Шаруашылығы мен мәдениеті. Қарлұқ қағанатында мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы өркендеді. Онда мәдениет орталығы болды, бау-бақша, қалалар гүлденді. Қолөнер кәсібі дамыды.
Араб жағрафияшысы Ибн Хаукалдің (Х ғ.) мәліметіне қарағанда, қарлұқтар жерінің Батысынан шығысына дейін жету үшін 30 күн жүру керек екен. Көшпелі тайпалардың билеуші ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес, қала орталықтары да болатын.
«Худуд әл-алам» бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған олардың ішінде: Тараз, Құлан, Мерке, Талғар, Атпақ, Тұзын, Барысхан, Сыйкөл т.б. Қарлұқтардың астанасы және олардың көптеген қалалары Ұлы Жібек жолы бойында тұрған, ал бұл жолдың Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісу үшін елшілік және сауда-саттық желісі ғана емес, сол сияқты мәдени және рухани байланыстар арнасы ретінде де орасан зор маңызы болған.
Дегенмен, қағанат өз алдына экономикалық байланыс жүйесін тоғыстыра алмаған. Ішкі қырқыс, билік дауы, жер дауы оны әбден титықтатқан. ІХ ғасырдың соңына қарай ислам дінін тарату жолындағы соғысқа шыққан арабтар Испиджаб, Тараз қалаларын бағындырады. Бұл өңір халқының көпшілігі ислам дінін қабылдайды. Осыған байланысты араб әрпі қолданысқа кіріп, жаңа түрік жазуы қалыптасты. Мешіт, медреселер де салынады.
§ 12.Оғыз мемлекеті (ІХ ғ.соңы - ХІ ғ.басы)
О
Оғыз мемлекеті
ртағасырлық Қазақстан тарихында ерекше орны бар елдердің бірі – оғыздар. Оғыз мемлекеті IX ғасырдың соңы мен X ғасырдың басында Сырдария өзенінің құйылысында құрылды. Орталығы Янгикент қаласы болды. Оғыз тайпалары VІІ ғасырда Батыс Жетісуды мекендеген Түрік қағанатының құрамында болды. Оғыздар ерте орта ғасырларда Орталық және Орта Азияда өмір сүрген. Батыс түрік және Түргеш қанағанаттары құлап, Жетісуда Қарлұқ қағанаты құрылғаннан кейін оғыздар Сыр бойына ығысқан.
«Оғыз» сөзінің пайда болуы туралы әр түрлі пікір бар. Кейбіреулер «садақтың оғы» деген сөзден пайда болған десе, екінші біреулер «өгіз» деген сөзден пайда болды деп дәлелдеуде.
Оғыздарда жоғарғы билік иесі «жабғу» деп аталған. Ол атадан балаға мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Әскерді басқаратын адам «сюбашы» деп аталған. Оғыздарда жылына бір рет халық жиналысы шақырылып тұрған. «Оғызнама» дерегіне қарағанда, жабғу өзінің жерін 12 аймаққа бөліп басқарған. Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекетінде тұрақты салық жүйесі енгізілді. Мемлекетте белгілі дәрежеде басқару аппараты қалыптасты. Оғыз жабғуларының орынбасарларын «Күл-еркін» деп атаған. Оғыз мемлекеті жөнінде алғашқы деректер ІХ-Х ғ. басында жазылған араб тіліндегі тарихи-жағрафиялық шығармаларда келтіріледі. Оғыз мемлекетінің болғанын Әл-Якубиде (ІХ ғ.) айтады.
Махмұд Қашқаридің дерегі бойынша, оғыздар алғаш 24 тайпадан тұрған, Әл-Марвази болса олардың 12 тайпасын ғана атайды. Бұдан байқалатыны – оғыздардың 24 тайпадан тұрған кезі олардың әр түрлі тайпалардан енді-енді қалыптаса бастаған кезі ал, 12 тайпаға түскен кезі ол тайпалардың бір-біріне қосылып, халықтық дәрежеге көтеріле бастаған мезгілі. Араб географтары Х ғасырда Алтай мен Еділ арасындағы кең-байтақ өлкені «Мафазат әл-гузия», яғни «Оғыз даласы» деп атады.
Оғыз билеушілері сыртқы саясат саласында екі үлкен мақсатты қойған. Біріншіден, Қара теңіз, Дон өзенінің бойындағы жақсы жайылымды қолға қарату. Екіншіден, Маңғыстау мен Еділ бойынан әрі өтіп, Еуропаны Азиямен байланыстыратын аса маңызды сауда жолдарына қол жеткізу. Орыс қалаларымен екі арадағы сауда жолдарыда қызықтырды.
Оғыздардың жер үшін, сауда жолдары үшін жүргізген жорықтары көп жағдайда сәтті аяқталған. Ұзақ жылдарға созылған үздіксіз соғыс пен шектен тыс алынатын алым-салық оғыз тайпаларының наразылығын туғызады. Билік үшін талас Оғыз мемлекетін әлсіретті. Ал, ХІ ғасырда мемлекеттілігін құрып, күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан біржола ығыстырады. ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекеті біржола құлайды. Оғыздар тарихи тұрғыда түркімендердің, өзбектердің, қарақалпақтардың түпкі аталарының бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |