27 науырыз. Станбол: «Түрік дүниесі» мен Станбол университеті. Ұйқым қанып ояндым. Ғалия апайдың сол баяғы бапты қою қызыл шайы. Өз басым шайға емес, мен ұмытыңқыраған ананың, туған апайымның мейіріміне сусындадым. Бұрыннан сыралғы Сыдықан ақсақал таң бозынан келіпті. Рамазанмен шүйіркелесе отырып, бүгінгі күннің жоспарын жасадық.
«Түркі тарихына қатысты кітаптарды іздестірсем...» – дегенде Ғалия апайдың ауызына бірден «Түркі дүниесі» халықаралық қауымдастығы түсті. Жолдың сәті емей немене, осы үйдің бізге таныс қызы Садет қауымдастықтың белді бастығы екен. Рамазанның көне шаһарымен таныса, қысылыса-қымтырыла жүріп Сыдықан аға үшеуміз «Түрік дүниесінің» кеңсесіне келдік. Бір кезде медіресе болған ескі үй зәулім ғимараттардың қолтығына тығылып тұр екен. Өзімізге шай құйып жүрген Садет қарындасымыз қарсы алды. «Түрік дүниесі» қауымдастығы шығарған, арасында О.Сүлейменовтің «Әліп пен ақыны», Қ.Жұмаділдің «Соңғы көші», М.Шаханның өлеңдер жинағы бар, жалпы түркі әлеміне қатысты кітаптар көзіме оттай басылды. Таңдағанымызды алуға Садет қарындасымыз рұқсат берді. Іріктегеніміздің өзі екі қорап болды. Ал көңілге алған Алтынорда, Түркістан, Қазан хандарының жарлықтары мен хаттары көзге көрінбеді. Бұл бұйымтайымызды қайдан болса да тауып беруге ұмтылған Садет қарындасымыз Станбол университеті мен Османлы мұрағатына телефон шалып, іздестіріп жатты.
Сол кезде Түркістанда сабақ берген, Мұқағали Мақатаевтің поэзиясынан диссертация қорғаған, «Түрік дүниесінің» бөлім бастығы Мәтін Көше (KOSE) атты оқымысты келе қалды. Жолбасшылық жасап, жөн көрсетіп қоймай, осы басылымдарға қатысы бар ғалымдармен сөйлесті. Сол арада Ілияс Топсақал мен Мұса Думан сияқты оқымыстылар келіп, іздгендерімнің бәрін көшірме жасатып, ертең дайындап қоюға уәде берді. «Тураушыдан туғаның болсын» деген осы. Дәмханадан дәм татырды. Сол кезде «Түрік дүниесінің» башқаны Туран Жазғанмен жүздесіп, ықыласты сұхбат құрдық. Шындығында да түркі дүниесіне ықыласы ерекше, жалпы түркі тарихы туралы тарихи әфсаналардың басын қосып жинақтар шығаруға мұрындық болған «сайын башқанымыздың» өзі осы екен. Біздің де «Дулығамызға» ерекше ықылас білдіріп, Садет қарындасымызға қалайда табуға тапсырма берді (Кешкі қонақасыға келгенде Хасен ағамыз еріккенде оқысын деп алып келген «Дулығының» екі томын Садет қарындасыма бердім). Біз де қырықтан астам кітапты қалап алдық. Тегін берді. Содан кейін Көше мырза бізді Станбол университетінің сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміне ертіп барды. Деканмен кездестік. Сирек қордағы Катановтың 1914 жылы өткізген кітапханасы да сол күйінше сақтаулы тұр екен. Каталогін қарастырдық. Аты мәлім, бимәлім басылымдар бар, бірақ, көшірме жасауға рұқсат етпеді. Қазынаның қайда жатқанын білгенімізге де риза болдық.
«Түрік дүниесі» халықаралық қауымдастығының кеңсесінде. Сыдқан қария, Тұрсын Жұртбай және сайын башқан Тұран Жазған.
Бұл күннің нәтижесі, бізді, расында да «жолы болған жолаушы» ретінде сезінуімізге мүмкіндік берді. Әйтпесе, осы айтылғандардың әр қайсысы үшін жеке-жеке келіп, он күндеп жүруге тура келетін «бұйымтайлар» еді. Онда да істің реті келсе. «Түрік дүниесінің» септесуінің арқасында, бұрын Қазақстанда дәріс берген түрік ғалымдарының септігімен жұмысымыз өз-өзінен оңғарыла берді. Соның нәтижесінде Осман империясының және Стамбул университетінің мұрағаты мен сирек қолжазбалар кітапханасының қорымен және каталогтарымен, «Түркі дүниясы» қоғамының кітапханасымен таныстым. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрастыруға кірісіп отырған «Қазақ жазба мұралары» атты 10 томдыққа қажетті ХІІ-ХХ ғасыр аралығындағы Қазақстанға қатысты жарияланған 30-ға тарта ғылыми-зерттеу кітабын алдым.
Сондай-ақ Осман империясының архиві дайындаған аса сирек кездесетін және Қазақстан үшін өте қат, тек Осман империясының мұражай қызметкерлеріне арналған:
1.Топқапы сарайының музей архивтеріндегі Алтын орда, Қырым және Түркістан хандарының жарлықтары мен келісімшарттары. 1940 ж., 2.Алтын орда дәулеті тарихына қатысты мәтіндер.1941., 3. Алтын орда хандарының хандығының құрылуы және даму кезеңдер. Мәтіндер. 1976 ж. 4. Кеңес одағының құрамына қараған Алтынорда елінің мәтіндік зерттелуі және деректер. 1990 ж. 5. Османлы мен Түркістан арасындағы жазба байланыстар (ХҮІ – ХХ ғасырлар арасы). Анкара. 2004 ж., 6.Осман империясының кеңесе қатынас құжаттары (құрылым жүйесі, жарлықтар, қатынас хаттарының мәтіндері, каталогтар, ғылыми сыпаттамалар). І том. 1988 ж., 7. Осман империясының кеңесе қатынас құжаттары (құрылым жүйесі, жарлықтар, қатынас хаттарының мәтіндері, каталогтар, ғылыми сыпаттамалар). ІІ том. 1989 ж., 8. Жарлық дәптеріндегі мәтіндер. 1993 ж., 9. Османлы архивіндегі Қазан (Ноғай, Сібір, Аштархан) хандығы туралы мәтіндер). 2005 ж., 10. Осман империясының жылнамасы (1299-1512). Мәтіндер. Ғылыми сыпаттамалар. Катологтар. Станбол. 2000 ж., атты басылымдардың өзін немесе көшірмелерін алуға мүмкіндік туды.
Бұл аса құнды ғылыми қолжазба еңбектер «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ғалымдарына библиографиялық тұрғыдан сараптама жасап, соның ішінде қазақтарға қатысты тарихи, мәдени деректерді іріктеп, ғылыми сыпаттама жазуға мүмкіндік беретіні анық.
.
Аз уақытты қамтыған сапар нәтижелі болды деп есептеуге толық негіз бар. Сондай бір қанағаттанған сезіммен екінті ауа Ғалия апайдың үйіне келдім. Бүгін кешке осы Станболдағы қазақтарды сәлемдесуге қонақасыға шақырыпты. Бір-екі сағаттық тынысты пайдаланып жол жүгі мен «Күнделігімді» реттедім.
Негізінен Ғалия апайдың үрім-бұтақтары, нағашылары, жиендері жиналды. Қайнысы Сыдықан аға, Мәделім қажы, оның күйеу баласы Рамазан Дөнмес қария, Құладай қажы, Мәди Шалышқан, Мәсәли Жәдік, Айымхан Тасбике, Әли, Мұстафа, түрік жеңгеміз Шатқар, түрік күйеу баласы Махмұд, қызы, біздің жарылқаушымыз – Садет, ұлдары – тіс дәрігері Тұран, әуежай инженері Ыбырайым жиналды. Ғалым Әбууақап Қара келді. Азаттық көшінің жауынгері, бұл дүниенің тозағынан шыққан Мәделім қажы мен осы үйдің құдасы әзілқой ағамыз Рамазанмен жалпылама қауқылдасып отырып, Мәделім қажының әңгімесіне ойыса бердім. Көзілдіріктің ар жағынан адамды өңменіңнен көздеп отырғандай сығалай бір қарап алып, шынтақтай жастыққа сүйеніп отырып Алтайдан азаттық іздеп шыққан көштің бірер үзігін айтты. Соның үш үзігін жазбасам қиянат болар.
Мәделім қажының әңгімесі: – Қаруды қайдан алдыңдар, көш қалай басталды дейсің бе? Қалибек хакім аңғарлы, сақ адам еді. Шығыс Түркістан республикасы қызыл қытайдың қарауына өтіп, армия таратылғаннан кейін «Шығыс Түркістан ислам республикасының халық батыры» деген атағы болса да кейінгі коммунистік мемлекет одан қауіптене берді. Қалибек хакім зерек, ширақ, мерген жігіттерді маңына жинап, бір ұлы сабылысқа дайындай бастады. Қолдағы қаруды жасыра бастадық. Қытай басшыларды жиналыс ашса бір сойқанның басталатыны анық. Қалибек хакім сондай кеңестің біріне кеткенде мен бұрын кеңес өкіметінің әскери полкі орналасқан маңды шолуға шықтым. Бір шатқалдың басына өрлей бергенімде жаңа көмілген топырақтан шеті шығып жатқан тақтайды көрдім. Аттан түсе қалып жалғыз өзім әлгі ұраны аша бастадым. Сөйтсем, неғыласың, сол заманның ер жігіті армандайтын жап-жаңа бауы сарала винтовкалар шыға келді. Жәшік-жәшік оқ қораптары да жатыр. Таңдар отырып біреуін алдым да қалғанын қия беткейдегі шыршалы шағылдың ішіне көмдім. Ертеңінде тағы бір шолуға барсам бір қора қытай әскері шатқалды өрлеп келе жатыр. Тығыла қалдым. Тура жаңағы ұраның қасына келіп аттан түсіп, беткейде жатқан маған қарай жүрді. Әлгі әскерлер отын жинауға келген екен. Шыршаларды түбімен қопара бастады. Құдай қолдағанда шағылдың астындағы мылтықтарды байқамады. Олар кеткен соң атыма міне салып, қой бағып отырған жездемізге келіп, мән-жайды айттым. Тағы да бір екі сенімді жігітті алып барып екі жүзге тарта мылтықты оқ-дәрісімен қоса түйеге тиеп алып келдік те, қой қораның ортасынан ұра қазып, соған көміп тастадық. Үстінен қой жүргізіп жіберіп ек, тегістелді де қалды. Үсті-басым сарыала топырақ. Әзер жуып кетірдім. Әкеме айтпасқа болмады. Ол кісі Қалибек хакімге айту үшін мені алып барды. Мұны ести сала, Қалибек хакім түнделете келіп әлгі мылтық пен оқ-дәріні қаздырып алып, сыбанған жігіттерге бөліп берді. Мылтық атып үйретті. Тағы бір қарулы қойма табылды. Көп бөгелмей көштік... Сөйтсек, әлгі жиналыста кеңес өкіметінің әскери кеңесшісі, Әбдірахман деген майор: «Әй, Қалибек! Осы бетіңде жөніңді таппасаң, сенің басыңа қатер төніп тұр», – депті.
Жол өте ауыр еді. Бізден бұрынғы, отызыншы жылдардың аяғындағы көштердің тәжірибесі болмаса, біздің аман-есен Гималай асуымыз мүмкін емес еді. Жанымхан Алтайдың үкіметке тапсыратын жұмысы боп әкесін аманаттап кетті. Ауғанстанға асуға қызылдар жолды тосады, Дунхуаң арқылы асуға қызыл қытай әскерінің тосқауылы бар, тура жүруге Такламакан шөлі жатыр. Тибет пен Гималай арқылы асудан басқа амал қалмады. Еріксіз Тибетке бет алдық. Мыңғырған мал, созылған көш, бақырған түйе, кісенеген жылқы, жылаған бала... Мың құбылған ауа райы. Ол азапты айтып жеткізе алмайсың. Он сегіз жігітті таңдап жер шолуға жіберді. Көштің қонатын жерін белгілейміз, жаудың өтін тосамыз. Жолда ақ қытайдың да, қызыл қытайдың да қуғыншы жазалау әскерлері алдымыздан тосты, бүйірден қадалды, соңымызға түсті. Жаңғағы сарыала мылтық тұрғанда кісі елін жауға бере ме! Мылтығым – мылтық-ақ еді, шіркін. Сөйтіп, жыл көштік. Алдыңғы көштің адамдарына жолықтық. Солар ақыл берді.
– Қатты қиналған, елдің күйзелген тұсы қайсы? Гималайды қалай астыңыздар?
– Әр күнің – атыс, шабыс, бел шешіп жатқызбайды. Сонда да, қиынның қиыны және көштің қатарын ойсырата сиреткені Тибеттің үстірті болды. Мұндай сорақы жерді көрсемші. Артқа оралудан үміт үзілген соң, Тибет жотасын кесіп өтуге тәуекел еттік. Ол үшін тек қана сол жердің аңы мен малының етін жедік. Құлан қалың болады. Әлгі тақырды кесіп өттік. Ат тісіне басатын қылтанақ болсашы. Су дегеніңіз түске кірмейді. Он мыңдап қой, үйірлеп жылқы, тоғанақтап түйе айдап келеміз. Бірақ жеуге болмайды. Гималайдың ысына келгенде ішіңді кептіріп, кекірік аттырып, табан астында кекіректетіп өлтіреді. Есекбатқан деген сорға жолығып, талай жылқы сортаң құйға батып қалды. Сонда аңның етін ақжем етіп жуып, астымыздағы атымызға береміз. Тура жоңышқаша күйсейді. Қан көрінсе жемейді. Бұған шыдамай өзіміздің малдан дәм татқандардың барлығы да ыста іші кеуіп өлді. Баласыз көшке айналдық. Аттың, баланың зәрі ем болды. Әйтеуір құтылдық-ау. Дүнген мен тибет әскері әбден титықтатты. Амал қайсы, тибет қосы кездессе, тұра шабамыз. Алдындағы малы мен асын тартып аламыз. Олардың діні бойынша жолаушыға тиісуге болмайды. Соны да пайдаландық. Олар да бізді аяған жоқ. Сулы жерге жолатпайды. Сөйтіп жүріп Гималайдан өттік-ау!, – деп бір демін алды Мәделім қажы.
Ақсақал сәл тынықсын деп одан көрі жастау Мәди қартқа:
-
Сіз не істедіңіз сол кезде? Айта отырыңыз, – дедім.
-
Осылардың барлығын аман алып шыққан мына менмін, – деді.
Дастархан басындағылардың бәрі де:
-
Мұның айтқаны дұрыс. Иә, осының еңбегі зор болды, – деп қауқаулай күлді. Бұл күлкінің мәнін түсініңкіремей қалғанымды біліп:
-
Мен онда мүшел жас мөлшерінде едім. Мыналардың барлығы шөңкелерін тосып, бір тамызшы деп жалынып жүретін, – дегенде мен де барынша сүйсініп:
-
Нағыз ел бастаған Едіге Сіз екенсіз ғой!, – дедім шынымен риза болып.
Сөйтсем, бұл Мәди қариямыз әлгі зәрі – дәру, ысқа ем «әулие баланың» бірі болып шықты.
– Сол сарыала мылтықтың және мыналардың зәрінің арқасында көкпеңкөк мұздың үстіне киіз төсеп, жылқы мен түйенің табанына байпақ кигізіп, Гималайдан да астық-ау! Қой мұзды да тұяғымен алады. Алдымыздан Индия мен Пакистанның шекарашылары тосқауыл қойды. Артымызда қызыл қытайдың жасанған әскері ізімізді басып келеді. Үш жігітті шолғынға жіберді. Қалайда тіл табысып, саяси босқын екенімізді айтып, уақытша қабылдасын, содан кейін мұсылман мемлекетінің біріне өткізіп берсін, бұл тілегімізді үкіметіне жеткізсін – деген райда тілдесу, тіл алу. Үнділер жолатпайды. Баспақтап, оңтайын аңдып отырғанымызда үш әскер оңашаланып, намаз оқыды. Мұсылман екеніне көзіміз жеткен соң бұқпантайлап барып әлгілердің ту сыртынан келдік. Ішінде командирі де бар екен. Бұйымтайымызды айтып, ана көштің қатын-бала, шал-шауқан екенін, артымыздан қызыл қытайдың өкшелеп келе жатқанын, біз дінімізді қорғау үшін жапа шегіп келе жатқанымызды баса жеткіздік. Олар: біздің бұл бұйымтаймызды жоғарыға жеткіземіз, ертең осы уақытта тура осы жерге келіңдер – деді. Сөйтсек, олар пакстандық әскерлер екен. Үнділермен арасы дүрдараз көрінеді. Жауап кешігіп жетті. Үнділіктер: бар қаруларыңды тапсырсаңдар, содан кейін шекарадан өткіземіз – десті. Амалсыз мылтықты, оқ дәріні тапсырдық. Сол кезде өкшелеген қытайдың әскері де жетіп, қарусыз көшті қырып салуға беттеді. Біз жағдайды түсіндіріп, өзімізді өзіміз қорғауға мүмкіндік беруін өтіндік. Қалибек хакім таңдап отырып 18 мергенді бөліп алып, қару-жарақпен, оқ-дәрімен жарақтап, қызыл әскердің алдына тосқауылға жіберді. Екі жүз елдей тұрақты армия, пулеметі, гранатасы, автоматы сайлы. Сарыала винтовкамsp қолға тиген соң 18 мерген екі аңғарға бөлініп, тас-тасты паналап, көздеп атуға кірістік. Қытайлар пулетпен, автоматпен сырылдатқанда қалқалаған жартастар уатылып кетеді, бұталарды баудай түсіреді. Орын ауыстырамыз. Көздеп атамыз. Үйірілген көш пен үнді әскерлері алыстан бізге қарап тұр. Неғыласың, бір тәулік атыстық. Екінші тәулікте қытай әскері барлы-жоғын тастап түнделетіп шегініп кетті. Белгі берген соң біз шекарашыларға қайтып оралдық. Бұрынғыдай емес, қадіріміз артып қалыпты, қаруымызды алғанда олардың да сескеніп тұрғанын сездік. Сөйтсек, біздің соғысымызды олар дүрбімен бақылап тұрыпты. Әскери өнерді қайдан үйренгенімізді сұрап, табиғи мерген екендігімізді білгенде таң қалыпты. Бір батальонмен бір тәулік соғысқан 18 адамның бәрі тірі, тек бір fдамның бетін оқтың екпінінен ұшқан тас тіліп кетіпті. Ал өлген әскердің саны жүз елуден асыпты. Майдан даласын көрген үнділік генерал таң қалып, менің әскерім болатын-ақ жауынгер екенсіңдер десіп қолпаштап, көшті шекарадан өткізді-ау ақыры. Мұның сыры мынада, біз екі жыл қашып жүріп соғысып, қума соғыстың тәсіліне әбден тақыстанып алдық, ал мына қару-жарағына сенген әскерлер одан хабарсыз. Біз орынымызды ауыстырып, әр тұстан алды-артын орап атыстық қой. Егер жергілікті дүнген мен тибет әскері болғанда 18-ақ адам екенімізді біліп қоятын еді. Сарыала мылтықпен сол арада қимай қоштастым.
Шекарадан өткеніміз болмаса, ел іші тағы да осындай асу бермес асқар шыңның ар жақ астында екен. Егер оншақты күнде асудан асып үлгермесек, онда бүкіл көш осы аңғарда келесі жазға дейін қалады да еріксіз аштыққа ұрынып өледі. Сол арада Қалибек хакім үкіметпен келісіп, ұшақ жалдады. Үш мыңдай адамның бәрін бір аптада тасып үлгере алмайды. Бала-шаға, қариялар, аурулар ұшақпен бірінші боп аттанды. Көшпен келген үш мың қойдың айырбас құны бізді ажал тырнағынан құтқарды. Сөйтіп, Үнді мен Пакстанның топырағын бастық. Мұсылман қауымы жақсы қарсы алды. Өзгелері бауырға тартпағанмен, бөзек жасаған жоқ. Сол арада соңғы көш алдыңғы көшке қосылып, Американың елшілігі мен Біріккен ұлттар ұйымының көмегімен Түркияға бет алдық. Ендігі отырыс, міне, осы, – деп әңгімесін бір түйді Мәделім қажы.
Иә, азаттықтың азапты жолы қандай тауқыметті болса да, азат рухты өмір де сондай тәтті.
Осы арада Көксеген, Сыдықан, Мәлік ақсақалдардың, Хадиша әжей мен Ғалия апайдың әңгімелерінің басын қосып баяндап кетпекпін. Алдыңғы көштегілер мұсылман мемлекетін таңдап, араб еліне назары түсіпті. Америка елшісі қоштасарында долларды жыртып бір жағын – көшбасшыға беріп, бір жағын өзі алыпты. Егер сол белгі болса, бұл көш қайда барамын десе де, олардың орналасуына саяси босқын қатырында Америка кепілдік береді екен. Америка өкілі келіп, жыртық долларды беттестіріп, қиюы келген соң, Біріккен ұлттар ұйымы арқылы қаржы бөлдіреді. Қалибек хакім, Құсайын тәйжі, тағы да басқа көш көсемдері: Америкаға барсақ – жағдай жақсарады, бірақ ұрпағымыз кәпірленіп кетеді, араб еліне барсақ – қазақшылығымыздан айырыламыз. Қаны бір түрік жұртына жүгінелік – депті. Түрік елінің ол кездегі үкіметі қабылдамапты. Мендерес «сайын башқандыққа» сайланған соң арнайы өкіл жіберіп, бұлардың саяси босқын, тегі түркі, өздері мұсылман екендіктерін білген соң, мұхит арқылы кемемен алдырып, Станболға орналастырыпты. Хадиша апайдың Мендересті құрметтейтіні де сондықтан болса керек. Бір жылдың ішінде оларға жер таңдауды ұсыныпты. Үш жүз үй малға жайлы деп қазіргі Алтайкөйді, Қалибек хакім бастатқандар кәсіпке қолайлы деп Салихлыны таңдапты. Недия өңірі сазды, масалы екен. Егіннің жайымен таныс қазақтар тракторды несиеге алып, батпақты құрғатып, борми салып, егін егіп, үш-төрт жылда жонданып сала беріпті. Алғашында қазақ ұлтын естіп көрмеген түріктер қабағын шыта қабылдаса да (жерін біреуге әперсе, кім жақсы көрер дейсің) өкіметтің қорғауында болғандықтан, бойжеткендер мен бозбалалардың ашық-машықтық машахатынан әріге асқынбапты. Кейін ғашықтар да мақсатына жетіп, бара-бара бауырласып, қыз алысып, қыз берісіп, кәсіптесіп кетіпті. Недияның он мықты ауқаттысының бірі қазақ деп естідім. Ал теңізге жақын Салихлыдағылар салиқаланып-ақ қалыпты. Жасырмайын, қылмыс әлемінде «беделге ие кәсіби» сотталман да бар екен. Ал саясатқа араласып, әскери диктатура кезінде «Бозғұрттың» мүшесі ретінде түрмеге жабылған Ғалия апайдың ұлы Тұранмен тәп-тәуір әңгімелестім. Қазір «Бозқұрт» үкімет билігіне араласып жүрген ашық партия. Тура осы күні сайлау қарсаңындағы қарбаласта «Бозқұрттың» көсемі Түркеш Қайсаридің солтүстігенде тікұшақтан апатқа ұшырап, үш күн бой денесін іздестірумен болды. Ғалия апайдың үйімен аралас-құраласы бар. Сол көсеммен бір кезде бірге саяси тұтқын болған осы үйдің үлкен ұлы Тұран тіс дәрігері, қару-жарақ, оның ішінде әлемдегі ең үздік неміс пистолетін жасайтын кіші-гірім шеркеті де бар екен. «Тәуелсіз мемлекеттің өз қаруы болуға тиіс. Мен бұл жөнінде Қазақстанның тиісті мекемелеріне ұсыныс жасағамын. Тәуелсіздікке менің үлесім сол болар еді. Соны Сіз де жеткізіңіз», – деп өтініш етті. Міне, ол тілегін де орындап отырмын.
Ғалия апайдың түрік күйеу баласы Махмұдпен әдебиет, оның ішінде қазіргі түрік ұлтының ішіндегі қозғалыстар мен ағымдар туралы пікір алыстық. Соның ішінде ең алаңдататыны түрік ұлтының ішкі өркениеттік ағымдары. Батысқа бетбұрыстың рухани сыпат алып бара жатқаны, түріктік құндылықтар мен тарихи оқиғаларға дөлмалық көзқарастың үстемдік алуы, яғни, Айя София мешітін христиандық шіркеуге айналдыруға бейілділік сияқты беталысты тіксіне қабылдайтыны байқатады. Менің ойыма, «қазақстандық ұлт» құрамыз деп жүрген, біз түңілген ғылыми коммунизмнің утопиясын қайталағысы келетін біздің «жас қазақ идеологтары» түсті. Өмірінде бодандыққа мойынсынбаған Түркияның өзі «дөлмаланып» жатқанда, рухани тәуелділіктін қамыты алынбаған бізге не сорым десеңші?!. Әбууақап Қараның жалғастыруымен Анкарадағы Мариям Қырымлымен сөйлесіп, үшеуміз «Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы» туралы 5 томдық басылымды бірігіп дайындауға уағдаластық. Әбууақап осыдан үш-төрт жыл бұрын тура осындай уағда жасасқан Мәнсұр Тәйжінің де қолжазбасын дайындап жатқаны және оны бізге ұсынуға ықтисатты екенін білдірді. Бізд дұғай сәлем айтып, нәтижесін күтетінімді жеткіуді өтіндім. Ал Әбууақап пен Мариям Түркия мен Еуропа, Америка саясаткерлері мен ғалымдарының жазбаларын аударып беруге келісімін берді.
Сөйтіп, қойдың басы мен жамбасын мүжіп, құрт қосқан сорпа ішіп, қызыл қою шайды ұрттай отырып алты сағатқа созылған шүйіркелесу де тәмәм болды. Жастар жағымен жақын сөйлесудің, әрине, ыңғай келмеді. Бірақ Рамазан мен Шүкірәлиден, осы сапарда көріп-білгенімнен, теледидардың хабарларынан аңғарғаныма сүйеніп, бүгінгі түрік қоғамы туралы: өркениеттер тоғысының бағдар шамы екен – деген ой санамда ұйып қалды. Мен бұл қонақтармен қимай қоштастым...
Отырыстың соңына ала Хасен ағамыз хабарласты. Сонау Мюнхенде отырып көрсеткен барлық сый-сияпатына, күтіміне, назардан шығармағанына алғыс айттым. Сонымен қоса біз туралы жақсы пікір білдіргенде: «Нағашылығынан басқа кемшілігі жоқ», – деген екен. Ерулісіне қарулысы сияқтандырып:: «Жиеннен көрген бір қызығым болды», – дедім астарлап. Шындығында да, Құдай қолдаған, ол кісі де, біз де риза болған бір сапар болды.
Ертең кешкі сағат жетіде елге қайтамын. Кітаптарды буып-түю, күнделікті толтыру да қысқа түннің біраз уақытын алды.
Қайтар сәттеге қоштасу: Еренгүл Шүкірәлиқызы (Салихлы)
28 науырыз. Түркияға келіп, әлемдік сәулеттің озық үлгісі Топқапы сарайын, Айя София мен сұлтан Ахмет мешітін көрмей кету сауаттылыққа жатпайды. Бұрын да бір армансыз аралағанымыз бар еді. Осы жолы жеделтете шолып шықтым. Бұл өркениеттер тоғысының орталығының саяси, діни, ұлттық, тарихи, сәулеттік маңызы туралы энциклопедия құрастыруға болады. Менің бұл жолғы назарым, Айя Софияның қайта өңделуі болды. Хрестиян мен мұсылман, оның ішінде түрік дүниесіндегі бір үлкен талас осы Айя Софияны жаңғыртып, әу басындағы шіркеулік сипатқа қайта келтіру мәселесі қозғалған. Түріктердің де өзі екіге бөлінген. Ақыры дүбаралық-дөлмалық шешім қабылдапты. Иса пайғамбарға, Мариям анаға арналған қабырғаларда қырылмай қалған суреттер қалпына келтіріліпті. Бірақ ішіндегі өрнектер, негізгі ұстындар аят пен хадис мәтіндері жазылған, мешіттік қалпын сақтайтын, сөйтіп, мұсылман үшін де, христиан үшін де қасиетті орын болыпты. Ал Топқапыдағы сұлтан тағына отырғаным бар еді. Сол әсерім де жеткілікті болатын.
Базарлықсыз жолаушы болмайды. Еуропа мен Азияны асырап отырған Станболдың қара базарына Рамазан ертіп барды. Күн жүріп тауыса алмайтын көлемді және біз кіретін жер емес екен. Жаннан өзгенің бәрі бар – дейді. Бізге сол жанымыздың өзі олжа болғандықтан да, жоқты іздеп сабылғымыз келмеді.
Ғалия апайдың қою қызыл және тегін шайын қанып іштік. Ғалия апай мен Сыдықан ағамыздың үйіндегі Шатқар жеңгеміз бала-шағаға сәлем сауқытын берді. Бас тартуға болмайды. Бұл да дәстүр, Мен үшін немерелеріме арнап қазақтардың шеберханасына Рамазан тіккізіп берген тоннан артық құнды базарлық жоқ еді. Қимай қиналып қоштастым. Ғали апайдың мұңлылау жанарына көзім түскенде анам мен апайымның көз қиығы есіме түсті.
Қош, Зәйтұнбұрын! Аман бол, Ғалия апай! Сау болыңдар аз күн дәмдес боп, қалған ғұмырға қимастық сезімін силаған ағайындар! Амандықпен көрісецік, осы сапарға мұрындық болған «жаман жиендікті» жақсылығымен қайырған Мюнхендегі, Хасен аға! – деп арабаға отырдым.
Ой, Алла тағала! Шетте жүрген қазақтардың қашан Қазақстанның топырағын басқанша тілі де орыс, өздері де орыс бола қалатынын түсінбеймін. Қазақша жөн сұрасаң да түсінбегенсиді. Сауатыңа, мәдениетіңе болайын сол! Адам сүйсінерліктей келісті екі қазақ жігіті жолығып, жүгімді бөлісті. Екпінді екен. «Осындағы казиноға кеп үш күн ұйықтамай ойнадық. Бір жылдық рахат алып, айызымыз қанды. Костюм шақ келмей жүр еді, он-оннан алдық», – десті. Бажаларға сүйініп Алматыға да жеттім.
Үш сағат болса да мұндағы Алма мен Назымды иіскеп, Астанаға аттандым. Сұңқар қарсы алды. Немерлерімді иіскеп, шөлімді қандырып, «жолы болған жолаушының» жазбасын осымен тәмәмдаймын.
Сәуірдің жаңбыры қарсаңында аяқталған наурыз құт-берекенің басы болғай.
P.S. Астанаға келген соң сымсыз білгісаяр арқылы жіберген осы сапардың мақсатына қатысты анкаралық доктор Мариям Қырымлының хатын да келтіре кетемін.
«Аса құрметті Тұрсын аға ЖұртбайІ
Телефонда айтқаныңыздай, (1) Томас Лайырдың «Тибеттен бет алғанда» деген кітабына қосымша, профессор Линда Бенсонның (2) «Іле көтерілісі», (3) «Қытайдың соңғы көшпенділері» және Жамес Милвардтың (4) «Тоғыз жолдың торабындағы Еуразия» сияқты кітаптарында атам жөнінде (Қалибек хакім) бірсыпыра мәліметтер баршылық. Бірақ, әрине, одан да басқа ағылшын тілінде бұрыннан жазылған кітаптар, диссертациялар, мақалаллар да көп. Бірақ батыста «COPYRIGHT» деген бір пәле заң бар болғандықтан (және мен жоғарыда тізімделген кітаптардың авторларын тікелей танымағандықтан) сол кісілерден аударма үшін ұлықсат ала білемін деп ойлаймын. Енді олармен хабарласу керек. Сол себепті өзіңізден ресми хат күтемін. Аудару онша қиын болмаса да заңды түрде жұмыс істеу үшін батыстық авторлардан ұлықсат алмаса сотқа беріп үлкен проблема шығарады.
Өзіңізге телефон арқылы айтқанымдай, менде «Қазақ» газетінің бір қанша саны баршылық. Әрине, және өкінішке орай, бәрі емес. Осы хатқа қосымша сізге бір данасының фотокөшірмесін жолдап отырмын (Басқаларын жіберуге mail-дің көлемі ыңғайлы емес екен).
Сізге зор денсаулық пен жұмыстарыңызға сәттілік тілеп, қарындасыңыз Мариям Хакім».
Қарындасымыз да сәлмәт болсын. Осы мазмұндағы хатты станболдық ғалым Әбууақап Қарадан да алдым. Алла жазса бұл ғылыми жобаның басы қайырылса, онда қазақ руханиятының жел соғып тұрған бір көбесі бүтінделеді деп ойлаймын.
Станбол –– Анкара – Недия – Алтай ауылы – Кония – Афина – Салихлы – Ізмір – Селжүк – Эфес–Шанаққала – Троя – Станбол – Астана.
Түркістан газеті.-2007 жыл.- 30 тамыз. № 65. – 7 б., 6 қыркүйек.- №36.-7 б., 13 қыркүйек № 37. – 6 б.
МАЗМҰНЫ
Екінші бөлім
Ғазали ғибыраттары………………………………………………...
Ұйытқы ой…………………………………………………………
Ілме…………………………………………………………………
Үшіншіт бөлім
Арғы Алтай, Өр Қаңғай мен Орхон, Байкал..................................
Тайқартас пен Тасырқай арасында.................................................
Жолы болған жолаушы............................................................
Достарыңызбен бөлісу: |