I-тарау. Механика бөлімінің педагогика-психологиялық негіздері. 1 Механика-физиканың іргетасы. 1 Механика-физиканың бір бөлімі


II-тарау. Қызығушылықты арттыру әдістемелері



бет2/4
Дата05.07.2016
өлшемі1.25 Mb.
#180231
1   2   3   4

II-тарау. Қызығушылықты арттыру әдістемелері.

Қазіргі кезеңде әлі де болса, орта мектеп оқушыларының білімдерінде формализмнің элементтері кездесуде. Физика пәнін игеру, олар үшін тек кітап материалын оқу ғана болып отыр. Шын мәнісінде, физика пәнінде оқушылар табиғат заңдарын оқып, білуі тиіс.

Оқушыларға нақты мысал келтіре отырып, олардың алған білімдері маңызды практикалық мәселелерді шешуге қажет екендігін түсіндіру керек. Оқушылардың білімнің өмірлік маңызын түсінуі, теория мен практиканы тығыз байланыстырады, пәнге ынтасын арттырады.

Оқушылардың білімге ынтасының болуы, олардың сабақтағы белсенділігінің артуына, білім сапасының жоғарылауына, білім алудың пайдасын түсінудің қалыптасуына мүмкіндік береді, жалпы айтқанда оқу процесінің деңгейін көтереді. Білім берудің құрылысын, оқушылар мұғалім қойған мақсаттарды түсінетіндей, қабылдайтындай етіп құру керек және оқушы мұғалім қойған мақсатты белсенді жүзеге асырушысы болуы тиіс.



2.1. Сабақта ойын элементтерін қолдану.

Оқушылардың білімге ықыласын, ынтасын, қызығушылығын арттырудың ең жақсы жолының бірі-сабақта ойын элементтерін қолдану. Ойын, білім алу, еңбек ету-адамның негізгі қайраткерліктері. Ойын-әрқашан кішкене білім, кішкене білім бола отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды. Ойынды алданыш және көңіл көтеру деп ойлайтындар қателеседі.

Кейбір педагогтар мен психологтардың «Мектеп жасындағы балалар ойын жасынан өтіп кетті»-деуі бекер. Ойындағы оқиға жайлар сабаққа әр қилылық нәр береді, сабақты қызық етеді, оған эмоциялық бояу береді.

Мектепте балалар сабақ үстінде бір-бірімен сөйлеспейді. Балалар сөйлескен жағдайда, ол тәртіпті бұзған болып есептеледі, мұғалімнен ескерту алады. Ойын жағдайын балалар сабақ барысында бір-бірімен ақпарлармен алмасатындай, ақылдасатындай, бір-біріне дәлелдей алатындай, бір-бірін бағалайтындай етіп ұйымдастыру керек. Ойындар қолданылған сабақтарда оқушылар белсенділік көрсетеді. Бұлай болу барлық ойынға тән нәрсе, оның топтық түрде өтуіне байланысты. Топтық түрде сабақтағы білім алу, дәстүрлі білім беру «мұғалім-оқушы» өрнегін күрделендіреді. Яғни өрнек былай күрделенеді: «мұғалім-топ-оқушы», бұдан келесі өрнек туындайды: «оқушы-оқушы». «Оқушы-оқушы» жүйесінде «топ-оқушы», «оқушы-топ» өрнектері өздігінен туындап жатады және оқушылар білмейтіндерін көрсетуге тырыспайды. Балалар бір-бірінің ойларымен, пікірлерімен алмасады, дәлелдейді, қателеседі, өз ойларын ортаға салады, негіздейді, есеп жауаптарын бірге шешеді, тексереді, қателерін түзейді т.с.с. Ойын барысындағы пікірлер алмасу нәтижесінде, оқу материалдарын жылдам және жақсырақ игереді, қиындықтарды бірге шешеді. Мұндай жағдайда барлық балалар алға жылжиды, білімдері терең балалардың тежелмеуіне, білімі төмен балалардың алға ұмтылуына мүмкіндік береді. Физика сабақтарында ойынды ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне көмектесетіндей, бір-бірімен бірігетіндей жағдай жасау керек. Сонда сабақ тек білім беру қызметін ғана емес, тәрбиелеу қызметін де атқарады. Мұндай сабақтардың өтілуі нәтижесінде оқушыларда бір-бірімен сөйлесе білу мәдениеті, тәртіптілік, топқа және бір-біріне жауапкершілік сезімінің болуы, менмендік және жалқаулықтан безу қасиеттері қалыптасады.

Атақты француз ғалымы Луи де Бройль былай дейді: «Ең қарапайым мәселені қозғайтын ойындардың өзінде ғылыми жұмысқа ұқсас жалпы элементтер көп кездеседі. Екі жағдайда да (ойын мен ғылыми жұмыс) ең бастысы қойылған мақсаттың болуы, сонан соң қиындықтың болуы, оны жеңу, жаңалықты ашу қуаныш. Міне сондықтан да, бар адамдарды, жасына қарамастан ойын өзіне тартып тұрады».

Мұғалімнің ең басты мақсаты- сабақ мақсаты мен қолданылатын ойынның мақсатын ескере отырып, сабақтар мен сыныптан тыс сабақтарда оны орынды қолдана білу. Оқушылар мен мұғалімнің ойынға ынтасы болған жағдайда ғана ойын жүруі мүмкін. Ешқандай ойынды формальды ойнауға болмайды. Әрбір дидактикалық ойынға, бір жағынан дидактикалық есептерді шешу тән, мысалы: затқа немес құбылысқа жалпы сипат беру, олардың ерекшеліктерін табу сияқты жұмыстар, оқушыларды ұқсастықты, айырмашылықты т.с.с. құбылыстарды табуға, байқауға баулиды. Бұл мағынадағы ойындардың үйрету қасиеті бар. Ендігі бір жағынан дидактикалық ойындарға тән нәрсе ойнау. Оқушының назары біріншіден соған ауады, ал ойын барысында ойынның білім беру мақсатының қалай орындалатындығы байқалмай қалады. Сондықтан, сабақтарда өтілетін ойындар оқушыларға жәй сабақ ретінде емес, жәй алданыш ретінде де емес, қызықты жұмыс ретінде беріледі. Ойынды жүргізу үшін сынып командаларға бөлінеді. Команда құрамын қалаулары бойынша жасауға болар еді, дегенмен топ құрамы аралас және топтардың күштері тең болуы керек.

Ойынды жүргізудегі мұғалімнің маңызды орнын атап өтейін. Педагогикалық бірлестік жүзеге асқан жағдайда жақсы нәтижеге жетуге болады. Ойынның идеясын көбіне мұғалім ойлап табады. Дегенмен физика пәнінде ең жақсы ойынды ойлап табуды сыныпта немесе мектепте оқушылар арасында конкурс жүргізуге болады. Оқушылардың ойынды ойлап құрауы өте пайдалы, өйткені қандайда бір тақырыпқа ойын ойлап табу үшін, сол тақырыпты терең білуі керек. Сондықтан мұғалім әсіресе, осы жұмысты орындаған оқушының еңбегін бағалауы тиіс.

Қазіргі мұғалім әр сабаққа, тақырыпқа және әр сыныптың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқытудың әртүрлі әдістері мен формаларын таңдай білуі қажет. Сонымен қатар оқушыларды өзіндік жұмысқа үйрету, олардың ізденісін ұйымдастыру және кейбір материалдарды кең көлемде беріп, тәрбиелік мақсатқа жету үшін де оқыту формаларын таңдай білуі керек. Бір сабақтың өзінде қолданылатын әдістерді кезектестіріп, оқушыларды шаршатпай, материалды қызықты жеткізе білуді де ескерген жөн.

Кейбір педагогтардың пікірінше, сабақта ойынды марапаттау құралы ретінде ұсыну оқу процесіне кері әсер етеді. Дегенмен де ойынды оқу материалының мазмұнымен бірлікте қолданудың қажеттілігін кейбір мұғалімдер теріске шығармайды. Сабақта ойын элементтерін пайдалану оқушылардың ой-өрісін кеңейтеді және танымдық белсенділігін арттырады. Бірақ ойынды оқу процесіне үнемі пайдалану және ұзақ уақыт алатындай етіп созуға болмайды. Ойын сабақтың белгілі бір уақытында немесе сергіту сәттерінде ғана қолданылып, сабақ кезеңдеріне кедергі жасамауы тиіс, яғни сабақтың кезеңдерімен ұштастырылып отырылуы тиіс.

Ойынға педагогикалық басшылық жасау оқушылардың ұжыммен қарым-қатынасын жетілдіріп, ұйымшылдыққа тәрбиелеу мақсатын көздейді. Ойын барысындағы оқушылардың әрекеті достық, жолдастық, өзара түсіністік қарым-қатынастарды қалыртастыруға әсер етеді. ұжымдық ойындардың орны оқушы әрекетінде ерекше, оның өмірінде де айтарлықтай мәнге ие, яғни оқушының ойында атқаратын ролінен туындайтын мазмұнмен сипатталады. Сонымен, сабақта ойын элементін қолдану әрі білімділік, әрі тәрбиелік мақсаттарымен ұштастырылады.

Ойынды оқыту құралы ретінде пайдалануда баланың психологиялық жағдайы ескерілуі керек. Мысалы сабақтың алғашқы 25 минуты сабаққа, қалған 20 минуты ойынға арналса, онда оқушылардың сабаққа деген ынтасы бірден төмендейді. Сондықтан, механиканы оқытуда ойындарды әдістемелік тұрғыдан дұрыс пайдаланудың қажеттілігі туындайды.

Қазақ халқының ұлттық ойындарын физика пәнінде пайдалану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, белсенділігін арттырып, тарауды пысықтау, қайталау кезеңдерін сапалы өткізуге, материалды толық меңгеруге көмектеседі. Оқушы өзінің ойын дамыта отырып, өзінің пікірін айтуға үйренеді.

Ойынның түрлері сабақта әр түрлі мақсатта қолданылады. Оның біріншісі – білімділік, екіншісі – тәлім-тәрбиелік.

Білімділік мақсаты: оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, ынтасын арттырады. Жаңа сабақты түсіндіргенде ойын элементтерін қолдану сабақтың тартымды өтуіне ықпалын тигізеді. Өткен сабақты немесе тарауды қайталағанды оқушы ойында, санасында мықтап бекиді.

Тәлім-тәрбиелік мақсаты: оқушыларды тапқырлыққа баулып, зейінін, байқампаздығын жан-жақты арттыру, ойын қабілетін дамыту, дүниеге көзқарасын, білім деңгейін арттыру. Ұйымшылдыққа, ізденімпаздыққа, өз бетімен еңбектенуге, ұлттық сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

1-ойын. «Сәреден мәреге дейін!»

Бұл ойын «Есептер шығару» сабағы кезінде қолданылады. Сынып оқушыларын үш топқа бөлеміз. Әр топқа ат қойылады. Тақтаға плакат ілінеді. Оған 3 баған етіп түрлі-түсті қағаздар жабыстырамыз. Түрлі-түсті қағаздардың ішіне есептер бар кеспе қағаздар жасырылған. Әр бағанда 4 есеп, 1 сұрақ болады. Сонда барлығы 15 тапсырма орындалады. Үш топтан үш оқушы шығып, плакаттағы өз тобының тұсындағы тапсырманы бірдей уақытта алып, есеп шығаруды бастайды. Уақытты ұтымды пайдалану үшін, мұғалімде есептердің жауаптары болуы тиіс. Есеп шығарып қойған оқушының есебі мұғалімдегі жауаппен салыстырылады, тексеріледі. Егер есеп дұрыс шығарылса, онда оқушы тез орнына отырады да, оның тобындағы келесі оқушы тақтаға шығып, келесі есепті шығарады. Егер есеп қате шығарылса, онда оқушы сол есепті дұрыс шығарғанынша тақтада тұрады. Қай топ бірінші болса, сол топ мәреге 1-ші жеткен боп есептеледі. Мен бұл ойынды педгогикалық практика кезінде сабағымда қолданып көрдім. Оқушылар сабаққа өте белсенділікпен қатысты. Бір-бірінен озу үшін ықыластарының бәрі есеп шығаруға ауды. Оқушылар келесі сабақтың да осылай өтуін қалап, өз ризашылықтарын білдіріп жатты.




«Сәреден мәреге дейін» ойыны

Оқушылар есеп шығарудан жарысуда


Оқушылар есеп шығаруға дайындалу үстінде


2-ойын. «Балық аулау».

Бұл ойын үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты бекіту кезінде қолданылады. Мұғалім партасының үстіне бірнеше түрлі-түсті қағаздан жасалған балықтар қойылады. Тапсырмаларды кішкене қылып бүктеп, балықтардың аузына скрепкамен қыстырып қоямыз. Магнитті жіппен байлап, ұзындау таяқшаның бір ұшына бекітіп, «қармақ» жасаймыз. Оқушылар тақтаға шығып, «қармақпен» балық аулайды. Магнитке скрепка жабыса қалады. Оқушылар балықтың аузындағы сұрақтарға жауап беріп, есептерді шығарады.


3– ойын. «Шеңберден өтіп шығу».

Ұлттық ойын. Бірінің ішіне бірі орналасқан шеңберлер сызылады. Әр шеңбердің ішіне оқушылар қол ұстасып тұрады. Музыка үнімен бірге барлық шеңбердегі ойыншылар қарама-қарсы жаққа жүріп отырады. Бастаушының белгісі бойынша қолдарын жоғары – төмен түсіреді. Тең ортадағы бала, қолдарын жоғары көтергенде бір шеңберден екіншіге, одан үшіншіге өтіп кетуге тырысады. Барлық шеңберден өтіп шықса, айлашыл ойыншы деп аталады.

Осы ойынға сәйкес ортадағы оқушы шеңберден шығып кету үшін, жазылған физикалық шамалардың сан мәндерін тез-тез айтып үлгеруі керек.

Ойын ептілікке үйретеді.

4– ойын. «Жаяу жарыс».

Жеткіншектер жазық алаңға жиналып, басқарушы тағайындайды. Қатысушылардың бір бөлігі көрермен ретінде қалып қояды, қалғандары белгіленген жерге барып, басқарушының нұсқауымен жарыса түседі. Кім бұрын озып келсе, бірінші бәйге, екінші келген ойыншы екінші бәйге алады. Ойын бірнеше рет қайталанады. Осы ойынға сәйкес әр топтан бір-бір оқушы шығып жарысады. Сұрақтарға кезекпен жауап береді. Жауаптарының санымен бағаланады.


S/t H/кг

А/t____________ м3 ____________

Sh ____________ Н ____________

F/S ____________ Дж ____________

Mg____________ Па____________

PV ____________ Вт ____________


5 – ойын. «Қыз қуу».

Кеңінен таралған ұлттық ойын. Сөреге қыз бен жігіт шақырылады. Жігіт қыздан 10 – 15 м кейін тұрып жарысқа қосылады. Жігіт қызды қуып жетсе, өзінің жеңілгенін білдіру үшін оның білегінен орамалды алуға тырысады. Ал қыз керісінше, қуғыншыдан қашып құтылып, сөреге бұрын жетуге әрекет жасайды. Ертедегі аңыз-ертегілерге қарағанда, қазақтарда тағы бір әдет ғұрып болған. Осы әдет бойынша жарысқа екі рудың қыз бен жігіті түскен. Жігіттің жеңілуі, өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік аттың жоқтығы үлкен кемістік болып саналған. Қыз жеңілсе, ешқандай қалыңсыз-ақ ол жеңген жігітке тұрмысқа шыққан.

Оқушылардың санына сәйкес сынып екі топқа бөлінеді.

І– топ. «Қыз балалар».

ІІ – топ. «Ұл балалар».

Әр топтан бір-бір баладан шығып есеп шығарады. Кім бірінші шығарса, сол топ жеңеді. Ойын бірнеше рет қайталанады.


6 – ойын. «Байқап қал!».

Бұл ойынға балалар екі топқа бөлініп қатысады. Екі топ өздеріне басшылар тағайындап алады. Олар стол үстіне 15 – 20 ұсақ нәрселерді қойып, (мысалы физикалық құралдарды) балаларға бір минут қаратқаннан кейін, өздері көрген нәрселердің тізімін жазуларын тапсырады. Қай топтың балалары көп жазса, сол топ ұтқан болып саналады.

Ойын көру, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіре түседі.
7 – ойын. «Жүйріктер жеңеді».

Ойынға қатысушылар қызыл және сары топ болып екіге бөлінеді. Әр топтың алдында қызыл және сары түсті жұлдызшалары бар қорапшалар болады. Үй тапсырмаларын қайталағанда, жаңа тақырыпты бекіту кезеңдерінде сұрақтарға жауап берген сайын әрбір оқушы өзіне қызыл және сары жұлдызшаларды ала отырып, өздеріне ұпай санын жинайды. Сабақ аяғында жұлдызшаларының санына сәйкес ұпайлары саналып бағаланады.

Ойын оқушыларды белгілі бір мақсатқа ұжымдық әрекет жасауға, шапшаңдыққа үйретеді.

8 – ойын. «Арқан тартыс».

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Тақта алдында ұзын жіп байланады. Киіз үй жиһаздары, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар, т.б. суреттер салынған конверттер ілінеді. Әрбір оқушы өзіне ұнаған конвертті қиып алып, оның ішіндегі сұраққа жауап береді. Есептер болса шығарады және сурет физикалық тұрғыдан түсіндіріледі. Топтағы оқушылар бір-біріне көмектеседі. Қай топ көп тапсырма орындаса, сол топ жеңеді. Ойын ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді.


9 – ойын. «Орамал тастау».

Жастардың сүйіп ойнайтын ойындарының бірі. Ол жазда, көгалда, алаңда шөптесін жерде ойналады. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызықты болады. Ойыншылар тең екі топқа бөлінеді де, арасы он адымдай екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарласа тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың оң жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да: «қа» деп дауыстайды. Ол қағып «ғаз» дейді, болмаса «ла» дейді. Сонда «қағаз», «қала» т.б. сөздер шығады. Бұл ойын жастардың ойын дамытып, ана тілін жетік білуге, тапқырлық қасиеттерге үйретеді.

Осы ойынды қолданып, физикалық шамаларды, өлшем бірліктерін жаттап алуға дағдыландыруға болады. Мысалы: оқушылар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың бір оқушысы «m» әрпін көрсеткенде, екінші топ оқушысы «масса» деп жауап береді. Ойын осылайша қайталанады. (Әр топ оқушыларының алдында физикалық шамалар мен өлшем бірліктері жазылған парақтар болады.

10 – ойын. «Ақ терек».

Халыққа кең тараған ойынның бірі. Ойынға қатысушылар кең, жазықты алаңды жерді таңдап алады да, тең екі топқа бөлінеді. Әр топ өзіне басқарушы сайлап алады. Екі топ ара қашықтығы 20-30 метрдей жерде бір-біріне қарсы қарап, қол ұстасып, тізбек құрап тұрады. Қай топтың бірінші болып ойын бастайтынын жеребе арқылы шешеді. Бірінші болып ойын бастайтын топтың басшысы қарсы тұрған топтың бір ойыншысының атын атап шақырады. Аты аталған ойыншы жүгіріп барып, өзін шақырған қарсы топтың тізбегін бұзып өтуі керек. Егер ол тізбекті бұзып өтетін болса, онда бұзып өткен жердегі бір ойыншыны өзімен бірге ала кетеді. Егер бұзып өте алмаса, онда өзі сол топқа қосылып қала береді.

Ойын жалғаса береді. Ойын бір топтың жеңісімен аяқталады.

Бұл ойынды сыныптан тыс физикалық кештерде қолдануға болады. Мысалы: бірінші топтың бір оқушысын екінші топтың бір оқушысына сұрақ қояды. Егер жауап бере алса ұпайлары екі есе артады. Жауап бере алмаса, сұрақ қойған топқа екі есе артық ұпай беріледі. Ойын осылай жалғаса береді. Ұзаққа созылып кетпес үшін, сұрақтың санын және уақытын белгілеп алу керек.

Ойын оқушылардың алған білімдерін тереңдетуге көмектеседі.
2.2 Зертханалық жұмысты ұйымдастыру.

Физика – эксперименттік ғылым болғандықтан, онда теорияны практикамен ұштастыру мақсатында кейбір тақырыптардан кейін зертханалық жұмыстар өткізу қажет. Осы зертханалық жұмыстарды өткізу мектептің материалдық – техникалық базасына байланысты болады. Егер қажетті құралдар жоқ болған жағдайда, қолда бар қарапайым құралдарды пайдаланып, зертханалық жұмысты орындауға болады. Қолда бар құралдардың мүмкіндігіне қарай, сыныптағы барлық оқушы бір тәжірибе жасамай, мақсаты бір, бірақ анықтау жолы әр түрлі тәжірибелер жасауына болады. Бұл оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады. Мысалы үй тұрмысында кездесетін кейбір заттардың көмегімен 7-сыныпта өткен «Заттың тығыздығы» деген тақырыпқа берілген №5 зертханалық жұмысты өткізудің бірнеше тәсілін ұсынғым келеді. Егер ұсынылған әдіс бойынша қажетті құралдардың барлығы бар болса, сынып оқушыларын топқа бөліп немесе отырған жұптары бойынша әр түрлі тәжірибе жасауға болады.

Көпшілік жағдайда оқушылар зертханалық жұмысты сыныпта жасағанымен, өзінің ойын жинақтап қорытындысын жазуға үйге алады. Міне, осы кезде үйде сыныпта жасаған тәжірибеге ұқсас өз бетінше жасаған екі тәжірибені салыстырып бір қорытынды алуына болады. Бұл оқушының өз бетінше ізденісін көрсетеді. Мензурка жоқ болған кезде үйде ас бөлмесінде қолданылатын өлшеуіш кружканы (қабырғасында бөліктерге бөлінген шкаласы бар) пайдалануға болады.

Қажетті құрал-жабдықтар: Мензурка, ағаш білеуше, медициналық флакон, таразы, гирлер жиынтығы, сызғыш, сыртында массасы жазылған сабын, массасы өлшенген бір кесек қант, су және сүт құйылған ыдыстар.

1 – тәжірибе. Ағаш білеушенің тығыздығын анықтау. Ол үшін сызғыштың көмегімен ағаш білеушенің ұзындығын, енін, биіктігін өлшеп (V=abc, не V=lbh ) көмегімен табуға болады.

Мысалы: 2.5*4*0.8=8 см3. Ал таразының көмегімен массасын өлшеуге болады m= 5,3 г. Осыдан ағаш білеушенің тығыздығын анықтасақ ρ= 0,7г/см3=700кг/см3 болады.



2 – тәжірибе. Сұйықтың ( судың) тығыздығын анықтау. Тәжірибеде судың массасын өлшеу шамалы қиындық туғызады. Бірақ ойланған оқушы оны былай анықтауға болады: таразының көмегімен бос медициналық флаконның массасын өлшеп m1=12 кг екенін анықтағаннан кейін, оған су құйып кері өлшегенде m2=27 г болады. Енді бізге қажетті флаконның ішіндегі судың массасы mсу = m1-m2 =27-12=15 г. Флаконның ішіндегі судың көлемін мензуркамен өлшегенде V=15 см3 болады. Осы алынған өлшемдердің көмегімен судың тығыздығы анықталады. ρ=1г/см3=1000кг/см3.

3 – тәжірибе. Сабынның тығыздығын анықтау.

Алдын-ала сыртында массасы жазылған бір кесек сабын алынады. Сызғыштың көмегімен оның ұзындығын, енін, биіктігін өлшеп, көлемін анықтауға болады. Алынған өлшемдер бойынша тығыздығы табылады. Тәжірибені 2 рет жасап (иіс сабын мен кір сабынды пайдаланып) қорытындысын салыстырып жазуға болады. Есептеу кезінде г/см3 және кг/м3 бірліктерімен шығарған жөн.



4 – тәжірибе. Бір кесек қанттың тығыздығын анықтау.

3 – тәжірибедегі әдіс көмегімен анықталады. Тек алдын ала қанттың массасын таразымен өлшеу керек.



5 – тәжірибе. Ыдыстағы таза су мен сүттің қайсысының тығыздығы көп екенін анықтау.

Ол үшін мензурка көмегімен берілген сұйықтардың көлемін, ал таразымен 2 – тәжірибедегідей массаларын анықтап, тығыздығын табу керек. Сүт пен судың анықталған мәндерін кестеде берілген мәліметтермен салыстыру керек.

Кейбір жағдайда тапсырманы үш деңгейге бөлуге болады.

Орташа оқитын оқушы мынаны орындауы тиіс (оқулықтағы №5 жұмысты орындауға болады).



  1. Мензурканың бөліктер құнын анықтау.

  2. Ішіне су құйылған мензурканың көмегімен берілген заттың көлемін анықтау. V=V2- V1.

  3. Берілген заттың массасын таразының көмегімен анықтау.

  4. Формуланы пайдаланып, тығыздықты (г/см3) есептеп қорытынды жазу.

Жақсы оқитын оқушылар орындауы тиіс: орташа оқитын оқушыларға берілген тапсырманың барлығын орындап, оған қосымша тығыздықтың мәнін г/см3, кг/м3 есептеп, оқулықтағы берілген кестедегі қай заттың тығыздығына сәйкес (не жуықтап алғанда) келетінін анықтап қорытындысын жазу.

Өте жақсы оқитын оқушыларға берілетін тапсырма.

Оқушының математикада алған білімін физикада пайдалануға үйрету.


  1. Берілген заттың массасын таразының көмегімен анықтау.

  2. Көлемін математикалық әдіс арқылы табу V=I*b*h=S*h.

  3. Формуланың көмегімен тығыздықты г/см3 және кг/м3 анықтау.

  4. Берілген заттың неден жасалғанын кестеден қарап анықтап қорытынды жасау.

Жоғарыда берілген 5 тәжірибені әрбір мұғалім өз қалауы бойынша да 3 деңгейге бөлуіне болады. Ол үшін, әрине, сыныптың білім деңгейін ескергені жөн.
2.3. Сапалық есептерді сабақта қолдану әдістемесі.

Сапалық есептер ауызша шығарылады. Оқушыларда сапалық есептерді саналы тұрғыда шығару дағдысын тәрбиелеу үшін, мұғалімнің олармен белгілі бір жұмыс жүйесі және ойластырылған оқыту методикасы болуы керек. Есепті дұрыс таңдап алудың маңызы да аз емес. Есептің алғашқы кездерінде оқушылардың өз тәжірибесінен белгілі құбылысқа немесе фактілерге түсінік беру ұсынылатын есептер дұрыс болады. Бұлардан оқушылар өмірмен байланысты көреді.

Оқушылардың ой-өрісін кеңейту мақсатында VII сыныптан бастап-ақ есептердің шартына оқушылар үшін жаңа деректерді, техникалық мәліметтерді енгізген жөн. Есептерді таңдап алуда мектептің айналасындағы өндірістің сипатын және жергілікті жағдайларды ескерудің маңызы зор.

Сапалық есептерді шығару үш кезеңнен тұрады: шартын оқу, есептің анализі және шешуі.

Есеп мазмұнын анализдеу кезінде ең алдымен оқушыларға берілген тақырыптан белгілі ортақ заңдылықтарды пайдаланады: осыдан кейін есептегі айтылған құбылыс нақты қалай түсіндірілуі тиіс екенін айқындайды. Сапалық есептерде шарттың анализі негізделген керекті жауаппен тығыз байланысты. [4].

Сапалық есептер сабақта және сабақтан тыс тапсырмалар бергенде қолданылады. Сапалық есептерді шешу – физиканы оқытуда қазіргі кезде көп қолданылады. Мұнда қызығушылықтың пайда болуы – табысты оқытудың қуатты факторы болып табылады. Проблеманы шешу үшін өз білімін пайдалану оқушылардың оқуға деген қызығушылығын туғызады, ал ынтасын туғызу оқытудың негізгі нақты мақсаты болып табылады.

Қазақстанның экономикалық өркендеп дамуы үшін мұндай жұмыстар өте қажет. Себебі кейбір сұрақтарды жоғары білімі бар азаматтарының өздері шеше алмады, бірақ көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Сондықтан да Қазақстан халқының әдет-ғұрыптарына байланысты және олардың өмірі жайлы физикалық сапалық есептерді қарастырдым. Мысалы мынадай типтегі есептер жиі кездеседі. «Қайсы жылдамдықтар үлкен, 15 м/с па әлде 72 км/сағ па?». Бұл есепті былай айтсақ қызық болар еді. «Қасқырдың жылдамдығы 15 м/с болса, онда ол жылдамдығы 72 км/сағ киікті қуып жете ала ма?».

Мүмкіндігінше сабақта оындай шешкен өте тиімді. Есептерді құрастырғанда әдеби кітаптар, кейбір тарихи деректер, аңыздар, ертегілер, ғылыми жаңалықтарды ескерген дұрыс. Ол біздің күнделікті әлеміміз, ол жер, су, еліміз, мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихымыз. Міне осының бәріне біз өзіміздің махаббатымызды білдіреміз.


Сапалық есептер

Кинематика

  1. Неге шабандоз шапқан кезде ұшақтағы жолаушыдан гөрі қозғалыс жылдамдығын анық сезінеді?

  2. Шабандоз жазық далада шауып келеді. Оған қарама-қарсы түйеге мінген адам келе жатыр. Неге шабандозға түйе оған перпендикуляр емес, белгілі бір бұрышпен келе жатқан сияқты болып көрінеді?

  3. Жаңбырлы күні киіз үйден үй иесі шелекке су толтыру үшін далаға шығарып қойды. Егер жел соқса судың шелекке толу жылдамдығы өзгере ме?

  4. «Қасқырдың жылдамдығы 15 м/с болса онда ол жылдамдығы 72 км/сағ киікті қуып жете ала ма?»

  5. Қапшағайда спортшы су шаңғысымен жүр. Спортшы қайықтан жылдам қозғалуы мүмкін бе?

Жауаптары:

1. Атқа мінген адамның бетіне ауа әсер етеді, сондықтан да қозғалысы жақсы байқалады. Айналасындағы заттар (бұталар, төбешіктер, киіз үйлер) жақында орналасқандықтан, қозғалыс ара қашықтығы тез өзгеріа, жылдамдық жақсы сезіледі. Оған қатысты ұшақ жерден алыста ұшады және оған қатысты санақ жүйесінің жоқ болуынан үлкен жылдамдық сезілмейді.

2. Атқа мінген адам түйеге қарап өз қозғалысын байқамайды, бірақ оған түйе өз қозалысынан басқа салт аттының жылдамдығындай тек бағыты қарама-қарсы қозғалатындай болып көрінеді. Нәтижесінде салт аттыға түйе белгілі бұрышпен келе жатқан сықылды болып көрінеді.

3. Шелекке су тез толмайды, жел горизонталь соғып тұр, шелектің суға толуы тек жаңбыр тамшысының вертикаль құраушысына ғана тәуелді. Егер жел горизонтқа бұрышпен соқса, онда вертикаль бағытталған жылдамдыққа ие болады. Сонда ғана ол шелекке судың толуын тездетуі немесе азайтуы мүмкін еді.

4. Жоқ, өйткені 72 км/сағ – 20 м/с, ал қасқырдың жылдамдығы 15 м/с.

5. Болады. Егер қайық кенет жылдамдық қосса, онда спортшы инерциямен бірталай уақыт қайыққа жақын яғни одан тез қозғалады. Не болмаса қайық бұрылса, спортшы үлкен радиуспен, ал қайық кіші радиуспен қозғалады, осыдан спортшының жылдамдығы үлкен болып саналады.


Динамика

  1. Неге шауып келе жатқан салт атты бұрылған кезде жылдамдығын азайтады?

  2. Наурыз айында екі топ болып арқан тартысады. Ньютонның үшінші заңы бойынша әсер қарсы әсерге тең, яғни топтың арқанға әсер күші неге тең? Неге бір топ екінші топты тартып кетеді?

Жауаптары:

  1. Үлкен жылдамдықта ол инерциямен бұрылыстан асып кетеді.

  2. Адамдар тек арқанға ғана емес, жерге де әсер етеді, сондықтан да әсерлер әр түрлі болады.


Статика

  1. Неге солтүстікте адамдар үйлерінің төбесін конус тәрізді етіп жабады, ал қазақтың киіз үйінің төбесі шеңбер болып келеді?

  2. Неліктен қазақ қыздарының бас киімдері биік болып келген?

  3. Алматының телемұнарасының жер астындағы бөлігінің массасы 60 мың тонна, ал жер бетіндегі бөлігі 6 мың тонна. Неге бұлай жасалған?

  4. Алматыдағы ағаштан жасалған шіркеу ешқандай шегесіз тұрғызылған. Оны бұзылудан қандай күш ұстап тұр және ғимаратты тұрғызғанда қандай жай механизмді қолданған?

  5. Шәйнектің шөлмегі неліктен оның қақпағынан жоғары орналасады?


Жауаптары:

  1. Солтүстікке қар көп түседі, ал жазық далада қар көп түспейді. Далада қатты жел соғады, ал киіз үйдің төбесіне әсер ететін желдің аэродинамикалық кедергісі аз болады.

  2. Биік бас киім қыздардың басы мен арқасын тік ұстауға көмектеседі. Кішкене ауытқыса болды, ыңғайсыз болып, мойынға кедергі түсіреді. Ал арқасы мен басын тік ұстау қыздардың сымбатты болып өсуіне көмектеседі.

  3. Ол берік тұру үшін қойылған. Жер сілкінісіне ол тербеледі, ауырлық центрі төмен орналасқандықтан құламайды.

  4. Үйкеліс күші. Сына.

  5. Шәйнек және оның тұмсығы – қатынас ыдыстарға жатады. Егер тұмсығы төмен болса, онда шәйнекке су құя алмайтын едік.


Қысым.

1. Неге шөл далада аттан гөрі түйемен жүрген ыңғайлы?

2. Неліктен орындықта қатты да, киіз үйде көрпешеге отырған жұмсақ болып сезіледі?

3. Қасқыр мен киіктің массалары жуық шамамен бірдей. Қасқырдың жерге түсіретін қысымы 16 кПа, ал киіктікі 50 кПа. Қасқырдың табанының ауданы үлкен бе, әлде киіктің тұяғының ауданы үлкен бе?



Жауаптары:

  1. Негізгі себептердің бірі – түйенің табаны жалпақ болғандықтан, ол құмға батпайды. Түйе ауыр болғанымен, оның тұяғының ауданы аттың тұяғының ауданынан жалпақ болғандықтан, түсіретін қысымы аз.

  2. Орындықта отырғанда біз аз ауданда отырамыз. Ал жұмсақ жерде отырғанда үлкен ауданда отырамыз да, қысым аз түседі.

  3. Қасқырдың табан ауданы үлкен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет