеше екендігін жақсы түсінетін. Сол себепті мені фактографияға құмарлықтан арылтуға, бар қызығушылығымды сценарийлік метафизикаға аударуға, көркемдік құндылықтарға ерекше көңіл бөлуіме ықпал етуге тырысты. Мен журналист болғандықтан бірінші кезекте нақты фаактілерге, адам тағдырларына, нақты процесстерге, саяси ахуалдарға назар аударатынмын. Курста менімен бірге талантты жазушы Смағұл Елубаев (кейін Прагада тұрып, «Азаттық радиосының» Азиядағы департаментіне басшылық жасады) бірге оқыды.

Мәскеуде өткен екі жыл ішінде көп нәрсені көңілге түйіп, дүние танымым айтарлықтай байыды деген ойдамын. Әдеби институттың Руставели көшесінің бойында орналасқан жатақханасында өткен қызықты күндер, әр елден келген курстас достармен бірге бастан кешкен қызғылықты оқиғалар, әлі күнге сағынып еске алатын естеліктер бір романға жүк болар еді. Сол тұста Грузия кинематографиясының атағы аспандап тұрды, бірге оқитын грузиялық қыз-жігіттер соны арқаланып бізге биіктен қарайтын. Кино өнері айтарлықтай озық саналатын Балтық бойы елдерінің студенттері де көп болды. Атақты жазушы, Эстонияның Шолоховы — Хейно Киик, Соловьевтің «Сто дней после детства» кітабының теңавторы Саша Александров, Батыста кеңінен танымал ресейлік режиссер Паша Лунгин, тағы басқаларымен бірге оқыдық. Мен комсомол кезінен қалған ескі әдетім бойынша старостамын. Курс директоры — бұрын Госкиноның бас редакторлығын атқарған Ирина Александровна Кокорева. Сценарийлік шеберліктен Наталья Ерошина, режиссурадан Вера Суменова сабақ берді, содан бері ол кісілермен жақсы доспыз. Жалпы, курс түлектерінің баршасы бір-бірімізбен өте татумыз, мен осы түлектердің қатарына қосылғанымды мақтаныш тұтамын. Қорыта келгенде, мені Мәскеуге күштеп оқуға жіберген Камал Смайылов ағамыз дұрыс жасапты.

Курста біздерді көркем фильмдердің сценаристі болуға оқытты, алайда менің бойымдағы журналистиканың дәнін ешкім жеңе алмады. Әрине, мен көркем фильмге де сценарий жаздым. Трунин менің жазған дүниелерімді үнемі мақтап, жақсы кино түсіруге болатынын айтатын. Мен өз туындымда Самарадан Маңғыстау арқылы, Қарабұғазкөл шығанағын айналып өтіп Түркіменстанға жол тартатын газ құбырының құрылысы туралы жаздым. Паустовскийдің осы аймаққа жасаған саяхатын егжей-тегжейлі оқып шықтым. Оның отызыншы жылдардағы романтиканың лебімен суарылған «Қарабұғаз» атты повесінде бүгінгі күннің өте өзекті мәселелері көрініс тапқан.

Осы повесте есалаң геолог Шацкий деген қызықты бір кейіпкер бар. Сюжеттік желі бойынша Шацкий жиырма алты қызыл комиссармен бірге ату жазасына кесіліп, ғайыптан тірі қалыпты-мыс. Ал оны неліктен есалаң дейтініне келер болсақ, Шацкий Ұлы Отан соғысының алдында Сталинге хат жазып, немістердің қайраңдағы уран қабатына қол жеткізу үшін терең ұңғы қазып жатқандығын хабарлапты. Бұл жердің терең үңгір қабаттарында акулалардың бұзылмай сақталған тістері бар. Фашистердің мақсаты — біздің дәуірімізге дейінгі кезеңде өмір сүрген осы құбыжықтардың бейнесін жарыққа шығару көрінеді. Сол себепті тез арада қайраңға дейін ұңғы салған барлық мұнараларды тез арада бомбылап, жермен-жексен ету қажет. Бұл повестегі оқиға. Ал шынайы өмірде Шацкийдің прототипі — Георгий Силыч Карелин, кезінде артық сөздері үшін тиісті органдардың құрығына ілініп, Қазақстанға жер аударылған геолог.

Сценарийді жазу барысында мен екі ай уақыт Маңғыстау түбегінде, құбыр салынып жатқан Бейнеу станциясында тұрып, жұмыс барысын қадағаладым. Күн қайнаған ыстық, елу градустан бір төмендемейді. Нағыз тозақтың өзі. Сценарийге мен таяу маңда орналасқан қазақтар мен түрікмендер ата-бабаларының әруағына сыйынатын үңгірді де қостым. Сценарий дайын болғаннан кейін мен жазған дүнием туралы белгілі кинодокументалист Марина Голдовскаяға айттым. Газ құбыры, акулалардың тісі туралы баяндап бердім.

— Айтқаныңның бәрі тартымды, қызықты екен. Паустовский, Шацкий, алып құрылыс, мұның бәрі оқырманды қызықтыратыны сөзсіз. Алайда, нақты қаһарман қайда? Мен қаһарман ретінде кімді түсірмекпін? Өзінің қажыр-қайратымен, өмір жолымен жұртты таңғалдыратын бүгінгі күннің қаһарманы бар ма?

Менің есіме Рахмет Өтесінов түсті. Мен Рахмет Өтесіновпен тікелей таныс емеспін, бірақ ол кісінің ұстазы — Маңғыстау мұнайының королі деген аты шыққан Сафи Өтебаевті жақсы танимын. Ол сол кездегі мұнай және газ өнеркәсібінің министрі Оруджевпен бірге Бакудегі мұнай институтында оқыған. Екеуміз жүздескен сайын:

— Сен Рахмет Өтесіновпен кездессеңші. Мінезі қалыпқа сыймайтын, тағдыры ерекше адам. Оның өмірі кино түсіруге сұранып тұр,— дегенді жиі айтатын.

Шынында да, Рахмет Өтесіновтың тағдыры естіген адамды еріксіз таңғалдырады. Мұнайшы Өтесінов күш-қайраты нағыз кемеліне келіп тұрған шағында автокөлік апатына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылған. Бірақ мүгедек болып қалса да, тағдыр теперішіне мойынсұнған жоқ. Еліміздің мұнай өндірісіне өзінің үлесін қосуға ат салысты. Ол құрамында парафин көп кездесетін мұнайды өндірудің жаңа тәсілін ұсынды, оны өндіріске енгізуге еңбек етті. Бұрынғы ескі өндіріс тәсілін жақтайтын, жаңашылдықты мойындағысы келмейтін басшылармен күресуден шаршамады. Өзінің өмір жолы, мұнайшы мамандығы туралы кітап жазды.

Бастапқыда мені ол кісі туралы әңгімелер онша қызықтыра қоймаған еді. Мересьевтің «Нағыз адамындағы» кейіпкерге, немесе Павка Корчагин тағдырына ұқсас сияқты көрінетін. Алайда Рахмет Өтесіновпен жүзбе-жүз кездесіп, отбасымен танысып, зор қажыр-қайрат иесі екендігін білгеннен кейін өзімнің қателескенімді білдім. Рахмет Өтесіновтің төңірегіндегі түрлі ұлт өкілерінен құралған көптеген адамдарды көрдім, оның күш-қуатының арқасында шөл далада жаңадан бой көтерген Жаңаөзен қаласында болдым. Бұл кісінің тағдыры фильм түсіруге әбден лайық екендігін түсіндім.

Маринаны осы сюжетке еліктіру мен үшін оңайға түскен жоқ. Ол бұған дейін бірнеше жыл мәдениет қайраткерлерінің портреттерін жасаумен шұғылданған еді. Олар туралы фильм түсіру жеңілдеу, себебі мәдениет қайраткері әңгімешіл, көрермендерді еліктіре, қызықтыра білетін адамдар. Көрермен қауым да олардың шығармашылығын ғана емес, жеке өмірлері туралы да білгісі келіп, қызығушылық танытып отыратыны белгілі. Дегенмен, Марина да бұл уақытта өзінің шығармашылығына жаңа бетбұрыс керек екендігін ойлап, тағдыры қарама-қайшылыққа толы кейіпкер іздестіре бастаған еді. Ал Рахмет Өтесіновтың өмір жолы ешқашан бір сызықтың бойымен бағытталмаған, керісінше қарама-қайшылықтар, өткір күрестерді бастан өткерген. Маринаны мамандығына жан-тәнімен берілген адамдардың тағдыры қатты қызықтыратын. Іздегенге сұраған дегендей, Рахмет Өтесінов бар өмірін мұнай өндірісіне арнаған адам.

«Сынақ» деп атаған фильмнің түсірілімі біз үшін шынында да сынаққа толы болды. Мұнай ұңғылары салынған жерлермен қапырық ыстықта күні бойы жүздеген шақырым жер жүрдік. Маңғыстауды әуеден тікұшақпен түсірдік. Жаңаөзенде бұрғы жіберілген жерлерді де назардан тыс қалдырған жоқпыз.

Шөл далада салынып, аздаған жыл ішінде гүлденген қалаға айналған Жаңаөзен қаласы өзіндік ерекшеліктері бар шаһар екен. Мәселен, Ақтау қаласы лениндік сәулет мектебіне сәйкес идеямен салынғаны бірден сезіліп тұрады. Ал Жаңаөзен әу баста ол тәртіптен бас тартқан. Қалаға қапырық жел мен құм дауылдар кеселін тигізе алмайды. Себебі, қаланың сырт жағынан арнайы қорғандар тұрғызылған.

Рахмет ол кезде «Өзенмұнайды» басқарады, қала құрылысына қаражат одақ министрлігінен бөлінеді. Ақшаның жұмсалу барысына Өтесінов жауапты. Шөл даланың қақ ортасынан жаңа шаһар салу туралы бастама көтерген де ол кісінің өзі еді. Иығына ердің ері ғана көтере алатын жауапкершілігі мол ауыр жүкті алған Рахмет Өтесінов өзіне тұрғылықты жұрттың арасынан көмекші болуға лайықты адам іздеді. Солардың бірі — біздің фильміміздің кейіпкері грузин Валерий Константинович Жвания. Тбилисиде жүрген кезінде ол грузиннің атақты жемісті суларын шығаратын жерде жұмыс істеген, бір тостағаны үш тиын тұратын газдалған судың арқасында күйлі-қуатты адамдардың санатына қосылған. Алайда, адал еңбегімен ақша тапқандығына қарамастан, тиісті органдар оған «социалистік меншікке қол сұққаны үшін» он жыл арқалатып жібереді. Рахмет маған ол кісінің өмір жолы туралы баяндап берген еді, алайда оны фильмге сыйғызу мүмкін болмады.

Сонымен, Рахмет өзіне көмекші болуға лайықты сенімді серіктерін жанына жия бастаған кезде оған Жвания келіп:

— Бұрғышы болғым келеді,— дейді.

— Неліктен басқа емес, бұрғышы болмақсың. Еңбек кітапшаңды қарап шықтым. Бұрын-соңды мұндай мамандықта істемеген екенсің.

— Жоқ, менің бұрғышы болуым керек. Айына кемінде 5 мың сом ақша табуға тиіспін.

Шынында, бұрғышылар шамамен сол көлемде жалақы алатын.

— Сенен бұрғышы шықпайды, өзіңе лайықты басқа жұмыс қарастыр,— дейді Рахмет.

— Олай болса, мен саған Өзеннен жаңадан зауыт салып берейін. Жемісті сулардың, балмұздақтың түр-түрін шығарамыз.

Шынында, ол кезде Өзенде ештеңе жоқ еді. Құдық суларының өзі ішуге жарамсыз, тұз татыған кермек дәмі бар. Дәл қасында теңіз толқып жатыр. Теңіз суы ауыз су ретінде пайдалануға жарамайды. Оны тазарту, өңдеу жұмыстары қыруар уақыт пен қаражатты қажет етеді. Сол себепті, тез арада су таратқыштар салу қажеттігі туындады: Маңғыстауда ауыз су ең бірінші кезектегі мәселе болып табылады. Ал Каспийдің солтүстігінен Гурьевке дейін шаңы бұрқырап жатқан шөлдің бетімен құбыр тартып, оны Гурьевтен Өзенге дейін 600 шақырым жерге су тасығыш көліктермен жеткізгенше су әбден бұзылып кетеді. Оны ішу мүмкін емес.

Жвания су шығаратын зауыт салуды ұсынғанда бұл адамның қиялына ғана сыятын дүние болып көрінді. Алдымен су табу керек, сосын қажетті құрал-жабдық керек, құрал-жабдықтарды сатып алатын қыруар қаражат қажет. Бірақ, қалай болғанда да су мәселесі тез арада шешуді қажет етіп тұр. Оны кешеуілдетуге болмайтыны тағы ақиқат. Қалада дәмі тамаша чех сыралары көп сатылатын. Жұрт сыраны судың орнына ішетін, тіпті сол сырамен шомылатын. Кез келген мәскеулік немесе ленинградтық бұл жақтағылардың сыраны қалағанша ішіп, шомылып жатқанын көрсе, жағасын ұстайтыны анық. Чех сырасы ірі қалаларда мейрамханалардың өзінде сирек ұшырасатын қат дүние емес пе?! Ал Өзенге сыра келісімшарт бойынша жеткізіледі: Мұнай-газ ведомствосы оны сатып алуға қажетті қаражатты бөліп қойған. Ел аумағындағы барлық мұнайшы атаулы Пльзен сырасына қарық болып жатқан уақыт.

— Саған зауыт салу үшін не керек?— деп сұрайды Рахмет.

— Маған құрал-жабдықтарға төлейтін қаражатты алуым үшін өз атыңнан сенімхат керек, сосын бір ай мұрсат бер. Бір айдың ішінде зауыт дайын болады.

Рахмет оның қолына зауыттың құнына пара-пар ақшаға сенімхат ұстатады. Бұл орайда, Жванияның аса қауіпті алаяқ болып саналғанын айта кету керек. Яғни, алаяқпен байланысқан Рахмет іс жүзінде өз мойнына аса үлкен жауапкершілікті алып отыр. Оның үстне, Рахметтің достары ғана емес, оған жамандық ойлайтын адамдардың да бар екендігі түсінікті. Олар бұл істің мән-жайынан құлағдар болысымен, тиісті жерлерге жеткізеді. Осылайша, дәл Жвания қайта оралуға тиіс күні тексерушілер сау ете түседі.

— Өтесінов, сен қауіпті қылмыскерді еркіне жібере салдың, партбилетіңді үстел үстіне таста. Аса ірі көлемде қаржылай алаяқтық іске көмектескенің үшін орныңнан босатамыз.

— Ол бүгін сағат 12-де келемін деп уәде берген. Оған дейін әлі уақыт бар. Сағат 12-де келіңіздер.

— Сен не, қалжыңдап тұрмысың? Қайдағы 12? Біздің қайда екенімізді ұмытып қалдың ба, әлде? Бұл Жаңаөзен, Маңғыстау! Бұл жерге Грузиядан жарты сағаттың ішінде ешкім де жете алмайды. Сен өзі оның қайда кеткенін білесің бе?

— Білмеймін. Әйтеуір, өз басым адамдарға сенемін! Ол зауыт саламын деп уәде берді, уәдесін орындауға тиіс. Айтқан уақытында істейді. Ер-азаматтар бір-бірін алдамауға тиіс.

Тексерушілер Рахатты сыйлайтын, сонымен грузиннің келетіндігіне қатты күмәнданса да сағат 12-ге дейін күте тұруға келісті. Сағат 12 болды, Жванияның келетін түрі жоқ. Арада жарты сағат өткенде зауыттың барлық құрал-жабдықтары лық тиелген состав келіп тоқтады. Үш айдан кейін Жаңаөзенде «Пылинка» деп аталатын ең алғашқы лимонадтар дүкен сөрелеріне түсті.

Кейінірек Жванияның үлкен ұлы техника ғылымдарының докторы дәрежесін иеленді, Шевченкодағы атом реакторының бастығы қызметіне тағайындалды. Бір қызығы, әкесі де, ұлы да ауасы қапырық, шаң-тозаңы сейілмейтін кішкентай қаланы өздерінің туып-өскен Тбилисиінен артық жақсы көріп кетті. Олар Тбилисиге демалуға ғана баратын, ал бүкіл тыныс-тіршілігі, жұмысы Жаңаөзенде. Жаңаөзен басқа да түрлі аймақтардан келген адамдарға жайлы мекен бола білді. Рахмет мүгедектер арбасына таңылып отырса да, қала халқы қандай да бір мәселелерін шешу үшін міндетті түрде оған келетін. Біреу-міреуді ұрып кетті, тонап кетті деген сияқты кішігірім оқиғалар кішігірім қалада міндетті түрде болып тұратыны белгілі. Мұндай жағдайда жұрттың бәрі милицияға жүгіре бермей, өз орталарында шешуге тырысады. Жаңаөзенде түрлі ұлыс өкілдері мекендейді. Қай ұлттың өкілі болса да, Рахметті айрықша құрмет тұтады.

Біз жаңа картинаны түсіріп жатқан кезде оның мүгедектер арбасымен жүргеніне сегіз жылға жуықтаған. Түсірілім кезі Рахметтің мерейтойымен тұспа-тұс келді. Біз мерейтой барысында Өтесіновтың атына айтылған лебіздерді де назардан тыс қалдырмадық.

Жванияны да түсіргіміз келген. Ол отбасылық жағдайларымен Тбилисиге кетіп қалыпты. Оны ұстай алмаймыз ғой деп әбден күдеріміз үзілген кезде Жаңаөзенге келіп жетті. Осетиндер, орыстар, қазақтар бас қосқан салтанатты той дастарханының басында түсіруге мүмкіндік болмады, ол кісі бірер сағатқа кешігіп келді. Марина қолына кішкентай бейнекамерасын алып, қарсы алу үшін алдынан шыққан, ол таксимен құйғытып жетіп келді. Қолында «Денсаулығың мықты болсын» деген жазу жазылған сыйлыққа әкелген қамқа тоны бар. Фильмде Жванияның осы қамқа тонды кигізіп жатқан сәті көрініс тапты.

Жвания бізге мерейтойға үлгеру үшін қатты асығып жеткенін айтты. Алайда, Тбилисиден Ақтауға ұшатын ұшақ болмағандықтан, алдымен Тбилисиден Минводыға, одан Бакуге, Бакуден Ақтауға ұшып келген. Ақтаудан таксиге отырып атақты Қарақия ойпаты арқылы Жаңаөзенге жетіпті. Дүние жүзіндегі теңіз деңгейінен ең төменде орналасқан Қарақия ойпаты кезінде Рахмет Өтесіновтің автокөлік апатына түскен жері. Жолшыбай Жвания ұшқыштарға әуедегі маршруттарын өзгерту үшін қыруар ақша төлепті. Олар:

— Бүгін ондай рейс жоқ,— деп бас тартуға тырысқан.

— Бүгін менің досымның туған күні. Рейстің оған қатысы қанша?!— деп біздің кейіпкеріміз бой бермей ұшқыштарды дегеніне көндірген.

Біз фильмде Рахмет Өтесіновтің өткен өмір жолы туралы естеліктерін, бүгінгі өмірге көзқарасын, отбасын, қызметтегі, мұнай өндіру саласындағы басшылық қызметтерін қамтыдық. Мұнай өндіріс басқармасының бастығы болып жүрген кезіндегі кабинеті де назардан тысқары қалған жоқ. Бірнеше жыл бұрын бұл кабинетте Рахмет Өтесінов отырған, қазір мұнда ол мүгедектер арбасына отырып келеді. Келеді де, мұнай өндірудің тың тәсілдерін ұсынады. Жаңа бастық оның жаңа идеяларын қолдағысы келмеуі мүмкін, бірақ алған бетінен қайтпайтын қайсар адам өзінің озық идеяларын өндіріске енгізуден шаршамайды.

Осының бәрін қамтыған фильм барысында өз ісіне жан-тәнімен берілген, отбасында, қызмет ортасында, жерлестерінің арасында үлкен құрметке ие тұлғаның келбеті қалыптасты. Түсірілім барысында Рахмет Өтесіновпен достасып кеттік, ол кісінің отбасымен достық қарым-қатынасымыз күні бүгінге дейін үзілген емес.

Арада жылдар ағып өткенде Рахмет Өтесінов жазушылыққа ден қойып, жеті кітабын жарыққа шығарып үлгерді. Өз еңбектерінде ол жүз жыл толған Қазақстанның «қара алтын» өндірісінің алғашқы жылдары туралы естеліктерімен бөліседі.

Каспийдің шығыс беткейіндегі ең алғашқы мұнай фонтаны 1899 жылы көкке шапшыды. Бүгінде қарт Каспийдің қайраңында Бакудің ғана емес, Түркіменстанның, Ресейдің, Солтүстік Қазақстанның мұнайы өндіріледі. Осыдан біраз уақыт бұрын ұланғайыр той болды. Қазақстанның «қара алтын» өндірісінің жүз жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерейтой құрметіне ашылған арнайы кабинетте Каспийдің шығыс жағалауындағы мұнай өндірісінің шежіресін жасаған тұлға — Рахмет Өтесіновтің портреті ілінді. Өтесіновтің есімі халықтың санасында Қазақстанның әлемдік мұнай-газ державаларының қатарына қосылуына ықпал еткен адам ретінде қалды. Біз жасаған фильм Рахмет Өтесіновтің халықтың көз алдындағы асқақ бейнесін қалыптастыруға ықпал етті.

1977 жылы Марина екеумізге «Сынақ» фильмі үшін Ленин комсомолы сыйлығы табысталды. Картина күні бүгінге дейін экраннан түскен емес, қазақ телевидениесі оны тұрақты түрде эфирге шығарып келеді. Бүгінде Қазақстанда телеарна көп, арасында мемлекеттігі де, жеке меншігі де бар. Бірақ солардың арасында «Сынақты» көрсетпеген бірде-біреуі жоқ. Телевидение саласындағылардың айтуынша, «Сынақ» ұлттық телеклассикаға айналған туынды.

Камал Смайылов осы картинаны мақтаныш тұтатын, қазақ киносындағы ең мықты туындылардың бірі ретінде жиі еске алатын. Демек, менің Жоғарғы сценарийлік курста бекер оқымағаным анық.
Володя. Эдик
Қазақ телевидениесінің Жастар бірлестігін басқара жүріп мен Мәскеуге жиі сапар шегетінмін. Онда барғандағы мақсатым, Жастар редакциясы мен Орталық телевидениенің күш-қуатын біріктіру. Біз көтерген бастамалардың бірі Жастар телебағдарламаларының фестивалін өткізу болды. Жастар редакциясының бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуіне жағдай туғызуды мақсат тұтқан фестиваль Украина, Қазақстан елдерінде сәтті өтті.

Останкинодағы Жастар редакциясы орналасқан 12-ші қабат жаңа идеялардың ордасы саналатын. «Это вы можете» сынды тамаша телебағдарламаны, басқа да тың шығармаларды дүниеге әкелген Володя Соловьевпен достық қарым-қатынаста болдық. Екеуміз 1967 жылы Володя Қазақстанға біздің бастамамызбен қолға алынған Жас малшылар слетіне келген кезде таныстық. Өзара әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімізбен ой бөлістік. Бірде Володя:

— Жүр, ботаникалық баққа барып қайтайық,— деген ұсыныс айтты. Алматының ботаникалық бағы түрлі сирек кездесетін өсімдіктерге толы ғажап жер еді. Володя мені әрбір ағаштың түбінде тоқтатып, оның сирек кездесетіндігін, қандай ағаштың тұқымы екендігін, қандай ерекше қасиеттері бар екендігін айтудан шаршамайды. Мен аузым ашылып тыңдауды білемін. Бұрынғы металлургиялық мамандықта оқып жүргенде экзотикалық топырақ құрамы туралы жиған білімім Володямен салыстыруға да келмейді. Көк шөпте жантайып жатып әңгімелесеміз, менің қаланың шет жағында орналасқан үйімде кездесеміз. Кішкентай қызым Салтуня Володяны әбден танып алып, кейін Мәскеуге оқуға түскенде оған жиі хабарласып тұрды.

Мәскеуге барғанымда Володя менің көптеген адамдармен таныс-біліс болуыма ықпал етті. Сандуновский моншасында, Володяның саяжайында «Техника и молодежь» журналының бас редакторы Василий Захаркинмен, басқа да белгілі кісілермен жиі кездесетінбіз.

Сексенінші жылдары Гумилев тыйым салынған тұлғалардың бірі еді, оны экранға шығартпайтын. Соған қарамастан, Володя екеуміз бұл тыйымды бұзудың амалын таптық, «ЭВМ»-нің бір бағдарламасын киіз үйдің құрылысына арнадық. Киіз үйдің құрылысы өте шебер жасалғанын, оның көшпелілердің тыныс-тіршілігімен керемет үйлесім тапқандығын көрсеттік. Бағдарламаға Лев Николаевичті шақырдық. Лев Николаевич көрерменге көшпелілердің бұл таңғажайып баспананы қалай жасап шығарғанын, егер киіз үйді заманауи материалдардан жасаса қандай болатындығын түсіндірді. Мұндай баспанамен ит тұмсығы батпайтын тайганың ормандарына да, шөл далаға да қорықпай бара беруге болады.

Бағдарламаға қалмақ сәулетшісі Джангар Пюреев те атсалысты. Ол кісі Финляндияда адамдарды киіз үйдің ішінде арнайы жаттығудан өткізетін космопорт салуды ойластырып жүрген кезі. Пюреев бұл космопортта жаттығудан өткен адамдар осындай киіз үймен айды да игеруге болады деп санайтын.

Володя екеуміздің достығымыз ол қаза болғанға дейін үзілген жоқ. Досым Таймырда жол талғамайтын көліктің жаңа түрін сынақтан өткізу кезінде шыңырауға құлап кетіп, қаза тапты.

Мәскеуде жоғарғы сценарийлік курста оқи жүріп мен қолым қалт еткенде Останкиноның 12-ші қабатындағы жастар редакциясына барамын, олар қолдары босаған кезде Руставели көшесінде орналасқан жатақханама келеді. Жатақхана Останкиноға жақын жерде орналасқан. Қазақша бесбармақ жей отырып, түрлі проблемаларды талқылаймыз. Біз өткір арман-қиялдарға ерік беруден де тайсалмаймыз. Біз деп отырғаным — Володя Соловьев, Эдик Сагалаев, Толя Лысенко, Марик Зеликин, Борис Непомнящий. Эдик Сагалаев Мәскеуге Өзбекстаннан (ол еңбек жолын жастар редакциясында, комсомол баспасөзінде бастаған) келген. Телевидение теоретигі, Мәскеу Мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің оқытушысы Сергей Муратовпен де осында жүріп таныстым. Дос жігіттердің ортасында жүрген кезімде мен Мәскеуді мүлде жатырқамайтынмын. Біздер телевидениеде жүріп өзіміздің адами келбетімізді қалай сақтап қалуға болатыны туралы өткір ойларымызды ортаға салдық.

Останкиноның 12-ші қабатына осы жерде жұмыс істейтін, Мәскеу редакциясының Алматыдағы қызметкері тәрізді келемін. Әсіресе, Эдик (Сагалаевты солай атайтынбыз) редакция басшылығына келгеннен кейін менің мұнда келуім жиіледі. Қайта құру кезеңіндегі телевидениенің бет-бейнесін айқындаған «Взгляд», «12-ші қабат», «Семь дней» сынды бағдарламалар осы кезеңде жарыққа шықты.

Горбачев билігі тұсындағы КСРО Халық депутаттарының съезіне дайындық жүріп жатқан уақытта Сагалаев екеуміз бірнеше мәрте бәсекелес болдық. Мен Қазақстанның Журналистер одағынан ұсынылдым, оны Журналистердің Мәскеудегі бірлестігі ұсынды. Екі жақтың командалары Қазан қаласында кезіккенде екеуміз өзара айтысып қалдық. Мен:

— Эдик, сен халық депутаттарының жұмысын менен гөрі жақсы білетін шығарсың? Олай болса, мен сенің пайдаңа өз кандидатурамды аламын,— дедім.

Кейінірек Сагалаев Картермен бірге АҚШ пен ТМД-ның Радио мен телевидение саясаты жөніндегі екіжақты комиссияға басшылық жасағанда екеуміздің жолымыз кезекті мәрте тоғысты. Ол мені жұмысқа шақырды. Төрт жылдың бедерінде комиссияның кездесулерінде, кездесуге дайындық барысында жиі кездесіп тұрдық. Ол Журналистер одағына басшылық жасаған кезде байланысымыз одан әрі беки түсті, мен Эдиктің оң қолы болдым.

Ресейдегі ең алғашқы жеке меншік телеарнасы — «ТВ-6» арнасын ашқан Эдик Сагалаев. Оған телеарна ашу жұмысына комиссияда жұмыс істеп жүргенде жақсы араласқан Картермен және Тернермен арадағы байланысының көп көмегі тиді. Сагалаевтың Ресейдегі ең бірінші жеке меншік телеарнаның лицензиясын иеленген сәтін өз басым айрықша қуанышпен қарсы алдым.

Қазіргі таңда Ресей Ұлттық телерадиоқауымдастығына басшылық жасайтын Сагалаев Ресей мен ТМД-ның телеэфирін жаңа технологиялармен, ұйымдастырудың жаңа принциптерімен, жеке қаржы көздерімен байытуға сүбелі үлес қосу үстінде. Саналы ғұмырында Эдик үнемі жаңа идеялардың қайнар көзі ретінде көрініп, оны іс жүзіне асыруға, өзге де тың бастамалардың халықтың игілігіне асуына үлкен еңбек сіңірді.

Эдик Сагалаев бүгінде ірі бизнесмен, телевидение саласындағы танымал ұйымдастырушылардың бірі. Болашақта оның телевидение саласында әлі талай іргелі жаңашылдықтарды жүзеге асыратынына кәміл сенемін. Ал телевидениедегі іргелі өзгерістер қоғамдық сананың сілкінуіне, көрермен қауымның дүниетанымының жаңа белестерді бағындыруына ықпал ететіндігі сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет