Тұтыну құны – тауардың пайдалылығы, адамның белгілі бір қажеттілігін қанағаттандыру қасиеті.
Айырбас құны (тауардың өз құны) – тауардың басқа тауарларға айырбасталу қабілеттілігі.
Құнның еңбек теориясы XVIII және XIX ғғ. аралығында қалыптасты. Оның іргетасы саяси экономия классиктерінің еңбектерінде қаланған, олар құнды тауарды өндіруге жұмсалған еңбек арқылы анықтайды. К.Маркс пен Ф.Энгельс қоғамдық абстракті еңбек, құнның негізін құрайды дейді. Маркстің пікір бойынша, тауар өндіруші еңбегінің екі сипаты болады.
Бір жағынан, бұл еңбектің нақты түрі. Ол жұмыскердін кәсіпқой біліктілігіне, қажетті еңбек құралдарын пайдалануына байланысты болады және нақты нәтижеге қолы жетуімен, яғни белгілі бір тұтыну құнының жасалуымен сипатталады. Осылайша жұмсалған еңбекті нақты еңбек деп атайды.
Екінші жағынан, бұл еңбек өзінің нақты жұмсалу формасы болмайтын, жиынтық қоғамдық еңбектің құрамдас бір бөлігі, яғни ол жалпы жұмыс күшінің жалпылама жұмсалу процесі болып табылады. Мұндай еңбекті абстрактылы еңбек деп атайды. Ол құнды жасайды, өйткені ол сан алуан мамандардың еңбектерінен құралады және әртүрлі тұтыну құндарын бір-бірімен, өзара теңестіруге мүмкіндік беретін жалпылама категория.
Құн заңы - өндірушілер арасындағы байланыстарды, сондай-ақ қоғамдық еңбекті бөлу мен ынталандыруды реттеп отырған экономикалық заң. Бұл заңның мағынасы: тауар өндіру мен айырбастау оның қоғамдық қажетті шығындарымен өлшенеді. Құн заңы нарықта баға заңы ретінде көрінеді, немесе баға – құн заңының көрінісі. Бағаның өзгеруі құн заңының өндіріс салалары арасында өндірістік ресурстарды қайта бөлу қызметін атқаратынын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |