ҚҰҚЫҚ негіздері дәріс құрастырушы


Көрсетілген салықтардан басқа ҚР-да мынандай алымдардың түрлері бар



бет8/9
Дата14.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#136132
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Көрсетілген салықтардан басқа ҚР-да мынандай алымдардың түрлері бар:

1. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркегені үшін алым.

2. Жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алым.

3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалған мәмілелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым.

3.1. Жылжымалы мүлік кепілін мемлекеттік тіркегені үшін алым.

4. Радиоэлектрондық құралдарды және жиелігі жоғары көлік құралдары мен тіркемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым.

5. Механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым.

6. Теңіз, өзен кемелері мен шағын көлемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алым.

6-1. Кеменің немесе жасалып жатқан кеменің ипотекасын мемлекеттік тіркеу үшін алым.

7. Азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені үшін алым.

8. Дәрі-дәрмек құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым.

8-1.Туындылар мен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды, туындылар мен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалауға лицензиялық шарттарды мемлекеттік тіркеу үшін алым.

9. Автокөлік құралдарының ҚР аумағы арқылы жүру алымы.

10. Аукциондардан алынатын алым.

11. Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым.

12. Телевизия және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беру үшін алым.



Сонымен қатар мынадай төлемақылар көзделген:

1. Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы.

2. Жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы.

3. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы.

4. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы.

5. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы.

6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы.

7. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы.

7-1. Қалааралық және халықаралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы.

8. Кеме жүретін су жолдарын пайдаланғаны үшін төлемақы.

9. Сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы.

10. Мемлекеттік баж.

11. Кеден төлемдері.

Әдебиеттер:
1.Е.Баянов.Мемлекет және құқық негіздері.-Алматы, 2002 ж.

2.З.О.Ашитов,Б.З.Ашитов.Қазақстан Республикасының құқық негіздері.-Алматы: Жеті Жарғы, 2003.

3.С.Д.Баққұлов.Құқық негіздері.-Алматы, 2004.

4.Қ.И.Оспанов.Құқық негіздері.Оқу құралы.-Алматы: Жеті Жарғы, 2006.

5.К.Шеметаев, Г.Баймұратова.ҚР Қаржы құқығы. Лекция курсы.-Түркістан, 2001.

6.Ғ.Сейітқасымов.Ақша.Несие.Банктер.-Алматы: Экономика, 2001.

7.А.Худяков.Финансовое право РК. Общая часть.-Алматы.Қаржы-Қаражат, 1995.

8.Финансовое право РК. Составитель П.В.Диденко.-Алматы: Дәнекер, 2000.

9.М.Найманбаев.ҚР Қаржы құқығы.-Алматы, 1994.

10.С.Омирбаев.Финансы.-Астана, 2003.




Нормативтік-құқықтық актілер:
1.ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл. Алматы, 2007.

2.Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі. 24 сәуір 2004 ж.

3. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексі 2001 жылғы 12 маусым.

4. «ҚР-дағы Банктер және банк қызметі туралы»ҚР-ның 1995 жылғы 31 тамыздағы заңы.

5. «ҚР-дағы Ұлттық банкі туралы» ҚР-ның 1995 жылғы 30 наурыздағы Заңы.

6. «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы №57 Заңы.



10-тақырып. Қазақстан Республикасының экологиялық және жер құқығының негіздері
Жоспар:
1. ҚР экологиялық заңнамасы жалпы сипаттама.

2. Жерге меншік құқығы.

3. Жерді пайдалану құқығы.
1.ҚР экологиялық заңнамасына жалпы сипаттама.

Экология (грекше oikos-үй, мекен, Iogos-ғылым) жанды организмдердің тіршілік ортасы мен арақатынасын зерттейтін биологиялық ғылым.

Қазіргі заманда экология табиғат пен қоғам арақатынастарын зерттейтін ғылымға айналған. Онда адам мен табиғаттың өзара бір-бірімен байланысты екені көрініс табады.

Адамзаттың тіршілік ортасының айырықшы күйзеліске ұшырайтына байланысты табиғи ортаны қорғау ісіне кеңінен мән беріліп отыр.

Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы ҚР Конституциясына негізделеді және Экологиялық кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

Егер ҚР ратификациялаған халықаралық шартта ҚР Экологиялық кодексінен өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

Экологиялық кодекс пен ҚР қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін нормалары бар өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, Экологиялық кодекстің ережелері қолданылады. Қоршаған орта объектілерін қорғау мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар Экологиялық кодексте реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледі.

Экологиялық кодекспен ҚР аумағының шегінде табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру саласындағы қатынастар реттеледі.

Жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік реттеуді және табиғи ресурстарды пайдалану саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар экологиялық құқықтық қатынастардың қатысушылары болып табылады.

Қазақстан Республикасы орнықты дамуының экологиялық негіздері:

1) адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөніндегі мақсатқа мемлекеттің қол жеткізуі;

2) қоршаған ортаны қорғау және биоәртүрлілікті сақтау;

3)ҚР өз табиғи ресурстарын өндіруге құқықтарын қамтамасыз ету мен іске асыру және табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету мәселелерінде ұлттық мүдделерді қорғау;

4)қазіргі және болашақ ұрпақтардың сұранысын әділ қанағаттандыру;

5)өндіріс пен тұтынудың орнықты үлгілерін дамыту;

6)қоршаған ортаның жай-күйін есепке ала отырып, экологиялық нормалаудың әлеуметтік және экономикалық даму талаптарына сай келуі;

7)әрбір адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын сақтау және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерін шешуге жан-жақты қатысуы;

8)қоршаған ортаны қорғау саласында қабылданатын шаралардың жариялылығын қамтамасыз ету;

9)Жердің экожүйесінің салауатты жай-күйі мен тұтастығын сақтау, қорғау мен қалпына келтіру мақсатындағы жаһандық әріптестік;

10)қоршаған ортаға залал келтіргені үшін жауаптылыққа қатысты халықаралық құқықтың дамуына жәрдемдесу;

11)қоршаған ортаға елеулі залал келтіретін немесе адам денсаулығы үшін зиянды деп есептелетін қызмет пен заттардың кез келген түрлерін басқа мемлекеттерге көшіру мен ауыстыруды тежеу, болдырмау, сондай-ақ қоршаған ортаға елеулі немесе орны толмайтын залал қатері төнген жағдайларда сақтандыру шараларын қолдану болып табылады.



ҚР экологиялық заңнамасының негізгі принциптері:

1)ҚР орнықты дамуын қамтамасыз ету;

2)экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

3)экологиялық қатынастарды реттеу кезіндегі экожүйелі көзқарас;

4)қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару;

5)қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген ең басқа түрде залал келтіруді болдырмау жөнінде алдын алу шараларының міндеттілігі;

6)ҚР экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылықтан бұлтартпау;

7)қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу міндеттілігі;

8)қоршаған ортаға әсер етудің ақылы болуы және оған рұқсат алу тәртібі;

9)табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде неғұрлым экологиялық таза және ресурс үнемдеуші технологияларды қолдану;

10)қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің өзара әрекеттестігі, үйлесімділігі мен жариялылығы;

11) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаны ластауды болдырмауға, азайтуға және оны жоюға, қалдықтарды кемітуге ынталандыру;

12)экологиялық ақпараттың қолжетімділігі;

13)табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету;

14)Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының халықаралық құқық принциптерімен және нормаларымен үйлесуі;

15)жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіптілігі презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы шешімдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерін бағалау міндеттілігі болып табылады.



Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу:

1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті лицензиялауды;

2)экологиялық нормалауды;

3)қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеуді;

4)мемлекеттік экологиялық сараптаманы;

5)экологиялық рұқсаттар беруді;

6)мемлекеттік экологиялық бақылауды;

7)қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу жүйесін, неғұрлым экологиялық таза технологияларды енгізуді ынталандыруды, табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру жүйесін;

8)мемлекеттік экологиялық мониторингті;

9)табиғат пайдаланушыларды, қоршаған ортаны ластау көздері мен учаскелерін мемлекеттік есепке алуды;

10)экологиялық білім беру мен ағарту ісін қамтиды.

Қоршаған ортаны қорғау объектілері.

Жер, жер қойнауы, жер үсті және жер асты сулары; атмосфералық ауа; ормандар мен өзге де өсімдіктер; жануарлар дүниесі, тірі организмдердің гендік қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердің озон қабаты жойылудан, тозудан, зақымданудан, ластанудан және өзге де зиянды әсерден қорғалуға тиіс. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері айрықша қорғалуға тиіс.



Мемлекеттік табиғи-қорық қоры.

Мемлекеттік табиғи-қорық қоры-табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми-зерттеулер,ағарту, білім беру, туризм мен рекреация нысанасы ретінде экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды, мемлекеттік қорғауға алынған қоршаған орта объектілерінің жиынтығы.

Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңында белгіленеді. Мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жолымен, сондай-ақ қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды объектілерін пайдалануға тыйым салу мен шектеулер белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақ.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақ-ерекше қорғау режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері бар жер, су объектілерінің және олардың үстіндегі әуе кеңестігінің учаскелері.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлері, құру тәртібі,қорғау режимінің түрі, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерінің қызметін ұйымдастыру ерекшеліктері «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»ҚР Заңында белгіленеді.

Адамның күнделікті өмірінде, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметінде табиғи ресурстарды пайдалануды және қоршаған ортаға әсер етуі табиғат пайдалану болып табылады.

Табиғат пайдалану жалпы және арнайы болып бөлінеді. Жалпы табиғат пайдалану тұрақты болып табылады және халықтың өмірлік қажетті сұраныстарын қанағаттандыру үшін және табиғи ресурстар пайдалануға берілмей, тегін жүзеге асырылады.

2.Жерге меншік құқығы.

Қазақстан Республикасында жер мемлекеттік меншікте болады. Жер учаскелері ҚР Жер кодексінде белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

Жерге меншік құқығының түрлеріне-Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.

Меншік құқығының субъектілеріне:

1)республика аумағындағы жерге мемлекеттік меншік құқығының субъектісі-Қазақстан Республикасы; ҚР Жер кодексінде белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелеріне жеке меншік құқығының субъектісі-азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер Жер кодексінде өзгеше белгіленбесе, азаматтар деп ҚР азаматтары, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады.

Меншік иесінің өзіне тиесілі жер учаскесін иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқығы бар. Жердің меншік иесі ретіндегі мемлекеттің құқықтарын өз құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдар жүзеге асырады (Жер комитеттері).

Жер учаскесіне меншік құқығы:

1)меншік құқығын табыстау;

2)меншік құқығын беру;

3)меншік құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.

Меншік құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесінің нысаналы мақсаты ескеріле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.

(Мысалы: үй салу, егін егу).



Жер учаскесіне меншік құқығы мына негіздерде туындайды:

1) мемлекеттік органдар актілерінің;

2)азаматтық-құқықтық мәмілелердің негізінде.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелеріне меншігі.

Жеке меншікте болмайтын жер учаскелерін қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке берілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншігінде шаруа(фермер) қожалығын, өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу, орман өсіру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшін, сондай-ақ үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) және олардың кешендерін салуға берілген (берілетін) немесе олар салынған жер учаскелері болуы мүмкін.

Шаруа (фермер) қожалығын, өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу, орман өсіру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскесінің меншік иесі болып табылатын азамат ҚР азаматтығынан шыққан кезде меншік құқығы иеліктен алынуға қайта ресімделуге тиіс.

ҚР мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншігінде тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу, орман өсіру үшін, үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерін салу үшін берілген (берілетін) немесе олар салынған жер учаскелері болуы мүмкін.

Тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге және орман өсіруге арналған жерді қоспағанда, жер учаскелері шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды (мемлекеттік емес) тұлғалардың жеке меншігінде болуы мүмкін.



Жеке меншік құқығын іске асыру.

Жер учаскесінің меншік иесі мемлекеттік органдардың қандай да бір рұқсатын алмай, жер учаскесін өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асырады. Меншік иесі өзінің жер учаскесіне қатысты оның нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген мәмілелерді жасауға құқылы.

Жер учаскесіне меншік құқығы басқа адамға мәміле жасалған кездегі барлық ауыртпалықтарымен беріледі.

Жерге мемлекеттік меншік.

Мемлекеттік билік органдарына, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берілген, қорғаныс қажеттеріне пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, сауықтыру және тарихи-мәдени мақсаттағы, орман және су қорларының, елді мекендер жеріндегі ортақ пайдаланудағы, босалқы жер,оның ішінде арнайы жер қорының жер учаскелері, кенттер мен ауылдық елді мекендердің маңындағы жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ жеке меншікке берілмеген шалғайдағы жайылымдар мен басқа да жерлер мемлекеттік меншікте болады.



Мынандай жер учаскелері:

Қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік, мемлекеттік меншіктегі қорғаныс өнеркәсібі қажеттеріне; ҚР Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету үшін тұрғызылған инженерлік-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттеріне арналған жер учаскелері; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар; орман қорының жері; су қорының жері; магистральдық темір жол желілері мен ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары; жеке меншік құқығындағы үйлер мен ғимараттардың және оларға қызмет көрсетуге қажетті жер учаскелерін қоспағанда, елді мекендердегі ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер учаскелері жеке меншікте бола алмайды.

Азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың бөлек меншігіне: тұрғын халықтың қажетіне арнап пайдаланылатын және соған арналған жайылымдық және шабындық алқаптар; ортақ пайдаланудағы жолдар; оның ішінде шаруашылықаралық және мекенаралық маңызы бар, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы жер учаскелеріне өтуге арналған жолдар; жер учаскелерінің екі немесе одан көп меншік иелері немесе жер пайдаланушылар бірлесіп пайдаланатын суландыру құрылыстары (суландыру каналдары, суағарлар, құдықтар, суат пункттері) орналасқан жер учаскелері берілмейді.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, магистральды темір жолдары, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарын және магистральды құбырларды кеңейте түсу үшін белгіленген тәртіппен резервке қойылған, сондай-ақ сәулет-қала құрылысының және құрылыстың бекітілген құжаттамасына сәйкес әкімшілік және әлеуметтік маңызы бар объектілер (әуежайлар, әуеайлақтар, вокзалдар, станциялар, ортақ пайдаланудағы жолдар, мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттары, ауруханалар және қоғамдық пайдаланудағы басқа объектілер) құрылысына арналған жер учаскелері олардың жобалық игерілуіне дейін жер пайдаланушыларға басқа мақсаттар үшін уақытша пайдалану құқығымен берілуі мүмкін.



Мемлекеттік меншіктегі жерден жер учаскелері:

1)жеке меншікке сатылуы немесе өтеусіз берілуі;

2)тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.

3.Жерді пайдалану құқығы.

Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иеліктен шығарылатын немесе шығарылмайтын, өтеулі немесе өтеусіз алынатын болуы мүмкін. Ешкімді де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.



Жер пайдаланушылар:

1)мемлекеттік және мемлекеттік емес;

2)ұлттық және шетелдік;

3)жеке және заңды тұлғалар;

4)тұрақты және уақытша;

5)бастапқы және кейінгі болып бөлінеді.



Жер пайдалану құқығы:

1)жер пайдалану құқығын табыстау;

2)жер пайдалану құқығын беру;

3)жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) арқылы туындайды.

Жер пайдалану құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесінің нысаналы мақсаты ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Жер пайдалану құқығы:

1)мемлекеттік органдар актілерінің;

2)азаматтық-құқықтық мәмілелердің негізінде;

3)ҚР заңдарында көзделген өзге де негіздерде туындайды.

Егер жер учаскесі жер қойнауын пайдалауға лицензия немесе келісім-шарт жасасуды талап ететін қызметті жүзеге асыруға немесе іс-қимыл жасауға арналса, осы учаскеге жер пайдалану құқығын табыстау жер қойнауын пайдалануға тиісті лицензия алынған немесе келісім-шарт жасалған соң жүргізіледі.

Жер қойнауын пайдалануға келісім-шарттың болуы жер учаскесін кідіріссіз ресімдеу үшін негіз болып табылады.

Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа жер пайдаланушының беретінін білдіреді. Жер пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде, сондай-ақ ҚР заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша жүргізіледі. Жер пайдалану құқығын иеліктен шығару азаматтық-құқықтық мәмілелер (сатып алу-сату,сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негізінде жүргізіледі.

Жер пайдалану құқығын белгілі бір мерзімге басқа тұлғаға беру жалдау немесе жер учаскесін уақытша өтеусіз пайдалану шартының негізінде жүргізіледі. Жер пайдалану құқығын беру мен оны иеліктен шығаруды уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алған тұлғалар ғана жүргізе алады.

Жер пайдалану құқығын иеліктен шығару және оны беру кезінде жер пайдаланушылардың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өз бетінше өзгертуге құқығы жоқ.

Жер пайдаланушылардың:

1)ортақ пайдаланудағы;

2)қорғаныс қажеттеріне берілген;

3)орман қорының;

4)ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;

5)қызметтік жер төлемінің;

6)уақытша өтеусіз және уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген жер учаскелерінің;

7)кепілге беруді қоспағанда, шаруа қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығымен берілген жер учаскелерінің;

8)су қорының жерінде жер пайдалану құқығын иеліктен шығаруды қоса алғанда, жер пайдалану құқығына қатысты мәмілелер жасауына жол берілмейді.


Әдебиеттер:
1.Е.Баянов.Мемлекет және құқық негіздері.-Алматы, 2002 ж.

2.З.О. Ашитов,Б.З.Ашитов.Қазақстан Республикасының құқық негіздері.-Алматы:Жеті жарғы, 2003.

3.С.Д.Баққұлов.Құқық негіздері.-Алматы,2004.

4.Қ.И.Оспанов.Құқық негіздері: Оқу құралы.-Алматы:Жеті жарғы, 2006.

5.Ә.Стамқұлұлы.ҚР Экологиялық құқық.Оқулық.-Алматы:Жеті жарғы, 1995.

Нормативтік-құқықтық актілер:
1.ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл.-Алматы, 2007.

2.ҚР Экологиялық кодексі, 9 қаңтар 2007 жыл.

3.ҚР Жер кодексі. 20 маусым 2003.

11-тақырып. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығының негіздері.
Жоспар:

1.Іс жүргізу құқығына жалпы сипаттама.

2.Азаматтық іс жүргізу құқығының субъектілері.

3.Қылмыстық іс жүргізу құқығының субъектілері.



1.Іс жүргізу құқығына жалпы сипаттама.

Заң ғылымдарында құқық нормаларын материалды және іс жүргізу деп екіге бөлу қалыптасқан.

Материалды құқық нормалары материалды-құқықтық нормаларды құқық бұзушылықтан қорғаудың тәртібін қалыптастыратын құқықтық қатынастардың мазмұны мен іс жүргізу нормаларын реттейді.

Іс жүргізу нормалары қылмыс және басқа да құқық бұзушылық жасалған, өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы түсіністікке келе алмай сотқа жүгінетін сияқты қатынастардың барысында туындайтын, арнайы құзыретті органдар іске асыратын құқық қолдану түрінде көрінетін құқық қорғау үрдісін реттейді.

Барлық іс жүргізу нормалары құрамына қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және екі материалды: конституциялық және әкімшілік іс жүргізу нормалары кіреді.

Мемлекеттің міндеті мен қызметі қоғам өмірінің көптеген салаларын қамтиды. Солардың арасында аса маңызды міндеттердің қатарына жататын іс құқықтық тәртіп пен заңдылықты, адамдардың құқығын, бостандығын, мемлекеттік және мемлекеттік емес бірлестіктердің, еңбек ұжымдарының мүдделерін қорғау, қылмыспен күресу. Бұның барлығы іс жүргізу құқығы саласына жатады. Сондықтан, іс жүргізу құқығында құқық қолдану іс-әрекеті құқық қорғау органдарының көмегімен іске асырылады.



2.Азаматтық іс жүргізу құқығының субъектілері.

Соттың бірінші сатысындағы азаматтық істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды. Істерді апелляциялық сотта немесе қадағалау сатысындағы соттарда қарауды соттың алқалы құрамы жүзеге асырады. Іс алқалы түрде қаралған кезде соттың құрамына саны тақ (кем дегенде үш) судья кіруге тиіс, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады.

Істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады. Істі алқалы түрде қараған және шешкен кезде туындаған барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес.Төрағалық етуші ұсыныстарды енгізеді, өз пікірін айтады және соңынан дауыс береді. Көпшілік шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол төрағалық етушіге тапсырылады және мөр басылған конверттегі іске қоса тіркеледі. Ерекше пікірмен апелляциялық және қадағалау сатыларындағы сот осы істі тиісті сатыда қарау кезінде танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысушы адамдарға хабарланбайды және ерекше пікір соттың отырыс залында жарияланбайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет