Ыстыққа тұрақтылық жоғары температураларда металдың коррозияға ұшыратушы әсерлерге төтеп беруін сипаттайды.
Ыстыққа беріктілік жоғары температуралық әсер ету жағдайларында металдың жақсы механикалық қасиеттерін, ұзақ мерзімді беріктілігін және аққыштық күйге қарсы әрекет ету қасиеттерін сақтауымен анықталады.
Металл ыстыққа тұрақты, бірақ ыстыққа берік емес, немесе керісінше, ыстыққа берік, бірақ ыстыққа тұрақты емес болуы мүмкін.
Мысалы, негізі темір болып табылатын ыстыққа берік металдарды 700° С температураға дейін, алюминий және мыс құймаларын 400-450 °С-ге дейін, ал қорғасынды 150 °С дейінгі температурада қолдануға болады. Ыстыққа беріктік және ыстыққа тұрақтылық қасиеттерінің тиімді түрде үйлесуі никель-хром құймасы жүйесінде байқалады – 1000 °С дейін қолдануға болады.
Металдардың тотықтырғыш ортамен жоғары температуралық әсерлесуі көптеген химиялық процестерде орын алады.
Мысалы. Күкірт қышқылы өндірісінде күкіртті шикізатты күйдіру кезеңі 700-800 °С, ал күкірт диоксидінің контактты түрде тотығуы 420-550 °С температурада өтеді. Азотты қосылыстарды алуда метанның конверсиясы 700-800 °С, аммиак синтезі 35-40 МПа қысымда және 400 °С, азот қышқылы өндірісінде аммиактың тотығуы 750-800 °С, мұнай өнімдерінің крекинг процесі 450 °С-дан жоғары температураларда жүзеге асады.
Барлық келтірілген мысалдарда аппараттардың беті агрессивті газды ортаның әсеріне ұшырайды, бұл өз кезегінде металл бетінде оксидті немесе тұзды қосылыстардың түзілуіне алып келеді.
Металл құрылымы және оның коррозиялық процеске әсері
Беттік қосылыстардың түзілу механизмі, олардың металға адгезиясы және қасиеттері коррозия процесіне әсер етеді.
Өз кезегінде бұл көрсеткіштер металдың құрылысы мен құрамы арқылы анықталады.Металдардың металдық шынылардан басқа көп бөлігі кристалдық құрылымға ие.Кристалдық торлардың түйіндерінде оң зарядталған иондар орналасқан, ал электрондар металда еркін орын ауыстырады.
Толық тордың барлық симметриялық қасиеттері тән кеңістіктік тордың ең кіші бөлігі элементар ұяшық деп аталады. Егер бұл ұяшық куб болатын болса, онда оған сәйкес келетін тор да куб түрінде болады. Қарапайым кубтық тор деп, атомдар мен иондар элементар ұяшығының тек төбелерінде ғана орналасатын торды айтамыз. Тордың мұндай типіне ас тұзы кристалдары ие.
Атом және иондар төбелерімен қатар центрінде орналасқан торлар көлемді орталықтандырылған деп аталады. Литий, натрий, калий, ванадий, хромда осындай кристалдық құрылымды байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |