«Мен қазір бұрын жасырып келген жайлардың бәрін де сізге айтып беремін, жолдас милиционер. Шындығында да 22-жылы Ташкенттен Бөкейхановқа беруге арналған хатты алдым. Онда ешқандай адрес көрсетілмеген және ол ауылда жоқ дегенді естідім. Хатты тапсырғым келмей жыртып тастадым. Онда Ташкенттегі ұйымның жай-жапсары айтылған сияқты. Хат жөнінде мен Әбікей Сәтбаевқа, Хасен Ақаевқа және ...(аты толық танылмады – Т.Ж.) айттым. Кейіннен білдім, Бөкейхановқа арналған хаттың мазұны туралы жергілікті адамдардың барлығы естіп алыпты» – деп жұмсарта баяндаған.
«Шабармандығы» болмаса, Х.Досмұхамедов айтқан «ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адам қатарында» қалыпты. Бұл да кісінің кісісінің қолынан келетін қасиет.
Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтен кейін «Алашорданың» батыс бөлімшесінің тең төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің жауапқа тартылуы өзінен-өзі түсінікті. Ол кісі Москва қаласында тұратын болғандықтан да алдыңғы екеуінен екі ай кешігіп барып, 1930 жылы 31 қазан күні ұсталған. Өзі астыртын ұйымда ысылған заңгер болғандықтан да оның жауаптары барынша нақты әрі дәлелді. Сондықтан да оған қосымша айғақ пен дәлел келтіріп жатудың өзі артық сияқты. Тергеудің І томының 429 бетінде:
«Алматы. 1930 жылғы 7 желтоқсан. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов айыпталушы Досмұхамедовтен сұрақ алғанда, мыналар анықталды: Жаһанша Досмұхамедов 43 жаста, тұратын жері – Москва қаласы, Шаблово –Ховский пер., 11үй, 25 пәтер. Туған жері – Орал округі Жымпиты ауданы, партияда жоқ. Ақпан төңкерісіне дейін сот мекемелерінде қызмет еткен. Қазан төңкерісіне дейін әр түрлі қоғамдар мен мекемелерде істеді. Қазір Москвадағы «Скотовод» басқармасында қызмет етеді. Білімі – жоғары, Москва университетін бітірген. Үйленген. Күн көрісі – қызмет табысына байланысты. Әке-шешесі жоқ, диқан болған» – деген өмірбаяндық анықтама бар.
Жаһанша Досмұхамедовтің 1930 жылғы 5 қараша күнгі көрсетіндісі3 томның 430-бетіне тіркеліпті:
«Мен Москвадан Ташкентке 1920-жылдың қазан айында келдім, қазақтардың сол жылғы да, келесі 1921-жылғы да бас қосқан ешқандай отырысын білмеймін.
1922- жылы көктемде кешке жақын «Ақ жол» газетінде істейтін біреу: бүгін кешке «арқалықтар» (солтүстіктің қазақтары) бас қосып, бір мәселе жөнінде ақылдасатынын айтты. Не туралы екенін сұрағанымда: келген соң білесің – деді. Сол күні кешке жақын менің үйіме 7-8 қазақ келді. Қазір есімде сақталғаны Халел Досмұхамедов, Дулатов және Бірімжанов, қалғандары есімде жоқ. Олар: қазақ қайраткерлерінің бұрынғы «Алаш» бағдарламасы ресми бекітілген жоқ, кезінде дұрыстап ойдағыдай етіп жетілдірілмеді. Бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің саяси мәселелер жөніндегі толысқан саяси тұжырымдары тиянақталуы үшін соны жетілдіру керек – десті. Мен: біз, алашордашылар, қазір әр түрлі саяси ұстанымда жүрміз, саясаттың кейбір мәселелері жөніндегі көзқарастарымыз сай келмейді. Бұрын бізді тек ұлттық белгіміз ғана біріктіріп келген. Қазір біз саясаттан мақұрымбыз. Сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны қайта жаңғырту бізге төтенше мекемелер тарапынан тек қана зиян әкелуі мүмкін – деп, мұндай түзетуге мүлдем қарсы болдым.
Алайда, қызу пікір таласынан кейін, саяси бет-беделімізді сақтап қалу үшін қалайда бағдарламның керектігі мақұлданып, сол арада оның жобасы жасалды. Бағдарламаны Орынборға жіберіп, ондағы бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің келісімін алу мақсатымен жобаны «Ақ жол» газетінің бір адамы алып кетті. Содан кейін мен Түркпромсюздың және Ашаршылыққа көмек комитетінің тапсырмасымен Прежевальскіге (Қарақолға) кеттім, ол жақтан 3 айдан соң ғана Ташкентке қайтып келдім. Сол екі аралықта менің балдызым Надежда Константиновна Рысқұлов жолдасқа күйеуге шығып алыпты. Сол кезде Рысқұлов Ташкентке – Түркістан республикасының халкомының төрағасы қызметіне ауысып келіпті. Сөйтіп, мен оның үйінде, ол менің үйімде жиі болып тұрдық. Содан бері жоғарыда аталған адамдардың не істеп, не қойғанынан, жобаны не істегенінен хабарсызбын.
Қызылордаға барғанда мен олармен аталған бағдарлама жөнінде бір ауыз сөз алысқамын жоқ, оны мүлдем ұмытып кеттім, өз ісіммен ғана айналыстым, партия мүшелері мен еуропалықтардың ортасында жүрдім. Мен бұл мәселені бірінші тергеуде айтпаған себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша жоғарыдағы іскерсінген әрекет қазақтың «Еріккен сарт енегін уқалайды» дегенінің кері деп есептедім, екіншіден, маған өзге адамдардың аттарын атау сондай қиынға соқты. Мен бұрын да, қазір де: кеңес өкіметін құлата алатындай күш СССР-де бұрын да болған емес, қазір де жоқ – деп есептеймін. Сондықтан да ешқашанда кеңес өкіметіне қарсы шыққан емеспін. Қазір де, міне,10 жылдан бері адал қызмет етіп келемін, өз мамандығымды ғана білемін.
Сіз маған: қазақтың әлдекімі әлде қайда Ташкенттен сырт қалаға барды ма? – деп сұрақ қойып отырсыз, ол туралы мен ештеңе білмеймін. Өз басым ондай жолдыбайшылыққа жүргемін жоқ».
Сот пен тергеу ісін, іс жүргізу хаттамасын білетін кәсіпқой заңгердің жауабы нақты әрі сенімді. «Алашорданың» ескі бағдарламасын естелік үшін жаңғыртып жобаға түсіру мен астыртын ұйымның арасындағы айырмашылық үлкен, оларға қолданылатын заң баптары да мүлдем басқа. Алғашқы жауап пен соңғы көрсетіндінің арасында қандай айырмашылық бар? Шамалы. Тек өзгелердің көрсетінділерінде ғана: Ж.Досмұхамедов Ташкенттегі астыртын ұйымның бағдарламасын жасады – делінеді.
Бұл томдағы тергеу ісіне тартылғандардың бәріне тағылған айып пен қаулы мәтіні бірдей. Тек қана аты-жөндерін ауыстыра салса болды. Сондықтан да Ж.Досмұхамедовке шығарылған айыптау қорытындысын толық келтіреміз.
«№2370 іс. І том. 435-а бет. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов тергеуге алынып, №2370 іс бойынша жауапқа тартылған Жаһанша Досмұхамедовтің қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысы және соған байланысты кеңес өкіметіне қарсы әрекеттері толық дәлелденгенін ескере отырып ҰІК-нің 128-бабына сәйкес ҚАУЛЫ етемін:
Осы іс бойынша Досмұхамедов Жаһаншаны мына қылмыстық әрекеттері үшін айыпкер ретінде тергеу астына алынсын, ол: 1). 1921жылы айыпкерлер М.Тынышбаевпен, Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкент қаласында қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрған, ол ұйымның бағдарламасын жасауға қатысқан, ұйымды кеңейтіп, оның бағдарламаларын тарату үшін ұйымға жаңа адамдар тартқан, мысалы 1922 жылы Алматы қаласында айыпкер Біләл Сүлеевті ұйымға тартқан.
2) Ұйымның жетекші мүшелерінің бірі ретінде Бұқарадағы басмашылардың құрбашы Заки Валидовпен байланыс орнатқан, сондай-ақ 1927 жылы Сарысу ауданындағы Әділевтің бандысымен астасып, Ақмола млициясының бастығы мен тағы бір милиционерді 1923-жылы атып өлтіргені үшін ұсталған бандының бастығы Әділев Байсейітті Қызылордадағы түрмеден босатып жіберуге қатысқан.
3) Астыртын ұйымның жетекші мүшесі ретінде партия мен кеңес өкіметінің жер саясатын бұрмалауға бағытталған науқанға белсене қатысты, сондай-ақ 5 партконфернция мен Қазақстандағы кеңестің 5-сьезінде жерге орналастыру мәселесінің шешілуіне қысым жасады, астыртын ұйымның бағдарламасының талабы бойынша «Алқа» астыртын үйірмесінің әдеби бағдарламасын жасауға қатысты, яғни: ҚК-нің 58-7, 48-10, 58-11 және 57-3 баптары мен тармақтары бойынша жауапқа тартылсын.
Төтенше өкіл – Попов. «Келісемін»: ОО бастығы үшін – Волохов».
Осы қаулының үстін бастыра: «Осы қаулы маған оқылды, бірақ та қаулыда негізделген материалдар маған толық көрсетілген жоқ. Ж.Досмұхамедов. 25/Х -31» – деп қол қойған.
Бір түсініксіздігі, тергеуші кәсіби заңгермен бетпе-бет келе отырып, Ж.Досмұхамедовке мүлдем қатысы жоқ Д.Әділевтің қылмысты ісін қалай «қиыстыра» қосақтаған? Жерге орналастыруға, телім бөлуге, «Алқа» үйірмесіне қатысты өзге көрсетінділерде де Ж.Досмұхамедовтің аты аталмайды. Қалайда «сауатты" айып тағып, түрмеге қамауды мақсат етсе керек. Ал «қылмыскер» адам айыптау қорытындысымен келісе ме, жоқ па, оларға бәрібір еді.
СССР-дің ОГПУ коллегиясына Қазақстаннан жер аударылған Досмұхамедов Халел Досмұхамедовичтен өтініш.
ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы коллегиясының қаулысы бойынша ұлтшылдықпен айыпталып 1930 жылдың 14-қыркүйегінен баста 5 жылға жер аударылған едім. 33-жылы өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауырдым. Сондай-ақ ұсынылған құжаттарда көрсетілгеніндей бүкіл денемді дуылдататын жүйке қышымасына да ұшырадым. Аурудың себебі – ауыр жұмыс, ауа райының жақпауы, тұрмыстық нашар жағжай (тар және сыз пәтер, еңбекақының тамаққа жетпеуі). Мен 5 адамнан тұратын үйдің жалғыз асыраушысымын, әйелім және 14-16 жастағы 3 балам бар, оның біреуі туберкулезбен, екіншісі туботоксинациямен (?) ауырады. Қазіргі жайсыз жағдайға байланысты менің үй-ішімнің өкпе туберклезін жұқтырып, тарату қаупі бар. Менің дертім барған сайын асқынып, меңдеп барады. СЧО (сслкадағы төтенше орын –Т.Ж.) аймағындағы ем өкпеге қонбайды. Маған жыл сайын бірнеше ай бойы Қырым мен Кавказ санаторийларында емделу қажет. Жер аударылушы ретінде мен ондай мүмкіндіктен айырылғамын. Мұндай жағдайда мен өзімнің жұмыс қабілетімді ғана жойып қоймаймын, сонымен қатар мен мүгедектікке ұшырасам бүкіл жанұям асыраушысыз қалады. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере келіп СССР-дің ОГПУ-нің коллегиясынан мені босатуды не кесімді мерзімді азайтуды өтінемін.
Х.Досмұхамедов. 28 наурыз, 1934 жыл.
Мекенжайым: Воронеж қаласы, Ветеринарная көшесі, 13. Дәрігерлердің анықтамасы қоса тіркеліп отыр”.
ДОСМҰХАМЕДОВ ЖАҺАНША
1 том. 990 бет.
ҚОРЫТЫНДЫ
17 тамыз 1935 жыл. Воронеж.
Мен,УВД УНКВД-нің 1 бөлімінің Воронеж облысы бойынша бастығы Булатов жер аударылып келген 1887 жылы туған, бай семьядан шыққан, Досмұхамедов Жаһаншаның үстінен қозғалған №3400 жеке істі еп. шықтым. Ол:
1) 21-жылғы дейін астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысқан және ұйым бағдарламасын жасап, оған жаңа еп. тартқаны үшін;
2) Ұлтшыл ұйымның жетекшісі ретінде басмашылардың бастығымен байланыс жасағаны жән 27-жылы Әділев басқарған бандыларға қолдау көрсеткені үшін;
3) 28 жылы Қазақстандағы жер саясатын бұрмалауға белсенді түрде қатысып, шарушылығы тәргіге ұшыраған байларды қолдағаны үшін
яғни, ПП ОГПУ-дің қаулысымен РСФСР-дің ҚК-нің 58-10-11, 53 баптары бойынша Қазақстанда 20.ІҮ.-32 жылы түрмеге қамалған.
Көрсетілген қылмыстары бойынша 5 жылға концлагерге жер аударылған, 30-жылдың 31 қазанынан еп. есептелетін концлагердегі кесімді мерзімі аяқталды, бірақта Қазақстанға қайтқысы келмейді. Мәскеуде жұмыс істейтін бауыры Макешевтің қасына орналасқысы еп.а. Жаһанша Досмұхамедовтің жер аударылуға кесілген мерзімінің 35-жылы 31 қазанда аяқталатынын және осы уақыттың ішінде ешқандай қылмыстық әрекетінің байқалмағанын ескере отырып, мерзімі біткеннен кейін Жаһанша Досмұхамедовтің ссылкадан басатылатынын хабарлаймын”.
Воронеждік тергеушінің мәліметіне қарағанда алаш азаматтарының үстінен қозғалған қылмысты істің мазмұны мүлдем өзгеріп, Ж.Досмұхамедов „басмашылардың бастығымен байланыс жасап”, „бандының бастығы Әділевтің өзін” қолдаған болып шыға келген. Ал тергеу істерінде Ж.Досмұхамедовтің жауаптарында Д.Әділевпен мүлдем қатысы жоқтығы көрсетілген.
Достарыңызбен бөлісу: |