Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет54/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ескендірдің Кашмирден шығып, Үндістанға кіруі.
Тарихшы Үнді елінде ғұмыр кешкен,
Былайша баяндайды мүдірместен.
Фирузге берді Ескендір Кашмирді,
Уәдесін орындады, шашып үлгі.
Басына тәж кигізіп жарқыраған,
Салыққа міндеттеді жалпыны оған.


356
Сонан соң: «Екі айдай тұр, – деді, – осында,
Жұртыңның тәртіп орнат арасында!
Қол жинап, күш мығымдап, ер түгенде,
Бәрінің көңілін тап, дертін емде.
Ізінше Үндістанды бетке аларсың,
Соңымнан көп кешікпей кеп қаларсың!»
Осылай жайып салып сырын кеңге,
Қоштасты Мехриназ сұлумен де.
Ішінде шымылдықтың тоғыз қабат,
Күндей боп қыз отырды сол бір замат.
Жасытар жиһангердің кім жігерін?
Алмаққа ындыны ауды Үнді жерін.
Жылжыды қалың әскер қарақұрым,
Көптігі – қаптағандай даланы құм.
Дүлей күш дүниені жаншып алмақ,
Аспанға көтерілді шаң тұмандап.
Жаңғырып жер менен көк кетті ұласып,
Тау-тасты, танапты да өтті басып.
Қаратып қол астына ылди-өрді,
Алдыға еш бөгетсіз сырғи берді.
Тауларда қиын жағдай жолыққанда,
Әскері алып жүрді салып қолға.
Арамды аластады арасынан,
Жақсыны жақын тартты жаны ашыған.
Өзіне халықты етті арқатірек,
Әкімнің көзін ашып көркөкірек.
Жеткізді кембағалдың күнге қолын,
Табаны тиген жері гүлдеді оның.
Үнділер хабар салып дүпілдесті:
Қолымен келеді Шах бүкіл! – десті.


357
Біледі Кашмирді алып Ескендірдің,
Түйініп сиқырдың да шешкендігін.
Дауасын тауып жанған көк пен жердің,
Қамалын алғандығын от пен желдің.
Апатқа білмесе кім күйер жерін,
Ақыры Кашмирдің киер кебін.
Таптардай бір ғаламат дүлей келіп,
Отырды үнді Шахы үрейленіп.
Атағы кең әлемді шарпып, орап,
Ескендір билік құрды даңқымен-ақ.
Адамға бақ пен байлық қона ма тек,
Тоғыздан тарту тартты оған әкеп.
Оралды пілге міну ойына енді,
Салмағы жіберердей ойып жерді.
Кім көрген бұрын-соңды мұндай сәнді,
Тоғыздан тоғыз қатар піл найқалды!
Шетінен дөңбекшиді жоталардай,
Секілді тап берсе, тау қопарардай.
Құзардай денелері қоқияды,
Бастары шоқпар тастай шоқияды.
Қайықтай құрлықтағы балпаңдайды,
Ескектей қос құлағы қалқаңдайды.
Жылтылдап қара жоны айдаһардай,
Тұмсығы ирелеңдер бейне арқандай.
Тұмсығын алға созса сүйреңдеген,
Көрінер айдаһардай иреңдеген.
Қалдырар қарап тұрсаң ғаламат таң,
Жыландай тауға өрмелеп бара жатқан.
Құтырса, тұмсығымен жұлып шынар,
Кеудемен қамалды да бұзып шығар.


358
Сойдиып екі азуы екі ұртынан,
Басқандай айналасын соқыр тұман.
Пальмадай азулары жан шошытар,
Құтырса қырып салып, қан сасытар.
Үстінде алып пілдің күн жалаған,
Қылтияр сынық айдай мінген адам.
Таулардай мыңқ етпейді, кішігірім,
Қайыспас жон-арқасы, күші мығым.
Бұлардан дүниеде өтпейді піл,
Тұрпатын сипаттауға жетпейді тіл.
Құбылар жабулары меруерт тізген,
Боятып жеті түске, зерлеткізген.
Үстінде әрбір пілдің орындық-тақ,
Онда отыр тоғыз бала жолын нұсқап.
Меңдері көзге оттай басылады,
Үндінің өңкей өрім жас ұланы.
Таққандай қара меңнен бәрі моншақ,
Үнділер ұлан-асыр, шадыман-шат.
Киінген алуан түсті кілең асыл,
Гүліндей көктеменің қызыл-жасыл.
Тұмсығын ырғап пілдер қозғалады,
Кіртиіп айғай-шудан көз-қабағы.
Аттылар пілдерден соң келе жатыр,
Екпіндеп, желдей есіп, салады асыр.
Жарқылдар жал-құйрығы сүзілдірген,
Тоғыз ат тоғыз түсті тізілдірген.
Алысып ауыздықпен, ала қашып,
Кетердей көкте бұлтпен араласып.
Жүйріктер аласұрып өтті кілең,
Ілердей ұшқан құсты екпінімен.


359
Сап түзеп, алшаң басып, лекіл қағар,
Қалықтап бара жатқан секілді олар.
Шу десе, зымырандай ағындамақ,
Күндерді артқа тастап, сағымға орап.
Ақбоздар көкке атылып арқырайды,
Көзді арбап, күн нұрындай жарқырайды.
Кежімі тоғызының гүл-гүл жанып,
Барады алтын қоңырау күмбір қағып.
Аттағы найзагерлер елді ықтырған,
Киініп гүлді көйлек, белдік буған.
Бәрі де көк шыбықтай иіледі,
Ілуге жерден теңге шүйіледі.
Марстай қайтпас-қайсар батыл ыңғай,
Алыпты қызуланып Сатурндай.
Құлақта берілгендік сырғалары,
Патша үшін өлуге бар – зыр қағады.
Есектер жібек артқан шықты ортаға,
Көз тартар алуан бұйым, жүк қаншама!
Жұп-жұқа неше түрлі асыл киім,
Жырлауға жетпейді әсте ақыл-миың.
Кисең де он қабатын үлбіреген,
Көрінер аржағынан күллі денең.
Қойылды сансыз ыдыс сом алтыннан,
Шағылып күн нұрына жанар тұнған.
Жарқырап аяқ-табақ шұғылалы,
Көзелер, кеселер де құбылады.
Тордағы тотылар ла көрсетілді,
Адамша жауаптасар – ерке тілді.
Зер – тұмсық, жақұт – қанат күн нұрындай,
Даусы мерует, маржан сыңғырындай.


360
Отырған алтын торда тауыс қандай!
Пейіштің құсы осында аусықандай.
Құйрығы кемпірқосақ секілденген,
Басында алтын айдар кекілденген.
Зор шықса, сірә, кімде қалсын сабыр,
Сыйлады сандал менен алтын тамыр.
Тартулар келіп жатты шалқып-тасып,
Дұшпанның іші өртенді қорқып-сасып.
Келгендер даналықтан тереді гүл,
Кенелген кемеңгерге ел еді бұл.
Ғалымдар өнер-білім таластырған,
Кем түспес Платон мен Арастудан.
Бәрі де ар жолынан жаңылмастан,
Күндей ғып ақиқаттың шамын жаққан.
Әрбірі жарық төгіп түн көгінен,
Фаридтей бал тамызар тілдерінен.
Жинап ап даналарын, ақылгөйін,
Үндінің әмірі айтты ақырғы ойын:
«Елге енді тағдыр мені ие қылмас,
Құл болып, Ескендірге иемін бас.
Абырой әпереді кімге ерегес,
Ойыма қарсыласу кірген емес.
Онымен шайқасуға бармас дәтім,
Күл-талқан болар еді бар мақсатым.
Қарай ма көз жасына пендесінің,
Әуелден тағдыр жазса өз кесімін.
Әмірін орындауға үлгірмедім,
Дерт меңдеп, болды жаным ділгір менің.
Құп алып жарлық хатын тағзым еттім,
Танытып ықыласын ақ жүректің.


361
Құлыңдай қызметіңде жүрер едім,
Қайтейін, ауру меңдеп жүреледім.
Тайсақтау әмірінен ойымда жоқ,
Киліктім амалсыздан уайымға кеп.
Тәңірі қисайтпасын бақ туыңды,
Елшіңнің өзі-ақ айтар ақтығымды.
Төсектен тұра алмадым сырқау батып,
Кешіргей, жатқаным жоқ сылтауратып.
Ұлы Шах артпас маған күнә бекер,
Атының басын жолай бұра кетер.
Айнымай келсе, шіркін, тілегенім,
Әмірдің жолына бас тігер едім.
Бөленсем шуағына көктер жаным,
Қанатын қағар еді көкке арманым.
Зәредей тиер болса пайда-себім,
Өлгенше қызметінен таймас едім.
Тұлданса үйірермін иманымды,
Әзірмін ішуге де құйған уды.
Жазғырса Үнді елінен бақ қашады,
Қатігез қаралы күн қақпа ашады.
Төндірсе суық тартып қара түнек,
Бола алман Үндістанға пана-тірек.
Кешірер, хал-жайымды Шах түсінер,
Мен емес атағына дақ түсірер.
Мейірімен шашқан бүкіл әлемге арай,
ПадиШах жаны мөлдір шарайнадай.
Жат пиғыл болған емес мына менде,
Жазаға жазықты ғып жыға көрме!»
Үнділік айтты осылай сөз жорасын,
Келтіріп халайықтың көзге жасын.


362
Алдынан шықты Шахтың қариялар,
Сең жүріп тасығандай дариялар.
Ұмтылды қара нөпір құйғып қалың,
Арқалап тартуларын, сыйлықтарын.
Секілді таңғы тұман жерді алып,
Ескендір ордасына келді халық.
Жиналды қасқа-жайсаң ел билеген,
Бір пенде қалмады бас енді имеген.
Уәзірлер келгендерді қабылдады,
Олар да салт жолынан жаңылмады.
Бақыт та әділетті таққа қонар,
Берілді бұл жайында Шахқа хабар.
Ескендір адалдықты анық танып,
Шалқыды риза боп, шабыттанып.
Келген соң игі жақсы көңілі өсті,
Өшіріп жүректегі кегін ескі.
Үйілген қазынаға қарамады,
Бағасын кісіліктің саралады.
Төсетіп меймандарға қалы кілем,
Бастады мәслихатын шалымы кең.
Көрсетпей тақта отырып құр көкірек,
Жасады төмен түсіп, құрмет-ізет.
Жарасар кішіпейілдік патшаға да,
Халқына қадірменді жақса ғана.
Айтпай-ақ көпшіліктің ойын біліп,
Танытты біліктілік, зейінділік.
Байытып дегдарларды жан нұрымен,
Бас иіп сәлемдесті әр бірімен.
Жақсылар жомарттықпен жарқылдамақ,
Ешкімге байқатпады салқын қабақ.


363
Жөнімен жайғастырды дау-дамайсыз,
Әбестік қылмады бір жанға жайсыз.
Алдына шықпады елдің омыраулап,
Баурады балдай тілмен көңіл аулап.
Бата ғып, тілеп олар тағдырдан күш,
Риза боп, Ескендірге жаудырды алғыс.
Айтты Шах ақиқатты жан сырындай,
Кіршіксіз сыңғырлаған тау суындай:
«Береке таппас пенде егеспенен,
Сендерден аянатын жоқ ештеңем.
Бәлен деп Шахтарыңды кінәламан,
Алдымды дәті шыдап кім ораған!
Біржола түңілтпесе, сырт айналып,
Жазаға тартып қайтем сұрқайланып.
Жиналып келіпсіздер, ел жақсысы – 
Адамның артық туған ардақтысы.
Өздерің келіп, кешу сұрағанда,
Кеңшілік қылмай, сірә, тұра алам ба?
Тағамын татымсызға несіне мін,
Әйтеуір сендер үшін кешіремін.
Артықша жандарсыңдар бағаларың,
Қайтарсам беттеріңді не боламын.
Аттаса босағамды оң аяқпен,
Әз тұтам, айыптысың демей-ақ мен.
Бола алса, бұра тартпай адал серік,
Ұстатам тақ тізгінін оған сеніп.
Іргесін орнықтырып мәңгі бекем,
Байрағын бақытының желбіретем.
Бағамды асырдыңдар, уа, даналар,
Сендермен менің нарқым бағаланар.


364
Өздерің жасаған соң құтты қадам,
Керемет жігер, қайрат бітті маған.
Өкпе-наз опындырған ұмыт болды,
Кеудемді шаттық кернеп, үміт толды.
Ежелгі салт-дәстүрді салам еске,
Сый тарту келген Шахқа бар емес пе?
Алайда ондай сыйлық мен дәметпен,
Халықты қажытпаймын сорға бөккен.
Болмай ма қамшы да ауыр зорыққанға,
Босатам Шахтарыңды салықтан да.
Жоқшылық қайғыға елді бөлемесін,
Екі жыл алым-салық төлемесін!»
Даналар Шахқа таң боп кең пейілді,
Бас иді, еңсе басқан шер сейілді.
Қашанда кемеңгердің күші мығым,
Ескендір танытты ұлы кісілігін.
Келгендер көзбен көріп болған істі,
Сөз таппай мадақтауға дағдарысты.
Жүздесіп адамзаттың дарханымен,
Түгелі тәнті болды жан-тәнімен.
Тілесті тәңіріден жалбарына,
Болардай бәрі пида Шах жолына:
«Аспанда күн аманда жарқыраған,
Мейрімін төксін саған жалпы ғалам!
Ғарышқа даңқың өрлеп шарықтасын,
Тағыңда күн сәулесі шалықтасын.
Жалғанда ұзақ болып ғұмыр жасың,
Жұлдыздай жарқырасын жұмыр басың.
Үйіріліп сән-салтанат, толсын думан,
Жолыңа жеті ықылым болсын құрбан.


365
Жүзіңнен ақыл нұры себелесін,
Жайнатсын кең жаһанның кенересін.
Салымыз суға кетіп, бұғып төмен,
Жасқана келіп едік күдікпенен.
Қатігез шығар деп ек басқалардай, 
Көріп ек тура тарпа бас салардай. 
Жаратқан жан екенсің тәңірі бөлек,
Құлдықпыз өле-өлгенше әміріңе бек.
Бір саған патша біткен тең келе алмас,
Әлемді сендей билер пенде болмас.
Ашқандай ақ есігін тағдыр алдан,
Айықтық сені көріп нар-күмәннен.
Солмасын қызыл гүлің қауыз жарған,
Тілегің орындалсын ауызға алған.
Еңсеміз көтерілді алдыңа кеп,
Бағымыз тұрмыз енді жанды ма деп!
Есігін даналықтың ашқандай бір,
Өрледің, үстемелеп шашқандай нұр.
Шақырып ашу-ыза, кек төндіріп,
Ешкімге көрсетпедің өктемділік.
Тазасың періштедей бақ-талайлы,
Тынысың сенің мәңгі тоқтамайды.
Патшамыз білсе сендей кемел ерді,
Жүгіріп алдыңызға келер енді.
Танытсаң жылы қабақ ұшар еді,
Жығылып аяғыңды құшар еді.
Торлаған қайғы-мұңы болар ғайып,
Біз оған қуанышты хабарлайық.
Бұйырса билік туы өз қолыңнан,
Айнымас өле-өлгенше әз жолыңнан!»


366
Ескендір деді: «Енді өздерің біл,
Қонады көкейіме сөздерің бұл!»
Солайша бітер істің уәжі жетіп,
Қоштасты ғұламалар тәжім етіп.
Елпілдеп білімпаздар шапты асыға,
Бұл жайды жеткізбекке патшасына.
Төгілтті көргендерін ақтарыла,
Ұстатып сенім кілтін Шахтарына.
Қорықпайсың десті жаудан бүрсең қағып,
Тездетіп қолтығына кірсең барып.
Ертіп ап саңлақтарын білім кешкен,
Тартты Шах Ескендірге кідірместен.
Қисапсыз керуені жолға сыймай,
Жөнеді тарту алып көл-көсір, бай.
Жол бастап көсемдері жер тауысқан,
Тау асып, тасты басты сонша алыстан.
Жол бойы жақсылармен құрды кеңес,
Ғайып боп үрей буған бұлдыр елес.
Ескендір даналығын сұрастырды,
Ынтығып сөздеріне құлақ түрді.
Ұлы әмір хақындағы сырға қанып,
Болды бір жан әлемі нұрға қарық.
Желпініп қуаныштың күшіменен,
Ақыры жетті тізгін ұшыменен.
Сейілтіп көңілдегі көп күдігін,
Хабары Ескендірге жетті мұның.
«Даналар шалқытатын кеңестен нұр,
Төрімді жарқыратсын!» – деді Ескендір.
Мойнымен көтерердей ауыр жүкті,
Есікте үнді Шахы әмір күтті,


367
Әреңге босағадан ол аттады,
Тұрғандай қылыш төніп алақтады.
Ескендір көрген бетте күлді жарқын:
«Қалайша кінәлідей мұңлы қалпың?
Жарқыным, жоқ қой сенің бір кемісің,
Жетпей ме жақсылармен бұл келісің!»
Жеңілдеп үнді әмірі тыныс алды,
Түскендей төніп тұрған қылыш әлгі.
Ескендір иілді оған қылып тәжім,
Кигізіп құрметпен ұлық тәжін.
Көрсетті жомарт мінез көңілденіп,
Қастерлеп оң жағынан орын беріп.
Ал анау құшты аяғын ерен жылап,
Аққандай таудан тасқын төмен құлап.
Шах оның ықыласын байқап ерек,
Тұрғызды қолтығынан қайта демеп.
Үнділік басып көңіл базынасын,
Ұсынды артып келген қазынасын.
Риза боп ғұзырына қол артқанға,
Жасады Шах та мәрттік жомарт жанға.
Көгінен еңсе басқан ығып тұман,
Серпілді көкірегінен күдік-күмән.
Қасына жайғасты кеп жайсаң-жақсы,
Олардай кімдер кеңес айта алмақшы?
Сый тартты отырғызып таяу бәрін,
Өшіріп көңілдегі қаяуларын.
Өмірі өкінбестей ендігі әрі,
Құдайдай Ескендірге сенді бәрі.
Жайнатты достық сезім жан түкпірін,
Қайғының тастағандай серпіп түнін.


368
Сөз қозғап бергі кезден, арғы кезден,
Атырды сұхбаттасып таңды көзбен.
Болған соң үнді Шахы көңілі жай,
Орнынан түрегеліп деді былай:
«Уа, тақсыр, қуанышқа кенелдірдің,
Бақытқа ел-жұртымды бөлендірдің.
Ерулеп қонағым бол еркін жатып,
Жеріме дидарыңмен толтыр бақыт.
Жоқ дейсің үнді елінде не ғаламат,
Қызықтап бастан-аяқ көр аралап.
Сыңсыған орманыма саятқа шық,
Қозғалсаң аң кезігер аяқ басып.
Таянып қалды емес пе сауықты қыс,
Адамдар сайрандайтын алып тыныс.
Еркіндеп, еңсесі өсіп масаттанар,
Бөленіп ән мен күйге жасап қалар.
Әлемде қыс болмайды майда мұндай,
Шалқытар наурыздың мейрамындай.
Бақ гүлдеп, жаңбыр бұлты мамырлайды,
Ауасы шаң-тозаңсыз қоңыржайлы.
Болғанда күн ұзарып, жолың оңай,
Жалғарсың жорығыңды әрі қарай.
Әскерің қиындыққа жолықпайды,
Тосырқап, беті қайтып торықпайды!»
Мына сөз Шахқа ұнады көлденеңде,
Бергендей мұздай сусын шөлдегенде.
Жүзіне ойнап шығып жалынды ажар,
Тіл қатты көпшілікке салып назар:
«Ал онда көрсетіңдер жерлеріңді,
Жайғассын, тостырмаңдар ерлерімді!»


369
Айтты олар: «Дехли – үлкен шаһарымыз,
Әскерді солай бастап апарыңыз!»
Шах айтты: «Қала әскерге тарлық етер,
Қалың қол ошарылған ел жүдетер.
Нөпірдің шыдай алмас табанына,
Халықтың кірбің түсер қабағына.
Шолыңдар онан-дағы сырт маңайды,
Ен дала қоныстарға жұртқа жайлы.
Қаладан қашықтығы түк етпейді,
Қыс менің әскерімді жүдетпейді».
Зыр қақты үнді әмірі құлдық ұра:
«Әзірмін ұлы әміршім, бұйрығыңа.
Құлыңмын, жер шолуға мен барайын,
Етейін керегіңді демде дайын.
Қабыл қып тілегімді жарылқағай,
Өтейін жаным жасып, жабырқамай».
Шах байқап мына сөзден кемеңгерлік,
Сыйлады тақ пенен тәж, кемер белдік.
Сонан соң сапқа тізді сан мың атты – 
Керік пен пілдей мығым арғымақты.
Бәріне жарқыл қаққан ер салдырды,
Көзді арбап, көргендерді тамсандырды.
Жіберген шолғыншысын бетке алды да,
Жөнелді үнді әмірі аттанды да.
Ырысы шайқалмаса Шах қуанар,
Еліне ала келді жақсы хбар.
Әскердің залалсызын естіген ел,
Шаттанып, мәртебесі өсті кемел.
Мадақтап Ескендірді дуылдасты,
Қуаныш қайғы-мұңның уын басты.


370
Сабылды үнді Шахы шаршап қанша,
Қонысқа ең қолайлы жер тапқанша.
Қалаға таяу маңда гүлге оранған,
Бар еді Нигар деген бір көк орман.
Қиын-ақ көрмегеннің иланбағы,
Пейіштің осындай-ақ Иранбағы.
Еседі жанға жұмсақ қоңыр самал,
Құс сайар әуенінен төгілте бал.
Көкпенен зәулім сандал таласады,
Желегі жел тербеген жарасады.
Мәуелі бұтақтары иіледі,
Жемісі таңдайыңды үйіреді.
Шайқалса жұпар есер жапырағынан,
Аңқиды қош иісі атырабынан.
Ауасын жұтқан сайын сергітеді,
Оятып ойларыңды өрбітеді.
Перінің бұрымындай ширатылған,
Жыландай бұтақтары шырматылған.
Жапырағы сарғаюды мүлде білмес,
Астынан саясының күн көрінбес.
Ыстықта ми қайнаған, көшіп мұнар,
Түбінен салқын-сабат есіп тұрар.
Асқақатап шынар тұрар өрілгендей,
Қынамен боялғандай өңін бермей.
Айналаң көз сүрінер қалың жаңғақ,
Бір сәтте шығу қиын бәрін барлап.
Інжірден аспандаған айналар бас,
Әлемге таңданбасқа айла қалмас.
Әуелеп зәйтүн көкке құлаш ұрып,
Жүзімнің сабағы оған тұр асылып.


371
Мәуесі қозғап қалсаң үзілердей,
Қаданы орап алған жүзім өрлей.
Ұйысқан бұтақтары сан байланып,
Өрілген нәзік сымдай таңдайланып.
Жарысып жамырайды озып, самсап,
Жармасып күнге қарай созып саусақ.
Күз келсе жарқырайды маржан жүзім,
Жұлдыздай көк аспанның алған жүзін.
Сансыз құс аспан астын әнге бөлеп,
Сайрайды ерке әуенмен әлдене деп.
Мың түрлі күйге салып бой балқытар,
Сергітіп, сезім тербеп, ой шалқытар.
Құлпырған тотылар да мәз қылады,
Сөйлесе құрысыңды жаздырады.
Секіріп бұтақтарға шұбырады,
Қызырдың шапанындай құбылады.
Сораяр жапырақсыз зәулім ағаш,
Алайда тұлдырмын деп ол жыламас.
Дүр етіп тоты құстар қонса келіп,
Береді гүл қонғандай сонша көрік.
Түрленер қызыл-жасыл гүл моншақтай,
Алаулап тұмсықтары жанған шоқтай.
Жымыңдап бірде жанып, бірде сөнер,
Лапылдап шырқатардай үрлесе жел.
Бір шетте таңдайының балын жұтып,
Сайрайды қара торғай тамылжытып.
Нәп-нәзік көмекейі бүлкілдейді,
Мамығы алтын түстес үлпілдейді.
Алтынмен қауырсыны апталғандай,
Жарқырап айдарында от жанғандай.


372
Толқытар жүрегіңді тербелгенде,
Үйіріліп шыға алмайсың көрген жерде.
Үлде мен бүлдеге әбден малынғандай,
Басына жібек желек жамылғандай.
Құбылтып қанаттарын дүр қаққанда,
Жайнайды әсем тауыс бір қапталда.
Құс болмас сірәда одан жалғанда асар,
Ырғалып, кербез қарап, маң-маң басар.
Тек қана қызықтауға жаратқандай,
Жасылмен бояп, алтын жалатқандай.
Қырғауыл, кекіліктер жүр шалғында,
Көз тартар көмілгендей мың сан нұрға.
Қырғауыл сүмбілге ұшып қонып еді,
Сән қосты сәулетіне төңірегі.
Тауыстар қонып еді шынарға кеп,
Көрінді періштедей бұларға да ерек.
Болатын, міне, осындай құнарлы аймақ,
Жап-жасыл жыл он екі ай тұрар жайнап.
Орайды теріскейін Синд саласы,
Түстігін алып жатыр Хинд қаласы.
Кемелер кең айдында шалықтаған,
Көктегі ай секілді қалықтаған.
Жағасы қалың құрақ саусылдаған,
Жыр еді қанша айтса да таусылмаған.
Құты еді тәтті құрақ осы өлкенің,
Тәңірдің тартуындай өсер тегін.
Арманы ішкен жанның бар ма тегі,
Өзеннің аққан суы шарбат еді.
Орманның батысында тау көлбейді,
Түрленіп, төрт маусымда өң бермейді.


373
Гуілдеп қысы-жазы аралары,
Бал жинап, гүлдерінен нәр алады.
Талдары тәтті шырын сорғалатқан,
Секілді шекер бұлақ таудан аққан.
Тас жарып, тұмалары сылдыраған,
Жаныңды жадыратар тұнжыраған.
Табиғат берген мұнда қанша сыйды,
Сарқырап аққа суы бал татиды.
Шыңында тау ешкісі салады ойнақ,
Аңшыдан секем алмас, алаң ойлап.
Керемет бөктерінің көгалдығы,
Өріп жүр емін-еркін марал-бұғы.
Бұл таудың ғажайыбы осыншалық,
Суында балық тулар асыр салып.
Жыртылып айырылар тағы аңдары,
Оларды шошытпаған адамдары.
Гүл көміп, бақшасына нұр құйылған,
Қала тұр мен мұндалап бір қиырдан.
Келбетін осы өңірдің бейнеледім,
Кеңіттім жазған сайын ой көлемін.
Түгісіп иен жатқан жер еді бұл,
Суы – бал, аңы – бейғам, желегі – гүл.
Әкелді Ескендірді, міне, осында,
Пейішке кіргізгендей расында.
Әскерлер шатыр тікті кең қойнауға,
Ғайыптан кезіккендей көк жайлауға.
Шах өзі қайран қалып аралады,
Ұнады көңіліне бар алабы.
«Шықсаң да жердің бетін шарлап тынбай,
Табылмас, – деді, – сірә, жәннат мұндай!»


374
Мәз болып тасы өрге жылжығандай,
Қасынан үнді Шахы жүрді қалмай.
Қалуға жаз шыққанша бел байлады,
Жорыққа бұрынғыдай ден қоймады.
* * *
Толғанша алтын шара, лақылдатшы,
Жандырып жүрегімді лапылдатшы.
Нигардың кең даласын еншіме алам,
Шалқиын, алтын шара берші маған.
Уа, жыршы, үзілмесін сазды әуенің,
Жанымды жабырқаған қозға менің.
Үндінің бір тал гүлі шешек атқан,
Батырды ауыр мұңға неше батпан.
Ей, Науаи, жырға қостың үнді әмірін,
Маздатып үмітіңнің мың да бірін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет