15
асқар тауым болатынсың, сен менің тірегім едің, сен менің сәнім едің ... Мен
саған бәрін айта алатынмын. Армандарымды да, ойларымды да саған
айтатынмын. Әке, сенің арқаң, менің ғылым кандидаты, ғылым докторы
болғандығым.
Сенің арқаңда мен Өзімді танып, өзімді таптым. Әке, сен
менің Елім едің, көз алдымда жүретін, сен менің туған топырағым едің, сен
менің апамның орнындағы қазынам едің. Менің қиналып жүргенімді де,
жылап жүргенімді де сен сезетінсің. Сен менің құлыным Сырымтайымның
АТАСЫ болатынсың. Сырымтай ең соңғы рет екеуміздің маңдайымыздан
сүйіп еді ғой. Оның көзінде ризашылық сезім тұрған еді. Ол күн 25 сәуір,
2007 жыл болатын. Мен жұмыстан келдім. Сен қатты жүдеп, қиналып:
«Балам, бүгін ерекше болып жүр. Тамақ та ішпеді. Күнде төсегіне барып
жатушы еді, бүгін мүлдем жатқан жоқ. Артынан жүріп, әбден шаршадым»
дедің. Мен жыладым. Бетімді басып, солқылдап жылап отырдым. Қасыма
келіп отырдың. Сол кезде Сырымтай жүгіріп келіп, бірінші сені
маңдайыңнан сүйді, содан соң менің
екі бетімнен алақынымен ұстап,
маңдайымнан, көзімнен сүйді. Мен одан бетер жыладым. Бір кезде Ербол
келіп, ішкі бөлмеде төсегінде отыр еді, оны барып оң иығынан сүйді. Сен
үйіңе қайттың. Біз он төрт жылғы қайғымен, уайыммен Сырымтайымызбен
үйімізде қалдық.
Балам төсегінде тынышталып жатты. Мен қасына отырдым. Балам
түсінетін сияқты, алдында көрген түсімді айттым. «Сырым, балапаным, сен
жазылады екенсің. Түсімде сенің түрің әдемі болып, ауырмаған кезіңдегідей
болып кетіпсің. Үш шумақ Мұқағалидың өлеңін оқыдың. Сен Мұқағалидың
көп өлеңін білуші едің ғой.» дедім. Балам түсінді ме жоқ па, жымиып күлді.
Су ішесің бе деймін, тамақ ішесің бе деймін ... Балам үндемейді. Орнынан
тұрып, бірінші қабатқа барып, залда тынымсыз жүрді. Түн
ортасы болды,
екінші қабатқа ертіп келіп, төсегіне жатқыздым. Білетін Құран сүрелерін
оқып отырдым. Балапаным тынышталды. Барып орныма жаттым. Ерболға
жатқанымды ескерттім, Сырымға қарарсың дедім. Таңертең асүйге түссем,
Ербол ашуланып тұр екен. Тамақты дұрыстап ішпейді деп. Баланы жетектеп
екінші қабатқа апардым. Бала нашарлай берді. Жедел жәрдем шақырдық. Ол
жедел жәрдем өздерінен де күштірегі реаномобиль жедел жәрдемді
шақырды. 26 сәуір күні Сырымтай үйден кетті, 2-мамыр күні сағат 16.30 да
ауруханада көз жұмды. Дәрігер медбике Ерболға: «балаңыздың сақалын
алып бересіз бе, өсіп кетті. Бүгін мереке ғой» деді. Ол күн 1-мамыр болатын.
Ербол жансақтау бөліміне кіріп, Сырымтайдың сақалын алып шықты.
«Сырым
әдемі болып, ауырмаған кезіндегідей болып ұйықтап жатыр екен,
оянған жоқ, бірақ басын қозғалтып, сезіп жатты» деп шықты. Мен Аллаға
ризашылығымды айтып, «Ербол, енді Сырымтай жазылады. Алла біздің көз
жасымызды көрді. Көресің жазылады» дедім. Содан қуанып Ақсайға келдік.
Анам екеуіңе «Сырымтай тәуір» деп едік. Қатты қуандыңдар. Әке, сен залға
барып жылап тұр екенсің. Мені құшақтап, маңдайымнан сүйдің. Бірақ
ешнәрсе айтпадың.
16
Сырымтайым жарық дүниені тастап кеткенде сен қатты жыладың. Содан
кейін шашың да ағарып, бірден қартаң тарттың.
Денсаулығың да сыр бере
бастады. Алтын әкешім, әке болса адам баласында дәл сендей болсын. Мен
үшін қандай қиындықтарды басыңнан өткіздің десеңші. Мен жұмыстан
кешікпесін деп, Каменкадан таңертең келе жатып, машина да қағып кетті.
Сонда да бет-аузың қан-қан болып үйге келдің. 14 жыл бойы Сырымтайға
қарадың.
Әке, Сырымтайымды қатты сағындым. Онда барып та балапаныма пана
болып жүрген шығарсың. Сенің барғаныңа Сырымтай қуанған болар?.. Ал
апам болса, мені тастап кеткенің үшін саған ұрысса ғой, жақсы болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: