Жоғары дәрежелі нерв қызметінің икемділігі. Жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі және әрбір адамның жалпы мінез-құлқы тұқым қуалай берілген (генотип) іштен болған (фенотип) белгілердің «қорытпасы» болып табылады. Жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі өмір бойы өзгерумен болады. Жоғары дәрежелі нерв қызметі типтерінің өзгеруіне бейімділік нерв системасының икемділігі деп аталған. Икемділік – динамикалық процесс.
Мектеп оқушысының мінез-құлқы нерв системасының тума физиологиялық қасиеттеріне ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жағдайларға да байланысты. Кез келген жастағы оқушының жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі мен мінезін анықтауға әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды ескеру керек, себебі семья мен қоғамдық ортадағы қарым-қатынастар оған өз таңбасын түсіріп, типті бүркемелейді.
Жоғары дәрежелі нерв қызметі типтерінің икемділігін И.П.Павлов адам мінезін тәрбиелеудің, жаттықтырудың және өзгертудің «аса маңызды педагогикалық фактісі» деп есептеді. Организм неғұрлым жас болса, айналадағы құбылыстардың оған соғұрлым күштірек әсер ететінін ескерсек, жоғары дәрежелі нерв қызметін қалыптастыру бала туған күннен басталып, мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы және мектептен кейінгі кезеңде жалғастырылуы тиіс.
Бала мен ересек адамның жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі оның ауырып тұруы, психикалық күйзелісі және басқа факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайларда жеке және қоғамдық ықпал ету, яғни «мінезді шынықтыра» түсу шаралары арқылы типті «түзетуге» және қайта тәрбиелеуге болады.
Үлкен ми сыңарлары қыртысы және қимыл дағдыларының пайда болуы.
Үлкен ми сыңарлары қыртысының әр түрлі орталықтары арасында уақытша байланыстың түзілуі және нығаюы балалардың қимыл дағдыларының негізі болатынын физиологтар анықтаған. Дене тәрбиесінің мұғалімдері мен спорт секцияларының жаттықтырушылары мұны қимылды автоматты түрге дейін жетілдіру деп аталады.
Адам қимыл және басқа дағдыларға туған кезден бастап ие болып, оларды қартайғанша жетілдіреді. Мұнда тиісті анализаторлардың афферентті және эфферентті нейрондары арасында нейрон аралық уақытша байланыстар қалыптасады.
3-4 айлық сәбидің ойыншыққа қалай ұмтылатының еске түсірейік. Ол мүлт кететін қаншама төселмеген қимылдар жасайды десеңізші. Оның барлық сәтсіздіктерінің себебі – көрініп тұрған нәрсеге мақсатты бағытталған әрекетінің болмауы, өйткені ми қыртысының қимыл және көру аймағындағы орталықтар арасында әлі байланыс орнамаған. Міне, енді ол ойыншықты 2 – 3 рет қарап, қолына ұстап көрді, оның қандай дыбыс шығаратынын естіді, келесі жолы оны тез-ақ батыл ұстайды. Демек, оның ми қыртысында әлдебір байланыстар бірте-бірте нығайып, тұрақты байланыстарға айналады, белгілі әрекет автоматизмі – керекті және тиімді қимыл стереотипі пайда болады, ал тиімсіз қимылдардың бәрі бекітілмейтіндіктен, жойылып кетеді.
Алайда әрбір еркін қимыл басталмас бұрын әрқашан «қажетті қимылды жасауда ми қыртысы клеткаларының эфферентті импульстер келетін комплексі шартты рефлекторлы жолмен қозады». Мұндай клеткалар комплексін П.К.Анохин әрекет акцепторы (қабылдағышы) деп атады.
Әрекет акцепторы клеткаларының шартты рефлекторлы жолмен қозуын қимылдың болашақ нәтижесін физиологиялық (адамда бұған қоса моральдық) тұрғыдан алдын ала сезу ретінде қарастыру керек. Қимыл жасау қол жеткен нәтиже үшін қуанышты эмоция, алынған «жақсы» немесе «өте жақсы» баға үшін қанағаттанғандық сезімін туғызып, қимыл дағдыларын одан әрі жетілдірудің негізін құрайды.
Баланың алғашқы қадамынан, жүгіруден, жүзуден бастап, аса күрделі би және гимнастикалық (акробатикалық) трюк жасауға дейінгі кез келген қимылы рефлекстердің жәрдемімен жүзеге асады. Бұл рефлекторлық системалардың бәрі немесе комплекстері кейінгі жаттығулар мен көрсетулер кезінде жетілдіріліп, дамытылатын күрделі қимыл актілері болып табылады. Егер жаттығу және машықтану жұмыстары тоқтатылса, ие болған дағдырлар бекітілмейтін шартты рефлекстер ретінде біртіндеп жойылады (өшеді).
Адамның барлық қимылының рефлекторлық табиғатты XIX ғасырдың аяғында анықталған болатын. Алайда бұл қағида ғылымда біртіндеп және зор қиындықпен тұжырымдалады. Өте ұзақ уақыт бойы барлық қимылды ерікті және еріксіз қимылдарға бөлді. Мұнда еріксіз қимылдарды ғана рефлекторлық 0имылдар деп есептейді. Ине шаншығында немесе температурамен әсер еткенде қолды тартып алуды, сондай – ақ кейбір барынша үйреншікті ишараларды осыған жатқызды. Адамның тілегі, еркә бойынша, яғни бір қарағанда, сыртқы әсердің себептері мен әрекет етуге түрткі жоқ жағдайда саналы түрде жасалған қимылдарды ерікті қимылдар деп түсінді. И.М. Сеченов қимылды бұлайша түсінудің қарсыласы болды. Ол «саналы және санасыз ірекеттің барлық актілері шығу тегі жөнінен рефлекстердің мәні» деп тұжырымдап, осы арқылы барлық қимылдың табиғатын физиологиялық негізге қойды.
И.П.Павловтың методикасы бойынша шартты рефлекстерді қалыптастыру адамның өмірі бойында ие болатын қимыл дағдыларының мәнін ашып көрсетуге мүмкіндік берді, ал оның сигналдық системалар туралы ілімі ойлауды материалистік тұрғыдан түсінуге негіз болды.
«Екінші сигналдық системаға қатысты процестердің творчестволық сипаты, - деп жазады А.Н.Кабанов, - қимылдың творчестволық табиғатын түсіндіреді адам үйренген қимылдарын қайталап қана қоймастан, сонымен қатар олардың негізінде жаңа қимылдар жасайды».
Балалардың қимыл дағдыларын дамыту шартты рефлекстердің түзілу заңдылықтарына бағынады. Жаңа қимылды үйренудің бастапқы кезеңінде процестер айтарлықтай жалпыланады ұсақ детальдар жаңғыртылмай, жалпы сипатқа айналады – оның бағыттылығы айқындалады. Мысалы, баланы секіруге үйрету қажет. Алғашында жеке элементтері туралы емес, жалпы секіруге туралы сөз болады. Мұндай бастапқы секіруге көптеген, оның ішінде бұл қимылға қатысы жоқ бұлшық ет те қатысады. Секіруді әлденеше рет қайталаудан соң ғана секіруші «бас тартады» (жіктеліс тежелуі). Ол керексіз қимылдарды тежей білуді үйренеді. Олардың уақытша байланыстары үзіледі де, бала ойдағыдай, әдемі секіреді. Бұдан кейінгі жаттығулар секірушінің, шебердің спорттың таңдаған түріне стереотипін біржолата қалыптастырады.
Ортаңғы және жоғары класс балаларының қимыл дағдылары олардың нервтік-психикалық күйіне, организмнің өтпелі кезеңдегі өзгерістеріне және өздерінің сүйікті шеберлері мен мұғалімдеріне еліктеуіне байланысты. Сондықтан жаттығулар баланың денсаулығына, жынысына сай келіп, күн тәртібінің көлеміне орайласуы тиіс.
Сұрақтар
-
Шартты рефлекс дегеніміз не?
-
Паловтың ғылыми еңбектері?
-
Тежелу дегеніміз не?
ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.А.Г.Хрипкова Возрастная физиология и школьная гигиена. М., 1990
2.Ю. А. Ермолаева Возрастная физиология. М., 1985.
3.Н.Н. Леонтева, К.Б. Маринова Анатомия и физиология детского организма. М.,1986.
4.Советов С.Е. Мектеп гигиенасы. А., 1973.
5. Антропова А. А. Основы гигиена учащихся. М.,1982.
6. Белецкая В. И. Школьн.ая гигиена. М., 1983.
7.С. Жұмабаев Жасерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасы. А.,1988.
8. Чабовская А. Основы педиатрии и гигиены. М.,1978.
Дәріс 4.
Дәріс тақырыбы: Анализаторлар, олардың жасқа байланысты ерекшеліктері.
Дәріс мақсаты: Анализаторлар, олардың құрылысы мен қызметі, көру және есту анализаторлары, олардың гигиенасы, мектептің жарық режиміне қойылатын гигиеналық талаптарды қарастыру.
Дәріс жоспары мен қысқаша мазмұны:
-
Анализаторлар туралы түсінік И. П. Павлов ілімі.
-
Анлизаторлардың құрылысы мен қызметі.
-
Балалар мен жасөспірімдердің көру қабілетінің бұзылмауын және естімеушілікті болдырмау.
Анализаторлар немесе сенсорлық жүйе - жүйке жүйесінің бір бөлігі. Анализаторлар бір-бірімен тығыз байланысты үш бөлімнен тұрады.: шеткі бөлім - рецепторлар, өткізгіш немесе аралық бөлім және орталық бөлім.
Организмге әсер ететін әртүрлі тітіркендіру рецепторлар қабылдайды, тітіркендірудің түріне қарай талғамалы жауап қайтарылады. Мысалы, көз рецепторлары жарық тітіркендіруін, құлақ рецепторлары дыбыс тітіркендірулерін, тері рецепторлары механикалық, температуралық тітіркендірулерді қабылдайды. Осыған орай көру, есту иіс сезу, дәм сезу, сипап сезу мүшелеріне ажыратады. Дененің кез-келген жерінде орналасқан рецепторларды сезім мүшелеріне жатқызады. Мысалы, жиырылу мен созылуды қабылдайтын бұлшықет рецепторлары, қан қысымын және химиялық құрамын бейнелейтін қан тамырларының қабырғаларының рецепторлары т.б. Сезім мүшелерінің әрекеті объективті тұрғыдан алғанда олардың рецепторларында қозудың, субъективті тұрғыдан алғанда түйсіктің пайда болуынан байқалады. Түйсік пайда болу үшін қозу сезім мүшелерінен орталыққа тебетін жол арқылы орталық жүйке жүйесіне келуі керек. И. П. Павлов осының негізінде физиологияға анализаторлар ұғымын енгізді, бұл барлық анатомиялық түзінділердің жиынтығын білдіреді, түйсіктің пайда болуы анализаторлардың қызметіне байланысты. Анализаторлар функциясы жөнінен өзара байланысқан, мынандай бөлімдерден тұрады: шеткі, өткізгіш, ми қыртысының тиісті аймағынан тұратын қыртысты бөлім. Шеткі бөлім жүйке ұштары рецепторлардан тұрады, ол тітіркендіргіштерді қабылдайды. Өткізгіш бөлім қозуды орталық жүйке жүйесіне өткізеді. Ми қыртысының ядролары анализаторлардың ең жоғарғы бөлімі болып табылады. Бұл бөлімде қозуға анализ жасалып, ол түйсік ретінде қабылданады.
Әсер ететін тііркендіргіштердің физиологиялық табиғатына сәйкес рецепторлары бірнешеге бөлінеді: фонорецепторлар (дыбыс), фоторецепторлар (жарық), механорецепторлар (механикалық), хеморецепторлар (химиялық), барорецепторлар (қысым), терморецепторлар (жылу, суық).
Түйсік пен жауап әсерлерінің сипатына қарай көру, есту, иіс, дененің кеңістіктегі қалпы т.с.с. анализаторларға ажыратылады. Тікелей рецепторлармен жанасатын тітіркендіруді (дәм, ауырсыну, сипап сезу) қабылдайтын мүшелерді - жанасу сезім мүшелері деп атайды. Тітіркендіруді оның шығу көзінен едәуір қашықтықта қабылдайтын көру, есту, иіс рецепторларының мүшелерін - дистантты сезім мүшелері деп атайды. Сезім мүшелерінің рецепторларының қозғыштығы бірдей болмайды. Ол рецепторалрдың күйіне, Орталық жүйке жүйесінің қызметіне, рефлекторлық доғадағы нейронның күйіне, адам жасына, дене құрылысының жетілуіне, психикалық ұстамдылығынан байланысты. Анализаторларлардың (көру, есту, қимыл т.б.) қызметінің бұзылуы адамды жартылай немесе толық мүгедек етеді. Сондықтан анализаторлардың өзара бірін-бірі алмастыруының маңызы зор. Мысалы, көзі көрмейтін адамда қалыптан тыс ұлғайған есту және қимыл анализаторлары белгілі дәрежеде қоршаған дүниені танып білудегі көру кемістігін толықтырады. Оларда сипап сезу мүшелері жақсы жетіледі. Мұның өзі Брайль әдісімен басылған трафаретті кітапты саусақтарының ұшымен оқуға мүмкіндік береді. Мұнда анализаторлардың қыртысты аймақтары арасында жойылған қызметін ішінара толықтыратын уақытша байланыстар түзіледі. Көру анализаторы көз алмасынан, көру жүйкесінен, қосымша аппараттардан тұрады. Көз алмасы бас сүйектің алдыңғы жағындағы көз шарасының ішінде орналасқан. Көз алмасы 3 қабаттан тұрады: сыртқы ақ қабық немесе склера, ортаңғы - тамырлы қабық, ішкі - торлы қабық. Тамырлы қабықтың алдыңғы бөлігі нұрлы қабық деп аталады. Нұрлы қабықтан кейін екі жағы дөңес мөлдір линза - көз бұршағы орналасқан. Көздің ішкі қуысын шыны тәрізді дене толтырады. Жарық сәулесін сындыратын орта - нұрлы қабық, көз бұршағы, шыны тәрізді дене және торлы қабық (ретина) көздің негізін құрайды. Есту анализаторы орналасуына қарай, атқаратын қызметіне қарай сыртқы, ортаңғы және ішкі құлаққа бөлінеді. Сыртқы құлақ дыбыс толқынын жинақтап ортаңғы құлаққа өткізеді, ортаңғы құлақ ішкі құлақтың қабылдау рецепторларына береді. Ішкі құлақта есту (кортиев) мүшесімен басқа тепе-теңдік аппаратында жатады.
Сұрақтар
-
Анализатордың құрылысы қандай?
-
Павловтың анализаторлар туралы ілімі?
-
Жасөспірімдердің көру қызметінің бұзылуы неліктен?
ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.А.Г.Хрипкова Возрастная физиология и школьная гигиена. М., 1990
2.Ю. А. Ермолаева Возрастная физиология. М., 1985.
3.Н.Н. Леонтева, К.Б. Маринова Анатомия и физиология детского организма. М.,1986.
4.Советов С.Е. Мектеп гигиенасы. А., 1973.
5. Антропова А. А. Основы гигиена учащихся. М.,1982.
6. Белецкая В. И. Школьн.ая гигиена. М., 1983.
7.С. Жұмабаев Жасерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасы. А.,1988.
8. Чабовская А. Основы педиатрии и гигиены. М.,1978.
Дәріс 5.
Дәріс тақырыбы: Тірек-қимыл аппараты, оның жасқа байланысты ерекшеліктері.
Дәріс мақсаты: Тірек-қимыл аппартының құрылысы мен қызметі, олардың жасқа байланысты даму ерекшеліктері, тірек-қимыл аппаратының бұзылуларын алдын алу, жетілдіру жолдарын меңгеру.
Дәріс жоспары мен қысқаша мазмұны:
-
Тірек-қимыл аппаратының құрылысы мен қызметі.
-
Балалар қаңқасының өсу ерекшеліктері.
-
Бұлшық ет жүйесінің жасқа байланысты ерекшеліктері.
-
Сүйек-ет системасының гигиенасы.
Тірек-қимыл аппараты мүшелердің 3 жүйесінен тұрады: сүйектерден, олардың қосылыстарынан, бұлшықететерден. Сүйек туралы ілім – osteologia, остеология. Қаңқа (sceleton грек тілінде – кептірліген скелет) – механикалық маңызы бар, мезенхимадан дамитын тығыз түзілістердің жиынтығы болып табылады. Олар өзара дәнекер, шеміршек немесе сүйек ұлпаларының көмегімен байланысқан жеке сүйектерден тұрады. Қаңқаның механикалық қызметі тірек, қорғаныш және қозғалысты іске асыру қабілетінен көрінеді. Тірек болу – жұмсақ ұлпалар мен мүшелердің қаңқаның түрлі бөліктеріне бекінуі арқылы іске асады. Қозғалыс жылжымалы бунақтармен қосылған және жүйке жүйесі арқылы басқарылатын бұлшықеттің көмегімен қозғалысқа келтіретін ұзын және қысқа рычагтар түріндегі сүйектердің құрылысы арқасында мүмкін болады. Қорғау қызметі жеке сүйектерден сүйек қуысын, жұлынды қоғайтын омыртқа қуысын, бас миын қорғайтын ми сауытын, көкірек қуысының басты мүшелерін (жүрек, өкпе) қорғайтын көкірек қуысын, түрдің одан әрі сақталуы үшін қажет көбею мүшелерін қорғайтын сүйекті орын – жамбас астау түзу арқылы іске асырылады. Сүйек жүйесінің жалпы функциясы қаңқаның зат алмасуға, әсіресе, минералды алмасуға қатысуына байланысты.
Сүйек заты химиялық заттардың 2 түрінен тұрады: органикалық, бейорганикалық заттардан тұрады. Бала сүйектерінде органикалық заттар көп, сондықтан олардың сүйегі иілгіш, эластикалық болып келеді. Жасы келе минералды заттар артады. Сүйектің құрылымдық бірлігі остеон, яғни тамырлары мен жүйкелер бар, орталық каналды айнала сақиналы орналасқан сүйек пластинкалары жүйесі болып табылады.Остеондар бір-біріне тығыз жабысып жатпайды, олардың арасы аралық сүйек пластинкаларымен толтырылған. Сүйек сүйек қабығы, сүйек ұлпасы, сүйек қызыл майы, қан және лимфа тамырлары мен жүйкелерден тұрады. Сүйек қабығына буындар мен бұлшықеттер бекиді, ішкі қабаты бөлінетін жасушалардан тұрады, бұл клеткалар сүйекті қалыңдатады.
Жас сүйектер ұзына бойы шеміршек көмегімен өседі, сүйек өсуі аяқталғанда шеміршек сүйек ұлпасына айналады. Бала өскен сайын, оның сүйегінде сү азайып, минералды заттар артады. Ер адамда сүйектің дамуы 20-24 жаста аяқталады, әйел 2-3 жыл бұрын аяқталады.
Қаңқаны 2 бөлімге бөледі: білікті (осевой) (бас қаңқасы, омыртқа бағанасы, кеуде сүйектері), қосымша (қол және аяқ сүйектері).
Қаңқа бөліктері:
-
бас қаңқасы (ми сауыт, бет сүйектері);
-
тұлабой қаңқасы (омыртқа сүйектері, қабырғалар, төстік);
-
қол сүйектері (иық белдеуі – бұғана, жауырын, қол бас сүйектері- тоқпан жілік, шыбық және шынтақ сүйек, білезік сүйектері, алақан, саусақ сүйектері);
-
Аяқ сүйектері (жамбас белдеуі, ортан жілік, асықты жілік, тізе тобығы, табан, башпай сүйектері).
Ересек адам қаңқасына кіретін жекелеген сүйектердің саны 200-ден асады, олардың 36-40 дененің орта сызығы бойымен орналасқан. Сырқы пішіндері жағынан сүйектерді ұзын, қысқа. Жалпақ және аралас деп ажыратады.
Буындардың құрылысы мен қызметі: қозғалмайтын- сүйек бұдырлары бір-бірімен тігіс тәрізді бекиді (бас сүек), аз қозғалатын – сүйек арасындағы берік шеміршектер жатады (омыртқа сүйектері), қозғалатын – сүйек ұшы гиалинді шеміршекпен жабылған, бұл шеміршек эластикалық, жылтыр, тегіс болып келеді.
Омыртқа бағанасы. Омыртқа бағанасы жоғарғы жағы баспен, төменгі жағы жамбас сүйекпен бекиді. Омыртқа жотасы 5 бөлімнен: мойын омыртқалары – 7, арқа омыртқалары-12, бел омыртқалары – 5, сегізкөз омыртқалары -5, құймышақ 4-5 омыртқа сүйектерден тұрады. Жаңа туған баланың омыртқа жотасының сырттай иілулері байқалмайды.
Сұрақтар
-
Тірек қимыл апаратының құрылысы?
-
Сүйек құрылысы қандай?
-
Қаңқа бөлімдер қандай?
ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.А.Г.Хрипкова Возрастная физиология и школьная гигиена. М., 1990
2.Ю. А. Ермолаева Возрастная физиология. М., 1985.
3.Н.Н. Леонтева, К.Б. Маринова Анатомия и физиология детского организма. М.,1986.
4.Советов С.Е. Мектеп гигиенасы. А., 1973.
5. Антропова А. А. Основы гигиена учащихся. М.,1982.
6. Белецкая В. И. Школьн.ая гигиена. М., 1983.
7.С. Жұмабаев Жасерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасы. А.,1988.
8. Чабовская А. Основы педиатрии и гигиены. М.,1978.
Дәріс 6.
Дәріс тақырыбы: Қан және қан айналу жүйесінің физиологиясы, оның жасқа байланысты ерекшеліктері.
Дәріс мақсаты: Қан, оның құрамы, қызметі, қан топтары, қанның қан тамырлар арқылы қозғалуы, жүрек құрылысы мен қызметі, жүрек-тамыр жүйесінің жасқа байланысты ерекшеліктерін, гигиенасы туралы білімдерін кеңейту.
Дәріс жоспары мен қысқаша мазмұны:
-
Қан құрамы және топтары.
-
Жүректің құрылысы мен қызметі.
-
Қан айналу жолдары.
-
Жүрек-тамыр жүйесінің гигиенасы.
Қан, лимфа және жасуша аралық сұйықтық организмнің ішкі ортасын құрайды. Қан дегеніміз формалы элементтер (эритоциттер, лейкоциттер, тромбоциттер) мен плазмадан тұратын сұйық. Плазма құрамы күрделі ерітінді болып табылады (тұздар, ақуыздар, зат алмасу өнімдері т.б.). Плазма қан құрамының 52-58 %-іне, қан клеткалары - 42-48 %-не тең.
Жаңа туған баланың организміндегі Қан дене салмағының 14,75% құрайды, 15 жастағы балада - 8,25,% ал ересек адамда салмағының 8,3 %құрайды.
Қан әртүрлі қызмет атқарады: зат алмасу мен сыртқы тыныс алу процесіне белсене қатысады, барлық организм мен ұлпаларды оттегімен қамтамасыз етіп, көмір қышқыл газын шығарады, организмде қышқыл-сілті тепе-теңдігін сақтайды, организмді инфекциядан қорғайды, қоректік заттарды ұлпаларға жеткізіп, одан зат алмасу өнімдерін алып кетеді, дене температурасын тұрақты сақтайды.
Гомеостаз деп қан көлемі мен құрамының және физикалық, химиялық, биологиялық қасиеттерінің тұрақтылығын, яғни барлық биологиялық константаларды (артериялық қан қысымы, дене температурасы) айтады. Бұл терминді 1929 жылы америка физиологі В. Кэннон ұсынған.
Эритроциттер - (грекше eritros - қызыл, cytos- клетка) қанның қызыл түйіршіктері. Бұл формасы жағынан екіге бүктелген дискаға ұқсас қанның ядросыз клеткасы, олардың құрамы гемоглобин ерітіндісі мен оның қосындылары арқылы көрсетілген. Жаңа туған нәрестеде орта есеппен эритроциттер 1 мл кубте 7,2 млн., 5-6 айлықта 4-4,5 млн болады. Бір жастан кейін олар кәмелетке толғанға дейін бірте-бірте көбейе береді де ересектердегі секілді 1 куб. мл-де 4,5-5 млн-ға жетеді. Олар 30 күннен 120 күнг дейін өмір сүреді. Организмнен тыс кездің өзінде белгілі бір жағдайда олар бір айдан кем өмір сүрмейді. Гемоглобин - құрамында темір бар белок тектес зат Ол эритроциттер мен қанға қызыл түс береді. Гемоглобин 1 молекула глобиннен, 4 гем молекуласынан тұрады. Әрбір гем молекуласында екі валентті темір атомы бар. Гемоглобиннің бір молекуласы оттегінің 4 молекуласымен әрекеттеседі. Гемоглобин өкпеде оттегімн байланысып, тұрақсыз қосылысты - оксигемоглобинді құрайды, ал ұлпаларда оттегінің шамалы бөлігін беріп көмір қышқыл газымен байланысып карбогемоглобинге айналады. Организмде ол тыныс алу қызметін атқарады. Мектеп жасына дейінгі балалардың қанында гемоглобин құрамы 80-81%, 10-11 жастағыларда ересектердегі сияқты 85 % дейін болады. Құрамы 100 болғанда 100 мл қанда 17,3 г гемоглобин болады. Оның мөлшерінің 70 төмен болуы (100 мл қанда 14г) қан азайғандық немесе анемия деп аталатын ауруды көрсетеді. Егер пробиркаға құйылған қанға ұйытпайтын зат қосса, біраз уақыттан соң эритроциттер шөге бастайды - бұл қызмет эритроциттер тұну жылдамдығы деп аталады. Ер адамдарда - 1-10 мм/сағ., әйел адамдарда - 2-15 мм/сағ., жаңа туған балаларда - 1-2 мм/сағ., 3 жаста - 2-17 мм/сағ., 7-12 жаста 12 мм/сағ. Бұл медициналық практикада ауруды анықтау үшін қолданылады, өйткені көптеген аурулар кезінде ЭТЖ жылдам жүреді.
Эритроцит функциясының маңызы:
-
тыныс алу;
-
қан реакцияларының тұрақтылығын қамтамасыз етеді;
-
осмостық буфер;
Лекоциттер. Бір литр қанда 4,5 - 9*10 лекоцит болады. Лейкоцит () қанның ақ клеткасы, ядросы бар, дм 12 мкм, амеба сияқты протоплазмасынан жалған аяқтарын шығарып (псевдоподий) қозғалады. Қанда лейкоцит санының көбеюі лейкоцитоз деп, азаюы лейкоцитопения деп аталады. Лейкоцит саны сау адамда да ауырған адамда да өзгеріп отырады.
Лейкоцит түрлері:
-
гранулоцит немесе түйіршікті лейкоцит
-
агронулоцит немесе түйіршіксіз лейкоцит.
Гранулоцит түрлері: эозинофиль, базофиль, нейтрофиль, ал агронулоцит лимфоцит, моноцит деп ажыратылады. Бір куб мм жас балалар қанында 7-10 мың, ересектерде 6-8 мың лейкоцит болады. Лейкоцит қорғаныш қызметін атқарады. Олар организмге еніп кеткен бөгде заттар мен микроптарды сіңіріп жоюға қабілетті, оны фагоциоз деп атайды. (И. И. Мечников).
Қанның түзілуі. Қан ұрықтық дамудың 2-ші айының аяғына дейін уыздық қапшықтағы капиллярлық тамыр қабырғаларында жасалады. Алғашқы түзілген клеткаларында пигмент болмайды, біраздан соң гемоглобині бар алғашқы эритроциттер түзіледі. Бұл кезеңге дейін лейкоциттердің түзілуі жүрмейді. 2-ші айдың аяғынан бастап, қан түзілуінің бауырлық кезеңі басталады: бауырда ядролы және ядросыз эритроциттер жасалады. Лейкоциттер мен тромбоциттер де бауырда жасалады, бірақ қарқыны баяу болады. 2 айлық эмбрионда көкбауыр мен лимфа түйіндерінінің түзілуі басталады. Бұларда 3 айдан бастап эритроциттер мен дәнді лейкоциттер жасалады. Сүйек кемігінің түзілуі де ұрықтық дамудың 2 айында басталады, 4-5 айда бұлар қан жасай бастайды. Сүйек кемігінің бұл қызметі өмір бойы сақталады. Бауырдың қан жасау қызметі ұрықтық дамудың 5-6 айында баяулайды да, бұл туғаннан кейін соң бір жылдан кейін тоқталады. Көкбауырдың дәнсіз лейкоциттер жасауы ұрықтық дамудың 3-ші айынан басталып, туғаннан кейін де жалғаса береді.Бала ауруға шалдықса, онда оның ұрықтық кезіндегі қан жасаушы ағзалары бұрынғы қызметіне қайта көшеді, сонымен қатар айырша без, бүйрек, ішек т.б. ағзалар қатысады. Қан түзілу жүйкелік және гуморалдық жолмен реттеледі, оған сытқы және ішкі факторлар әсер етеді.
Қан топтары. Жарақаттанып қаны азайған адамға қан құйып, ағып кеткен қанның орнын толтырады. Эритроциттердің желімденуін Прага университетінің профессоры Ян Янский ашты. Ол адам қанында эритроциттің мембранасында 2 түрлі (А және В) агглютиноген, ал плазмада агглютинин желімдейтін альфа және бетта болатынын анықтады. А- агглютиногені бар эритроцитті плазмалық - агглютинин жабыстырса, В агглютиногені бар эритроциттерді - агглютинин жабыстырады. Қан араластырған кезде аттас агглютиноген мен агглютинин бір-бірімен кездес қалса, эритроциттер бір-бірімен желімденіп, үйме-агрегат құрады. Желімделген эритроцит жарылып, оның ішіндегі гемоглобин плазмаға шығып, сөйтіп осыдан эритроцит гемолизге ұшырайды. Осыған сәйкес адамның қанын 4 топқа бөледі.
І топтағы қанын барлық қан топтарына құюға болады, ал IV топқа қай топтың болсын құюға болады. Қаны І топқа жататын адамды әмбебап донор, IV топты әмбебап реципиент деп атайды.
Қан айналу. Қан қызметі қан айналу жүйесі арқылы орындалады. Ол жүйеге жүрек және қан тамырлары жатады. Жүректен шығатын қан жолдары артериялық тамырлар, ал жүрекке келетін қанның жолдарын веналық тамырлар деп атайды. Қан жүрек қарыншаларынан шығып, жүрекшелерге құяды. Қан айналысының үлкен шеңбері жүректің сол қарыншасынан шығып ең үлкен артериялық тамырға - қолқаға өтеді. Қолқадан артериялық тамыр тармақталады. Артериялық тамырлар артериолаларға, ал олар капиллярларға тармақталады. Капиллярлар ағзалар мен ұлпаларды торлап жатады. Капиллярлар бір-бірімен қосылып веноздық жіңішке тамырларды - венулаларды түзеді. Венулалар өзара бірігіп веналық тамырлаға айналады. Қан айналудың кіші шеңбері оң қарыншадан басталады. Оң қарыншадан қан өкпе артериясына өтеді. Өкпе артериясы екіге тармақталып қанды өкпенің оң және сол бөліміне апарады. Өкпеде бұл тамырлар бірнеше рет тармақталып, өкпе капиллярына айналады. Бұл жерде газ алмасу жүреді: оттегі альвеоладан қанға, көмір қышқыл газы қанға қаннан альвеолаға өтеді. Өкпе артериясымен келген вена қаны артериялық қанға айналады. Бұл қан өкпе венасы арқылы сол жүрекшеге құйылады.
Жүрек (лат. соr, гр. cardia) - қалың жолақты еттен тұратын төрт қуысты ағза. (250-300 г) Жүрек көкірек қуысында екі өкпе аралығының алдыңғы жағында орналасқан, ірі қан тамырларға ілініп тұрады. Ұзындығы 12-15, ені 8-11см, жүрек үшы көкірек қуысында сол жақтағы бесінші қабырға не қабырға аралығына тіреледі. Жүрек қуысын бітеу перде екіге бөлді. Жүрекше мен қарынша арсында ативентрикулярлық тесік болады. Бұл тесікті жабатын екі, үш жақтаулы атривентрикулярлық қақпақшалар бар. Жүрек жақтаулары 3 қабаттан тұрады: эндокард, миокард, эпикард,. Жүрек қабы перикард. Балалардың эпикарды ересектерге қарағанда жұқа және мөлдір, сондықтан оның астында орналасқан қан тамырлары анық көрінеді. Эндокард жүректің ішкі ішкі жағын қаптайды. Одан екі жақты жүрек қақпақшалары жасалған. Бала жүрегінің эндокарды әлдеқайда іркілдек келеді. Миокард талшықтары балаларда ағұрлым жіңішке, нәзік келеді, ол нашарлау дамыған, қысқа әрі тығыз болады. Балалар миокардында май клеткалары жоқ. 7-12 жас аралығында балалардың жүрек өсуінің жалпы жылдамдығы салыстырмалы түрде түрде баяулайды, қарыншалар жүрек қалқаншаларынан жылдамырақ өседі, ұл балалар мен қыз балалардың жүректерінің салмағы бірдей өседі. Осы мерзімде қан тамырларының шеңбері де артады, 11-12 жасқа дейін өсіп келе жатқан жүрек пен қан тамырларының тесігі арасында тұрақты қатынас сақталады. Жыныстық кезеңде жүрек қан тамырлардан гөрі жылдамырақ өседі, сол себепті қан жіңішке тамырлармен жүреді. Бұл миды өттегімен қамтамасыз етуге және қоректендіруге қолайсыз жағдайлар туғызады, қан қысымы жоғарылайды, жүректің қағуы, ырсыл, жүректің ауруы, тез қалжырауы болады.
Сыртқы түрі бойынша сәбидің жүрегі ересектің жүрегінен көлемі, жақтауларының қалыңдығы, жүрек тесіктерінің көлемі бойынша т.б. айырмашылықтары болады. Жүрек циклының ұзақтығы 6-7 жасар балада 0,63 сек., 12 жаста 0,75 сек., ересек адамда 0,8 сек. тең. 6-7 жасар баланың жүрегі минутына 95-100 рет, 12 жаста 80-90 рет, ересек адамда 68-70 рет жиырылады. Бір мезгілде жүректің оң және сол жақ бөлігі арқылы бірдей мөлшерде қан өтеді. Жүректің бір секунд ішінде айдап шығатын қан мөлшері систолалық немесе жүрек соғуының көлемі деп аталады. Бір минуттағы барлық систолалық көлемі жүректің минуттық көлемі дет атайды. Белгілі бір уақыт аралығында бірінен соң бірі кезекпен қайталанып отыратын жүректің жиырылуы мен босаңсуы жүрек жұмысының ырғағы деп аталады. Жүректің жиырылу кезеңін систола, ал босаңсу кезеңін диастола деп атайды. Жүрек жиырылған кезде байқалатын систола мен диастоланың және керісінше алмасып отыруын жүрек циклі немесе жүрек жұмысының циклі деп атайды.
Жасөспірімдер жүрек, қан тамырлары жүйесінің ерекшелігін дене шынықтыру, еңбек сабақтарын, экскурсиялар ұйымдастыруда мұқият есепке алу керек. Жүрекке шектен тыс салмақ салудан аулақ болу үшін эмоциялық тітіркенуцден, спорт жаттығуларын шамадан тыс орындаудан, тұзды, майлы тағамдардан бас тартқан дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |