8. Батыс Европалық саяхатшыларының шығармалары
Томас Уитлам Аткинсон
Аткинсон Томас Уитлам – ағылшын саяхатшысы əрі суретші. 1799 жылы Англияның Йоркшир қаласында дүниеге келген. Аткинсон қазақ жеріне 1848 – 52 жылдары саяхат жасап, түрлі зерттеулер жүргізген. Ол «Шығыс жəне Батыс Сібірдегі зерттеулер» атты екі томдық еңбек жазған. Еңбек 1858 жылы Лондонда жарық көрді. Онда Семей, Аягөз, Қапал, Алматы қалалары мен бекіністеріндегі тұрғындардың шаруашылығы, қазақтардың тұрмыс-салты, əдет-ғұрпы, билеуші топтар арасындағы талас-тартыс, т.с.с. көптеген деректер бар. Алатаудың солтүстік беткейіндегі, Зайсан мен Балқаш аралығындағы кездескен түрлі обалар мен зираттардың құрылымдарын сипаттап жазған. 1848 жылы маусымда «көкжал» атанған Барақ сұлтан Шүрекұлымен кездеседі. Аткинсон дала тұрғындарының ақындық рухына, дəстүрлі таным-түсінігінің жоғарылығына, түрлі жер аттарына (Қаркөл, Қалмақтау, Ақтас, Ертіс т.б.) байланысты аңыз əңгімелерді баяндап, қазақтардың рухани мəдениетіне ерекше баға береді.
Плано Карпини
Ертедегі қазақ жері туралы италиялық саяхатшы Плано Карпинидің еңбегінде аса құнды мəліметтер келтірілген. Шыңғыс хан əскерінің Еуропаға басып кіруінен қауіптенген Рим папасы Иннокентий IV 1245 жылы Карпини бастаған миссионерлерді Шыңғыс хан империясына жібереді. Олардың мақсаты түрлі мағлұматтар жинау жəне христиан дінін уағыздау болды. Карпини Еділ өзені бойындағы Бату хан ордасына соғып, одан ары Хорезм, Жетісу жəне Тарбағатай арқылы Моңғолиядағы Ұлы хан ордасына жетеді. Онда төрт айға жуық болып, Күйік ханның таққа отыру салтанатына қатысады. Карпини Орталық Азия халықтарының тарихы, тұрмыс-салты, əскери күші, т.б. жөнінде маңызды мағлұматтар қалдырған. 1247 жылы кері оралған Карпини Күйік ханның хаты мен өзінің сапары жөніндегі есебін Иннокентий IV-ге тапсырады. Бұл латынша жазылған «Libellus his- toricus» аталатын шығармасында Сырдария жазығындағы Отырар, Сауран, Бар кент, Янгикент, Жент, Ашнас т.б. қалалар туралы, жалпы Қазақстанға қатысты құнды деректер бар.
Гильом Рубрук
1253 жылы француз королі Людовик IX жіберген фламандтық монах Рубрук басқарған елшілік Моңғолияға сапарға шығады. Бұл миссияның мақсаты: моңғолдар арасында христиан дінін уағыздаймыз деп, оның астарында Ұлы хан мен ислам дінін ұстанған елдерге қарсы одақ құру жолын қарастыру үшін барлау жүргізу болды. Рубрук Франциядан шығып, Палестина,Константинополь, Қырым, Дон далалары арқылы өтіп Бату Сарайына келеді. Одан кейін Орталық Азия аумағы арқылы Орталық Моңғолияға жетеді. 1254 жылы көкек айында Қарақорымға табан тірейді. Рубруктың христиан дінін уағыздау мақсаты іске аспағанмен, ол көптеген құнды ақпараттар жинастырады. Кері қарай Кавказ бен Кіші Азия арқылы оралады. Рубрук шығармаларында өзі болған аймақтардың географиясы, соның ішінде түркі халықтарының, ежелгі қазақтардың тарихы, этнографиясы туралы жан-жақты деректер бар.
Достарыңызбен бөлісу: |