Бір саудагердің қатты зиянға ұшырауы, баласынан айырылатын
болған соң құты қашып, байбалам салуы. Жүрегінің қаны шапшып, бетіне
шығып, от боп жануы. Қалтасындағы қалған ақшасын түгел жұмсап,
өлім жазасына кесілген баласын құтқарып алуы. Сөйтіп, баласы мен
байлығына қайтадан иелік етуі.
Арапта дәурен сүрген бір саудагер,
Саудада игеріпті мың санды өнер.
Болыпты асып туған жалғыз ұлы,
Сол еді бар үміті, бар қызығы.
Саудамен дүниені еншілейтін,
Көңілі қала көрмей көншімейтін.
Пайдасыз жаны тыным таппайтын-ды,
Біреуін екеу қылмай жатпайтын-ды.
Бас салар қазынаңды қалғысаң-ақ,
Бір күні қарақшылар алды тонап.
Қорқақты алды-артына жау қаратпас,
Жөнелді жалшылары сауғалап бас.
Жарытпас жаман-жәутік қырға шығып,
Кеткендей быж-тыж болды құмға сіңіп.
Шықты өзі қашып қатер арасынан,
Алайда айырылды баласынан.
Саудагер басын соғып зар жылады,
Сорғалап екі көзден қан бұлағы.
Аһ ұрды көкірегінен жалын үрлеп;
«Мүсірке енді жалғыз, Тәңірім! – деп.
Құйындай кезіп, дала шарлайын ба,
Салынып көз жұмғанша сарыуайымға.
Айырылып жалғызымнан не боламын,
Жер бетін кезсем қайдан таба аламын?»
Болар деп қиналғанда бір керегі,
Мың ділдә бөлек сақтап жүрген еді.
379
Ділдәсін белбеуіне тігіп қойған,
Сөгіп ап, сейілді сәл күдікті ойдан.
Жанғандай болғанымен оты үміттің,
Қайғырып аласұрды, өкініп мың.
Қиырда қайыршыдай жеке қалды,
Басы ауған жаққа қаңғып кете барды.
Тау асып, тасты басып жаны ауырды,
Кезумен әр қаланы, әр ауылды.
Ақыры жетті шулы бір шаһарға,
Тобырды көрді алаңнан тұрса сонда.
Біреуді әкеліпті дарға асуға,
Жендет тұр жалаң қағып дәл қасында.
Қан басқан, қиналып тұр жаны азаптан,
Байқаса секілді оған жала жапқан.
Әлгіні құтқарсам деп жалтақтады,
Беруге мың ділдәсін жан таппады.
Құтқару жағдаятын естіп елден,
Белдігін ділдә түйген шешті белден.
Босатып алды дереу құнын беріп,
Таныды сол арада ұлын көріп.
Шаққандай зар еңіреп хаққа мұңын,
Бауырына басты қанға батқан ұлын.
Өксіді омырауына жас сорғалап:
«Шүкірлік, – деді, – қалдық бас сауғалап.
Тар екен тағдыр жолы андыздаған,
Көрдің-ау көресіні, жалғыз балам.
Жасаған менің барлық харамдығым,
Түсті ме тауқымет боп саған бүгін?»
Ұлы айтты: «Өлтірмеді, сол да жетер,
Тап бола жаздадық қой сорға бекер.
380
Тонап ап қарақшылар деді: «Ересің,
Әйтпесе жаһаннәмға жөнелесің».
Көзсіздік қашанда не бітіргендей,
Көнбесем шарттарына түтіп жердей.
Қалаға тиді ақыры көп кісімен,
Мен түсіп қалдым қолға топ ішінен.
Бір адам өлген екен. Қолы қанға
Батты деп тартбақ болды мені дарға.
Жарығым сен келмесең сөнбек еді,
Шығардың тар қапастан кеңге мені.
Ақылың арқасында қалдым аман,
Тірлігім болмақ еді мәңгі қараң.
Тұр ғой деп әйтеуір бір жетім жүдеп,
Құтқардың көктен түскен секілді боп!»
Әке мен бала жайын қала халқы,
Жеткізді Шахтарына жаңа қалпы.
Баланың біліп патша тазалығын,
Қайтарды саудагерге жаза құнын.
Саудагер не қылады мың ділдәні,
Қымбат қой әкесіне ұлдың жаны.
Нөсері шапағаттың жауып өтпей,
Қызғалдақ шөлге шықпас қалың өрттей.
Ескендір бірде Арастудан толымды ақыл әр істің дұрыс шешілуіне
амал табады. Алайда соның өзі кейде қателікке ұрындырады. Мұның
себебі не деп сұрап еді, жауабын естіді.
Ескендір бірде былай деп сұрады:
«Уа, дана бұл ғаламда жоқ сыңары!
Пиғылы неге әр қилы пенделердің,
Бола ма тәубаға кеп жөнделер күн?
Тап қылар жамандыққа пиғыл нендей,
Ұрынбау жолын оған кім білгендей?
381
Қайыр ғып бағын ашсаң бір бейбақтың,
Ісіңе адамшылық мін қоймақ кім?
Тыйым жоқ сойқан, содыр сұмға неге,
Оларды жетелейді кім бәлеге?»
Ұстазы байыппенен түсіндірді:
«Ей, дана, ойың асқақ, ісің нұрлы!
Тәңірі әркімді құр қалдырмаған,
Жығылса өзінен ғой далдырлаған.
Жанына кейбіреудің құйған дарын,
Адамның арқалатып игі арманын.
Қор қылса ұқсата алмай берген сыйды,
Бекерге бейпіл, шіркін, менменсиді.
Мойынға мейірім мен қайырым парыз,
Жұрдайсыз кісіліктен айырылсаңыз.
Безгейсің күйттегеннен қара басын,
Онымен ұзап қайда бара аласың.
Пайымсыз пайда қуып құлдыраса,
Байғұстың оңа қоймас тірлігі аса.
Мұндайлар диуанадай қаңғып өтер,
Құнсызға кең дүние тарлық етер.
Көп ойлап, кең пішеді ақылдылар,
Жатты да жатырқамай жақын қылар.
Қарашы, қомағайдың жұлқынысын,
Мерт болар мақұлықтар құлқын үшін.
Ел үшін кім бықсымай жанса лаулап,
Жаны пәк, қара шаңға қалса да аунап.
Бұлданар әркім қылған ісіменен,
Өмірде кісі күні кісіменен.
Сатулы біреулердің жақсылығы,
Тағдырдың бұл-дағы бір тапшылығы.
382
Құр сырты кімге дәрі жалтыраған,
Үңілсең іші мұздай қалтыраған.
Жаба алмас жасырғанмен жамандығын,
Ұяты аз көкірегі қараңғының.
Сорлылар санасына түк қонбаған,
Жақсыға жанаса алмас жұрт қолдаған.
Сыйлысың көпшілікке сыйсаң ғана,
Көретін өз жемісін дихан – дана.
Өлшей біл бақыт пенен сор арасын,
Не ексең қара жерге – соны орасың.
Тағдырға бағынышты тірлігі елдің,
Арпа егіп, бидай алған кімді көрдің?
Дәнінен кермек қауын кетер ме алыс,
Қанттың түп атасы – шекер қамыс.
Алдымен жан-жағыңа қара абайлап,
Аранға түсу оңай, шолақ ойлап.
Болғайсың қолдан келсе көпке пана,
Жасаған жақсылығың кетпес ада.
Зымиян арылмаса залым ойдан,
Түбінде айырылар абыройдан.
Ісіңнен қадір қашар ең бағалы,
Қол үзсең мейірімнен нең қалады?
Саналы, талапты ерге бәрі де айқын,
Тылсым жоқ ол білмейтін, танымайтын.
Пенденің бәрі бірдей тең болмайды.
Осыны еске тұтқан кем қалмайды».
Тапқандай мол қанағат сауалына,
Ұстаздың мейірленді жауабына.
Достарыңызбен бөлісу: |