Метронидазол (флагил, клион, трихопол, вагимид және т.б.) - түймедақ түріндегі мөлшерлері 0,2; 0,25; 0,4; 0,5 және 0,6 г №10 және №20; қынап түймедағы 0,5 г №10; балауызы 1 г-нан; 0,5% - 10 мл ампуласы, 20 және 100 мл флаконы егуге арналған; 0,75% және 1% - гелі сықпа ыдыста 15, 30 және 50 г.; 1% кремі сықпа ыдыста 15 г-нан шығарылады.
Метронидазолдың спектрі өте кең, бүкіл қарапайым және анаэробтық инфекцияларға әсер етеді. Бұны көптеген ауруларға: амебиаз, трихомониаз, лямблиоз, лейшманиоз, бактериялық вагиноз және көп уақытқа созылып кеткен бактериялық жаралар кезінде қолданады. Бұл дәріні қабылдайтын науқастарға спирттік ішімдік қолдануға болмайды, жүрегі айнып, құсады, сондықтан бұны маскүнемдікте де қолданады.
Амебиазға ішу ретінде метронидазолды қолданғанда түймедағын шайнамай жұту керек, мөлшері 0,25 – 0,75 г тәулігіне 3 реттен 10 күн қатарынан беріледі; 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға – 0,25 г күніне 1 рет; 5 жастан 10 жасқа дейін – 0,375 г.; 10 жастан 15 жасқа дейін – 0,5 г күніне 1-2 реттен аспен бірге ішеді.
Метронидазолды қолданғанда көптеген жанама өзгерістері болады: тәбеттің төмендеуі, ауыз кебуі және жағымсыз дәмнің болуы, лоқсу, құсу, іш өту, бас ауырсынуы, дененің қышуы және бөртуі. Кейде қосымша лейкопения, атаксия, уақытша эпилептикалық тырысулар, қынапта ұсақ саңырауқұлақтардың (кандидоз) пайда болады.
Жүкті және бала емізетін әйелдерге, қанның құрамы өзгергенде, жүйке ауруларында қолдануға болмайды.
Rp.: Metronidazoli 0,5
D.t.d. 10 in tabulettis vaginalis.
S. 1 түймедақтан жатарда қынапқа салып жатуға.
Хиниофон (ятрин және т.б.) түймедағы 0,25 г, амебалық дизентерияға қолданылады, күніне 2 түймедақтан 3 рет, әрі қарай тәулігіне 3 г-ға дейін мөлшерін көтеруге болады, емнің ұзақтығы 5 күн содан соң 10 күн үзіліс, сосын екінші рет тағы да 5 күн емді қайталау керек. Хиниофонның құрамында 25 – 26% йод бар, сондықтан ем ұзаққа созылса йодизмге әкеліп соқтырады (тері үсті қышып, бөртіп кетеді). Осындай қатерлігінен қазіргі кезде хиниофонды көп пайдаланбайды, тек басқа дәрілердің көмегі болмағанда ғана қолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |