5. Қытай деректері
Б.з.б. ІІ ғ. бастап Қазақстан тарихын зерттеуде қытай деректері айтарлықтай рөл атқарады. Антик авторларына қарағанда, қытай авторлары жалпы алғанда Қазақстандағы жағдайды жақсырақ білетін еді. Қытай экспансиясының батысқа жылжуы Шығыс Түркістандағы, Қазақстан мен Орта Азиядағы жағдайды дәл білу қажеттігін туғызды. Бұл орайда халықтар мен тайпалардың мінез-құлқы мен өмір салты, саяси құрылысы туралы материал мақсатты түрде жиналды. Бұл ақпарат елшілердің, саудагерлердің, саяхатшылар мен миссионерлердің Орта Азия иеліктеріне жасаған сапарларының нәтижесінде, қытай әскерлерінің жорықтары кезінде алынып, жеткізіліп отыратын.
Қазақстан халықтары туралы алғашқы анық мәліметтер император У-ди (б.з.б. 140-86 жж.) батыс облыстарға жіберген тұңғыш қытай елшілігінің жетекшісі Чжан Цяннан алынған. Чжан Цянь «батысқа» б.з.б. 138 ж. және б.з.б. 115 ж. екі саяхат жасады. Олардың көздеген бір мақсаты сюннуларға (ғұндарға) қарсы Орта Азия тұрғындары юэчжилермен және Жетісу усундерімен одақтасуға қол жеткізу еді. Чжан Цянь өз миссиясы барысында жат жерліктердің шаруашылығының жай-күйіне, олардың әскерлері санына, қару-жарақтарына ерекше назар аударды, сондай-ақ олардың әдет-ғұрпының, мінез-құлқының, киім-кешегінің ерекшеліктерін жазып алып отырды.
Әулеттік тарихтар ішінде Қазақстан мен Орта Азия халықтары туралы көлемді және бағалы деректер Сыма Цянның (б.з.б. 145-86 жж.) «Тарихи жазбалар» («Шицзи») деген тарихи еңбегінің «Өмірбаян» бөлімінің «Сюнну туралы хикая» және «Давань туралы хикая» деген екі тарауында, сондай-ақ Хань императорлары мен қолбасшыларының өмірбаяндық суреттемелерінде келтірілген. Мұнда Орталық Азия иеліктері, олардың өзара және Қытаймен қатынастары туралы маңызды мәліметтер жинақталған. Сыма Цянның еңбегінде аңызға айналған кезден бастап аса көрнекті тарихшы өмір сүрген кезге дейінгі бүкіл тарихи кезең қамтылады.
Б. з.-ң І ғ. Бань Гу жазып, оның оқымысты қарындасы Бань Чжао аяқтаған «Ежелгі Хань тарихы» («Цянь Ханьшу») еңбегі ортодоксалдық конфуциандық еңбектер қатарына жатады, ол тарихи шығармалардың жаңа жанрын – бір әулеттің басқару тарихын бастап берді. Қытай мен Орталық Азияның б.з.б. ІІ ғ. бастап жаңа заманға дейінгі тарихы баяндалатын 26 әулеттік тарихы Қытайдың бірегей тарихи мұрасы болып табылады. Бань Гудың шығармасында Орталық Азияның жат жерлік халықтары суреттелетін мәліметтерге «Сиюй чжуань» («Батыс өлке туралы хикая») деген арнаулы тарау бөлінген. Осы тарихи-географиялық жағынан жаңа аймақты бөліп көрсету қытайлардың географиялық білімінің кеңейгенін ғана емес, сонымен қатар Қытайдың сыртқы саясаты мен геосаясатында оған стратегиялық мән берілгенін де дәлелдейді. Хроникада Хань империясынан Орта Азияға апаратын негізгі жолдар көрсетіліп, оның этникалық топтары, олардың айналысатын жұмыс түрі, экономикалық және әскери жағдайы, Шығыс Түркістанның қалалары, олардың арасындағы соғыстар мен сауда, саяси одақтар суреттелген. Бань Гудың еңбегі 200 жылдай кезеңді қамтиды, онда Давань, Усунь, Кангюй, сондай-ақ Сюнну иеліктері туралы, оның ішінде сюнну билеушісі (шаньюй) Чжичжидің Солтүстік-Батыс Тянь-Шаньдағы иеліктері туралы мәліметтер бар. Алайда, Бань Гу өзінің еңбегінде өз кезіндегі оқиғалар туралы жазбаған, сондықтан оның еңбегі «Ежелгі Хань әулетінің тарихы» деп аталады.
V ғ. авторы Фань Е «Цянь Ханьшу» мәліметтерін толықтыра келіп, Бань Гудың еңбегіне баға берген. Фань Е Қытайдың сыртқы саясаты мен Орталық Азиядағы дипломатиясына, Қытайдың дәстүрлі «батыс» саясатының тұжырымдамаларына егжей-тегжейлі тоқталған. Бұл фактінің зор маңызы бар, өйткені ол Орталық Азия халықтары туралы материалдарды іріктеп алуға және олардың Қытай тарихнамасында көрсетілуі мен бағалануына ықпал жасады. Қытайдың феодалдық тарихында көршілес халықтардың тарихын баяндау ұлыхандық шовинизм мен қытайлық центризм тұрғысынан жүргізілген.
Достарыңызбен бөлісу: |