§ 74.Қазақстан Республикасының тұңғыш президентін сайлау
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Республика өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өткізіліп, халықтың бірауыздан қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
Ол қазіргі Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында 1940 жылы дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы «Казметаллургстрой» тресінде қарапайым жұмысшыдан бастап, кейін Президенттікке дейін көтерілді. Жас кезінен бастап Н.Ә.Назарбаев қайсар-қайтпас мінезімен, оқу мен еңбекке табандылығымен ерекшеленді. Еңбек жолын Теміртау қаласындағы «Қазақметаллургқұрылыс» тресінің жұмысшысы болып бастаған олкейін Қарағанды металлургия зауытында шойын құюшы, домна пешінің көрікшісі, диспетчер, газ айдаушы кәсіптерін меңгерді. Жоғарғы өндірістік көрсеткіштерге жетіп, комбинат, қала өміріндегі қоғамдық саяси шараларға белсене араласты, металлург жастардың шынайы жетекшісіне айналды.
1969-1973 жылдар аралығында Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды.
1973-1977 жылдары Қарағанды металлургия комбинатының партком жетекшісі.
1977-1979 жылдары Қарағанды қалалық партия комитетінің 2-ші хатшысы.
1979-1984 жылдары Қазақстан КП ОК-нің хатшысы.
1984-1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы.
1989-1991 жылдары Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы, әрі Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
1990 жылы ақпан-сәуір айлары аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
1990 жылы 25 наурызда КСРО мемлекетінде президенттік басқару институтын қолдау мәселесі заңдастырылып. Осыған орай Қазақстанда 12-ші сайланған республика Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Сол күні Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тарихында тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,78%) жеңіске жетті.
1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Республика сарайында ант берді.
1991 жылы 16 желтоқсанда республика жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданып, жаңа ұлттық, саяси-құқтық жүйені қалыптастыру үрдісі жандана түсті. Осы күні қабылданған Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі жөніндегі конституциялық заң тәуелсіздіктің басты құжаты болды. Бұл құжат бойынша Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде анықталды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.
1995 жылы 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Н.Ә.Назарбаевтың президенттік уәкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Қазақстан парламентінің шешімімен 1999 жылы 10 қаңтарда өткен сайлау барысында Н.Ә.Назарбаев 79,78 % дауыс алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды. 2005 жылы 4 желтоқсанда өткен сайлаудың нәтижесінде 91% дауыспен қайтадан ҚР Президенттігіне сайланды. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының жетекшісі (1995) және Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы (1992). Сондай-ақ, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достығы қорының құрметті төрағасы ретінде халқының этникалық құрамы сан алуан елде ұларалық келісім мен әлеуметтік байсалдылық ахуалды орнықтырып, ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінде, күллі әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтауға, халықаралық экономикалық, саяси-мәдени ынтымақтастық аясын кеңейтуге жеке үлесін қосып келеді.
Н.Ә.Назарбаев - «Қазақстанның шымыр келбеті» (1984), «Ақиқаттың ақ жолы» (1991), «Ресурстарды сақтау және нарыққа өту стратегиясы» (1992), «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Нарық және әлеуметтік экономикалық даму» (1994), «Ғасырлар тоғысында», «Еуразиялық одақ: идеялар, практика, перспективалар. 1994-1997 ж.», «Тарих толқынында» (1999), «Сындарлы он жыл» (2003) атты танымдық-талдамалық кітаптар мен көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Ол Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму жолының стратегиялық бағыттарын негіздеп берді. Н.Ә.Назарбаев Орталық Азияда, ТМД елдерінде, сондай-ақ, әлемдегі ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан қайраткер ретінде дүние жүзіне танымал.
Достарыңызбен бөлісу: |