Шығармашылығы:
Оның алғашқы шығармаларының бірі "Ақжелең". Бұл күй Ақбала деген өнерлі де сұлу қызға арналған. Дәулеткерейдің "Қоңыр", "Желдірме", "Керілме", "Ысқырма", "Қосішек" дейтін күйлері тіршілік-тұрмыстағы әр алуан көріністерді бейнелейді. "Жұмабике" деген күйінің тарихы былай: ол кезде қыздар кішкентайынан өзі білмейтін біреуге атастырылатын салт болған. Кейін бойжеткенде, өзі сүймесе де, сол жігітке ұзатылуға тиіс. Бұған наразы жігерлі қыздар Уақытша кеңес дейтін билігі бар мекемелерге арыз айтып баратын болған. Қыз сөзі расталып, шындықтың бет пердесі ашылса, азаттық алады екен. Міне, асқан әнші, ақындық өнері рулы елге ерте танылған, өз талабымен еркіндік алған Жұмабике деген қызға ризалық сезімін Дәулеткерей күй арқылы жеткізген. 1869 жылы қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлымен кездесуі Дәулеткерейдің шығармашылық өміріндегі ұмытылмас кезең болды, олар күй тілімен табысып, бір-біріне күйшілік өнерімен тікелей әсер етеді. Дәулеткерейдің көптеген күйлері халық арасына кеңінен тараған.Оның тұрмыстық жанрдағы «Желдірме», «Тартыс», «Ысқырма», «Қосалқа» күйлері; «Қыз Ақжелең», «Ақбала қыз», «Көркем ханым», «Қаражан ханым», «Құдаша», «Мұңды қыз», «Жұмабике» сияқты әйелдер бейнесін жасаған шығармалары бар. Орыс музыкасының әсерімен «Ващенко», «Қос ішек», «Қоңыр», «Топан» т. б. күйлерін, 1871 жылы досы С. Бабажановтың қазасына арнап «Салық өлген» атты жоқтау күйін шығарды. «Бұлбұл» күйі де осы кезеңде туды. Дәулеткерей өмірінің соңғы жылдарына жататын күйлерінде - терең мазмұн мен күрделі психологизм басым. Олардың қатарында халық симфонизмінің тамаша үлгілері саналатын «Демалыс», «Төндірме», «Керілме», «Жігер» сияқты күйлері бар.
Атақты күйлері:
«Ақжелең»
-Бұл күй Ақбала деген өнерлі де сұлу қызға арналған.
«Жеңгем сүйер» , «Көркем ханым»
Дәулеткерейдің бәйбішесі сұлу және ерке болған деседі. Бірде жарының көркіне, ұнамды қылығына риза болған Дәулеткерей бір жақсы күй шығарып, осыны саған бағыштадым дейді. Алайда, бәйбішесі күйді ұнатпай қалады. Осы кезде үйге кіріп-шығып қызмет қылып жүрген Дәулеткерейдің жақсы жеңгелерінің бірі әңгімені құлағы шалып қалып, "Төре қайным, ерке тотайыңның кәдесіне жарамай қалған бұл күйді маған сыйла" депті. Сонда Дәулеткерей біраз ойланып отырып, "олай болса бұл күйдің аты "Жеңгем сүйер" болады. Күй саған бағышталады", - деген екен. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Дәукең және бір тамаша күй шығарады. Бұл жолы бәйбішесі ол күйді ұнатады. Бұл күйге "Көркем ханым" деген ат қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |