ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
Мәжіннің Науфалды тастап, құла түзге бет алуы және
жолда Сейітті кезіктіруі, оның Мәжіннің қайғысына
ортақтасып, Ләйлінің ауылына баруы хақында.
Қолына кім қағаз бен қалам алса,
Тізеді сөз маржанын қалағанша:
Қыз жағы қатты сасып қам жасады,
Қайтты деп неге кері жау жасағы?
Науфалдың қылығына жіп таға алмай,
Қулығы жатыр десті түпте қандай?
Жеңгелі тұр еді ғой әне-міне,
Неліктен жетпеді екен дегеніне?
Болды ма әлде басқа жол таңдамақ,
Тап беріп қай бүйірден талқандамақ?..
Таңдайы құба шөлде құрғап қанша,
Қаңғыды таңнан Мәжін күн батқанша.
Қуарған шүберектей күнде жатқан,
Біреуді жолықтырды мұңға батқан.
Білмекке мүскін болған пенде сырын,
Сұрады Мәжін одан жөн-жосығын.
Ол айтты: «Тақсыр, сенің құлың болам,
Бақытсыз бір арабпын күнім қараң.
Жоқтықтан арып-ашып мүлдем мәңгіп,
Жайым бар жапан түзде жүрген қаңғып.
96
Сорлымын, керегім бар кімге менің?
Қол жайып, қайыр тілеп күн көремін.
Ләйлінің ел-жұрты еді – менің елім,
Ізінен адасып қап еңіредім.
Мәжіннің Науфал қорғап ар-намысын,
Қанды ойран келген еді салмақ үшін.
Жатқанда түн ішінде жауы жым-жырт,
Шегініп кетіпті үнсіз кері жылжып.
Науфалдың шегінгені қайран қылып,
Шошытты Ләйлі жұртын ойландырып.
Әккі еді аңдысқанын сан құлатқан,
Құрды екен енді қандай қанды қақпан?
Ол сұмнан құтылған жоқ ешкім әлі,
Құримыз таңға қалсақ десті бәрі...
Қара түн әлдилесе қойнын ашып,
Қатты ұйықтап кеткен екем қара басып.
Оянсам, жұртта жалғыз тұрмын өзім,
Қалың шаң тұмшалаған күннің көзін.
Қаңғырып кете бардым көш соңынан,
Не көрсе әркім көрер өз сорынан.
Мінгескен бір түйеге екі кісі,
Жолықты үсті жүдеу, суық түсі.
Ем таппай ғашықтардың жарасына,
Науфал да қайта түсіп сабасына,
Білген соң өзгермесін бұл дүние,
Қайтарған сарбаздарын үйді-үйіне.
Ниеті бұзылған соң ар кетеді,
Науфалдың жасағы екен әлгі екеуі.
Білмеймін маған сонша кекті ме еді?
Дорбамды тартып алып тепкіледі.
97
Өзімнің тамағымнан артылмаған,
Азығым бар еді онда там-тұмдаған.
Көргенде үш ділдәмді күлім қағып,
Қалтамның алды түгел түбін қағып.
Өлер деп ойламады жазатайым,
Сабады айғай салып одан сайын:
«Жасырдың қайда апарып қазынаңды?
Көрсет!» - деп екеуінің көзі жанды.
Қорлады, қайыршы деп қарамады,
Қинады, қу жанымды жаралады.
Жол торып аш қасқырдай анталаған,
Құныққан қарақшы олар ел тонаған.
Не көрмес жортып жүрген жолаушы адам,
Кезіктім құтылған соң саған содан.
Баукеспе сен де сондай ұры болсаң,
Жөн болар бір шындықты біліп алсаң:
Қалтамның түбі тесік, қарашығым,
Жаным ғой жайнап тұрған бар асылым!»
Зар жылап былай деді Мәжін сонда:
«Мен үшін батыпсың ғой, жаным, сорға.
Болғанмен қолың қысқа, жаның жомарт,
Көргем жоқ сендей пенде өмірде мәрт.
Өкінем неге сендай болмадым деп,
Жолыңда басым кетсе арманым жоқ.
Қанішер зұлымдардан зорлық көріп,
Жаншылдың табанында сен бүктеліп.
Бәріне соның мына мен кінәлі,
Алдыңда тік тұрамын ендігі әрі.
Қолыңа ал да дереу алдаспанды,
Мендей бұл шауып таста алжасқанды.
98
Мүсәпір, мүскін демен ешқашанда,
Еркіңде екі бөліп тастасаң да.
Жаза жоқ бұл Мәжінге одан басқа,
Бөлшектеп жүрегімді отқа таста.
Батар деп үрейленбе қолым қанға?
Бере көр тілегімді жалынғанда!..
Тонаттың кесірімнен ділдәңді да,
Сол үшін атымды мін, тұрған мына!
Ұрылар ардан безген жұрдай қылды,
Басыңа мен түсірдім мұндай күнді.
Күйзелген сезіп тұрмын жай-күйіңді,
Өтінем, үстімдегі ал киімді!»
Түсірмей Мәжін төмен енді иінін,
Сейітке шешіп берді бар киімін.
Көлденең тартып және жүйрік атын,
Сыйлады қару-жарақ – барлық затын.
Аяғын сүйіп тұрып былай деді:
«Жолыңа шейт қылсын құдай мені!
Құстай ұш Ләйлі кеткен жаққа қарай,
Қайғының аспанынан төккен арай.
Айтарсың дұғай сәлем мен мұңлықтан,
Сарғайып сағыныштың уын жұтқан.
Бір көру асыл жүзін – ақтық арман,
Дертімді тілмен айтып жеткізе алман.
Көк түтін қасіреттен жанған ішім,
Жетер ме жер түбінен жан дауысым?!
Мұңлықпыз екеуміз де зар жылаған,
Бауырым, құлағыңды сал, мынаған:
«Соңынан ел-жұртының қалма ілесіп,
Сонда бар, қайда барса Ләйлі көшіп.
99
Бас ұрып күндіз-түні тағзым етіп,
Жат оның босағасын сен күзетіп.
Үйіріп өз еркіңмен иманыңды,
Ол үшін керек болса қи жаныңды.
Болса егер жаның тәтті менікін ал,
Суырып жүрегімді қолына сал!
Қайтейін, амалым жоқ одан басқа,
Тимесе шарапаты итке таста!»
Бұл сөзге Сейіт қатты толқыды да,
Тығылып өксік келді алқымына.
Оң қолын жүрегіне басып тұрып,
Бүй деді: «Тағдыр қосты нәсіп қылып.
Өзіңді көрмеген жан сенбес еді,
Жаратқан елден ерек Алла сені!
Басқанда қара түнек қайғы жеңіп,
Жайнатар аспаныңды Ләйлі келіп.
Өмірге мәңгі-бақи ғашық қылған,
Ол Күн ғой алтын шуақ шашып тұрған.
Көрінер сенің ғана алдыңда әлсіз,
Ол үшін махаббатсыз дүние мәнсіз.
Айналып кетті аңызға тағдыры оның,
Ғашықтық билеп алған жан-жүрегін.
Онда жоқ бір өзіңнен басқа қайғы,
Аузынан жатса-тұрса тастамайды.
Жеткізем оған бәрін жырдай қылып,
Естіген есі кетіп тыңдайды жұрт.
Жай тауып ғашық көңіл алаңдаған,
Сүйінші үйіп-төгіп берер маған.
Әмір ет, құстай самғап қалықтаған,
Ләйліге сәлеміңді алып барам.
100
Ұғарсың барлық жайды менен анық,
Қайтадан жауабын да келем алып.
Аулақтап қу тірліктен көңірсіген,
Мен енді сендер үшін өмір сүрем!»
Тіл қатты Мәжін сонда сәл қуана:
«Дертіме мына сөзің болды дауа!
Уа, достым, айтты деме маған сылтау,
Ләйліден айырылғалы болдым мылқау.
Даңғаза тіршіліктен безген жанмын,
Ләйліден басқа барлық сөзден қалдым!
Киін де, атқа қонып жөнел онда,
Жар болсын жортқаныңда саған Алла!»
Тұлпарға Сейіт қарғып мінді-дағы,
Жұлдыздай зуылдаған бұлдырады.
Ләйліні іздеп кетті тағат қылмай,
Мәжін де солай тартты қарап тұрмай.
Мекенге ұшып жетсе мәлім оған,
Ләйлінің жұрты жатыр қаңыраған.
Самал жел, хабар жеткіз ең болмаса,
Дертіне махаббаттың ем қонбаса?!
Көз жаздым көптен бері сүйіктімнен,
Өртеніп өліп барам күйіп мүлдем!
101
Достарыңызбен бөлісу: |