Хіх ХХ ғасырлардағы классикалық емес еуропа философиясы


Егер теория жоққа шығарылмаса, оны ғылым дей алмаймыз



бет3/5
Дата25.02.2016
өлшемі370 Kb.
#24199
1   2   3   4   5

Егер теория жоққа шығарылмаса, оны ғылым дей алмаймыз.

Фальсификация принципінде кейіннен сынға ұшырайды.

Теорияны жоққа шығару – оны фальсификацияға ұшырату емес, фактілерді жақсы түсіндіре білетін басқа теориямен ығыстыру. Осы мақсатпен ғылымды эмпириялық және теориялық деңгейде ғана қарастырмай,ғылымилықтың мазмұнды нормаларын беретін метатеориялық деңгейде де қарастыру керек деген ұсыныс болды.

Томас Кун осы ұсынысты ескере отырып философияға жаңа “парадигма” ұғымын кіргізді.


Парадигма - барлық ғылыми қауымдастық қабылдаған ғылыми нәтиже. Оның көмегімен ғылыми проблемаларды қоюға және оны шешудің әдістерін қарастыруға болады. Парадигма ауысқан уақытта, ғылыми нормалар да ауысады. Әртүрлі парадигмалардың аясында қабылданған теорияларды салыстыруға болмайды, өйткені ғылымилықтың әртүрлі стандарттарына негізделген. Парадигма деңгейінде ғылыми біліммен, жалған білімнің арасын ажырататын нормалар қалыптасады.

Кун ғылымның дамуын парадигмалардың ауысуымен байланысты революциялық процесс деп біледі. Ғылым дамуы екі кезеңнен өтеді. Қалыпты кезеңде ғылыми ғылым бір нақты парадигманың аясында дамиды. Осы уақытта эмпириялық фактілер жинақталады және қолданылып жүрген әдістердің көмегімен түсіндіріледі. Уақыт өткен сайын ғылыми қауымдастық қолданылып жүрген әдістермен принциптерге күмәндана бастайды, өйткені жаңа фактілер тұрақтанып қалған ғылыми тұжырымдарға қайшы келетіні байқалады. Осының нәтижесінде жаңа фактілерді түсіндірудің жаңа әдістері қалыптасады. Осыған байланысты ғылыми қауымдастық ескі парадигмадан бас тартып, жаңа парадигмамен санасуы керек. Осы сәтті Т. Кун ғылымның дағдарысы деп атайды. Ғылыми қауымдастықтың көпшілігі жаңа парадигма ғылыми мақсаттарды шешудің дұрыс амалын ұсынады деп сенуі керек.

Дегенменде, сенім ғылыми зерттеудің логикасында жатқан рационалдық негізге сүйенеді. Кейіннен Т. Кун парадигманы дисциплинарлық матрица ұғымымен алмастырды. Дисциплинарлық матрица осы нақты дәуірде басым ғылымилықты анықтайды, сонымен бірге ғалымнан белгілі ойлау тәсілін, мінез-құлқын қажет етеді.

Ғылымның дамуы туралы И.Лакатос ұсынған концепция Т.Кунның позициясына жақын.

Ғылымның дамуы ғылыми-зерттеу бағдарламасының ауысуы арқылы жүреді. И.Лакатос ғылыми-зерттеу бағдарламасын екі кезеңге прогресс және регресс деп бөледі. Ғылыми қауымдастық көбінесе прогрессивті зерттеу бағдарламасын таңдайды, өйткені бағдарлама фактілерді түсіндіріп қана қоймай, белгісіз фактілерді болжауға көмектеседі.

Ғылыми-зерттеу бағдарламасының ауысуын И.Лакатос ғылыми революция деп атайды. И.Лакатостың пікірінше ғылымның даму тарихы осы ауысып отыратын бәсекелес зерттеу бағдарламалардың күресі арқылы толық анықталады. И.Лакатос ғылымның ішкі және сыртқы даму тарихын айырады. Ғылымның ішкі тарихы идеялар мен методологиялардың ауысуы, ал сыртқы тарихы жеке тұлғалармен, ғылымды ұйымдастыру формаларымен байланысты, яғни ғалымдардың іс-әрекетіне тәуелді.

П.Фейерабендтің пікірінше бір мезгіл аралығында өзара көптеген білімнің түрлері бар, ал ғылымның ішінде-көптеген өзара тең теориялар бар. Ғылымның дамуы әртүрлі теориялардың бәсекелестігі арқылы жүреді. Олай болса ғалымдар альтернативті теорияларды көптеп жасай берулері керек. Олар бір-бірімен жарыса отырып, өздерінің бастапқы принциптерін айқындап алады, өзара сынасады, ақырында ғылымның дамуына көмегі тиеді. Әртүрлі парадигманың негізінде қалыптасқан теорияларды салыстыруға болмайды, тіпті көрінген екі теорияны салыстыра алмайсың. Олардың әрқайсысының негіздері әрқилы. П.Фейерабенд рационалды ойға қарсы. Ғылым тарихына сүйене отырып, ол қабылданған ғылым стандарттарымен, нормалардың негізінде рационалды емес компоненттер жатыр дейді. «Ғылымның құндылығы неде? Шынымен ғылым хоппи космологиясынан, Аристотель ғылымы мен философиясынан, дао ілімінен артық па? Немесе, ғылым-нақты бір тарихи жағдайларда пайда болған мифтердің бірі шығар?» деген сұрақтар қоямыз. Байқасақ, рационалды іргетасының негізінде салынған үй берік емес екен.

Ғылым туралы біздің түсінігіміз, оның қазіргі өркениеттігі алдыңғы қатардағы орнымен байланысты. Соған табынамыз. Сондықтан, ол ғылым діннің бір вариантына айналған, өйткені дүниені түсінудің ғылыми емес, ғылымнан тыс формаларын мойындамайды, тіпті жоққа шығарады. Сциентизмді осы тұрғыдан алсақ ғылыми-теориялық фанатизм дейміз.

Ғылым, дейді Фейерабенд, өзінің көптеген параметрлерімен мифологияға жақын. Ол қазіргі заманның мифі, немесе, дәлірек айтсақ қазіргі мәдениеттің мифологиясы. Ғылымды негіздеу, көрінген мифті негіздеу сияқты-рационалды дәлелдер келтіру арқылы емес, сенім арқылы жүргізіледі.

Ғылым теорияның құрылымы да мифологияға жақын. Екеуінде де өзгеріс барысында бұзылмайтын орталық идея бар. Мифологияның өзекті идеясы-тиым салу (табу) жүйелері, ал ғылымда она концепцияның фундаменталды негізі деп атаймыз. Осы негізге сәйкес келмейтіндерді жарамсыз дейді, немесе жоққа шығара салады. Осы сияқты дейді Фейерабенд, ғылымның дүниені түсінудің басқа формаларына қарағанда нақтылығы, қисындылығы туралы пікірде күмәнді.

Сонымен, ғылымның сциентикалық методологиялық үлгісі, көрінген идеологиялық немесе діни жүйе сияқты рас ғылымнан алыс тек идеалды құрылым. Ғылым ақыл-ойдың ғана туындысы емес. Оның бойында рационалды емес элементтер жетерлік. Осындай фактілермен санасу керек. Болмысты және оның формаларын рационалды тұрғыдан ғана түсіндіру жеткіліксіз, өйткені рационалды танымның шегі бар. Танылмаған сфералар, танылған сфераларға қарағанда сондай ауқымды, сондықтан дүниенің иррационалдығын мойындауымыз дұрыс болған болар еді.

Әдебиетте Фейерабендтің көзқарасын постпозитивистік дәстүрде қарастырады. Бірақ осы бағыттың кейбір өкілдері қатаң сциентистік бағыттан бас тартып, ғылымды кең әлеуметтік-мәдени контекстте зерттеуде.


2 Іс - әрекеттік бағыт
Прагматизм – ілімінің өзегі адам және оның іс-әрекеті. XIX ғасырдың 70 жылдары Америкада шығып, XX ғасырдың бірінші жартысында басқа елдерге кең тарайды.

Негізгі идеясы Ч. Пирстың (1839-1914) есімімен байланысты, ал ары қарай дамытушылар У. Джеймс (1842-1910), Д. Дьюи (1859-1952). Сөздіктерде “прагматизм” терминінің шығуын “іс”, “әрекет” сөздерінен туындатады.

Пирс өзі ұсынған терминді И. Канттың “прагматикалық сенім” ұғымынан туындағанын айтады. И. Кант “Таза ақылға сында” былайша түсіндіреді. Адамға әрекет қажеттілігі туғанда, бірақ жағдай әлі айқын емес, және істің немен тынары туралы білім болмаса, онда оған бірер ұйғарымға келіп сену керек, яғни сенімге негізделген іс-әрекет мақсатқа жеткізеді. Білім негізделмей, сенімге негізделген іс-әрекет Пирстің жаңа философиялық доктринасының өзегі.

Пирс адамның ой-санасының негізгі екі күйін-ахуалын айырады. Бірінші күйінде күмәншілік (сомнение) сана тартыншақ, көмескі, екі ұшты, әртүрлі пікірлердің арасындағы солқылдақ сана. Пирс күмәншіл сананың эмоциялық сипаттамасында ұмытпайды. Күмәншіл сана мазасыз, күйгелек дейді. Сенімнің күйінің эмоциялық сипаты жағымды, сабырлы, байсалды. Сенім субъектісі іс-әрекетке дайын, өйткені сенім тұрақты, үнемі жүріп жатады, тіпті дағдыға айналған.

Адам (мүдделі адам) күмәндану жағдайынан құтылып сенімнің байсалды қалпіне жетуге талпынады. Біріншіден екіншіге ойлау арқылы жетеді. Ойдың жалғыз фүнкциясы тұрақты сенімге жеткізу. Осыдан басқа ойдың қызметі жоқ. Сенім ақиқатпа әлде жалғанба, соған қарамастан, адам тұрақты сенімге жеткеніне қанағаттанады. Сонымен бірге, адамдағы сенім тұрақты болса, онда ол оны ақиқат деп біледі. Дәстүрлі таным теориясының мақсаты – білім, ал ой ақиқат білімге жеткізетін жол.

Прагматизмнің “мүдделі адамы” күмәнданудан босап психологиялық қанағат, эмоциялық тыныштық табады. Білім мақсат емес, “мүдделі адамға” тыныштық әкелетін сенім керек. Егер адам танымға емес, тұрақты сенімге және жан тыныштығына жетуге мүдделі болса, онда ойлаудың нәтижесін ақиқат немесе жалған демей, жақсы немесе жаман деп бағалау керек. Пирс танымды жоққа шығармайды. Танымның алғы шарты – құбылыс, көрініс. Ақиқат – сенімге негізделген білім. Ғылымда жеке ақиқат жоқ, ақиқат жалпыға бірдей болу керек. Ол үшін білгір зерттеушілер, егер зерттеу процесі ұзаққа созылса, міндетті түрде келісімге келіп мәжбүр етілген ақиқатқа жетер еді.

Ақиқатты осылай түсінуді, кейінгі прагматистер қабылдамады.

Пирс көпқырлы ғалым: химик, астроном, логик, философ, математик, семиотика ілімін жасаушы. Негізгі еңбектері: “Сенімді бекіту”, “Біз идеяларымызды қалай айқын жасаймыз”.

Джон Дьюи – американдық прагматистердің ең беделдісі. Ол алғашқы кезеңде психологиямен, білім психологиясымен айналысады. Кейінен педагогикаға ықыласы ауып «прогрессивті білім алу» атаулы теориясын жасаған. Дьюи, мектептің міндеті баланың басын толтыру емес, оның қабілетін ашуға көмектесу деп білген. Дьюи философияның көптеген мәселелерімен айналысқан өнімді жазушы.

Дьюи философиясының негізгі ұғымы – тәжірибе. Тәжірибе кең мағынада алынады, яғни адам өмірімен байланысты әлеуметтік, рухани, табиғи, мәдени көркем құбылыстардың барлығы да тәжірибе. Адам тағдырына әсер ететіннің барлығы тәжірибе.

Адамның санасы тәжірибені алып жүруші. Философияның міндеті және соның көмегімен тәжірибенің өзін жетілдіру. Дьюи, алдыменен әлеуметтік өмірді қайта құрып, адамдардың өмірін жақсарту деп түсінген болар. Ол үшін ол білім жүйесін өзгертуді ұсынады. Шындығында, қай мемлекетте болмасын орта және жоғары білімнің деңгейінің төмендегені баршаға аян. Оның ұсынған педагогикалық жүйесін қатты сынаған, бірақ ол осы мәселені қоя білді. Ағарту, білім жүйесін реформалау қоғамды жетілдірудің шешуші құралы немесе әдісі.

Тәжірбиені жетілдірудің тағы бір жолы «жоғарғы технологияның» ғылыми әдістерін пайдалану. Адамзат ғылыми техниканы жетілдіруде көрнекті нәтижелерге жеткенімен, солардың ғылыми әдістерін қоғамды басқаруға, саясатта, әлеуметтік өмірде қолданбады. Әуелі, осы ғылымдардың әдістерін, білім алуға қолдану керек. Ол үшін ғылыми әдістерді логикалық қайта құрудан (реконструкция) өткізу парыз. Сонымен, тәжірибені реконструкциялаудың үшінші жолы – ойлауды жетілдіру. Дьюи эмпирикалық сипаттағы ғылыми әдісті қолдануда қиыншылықтар кездеседі дейді. Ондай қиыншылықтардан шығудың жолы логиканы, қалай түсінетіні туралы, көпшілік қауымға арналған. «Біздер қалай ойлаймыз?» деген еңбегі бар.

Адамның тәжірибесі (адамның өмірі) өзгерісте болғандықтан, айқын емес, тіпті кейде қатерлі, тұрақсыз. Тәжірибе тәуекелмен (риск) байланысты. Адам барлық істе, тұрақтылықты, айқындылықты қажет етеді. Осыған жауапты,Дьюи Платон философиясынан табады. Платон дүниені екіге, идеалды және материалды дүниеге бөлген. Материалдық дүние сезім арқылы қабылданады, сондықтан оны көрінген таный алады, ал идея дүниесіне ақылдың көмегімен жететін болғандықтан оған ерекше қабілет керек. Сезімдік таным қарапайым, физикалық еңбекпен айналысатын білімсіз адамдарға, құлдарға, жер өңдеушілерге тән, ал идеялар рухани дамыған, білімді адамдардың үлесі.

Осындай, әлеуметтік еңбек бөлісі ертеден келе жатыр және екі дүниетанымды қалыптастыруға себебін тигізді (материалистік, идеалистік). Бірақ, ол уақыт өтті, қазіргі демократиялық қоғамда қол еңбегі мен ой еңбегін қарсы қоюға негіз жоқ, олардың арасы жақындасқан сайын бірте-бірте өше бастайды. Жалпы, Дьюи абсолютті білімге, ақиқатқа қарсы. Кейбіреулер – дейді Дьюи, жетілген қоғамды, жетілген білімді және басқа да игіліктерді дайын күйінде алғысы келеді, өйткені олар адамның табиғаты өзгермейді деп сенеді. Шыңдығында адамның табиғаты құбылмалы.

Дьюи, абсолютті ақиқат, яғни өзгермейтін, толысып біткен білім болмайды – дейді. Егер теория немесе пайымдау, алға қойған мақсатымызды, жоспарымызды іске асыруға көмектесіп, дұрыс нәтиже берсе, онда біздер алғыс айтқандай оларды (теорияны) ақиқат білім деп атаймыз. Осындай пікір тек Дьюиге емес, барлық прагматисттерге тән.

Сонымен, білімді алудың процесін Дьюи төмендегіше түсіндіреді. Ғылыми әдістің, ғылымның жалпы және негізгі міндеті адамды ортаға барынша толық бейімдеу, адамның қызметіне жағдай жасау.

Сондықтан да, танымның және зерттеудің барысында қолданылатын ұғымдарды Дьюи мақсатқа жетудің құралы, инструменті ретінде анықтайды.

Осыдан, Дьюидің концепциясын инструментализм деп атайды.

Сонымен, адамды ортаға қалай бейімдеу керек? «Ортаға бейімделу» деген сөйлем тым жалпы айтылған. Шындығында, адамның іс-әрекеті нақты жағдайларда өтеді, нақты мақсаттарды шешуге бағындырылған. Ондай міндеттер әр түрлі болуы мүмкін. Осындай, қандай да болмасын проблеманы шешу алдында тұрған адамның ситуациясын Дьюи – проблемалық ситуация деп атайды. Жол айырығында қайда барарын білмей тұрған адамның ситуациясы осыған мысал бола алады. Осындай ситуацияға түскен адам қобалжиды, өзін жақсы сезінбейді, өйткені анық емес, соңы не болары белгісіз шешілмеген проблема күтіп тұр. Дьюи осы проблемалардан шығудың жолдарын көрсетуге талпынған.

Дьюидің түсінуі бойынша, ғылыми әдіс, идеялар, теориялар проблемалық ситуацияны шешуге көмектесе, сенімді болса, онда оларды ақиқат білім деп атаймыз, ал егер сенімсіздік тудырса, шатастырып жіберсе онда олар жалған.

Сонымен, идеялар, теориялар пайдалы болса, табысқа жеткізсе ақиқат деп айта аламыз. Дьюидің инструменталдық әдісімен жалпылай таныстық.

Енді, осы әдісті бір-бірімен тығыз байланысты моралдық, саяси, құқықтық сфераларға қалай қолданғанына көңіл бөлейік.

Гректерден бастап, дейді Дьюи этикалық теория «жоғарғы игілікті» яғни, бірде «қамсыз өмір», бірде «бақыт», бірде «құдайға сүйіспеншілік», бірде атараксия деп аталған игіліктерді іздеумен әуре болды.

Дьюи жоғарғы игіліктің барлық варианттарын қажет етпейді. Ол мақсаттар, игіліктер нақты болу керек. Игілік деп байлықты, деңсаулықты, достықты, әділдікті, білімділікті т.б. атаймыз. Денсаулық, байлық, білімділік сияқты игіліктердің соңына жету мақсат емес, сол бағыттағы өну, өсу, тәжірибенің үздіксіз процестігі, мақсат. Қандай да болсын мәселелердің өзіне лайық шешімдері бар.

Игілік соңында емес, жолында. Игілікке жету жолындағы тынбай іздену, өзіңді жетілдіру – нағыз мақсат.

Прагматикалық әдісті (ғылыми) әлеуметтік-саяси ситуацияларға пайдалану Дьюидің пікірінше жақсы нәтижелер береді.

Дьюи, Америкадағы демократияның тағдырына алаңдап, ондағы әлеуметтік Қайшылықтарды шешудің жолдарын қарастырады. Ол жол - әлеуметтік реконструкция. Оның басты принципі қандай да болмасын өктем, күш көрсету әрекеттерден бас тартып, тек бейбіт құралдарды пайдалану. Демократиялық мақсаттарды іске асыру демократиялық әдістерді қажет етеді. Адамның өмірі, жеке, нақты проблемалардан тұрады. Олар: білім алу, тәрбие, кәсіпкерлер мен жұмысшылар, этникалық топтар арасындағы қатынас сияқты көптеген проблемалар. Осыларды, біртіңдеп, асықпай шешуге болады. Қоғамды қысқа мерзім аралығында, тез өзгерту мүмкіндігіне үміттенбеу қажет. Түбегейлі әлеуметтік өзгерістерге жетудің құралы адамдарды оқытып тәрбиелеуде ғылыми әдістерді және жоғарғы технологияны қолдану тиімді.

Дьюидің ықпалы Америка Құрама Штаттарынан тыс жерлерге жайылды. Ол Қытайда тәрбие реформасы туралы дәрістер оқыды. Жапонияда, Түркияда қызмет істейді. Оның негізгі еңбектері: «Демократия және тәрбие», «Мектеп және қоғам», «Философиядағы реконструкция»

У. Джемс – физиолог, психолог, “Психология принциптері” атаулы еңбек жазған, Пирстің идеясын насихаттаушы, дамытушы ретінде белгілі.

Өзінің философиялық дүние танымын “радикалды эмпиризм” деп атап, прагматизмді философиялық қиыншылықтан шығудың әдісі және ақиқат теориясы деп түсінген. Джемс философияға психологиядан келгеннен кейін ол тұлғаның рухани өмірімен көп айналысып, философияның барлық мәселелерін жеке тұлғаның мүддесі тұрғысынан қарастырады. Қандай да болмасын философиялық мәселелерді Джемс олардың мазмұны жағынан емес, субъектігі қатыстығы жағынан қарастырады. Оның ықыласы адамның санасындағы болып жатқан өзгерістер. Адамды қоршаған табиғи ортаны білу қажет және пайдалы болуы мүмкін, дейді Джемс, бірақ философиялық мәселелерді түсінуге ешқандай қатысы жоқ.

Джемс философиясының негізгі ұғымы “тәжірибе”. Тәжірибеден басқа ештеңе жоқ. Джемс тәжірибенің объективті жағын емес субъективті адами мазмұнын (сезіну, қобалжу) қарастырады. Тәжірибе сананың ағыны, мазасызданудың ағыны, яғни көрінген сезімдерді, эмоциялық жағдайларды, көңіл-күйлерді біріктіреді.

Британ эмпиризмінің дәстүрін сақтай отырып, Джемс тәжірибенің ішінен, соның негізі ретінде түйсікті бөледі. “Түйсік қайдан келгені белгісіз, бізге күшпен ендірілген”. Тәжірибенің негізін түйсік деп білген Джемстің Беркли мен Юмның сенсуализміне жақын екендігін байқауға болады. Бірақ, Джемс пікірінше заттар белгілі, анық заттар ретінде тәжірибеде берілмеген, өйткені тәжірибе түйсіктердің ажырамаған ағыны. Ол заттарды сол ағыннан субъект өз еркімен, жігерімен бөліп “кесіп” алады. Адамның жігері, еркі іс-әрекетпен тығыз байланыста. Сонымен, бізді қоршаған айқын, нақты рас дүниені өзіміз жасаймыз.

Адам алдына мақсат қояды, соған жетудің құралын өзі таңдайды. Адам табиғаттың бөлігі, күші емес, ол жігерлі, белсенді, сезімтал, әрекетші тұлға.

Әрекетті, прагматистер, практикалық әрекет емес рухани әрекет деп біледі. Әрекет арқылы дүние жасалмайды, өзгермейді, тек түйсіктер өзгереді. Әрине, түйсіктер біздің бақылауымыздан тыс жатыр. Бірақ қай түйсіктерге көңіл аударамыз, байқаймыз, ол біздің ықыласымызға тәуелді. Біздер, бір фактіні әр түрлі оқимыз. “Ватерлоо...” ағылшындар үшін “жеңіс”, француздар үшін “жеңіліс”.

Рас дүниенің мазмұны таңдауға тәуелді, ал таңдау субъектіге тәуелді. Рас дүние өзі туралы ештеңе айта алмайды. Ол туралы біз айтамыз. Ол туралы не айтқымыз келсе соңы айтамыз – дейді Джемс, өйткені әлем біздің ырқымызға көнгіш.

Адам дуниені ақиқат жүйелері арқылы қабылдайды. Ақиқатты жасайтын адам. Ақиқатты, Джемс жалпы прагматистер жақсы “жұмыс” жасайтын, табысқа жеткізетін, пайда әкелетін идея деп түсінеді. Егер идея тәжірибе кедергілеріне сүріндірмей алып шықса, біз оны ақиқат дейміз, өйткені пайдалы, немесе ол пайдалы, өйткені ақиқат.

Ақиқат өзін ақтайтын сенім, деп Джемс, Пирстің “сенім” терминінде пайдаланады. Джемс тірі кезінде көпшілікке танылған философ еді. Ол діншіл жанұяда тәрбиеленгендіктен өзінің философиясында діни мәселелерге көп көңіл бөлді. Адамдар өздерін Әлемде қауыпсыз сезінуі үшін дінді қажет етеді. Құдайға сену арқылы адам өзінің тағдырын сәтті ұйымдастыруға талпынады. Сенімнің пайдасына келтіретін ешқандай логикалық, космологиялық және тағы басқадай негіздер жоқ, ал болатын болса ол адамның эмоциялық табиғаты. Басқаша айтсақ, адам сенуге құштар. Дінге сену арқылы адам эмоциясы қанағат табады. Сенім пайдалы. Егер адам қалтқысыз сенсе, қойған мақсатқа жетудің мүмкіндігі көбейеді.

Жалпы, Джемс өзінің “радикалды эмпиризмін” және ақиқат теориясын діни сенімді ақтау үшін кеңінен пайдаланады. Діни сенім адамның өмірін, қылығын өзгертеді, яғни оның салдары көбінесе жақсылықпен аяқталады. Сондықтан, прагматикалық ақиқат теориясы бойынша оны ақиқат деп мойындауымыз керек.

Джемстің шығармалары: “Психологияның негіздері”, “Прагматизм”, “Плюралистік дүние”.

Марксизм философиясы. Гегельшілдерден шыққан философиялық ағымдардың көрнектісі марксизм философиясы. Осы ағымның негізін салушылар К Маркс (1818-1883) және Ф. Энгельс (1820-1885) 1840 жылдардың басында кішігегельшілдердің сол қанатына косылып, кейіннен 1840 жылдардың ортасында материалистік позицияға көшеді.

Олар Гегельмен және Фейербах шығармашылығына сүйеніп, идеалистік диалектиканы, антропологиялық материализмді ой елегінен өткізіп жаңа философиялық бағытты – диалектикалық материализмді құрды. Маркс және Энгельстің қоғамға қатысты ілімі – тарихи материализм атауымен белгілі.

Диалектикалық материализмнің негізіне материалистік принцип тұрғыдан қайта құрылған Гегельдің диалектикасы салынды. Болмыс сананы анықтайды. Сана материяның қасиеті. Материя тұрақты қозғалыста, дамиды. Дамудың негізгі факторы - практика. Даму диалектиканың заңдарымен іске асады. Дамудың қайнар көзі – қайшылық.

К. Маркс және Энгельс философия тарихында бірінші рет қоғамды диалектикалық-материалистік тұрғыдан қарастырды.

Өндіргіш күштермен өндірістік қатынастардың диалектикасына көп мән берілді Тарихты материалистік тұрғыдан түсіну олардың философиялық жаңалықтары еді.

Маркс «Саяси экономияға сын» кітабының кіріспесінде осы жаңалықтың мәнін былайша жеткізді. Қоғам дамуының әрбір сатысында адамдар өздерінің өмірін қамтамасыз ету үшін өздерінің еркінен тыс өндірістік қатынастарға кіруге мәжбүр болады. Өндірістік қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі экономикалық жүйені, базисті құрастырады. Мемлекеттік, қоғамдық институттар және қоғамдық қатынастар экономикалық базистің қондырғысы болып табылады. Олар, яғни базис және қоңдырғы өзара байланыста, бір-біріне әсер етеді.

Өндіргіш күштердің даму деңгейі өндірістік қатынастардың өзгеруіне, және қоғамдық-экономикалық формацияның, қоғамдық-саяси құрылыстың ауысуына алып келеді. Қоғам өзінің даму барысында бірнеше сатылардан немесе экономикалық формациялар, бір-бірінен өндірістік тәсіл арқылы айырылады, яғни өндіргіш күштердің даму деңгейіне байланысты.

Капиталистік қоғамның «анатомиясын» зертей келе Маркс және Энгельс адамның саналы іс-әрекетін және жануарлардан айырмашылығын еңбек арқылы анықтайды.

Марксизм философиясы туралы қазақ тілінде шыққан еңбектер баршылық, сондықтан, марксизм философиясының идеяларымен толығырақ танысу үшін Т. Ғабитов құрастырған «филосфия» оқулығын, Д. Кішібеков, Қ. Әбішев А. Қабаева жазған оқулықтарын пайдалану керек.
3 Антропологиялық бағыт
Философиядағы осы бағыт үш негізгі мектепті құрайды:өмір философиясы, экзистенциализм және философиялық антропология.

Иррационализм ақылдың мүмкіндігін мойындамайтын санадан тыс қабілеттерге, интуицияға, инстинкке, ерікке басты көңіл бөледі.



Өмір философиясында – иррационализм басқаларға қарағанда күштірек байқалады. Оның өкілдері: А. Шопенгауэр, Ф.Ницше, В. Дильтей, Г. Зиммель және А. Бергсон.

Өмір философиясының қалыптасуына Артур Шопенгауэрдің философиясы әсер етті.Оның негізгі шығармасында («Мир как воля и представление») дүниені өмірге деген құштарлық идеясы арқылы түсіндіреді. Ойдың құндылығы күмәнді, ал адамның еркі ерекше жағдай, ол санада емес, іс - әрекетте емес. Ой арқылы адам дүниені ерік ретінде таниды. Әр адамның, басқаларды мақсатқа жеткізудің құралы ретінде, немесе кедергі ретінде қарастырады. Әр адам басқалармен күресіп, өмір кешпек. Әлеуметтік құрылым (мемлекет) өзімшілдікті жоюға дәрменсіз. Өмірде мән жоқ, адам ешқашан да қанағат таппайды. А. Шопенгауэр философиясының онтологиялық мәселелерімен айналыспайды, өйткені ақиқатта, әділеттікте жоқ, тек өлім алдындағы қорқыныш бар. Адамның бақыты көмескі, отырып, адамның мінез – құлқын қалыптастыратын қуатты құрал. Адам өзінің тағдырының иесі емес, шексіз өмір мұхитындағы қалқып жүрген қағаздан жасалған кеме. А. Шопенгауэрдің иррационолистік идеясымен танысқаннан кейін Ф.Ницше оның концептуалды идеясын ары қарай жалғастырады. Ф. Ницшенің пікірінше қоғамның қозғаушы күші «өмірге деген ерік» емес «билікке деген саналы Ерік». Осыған байланысты Ницше барлық адамзаттың құндылығын сынға алады. Дүниенің құндылығы жоқ, ал өмір қатыгез ойын. Осы ойында орташа, шамалы қабілеті бар адам жеңіп шығады, өйткені қабілетті рухтары күшті адамдарға қарсы тұрғандар қалың ұйымдасқан тобыр. Билікті күшті адамдар жүргізуі керек.

1884 жылы Ницше «Заратустра осылай деген» философиялық поэмасында ол күштілердің міндетін негіздеуге талпынған. Адам өз еркімен құл болғысы келмейді, би болғысы келеді. Қоғамдағы адамдардың көпшілігі билікке құмар. Ф.Ницше христиандық дінді жоққа шығарады, өйткені әлсіздерді қорғайды, ал күштілерді қорлайды. Кім әлсіз, күшті болса, басқара алмаса , солар діннен жұбаныш іздейді. Осындай адамдардың тобырлық инстинктісі дамығандығы соншалық олар біреуге табынғысы,бағынғысы келіп тұрады. Тарихта мақсат жоқ, ілгерілеу жоқ, тек қайта оралу, күштілермен әлсіздердің арасындағы бітпейтін күрес бар.Заратустра адамдарға «Құдай өлді!» - «Қараңдар, мен сендерді «Керемет адам туралы үйретем!. Керемет адам - өмірдің мәні» - деген екен.Ницшенің ілімі дәстүрлі философиядан алшақ, біркелкі емес, қайшылығыда мол.Ницшені әркім өзінше түсініп жүрді, айыптады да, бірақ, Ницшеандық философияның 20 ғасыр философиясына әсерін ешкім жоққа шығара алмайды.

Анри Бергсон – 20 ғасырдың бірінші жартысында француз философтарының ең беделдісі. Оның философиясы танымның нәтижелері теориялар, ұғымдармен шындық дүниесінің арасындағы алшақтыққа арналған. Бергсонның алдына қойған мақсаты таным теориясын өмір теориясымен толықтыру. «Өмір» - нағыз алғашқы шындық. «Өмір» ұстатпайды, себебі адамның ойы дәрменсіз. Өмірдің мәніне тек интуицияның көмегімен жетеміз. Интуицияны Бергсон интеллектке қарсы қояды. Интеллект – «өлі заттармен» айналысады, рухқа емес, материяға бағынышты. Өмір үздіксіз ағын. Өмір кеңістікте өтпейді, уақытта өтеді. Дүниенің мәні «уақыт», бірақ бұл физикалық уақыттан өзгеше «сапалы» «тірі уақыт». Интеллект және интуиция туралы ілімін Бергсон өзінің органикалық дүниенің эволюциясы концепциясында негіздейді. Өмір – космостық процесс. «Өмірдің екпіні» - творчестволық ағын болғандықтан адамның шығармашылығы арқылы іске асады. Өмірдің екпіні әлсірегенде өмір ыдырайды, яғни жансыз затқа айналады.

Эволюцияның мақсатын алдан емес, өткеннен іздеу керек. Өткендегі алғашқы «қопарылыс» - өмір процесстерінің үздіксіз ағынын, сапалық өзгерістерді қамтамасыз етеді. Интеллект және интуиция алғашқы кезде бірлікте болады да, кейін эволюцияның барысында бір бірінен ажырайды. Ол қоғамды жабық және ашық деп бөледі. Жабық қоғам – сол кездегі әлеуметтік құрылымның тұрақтылығын сақтау мақсатында ықтиярсыз көндіру арқылы шыққан қоғам. Осындай қоғамда тұлға ұжымға бағынышты, ал ақиқат – пайданың құрбаны, сондықтан жабық қоғам эволюциясы тұйыққа тіреледі. Адамзаттың эволюциясы өмірін ендігі ашық қоғамда мүмкін. А. Бергсонның ілімін 20 ғасырдың бірінші жартысындағы философиялық романтизмі ретінде бағалауға болады.

В.Дильтей – Гегель философиясын сынайды, өйткені ол бүкіл дүниені және қайталанбас адам өмірін идеямен түсіндіреді. Философияның негізінде идея емес «өмір» жатыр. Дильтейдің пікірінше, философия материя, сана, диалектика, т.б туралы «схоластикалық» дискуссияны тастап, өмірді ерекше құбылыс ретінде зерттеуі керек. Өмір адам болмысының дүниедегі тәсілі. Философия (« рух туралы ғылым») өмірді табиғатпен салыстырмай өзінен түсіндіруі керек. Осыған байланысты Дильтен «түсіну» әдісін ұсынады. Түсіну интуиция сияқты өмірдің тереңіне үңілу.

Табиғат туралы ғылымдар сыртқы тәжірибемен байланысты болғандықтан «түсіндіру» әдісін пайдаланады. Өзіңнің ішкі дүниеңді түсіну интроспекция (өзіңді бақылау) арқылы, басқа адамды түсіну – онымен «бірге күйзелу», арқылы, өткен мәдениетті түсіну интерпретация әдісі (герменевтика) арқылы іске асады. Дильтей тарихтың прогресс бағытын даму заңдылығын мойындамайды. Тарих кездейсоқ оқиғалардан құралады, сондықтан оған әсер ету мүмкін емес.

Дильтейдің гуманитарлық білімдердің методологиялық принциптерін Г.Зиммель жалғастырды. Өмір қалыптасу барысында мәдени – тарихи формалар немесе мәдениет «дүниелері» : дін, өнер, ғылым, философияны т.б. жасайды.

Философия дүниенің тұтастығын, тұтас дүниені көре білуі керек. Өмір өзін шектеу арқылы іске асады. Мысалы, ол шек - өмір. Өлім сырттан келмейді, өмір оны өзімен алып жүреді.

Зиммель социологияның классигі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет