Қорытынды
Тасаууфтың негізі – адамның өз-өзін (әлсіздігін, бейшаралығын) тануы. Тасаууф – тек Аллаһқа деген махаббат, ұлы ғашықтық негізінде құралған. Ал бұған тек Мұхаммед алейһиссаламға бағыну арқылы ғана қауышу мүмкін. Құран кәрімде баяндалғанындай, Аллаһу та’аладан адамның жүрегіне (көңіліне) кейбір нәрселер түседі. Бірақ бұл түскен нәрселер тек Аллаһу та’аланың сипаттарының сәулесі не көленкесі ғана. Бұл сезінулердің ақылмен оймен ешқандай байланысы жоқ. Тасаууфшылар Аллаһу та’аланың бір нәрселер түсіргенін немесе (сипаттарының нұрының) келгенін жүрегінде сезеді. Сондықтан, тасаууфшылар үшін өлім пәлекет емес, жақсы және жағымды нәрсе.
Тасаууфшылардан болған Мәулана Жәлаләддин Руми өлімге Шәб-и арус – Той кеші деген атау берген. Тасаууфта қайғы мен үмітсіздік жоқ. Тек махаббат пен халдер бар. Хазреті Мәулана «Кел, кел, кім болсаң да кел, мүшрик, мәжуси, пұтқа табынушы болсаң да кел! Біздің медресе үмітсіздік медресесі емес. Тәубеңді жүз рет бұзған болсаң да кел» дейді. (Бұл нәрсе «Келсең болды, өзіңді жөндеуің қажет емес» деген сөз емес. «Өзге дінде болсаң да кел, мұсылман бол, күнәхар болсаң да келіп тәубе ет, бұрыңғы жағдайыңа үмітсіз болма, Аллаһу та’ала тәубе етіп, қайтадан істелмеген барлық күнәны кешіреді» деген сөз.) Бұл сөздер басқа адамдарға да қатысты айтылған.
Уахдәти вужуд – тасаууфтың мақсаты емес. Мақсатқа апаратын жолда, көңілде пайда болған және ақылға, пікірге, затқа қатысы болмаған білімдер. Бұлар көңілде болмайды, көңілде көрінеді. Сондықтан уахдәти вужуд орнына Уахдәти шухуд деу керек. Көңіл тазаланған кезде айнадай болады. Көңілде көрінген нәрселер Аллаһу та’аланың заты да, сипаттары да емес. Сипаттарының бейнесі. Аллаһу та’ала өзінің көру, есту, білу сияқты сипаттарының бейнесін, көрінісін адамдарға берген. Бергені Оныңкі сияқты емес. Оның көруі ежелден, мәңгі. Әрдайым барлық нәрсені көреді. Себепсіз, құралсыз тұрақты көреді. Адамның көруі мұндай емес. Адамның көруі – көрудің бейнесі, көлеңкесі, көрінісі. Аллаһтың көруінің көлеңкесі көзде, естуінің көлеңкесі құлақта көрініс тапқанындай, жақсы көруі, білуі және басқа көптеген сипаттарының көлеңкелері де адамның көңілінде көрініс табады. Көздің көре алуы үшін ауру, нашар болмауы керек болғанындай, көңілдің де бұл халге қауыша алуы үшін ауру болмауы керек. Көңілдің ауру болуы – күнәлармен қараюы. Күнәлардан сақтанып, ғибадат етіп, көңілді тазалау керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. «Ислам энциклопедиялық анықтамалық».Тараз, 2010ж.
2. Мағауин М. «Ғасырлар бедері». Тараз, 1991ж. -432б.
3. Хазірет Сұлтан Ахмет Иасауи. «Хикмет». Тараз, 2002ж. -272б.
Достарыңызбен бөлісу: |