Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет53/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ескендір жорықпен Кашмирге жеткен кезде, Маллу желдің көмегімен 
өзінің тылсым қорғанынан отты ұрлап алып, Кашмирден кетуі және 
бұл уалаятты (аймақты) өлі дүниеге айналдыруы, тіршілік тынысын 
тоқтатып, денеден жанның белгісін сездірмеуі. Бұл тылсымның сырын 
Платонның ашуы және желдің жасырын сыры арқылы Маллудың өмірін 
күйретуі, оның тіршілігіндегі қырманға ұшқын мен алау отын шашуы. Ал 
Ескендірдің Маллудың орнына Фируз биігінің шамшырағын жағуы.
Кемелдер сонау көне кезді аңғарған,
Жырлады Ескендірді сөзбен маржан.


340
Қоярын білмей қайда шыбын жанын,
Маллудың баяндайды тығылғанын.
Тартып ап тәж бен тағын табанға сап,
Ескендір қылды оны тар заманға тап. 
Зорлық пен зомбылықтың өртін басты, 
Келді деп әділ патша ел шуласты.
Жалпақ жұрт жарлығынан шет кетпеді,
Сенгендей тәңіріге етпеттеді.
Дұшпанын құртпай қалай тыныш таппақ,
Маллуды сұрастырды суыртпақтап.
Айтысты қашқандығын көзі алақтап,
Қорғанға бекінгенін быжалақтап:
«Жинап ап жәдігөйін, зұлымдарын,
Қайнатып отыр десті зығырданын».
Сұмдықтың жаушылары сырын ашып,
Қуанды бақытты Шах нұры тасып.
Сиқырлы суретінің қатері көп,
Білмесе алдын ала кетер үдеп.
Бағынып жүрегінің әміріне,
Шақырды ұстаздарын тағы, міне.
Деп айтты: «Кашмир жері жайнап тұр-ау,
Аптабы өртемесе қайнап мынау.
Жібектей қоңыр салқын самал ессе,
Пейіштің рақатын салады еске.
Самалы желпімесе қурап қалар,
Айналып ақ тақырға гүл-бақшалар.
Ыстықта жерге түсер әуе айналып,
Сезбейсің кеткеніңді қалай жанып.
Неғайбыл қапырыққа кім шыдары,
Аузына тілі сыймай тұншығады.


341
Аптап пен аңызаққа ерік берсе,
Тозаққа айналады көрікті өлке.
Жандырар жазираны тымырсық күн,
Таппасақ бір амалын бұ қырсықтың.
Егерде табылмаса айла-шара,
Тұрмаймыз бұл араға байласа да.
Әйтсе де тәуекелден қол үзбейік,
Тылсымға тура тартар жол іздейік!»
Ойланып білімпаздар деді былай:
«Әрқашан болсын Шахтың көңілі жай...
Құпия біз ашпайтын бар ма сірә?
Маллуды түсіреміз тәубасына!
Төнсе де сескенбесін не сұрапыл,
Дегенін болдырамыз, қосып ақыл.
Он күндей мұрсат берсе қиын іске,
Жалғанда қалдырмаспыз күйінішке».
Шах айтты: «Он күн деген неткен жөнсіз,
Ел қалай күн көреді от пен желсіз?»
Батқанын көріп Шахтың тосын ойға,
Платон сөз бастады осы жайда:
«Бақытты әлем Шахы мұңаймасын,
Тезірек таппады деп бір айласын!
Байыптап, бағдарлайын мұның жайын,
Үш күнде келтірермін бір ыңғайын».
Байқатып көңілге тоқ сырдың ізін,
Данышпан Ескендірге бұрды жүзін.
Сол мезет қас қылғандай жел де тынды,
Тамұққа тап болғандай ел де опынды.
Қапырық тіршілікті бүркеп тегі,
От сөніп, жалын тілі жылт етпеді.


342
Аспаздар жүгірісті зар еңіреп:
«Кез қылдың тағдыр қандай бәлені? – деп.
Апаттың келді адамға оқыс күні,
Сап болды таң сәріден от ұшқыны.
Ошақты жаға алмаймыз. Ол несі екен?
Әйтеуір көкейдегі от сөнбесе екен!
Күн ұзақ темір шақпақ тыншымады,
Амал не от орнына су шығады.
Азап қой ас әзірлеу мына бізге,
Айыпқа бұйырмаңдар, күнәміз не?»
От ғайып. Білінбеді жел нышаны,
Тарылтып тынысыңды, шөл қысады.
Ұшпады күндіз түтін мұржалардан,
Бір шырақ көрінбеді түнде жанған.
Қап-қара құбыжықтай түн қапырық,
Түбіне әкетердей шым батырып.
Адамды азап пенен мұң қажады,
Солғындап, жадау тартты нұрлы ажары.
Шығар жол шырғалаңнан таппай қалып,
Үш күнде қирап түсті жаппай халық.
Қауіптен шошынып Шах мына төнген,
Тағы да ақылдасты Платонмен.
«Уа, дана, үшінші күн толды, – деді, – 
Бір қайран жасамасаң ел жүдеді.
Осылай тұра берсе күйіп аспан,
Өлмей ме бейшаралар күйі қашқан?»
Ол айтты: «Түк бітпейді сасқанмен де,
Түссе де төзім керек аспан жерге.
Күн батпай таусылмасын шыдамыңыз,
Мақсаттан ертең анық шығарымыз!»


343
Мұны естіп Шах көңілі дамылдады,
Тарасты өзгелер де маңындағы.
Әр істің әуелі – анық, арты – күдік,
Сеністі білімпазға артып үміт.
Кітабын Жамасптың қонған кие,
Ашқанда дана оқыды сөзді әулие:
«Күттірген талай ғасыр уағы жетті,
Ескендір болады әлем бағы, – депті.
Билігін жер жүзіне жүргізеді,
Әскерін Кашмирге де кіргізеді.
Қашады Кашмир Шахы зымыстанға,
Ұрлатып жел мен отты жын-мыстанға.
Құтылмас бірақ мейлі бұлқынсын мың,
Ғалымдар сырын ашар бұл тылсымның.
Ғаламат құдіретімен болған мағлұм,
Ішінде құпия үй сол қорғанның.
Апаттың жолын кесіп ойрандамақ,
Есірген желді сонда қойған қамап.
Азынап ерте кезде өкіретін,
Күйісін халайықтың кетіретін.
Айласын өнерпаздар тағы асырған,
Дауылды мәңгі ұйықтатып аласұрған.
Небәрі бір терезе – осы жұмбақ,
Әлгі үйдің бүйірінде Кашмир жақ.
Осыдан ұмтылар жел сыртқа қарай,
Тапқызып жанға сая жұртқа талай.
Жабылса кенет самал терезесі,
Тұншығып, кебер елдің кенезесі.
Қорғанның іргесінде бар құдығы,
Жын-ойнақ мекен қылмақ мәңгі мұны.


344
Құдықтың аузы тап-тар дәп оймақтай,
Түп жағы ат шаптырым кең аймақтай.
Қорғанда құдықтағы жарып түнек,
Кезінен Каюмарс
112
жанып тұр от.
Әйгілеп тәңірінің ғажап ісін,
Сол отты күзетуде қола мүсін.
Теңселіп әрлі-берлі тірі жандай,
Ыстық дем шығарады тыным алмай.
Тұлыптың аузын бағып жел кернеген,
Қалт етпей қарауда әлгі ербеңдеген.
Қозғалтар тұлыпты хақ еркіменен,
Тынысы шарпиды әлей өртіменен.
Шыңыраудан түтін көкке қалықтайды,
Ұшқындап, жалын атып, шалықтайды.
Аспандап алау бұлтты бұлаулайды,
Шоқтанып шыққан күннен бір аумайды.
Баспай ма әлемді онсыз қара түнек,
Адамзат содан ғана алатын от.
Қандайлық балқытады тасты ерітіп,
Қызуы көрген емес әсте бітіп.
Құдықтың жолай алмас маңына ешкім,
Аузынан лапылдайды жалын-ұшқын.
Қақпағын жаба қойса біреу егер,
Ғайып боп қас-қағымда жүре берер.
Ақ жалын көзден таяр сол заматта-ақ,
Қолма-қол батқан күндей таудан аттап.
Ескендір Кашмирге басқанда аяқ,
Патшасы отты құртар жасқанбай-ақ.
Даналар бас қатырар амал іздеп,
Босатып отты қалай аламыз деп?
112
Каюмарс – ертедегі Иран мифологиясындағы бірінші адам және бірінші билеуші.


345
Бар онда Платон да асқан ғалым,
Қолына түсер ме екен қашқан залым?
Жер асты жолын болмас таппасына,
Шатырын тігіп алсын тап қасына.
Жатса да жер астында жау аптығып,
Он жеті қадам бассын санап тұрып.
Байқасын айналасын әрі бармай,
Шеше алмас құпиясын шолып алмай.
Көреді қос қақпақты қабырғадан,
Бірінде – от, бірінде – жел дамылдаған.
Қақпақты қатты итерсе бір қанатқа,
Жабылған жол ашылар жел мен отқа.
Тылсым күш мінген сәтте ашуға ерек,
Кідірмей сыртқа қарай қашу керек.
Жел мен от күш кернеген бермес ырық,
Зіркілдер жіберердей жер көшіріп.
От-құйын көкке шапшып, құтырынып,
Шаншылар бағанадай ытырынып.
Төндірер сөйтіп дауыл халыққа апат,
Қорғанды күйретердей жарып, тапап.
Құлатар ғимаратты әуелеген,
Типыл ғып бау-бақшаны мәуелеген.
Соққан соң дүлей қырсық күрт қағынып,
Сенделер күндіз-түні жұрт сабылып.
Құдықтан ұшқан алау тоқтамайды,
Қаланы лапылдаған отқа орайды.
Қуалап қорған ішін мына жалын,
Ұшы да ұшқындайды мұнараның.
Айналып қызыл шоққа тас жанады,
Адамдар шыжғырылып қақаталады.


346
Үстінен аударса кім қақпақ тасты,
Жатпасын жер астында сақтап басты.
Жалын мен желдің қалса үні тынып,
Қорған да құлап түсер үгітіліп.
Сол сәтте әлгі қайта саспай кіріп,
Бекітсін қос тесікті тастай қылып.
От пен жел сонда ғана тынышталар,
Сарсаңға түскен халық тыныс табар.
Қайтадан самал есіп салқын ерен,
От шалқып жана бастар қалпыменен.
Платон құпияның тауып кілтін,
Түрердей тұрды орнынан қауіп бұлтын.
Тау-тасты сүзіп шықты ол аралап,
Жобаны қағаздан да қадағалап.
Жасырған шатқалдағы тас түбіне,
Жер асты жолдың аузын тапты, міне.
Көшіріп Шах пен елді тауды асыра,
Құдықтың шатыр тікті дәл қасына.
Күндері бастан тайып қуанышты,
Сиқыршы бәлелердің зуаны ұшты.
Платон алдағы істің ойлап қамын,
Асықты Шахқа айтуға жай-жапсарын.
Баяндап не білгенін Шахқа түгел,
Ұқтырды бел байлаған мақсатын ол.
Ескендір қайран қалып ғаламатқа,
Жаудырды мың алғысын дана қартқа:
«Ұстазым, – деді, – адамзат кемеңгері,
Не істеп, қуантпақсың немен мені?»
Сөйледі сиынып ап ұлы дана:
«Жебеушім, бөлеген нұр шұғылаға!


347
Болжамым келді менің бұлжымастан,
Қолдасын тәңір енді бізді бастан.
Мерейің жан біткеннен бүгін үстем,
Болмайды айналыспай шұғыл іспен.
Асқақтап атақ-даңқың, хақ қолдайды,
Жаһанда сенен кенен Шах болмайды.
Шешуге жұмбақ сырды келді шамам,
Талқандау қажет сұмды енді саған.
Бекілген жылжымастай тас боп қатты,
Ашасың өз қолыңмен қос қақпақты.
Әлемнің сенсіз таңы атқан қашан,
Жарамас бұл істі өзің атқармасаң!
Тесікті жапсаң барып өзің тағы,
Ұмытпас адамзаттың әз ұрпағы!»
Кеңесін кемеңгердің арқаланып,
Шалқыды Шах көңілі марқаланып.
Ұстазы жамандыққа бермес мұны,
Түн болып, қаптаса да сел көшкіні.
Сүрлеумен қараңғыда жол шамалап,
Құпияға тартты екеуі тау сағалап.
Платон кеткен еді тастап белгі,
Сол жерге жаңылмастан бастап келді.
Аттарын қалдырды да тысқа байлап,
Жер асты түнегіне түсті абайлап.
Ғұлама байқап еді сәл адымдап,
Қос қақпақ жайнап жатыр табанында-ақ.
Көрсетіп, деді Шахқа: «Қапы кетпе,
Кешіксек, ұрынамыз қасіретке!»
Ескендір қайраттанды қабыл ойлап,
Сиынып, жалбарынып, уа, Құдайлап!


348
Пергілеп қақпақтарды айқара ашты,
Жалмажан сыртқа сосын қайта қашты.
Екеуі бұқпантайлап тұрды күтіп,
Қорғанға анадайдан көз жүгіртіп.
Сөйткенше өрт бұрқ етті аспанға өрлеп,
Жан-жаққа от-ұшқынын шашқан көлбеп.
Артынша жалмап-жұтар жел бұрқырап,
Алапат араласты ел шырқырап.
Жер таппай жан сауғалар басы қаңғып,
Дүрлікті азан-қазан шошыған жұрт.
Төбеден жалын құсып, тас сауламақ,
Екеуі зытты дереу бас сауғалап.
Көрді де төніп келген зор апатты,
Еріксіз жер астынан пана тапты.
Дүмпуін жел мен оттың байқап алып,
Тарс жапты қақпақтарын қайта барып.
Өкінбес нартәуекел еткен ғана,
Дін аман қайта шықты Шах пен дана.
Жеткендей қуанысып баққа тәмам,
Жөнеді әскерлері жаққа таман.
Сол мезет айғай-сүрең шалынды бір,
Қуысты күңірентіп, салып дүбір.
От түсіп қорған іші лаулап жанып,
Атылды жанар таудай жерді аударып.
Сапырып көк аспанды, жел долданып,
Қаңбақтай ұшты адамдар елбең қағып.
Апаттан мына сұмдық салған қырып,
Шықты аман аз ғана топ таңдандырып.
Тобырдың арасында қалған мұнда,
Ұлы мен қызын ерткен бар Маллу да.


349
Өртеніп киімдері алба-жұлба,
Келеді жүгірісіп жан қамында.
Кейбірі от ішінде жап-жалаңаш,
Секілді алаулайды жанған ағаш.
Патшаның нөкерлері көре сала-ақ,
Бұларды өрттен алды арашалап.
Еттері қатты күйген қаншасының,
Емдеуге келмей, етті жан тәсілім.
Кашмирге билік құрып шарықтаған,
Мабақтың ұлы Маллу қалыпты аман.
Құтылды баласы да Фируз атты,
Қызы да айдай сұлу, перизатты.
Баяндау қажет емес бәрін қазір,
Айтылар кезегімен соңында бір.
Маллудың өрт шарпыған халі мүшкіл,
Жүзінен байқалады жалыныш кіл.
Алдына Ескендірдің жалп етті де,
Жалынып құшты аяғын зар төкті де:
«Алдияр, міне – басым, өлімге кес,
Ешқашан ауыр қылмыс жеңілдемес!
Кешсең де, құтылам ба зор күнәдан?
Азап қой тірлік кешу енді маған.
Мен бе екем өртке жанған алғаш рет,
Шыжғырса ұят оты – сол қасірет.
Бақұл бол, төнді маған зауалды шақ,
Әрқашан жайсын бақыт саған құшақ!
Құлыңмын кірсем-дағы қара жерге,
Кегіңді ұл-қызымнан ала көрме!»
Қамығып, жаудырайды қарашығы,
Байғұсқа Ескендірдің жаны ашыды:


350
«Орынсыз үрке қашып, қырын жүрдің,
Бәлеге өзіңді-өзің ұрындырдың.
Болса да таудай кінәң кешіремін,
Белінен бір-ақ сызып өшіремін.
Қайтарам тағыңды да тірі қалсаң,
Алым мен салық төлеп, тілімді алсаң.
Тұрасың өз туыңды тігіп бекем,
Еліңнен әскерімді ап шығып кетем.
Өлімнен пенде бар ма құтылатын,
Уақытың жетсе егерде тұтылатын.
Қамқор боп, салып даңғыл, сара жолға,
Сыйлаймын тәж бен тақты балаңа онда.
Қызыңды толықсыған туған айдай,
Ажары жарық қылған түнді арайдай.
Жар етем шаң тигізбей, күн түсірмей,
Аялап, әлпештеймін гүлді үсірмей.
Қасымда сәуле төгіп, сыр ақтарып,
Отырар түн патшасы сияқтанып.
Қалмасын сенің рухың, ізің жұтап,
Жалғасын менен өрген үрім-бұтақ!»
Мерейлі Шахтың сөзін естісімен,
Мәңгіге танды Маллу ес-түсінен.
Ішкендей өмір суын еш күмәнсіз,
Жеткендей мұратына өтті қамсыз.
Қанжардан емес заман салған бұған,
Үзілді қуаныштың салмағынан.
Ескендір бордай босап, көп жылады,
Қыстығып қайғы өзені, шер бұлағы.
Сыйлады Шахқа Маллу бұл пәниді,
Тарықпай тағдыр ісін кім таниды?


351
Таңданды оқиғаға ел де аңырып,
Жан-жақтан билеушілер келді ағылып.
Ескендір әмір етті мархабатпен,
Марқұмды жөнелтуге салтанатпен.
Тақыттай безендірген түрлеп шашақ,
Табытпен алып жүрді құрмет жасап.
Баруға бірі қалмай көр басына,
Бұйырды патшаға да қолбасыға.
Қабірін ата-баба кім ұмытар,
Аңқиды бейіт-бақтың гүлі жұпар.
Баяндап рухының тыншымаған,
Табытқа себелетті күн шуағын.
Аспанға әсем мазар құлаш тастап,
Күмбезді мұнарадай тұр асқақтап.
Ішінде от маздайды айбарланып,
Секілді періштелер қойған жағып.
Қасынан ата-баба табар дамыл,
Түнегін мәңгіліктің алар қабыл.
Зарықса мәйітке зор азап болмақ,
Сауап қой рәсімін тез ақтармақ.
Түскенше табыт қапас тар түнекке,
Жар шашты тұтуға аза жалпы көпке.
Табытты орап қайғы кілеміне,
Күңіренді үш күн халық шын егіле.
Кашмир аспанының ақ жұлдызы,
Зарлады Мехриназ жалғыз қызы.
Қасірет күйретеді күйіктіні,
Көз жасын тия алмады сүйікті ұлы.
Дертінен қам көңілді сауықтырып,
Берді әмір той тойлауға, сауық құрып.


352
Отырып таққа тоғыз баспалдақты,
Айбынын одан сайын аспандатты.
Жайғасты Шахты айнала жеңген жасақ,
Сап түзеп екі қатар, шеңбер жасап.
Лық толып сыймай кетті алаңға жұрт,
Қақпаның сыртында да адам қалып.
Аруағын разы етіп өлгендердің,
Бәріне сый тартқызды келгендердің.
Аста-төк, ұлан-асыр ас беріліп,
Жатпады дос пен дұшпан ескеріліп.
Ешбір Шах Ескендірдей болмас дархан,
Жайылған он мың еді ақ дастархан.
Бөккендей елдің іші-сырты майға,
Сойылған шек болмады жылқы, қойда.
Жасалды тәтті тағам алуан түрлі,
Шекер мен үйіреді халуа тілді.
Аулаға ат шаптырым толған стол,
Зыр қаққан даяшылар – қолғабыс мол.
Тартылды сансыз табақ сонша адамға,
Мен оны жырлап, жазып тауса алам ба?
Көрген де, көрмеген де жүрді арманда,
Мұндай той болған емес бұл жалғанда.
Той тарқап, толғаннан соң сыйға құшақ,
Қайтадан халқын түгел жинады Шах.
Қолына тұжыра ұстап тақ тізгінін,
Қадірлеп, көңілдерін тапты ізгінің.
Фирузды салтанатты киіндіртті,
Таңдатып сәулетіне дүйім жұртты.
Басына тәж кигізді алтындатқан,
Оқалы шапанымен жарқыл қаққан.


353
Сай келген ақылы мен қайрат-күші,
Билікке қойды үш тоғыз сайлап кісі.
Тартуға қалды сықап тақтың маңы,
Болашақ сылаң қақты Шахтың жары.
Сүйсініп патша ісіне сұңғылалық,
Жүгінді тоғыз мәрте күллі халық.
Фирузды сонан кейін қасына алып,
Іштегі ойын айтты ашып анық:
«Жазмыштан дейтін кім бар құтыла алам,
Іргесі бар ма, сірә, бүтін адам?
Бір өлім ортақ ханға, қарашаға,
Ажалға кім түсе алар арашаға?
Тақытта мәңгі отырған бар ма, сірә,
Кім кепіл Шахтың ғаріп болмасына?
Қимылда өтпей тұрып жарқын күнің,
Ертең-ақ күлге айналар бар тірлігің.
Кімдерден билік пенен тақ қалмаған,
Артына қарайлай ма аққан заман?
Үмітім өкінішпен қақтығысты,
Ұжмақ деп ойлап едім тақтың үсті.
Кімде-кім таққа ұмтылса құмарланып,
Құлдырап терең жарға құлар барып.
Әуес қып алтын тақты, мансап құрған,
Талайлар жалаңаш қап жан тапсырған.
Мұратқа дүниеқорлық жеткізбейді,
Ашкөздер аласұрып жоқты іздейді.
Жан бар ма жұмыр басты өлмейтұғын,
Соңында сөзің қалсын сөнбейтұғын.
Қандай дән ексең жерге соны орасың,
Ісіңмен бағаланар қара басың.


354
Жаратқан ғаділетті пендеге жақ,
Турашыл, ізгі патша елге мадақ.
Өзіңді осы өңірге Шах сайладым,
Халқыңа қорған болсын бақ-байрағың.
Жолынан кісіліктің тайқымасаң,
Жұқпайды асқақтаған даңқыңа шаң.
Түспесін ғұмыр-бақи жатқа күнің,
Гүлденіп, өркендесін патшалығың!»
Таңданды ел тәңірі көктен төккендей нұр,
Жарқырап екі дүние кеткендей бір.
Осылай ұқтырды оған пенде сырын,
Ісләм дінінің де жөн-жосығын.
Жас патша басын иіп дана Шахқа,
Қарады сенімменен болашаққа.
Ол айтты: «Уа, ұлы Шах, күн келбетті,
Жайнатты әділдігің жер мен көкті.
Кенелдім, көзім жетті мұнша жайға,
Сен үшін жаным құрбан, жұмса қайда!
Әуелден жарылқаған ізгіні оңдап,
Жебесін хақтың өзі бізді қолдап.
Артсаң да қандай міндет мойныма сен,
Қынжылып, ешқашанда мойымас ем.
Қарт әкем өзін-өзі арандатты,
Сонысы батушы еді маған қатты.
Айтқанды елең қылмай, пышырады,
Халықтың қарғысына ұшырады.
Жат көріп Шах жарлығын адасты да,
Мерт болып, түсті ақыры жер астына.
Бетінен қайтпайды екен бір адасқан,
Түссе де төбесіне құлап аспан.


355
Тілеуім шалынып хақ құлағына,
Бөлендім Шахтың, міне, шуағына.
Жақсылық жасағаннан жанды аяр кім?
Құлыңмын, қызметіңе мен даярмын!
Әкенің опық жеген жөні басқа,
Досыңмын, оған, сірә, мені қоспа!»
Көңілі Шахтың бұған асқақтады,
Шақырды биік таққа жас патшаны.
Айдай боп балғын жігіт жаңа туған, 
Жайғасты алтын таққа шал отырған.
* * *
Патшаға құйғаныңнан құр қалдырма,
Қайғыма ортақтасар кім бар мұнда?
Тарқамай бальзам буған ойдан мастық,
Қайтадан оралар ма қайран жастық?
Уа, жыршы, толғашы бір ащы мұңды,
Түсіріп еске сонау жас күнімді.
Ынтығар жаным менің сол әуенге,
Кіргенше тәнім суық қара жерге.
Ей, Науаи, күрсінесің несіне енді,
Өзің ғой итке төккен несібеңді.
Есігін жастық жапқан, бәрі біткен,
Не қайыр қалжыраған кәріліктен?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет