И. А. Зимняя педагогикалық психология екінші, толықтырылған, түзетілген және қайта өңделген басылым


§ 2. Педагогикалық психологияның қалыптасу тарихы



бет7/188
Дата03.12.2023
өлшемі2.28 Mb.
#485251
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   188
Педагогикалык психология китабы толык Зимняя - копия

§ 2. Педагогикалық психологияның қалыптасу тарихы


Педагогикалық психология – дамып келе жатқан ғылым

Ғылыми білімнің көптеген салаларының қалыптасуы гетерогенді және гетерохронды, тіпті уақытқа қарай үзілген процесс болып табылады. Бұл әдетте, әлемде болып жатқан ірі қоғамдық-тарихи (революциялар, соғыстар, апаттық сүргіндер) оқиғалармен түсіндіріледі, олар ғылыми дамудың мазмұны мен бағытына елеулі әсер етеді. Алайда, ол бір пайда болғаннан кейін адамзат ой-санасының тоқталмас қозғалыстарына байланысты жалғасып отырады.


Алғаш рет Ян Амос Коменскийдің 1657 ж. «Ұлы дидактика» еңбегінде жазылған педагогикалық ойлар, педагогикалық теорияның және мектептегі оқытуды мақсатты ұйымдастырудың дамуына жол бастады. Бұл еңбекті педагогикалық психологияның 250 жыл бойы ұзақ қарама-қайшылықты дамуының алғашқы алғышарты ретінде де қарастыруға болады, өйткені тек ХІХ ғасырдың аяқ кезінен бастап ғана ол дербес ғылым ретінде қалыптаса бастады. Педагогикалық ғылымның бүкіл қалыптасу және даму жолын үлкен үш кезеңдермен көрсетуге болады.


Педагогикалық психологияның даму кезеңдері

Бірінші кезең – XVII ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың аяғына дейін – Песталоццидің айтуы бойынша «педагогиканы психологияландыруды сезіну қажеттілігіне» қарай жалпы дидактикалық деп атауға болады. Бұл кезең ең алдымен, Ян Амос Коменскийдің (1592-1670), Жан-Жак Руссо (1712-1778), Иоганн Песталоцци (1746-1827), Иоганн Гербарт (1776-1841), Адольф Дистервег (1790-1866), К.Д. Ушинский (1824-1870), П.Ф. Каптерев (1849-1922) өзінің есімдерімен көрсетілуі мүмкін. Бұл ойшыл – педагогтардың педагогикалық психологияның дамуына қосқан үлестері өздері қарастырған мәселелермен анықталады: даму, оқу және тәрбие байланысы; оқушының шығармашылық белсенділігі, баланың қабілеттілігі және оны дамыту, мұғалімнің рөлі, оқытуды ұйымдастыру және көптеген басқа мәселелер. Алайда, бұл - аталған процестің мәнін ғылыми тұрғыдан түсінудің тек алғашқы әрекеттері еді. Осы мәселелердің шынайы психологиялық жақтарын толығымен ашылмағандығы жөнінде П.Ф. Каптерев «Дидактикалық очерктер. Білім беру теориясы» (1-ші басылым. 1885 ж.) атты кітабында осы кезеңдегі педагогикалық теорияның дамуына терең және жүйелі талдау жүргізу негізінде дәлелдер келтіреді. П.Ф. Каптерев, «…Коменскийдің дидиктикасына тым маңызды кемшіліктер тән: бұл сыртқы механикалық құрал ретінде ұсынылған әдіс дидактакасы; бұл дидактикада оқушылардың қабілеттерін оқыту арқылы дамыту туралы мүлдем сөз жоқ; … Коменскийдің дидактикасына психология жетіспейді» [83, 264 б.].
И. Песталоццидің рөліне талдау жүргізе келе, П.Ф. Каптерев «Песталоцци оқудың барлығын оқушының өз шығармашылығы деп түсінген, ал барлық білімді әрекеттің іштен дамуы, өз бетімін әрекет жасау, өзін-өзі дамыту акті ретінде түсінген» [83, 294 б.]. Алайда, сонымен қатар П.Ф. Каптерев айтқандай, «…Оның (Песталоццидің – И.З.) оқытуда әдістің әсерін тым асыра көтеріп, оқытуда мектепте қолданылатын әдіс, тәсілдерді механизациялауға көп мойын бұрғаны анық. Мектептегі көрнекті фактор ретіндегі мұғалімнің жанды тұлғасы әлі түсініксіз. Жалпы Песталоцци білім беру процесінің психологиялық жағын, оның негіздері, жолдары мен, нысандарын қажетті деңгейде ашпаған» [83, 304 б.] (бөліп көрсеткен мен – И.З.). Педагогикалық психологияға И. Гербарттың қосқан үлесін бағалай келе, П.Ф. Каптерев «…Гербарт дидактикасының аса маңызды басымдылықтары бар: ол педагогикалық әдіске психологиялық талдау береді, ол оқуға қызығушылық туралы аса маңызды мәселені көтереді, ол оқыту мен тәрбие беруді бір – бірінен ажыратпайды. Гербарт дидактикасының жетіспеушілігі оның біржақты интеллектуализмі және кейбір мәселелерді толығымен игермеуінде, мысалы, оқушылардың қызығушылықтары жөнінде» [83, 316 б.] (бөліп көрсеткен мен – И.З.). Бұл жерде, «тәрбиелеп оқыту» ұғымы И. Гербарттың тұжырымдамасынан бастау алады.
А. Дистервегтің шығармашылығы, П.Ф. Каптерев бойынша, оның заманына сай педагогикалық тәжірибенің психологиялық бағыттанған ережелерінен тұрады. А. Дистервегтің білім беру процесінде мұғалімнің, педагогтың басқарушы рөлі туралы тезистері бар. Ол оқу процесін оқушының - оқытылатын субъектің, мұғалімнің, оқылатын пәннің және оқыту жағдайларының біртұтастығы деп қарастырады. Өзін-өзі жетілдіру, оқушының ерекшелігін ескеру және педагог әрекеттерінің пәрменділігі - тәрбиелеп оқытудың кепілі мен негізі. П.Ф. Каптерев атап өткендей, «…Дистервегтің көптеген ережелері ой саралығы мен айқындығы, ықшамдығы, сонымен бірге, педагогикалық қолайлылығы мен мәнділігі бойынша жаңалық пен тереңділігі жоқ болғанына қарамастан, дидактика оқулықтарына кіріп, күнделікті педагогикалық тәжірибенің ережелеріне айналды» [83, 324 б.]. Олар оны жан-жақты ғылыми тұрғыдан түсіну қажеттілігіне себепші болды.
Педагогикалық психологияның осы «алғы шарттық» жалпыдидактикалық даму кезеңінде қалыптасуына К.Д. Ушинскийдің «Адам тәрбие пәні ретінде» атты жұмысы үлкен рөл атқарды. Педагогикалық антропология тәжірибесі; мұнда адам дамуының біртұтас тұжырымдамасы ұсынылған. Бала - тәрбие мен оқытудың ортасында тұр, және де шешуші рөл тәрбиеге беріледі. Оқыту процесінде ес, зерде, ойлау мен сөйлеудің психологиялық-педагогикалық мәселелері арнайы талдау құралдары және даму міндеттері ретінде шығады. К.Д. Ушинский бойынша, тіл дамыту, ойлау қабілетін дамытуға байланысты баланың сөздері, оның танымы мен ұғымын, жалпы тұлға ретінде қалыптасуының алғы шарты деп саналады.
Педагогикалық психология негіздерін құруда П.Ф. Каптеревтың өзінің қосқан үлесі орасан зор. Ол педагогикалық психологияның негізін құраушыларының бірі. Ол өмірге Песталоццидің өсиеттерін - педагогиканы психологтандыруды енгізуге ұмтылды. «Психологиялық педагогика» ұғымы зерттеушілердің айтуы бойынша, ғылыми айналымға 1877 ж. Каптеревтың «Педагогикалық психология» атты кітабы шыққан соң кірді. Шынында да, Э. Торндайктың осыған аттас кітабы тек шаршы ғасырдан соң (1903 ж.) жарық көрді. Сонымен қатар, П.Ф. Каптерев ғылыми қолданысқа қазіргі заманда қолданылып жүрген білім беру мен тәрбие берудің жиынтығы, педагог пен оқушы әрекетінің байланысы ретіндегі «білім беру» ұғымын кіргізді. Сонымен бірге, мұғалім еңбегі мен мұғалім дайындаудың педагогикалық мәселелері, эстетикалық даму мен тәрбие беру мәселелері және басқа да көптеген мәселелер қарастырылды. Білім беру процесінің өзін П.Ф. Каптерев психологиялық тұрғыдан қарастыруы өте маңызды, ол жөнінде «Дидактикалық очерктер. Білім беру теориясы» атты кітабының екінші тарауы - «Білім беру процесі - оның психологиясы» дәлел болады. Автордың ойы бойынша, білім беру процесіне «адам ағзасының ішкі әрекетінің көрінісі», қабілеттілікті дамыту және басқа үрдістер кіреді [83, 340-345 б.].
П.Ф. Каптеревқа тек ұлы дидактардың еңбектеріне іргелі талдау жасаудағы сіңірген еңбегі ғана емес, былайша айтқанда, эксперименталдық дидактиканың, негізінде алғанда, оқытуда және оқыту үшін эксперименталдық психология өкілдерінің еңбектеріне жасаған талдауын атап өту қажет. П.Ф. Каптеревқа сәйкес, осы еңбектер авторларының міндеті оқушылардың ой еңбегі жұмысын зерттеу, ой еңбегі жұмысында қимылдың орны, оқушылардың пән және сөз арқылы берілетін түсінігі, мектеп оқушылары дарындылығының түрлері және басқа мәселелерді зерттеу болып табылады.
Педагогикалық психологияның қалыптасуына сол кезеңде жаңадан пайда бола бастаған әлеуметтік психология өкілі С.Т. Шацкийдің (1878-1934) қосқан үлесі қомақты. Ол адамды әлеуметтендіру процесінде тәрбие беруді ізгілендіру және демократияландырудың біртұтас тұжырымдамасын жасаған. С.Т. Шацкийге әлеуметтік-педагогикалық қызметтің субъектісі ретінде оның тұлғасы мен кәсіби құзырлылығына қойылатын жалпыланған талаптарды қамтитын педагог моделін құрған. С.Т. Шацкийдің педагогикалық тәжірибесіне шет елдік зерттеушілер жоғары баға берген. Атап айтқанда, Дж. Дьюи ресейлік оқушылардың дайындығының жүйелілігін, ұйымдастырушылығын, қазіргі заманғы американдық мектептермен салыстырғанда демократты екендігін атап өтеді.
Осылайша, бірінші алғы шартты кезең, бір жағынан, И. Ньютонның механистикалық түсінігінің басымдылығымен, Ч. Дарвиннің эволюциялық идеяларымен, Дж. Локктың психикалық өмірді ассоциативтік түсіну - психикалық өмірдің негізін сезімдік әсерлену құрайды деген ежелден дамып келе жатқан ілім - сенсуализммен сипатталады. Басқа жағынан алғанда, бұл кезең негізінен педагогикалық болмысты байқау, талдау және баға беруге негізделген ойша жорытылған, қисынды құрылған жорытпалар кезеңі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   188




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет