Имам абу ханифаның Өмірі және сенімі абу Ханифаның туылуы, толық аты және нисбасы1


Имам Абу Ханифаның тағдыр туралы айтқан сөздері



бет3/4
Дата11.06.2016
өлшемі0.63 Mb.
#128616
1   2   3   4

Имам Абу Ханифаның тағдыр туралы айтқан сөздері

1. ”Бірде бір кісі Абу Ханифаға онымен тағдыр туралы айтысу үшін келді. Сонда Абу Ханифа оған: «Тағдырды игергісі келетін адам күн көзінің дақтарына қараушыға ұқсайды. Ол қаншалықты көп қараған сайын, соншалықты көп абдырауға түседі», - деді”. Қз.: «Қалаид Уқуд әл-Акйян» (каф –77–ба).

2. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала заттар пайда болғанға дейін олар туралы мәңгі білімге ие еді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302-303 беттер.

3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала болмыстағы ешқашан болмаған нәрсе туралы біледі және Ол егер сол нәрсе болғанда қандай болатынын да біледі. Аллаһ Тағала сондай-ақ болмыстағы бар болып тұрған бар нәрсе туралы да біледі және Ол бар болып тұрған нәрсенің соңы қандай болатынын да біледі». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302-303 беттер.

4. Абу Ханифа былай деген: «Оның жазмышы Сақтаулы Тақтада (әл-Ләух әл-Мәхфуз)» Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

5. Абу Ханифа былай деген: “Біз: «Аллаһ Тағала Кәламға жазуды бұйырған», - деп айтамыз. Кәлам: «Мен не жазайын, уа Раббым?», - деп сұрады. Аллаһ Тағала: «Қайта тірілу күніне дейін не болатынын жаз!», - деді. Бұл туралы Аллаһ Тағаланың мына сөздерінде айтылады: «Олар істеген әр нәрсе амал дәптерлерде бекітілген. Үлкен-кіші әр нәрсе жазулы» («Қамар» сүресі, 52-53 аяттар)”. Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен, 21.

6. Абу Ханифа былай деген: «Бұл өмірде де (дүние), болашақ өмірде де (Ақырет) Оның қалауынсыз бірде-бір нәрсе орын алмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

7. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала барлық болмысты жоқтан бар етіп жаратты». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

8. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ жаратуды бастағанға дейін де Жаратушы болған». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 304.

9. Абу Ханифа былай деген: “Біз: «Құл өзінің амалдарымен, сөздерімен және білімімен жаратылған», - деп айтамыз. Ал амал жасаушы жаратылған болып табылғандықтан, оның амалдары тіпті жаратылған”. Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен, 14.

10. Абу Ханифа былай деген: «Құлдардың барлық әрекеттері: қозғалысы немесе қимылсыздығы болсын - олардың өздері тарапынан орындалады, ал Аллаһ Тағала олардың Жаратушысы болып табылады. Бұл әрекеттердің барлығы Аллаһтың қалауымен, Оның білуімен, Оның алдын ала бекітуімен (қада) және Оның жаратуымен (қадар) орын алады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 303.

11. Абу Ханифа былай деген: «Құлдардың барлық әрекеттері: қозғалысы немесе қимылсыздығы болсын - олар тарапынан іс жүзінде орындалады, ал Аллаһ Тағала оларды жаратқан. Бұл әрекеттердің барлығы Оның қалауымен, Оның білуімен, Оның алдын ала бекітуімен (қада) және Оның жаратуымен (қадар) орын алады. Өзіне (Аллаһқа) мойынсұнуды қамтыған барлық әрекеттерді Аллаһ Тағала (оларды орындауды) бұйырғандықтан, Ол (мұндай әрекеттерді) жақсы көретіндіктен, Ол (оларға) разы болатындықтан, Оның (олар жайлы) білімі, Оның қалауы және Оның жаратылысы болғандықтан олар міндетті болып табылады. Ал барлық күнәлар Оның біліумен, Оның алдын ала бекітуімен, Оның жаратылысымен және Оның қалауымен орын алады, бірақ Оның (күнәларды) жақсы көруінен емес, Оның (оларға) разы болуынан емес және Оның (оларды істеуді) бұйырғанынан емес». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

12. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала жаратылыстарды күпірліктен және иманнан азат жаратты.14 Кейін оларға үндеп, олар үшін бұйрықтар мен тыйымдарды орнатты. Өздерінің әрекеттері, өздерінің ақиқатты мойындамауы және табанды түрде теріске шығаруы арқылы күпірлікке түскендер Аллаһ Тағаланың көмегінен айырылып, кәпірлерге айналды. Ал өздерінің әрекеттерімен, өздерінің (тілдерімен иманның куәлігі болған шаһаданы) айтуымен, өздерінің (жүректерімен) сенуімен Аллаһ Тағаланың болысуының және Оның көмегінің арқасында мүмін болғандар иман келтірді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302-303.

13. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Адамның ұрпақтарын оның белінен тозаң ретінде суырып алды. Ол оларды ақыл-парасатты етті, содан соң оларға үн қатып, иман келтіруді бұйырып, күпірлікке түсуге тыйым салды және олар Оның Раббылығын мойындады. Олар тарапынан бұл иман болды және адамдар осы тума бірқұдайшыл кейпінде (фитрада) туылады. Кім кәпірге айналған болса, осыдан (Аллаһпен жасасқан келісім-шарттан) кейін өзінің фитрасын ауыстырып және өзгертіп, күпірлікке түсті. Ал кім иман келтірген және (өзінің иманын) растаған болса, мығым негізде тұр және (фитра күйінде) тұруды жалғастыруда». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

14. Абу Ханифа былай деген: «Ол – барлық болмысты алдымен алдын ала белгілеп, содан соң Жаратқан (Жаратушы). Бұл дүниеде де, Ақыретте де Оның қалауынан, Оның білімінен, Оның алдын ала бекітуінен, Оның жаратуынан және Сақтаулы Тақтадағы Оның жазуынан тыс еш нәрсе жоқ». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

15. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзінің бірде-бір жаратылысын күпірлікке де, иманға да мәжбүрлемеді. Керісінше, Ол оларды әрекет жасаушы тұлғалар етіп жаратты және иман күпірлікпен бірге құлдарының өздерінің амалдары болып табылады. Аллаһ Тағала күпірлік күйінде болып күпірлікке түскеннің кәпір болып табылатынын біледі. Бірақ егер мұндай адам осыдан соң иман келтірсе және Аллаһ Өзінің білімімен оны мүмін деп таныса, Ол оны сүйеді, ал бұл Аллаһтың білімін ешқандай өзгертпейді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 303.

«Әл-қада’ уә әл-қадар» — тағдырға иман келтіру - иманның негіздерінің бірі болып табылады және адам оған иман келтірмей, иман келтірген болып саналмайды. Аллаһ Тағала былай деген: «Ақиқатында, біз әрбір затты тағдырға сәйкес жараттық» («әл-Қамар» сүресі, 49-аят).

Ибн Хәжар әл-Әсқалани әр-Рағиб әл-Әсфаханидің сөздерінен жеткізгендей, тағдыр, негізінде, тағдырды Белгілеушінің Құдіретіне әрі тағдыр етіп белгіленген нәрсе мен Оған белгілі болған нәрсеге нұсқайды. «Фәтх әл-Бәри» (11/477).

Аллаһ Тағала абсолюттік құдіретке ие және Ол үшін мүмкін болмаған еш нәрсе жоқ. Оның есімдерінің қатарында — Әл-Қадир (Құдіретті, Қабілетті), Әл-Муқтадир (Барлық нәрсеге Құдіретті), ал құдіреттілік – Оның сипаттарының бірі.

القادر «қадир» сөзі ردق «кадара» (істей алу, қабілетті (құдіретті) болу) етістігінен шыққан сабақты етістің есімшесі болып табылады.

القدير «қадир» сөзі فعيل үлгісі бойынша жасалған және күшейтілген мағынаға ие. Ол «қалағанының барлығын даналықпен шартталған шектің ішінде аз да емес көп те емес жасайтын» дегенді білдіреді және бұл сипатпен Құдіретті және Ұлы Аллаһтан өзге ешкімді сипаттауға болмайды. Құранда былай делінеді: «Ол барлық нәрсеге құдіретті» («әл-Әхқаф» сүресі, 33-аят).

المقتدر «муқтадир» сөзі مفتعل үлгісімен «иқтадара» (істей алу, қабілетті (құдіретті) болу) етістігінен жасалған және ол одан да күшейтілген мағынаға ие. Құранда: «...Барлық нәрсеге Құдіретті Үкім Етушінің құзырындағы ақиқат орындарында», - деп айтылған («әл-Қамар» сүресі, 55-аят).

Имам Ахмадтан тағдыр туралы сұрағанда, ол былай деген: «Тағдыр (жазмыш) – бұл Аллаһтың құдіреті». Қз.: «Мәжму‘ әл-фәтауа» (8/308).

Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Имам Ахмад: «Тағдыр (жазмыш) – бұл Аллаһтың құдіреті», - деген. Ибн ‘Ақил бұл тұжырымды мақұлдаған және былай деген: «Ол Ахмадтың нақтылығына және оның дін негіздеріндегі терең білімдеріне нұсқайды». Абу әл-Уәфа да тура соны айтқан, өйткені тағдырды теріске шығару - Раббының құлдардың амалдарын жаратуға, жазуға және алдын ала белгілеп қоюға деген қабілетін теріске шығару болып табылады”.

Әһли-әс-Сунна уәл-Жәма’аның көзқарастарына сәйкес Аллаһтың тағдырында (жазмышында) Құранмен және Сүннетпен расталатын төрт саты айқындалады.

Бірінші саты – Аллаһтың бар болған және жоқ болған барлық нәрсе туралы абсолюттік білімі. Бұл білімге Аллаһ Тағала мәңгі ие.

Екінші саты – бұл барлық жаратылыстардың тағдырының және Қиямет күніне дейін орын алатын барлық нәрселердің Сақтаулы Тақтада жазылуы. Бұл жазу көктер мен жердің жаратылуынан елу мың жыл бұрын жазылды.

Үшінші саты – Аллаһтың қалауы. Аллаһтың қалаған нәрсесі ғана орын алады, ал Ол кәламаған нәрсенің орын алуы мүмкін емес.

Төртінші саты – Аллаһ Тағаланың барлық болмысты жаратуы. Аллаһтың Құдіреті абсолюттік сипатта және Ол амал жасайтын жаратылыстарды олардың амалдарымен бірге жаратты.

«Әл-Қада» және «әл-қадар» сөздері бірге қолданылса, «әл-қада» сөзімен тағдырдың алғашқы үш сатысы меңзеледі, ал «әл-кадар» сөзімен – соңғы, төртінші саты меңзеледі.



Абу Ханифаның иман туралы айтқан сөздері

1. Абу Ханифа былай деген: «Иман – бұл (иман куәлігін тілмен) бекіту және (жүрекпен) растау». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 304.

2. Абу Ханифа былай деген: «Иман бұл тілмен бекіту және жүрекпен растау (жәнан). Тілмен бекітудің өзі ғана иман болмайды». Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен, әт-Тахауи бұл сөзді Абу Ханифадан және оның екі шәкіртінен жеткізген; «әл-Ақида әт-Тахауиййя» шархымен, 360.

3. Абу Ханифа былай деген: «Иман көбеймейді де, азаймайды да». Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен, 3.

Шейх Абдуррахман әл-Хумаййис былай деп айтады: «Имам Абу Ханифаның: «Иман көбеймейді де, азаймайды да», - деп айтқаны оның иманға берген жүрекпен растау және тілмен айту анықтамасымен байланысты. Ал иманды амалдармен растауды ол иманның мәнінің анықтамасына енгізбеді. Абу Ханифаның бұл пікірі оның иманға қатысты көзқарастарын басқа имамдардың: Мәликтің, әш-Шәфи’идің, Ахмадтың, Исхақтың, әл-Бухаридің т.б. - көзқарастарынан ерекшелейді. Ал бұл мәселедегі ақиқат солардың жағында. Абу Ханифаның бұл сөзіне келер болсақ, ол ақиқаттан алыс, алайда қалай болғанда да ол (мужтаһид ретінде) Аллаһтан сый алады. Сонымен бірге Ибн Абд әл-Бәрр және Ибн Абу әл-Изз Абу Ханифа кейінірек өзінің пікірінен бас тартқандығын байқауға болатын деректерді жеткізеді. Ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі». Ибн Абд әл-Бәрр «әт-Тәмхид» (9/247); «Шарх әл-Ақида әт-Тахауийя», 395» «Вероубеждение четырех имамов» кітабын қараңыз.15

Имам Абу Ханифаның сахабалар туралы айтқан сөздері

1. Абу Ханифа былай деген: «Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары туралы біз тек жақсы нәрсе айтамыз». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 304.

2. Абу Ханифа былай деген: «Біз Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде-бір сахабасынан бас тартпаймыз және оның бірде-біреуіне басқасына қарағанда артығырақ достастық танытпаймыз». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 40.

3. Абу Ханифа былай деген: «Олардың кез келгенінің Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір сағат болса да бірге болуы біздің әрқайсымыздың өмір бойы игі амалдар істеуімізден жақсырақ, тіпті ол (өмір) ұзақ болса да». Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа», 76.

4. Абу Ханифа былай деген: «Біз: «Пайғамбарымыз Мухаммадтан кейін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл үмметтің ең игі адамдары Абу Бәкр әс-Сыддық, кейін Умар, кейін Усман, ал кейін Али, Аллаһ олардың барлығына разы болсын, болып табылады», - деп айтамыз». Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен, 14.

5. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһтың Елшісінен кейін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең игі адамдар Абу Бәкр, Умар, Усман және Али болып табылады, ал Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзге барлық сахабалары туралы біз тек ең жақсы сөз айтамыз». Қз.: «ән-Нур әл-Ләми» (каф, 119 – ба).



Имам Абу Ханифаның кәламмен (діни пәлсапамен) айналысуға және дін туралы айтыс-тартыстарға берілуге тыйым салғандығы туралы

«Кәлам» терминінің түсіндірмесін біз алдын имам Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, білім алу жолына түскені туралы мақалада берген болатынбыз.

1. Абу Ханифа былай деген: «Басрада өздерінің әуес-қалауларына ілесетін адамдар көп. Мен: «Кәлам ең басты ғылым болып табылады», - деп ойлап, ол жерге жиырмадан астам рет барғанмын және сол жерде кейде бір жылға, кейде одан көбірек немесе азырақ мерзімге қалатынмын». Әл-Курди «Мәнақиб Аби Ханифа», 137.

2. Абу Ханифа былай деген: «Мен кәламмен көп айналысқаным соншалықты – онда үлкен белестерге жеттім және тіпті (адамдар) маған бармақтарымен көрсететіндей болды. Бірде біз Хәммад ибн Абу Сулайманның үйірмесіне жақын отырғанымызда маған бір әйел келді де, былай деді: «Бір ер кісі әйелімен Сүннетке сәйкес ажырасқысы келеді. Ол әйеліне қанша рет талақ беруі керек?», - деп сұрады. Мен оған мұны Хәммадтан сұрауын және кейін маған қайтып келіп, бәрін айтып беруін бұйырдым. Ол бұл сұрақты Хәммадқа қойды, ал ол: «Ол әйеліне талақты оның хайызы біткен соң бір рет беруі керек және онымен жыныстық қатынасқа бармауы керек. Кейін ол тағы екі хайыздың аяқталуын күтуі керек, бірінші хайызы мен барлығы үшеу болғанға дейін. Кейін тұрмысқа шығуына болады», - деп жауап берді. Оны тыңдап болып әлгі әйел қайтып келіп, Хәммадтың сөздерін маған жеткізді. Ал мен: «Кәламның маған қажеті жоқ», - дедім де, содан соң кебістерімді қолыма алып, Хәммадтың алдына барып отырдым». Қз.: «Тарих Бағдад», 13/333.

3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Амр бин Убайдті лағнеттесін, өйткені ол адамдарға кәламға алып баратын, оларға еш пайда бермейтін жолды ашып берді». Әл-Харауи «Замм әл-Кәлам», 28-31.

Бір адам Абу Ханифадан: «Адамдар тілге «акциденция» (әл-а’рад) және “объекттілік” (әл-әжсам) ұғымдарын енгізе бастағанына сенің пікірің қалай?», - деп сұрағанда, Абу Ханифа: «Бұл – пәлсапашшылардың сөздері. Деректерден (асарлардан) ұстан, салиқалы алдынғы буынымыздың өкілдерінің (сәлафтардың) жолымен жүр және діни жаңалықтардан сақ бол, өйткені кез келген діни жаңалық – дінбұзушылық (бидғат)». Әл-Харауи «Замм әл-Кәлам» (194).

4. Абу Ханифаның ұлы Хәммад былай деп баяндайтын: “Бірде маған әкем кіріп келді, ал сол кезде менің алдымда кәламның жақтаушылары болған бір топ адамдар бар болатын. Біз бір мәселе бойынша қызу айтысып жатқанымыз соншалықты – тіпті дауыстарымызды көтеретінбіз. Мен үйде әкемнің қимылынан шығып жатқан дауысты естіп, оның алдына шықтым. Ол менен: «Сенің алдыңдағы адамдар кім, уа, Хәммад?», - деп сұрады. Мен: «Пәлен, пәлен және пәлен», - деп олардың аттарын атап, жауап бердім. Ол: «Уа, Хәммад, кәламмен айналысуды қой!», - деді». Хәммад былай деді: «Мен әкемнің өз-өзіне қайшы келгенін және алдын бір нәрсені бұйырып, содан соң одан тыятындардан болатынын байқамаппын. Сондықтан мен одан: «Уа, әке, маған кәламды үйрен деген сен емес пе едің?», - деп сұрадым. Ол: «Иә, балам, алайда мен саған бүгін бұған тыйым саламын», - деді. Мен: «Не үшін?», - деп сұрадым. Бұған ол: «Уа, балам. Кәлам мәселелері бойынша келіспеушілікке түскен бұл адамдарды сен бұрын көзқарастары да бір, діндері де бір болғандардың арасында көретін едің. Шайтан олардың арасына дұшпандық және келіспеушіліктер егіп, олардан мұны тартып алмайынша осылай жалғаса берді, ал кейін олар бір-бірімен келіспеушілікке түсті...», - деп жауап берді". Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа», 183-184.

5. Абу Ханифа Абу Йусуфқа былай деген: «Адамдармен діннің негіздері жайлы кәламға сүйеніп сөйлесуден сақ бол, өйткені олар саған еліктейді және осымен айналыса бастауы мүмкін». Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа», 373.

Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, діннің негіздеріне қатысты мәселелердегі сөздері мен сенімдері, сондай-ақ оның кәламға және онымен айналысушыларға деген қатынасы осындай болған.

Абу Ханифаның әдісі

Абу Ханифа ұлы фақиһ еді және ол осы өте маңызды ғылымның әдіснамалық негіздерін жасап шығарды, ал оларды мұндай формада оған дейін ешкім қолданбаған еді. Осы себепті ол өзінің әдістемесін толық түсінбейтін адамдардың тарапынан жиі сыналатын. Бұл табиғи да, өйткені кез келген істе алғашқылардан болу қиын іс. Бұдан тыс, ұлы ұстаз кең дүниетанымға ие ілгерішіл және еркін ойлы адам еді. Ол орынсыз діни догматизмге ешқашан түспейтін. Бұл мүмкін де емес еді, өйткені ол өзінің ұстаздық әдістерін пікірталастыруға негіздеп құратын. Ол (шариғатқа негізделетін) кез келген пікірге төзімділікпен және түсінушілікпен қарайтын және сау ақыл-парасатты адамдардың дәйекетерін назар қойып зерттейтін. Тек Уахидің (нассам) сөзіне ғана ілесетін кейбір адамдар оны тіпті Ислам заңының кейбір ережелерінен орынсыз ауытқуда негізсіз айыптайтын. Мұндай адамдардың субъективтігінен (өз тұжырымына жүгінуінен) туындаған осындай корсеватизм және сөзбе-сөзділік тек Абу Ханифа үшін ғана емес, барша ілгерішіл ойлайтын адамдар үшін кедергі болып табылатын еді. Діни догматиктер ұлы имамдардың және ғалымдардың ілгерішіл әдістерін түсінбейтін және олардың іс-әрекетіне бөгет жасайтын. Алайда Абу Ханифаның және басқа да ағартушы имамдардың және ғалымдардың артықшылығы – олар осының барлығына қарамастан, өздерінің ұстанымдарын жүйелі түрде қорғайтынында және осы арқылы үмметті сахабалар мен олардың ізбасарларының түсінігіндегі Құран мен Пәк Сүннетке қайтару арқылы дұрыс бағыт беруінде. Сонымен бірге олардың қарсыластарының аттары қалың бұқараға сол бойы танылмай кетті немесе Сүннетке қарсы дінбұзарлықтың, догматизм мен адасушылықтың көрінісі ретінде еске алынатын болды.

Абу Ханифаның әдісі – ол ең алдымен Құранның аяттарының, кейін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының Сүннетінің негізінде өз тұжырымдарын құратынында және шариғи ұйғарым ұсынатынында еді. Хатиб әл-Бағдади «Бағдад тарихы» еңбегінде Абу Ханифаның өзінің мына сөздерін келтірген еді: «Мен ұйғарымдарды Аллаһтың Кітабының негізінде беремін. Егер мен бір нәрсені таппасам, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне жүгінемін. Ал егер шариғи ұйғарым үшін дәлел болатын негізді ол жерден де таппасам, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының сөздеріне жүгінемін. Осылай істей тұра, мен олардың айтқандарының шегінен шықпаймын. Осы орайда, мен олардың (сахабалардың) арасында айырмашылықтар жасамаймын».

Абу Ханифаның өмір сүрген кезеңінде мұсылман қоғамы едәуір ілгерілеген болатын және Кітапта сөзбе-сөз көрсетілмеген көптеген мәселелер пайда бола бастады. Сондықтан Абу Ханифа түрлі мәселелерді Кітаптың (Құран мен Сүннеттің) сөзбе-сөз мағынасына қияс (ұқсастықтары бойынша) келтіру әдісін енгізді.

Сөйтіп Абу Ханифаның құқықтық ұйғарымдарды шығару әдісі мына негіз салушы ұстанымдарға негізделген еді:

а) Құран. Бұл – Аллаһтың Сөзі және Шариғаттың іргетастық негізі.

б) Сүннет. Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесі, оның айтқандары және Құранның аяттарын түсіндіретін сөздері.

в) Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының айтқан сөздері. Дәйек алынатын бұл көз де Шариғаттың түрлі салаларына нақтылық енгізеді, өйткені сахабалар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қасында болған және түрлі мәселелердің мәнін немесе алғышартын білген. Табиғиндердің (сахабалардың ізбасарларының) сөздері сахабалардың сөздеріне тең емес, өйткені олар Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тікелей сөйлеспеген.

«Әл-Хидая» кітабының авторы имам әл-Мәрғинани мынандай тарихи фактіні келтіреді. Бірде имам Абу Ханифаға, Аллаһ оны рахым етсін «Егер сен Аллаһтың Кітабына қайшы келетін пікір айтқан болсаң, біз не істеуіміз қажет?» деген сұрақ қойылды. Ол: «Онда менің пікірімді тастаңдар да, Аллаһтың Кітабындағыны алыңдар». Олар: «Ал егер ол Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері мен істеріне қайшы келсе ше?», - деп жалғастырды. Ол: «Онда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы хабарды алыңдар да, менің пікірімді тастаңдар», - деді. Сонда олар: «Ал егер ол сахабалардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне қайшы келсе ше?», - деп сұрады. Имам Абу Ханифа: «Сахабалардың сөздерін алып, оны тастаңдар», - деді.

г) Қияс. Ұқсастық бойынша тұжырымдау. Ол Уахида (Құран мен Сүннетте) белгілі бір мәселенің сөзбе-сөз шешілуі болмаған жағдайда пайдаланылады. Бұл әдістің мәні құқықтық мәселе мұндай жағдайларда Уахида (Құран мен Сүннет) бар нәрсемен ұқсастыққа сәйкес шешілуі мүмкіндігінде. Құқықтық мәселе шешіліп қойған мәселемен теңестіріледі де, соның негізінде шешім шығарылады.

д) Истихсан (дұрысырақ көру (санау)). Егер аталған жағдайда ұқсастық бойынша дұрыс тұжырым формалды түрде мақсатқа толық сәйкес болып табылмаса, қиястан бас тарту мүмкіндігі. Бұл жағдайда ұйғарым айқын қиясқа қарама-қайшы келетін өзге дәлелдің негізінде шығарылады. Истихсан қияс ижмаға және ғұрыпқа қарама-қайшылыққа түскен жағдайда қолданылады.

е) Ижма. Ертедегі және қазіргі заман мужтаһидтарының (ғалымдарының) қандай да бір мәселе бойынша бірауызды пікірде болуы.

ж) Ғұрып (‘урф). Егер Уахида (Құран мен Сүннетте) сөзбе-сөз дәлелдер жоқ болса, дәлел ретінде мұсылман қоғамында дәстүрлі түрде қалыптасқан пікірлерді қолдану. Ғұрып сахих және фәсид болып екіге бөлінеді. Сахих – бұл Уахиға (Құран мен Сүннетке) қайшы келмейтін ғұрып. Дәл соны ғана дәлел ретінде қолдануға рұқсат етіледі. Фәсид – Уахиға қайшы келетін ғұрып. Ғұрыптың бұл түрі дәлел ретінде қолданылмайды.

Абу Ханифа өзінің жеке басына ілесуге бұйырмайтын, ол тек Пайғамбарға ғана (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабаларына және олардың ісбасарларына (табиғиндерге) ілесу міндетті дейтін.

Имам Абу Ханифа: «Егер хадис сенімді болса – міне, сол менің мәзһабым», - дейтін.

Ол сондай-ақ былай дейтін: «Ешкімге біздің сөздерімізді, біз оларды қайдан алғанымызды білмей, алуға рұқсат етілмейді». Қз.: «әл-Хашия» 6/293, «И’лам әл-Муқи’ин» 2/309, «әл-Мизан» 1/55.

Ол тағы да былай деген: «Менің дәлелімді білмейтінге, менің сөздеріме негізделіп пәтуа беру харам (тыйым салынады)!» Қз.: «Расмул-муфти» 1/29, «әл-Мизан» 1/55.

Өкінішке орай, оның мәзһабын ұстанушылардың көбі оның сөздеріне назар бұрмай және оның дәлелдерін білмей, оған соқыр түрде ілеседі. Сондай-ақ Абу Ханифа өзінің шәкірті Абу Юсуфқа: «Қасірет саған, уа, Йақуб! Сен менен естігеніңнің барлығын жазып ала берме. Ақиқатында, бүгін мен былай ойлаймын, ал ертең – өзгеше, немесе ертең – былай ойлаймын да, ал бүрсі күні өзгеше ойлаймын». Қз.: «әл-Мизан» 1/62.

Имам Абу Ханифа жиі жағдайда ұқсастық бойынша теңеуге (қиясқа) сүйеніп тұжырым шығаратын, ал содан соң егер қаралып жатқан мәселе бойынша Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі туралы білсе, немесе күштірек дәйектелген қиясты тапса, өзінің бұрынғы көзқарасынан бас тартатын.

Сондай-ақ ол: «Егер мен Аллаһтың Кітабына қайшы келетін нәрсе айтсам, онда менің сөздерімді тастап, Аллаһтың Кітабына ілесіңдер», - дейтін. Одан: «Ал егер олар Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөздеріне қайшы келсе ше?», - деп сұрағанда, ол: «Менің сөздерімді тастаңдар да, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне ілесіңдер», - деп айтатын. Одан тағы да: «Ал егер олар оның сахабаларының сөздеріне қайшы келсе ше?», - деп сұрағанда, ол: «Менің сөздерімді тастап, сахабалардың сөздеріне ілесіңдер», - деп жауап берген. Қз.: «Фәтхул-Мәжид» 241.

Имам Абу Ханифа былай деп айтатын: «Бұл менің пікірім, ал кімде бұдан жақсырағы болса, мен оны қабыл аламын».

Имам Абу Ханифа, Аллаһ оны рахым етсін, пәтуа шығарғанда былай дейтін: «Біздің білгеніміз – осы. Ал егер біреу нақтырақ түсіндірмені тапса, ол ақиқат болуға лайықтырақ». Осылай деп әш-Шә’рани «Танбих әл-муғратаррин» кітабында келтірген.

Және Абу Ханифаның бұйырғандарына оның мәзһабын оқып-үйренген ізгі мұсылмандар ілесетін. Мысалы, оның атақты пікірлестерінің бірі болған Мухаммад ибн әл-Хасан жаңбырды сұрау намазын орындау туралы былай дейтін: «Абу Ханифа жаңбырды сұрау намазын (истиска) орындау керек емес деп есептейтін. Ал біздің пікіріміз бойынша имам адамдармен екі ракағат намазды орындап, кейін дұға жасап, киімін (шапанын) теріс киюі қажет деп есептейміз»16. Қз.: «әл-Мууатта» 1/158.

Сондай-ақ имам әл-Касани «Бәдаи әс-Санаида» шұлыққа масих тарту туралы мәселесі бойынша былай деп жазады: “Егер шұлық үстінен және астынан қайыспен қапталған болса, оған масих тартуға болады. Біздің пікірлестеріміздің (яғни ханафи мәзһабына ілесушілердің – ред.) бұл мәселе бойынша келіспеушіліктері жоқ. Ал үстінен және астынан, немесе табаны жағынан қайыспен қапталмаған шұлыққа қатысты айтар болсақ, оларға масих тартудың рұқсат етілуі олардың қалыңдығына байланысты. Егер шұлық жұқа және астынан дене көрінетіндей болса, онда ғалымдардың бірауызды келісілген пікірі бойынша (ижма)17 оларға масих тартуға болмайды. Ал тығыз18 шұлыққа қатысты айтар болсақ, Абу Ханифа алғашында оларға масих тартуға болмайды деп есептеген, ал Абу Йусуф пен Мухаммад (ибн әл-Хасан), керісінше, мұны рұқсат етілген деп есептеген. Десе де, Абу Ханифа өмірінің соңында, ауырған кезінде өзінің шұлықтарына масих тарта бастағаны, ал кейін өзін зиярат етіп келген адамдарға: «Мен адамдарға тыйым салатын нәрсені өзім істедім», - дегені жеткізіледі”. Имам әл-Касани осы әңгімені келтірген өзінің «әл-Бәдаи» еңбегінде жазғандай: «Имамның бұл сөздерінен ол өзінің алғашындағы пікірінен бас тартқандығы келіп шығады».

Абу Ханифаның өзінің алғашқы пікірінен бас тартуы, оның артықшылығы, әділеттілігі және әуестерге жүгінбейтіндігі туралы куәлік етеді. Мужтаһид-ғалымдарға едәуір салмақтырақ пікірге сәйкес өз пікірін өзгерту тән және бұл олардың артықшылықтарына және лайықты қызметтеріне нұсқайды. Имам Абу Ханифа туралы бұл деректен алынатын ең ғибратты сабақ – оның, оларға темірді жұмсартатын және тасты талқандайтын қанша дәлелдер келтірсең де, ақиқатты ешқашан мойындамайтын және оған ешқашан қайтпайтын кейбір қырсықтар сияқты емес, өз пікірінен бас тартып, бұл туралы адамдардың алдында жариялауында. Абу Ханифаның бұл әрекетінде таң қаларлық еш нәрсе жоқ, өйткені мужтаһид-имамдарға жұмсақтық, кәмілдік, ізгі мінез, әділдік және кез келген уақытта ақиқатты мойындауға дайын болу тән еді.

Әрі қарай имам әл-Касани былай деп жазады: «Абу Йусуф және Мухаммад дәлел ретінде әл-Муғира ибн Шу’баның Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет алып, шұлығына масих тартқандығы туралы хадисті келтіреді. Бұдан тыс олар мынандай қияс келтіреді: хуффтарға масих тартуға адамды оларды шешіп-киюге байланысты ауыртпалықтардан босату үшін рұқсат етілетіндіктен, тура сол мағына шұлықтарға масих тартуда да қамтылған».




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет