Хамитова марван арынқызы академик Ә. Х. Марғұланның ғылыми мұрасының Қазақстан музей ісіндегі маңызы



бет2/4
Дата23.02.2016
өлшемі381.5 Kb.
#7843
түріДиссертация
1   2   3   4

НЕГІЗГІ БӨЛІМ


Диссертацияның 1-ші бөлімі «Ә.Х. Марғұланның өмірі және қазақ халқының тарихын, мәдениетін зерттеудегі ғылыми еңбектері» деп аталады. Бөлімнің 1-ші бөлімшесі ғалымның «Өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері» тақырыбына арналған. Академик Ә.Х. Марғұлан қазақ халқының этникалық тарихын, материалдық және рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең және ауқымды зерттеген, көптеген ортағасырлық көшпенділер ескерткішін бірінші болып ғылыми айналымға енгізген ғалым. Туған елін өркениет биіктеріне жетелеген ұлт зиялыларының аса көрнекті өкілі. 1925–1929 жж. Шығыстану институтымен, Ленинград университетінің тарих-филология факультетінде қатар оқыған болашақ ғалым осы жылдары қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, мұрағат деректерін жинады. Ә.Х. Марғұлан Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасында оқи жүріп академик С.Ф. Ольденбургтің және А.Ю. Якубовскийдің басшылығымен шығыс елдеріне байланысты деректерді зерттейді. Көрнекті ғалымдар С.И. Руденко, М.П. Грязнов, А.А. Миллер, Н.И. Репниковтер басқарған бірнеше археологиялық, этнографиялық зерттеу экспедицияларына 1926–30 жж. аралығында үзбей қатысқан Ә. Марғұлан ұшан-теңіз білім жинайды [қара: 6].

1938 ж. бастап ғалым КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында, кейін Қазақ КСР ҒА болып құрылған филиал жүйесінде үздіксіз қызмет атқарады. Ә.Х. Марғұланның Орталық Қазақстаннан қола дәуіріндегі қуатты мәдениет ошағын ашуы – әлемдік археологияның зор жетістіктерінің бірі болды. Ә. Марғұланның 1960 ж. қола, темір дәуірі ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізіп, жаңалықтар ашып, тұтас концепциялар енгізуі – ғалымның тарих үшін істеген ерен еңбектерінің санатынан бекем орын алады [3, 46-б.]. Ғалым 3000–3500 ж. бұрын қазіргі Қазақстан жерінде бай металл кен орны, төл мәдениеті бар мәдени орталық болғанын дәлелдеді [20]. Ғылымның көкейтесті мәселелеріне берілген, оның шешімінен өмірдің мән-мағынасын көре білген және жан-жақты білімділік, жоғары адамгершілік, сабырлылық, керек болған шақта іске өзін пида ету сияқты тамаша адамгершілік қасиеттерге ие Ә. Марғұлан студенттік шағынан танымал Ресей ғалымдарымен Қазақстан этнографиялық экспедицияларына қатысып, Ресей кітапхана қорлары мен мұрағаттарынан қазақ тарихына байланысты дерек жинаудан бастап, бүкіл саналы өмірін туған халқының тарихын, әдебиетін, өнерін, мәдениетін зерттеуге арнағанын көреміз [20, 13-б.]. Ә.Х. Марғұланның өмірі мен халқына жасаған қызметінің негізгі түйіні ғалымның тар жол тайғақ кешіп жүріп, халқымыздың үзіліп бара жатқан қорын жалғап, халқын терезесі тең халықтар дәрежесіне жеткізуге зор үлес қосуы деп танимыз.

Бөлімнің «Қазақ тарихын, мәдениетін зерттеудегі ғылыми еңбектері» атты 2-бөлімшесінде Ә.Х. Марғұланның 1957–1976 жылдарға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімін басқара отырып, Қазақстанда этнография ғылымының дамуына зор ықпал жасағаны баяндалады. «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «Адайда» және «Наймандар» атты алғашқы ғылыми мақалаларының өзі осы ғылымға қосылған үлес болды. «Кеңестік дәуірдің 50 жыл ішіндегі Қазақстандағы этнографиялық зерттеулер» атты мақаласында Ә. Марғұлан Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ этнографиясына арналған еңбектердің деңгейінің төмен болу себептерін айқындаған [14]. Этнографтардың ұжымдық «Культура и быт казахского колхозного аула» атты монографиясы (1967) (жауапты редакторы Ә.Х. Марғұлан) сол кездегі ауылдың тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге арналған.

Ә.Х. Марғұланның редакциялауымен және оның тікелей қатысуымен М.К. Қадырбаев, К.А. Акишев, А.М. Оразбаевтармен біріге жазылған «Древняя культура Центрального Казахстана» монографиялық еңбек [21] Орталық Қазақстанның көне мәдениетін талдауға арналды. Ә.Х. Марғұланның этноархеологиялық бағыттағы үлкен қызметінің бір қорытындысы «Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана» атты монографиясы [17] болды. Мұнда Ә. Марғұлан 1947 ж. бастап экспедициялар материалдарын талдаған. Қазіргі күнде Ә. Марғұланның ғылыми еңбектерінің арқасында сақтар мәдениеті андрон мәдениетінің заңды жалғасы екендігі толық дәлелденсе, бұл екі мәдениеттің арасында беғазы-дәндібай мәдениетінің дәнекерлік рөл атқаратындығы ғылыми тұрғыда анықталды. Кең ауқымды энциклопедист ғалым Ә.Х. Марғұланның Қазақстандағы этноархеология бағытының нағыз негізін салушы екенін мойындау керек. Ғалым Қазақстанды зерттеу барысында археологиялық қазба жұмыстарымен қатар, қазақ халқының өзіне тән ерекшеліктерін түсіне отырып, этнографиялық материалды қатар жинап бірімен-бірін байланыстыра анализден өткізді. Марғұланның 1950 ж. жарық көрген «Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана» атты монографиясында қазақ халқы таза көшпенді халық болмағаны, қазақта отырықшылық дәстүрдің ертеден келе жатқаны археологиялық, этнографиялық және сәулеткерлік материалдар негізінде көрсетілді. Ә. Марғұлан қазақ жерінде мал шаруашылығы, егіншілік, сауда, темір қорыту, қолөнері кәсіпкерлігі дамығанын, көне қалалардың болғанын, сәулеткерлік өнердің қаншалықты дамығандығын археологиялық, этнографиялық, фольклорлық материалдар негізінде дәлелдеді. Ә.Х. Марғұлан Қазақстанның мәдениет тарихын зерттеу мәселесінде 1959 ж. Т. Бәсенов, М. Меңдіқұловпен бірлесе жазған «Қазақстан архитектурасы – Архитектура Казахстана» монографиясының маңызы зор. Сәулет өнердің өзіндік үлгілері – ұрпаққа мақтаныш боларлық ұлттық мұралар, қыпшақ заманынан келе жатқан көне архитектуралық ескерткіш күмбездер туралы Марғұлан еңбектерінен оқып білеміз. Ә.Х. Марғұлан сонымен қатар сол күмбездерді салған тамаша сәулеткер, қолөнер шеберлері туралы да көп жазды.

Ә.Х. Марғұлан тұрақты қоныс жайлар мәселесімен арнайы айналыспаса да, өзінің археологиялық зерттеулері негізінде көне дәуірдің архитектуралық құрылысының тарихы жайлы жазған еңбектерінде тұрақты қоныс-жайлар туралы сөз етіп, ғылыми дәлелдер келтіргенде, халқымыздың дәстүрлі тұрғын үй жайларын салыстырып отырған [22]. Ғұлама ғалым, әсіресе, мерзім жағынан тым алшақ жатқан екі дәуірде (б.з.д. II–I мыңжылдық – б.з.д. XV–XIX ғғ.) өмір сүрген Қазақстан тұрғындарының арасындағы тұрғын-жай салудағы ұқсастықтың болғанын көрсетті.

Ғалым үш томдық «Казахское народное прикладное искусство» атты еңбекте көне мен жаңаны сабақтастыра отырып зерттеп, ғасырлар бойы халқымыз ұстанған асыл мұраларды тауып, болашақ ұрпақ игілігіне жарату мақсатында қолөнерінің бастау көздерін ашып, бір жүйеге салып берді.

Ә. Марғұланның «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясы негізінде жазылған «Ежелгі жыр-аңыздар» атты еңбегінде, «Шоқан және «Манас» атты еңбегінде батырлар жыры тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі мен көне дәуірдегі халықтардың аңыздары, ежелгі жырлардың ерлік бейнелері олардың тарихи негізі Манас жыры оның қай кезде шыққаны туралы қазақ пен қырғыздың қария сөздері, сонымен қатар тың зерттеулер ежелгі ғұн, сақ, түрік, оғыз, қыпшақ замандарында туып бізге дейін жеткен әдеби үлгілері сөз етіледі.

Ұлттың мәдениет тарихының маңызды түрі – жазу мәдениеті болса, Ә. Марғұланның қазақ халқының жазу мәдениеті тарихына арнаған еңбектері ғалымның бұл күрделі мәселеге ерекше көңіл бөлгенін көрсетеді [5].

Ә. Марғұланның Ленинград қаласының барлық мұрағаттарында, Шығыстану институтының кітапханасының қолжазба бөлімінде, Томск, Қазан, Омбы қалаларының мұрағаттарында көп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа дерек көздерін ашқанын ерекше атап өту қажет. Ә. Марғұланның басқаруымен Шоқанның таңдамалысы, Шоқан мұрасын көп жылдар бойы зерттеудің заңды жалғасы ретінде «Шоқан және «Манас» [23] атты монографиясы жарық көрді. Ал, 1957–1967 жж. Ә. Марғұланның басшылығымен Ш. Уәлихановтың бес томдық академиялық жинағы жарияланды.

Ә.Х. Марғұланның үш жүзден аса ғылыми зерттеу еңбектерін тек қана шолып айтудың өзі мүмкін емес. Бұл еңбектер отанымыздың басқа да ұлы зиялыларының жетістіктерімен бірге дүние жүзінің мәдениет қазынасында қазақ халқының өзіне тән мәдениетін әлемнің өркениет қырынан көрсете алады.

Марғұланның өзінен кейін қалдырған бай мұрасы қазіргі ғылымдағы, қоғамдағы болып жатқан іргелі өзгерістермен үндес, болашақта да маңызын жоғалтпайтын халқымыздың рухани байлығына жатады.

«Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің Қазақстан музей ісіндегі маңызы (этномәдени бағыттары)» деп аталатын 2-ші бөлімнің 1-ші бөлімшесінде «Ә.Х. Марғұланның этноархеологиялық, архитектуралық зерттеулерінің республика музейлерінен көрініс табуы» баяндалады. Академик Ә.Х. Марғұланның Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын зерделеп, зерттеуге арналған этноархеологиялық, архитектуралық зерттеулерінің Қазақстан музей ісін дамытудағы және бабаларымыздан мұра болып жеткен мәдени құндылықтарымызды толық тануда алар орны ерекше.

Ә.Х. Марғұлан басқарған экспедиция мүшелері мыңдаған этноархеология-лық ескерткіштерді тауып, зерттеп, жүздеген мұраларды ашты. Ғалымның қатысуымен өткен Орталық Қазақстанды зерттеген археологиялық экспедиция ең абыройлы экспедиция болғаны белгілі [6, 56-б.]. Осы экспедиция барысында көп зерттелген мәселе – қола дәуірінің мәдениеті еді. Анықталып, зерттелген ескерткіштер арасында осы күні республика көлеміндегі барлық музейлер экспозицияларынан көрініс тапқан неолит және энеолит дәуірінің қонысы да, андроновтық және беғазы-дәндібай мәдениеттерінің елді мекені мен молалары да, б.з.д. VII–I ғғ. көмілген мүліктер де, б.з. V–VIII ғ. қорғандар да, жартастағы жазбалар мен тас мүсіндер де, ежелгі керуен жолдары да, басқа да көптеген мұралар бар. Ә.Х. Марғұлан негіздеген палеолит адамының тұрғын үйлері – күркесі Қарағанды облыстық, Балқаш қалалық тарихи-өлкетану, ҚР Орталық Мемлекеттік музейлері археология залдары экспозицияларынан орын алған. Ғалым зерттеген қола дәуіріндегі мыс балқыту кешендері де ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде Атасу тұрағы негізінде көрсетілген. Қола дәуіріне адамдар тас сынықтарын өңдеп, олардан бүгінгі Республика көлеміндегі барлық музей экспозицияларынан орын алған түрлі тас құралдарды жасап, тастың қасиетін жақсы меңгерді. Металл құралдардың шығуымен ғана адамдар тасты жақсылап өңдеуді жүзеге асырып, оны өндіріс үстінде бірте-бірте өрістетуге мүмкіндік алды. Бұған дәлел адам мен хайуанаттардың тас мүсіндері, тастағы суреттер мен жазулар. Құрылыс ісінде қолданылған металл құрал-саймандар Қазақстанның түрлі аймақтарындағы барлық музейлерінде сақтаулы. Ғалымның жазуында, архитектура тарихында қорғандардың негізгі 4 түрінің үлкен маңызы болса, музейлердің Қазақстан археологиясына арналған залдары экспозицияларынан «мұртты қорғандарға» жататын «Көрпетай» комплексін жиі кездестіруге болады.

Ә.Х. Марғұланның «Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана», К.А. Ақышев, М.Қ. Қадырбаев, А.М. Оразбаевтармен бірге жазған «Древняя культура Центрального Казахстана» атты еңбектерінде кеңінен көрсетілген мемориалдық, табынуға арналған құрылыстар – мегалиттік құрылыстың типтері, дольмендер, меңгірлер, сынтастар, цисталар, жалпақтас қоршаулар, «мықтың үйінің» суреттері және тас мүсіндер еліміздің көптеген музей залдарынан көрініс тапқан.

Ә.Х. Марғұлан зерттеген бегазы-дәндібай мәдениеті – қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б.з.д. IX–VIII ғ.) Қазақстан жерінде өркендеген мәдениет түрлері тоғысқанын көреміз. Марғұланның пайымдауынша, қола дәуіріндегі өнердің жоғарғы сатысына жеткен шеберліктің әсем түрі көзе шеберлігі, яғни, балшықтан жасалған кесе, құмыра, сауыттар. Ал, Атасу тұрағынан көптеген қож, балқытылған мыс кесектері, от бақыраш, тастан жасалған кен уатқыш құрал-саймандардың, қалыптардың табылуы, кен қорыту ісінің дамуын көрсетеді [24]. ҚР Орталық мемлекеттік музейінде археология залына экспозицияға қойылған 1947 жылғы Ә.Х. Марғұлан экспедициялары материалдары осының дәлелі.

Археологиялық қазба жұмыстарымен қатар Ә. Марғұлан сәулет өнері мен өнер тарихын терең зерттеді. Байырғы шеберлердің ісмерлігін көрсететін сәулет өнері түрінің бір айғағы – тас мүсіндерді де зерттеді. Ғалымның Шығармалар жинағының «Петроглифы Сарыарки» атты 3-ші томы мен «Каменные изваяния Улытау» атты 4-ші томдарына кірген тастағы жазулар мен суреттер республика музейлері экспозицияларынан кең орын алған. Тас мүсіндермен байланысты естелік құрылыстың бір тобы «дың», «үйтас» – қай жерде тас мүсін көп болса, сол жерде дың, діңгек, үйтас та жиі кездеседі. Аякөз бойындағы Қозы Көрпеш–Баян сұлу шошақ кешені дың, діңгектердің бір түрі. Бұл жерде ғалымның Қазақстандағы архитектуралық ескерткіштерді мақсатты түрде зерттегенін ерекше айтамыз. Бірінші кезеңде, Сарыарқа өңірі – исламға дейінгі ерте ортағасырлық (Домбауыл), ортағасырлық (Жошы-хан, Алаша-хан, Аяққамыр т.б.) ескерткіштерінен бастап, XVIII–XIX ғғ. қазақ сәулетшілері тұрғызған (Асанқожа, Дүзен, күмбездері) ескерткіштер республика көлемінде макет, фотосурет, суреттеме түрінде көптеген музейлер экспозицияларынан орын алған. Бұл ескерткіштердің көпшілігі Ә.Х. Марғұланның өзі зерттеген немесе ғалымның басшылық етуімен зерттелген ескерткіштер.

Ә. Марғұлан зерттеген Қорқыт өмірімен байланысты айтылатын тарихи хикаяның бағалысы Жанкент қаласы туралы аңыздар. Жанкент қаласына байланысты өзгеше нәрсенің бірі – сол ескі дәуірлерде әдемі заттар жасайтын шеберхана орнының табаны еді. Жанкенттен табылған мыстан, күмістен жасалған XIII–XIV ғғ. теңгеліктер ҚР Орталық Мемлекеттік музейі, Қожа Ахмет Иассауий кесенесі музей қорларынан орын алған.

Ә. Марғұлан жазуында, Қазақстанда күрделі цивилизация, тас мүсіндер, эпиграфиялық жазулар, тас-тұнжырлар, таулы жер мен өзен бойын сұлулыққа бөлеген сәулетті күмбездер, тас сарайлар, шулы қалалар болған. Бірақ олар бірде көркейіп, бірде түрлі себептермен жойылып отырған. Қорыта келсек, республика музейлерінің археология, этноархеология, архитектура залдары экспозицияларын ғылыми негізде құруда Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің біріншіден, археологиялық экспедицияларда жасалған фотосуреттерді музей экспозицияларын құруда пайдалану және Ә. Марғұлан еңбектері бойынша реконструкция жасау, яғни тарихнамалық, дереккөздік маңызын көреміз; екіншіден, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттық деректерді музей экспозицияларында тікелей экспонат ретінде көрсету секілді екі жақты маңызы көрсетіледі.

«Ә.Х. Марғұлан еңбектеріндегі этнографиялық зерттеулердің республика музейлерінен көрініс табуы» атты бұл тараудың 2-ші бөлімшесінде академик Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының республика музейлерінің этнография залдары экспозицияларын құрудағы рөлі мен маңызы қарастырылған. Қазақстан музейлері үшін Ә.Х. Марғұланның халықтың өнер тарихы туралы қалдырған еңбектері ерекше орын алады. Олардың қатарында «Қазақстан тайпаларының VІ–ХІІ ғасырларда жасаған мәдениеті», «Қазақ халқының ХІІІ–ХVІІ ғасырдағы мәдениеті», «Казахское народное прикладное искусство», «Казахская юрта и ее убранство» т.б. еңбектері. Республика музейлерінің этнография залдарынан Ә.Х. Марғұланның еңбектерінде берілген қазақтардың мәдениеті мен тұрмысына байланысты фотосуреттер жиі кездеседі.

VIII антропология және этнография ғылымдарының дүниежүзілік конгресі қарсаңында шыққан «Казахская юрта и ее убранство» атты еңбегінде көшпенді халықтардың сәулеткерлікпен қолөнерін құрайтын ғажайып туынды киіз үй – дала ойшылдары мен тұрғындарының дүниетанымы мен тапқырлық шешімі екендігін Ә.Х. Марғұлан бүкіл дүниеге таныстырып, киіз үйді көшпелілер даналығы дүниеге әкелген өнер туындысы ретінде сипаттайды. Шындығында, ғалымның бұл шағын еңбегі қазақ этнография ғылымында алғашқы бастама болып, киіз үй тақырыбын дамытуға, кейін, киіз үйдің Қазақстанның барлық музейлерінде, туризм ісінде, жалпы мәдениетте кең көрініс табуына әсер етті.

Халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, сондай-ақ саяси-әлеуметтік құрылымы, ондағы тіршілік ағымы біртұтас дүние екенін терең түсінген Ә. Марғұлан оның қолөнерін зерттегенде осы тұтастықты негізге алған. Қазақ қолөнерінің дамуы мен қалыптасуы, экономикалық құрылымы, шикізат байлығы, сауда-саттық, мәдени-этникалық байланыстары, табиғи орта мен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, тұрмыстық, шаруашылық ерекшеліктерін жан-жақты қарастырған. Ә. Марғұлан қолөнердің түрлі үлгілерін, өзі жинастырған, сондай-ақ Ресей және Қазақстан музейлері қорында сақталған материалдарды жүйеге келтіріп, суреттеген. Қазақы киімді – көненің көзі, ескерткіш ретінде болашаққа жеткізу қажеттігін терең түсінген ғалым осы тақырыптағы зерттеулерге ерекше көңіл бөлген. Ә.Х. Марғұлан зерттеулерінде ерекше көңіл бөлген сымбат өнерінің бір түрі – ғұндардың ою-өрнектері, оның қазақ халқының өрнегінде сақталған түрі. «Барлық мәдени құндылықтардың ішінде ең жақсы сақталғандары халықтық эпос және ою-өрнек, ал сәулет өнері ескерткіштері, тас мүсіндер секілді басқа да көне ескерткіштер із-түзсіз жоғалды немесе бізге олардың тек сынықтары және қорғандар мен мұнаралардың қираған орындары ғана жетті» – деп жазды ғалым [25, 75-б.]. Бұл ою-өрнектер өткенді елестету құралы емес, сол дәуірдің тілі болып табылады. Сондықтан да біз сол ою өрнектерден ертедегі образдарды көре отырып бүгінгі күнді де тани білуіміз керек.

Адамдарды ешкім де музейлік зат беретін ақпаратты қалай оқу керектігіне үйретпейді. Бұл процесс өздігінен түйсік арқылы іске асады. Себебі, «оқып үйрену, зерделеу» қабылдау және музейлік тексті оқу арқылы бір мезетте іске асады. Музей тілінің ерекшелігі – оның сол мәтінді құраушы заттарды қайталауға келмейтіндігінде. «Музейлік затты» қайталаудың мүмкін еместігі – біз сол заманға, сол музейлік зат жасалған уақытқа қайтып бара алмаймыз, уақытты қайтару мүмкін емес. Қазіргі шеберлер қандай да болсын музейлік заттың дәл сондай етіп екінші бір көшірмесін жасайды. Бірақ, бұл көшірмеге қарап біз негізгі түпнұсқаны жасаған шебердің көңіл-күйін, кімге арнағанын, алғашқы қажет еткен ағаш, тері, немесе металл бөлшектері секілді материалдарын қандай жағдайда, қалай даярлағанын, жұмысты жасау барысындағы шебердің қол қимылдарын, оны жасаған құрал-саймандарын бәрін көз алдымызға келтіре алмаймыз. Біз көшірмені қабылдағанымызбен түпнұсқаның құндылығын мойындаймыз. Себебі, әрбір музейлік ескерткіш затта сол заманның, сол дәуірдің, затты жасаған шебердің, оның иесінің өмір тарихы, тағдыры, наным-сенімі, рухы берілген.

Ә.Х. Марғұлан халықтың қолөнеріне арналған үштомдық «Казахское народное прикладное искусство» еңбегін жазу барысында республика көлемінде көптеген музейлер қорында жұмыс жасап, этнографиялық ерекше құнды экспонаттарды суретке түсірді. Бүгінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында сақталған, музей экспозициясында көрсетілген әйел адамның сәнге тігілген етегі алтын жіппен кестеленген сәнді көйлегі, алтын жіппен кестеленген бешпент, сырты жібек матамен қапталған, қымбат аңның терісінен жасалған ішікті, жиегі құндыз терісімен көмкерілген, күміс әшекейлермен, коралл тастармен әшекейленген сәукелені, алтын жіппен кестеленген айыр қалпақтарды, Омбы қаласының тарихи өлкетану музейінде сақтаулы қара жібек матаға алтын жіппен сирек кездесетін бөріқұлақ өрнегі кестеленген шапанды Ә. Марғұланның еңбегінен көреміз. Аталған музейлерде сақтаулы әйел адамдардың сансыз әшекей бұйымдары: құстұмсық жүзік, отау жүзіктер, т.б. жүзіктің түрлері, білезіктер, түрлі түймелер мен шолпылар, әшекей белбеулер, қапсырмалар секілді альбом беттерінен орын тепкен әшекей заттары ҚР Мемлекеттік орталық музейі және Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі залдары экспозицияларында кеңінен көрсетілген. Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінің экспозицияларынан орын алған небір тамаша текемет түрлерін, сырмақтарды, неше алуан басқұрлардың түрлерін көріп қайран қаламыз.

ҚР МОМ-нің этнография залында көрсетілген алтын жіппен кестеленіп, қымбат аң терісімен жиектелген түскиіз, теріден жасалған кілем, түскиіздер, сырмақтар, түкті және тақыр кілемдердің түрлерін, Орталық мемлекеттік музей, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі қорында сақтаулы небір шеберлердің жасаған ер-тұрман түрлерін де Ә. Марғұлан өз еңбегінде көрсеткен және олардың ерекшеліктерін сипаттаған. Ә. Марғұлан еңбегінде көрсетілген өте жақсы сақталған сеңсең тон мен қаптал шапанды ҚР МОМ-нің этнография залынан көруге болады.

Біріншіден, музейлер қорында сақтаулы қолөнер туындылары–талай түпнұсқа заттың құндылығына зерттеушілердің назарын аударды. Екіншіден, зерттеу нәтижесінде заттық деректі тереңірек тану және осы зат арқылы рухани мәдениеттің көптеген қатпарларымен кездесу, табысу мүмкіндігін түсіндіргенін атап айтуға болады. Сонымен қатар, ғалымның этнографиялық зерттеулері экспонаттың мазмұнын ашуда әдістемелік, бағыттағыш негізде көрініс тапқан. Үшіншіден, Ә. Марғұлан отандық музейлер қорында сақталған зор байлықты – жазба деректер мен материалдық ескерткіштерді тарихшылар, жыршылар, әдебиетшілер, этнографтар біріге отырып, салыстыра отырып зерттеудің қажеттігін түсіндірді.

Осы бөлімнің 3-ші бөлімшесі «Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің қолөнер шеберлерін анықтаудағы орнын» көрсетуге арналған. Ә.Х. Марғұланның еңбектерінде Қазақстанның барлық аймақтарынан аты шыққан шеберлер туралы тамаша деректер берілген. ХVІІІ ғ. өмір сүрген атақты Бұлан шебердің ХІХ ғ. дәстүрін жалғастырушы, зергер Құлмағамбет Байбақұлының 1868 ж. Буланже түсірген суреті ғалымның еңбегінде көрсетілген [18, 218-б.]. Шебер 1868 ж. Омбы қаласында, 1876 ж. Петерборда өткен этнографиялық көрмелерге қатысқан. Баянауыл, Қарқаралы, Ертіс өңірлерінде талантты шеберлер ұрпағын тәрбиелеген. Қ. Байбақұлының шәкірттерінің есімі ел аузында аңыз, қолөнер туындылары ұрпақтарына мұра.

Ә.Х. Марғұлан зерттеулерінде Қарқаралы өңірінен шыққан зергер Құлыбек Қаржасбаевтың оқушылары Захария Қарынбаев, Қали Қожағұловтар. Шебердің барлық қолданған құрал-жабдықтары інісі, әрі оқушысы Тойғанбай Битібаевта сақталған. Ақмола өңірлерінде Қ. Қаржасбаевтың замандастары – талантты шеберлер Асқар Хақасов, Құйқалақ Құлмұқанов, Апи Құйқалақовтар олардың балалары шеберлер Жұман, Тілепалды, Ойранбай, Омарқазылар темірді өздері өндіріп, өздері іске асырған. Арал теңізі, Сырдария өзені бойы шеберлері – зергер Қарамырза, Алданазар, Жолтай, Ысқақ шеберлер, Қызылорда маңында зергер, ұста Қобын Аманжоловтар өздеріне лайықты шәкірт даярлап қалдырды. Қобын ұста Қарамырзаның тәлімгері, Ысқақ шебер Жүсіп ұста Танабаевты тәрбиеледі, Жолтайдың шеберханасына ұлы Палжігіт иелік етсе, Алданазар шебер де ұлы Әлімбетті шеберлікке баулыды. Торғай өңірінен шебер Б. Түнетов, ұста Ғ. Аманов, әулетімен зергер Жармақ Жұмабаев, зергерлер Қожахмет, Мырзахмет Елікбаевтар, ағаш шеберлері, үйшілер Болат Досжанов, Әбділдә Досмаилов, Естай Тіленов, К. Құқашевтар туралы да жазды. Бір таңқаларлық жай, осы шеберлердің қайсысы болсын жеті аталарынан шеберлікті мирас еткен әрі бесаспап шебер, әрі зергерлік, ұсталық мектебін жалғастырушы, ата жолын қуған, мұрагерлер. Олардың жасаған қолөнер туындыларын түрлі деңгейдегі музейлер экспозицияларынан көруге болады. Мысалы, Ә.Х. Марғұлан еңбегінен аты танымал Н. Кәрібаев жасаған алтын жалатылған ер-тұрман, төсайыл, тоқым, жүген, құйысқан ҚР Мемлекеттік орталық музейінде, Ә. Есалин жасаған күбінің піспегі Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде, ал, шебердің ер-тұрмандары ҚР Мемлекеттік орталық музейінде, Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған. Ә.Х. Марғұланның зерттеу еңбектерінің музей экспонаттарын зерттеу барысында оларды жасаушы шеберлерді анықтаудағы орны ерекше екенін атап көрсетеміз.

2-ші бөлімнің 4-бөлімшесінде «Ә. Марғұланның этномәдени зерттеулерінің дереккөздік маңызы» мәселесі қарастырылған. Музейлерлер қорында жинақталған тарихи-мәдени құндылықтарымызды зерделеуде, бір жәдігерді талдап, түсіну, оның тарихи-мәдени, көркемдік құндылығын ашу үшін, музейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қалыптастыруда ғылыми, тарихи-дерекнамалық, арнайы әдістемелік әдебиеттің рөлі зор. Мысалы, дерек көздерінсіз музейлердегі бай этнографиялық коллекциялар «өлі капитал» күйінде қалатыны даусыз. Ал, Ә.Х. Марғұлан еңбектерінде музей ісін дамытуда қолдануға болатын қазақ халқының өмірін, қолөнерін, өнер мен өмірдегі ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын көптеген әдеби және ғылыми құжат көздері көрсетілген. Олар: а) революцияға дейінгі басылымдарда жарық көрген шетел жиһанкездерінің материалдары; ә) Қазақстан қолөнері туралы революцияға дейін шығып тұрған Ресей журналдарында жарияланған мақалалар; б) Ақмола, Семей және Торғай облыстық ведомостарында, «Дала уалаяты газетінде», «Оренбургский листок» тағы басқа жергілікті басылымдарда қазақ халқының этнографиясына, көркем өнеріне арналған материалдар; в) Кеңес одағы кезінде жарық көрген одақтық басылымдардағы қазақ халқына байланысты үнемі жарияланып тұрған этнографиялық материалдарды көрсетуі.

Ә. Марғұланның «Казахское народное прикладное искусство» атты еңбегінің 1-томының дереккөздік маңызы ерекше. Біріншіден, қазақ халқының қолөнері туралы ертеректе басылған көптеген деректер, құжаттар іріктеліп, реттілікпен баяндалған. Қазақ даласына арнайы ұйымдастырылған жабдықталған академиялық экспедициялар құрамында болған танымал суретшілердің суреттерін, кітапханалар мен музейлер қорында сақталған сурет альбомдары мен фотосуреттерін анықтап, көпшілікке ұсынуы арқасында – кезінде жоғалтып алған асылдарымызды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Екіншіден, Ә.Х. Марғұлан «Қазақ халқының қолөнерін зерттеп, насихаттау және құнды музей коллекцияларының жинақталуына себін тигізген – үлкен көрмелердің ұйымдастырылуы еді», – деп жазады [18, 17-б.]. Үлкен көрмелердің қай жылдары ұйымдастырылғаны, ұйымдастырылу себептері, өткізілген орны туралы және осы көрмелерде жұмыстары көрсетілген шеберлер мен ұйымдастыруға өз үлестерін қосқан зиялы азаматтардың есімдері туралы деректер жазып қалдырды. Көрмелерде көрсетілген өнер туындыларының қазіргі уақытта қандай музей қорларында сақталғаны туралы деректер келтіреді. Үшіншіден, қазақ халқының өзіндік бітім-болмысын сөз еткенде ұлт мәдениеті мәселелерімен бірге оның тілін де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Этнографияда тілтану, лингвистика нәтижелері де кеңінен ескеріледі. Осы орайда Ә.Х. Марғұлан еңбегімен зерттеулері күнделікті тұрмыстағы қолданыстан шығып, жоғалып бара жатқан көптеген зергерлік өнер туындылары мен ою-өрнек атауларының да халқымызға қайта оралуына үлкен ықпал еткенін атап өту керек. Академик Ә.Х. Марғұланның «Қазақ Совет Энциклопедиясына» дайындаған материалдары мен түсініктеме-мақалалары да біздің тақырыпқа аса маңызды.

Ә. Марғұлан еңбектерінің музей ісіндегі аса қажеттігі – бабаларымыздан мұра болып жеткен қолөнер туындыларының қай ғасырда және қай өңірде дайындалғаны, оны жасаған әрбір аймақ шеберлерінің өздеріне ғана тән ерекшеліктері туралы да дереккөздік мағлұмат алу мүмкіндігі. Мысалы, ғалым Эрмитажда сақталған кебенені сипаттау арқылы биліктің символы – қалықтап ұшып бара жатқан қыран құс бейнесіне көңіл аудартты [18, 112-113, 125-бб.]. Осы өрнек түрлерінен бабаларымыз қашанда өз ұрпағының жұлдыздай жарқырап жоғары тұруын, қыран құстай биіктерге самғауын армандағанын көруге болады. Демек, экспонаттың мазмұнын ашу барысындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін және музейлік заттың жеке құжатын толтыруда біріншіден, Ә.Х. Марғұланның этнографиялық зерттеу еңбектерінің маңызын, екіншіден Ә. Марғұлан еңбектерінде көрсетілген музей ісін дамытуда қолдануға болатын қазақ халқының өмірін, қолөнерін, өнер мен өмірдегі ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын отандық және ресейлік әдеби және ғылыми құжат көздері көрсетілуі секілді екі жақты дереккөздік маңызы бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет