Адамды қоршаған дүние – мәнсіз, абсурд» деген қағида француздың тағы бір көрнекті жазушы-драматургі, Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камюдің (1913-1960) экзистенциализмінің негізі болды. Адамның бойындағы абсурдты Камю Хайдеггер мен Сартрдың экзистенциалдық философиясының ұғымдары секілді адамның ішкі сезімінен, уайымдар ағымынан туындатады, абсурд адамның ойынан бір сәт шықпайды,басқа уайымдар оның қасында түк емес деп тұжырымдайды. Дүниенің абсурдқа айналғанда адам өмірінің мәнін іздеудің өзі қисынсыз екендігін мойындағанымен, Камю өмірмәндік ізденісті тоқтатпауға бекінді, өзінің ойы арқылы уайым-қайғысыз, қазақша айтсақ, «бір жөні болар» деп ойын күлкімен өмір кешкендерді де, тағдырға бас иіп, өмірге кұштарлығын жоғалтып, жасығандарды да оятуға ұмтылды.
Абсурдпен күресу керек. Камюдің бұл шешімінің дәлелі – « Сизиф туралы аңыз» шығармасын жазуы және фашизмге карсы қозғалысқа қатысуы. Абсурдтың өзі адамға еркіндік береді: «Абсурдқа кездескенге, адам өз мақсаттарымен, болашақ немесе ақталу (кімнің немесе ненің алдында екені – бәрібір) туралы мазасымен өмір сүреді. Ол өзінің мүмкіндіктерін бағалайды, алдағы күнге, зейнетақыға немесе ұлдарына үміттенеді, өмірінің әлі де түзелетініне сенеді. …Осының бәрі абсурдпен шайқалды. …Абсурд менің иллюзияларымды ыдыратты: ертеңгі күн деген жоқ. Осы менің еркіндігімнің негізіне айналды».
А.Камюдің кейіпкері Сизиф абсурд өмірмен күресуді еркін тандайды.
Адамның өз өмірі үшін күресе білуі, зұлымдыққа тым құрыса адалдық арқылы қарсы түруы Камюдің «Оба» романының да желісі Адал болды. Адал болу дегеніміз – өз ісімен айналысу. Адамның абсурдпен күрес бүлік түрінде де көрінеді. Бүлік көтеруші адам – «жоқ» деуші адам. Бүлікшілдік адамдарды біріктіреді, абсурд өмірдегі жеке уайымшылдықтың, жатсыну мен жалғыздықтың орнына коллективтік бүлікшілдік келеді. Ең басты – күйзелмеу.
Экзистенциализмнің салыстырмалы түрде үшінші түрі – позитивтік экзистенциализмнің негізін салушы Николо Аббаньяно (1901-1977) философияның практикалық сипатын ерекше атап көрсетеді. Оның ойынша, философия өзінің романтикалық уағыз-өсиет айту әдетінен арылып, абсолюттік ақыл-ой, өзін-өзі танушы идея, шексіз рух, адамзат, танылмаған нәрсе және тағы басқа бұлдыр, түсініксіз, адамға пайдасы жоқ абстракция-лардан бас тартуы қажет. Философияның ендігі міндеті аспаннан жерге, адам қоғамына түсіп, адамның алдынан күн сайын туындап отырған өмірлік мәселелерді шешуге, адамға өзінің кім екенін, өмірге не үшін келгенін түсінуге көмектесу, ең бастысы – адамға сенімді, анық бағыттарды көрсету. Осы ойын ол экзистенциализмге байланысты да қайталайды. Экзистенцияның өзі болмыс пен субъектінің арасындағы күрделі,
шым-шытырық қатынас, сондықтан адам өзінің назарын өзінің бойындағы «ештеңеге» де, алдындағы «болмысқа» да емес, өзіне аударғаны дұрыс. Аббаньяноның пікірінше, экзистенциализм адамға басшылық және көмек бола алады, бірақ ол шешім қабылдап, немесе дайын формулалар ұсынбайды, тек жол көрсетеді.
Аббаньяноның ойынша, философия адамды өтірік жұбатып, өмірдің ащы шындығын жасырып, иллюзиялармен алдарқатуды қойып, оны үнемі оятып, мазасыз күйге түсіріп отыруы қажет. Себебі, өмірдің өзі өте қауіпті, сондықтан адам күресуі, еңбектенуі, тығырықтан шығатын жолды үнемі іздеуі керек. Экзистенциализмнің мәні де осында, оның мақсаты адамды айымға салып, күйзеліске ұшырату емес, қысқа өмірді мәнді өткізуге қозғау салу, ойландыру, іс-әрекетке жетелеу.
ХХ-ғасырдағы философиялық ағымдардың тағы бірі – неотомизм, немесе жаңа томизм – католик шіркеуінің философиясы, қазіргі заманы діни философиялық ағымдардың арасындағы Батыс Европада ғана емес, бүкіл әлемге ең танымалы және беделдісі. Неотомизм орта ғасырың діни философы Томас Аквинскийдің іліміне негізделген. Сенім мен ақылдың, дін мен ғылымның үндестігін жария еткен бұл ілім шіркеуді қорғау үшін аса қолайлы болғандықтан, папа Лев 13-ші 1879 жылы оны христиандық католиктік діннің негізгі қағидаларын философиялық тұрғыдан дұрыс түсіндіруші бірден бір философия деп тұжырымдады. Негізгі өкілдері: Э.Жильсон, Ж.Маритен, П.Тейяр де Шарден.
Неотомизмнің басты қағидасы – сенім мен ақыл-ойдың, ғылым мен діннің гармониясы. Бұл ағымның өкілдерінің пікірінше, ақиқат философия рационализм мен иррационализмді қарсы қоюдан бас тартып, дүниені түсінудің әр түрлі тәсілдерін біріктіріп, универсалды мүмкіндіктерге ұмтылуы қажет. Бірақ неотомистер құдайдан туындайтын сенімді жоғарырақ қояды.
Қазіргі заманғы неотомизм антропологиялық сипатқа ие, яғни адамға бағытталған. Құдайдың жаратушылық функциясы неотомизмде шектелген, ол адамды жаратушы болғанмен, өзін жүзеге асырушы, проектіден ішкі дүниесі, микрокосмы бай нақты тұлғаға айналдырушы, құдайдың ісін аяқтаушы еркін, өзін-өзі жетілдірген, құдай жаратқан космостың кішкене үлгісі адамның өзі.
Достарыңызбен бөлісу: |