Оқу сабақтарын ұйымдастырудың жалпы формасына оқу сабақтарының ұжымдық, топтық және жеке формалары топтастырылады. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы, мұғалімнің оқушыларға орындауға беретін тапсырмасына байланысты анықталады, яғни тапсырма: 1) сыныптың барлық оқушыларына; 2) жеке топ оқушыларына; 3) әрбір оқушыға беріледі.
Оқу сабақтарын ұйымдастырудың нақты формасы оқу үрдісіндегі атқаратын міндетіне, оқу материалын баяндау тәсілдеріне, білімдерді қалыптастыру және жетілдірудегі, оқушылардың іс-әрекеттерін ұйымдастыруға, дағдылар мен іскерліктерді қалыптастырудағы негізгі білім көздеріне байланысты анықталады, мысалы лекция – жоғары сынып оқушыларына ғана жүргізу көзделеді. Себебі, ұзақ уақыт бойы жаңа ақпараттарды қабылдауға дағдыланған. Лекцияда негізгі білім көзі – мұғалім. Лекция білімдерді қалыптастыру міндетін атқарады. Семинар –білімдерді бекіту, жетілдіру міндеттерін атқарады. Семинарда білім көзі – пікір сайсқа қатысқан, рефераттарды талдауға қатысқан, қолдан көрнекіліктер және приборлар жасаған оқушылар болып табылады. Оқу-практикалық сабақтар оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізіледі. Оқу сабақтарын ұйымдастырудың бұл формасында әртүрлі практикалық жаттығулар, экспериментік жұмыстар орындалады. Экскурсияда оқушылар білімді өндірістердегі механизмдердің жұмыс принциптерімен танысу, табиғатта өтіп жатқан әртүрлі процестерді бақылау барысында алады. Конференцияда оқушылар білімді өздігінен оқыған әдебиеттерден және олардың сыныпта жасаған баяндамаларынан алады.