Газ және газбен жабдықтау туралы


-тарау. ТАУАРЛЫҚ ГАЗДЫ ТАСЫМАЛДАУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКIЗУДI



бет3/3
Дата13.06.2016
өлшемі200.5 Kb.
#131494
1   2   3

5-тарау. ТАУАРЛЫҚ ГАЗДЫ ТАСЫМАЛДАУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКIЗУДI
ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

      22-бап. Тауарлық газды тасымалдау және сақтау

      1. Тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау жөнiндегi, сондай-ақ тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөнiндегi қызметтердi газ тасымалдау ұйымдары көрсетедi.
      2. Бiр ғана жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары мен тауарлық газ қоймаларын екi және одан көп газ тасымалдау ұйымының пайдалануына тыйым салынады.
      3. Газ тасымалдау ұйымдары тек қана:
      1) ұлттық операторға;
      2) тауарлық газды өндiрушiлерге;
      3) өздерi өндiрген шикi газды өңдеу процесiнде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерi болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген тауарлық газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға ниет бiлдiрген оның иелерiне тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсетуге құқылы.
      4. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары:
      1) осы баптың 3-тармағында көзделген шектеулердi ескере отырып, тауарлық газдың иелерiне Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар туралы заңнамасына сәйкес магистральдық газ құбырының, тауарлық газ қоймасының немесе газ тарату жүйесiнiң қуаттарына тең жағдайларда қол жеткiзудi ұсынуға;
      2) уәкiлеттi органның сұрауы бойынша магистральдық газ құбырында, тауарлық газ қоймасында, газ тарату жүйесiнде бос тұрған қуаттардың бар екенi туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды пайдалану бағдарламасын ұсынуға;
      3) тауарлық газ иелерiн және (немесе) тұтынушыларды тауарлық газды тасымалдау, сақтау және (немесе) бөлшек саудада өткiзу жөнiндегi мiндеттемелердi орындауға әсер ететiн жоспарланған жөндеу және профилактикалық жұмыстар туралы хабардар етуге мiндеттi.
      5. Газ тасымалдау ұйымы:
      1) тауарлық газ техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;
      2) жер қойнауын пайдаланушы тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерiн сатып алуға мемлекеттiң артықшылықты құқығынан ұлттық оператордың жазбаша бас тартуын не жер қойнауын пайдаланушы газ тасымалдау ұйымына жүгiнгенге дейiн бiр ай бұрын ұлттық оператордың тасымалдануы жоспарланған тауарлық газ көлемдерiн иелiктен шығару туралы коммерциялық ұсынысты алғанын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, тауарлық газ иесiнiң тауарлық газын тасымалдаудан және (немесе) сақтаудан бас тартуға мiндеттi.
      6. Газ тасымалдау ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында және тауарлық газды тасымалдау және сақтау жөнiндегi қызметтердi ұсыну шартында көзделген тәртiппен тауарлық газды тасымалдаудан және сақтаудан негiзсiз бас тартқаны үшiн жауапты болады.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      23-бап. Тауарлық газды көтерме саудада өткiзу

      1. Тауарлық газды көтерме саудада өткiзудi:
      1) ұлттық оператор;
      2) тауарлық газды өндiрушiлер;
      3) өздерi өндiрген шикi газды өңдеу процесiнде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерi болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген тауарлық газдың меншiк иелерi;
      5) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өткiзiлген жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн шикi газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерi;
      6) тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелерiне өткiзiлген жағдайларда, газ тарату ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
      Өзге тұлғалар тауарлық газды көтерме саудада өткiзудi жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Газ тарату ұйымдарының ұлттық операторға және (немесе) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелерiне көтерме саудада өткiзу жағдайларын қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тұлғалардан тауарлық газды сатып алған тұлғаға оны көтерме саудада өткiзудi жүзеге асыруына тыйым салынады.
      Осы тармақтың ережелерi ұлттық операторға қолданылмайды.

      24-бап. Тауарлық газды бөлшек саудада өткiзу

      1. Тауарлық газды бөлшек саудада өткiзудi:
      1) газ тарату ұйымдары;
      2) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелерi;
      3) ұлттық оператор;
      4) газ тұтыну жүйелерi магистральдық немесе жалғастырушы газ құбырына тiкелей қосылған өнеркәсiптiк тұтынушыларға тауарлық газ бөлшек саудада өткiзiлген жағдайда, тауарлық газды өндiрушiлер, өздерi өндiрген шикi газды өңдеу процесiнде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерi болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген тауарлық  газдың меншiк иелерi жүзеге асырады.
      Өзге тұлғалар тауарлық газды бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Жеке және заңды тұлғалардың газ жабдығын газ тарату жүйесiне қосуды, бос тұрған қуаттар болмаған жағдайда, қосылатын тұтынушылардың қосымша жүктемелерiн жабуға қажеттi газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды, сондай-ақ мұндай қосудың технологиялық схемасын өзгертудi газ тарату ұйымы осындай тұтынушылардың есебiнен жүзеге асырады.
      3. Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерiне тауарлық газды берудi газ тасымалдау немесе газ тарату ұйымы жүзеге асырады.

      25-бап. Тауарлық газды есепке алу

      1. Тауарлық газдың көлемi есепке алынбайынша, оны тасымалдауға, сақтауға және өткiзуге жол берiлмейдi.
      2. Магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалданатын тауарлық газ көлемiн есепке алуды газ тасымалдау ұйымы газ өлшеу станцияларында тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерiнде орнатылған тауарлық газды есепке алу аспаптары бойынша деректердi ұдайы растай отырып, газды есепке алу аспаптары арқылы жүргiзедi. Газ тасымалдау ұйымдары тасымалданатын тауарлық газдың көлемiн есепке алу жөнiндегi деректердiң ұлттық операторға берiлуiн қамтамасыз етедi.
      3. Газ тарату жүйелерi арқылы тасымалданатын тауарлық газдың көлемiн есепке алуды газ тарату ұйымдары есепке алу аспаптары бойынша жүргiзедi. Газ тарату ұйымдары өткiзiлетiн тауарлық газдың көлемiн есепке алу жөнiндегi деректердiң ұлттық операторға берiлуiн қамтамасыз етедi.
      4. Өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемiн есепке алу:
      1) тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерiнде орнатылған есепке алу аспаптары бойынша;
      2) есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлерiне сәйкес келмейтiн жағдайда газ тұтыну жабдығының қуаты бойынша жүргiзiледi.
      5. Тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемiн есепке алу:
      1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
      2) көп пәтерлi үйлердегi ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
      3) жеке тұрғын үйлердегi реттегiш немесе газ реттейтiн пункттердiң шкафтарында орнатылған ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
      4) жеке немесе ұжымдық есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлерiне сәйкес келмейтiн жағдайда табиғи монополиялар салаларында және реттелетiн нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орган бекiтетiн тұтыну нормалары бойынша жүргiзiледi.
      6. Тауарлық газды есепке алу аспаптары техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6-тарау. СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫН ЖӘНЕ СҰЙЫТЫЛҒАН ТАБИҒИ ГАЗДЫ
ТАСУДЫ, САҚТАУДЫ, ӨТКIЗУДI ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

      26-бап. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи


               газды темiржол, автомобиль, теңiз және iшкi су
               көлiгiмен тасу

      1. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды темiржол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен Қазақстан Республикасының заңнамасында қауiптi жүктердi тасуға қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасуға рұқсат етiлген көлiкпен тасуға рұқсат етiледi.


      2. Сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды темiржол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге өз бетiнше не сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды тасу жөнiнде қызметтер көрсететiн тұлғаларды тарта отырып тасуды:
      1) сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндiрушiлер;
      2) өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газының және (немесе) сұйытылған табиғи газдың меншiк иелерi;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасуды жүзеге асыруға ниет бiлдiрген оның иелерi;
      4) газ желiсi ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
      3. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды тасу жөнiндегi қызметтер көрсететiн тұлғалар мұндай қызметтердi осы баптың 2-тармағында көрсетiлген тұлғаларға ғана көрсетуге құқылы.
      4. Сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды темiржол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен тасуға байланысты құжаттар қауiптi жүктердi тасу үшiн көлiктiң әрбiр түрiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
      5. Сұйытылған мұнай газын немесе сұйытылған табиғи газды сақтау және темiржол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен тасу құралдарының конструкциясы мен пайдалану шарттары техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      27-бап. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткiзу



      1. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткiзудi:
      1) сұйытылған мұнай газын өндiрушiлер;
      2) өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерi;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерi;
      4) сұйытылған мұнай газы газ толтыру пункттерiнiң және (немесе) автогаз құю станцияларының иелерiне, сондай-ақ осы баптың 6-тармағы екiншi бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге өткiзiлген жағдайда, газ желiсi ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
      Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткiзудi жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Газ желiсi ұйымдарының газ толтыру пункттерi және (немесе) автогаз құю станциялары иелерiне, сондай-ақ осы баптың 6-тармағы екiншi бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге көтерме саудада өткiзу жағдайларын қоспағанда, сұйытылған мұнай газын осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тұлғалардан сатып алған тұлғаның оны көтерме саудада өткiзудi жүзеге асыруына тыйым салынады.
      3. Қазақстан Республикасы iшкi нарығының сұйытылған мұнай газына деген қажеттiлiктерiн қанағаттандыру мақсатында уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен ай сайын, жоспарланған айдың алдындағы айдың жиырма бесiнен кешiктiрмей, Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын бекiтедi, онда:
      1) өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газын өндiрушiлердiң, оның меншiк иелерiнiң тiзбесi;
      2) Қазақстан Республикасының iшкi нарығында өткiзiлуге мiндеттi сұйытылған мұнай газының көлемi;
      3) өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газын өндiрушiлер, оның меншiк иелерi сұйытылған мұнай газын өткiзуге мiндеттi газ желiсi ұйымдарының тiзбесi айқындалады.
      4. Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары жоспарланған айдың алдындағы айдың он бесiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде газ желiсi ұйымдары уәкiлеттi органға жiберетiн өтiнiмдер негiзiнде әзiрленедi.
      5. Уәкiлеттi орган Қазақстанның iшкi нарығында өткiзiлуге мiндеттi сұйытылған мұнай газының көлемiн өзiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газын өндiрушiнiң, оның меншiк иесiнiң әрқайсысына жеке-жеке, газ желiсi ұйымдарының өтiнiмдерiн  негiзге ала отырып, сұйытылған мұнай газын өндiру көлемiне барабар айқындайды.
      6. Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарына сәйкес өткiзiлетiн сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына газ желiсi ұйымдары ие болады.
      Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарына сәйкес сатып алынған сұйытылған мұнай газының көлемiн газ желiсi ұйымдары тек қана Қазақстан Республикасының iшкi нарығында өткiзедi.
      7. Өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газын өндiрушiлер, оның меншiк иелерi Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын орындауға мiндеттi.
      8. Осы баптың 3, 5 және 7-тармақтарының ережелерi:
      1) өздерiнiң сұйытылған мұнай газын жобалық өндiру қуаты жылына бес мың тоннадан аспайтын өндiрушiлерге;
      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн шикi газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерiне қолданылмайды.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      28-бап. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзу



      1. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзудi:
      1) газ желiсi ұйымдары;
      2) газ толтыру пункттерiнiң иелерi;
      3) автогаз құю станцияларының иелерi;
      4) сұйытылған мұнай газы өнеркәсiптiк тұтынушыларға бөлшек саудада өткiзiлген жағдайда, өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газын өндiрушiлер, оның меншiк иелерi, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерi жүзеге асырады. Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Топтық резервуарлық қондырғыларды пайдаланатын газ желiсi ұйымы олардың сақталуын және жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Жеке және заңды тұлғалардың газ жабдығын сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесiне қосуды, сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесiнiң объектiлерiн жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды, сондай-ақ қосудың технологиялық схемасын өзгертудi осындай тұлғалардың есебiнен газ желiсi ұйымы жүзеге асырады.
      4. Сұйытылған мұнай газын тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы бөлшек саудада өткiзу тұтынушы мен газ желiсi ұйымының арасындағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзу шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
      5. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзудi тұрмыстық баллондардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге мiндеттi газ желiсi ұйымдары және газ толтыру пункттерiнiң иелерi жүзеге асырады.
      Бұл ретте тұрмыстық баллондарға сұйытылған мұнай газын құюға газ толтыру пункттерiнде және газ толтыру станцияларында жол берiледi.
      6. Газ желiсi ұйымдары және газ толтыру пункттерiнiң иелерi:
      1) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сатып алатын тұтынушыларды абоненттiк есепке алуды жүзеге асыруға;
      2) толтырылатын тұрмыстық баллондарды техникалық жарамдылық тұрғысынан тексеруге;
      3) тұрмыстық баллондарды газ желiсi ұйымының немесе газ толтыру пунктi иесiнiң тауарлық белгiсiмен таңбалауды жүзеге асыруға;
      4) тұтынушыларға сатылатын әрбiр тұрмыстық баллонның сапасына кепiлдiк талонын беруге;
      5) газ баллондары қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
      7. Мыналарға:
      1) қабаты екi қабаттан асатын көп пәтерлi тұрғын үйлерде тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын сақтауға және (немесе) пайдалануға;
      2) бiр ғана газ толтыру станциясын және (немесе) топтық резервуарлық қондырғыны екi және одан да көп газ желiсi ұйымдарының бiр мезгiлде пайдалануына;
      3) сұйытылған мұнай газын өткiзуге арналған газ толтыру пункттерi мен автогаз құю станцияларын екi және одан да көп жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бiр мезгiлде пайдалануына тыйым салынады.
      8. Сұйытылған мұнай газын тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерiне беруге арналған үй iшiндегi газ жабдығын пайдаланатын газ желiсi ұйымы оның сақталуын және жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Осы тармақтың ережесi тұрғын жай iшiндегi газ жабдығына қолданылмайды.

      29-бап. Сұйытылған мұнай газын есепке алу

      1. Автогаз құю станцияларындағы, газ толтыру станцияларындағы, газ толтыру пункттерiндегi және топтық резервуарлық қондырғылардағы сұйылтылған мұнай газын есепке алу Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзу және пайдалану тәртiбiне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тұтынушыларға өткiзiлетiн сұйытылған мұнай газын есепке алу осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, есепке алу аспаптары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Тұрмыстық тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткiзiлетiн сұйытылған мұнай газын есепке алу:
      1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
      2) жеке есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлерiне сәйкес келмеген жағдайда – табиғи монополиялар салаларында және реттелетiн нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орган бекiтетiн тұтыну нормалары бойынша көлемдiк әдiспен жүргiзiледi.
      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелерi тұтынушыларға тұрмыстық баллондарда өткiзiлетiн сұйытылған мұнай газына қолданылмайды.

7-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРIНIҢ ҚАУIПСIЗДIГIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      30-бап. Газбен жабдықтау жүйелерiнiң қауiпсiздiгiн


               қамтамасыз ету

      1. Газбен жабдықтау жүйелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының өнеркәсiптiк, өрт қауiпсiздiгi, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңнамасына және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


      2. Газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң иелерi олардың қауiпсiз пайдаланылуын және жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге, өздерiне тиесiлi объектiлерге техникалық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге немесе техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға мiндеттi.
      3. Газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiне техникалық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар олардың сапасын және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      4. Ғимараттардың, үй-жайлардың түтiндiк және желдеткiш арналарының, инженерлiк коммуникацияларды қосу нығыздамаларының иелерi олардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      5. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желiсi ұйымдары өзiнiң құрамында, демалыс және мереке күндерiн қоса алғанда, тәулiк бойы жұмыс режимiндегi авариялық-диспетчерлiк қызмет ұстауға мiндеттi.
      6. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желiсi ұйымдары шарт негiзiнде авариялық жағдайларды жою үшiн өзге де ұйымдардың авариялық-диспетчерлiк қызметiн тартуға құқылы.
      7. Газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерi үздiксiз энергиямен жабдықтау объектiлерi болып табылады. Энергиямен жабдықтау ұйымдарына газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiн пайдаланатын ұйымдармен келiспей, газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнде энергия тұтынудың белгiленген лимиттерiн шектеу жөнiндегi режимдiк iс-шараларды жүргiзуге тыйым салынады.
      8. Бiрыңғай техникалық дәлiздi екi және одан да көп ұйымдардың пайдалануына тыйым салынады.

      31-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк


               бақылау және қадағалау

      1. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.


      2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк бақылау мен қадағалаудың өзге нысандары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      32-бап. Газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң күзет


               аймағы

      1. Тұрғындардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтiрудi болғызбау, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiн қауiпсiз пайдалану үшiн жағдай жасау мақсатында оларға iргелес жатқан аумақтарда күзет аймақтары белгiленедi. Бiрыңғай техникалық дәлiз үшiн бiр күзет аймағы белгiленедi.


      2. Газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң күзет аймақтарының шекаралары техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес белгiленедi.
      3. Газбен жабдықтау жүйелерi объектiсiнiң күзет аймағында газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiсiн пайдаланатын ұйым беретiн жазбаша рұқсатсыз құрылыс, монтаждау, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтарды орнатуға байланысты iздестiру жұмыстарын жүргiзуге, алаңдарды, автомобиль көлiгi тұрақтарын жайластыруға, базарларды орналастыруға, материалдарды қоймаға жинауға, қоршаулар мен дуалдар соғуға, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастауға және төгуге тыйым салынады.
      4. Газбен жабдықтау жүйелерi объектiсiн пайдаланатын ұйымның жазбаша рұқсатынсыз шаруашылық қызметтi жүргiзетiн тұлғалар күзет аймағындағы қауiпсiздiк талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылықта болады.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

      33-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен


               жабдықтау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн
               жауаптылық

      Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      34-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заң осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қолданысқа енгiзiлгенiнен кейiн туындайтын қатынастарға қолданылады.


      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн күнтiзбелiк бiр жылдан асатын мерзiмге жасалған шикi, тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерiне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсету шарттары бойынша сатушы немесе орындаушы осы Заңның ережелерiн ескере отырып, 2012 жылғы 31 желтоқсанға дейiнгi мерзiмде оларды қайта жасасуды жүзеге асыруға мiндеттi.
      Осы тармақтың ережесi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын орындау шеңберiнде жасалған шикi, тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату шарттарына қолданылмайды.
      3. Газ толтыру станциясын, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалануды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын заңды тұлғалар аталған қызметтi газ желiсi ұйымдары ретiнде жүзеге асыруды жалғастыру үшiн өз қызметiн осы Заңға сәйкес келтiруге және 2012 жылғы 1 шiлдеге дейiнгi мерзiмде аккредиттеу рәсiмiнен өтуге мiндеттi.

      35-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң:
      1) 2012 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiлетiн 9-баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларын, 14, 15-баптарды, 22-баптың 3-тармағын, 5-тармағының 2) тармақшасын, 26-баптың 2 және 3-тармақтарын;
      2) 2012 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 5-баптың 6) тармақшасын, 20-баптың 4 және 7-тармақтарын;
      3) 2012 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiлетiн 6-баптың 18) тармақшасын, 17-баптың 2 және 4-тармақтарын, 23-баптың 1-тармағын, 24-баптың 1-тармағын, 27-баптың 1–3, 5–7-тармақтарын, 28-баптың 7-тармағының 2) және 3) тармақшаларын;
      4) 2013 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiлетiн 28-баптың 7-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет