Бірінші тұғыр. Тәуелсіздік - әр елдің тарихындағы қастерлі де қасиетті ұғым, ұлы сәт. Ел егемендігін алудың
қиын екенін баршамыз білеміз. Ал оны сақтап қалудың одан да жауапты, одан да қиын екенін ұмытпауымыз керек. Әр
жастың бойында елдің егемендігін мәңгі ету мұраты болса, еліміздің алар асуы биік деп есептеймін.
Екінші тұғыр. Мемлекетіміздің биіктерді еңсеруінің басты себебі - ел ішіндегі ырыс пен ынтымақ, бірлік пен
келісім. Сан түрлі ұлт бір шаңырақ астында ұйысып отыр. Бұл - артықшылығымыз. Біздің ұлтымыз түрлі болғанымен,
еліміз бен ұлы мақсатымыз бір. Осы елде туған, өскен әрбір азамат Отанының гүлденуін қалайды. Сондықтан
бірлігімізге сызат түсірмеуге тырысу керек.
Үшінші тұғыр. Қыран ұшса, қанаты талатын, тұлпар шапса, тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жеріміз бар. Алтай мен
Атыраудың, Арқа мен Сырдың арасындағы қасиетті де қастерлі жерімізді қашан да қорғап, келесі буынға жеткізіп отыру
-
әрбір қазақстандықтың басты борышы. Найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, қанмен, жанмен келген жерімізді
қорғай білуіміз шарт.
Төртінші тұғыр. Қазақ қашан отбасының қадірін білген. Отанның отбасынан басталарын жіті түсінген.
Бүгінгідей жаһанданудың жойқын дауылы тұрып тұрған уақытта ұлттық құндылықтарға негізделген отбасының қадір-
қасиетін ұмытпауымыз керек. Керісінше ұлықтауымыз шарт. Сонда ғана Отанымыздың іргесі бекиді.
Бесінші тұғыр. Қазақты әлемге танытар тетік - ұлттық мәдениет. Рухани байлықтың қайнар көзі саналатын осы
бір саланың дамуына айрықша назар аударылуы тиіс. Біздің ұлттық кодымыз мәдениетте жатыр. Мәдениеті мықты ел
дамудың даңғыл жолына түседі.
Алтыншы тұғыр. Бүгінгідей алмағайып ахуалда әр азаматтың қоғамдағы орнын бекітетін нәрсе - білім мен
еңбек. “Қыбырлаған қыр асады” дейді дана халқымыз. Қазір білектің емес білімнің заманы екенін ұмытпауымыз шарт.
Біліммен ғана биікке шығамыз. Мұны әлем алпауыттары дәлелдеп тастады деген ойдамын.
Достарыңызбен бөлісу: |