Орын алмастыру. Бұл - аудару үстінде түпнұсқа тілдегі элементтердің орналасу тәртібін аударма тесксте өзгертіп беру. Алмастырылатын, әдетте, сөздер, сөз тіркестері, құрмалас сөйлемдерді құрастырушы сыңарлардың орын тәртібі, дербес сөйлемдердің тіркестегі орны. Бұл трансформацияны мына мысалдар арқылы талдап көрсетуге болады. “Therefore, mon ami, I fear that you must forswear your beauty sleep tonight, and join me in my all-night vigil in that flat below – armed with that excellent revolver of yours, bien entendu!” [11, 31 б.], “Соған қарағанда, достым, бүгін тәтті ұйқыңды қиып, төменгі пәтерде менімен бірге түні бойы кірпік қақпай отыруға тура келер. Әрине, әлгі тапаншаңды өзіңмен бірге ала жүрсең, абзал болар еді” [12, 25 б.]. Бұл сөйлемде all-night біріккен үстеуі қазақ тіліне түні бойы болып аударылған. Бұл аударманы сөзбе-сөз аударма әдісіне жатқыза аламыз. Мұндағы all-night біріккен сөзі сөздіктерде түні бойы болып берілген. Алайда бастапқы тілде екінші орында тұрған сөз аудармада бірінші орынға шыққанын айта кеткен жөн. Бұл жағынан бұл аударманы орын алмастыру моделіне жатқызуға болады.
Ауыстыру тәсіліне аударма барысында сөз таптарын, сөйлем мүшелерін, синтаксистік байланыс түрлерін, сондай-ақ лексикалық ауыстыруларды (нақтылау, жалпылау, антонимдік аударма, компенсация) жатқызуға болады. А.М.Алдашева бұл ретте сөздіктегі сәйкестіктер көркем аудармада ұғымдық-мазмұндық, стильдік және экспрессиялық қызметінде елеулі айырмашылықтар жоқ тілдік құралдардың орны ауыстырылатындығын, ал енді кейбір жағдайларда екі мәтіннің коммуникативті-функционалдық теңбе-тендігіне қол жеткізу үшін мәтіндегі сөздің дәлме-дәл баламасы емес, мағынасы жуық, сөздің стильдік қызметін нақтылайтын, экспрессивті бояуын бере алатын басқа сөзбен (тіркеспен, фразамен) ауыстырылатындығын айтады [1, 173-175 бб.]. Кейде түпнұсқа сөйлеміндегі нақты атаулар аудармада есімдік арқылы беріледі, кейде керісінше де болуы мүмкін. Бұл бір сөзді қайталай бермеу мақсатынан туған әрекет болып саналады. Бір сөзбен айтқанда, түпнұсқадағы тілдік бірліктер аударма тіліне сол қалпында берілуі шарт емес. Тек мазмұн кемшіліксіз сақталуы қажет. Мына мысалдарды талдап көрейік: “Now then, school marm, she said” [11, 205 б.], сөйлемін Ә.Ахметов қазақ тіліне “Ал, мұғалім мадам, сіз не дейсіз?-деді ол” [12, 113 б.] деп берген.
Бұл сөйлемде school marm біріккен зат есімі мұғалім мадам болып аударылған. Бұл аударманы сөз ауыстыру моделіне жатқызамыз. Өйткені, мұнда school мектеп сөзінің орнына мұғалім сөзі берілген. Яғни, мектеп мадамы дегеннің орнына мұғалім мадам сөзі қолданылған.
“…and raising the revolver he fired point-blank at the woman’s retreating figure just as I flung myself upon him” [11, 36 б.], “...ол қаруын көтере беріп, сытылып бара жатқан әйелді көздеді. Дәл осы кезде мен оны бас салдым” [12, 28 б.]. Аталған сөйлемде point-blank біріккен сөзі қазақ тіліне көздеді болып аударылған. Негізінде, point-blank біріккен сөзі зат есім қызметінде тұр. Ал аудармашы оны fire етістігінің көмегімен етістікке айналдырып аударған. Осы тұрғыдан алып, мұны сөз ауыстыру моделіне жатқызамыз. Ғалымдардың сөз ауыстыру моделі көп жағдайда сөз таптарын ауыстырумен байланысты болады деген пікірін осы мысал қуаттайды.
“A returning wayfarer, slightly drunk, was lurching along the pavement and almost collided with Poirot, who said something sharply to him which I did not catch” [11, 33 б.], “Қарсы жақтан теңселе басып келе жатқан масаңдау біреу Пуароны қағып кете жаздады. Пуаро ашуланып, әлгіге бірдеме деді, бірақ оның не дегенін ұқпай қалдым” [12, 27 б.], сөйлемдегі wayfarer біріккен сөзі біреу болып аударылған. Бұл аударма сөз ауыстыру әдісі бойынша жасалған. Негізінде, wayfarer біріккен зат есімі жолда жүруші деген мағынаны білдіреді. Ал қолымыздағы аудармада ол біреу деп берілген.
“A horrid thing to do, of course, and I feel quite ashamed of telling you, but you know what flat-hunting is” [11, 23 б.], ““Жиренішті зат қой, әрине тіпті мұны сіздерге айтуға да ұят. Бірақ түсінесіздер ғой, “басқа түссе баспақшыл” дегендей, баспана іздеп қиналғанда адам не істемейді?”-деп бөгеліп қалды” [12, 20 б.]. Мұнда flat-hunting біріккен сөзі баспана іздеп болып аударылған. Мұнда flat пәтер сөзінің орнына баспана, ал hunting аулау, аңшылық сөздерінің орнына іздеу деген сөз қолданылған. Сондықтан бұл сөйлем сөз ауыстыру әдісі бойынша аударылған.
Кейде түпнұсқа сөйлеміндегі нақты атаулар аудармада әр түрлі сөз таптары арқылы берілсе, енді бірде түпнұсқадағы негізгі етістік аударма тілде бірнеше сөзден тұратын аналитикалық формалар арқылы берілуі де мүмкін. Түпнұсқадағы зат есім аудармада етістік түрінде немесе керісінше де беріле алады.
Достарыңызбен бөлісу: |