Имам абу ханифаның Өмірі және сенімі абу Ханифаның туылуы, толық аты және нисбасы1


Абу Ханифаның Сүннетке ілесу қажеттігі туралы айтқан сөздері



бет4/4
Дата11.06.2016
өлшемі4.53 Mb.
#128579
1   2   3   4

Абу Ханифаның Сүннетке ілесу қажеттігі туралы айтқан сөздері

Біз осы жерде имам Абу Ханифаның Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне ілесу және имамның пікірлерінен, егер олар Сүннетке қайшы келсе, бас тарту қажеттілігі туралы айтқан сөздерін келтіруіміз өте пайдалы болады. Өйткені бұл - имамдардың айтқандарына, ұлы имамдарға да емес, олардан мәртебесі бойынша едәуір төмен болғандарға соқыр түрде ілесетіндерге (тақлид жасаушыларға), өздерінің мәзһабтары мен көзқарастарына олар Көктен түскендей дәрежеде ілесетіндерге сақтандыру және ескерту болады! Ал Пәк Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Раббыларыңнан сендерге түсірілгенге бой ұсыныңдар да, Одан өзгені қамқоршы тұтып ілеспеңдер. Нендей аз ғана үгіт тыңдайсыңдар!» («әл-Әғраф» сүресі, 3-аят).

Ізбасарлары көптеген сөздерін және ескертулерін бізге жеткізген имам Абу Ханифа ән-Нуғман ибн Сабиттің, Аллаһ оны рахым етсін, айтқандарының барлығы бір нәрсеге келіп ұштасады, яғни негіз ретінде хадисті алу және имамдардың қандай да бір сахих хадиске қайшы келетін көзқарастарынан бас тарту қажеттігіне. Мысалы:

1. «Егер хадис сенімді (сахих) болса – міне, сол менің мәзһабым». Ибн ’Абидин «әл-Хашийя» (1/63) және «Расм әл-Муфти» (1/4), шейх Салих әл-Фулани «Иқаз әл-Химам» ( 62-бет) және басқалар.

2. «Ешкімге біздің пікірлерімізді, олар қайдан алынғандығын білмей, алуға рұқсат етілмейді». Ибн Абд әл-Бәрр «әл-Интика’ фи Фәда’ил әс-Сәласа әл-А’ймат әл-Фуқаһа» (145), Ибн әл-Каййим «И’ләм әл-Муқи’ин» (2/309), Ибн ’Абидин «әл-Бахр әр-Ра’икке»(6/293) және «Расм әл-Муфтиге» (29, 32) жасаған ескертпелерінде және екінші деректі жеткізген әш-Шә’рани «әл-Мизан» (1/55), соңғы деректі Аббас әд-Даури «әт-Тарих Ибн Мә’инде» (6/77/1) сахих иснадпен Абу Ханифаның шәкірті Зуфардан жеткізген. Тура осындай деректер Абу Ханифаның серіктерінен: Зуфардан, Абу Йусуфтан және Афийи ибн Йазидтен («Иқаз», 52-бет) жеткізілген. Ибн әл-Қаййим Абу Йусуфтан келген дерекке «И’ләм әл-Муқи’инде» нұсқаған (2/344). Екінші дерекке жасалған қосымшаны «Иқаздың» редакторы (65-бет) Ибн Абд әл-Баррға, Ибн әл-Қаййимға және басқаларға қатысты етеді.

Басқа бір хабарда былай деп жеткізіледі: «Белгілі бір мәселе бойынша менің дәлелдерімді білмей, менің сөздеріме негізделіп пәтуа шығару - тыйым салынған (харам)».

Тағы бір риуаятта (хабарда) «...өйткені біз барлығымыз - адам: бүгін біз бір сөздерді айтамыз, ал ертең олардан бас тартамыз» деген қосымша жасалған.

Сондай-ақ мынандай хабар да жеткізіледі: «Қасірет саған, уа, Йақуб (бұл жерде Абу Ханифа өзінің шәкірті Абу Йусуфқа айтып тұр)! Сен менен естігеніңнің барлығын жазып ала берме. Ақиқатында, бүгін мен былай ойлаймын, ал ертең – өзгеше, немесе ертең – былай ойлаймын да, ал бүрсі күні өзгеше ойлаймын».

Имам Абу Ханифа жиі жағдайда ұқсастық бойынша теңеуге (қиясқа) сүйеніп тұжырым шығаратын, ал содан соң егер қаралып жатқан мәселе бойынша Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі туралы білсе, немесе күштірек дәйектелген қиясты тапса, өзінің бұрынғы көзқарасынан бас тартатын болғандықтан осылай дейтін.

3. «Егер мен Аллаһ Тағаланың Кітабына немесе Елші туралы (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарларға қайшы нәрселер айтсам, менің сөздерімнен бас тартыңдар».

Әл-Фулани «Иқаз әл-Химамда» (50-бет) бұл сөздерді имам Мухаммадқа телитін, ал кейіннен: «Бұл мужтаһидке қатысты емес, өйткені ол олардың пікірімен еш байланысты емес, бірақ бұл муқаллидке қатысты».

Тақлид — белгілі бір ғалымға соқыр түрде ілесу. Муқаллид деп қандай да бір имамға, оның сөздері Құран мен Сүннетке қайшы келетінін білсе де, соқыр түрде ілесетін адамды айтады. Тақлидке имамдар барлық уақытта тыйым салатын және олар белгілі бір имамға Құран мен Сүннетке қайшы болған түрде еліктейтіндерді сөгетін. Имам әт-Тахауи былай деген: «Ой-өрісі тар және парықсыз адамнан басқа ешкім соқыр түрде еліктемейді». Қз.: «Расмул-муфти» 1/32.

Имам Ибн Хазм былай деген: «Ақиқатында іздерінен өзгелер соқыр түрде ілесетін ғалымдардың өздері соқыр ілесудің (тақлидтің) қарсыластары болған. Олар өздерінің жақтастарына олардың пікірлеріне соқыр түрде ілесуге тыйым салатын. Бұл мәселеде ең үлкен қызғаныш танытатын имам әш-Шәфи’и еді, Аллаһ оны рахым етсін, өйткені ол жиі және басқаларға қарағанда жүйелірек түрде сахих хабарларға ілесу және дәлелге сәйкес келетін нәрселерді ғана қабылдау қажеттілігі туралы айтатын. Ол сондай-ақ өзіне соқыр ілесуге қарсы болатын және айналасындағыларды осыдан сақтандыратын. Ендеше, Аллаһ Тағала оған рахымын сыйласын және оның сыйы өте үлкен болсын, өйткені ол ұлы игіліктің себепкері болды!» Қз.: «Усулюл-әхкам» 6/118.

Алынған дереккөздер:

1. «Имам Абу Ханифа»

2. «Вероубеждение четырех имамов: Абу Ханифы, Малика, аш-Шафи’и и Ахмада»

3. www.abuhanifa.ru



1 Нисба – қандай да бір затқа, адамға, қалаға, елге, тайпаға т.с.с. қатыстылықты білдіретін қатыстылық есімі.

2 Кәлам — бұл діни-пәлсапалық ағым. Оның өкілдері логика мен пәлсапаны оқып үйренуге ерекше назар қояды, өздерінің көзқарастарын логикалық дәйектердің негізінде құрады, әрі соларға Құран мен Сүннеттің қасиетті мәтіндеріне қарағанда басымдық береді. Осы орайда олар өз тәсілдерін «логикалық дәйектер күмән тудырмайды, ал қасиетті мәтіндер болжалмен айтылған сипатқа ие» деген тұжырымдарымен негіздейді. Немесе олар: «Қасиетті мәтіндердің дәлелдері Исламның дұшпандарымен болатын пікірталастарда қабылданбайды», - дейді, ал бұл оларды логикалық дәйектерге жүгінуге талпындырады. Алайда мұндай тәсіл сахабалар ұстанған жолға қайшы келеді, өйткені олар Құран мен Сүннеттің қасиетті мәтіндеріне адамдардың кез келген логикалық дәйекетерінің және пікірлерінің үстінен басымдық беретін. Ал мутақаллимдердің, яғни кәламға ілесушілердің әдістері сахабалардың әдіснамасында (манһажында) көрініс таппағандықтан, олар: «Сахабалар діннің негізгі ережелерін жетік меңгермеген, өйткені Аллаһтың жолындағы соғыстармен айналысқан және күш-қайратын дінді қорғауда жұмсаған», - деп есептейді. Кәламның жақтаушылары өздерінің жолын Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының, Аллаһ олардың барлығына разы болсын, жолынан едәуір сауаттырақ және едәуір жетік деп ойлайды. Сөйтіп олар сахабалардың артықшылықтарын кемсітеді, олардың діннің негіздеріндегі білімдерін жетік емес, ал олардың бұл жолдағы күш-қайрат жұмсауын толыққанды емес деп айтады. Сахабаларға мұндай қатынас жасау олардың жолы - ең дұрыс, ең сауатты, ең кемел жол деп есептейтін Суннеттке ілесетін және оның төңірегіне бірігетін мұсылмандардың (Әһлю-Сунна уәл жәма’аның) ұстанымына мүлде үйлеспейді. Әһлю-Сунна уәл-жәма’а сондай-ақ: «Сахабалардың көзқарастары дұрыс және шынайы болды, ал оларға қайшы келетін нәрсенің барлығы адасушылық болып табылады», - деп есептейді. Айтылғанның барлығынан мутақаллимдердің және басқа да бидғатшылардың өздерін Әһлю-Сунна уәл жәма’аға қатысты етуге деген талаптары әділетсіз және бұзақы болып табылатыны айқын болады.

3 Ижтиһад — ғалымға Құран мен Сүннетте тікелей нұсқауы болмаған діни-құқықтық мәселелерді дербес түрде шешуге құқық беретін ғалымдықтың жоғары дәрежесі. Ижтиһадпен тек араб тілін жетік білетін, Құранды және оның тәпсірлерін толық жатқа білетін, Сүннетті және оның түсіндірмесін жақсы меңгерген, сондай-ақ басқа да бірқатар талаптарға жауап беретін тұлғалар ғана айналыса алады.

4 Мәзһаб — белгілі бір ғалымның діни-құқықтық мектебі. «Мәзһаб» сөзі «бару», «кету» дегенді білдіретін «заһаба» деген араб түбіріне жатады. Сондықтан да діндегі біреудің пікіріне негізделген кез келген бағыт «мәзһаб» деп аталып кеткен. Әл-Фәйюми «Мисбәх әл-мунирде» 1/211 былай деген: «Араб тілінде «пәленнің мәзһабымен жүру» деген оның жолымен және бағытымен жүру дегенді, ал «дінде пәлен деген адамның мәзһабымен жүру» деген діни мәселелерде оның пікіріне ілесу дегенді білдіреді».

5 Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаға берілетін сауаппен еш нәрсе тең келмейді деген.

6 Сауиқ — тез дайындалатын, сапарда тамақтанатын тағам. Оның негізін бидайдың немесе арпаның май, бал немесе құрма қосып қайнатылған жармасы құрайды. Жеуден алдын оны сумен жібітеді.

7 Тәшбих (сөзбе-сөз: «ұқсату, теңдестіру, бірдей көру») — Аллаһты біреуге болсын, бір нәрсеге болсын ұқсату (теңдестіру). Ұқсатудың (теңдестірудің) үш түрін теріске шығару (мойындамау) керек: (1) өзін Аллаһқа ұқсату (теңдестіру); (2) жаратылғанды Аллаһқа ұқсату (теңдестіру); (3) Аллаһты жаратылысқа ұқсату (теңдестіру).

8 Та’тыл — сөзбе-сөз: «айыру, алып қою». Аллаһтың есімдері мен сипаттарын мән- мағынасынан айыру бағдарлы идеясын қамтыған мазмұны бойынша кең термин.

9 Имам Абу Ханифа және Мухаммад бин әл-Хасан кісінің өз дұғасында: «Уа, Аллаһ! Ақиқатында, мен Сенен Аршыңның ұлықты үшін сұраймын», - деп айтуын мұны рұқсат ететін шариғи мәтіннің (ән-насс) жоқ болғандығы себепті сөгетін еді. Ал Абу Йусуфке келер болсақ, ол «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа: «Уа, Аллаһ! Ақиқатында, мен Сенен Аршыңның ұлықтығы үшін және Кітабыңнан шығатын таусылмас рахметің үшін сұраймын», - деп дұға еткен» деген хадиске сүйеніп, осылай істеуге рұқсат ететін. Бұл хадисті әл-Бәйһақи «әд-Дә’ауат әл-Кәбира» кітабында келтіреді. Ол сондай-ақ «әл-Бинайа» (9/382) және «Нәсб әр-Райя» ( 4/272) кітаптарында да келтірілген.

Алайда бұл хадистің иснадында үш салмақты кемшілік бар: Дауд бин Абу Әсим Ибн Мәс’удтан хадис естімеген; Абдул-Мәлик бин Журайж мурсал хадистерді жеткізетін сөздерді алмастырушы (мудаллис) болған; Амр бин Харун өтірікші деп айыпталған.

Осыдан шыға келе Ибн әл-Жәузи былай деген: «Ешбір күмәнсіз, бұл хадис, сендер мұны өздерің көріп тұрғандарыңдай, ойдан тоқылған, ал оның иснады кемшіліке ие». Қз.: «әл-Бинайа», 9/382. Толығырақ «Тахзиб әт-Тахзибті» (3/189), (6/405), (7/501) және «Такриб әт-Тахзибті» (1/520) қараңыз.


10 Жәхмия – кәламның бір тармағы, оған ілесушілер өздерін мұсылманға телиді, алайда иманға және Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттарына қатысты дінбұзар (бидғатшыл, яғни Сүннетке қайшы – аудармашыдан) көзқарастарды ұстанады. Бұл ағымның негізін салған Абу Мухриз деген атпен танылған әл-Жәхм ибн Сәфуан еді. Оның іс-әрекеті хижраның 102 жылы өзіне ғалымдардың назарын қаратқан болатын. Ол ерік бостандығын толық жоққа шығаратын, алғашқы болып Құранның жаратылғандығы туралы дінбұзар көзқарастарды тарата бастады және иләһи сипаттарды толығымен жоққа шығаратын. Жәхмилердің қауіпті көзқарастарының бірі болып Аллаһтың сипаттарын толығымен жоққа шығару болып табылады. Іс жүзінде олар Оның көркем есімдерін де жоққа шығарады, өйткені оларды басқаша мағынада түсінеді. Жәхмилер сондай-ақ адам іс-әрекет жасау қабілетіне де, қалауға да, таңдау еркіне де ие емес деп айтады. Олар сондай-ақ иман сенімнен, сөзден және амалдан құралмайды деп айтады. Жәхмилер иман - Аллаһ туралы білу, ал күпірлік – Аллаһ туралы білмеу деп айтады. Осы орайда, олар: «Адам алдын Аллаһ туралы біліп, содан соң одан сөзбен бас тартса да, ол мүмин (иман келтірген) болып қала береді», - дейді. Олар сондай-ақ пайғамбарлардан бастап, қарапайым мұсылмандарға дейін баршаның иманы бірдей деп санайды. Жәхмилер Қиямет күні орын алатын көптеген оқиғаларды жоққа шығарады. Олар Тозақтың жоталарының арасынан өтетін Көпірге (әс-Сырат) сенбейді, Таразыға (Мизам) сенбейді, Аллаһты (Жәннатта) көру мүмкіндігін жоққа шығарады, қабір азабын жоққа шығарады және Тозақ пен Жәннат жойылады деген көзқарастарды таратады. Олар Аллаһтың Сөйлеуін жоққа шығарады және Аллаһ Өзінің Болмысымен жаратылыстарының арасында дейді. Жәхмилердің көзқарастарын көптеген мәртебелі мұсылман ғалымдары теріске шығарды, солардың ішінде Ахмад ибн Хәнбалді, Ибн Кутайбаны, әд-Дәримиді, Ибн Тәймийяны т.б. атауға болады.

11 Аудармашының (араб тілінен) ескертпесі: Қадарилер – атауы арабтың «әл-қадар» («жазмыш», «өлшем») сөзінен туындаған дінбұзар бағыттың өкілдері. Бұл бағыт мұсылман күнтізбесі бойынша І-ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Қадарилер: «Адам өз іс-әрекеттерінің жаратушысы болып табылады және өзінің әрекеттерін Аллаһтың қалауынсыз өзі жасайды», - деп айтады. Бұл жолдың негізін салғандар - халиф Абд әл-Мәликтің бұйрығы бойынша хижраның 80 жылы керу арқылы өлім жазасына кесілген Мәбад әл-Жухани, сондай-ақ халиф Хишам аяқтары мен қолдарын шауып тастап, кейін керіп өлтіруді бұйырған оның шәкірті Ғәйлан әд-Димашки.

Қадарилердің қалау (ерік) бостандығы туралы көзқарастары христиан ортасының ықпалымен қалыптасты және жоғарыда аталған бұл дінбұзар бағыттың негізін салушылар арабтардан емес еді. Қадарилер адам еркін ерікпен жаратылып қойылған деп уағыздайтын, сондай-ақ жаман тағдыр Аллаһтан болуы мүмкін емес деп, «иләһи әділдік» туралы бұлжымас тұжырымды жақтайтын. Кейінірек қадарилердің көзқарастары оларды қадарилер деп атаумен келіспеген му’тазилилер тарапынан дамытылды. Өз ұстанымын олар: «Қадари деп тағдырдың адам амалдарына әсері бар деп айтатындарды атау керек, бірақ бұл әсерді жоққа шығаратындарды емес», - деп дәйектейтін.



12 Аудармашының (араб тілінен) ескертпесі: Му’тазилилер («оңашаланғандар», «бөлініп шыққандар») – хижраның 105-110 жылдары аралығында пайда болған кәламдағы алғашқы ірі бағыттың бірі. Бұл ағымның көзқарастары му’тазили Абу Хузайл әл-Әллафтің тұсында толық қалыптасып болды және олар мына бес ережеге ұштасады.

Біріншісі - әділеттілік (әл-‘адл). Олар иләһи әділеттілік адамның еркінің бостандығын, Аллаһтың жақсылықты ғана жарата алатындығын және заттардың бекітілген тәртібін Аллаһ бұзуы мүмкін емес екендігін тұспалдайды деп санайды. Бұл ереже қадарилердің иләһи тағдыр туралы көзқарастарына сүйенеді.

Екіншісі – бірқұдайшылдық (әт-таухид). Му’тәзилилер иләһи сипаттардың бар болуын және мәңгі болуын жоққа шығарады. Олар сондай-ақ Аллаһтың Сөйлеуін жоққа шығарады және Құранды жаратылған деп санайды. Бұл ереже му’тәзилилерді жәхмилермен жақындатады.

Үшіншісі – уәде және қорқыту (әл-уәәд уә әл-уәид). Олар егер Аллаһ мойынсұнушы құлдарын Жәннатқа, ал мойынсұнбайтындарын Тозаққа кіргізетінін уәде еткен болса, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шапағатшы болуы да, Аллаһтың рахымы да адамның жасаған амалы үшін берілетін жазаның сипатын өзгерте алмайды дейді.

Төртіншісі – екі кейіптің арасындағы аралық кейіп (әл-мәнзила бәйна әл-мәнзилатайн). Кейде бұл қалыпты «атау және тұжырымдау мәселесі» деп те атайды (мәсәлат әл-әсма уә әл-әхкам). Му’тазилилер егер мұсылман адам ауыр күнәлар жасаса, ол мүминдердің қатарынан шығады, бірақ кәпір болмайды деп есептейді. Олар оны күнәхар (фәсиқ) деп атайды және Ақыретте ол мәңгіге Отқа тасталады деп айтады.

Бесінші – жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару (әл-амр би әл-мә’руф уә ән-нахйи ән әл-мункар). Сүннеттің жақтаушылары болған және оның төңірегіне біріккен адамдар (Әхли әс-Сунна уәл-Жәма’а) да, жақсылыққа үндеудің және жамандықтан қайтарудың қажеттілігін мойындайды, алайда олардың көзқарастары му’тазилилердің сенімдерінен ерекшеленеді. Біріншіден, му’тәзилилер залым әмірге ашық қарсы шығуға болады, тіпті ол мұсылман болса да, деп есептейді. Екіншіден, олар қару алып олардың пікірлеріне қосылмайтын мұсылмандарға қарсы соғысуға болады деп есептейді.

Му’тәзилилер өздерінің ілесушілері деп тек осы бес ережені мойындайтындарды ғана есептейтейді, олар осы ережелердің негізінде Аллаһтың ең жоғарыда болуын жоққа шығарады. Олардың кейбіреулері Аллаһ Өзінің билігінің арқасында барлық жерде деп есептейді. Осындай пікірді Абу әл-Хузайл, әл-Искафи, Мухаммад бин Абд әл-Уаххаб әл-Жуббаи ұстанған. Солармен бірге Хишам әл-Фаути, Ибад бин Сулайман және Абу Зуфр Аллаһтың мүлде орны жоқ деп есептейтін. Му’тәзилилер Аллаһтың Аршқа көтерілгенін Оның Аршты меңгергені деп түсіну керек дейді. Олар сондай-ақ ізгілер Ақыретте Аллаһты көрмейді деп есептейді. Му’тәзилилердің рационалистік (ақылға жүгінген) нұсқаулары және теологиялық-пәлсапалық тұжырымдамалары ашария және матуридия сияқты кәламның кейіннен пайда болған еншісіне айналды.


13 Аудармашының (арабшадан) ескертпесі: Аллаһтың иләһи болмысымен байланысты басқа да сипаттары бар екендігін айтып кету қажет. Мысалы: Ұлылық (әл-`Изза), Даналық (әл-Хикма), Аллаһтың Өз болмысымен жаратылыстарынан жоғары күйде (әл-Улюуу), Аршқа көтерілуі (әл-Истиуа), ең жақын аспанға түсуі (ән-Нузул), Жүзі (әл-Уажх), екі Қолы (әл-Йәдайн), екі Көзі (әл-Айнайн) т.б.

14 Аллаһ Тағала жаратылыстарды өздерінің болмысы (фитрасы) бойынша бірқұдайшылдар етіп жаратты деп айту дұрысырақ болар еді, бұл туралы Абу Ханифа келесі сөзінде айқанындай.

15 Әһлю әс-Сунна уәл-Жәма’а ғалымдары Абу Ханифаны, Аллаһ оны рахым етсін, және осы мәселеде оның пікірлестері болғандарды фәқиһ-муржилерге – муржилердің бір тобына жатқызған.

Муржилер – бұл ертедегі адасқан секталардың бірі. Олардың әһлю-Суннадан негізгі айырмашылығы - иман мәселесіндегі келіспеушіліктері. Муржилер өз атауын «артта қалдыру» деген мағынаны білдіретін «иржа» сөзінен алған, яғни амалдарды иманның артында қалдырғандар. Қз.: «әл-Милал уә-ннихал» 1/136, «Мәқалат әл-исламиин» 1/212.

Сүннетте бұл секта туралы ешқандай сахих дерек жоқ. Алайда шейх әл-Әлбани муржилер туралы айтылған бір хадистің сахихтығын күшейткен. Әнастан жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімнен болған екі санаттағы адамдар менің су айдыныма жақындатылмайды және Жәннатқа кірмейді! Олар – қадарилер мен муржилер!», - деген. Әт-Табарани «әл-Әусат» 1/253. Хасан хадис. Қз.: “әс-Силсила әс-сахиха” 2748.

Муржилер үш негізгі топқа бөлініп кеткен:

“Бірінші тобы: «Иман – бұл тек қана жүректегі нәрсе (яғни нық сенім)», - деушілер. Оларды сондай-ақ жәхмилер деп те атайды.

Екінші тобы – иман тек тілде деп айтушылар. Және бұл анықтама кәрамилерден өзге ешкімнен келмеген.

Үшінші тобы – «Иманға - жүректегі сенім және тілмен айту қатысты, ал амалдар иманның құрамдас бөлігіне кірмейді, және ол көбеймейді де, азаймайды да!», - деп айтушылар. Және бұлар – ғалымдар оларды фәқиһ-муржилер деп атайтындар, ғалымдар олардың қатарына Абу Ханифа мен оның пікірлестерін де жатқызған”.

Муржилердің осындай анықтамасын шейхул-Ислам Ибн Таймия өзінің «әл-Иман» кітабында (184), имам Абул-Хасан әл-А’шари «Мәқалат әл-исламиин» енбегінде (1/213) және имам әш-Шәхристани «әл-Милал уә-ннихал» кітабында (1/139) берген.

Алғашқы екі топ – жәхмилер мен карамилер – шекке шыққан муржилер деп аталатындар (ғулату муржия).

Үшінші топқа келер болсақ, оларды орташыл муржилер деп атайды. Мұның үстіне, шейхул-Ислам Ибн Таймия олармен айырмашылық тілдік сипатта ғана, өйткені олар адам күнә жасағаны және парыздарды қалдырғаны үшін жазаланбайды демейді, және олар - Әһлю-Суннадан деген. Ол былай деп жазған: “Егер адам: «Амалдарды тастаушы - айыпталуға және жазалануға лайықты», - деп ұғынса, онда бұдан кейін бұл мәселеге қатысты келіспеушіліктердің мәні жоқ. Керісінше, бұл келіспеушілік – (тек) тілдік тұрғыда болады, дегенмен, олар (фақиһ-муржилер) бұл анықтамада қателесетіні және Құран мен Сүннетке қайшы келетіні - кумәнсіз!” Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 7/181.

Сондай-ақ шейхул-Ислам былай деді: “Әһлю-Сунна ішіндегі («Амалдар иманның бөлігі болып табылады ма?» деген) бұл мәселеге байланысты айтысулардың басым бөлігі – тілдік тұрғыдағы келіспеушіліктер. Өйткені, «Иман – бұл амалсыз сөздер», - дейтіндер - фақиһтер, ал бұл – Хәммад ибн Аби Сулайман, әрі ол осылай деп айтқандардың алғашқысы болды. Сондай-ақ Куфалық фәқиһтер және оларға ілескендер, басқа қалған имамдар сияқты, күнә жасаушылар айыпталуға және жазалауға лайықтылардың қатарына кіреді деп есептейді! «Олардың (күна жасаушылардың) иманы Жәбірейіл періштенің иманындай кемел», - деп айтуына қарамастан, олардың барлығы әһлю-Сунна уәл жәма`а бұл жөнінде: «Амалсыз немесе күнә істеумен бірге болған иман жазалауға әкеледі», - деп айтатын тұжырымға нық сенеді!” “Мәжму’ул-фәтауа” 7/297.

Яғни имам Абу Ханифа және оның пікірлестері амалдарды иманның құрамдас бөлігіне қоспағандығына және иман көбеймейді және азаймайды деп айтуына қарамастан, күнәлар жазалаларға және қауіп-қатерлерге әкеп соқтырады дегенді мойындаған.

Істің түйіні олардың «Азаятын иман емес, өйткені иманның азаюы күмәнға нұсқайды, ал имандағы күмән – бұл үлкен күпірлік!», - деп айтуында болып тұр. Қз.: «әл-Бәзазия» 4/112, «әл-Бәхру-рраиқ» 2/46, 3/103, «Әлфаз әл-куфр» 51.

Алайда фақиһ-муржилер Әһлю-Суннаға жататынына қарамастан, көптеген ғалымдар айтқандай, олармен айырмашылық тек тілдік сипатта ғана емес. Имам Ахмад былай дейтін: «Жәрир ибн Абдуллаһ Исламды қабылдаған соңғы сахабалардан еді және ол: «Мен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) изгі пиғылды болуға ант берген едім!», - деген. Ал қалайша сонда ізгі пейілділік және ұялу иманнан болады да, ал намаз бен ораза иманнан болмайды?!» Әл-Хәллал «әс-Сунна» 1021.



16 Бұл намаз туралы имам Ахмад 4/41, әл-Бухари 1027, Муслим 894, Абу Дауд 1165, әт-Тирмизи 555, ән-Нәсаи 1/226 жеткізген көптеген сенімді (сахих) хадистерде айтылған.

17 Егер әл-Касани өзінің сөздерімен мұсылмандардың ертедегі және соңғы буындарындағы барлық имамдардың бірауызды пікірін меңзеген болса, бұл – түбегейлі қате. Өйткені имам ән-Нәуауи «Шарх әл-Мухаззабта» шұлыққа масих тартуды, тіпті егер олар жұқа болса да, мүміндердің әмірлері Умар және Али, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, сондай-ақ Исхақ және Дауд рұқсат етілген деп санағанын жеткізген. Мұның үстіне, имам ән-Нәуауи Абу Ханифаның екі атақты шәкірттері: Абу Йусуф және Мухаммад та – жұқа шұлыққа масих тартуға болады деп есептегенін айтқан. Осының барлығын ескергенде, ғалымдардың бұл мәселе бойынша бірауызды пікірі болған деп қалайша айтуға болады?! Ал егер әл-Касани бұл жерде ханафи мәзһабының ғалымдарының бірауызды пікірін меңзеген болса, онда оның сөздері орынды деуге лайықтырақ. Десе де, ән-Нәуауиден келтірілген Абу Йусуф пен Мухаммадтың пікірлері туралы дерек бұл тұжырымды да теріске шығарады. Сөйтіп, бұл мәселе бойынша ғалымдардың бірауызды пікірі бойынша ешқандай сөз де болуы мүмкін емес.

18 Тығыз деп аяқта қосымша тетіктерсіз тұратын шұлық айтылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет