Балалар ойындары халық ауызекі шығармашылығының бір саласы болып саналады. Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану жолдарын зерттеуші Е.Сағындықов: «Халық ойындары тек денені ғана емес, ойды жаттықтырушысы да болып табылады. Халық өзін қоршаған дүниенің қыры мен сырын, егжей-тегжейлігін білуді баланың санасына ойын арқылы жастайынан сіңіре беруді көздеген», - деп, орынды пікір айтқан.
Т. Иманбеков балалар ойындарына былай деп баға береді: «...ата-бабаларымыз ұлттық ойындарды баланы жан-жақты тәрбиелеудің негізгі құ-ралы ретінде қарастырған, оны ең күшті, қағылез, төзімді, түрлі жарыстарда үнемі жеңімпаз атанатын адамды анықтау ролін ғана атқарумен оны қатар, тәрбиеге пайдалы ықпал ететін негізгі күш» деп түсінген. Шын мәнінде «Ұшты-ұшты», «Дауысынан айырып біл», «Жүз қаз», «Қасқыр- қақпан», «Торғай мен бұтақ», «Неше қаз ұшып келді», «Мысық пен тышқан», «Қасқыр мен қаздар» сияқты толып жатқан экологиялық мазмұндағы ойындар әрі қарапайым, әрі оқушылардың түсінігіне жеңіл, балалардың қоршаған ортаға қарым-қатынасын қалыптастыруға қажетті тиімді құралдар болып табылады.
Мақал-мәтелдер халық айтқандай, сөздің мұнарасы. Орыстың ұлы педагогы К.Д. Ушинский мақал-мәтелдерді балалар тәрбиесі мен жеке адамның қалыптасуындағы сан ғасырлық тәжірибені қорытындылаушы нағыз халық педагогикасы деп санады. Асыл сөздің мәйегі мақал- мәтелдер, М. Әлімбаев тұжырымдағандай: «Өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын, бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы». Қазақтың даналық ойларын бойына түйген мақал-мәтелдер оқушыларды ұшқан құсты, жүгірген аңды, жан-жануарларды, өзен-көлдерді, тау-тасты қадір тұтуға, аялап сақтауға,, экологиялық іс-әрекетінде оны көріктендіруге талпындырады, қоршаған ортаны ластамау қажеттілігіне олардың көздерін жеткізеді. Мақал-мәтелдердің экологиялық мазмұны өте бай. Мәселен, адам туралы («Кісілікті кісі табиғатқа тартып туады», «Адам - табиғаттың төл перзенті», «Адам тастай берік, гүлдей нәзік», «Жақсы адам - елінің ырысы, жақсы жер - жанның тынысы», «Адам ұйымшыл, мал үйіршіл», «Адам көркі - шүберек, ағаш көркі - жапырақ»), атамекен, туған жер туралы («Ел ұлсыз болмас, жер гүлсіз болмас», «Ер туса - ел ырысы, жаңбыр жауса - жер ырысы», «Жас құрақ - жердің көркі, ынтымақ - елдің көркі»), жер-су туралы («Жер тоймаса, ел тоймайды», «Туған жердің түйе жейтін жапырағы да дәрі, түйе аунайтын топырағы да дәрі», «Жер екеш жер де ауырады», «Жер отты болса, мал сүтті», «Сулы жер - нулы жер», «Жерді аздыратын - өрт, адамды аздыратын дерт»), төрт түлік және үй жануарлары туралы («Түйе - байлық, қой - мырзалық, жылқы - сәндік, ешкі -жеңілдік, сиыр - ақтық, шаруаның бәрі бес, егіншілік оған ес», «Мал төлімен жарасты, жер гүлімен жарасты», «Жүйрік мал бірде ат, бірде қанат», «Түйе -түлік басы», «Нар жолында жүк қалмас», «Ит - жеті қазынаның бірі», «Түлік төлден өседі»), егіншілік туралы («Тамыр тартқан тарықпас», «Күтімді егін бітімді, бітімді егін түсімді»), хайуанаттар туралы («Арыстандай күшің болса, түлкідей әдісің болсын», «Үйірлі құлан ақсағанын білдіртпес»), құстар туралы («Қарлығаш - көктем жаршысы», «Аққу жүзсе су сұлу», «Дегелек келсе жаз болар, бала-шаға мәз болар»), өсімдіктер туралы («Күтімі жаман ағаштың -бітімі жаман», «Аялы ағаш - саялы»), табиғат, уағыт, кеңістік туралы («Ай жарығы әлемге, шам жарығы түбіне», «Көктем, көктен нұрын төккен», «Күн күркіресе жер иір, жер иісе мал иір», «Қыстағы қар, жаздағы жаңбыр - жерге жауған нұр», «Нөсер алдында найзағай ойнар», «Сүмбіле туса су суыр») мақал-мәтелдер бастауыш сынып оқушыларының табиғатты қорғаудың мәнін санамен түсінуіне көмектесіп, оларды қорғау, сақтау, қоректендіру ісіне қатысу белсенділігін арттырумен бірге, танымдық, тәрбиелік, коммуникативтік, реттеушілік қызмет атқарады.Мақал-мәтедердің реттеушілік функциясының жалпы міндеті - қазақ халқының экологиялық тәжірибесі, экологиялық мәдениеті негізінде қалыптасқан табиғатпен қарым-қатынас мөлшерін, шектеулерін ұстану. Қазақ ауызекі шығармашылығының реттеушілік функциясы табиғатты қоғамның материалдық және рухани байлық көзі санап, оның қадір-қасиетін санамен ұғынған, мейірімді, жанашырлықты көзқарасында көрініс береді: «Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат», «Жер шежіресі - ел шежіресі», «Күте білсең - жер жомарт», «Жер тоймай ел тоймайды», «Жерін қорлаған жеріне сыймайды, елін қорлаған еліне сыймайды», «Бір тал кессең, он тал ек», «Аялы ағаш - саялы», «Елі бай болсын десең, жерінің бабын тап».
Достарыңызбен бөлісу: |