Л е й к о п е н и я. Лейкоциттер мөлшерінің кемуімен сипатталады. Лейкопенияның пайда болуына мынадай факторлар ықпал етеді:
а) лейкоциттердің қан арнасына бөлінуі;
б) лейкоциттердің тез бүлініп, олардың теңбе-тең (адекватты) өнімдерінің толықпауы;
в) лейкопоэздің бәсеңдеуі.
Қандағы лейкопениялық көрініс шошқа обасында, бұзау сальмонеллезінде, өкпе қабынғанда, мышьякпен, бензолмен, сульфаниламидтермен уланғанда, рентген сәулесінің көп дозасы сәулелендіргенде, ионды радиация әсер еткенде байқалады.
Лейкоциттердің сапалық өзгеруі. Лейкоцитоз бен лейкопенияның әр түрлі формаларына баға бергенде-ақ денешіктердің жекелеген формаларының проценттік қатынасына ғана емес, олардың сапасына да, атап айтқанда, нейтрофильдер ядросының сегменттелуіне де көңіл бөледі.
Нейтрофильдердің негізгі массасы сегментті-ядролы болады. Нейтрофильдер саны көбеюмен ұласатын патологиялық лейкоцитоз кезінде таяқша ядролар саны, нейтрофильдердің жас формалары көбейеді, миэлоциттер пайда болады, яғни нейтрофильдер солға қарай ығысады.
Сонымен, ақ қандағы сапалық өзгерістердің басталу белгілері қан арнасында гранулоциттердің неғұрлым ерте формасының пайда болуы деп есептеу қажет.
Лейкоздар. Лейкоз – қанның ісік сипатындағы ауруы. Мұндайда қан құрайтын органдар зақымданады.
Кәдімгі патологиялық лейкоздардан лейкоздың ерекшелік сипаты мынада: қан құрайтын органдар өзгереді, лейкоциттер саны едәуір, оның үстіне үдемелі, әрі тұрақты көбейеді, қанда лейкоциттердің жетілмеген формалары, мәселен, миеолоциттер, миелобласатар, лимфобластар т.б. пайда болады.
Лейкоз түрлері. Лейкозға гемобластоздар жатады.
Гемобластоздар деп ісік ауруларын айтады, оның негізгі белгілері – қан құрайтын және лимфоидтық тканьдерде қатерлі ісіктің көбеюі, сонымен бір мезетте клеткалық жіктелудің бұзылуы (бластома-ісік).
Пролиферацияланатын (ұлғаятын) тканьдердің клеткалық морфологиясына байланысты лейкоздар – миелолейкоз, лимфолейкоз, эритромиелоз, ретикулоз т.б. болып бөлінеді.
Клиникалық белгісіне қарай лейкоздар жіті және созылмалы болып бөлінеді.
Шеткі қан көрінісінің және лейкоциттер санының өзгеруіне қарай лейкемиялық, сублейкемиялық, алейкимиялық лейкоз формалары болып бөлінеді (лейкемия — ақшыл қан — лейкоздар).
Лейкоз кезінде, әсіресе оның жіті түрінде малдың зат алмасуы бұзылып, өнімділігі кемиді, анемияға шалдығады, күн санап арықтайды. Лейкоз созылмалы түрге айналғанда мал ұзақ уақытбойы дені сау секілді жүреді. Малдар көпшілік жағдайда арықтағандықтан және әр түрлі аурулардың әсерінен (қарсы тұру қабілетінің төмендеуінен) өледі.
Тромбоциттер патологиясы. Қан пластинкаларында қан құрамының өзгеруі қанның біркелкі орналаспауынан, олардың көптеп бүлінуінен, сондай-ақ қан құрайтын аппарат функциясының бұзылуынан болуы мүмкін.
Тромбоциттер санының азаюы (тромбопения) зілді лейкемиядан, қатерлі анемиядан және кейбір инфекциялық аурулардан (инан, қан теңбілді ауру) пайда болады. Тромбопения бензолмен уланғанда, сәуле ауруларында да өршиді. Тромбопенияда, әсіресе оның қатерлі түрінде қанның ұйығыштығы кемиді, тері және асқазан-ішек жолдарының кілегей қабықтары қанталайды.
Тромбоциттер мөлшерінің көбеюі – тромбоцитоз қан қоюланғанда, полицитемияда, кейбір гипохромды регенеративтік анемияда, инфекциялық аурулардан айыға бастаған кезде байқалады.
Қан айналысының патологиялық физиологиясы
Патологиялық күйде қан айналысының жетімсіздігі пайда болады. Организмдегі қан айналысының жетімсіздігінде жүрек-қан тамырлары жүйесі тканьдерге оттегі мен қоректік заттарды жеткізуді қамтамасыз ете алмайды.
Даму механизмі және клиникалық көріністері бойынша қан айналысы жетімсіздігінің екі формасы болады:
Жүрек жұмысының әлсіреуінен болатын жүректегі қан айналысының жетімсіздігі. Жүректегі қан айналысының жетімсіздігі миокардтың жиырылуы функциясының әлсіреуінен пайда болады. Оның себептері мынадай:
а) миокардтың қажуынан;
б) тікелей миокардтың зақымдануынан (инфекциялардан, энергиялық ресурстың жетіспеуінен т. б.);
в) жүрек қан айналысының бұзылуынан.
Қан тамырлары тонусының және олардың кенересіндегі физико-механикалық қасиеттің бұзылуынан болатын тамырлардағы қан айналысының жетімсіздігі. Қан айналысының жетімсіздігі жасырын (компенсацияланған форма) және айқын (декомпенсацияланған форма) болуы мүмкін.
Қан айналысы жетімсіздігінің клиникалық белгілеріне ентігу, көгеру (цианоз), жүректің тез соғуы (тахикардия) жатады. Сонымен қоса, қанның іркілуі және ісіну пайда болады. Сол жақтағы жүрек қарыншасының (желудочка) жұмысы әлсіреген кезде қан айналысының кіші шеңберінде қан іркілуі басталады. Сол жақтағы қарынша жұмысының әлсіреуі қан айналысының үлкен шеңберінде іркілуді туғызып, соның әсерінен бауыр едәуір ұлғаяды. Қан ұзақ уақыт іркілгенде бауыр клеткалары семеді (атрофия), бауырда дәнекер тканьдер көбейіп, соның салдарынан цироз (бүрісу) пайда болады.
Қанның іркілуі басқа органдарда да – бүйректе, асқазан-ішек жолдарында, мида байқалады.
Қан көбірек іркілген орында ісіну пайда болады. Оң жақтағы қарынша жұмысы әлсірегенде ісіну ең алдымен аяқтарында білінеді. Сол жақтағы қарынша жұмысы әлсірегенде өкпе ісінеді. Ісінуден кейін қуыстарға су толады.
Жүрек жетімсіздігіне зат алмасудың бұзылуы да едәуір ықпал етеді.
Дененің бір мүшесінде қан айналысының бұзылуы
Шеткі қан айналысы деп, артерялардағы (майда артерия), прекапиллярлардағы, капиллярлардағы, веналардағы және майда веналардағы қан айналысын айтады.
Жекелеген тамыр аймағындағы немесе органдардағы қан айналысының бұзылуы жалпы қан айналысының бұзылуымен тығыз байланысты.
Мәселен, гипертониялық ауру кезінде артериялық қысымның артуынан көп жағдайда дененің бір мүшесінде қан айналысы бұзылып, миға қан құйылуы немесе бүйрек шумағының қан айналысының бұзылуы мүмкін. Жүрек қызметінің әлсіреуінен жалпы қан айналысының бұзылуы бауырда және басқа органдармен тканьдерде іркілу құбылысын туғызады.
Осымен қоса дененің маңызды органдарында, әсіресе ми мен жүректе бітелудің немесе қан тамырларының ұзақ уақыт түйілуінің салдарынан жалпы қан айналысының бұзлуына елеулі нұқсан келтіреді. Тамырлардың бітелуі басқа учаскелердегі қан айналысына әсер етеді. Мәселен, өкпе тамырларының рефлекторлы бітелуінен жүрек қан тамырлары түйілуі мүмкін.
Шеткі қан айналысының бұзылуының пайда болуында микроциркуляцияның, яғни прекапиллярлар мен капиллярлар деңгейіндегі майда қан тамырларындағы қан айналысының бұзылуының ерекше ықпалы бар.
Шеткі қан айналысының бұзылуының негізгі формалары мыналар: гиперемия, жекелей анемия (ишемия), стаз, қан ағу, тромбоз, эмболия.
Достарыңызбен бөлісу: |