Жаңғали ұстаздың еңбегінен дәм татыңыздар!



бет2/3
Дата20.06.2016
өлшемі418.51 Kb.
#148703
1   2   3

АРҚА КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ

Арқаның күйшілік мектебі - шертпе мәдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен мектеп. Себебі, Арқа иісі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы - Кетбұғы өмір кешкен Жошы ұлысы да Арқа өңірінде дәурендегені шежіреден аян. Нелер балбармақ домбырашылар өмір кешкен Сарыарқа жерінде күй дегенде алдымен аузымызға абыз Кетбұғыдан бөлек керей батыры–Байжігіт, арғынның аты аңызға айналған ақылманы – Тәттімбет сері түседі. Осылардың ішінде Арқа мектебінің басында тұрған тұлға сөз жоқ, Тәттімбет екені даусыз.

Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) өз заманында теңдесі жоқ өнерпаз болды, ғұмыры келте болса да артына мол мұра қалдырды. Ең маңыздысы – жасампаз мектептің іргетасын қалап кетті, Тәттімбетше күй шалу үрдісі осыдан кейін Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Итаяқ, Әбікен, Аққыз, Мағауиялар арқылы дамып, шертпенің даңқы мұқым қазаққа үлгі болды. Арқа күйлерінің музыкалық шығарма ретіндегі маңызды ерекшелігі - өзінше жеке мектеп бола тұра домбыра өнерінде дамыған барлық күйшілік дәстүрді жатсынбауы. Жағырапиялық жағынан Шығыс пен Оңтүстік, Жетісу мен Сырға аралас қонған қоңсылығы бұған септігін тигізгені ақиқат.

Арқа күйлері де ішінара мынадай орындаушылық мектептерге бөлінеді:



Тоқырауын орындаушылық мектебі, өкілдері – Әшімтай Қарымсақұлы, Манарбек Ержанов, Аққыз Ахметова, Сатан, Мұхсин, Мағауия Хамзин, Жақсылық Омашев, Қайрат Айтбаев.

Ақсу-Аюлы орындаушылық мектебі, өкілдері – Итаяқ, Қыздарбек, Мақаш, Сембек, Әбди, Әбікен, Бегімсал Орымбеков, Дәулетбек Садуақасов, Орал Исатаев, Арман Қадірбек, Нұрғаным Жексенбаева.

Жаңа арқа орындаушылық мектебі, өкілдері – Сайдалы сары Тоқа, Дайрабай, Сейфолла (Сәкеннің әкесі), Амантай Бозмағамбетұлы, Мұхит Битенов, Пазыл Тұтқабеков, Мейрам Ұлмағамбетов, Мұхаметжан Тілеуханов, Ахат Байбосынов, Алпысбай Тұрсынбеков, Жанболат Әбілдинов. Бұл аталған орындаушылық мектептердің күй шерту үлгісінде анау айтқан айырмашылық болмағанмен күйдің ішкі интонациялық даму табиғаты әртүрлі қалыпта. Бұл пікірді алғаш қозғап жүйелі зерттеу жүргізген көрнекті ғалымымыз - Ақселеу Сейдімбек.

Арқа күйлерінің басқа шертпе мектептеріне қарағанда саздық құрылымы мен музыкалық күрделілігі жағынан анағұрлым дамығаны айқын көрініп тұрады. Алғаш арқа күйлеріне ғылыми баға беріп, ноталық жазбаларға түсуіне ықпал еткен – академик А.Жұбанов. Қазақ тарихында тұңғыш ұйымдасқан ұлт аспаптары оркестрінің репертуарына Тәттімбеттің «Қосбасар», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлері енгізілді. Арқа күйлерін осы оркестр құрамына он төрт жасында келген талантты домбырашы - Рүстембек Омаров белсенді насихаттады, онымен бір ұжымда қызмет еткен Жаппас Қаламбаев пен Мағауия Хамзин де Арқа шертпесінің үзіліп қалмауына ересен еңбек еткенін айтуға тиіспіз.

Арқа күйлерінің нағыз түпнұсқа түрі Әбікен Хасенов арқылы жетті. Бұл мектептің ертеден дамыған киелі сарынын жаңа заманның ызғарына қарамастан (Кеңес дәуірінде шертпе күй «феодализмнің сарқыншағы» деп танылып, тартылуына қатаң тиым салынған, Арқаның талай күйшілері сол зобалаңның кесірінен атылып та кеткен, бұл нәубетті Әбікен де бастан кешті, Сәкен Сейфуллиннің арашасымен аман қалған болатын) келешектің қолына ұстатқан дарынды күйші қазіргі күні Арқа ғана емес, жалпы шертпе өнерінің шыңы болып саналады. Әбікен Хасенов Тәттімбетті түгел тартып, Әбди, Сембек, Қыздарбек, Айдостардың да мұраларын арттағы ұрпаққа тастап кеткен саңлақ домбырашы. Нағыз балбармақ шебер домбырашы Әбікен атамыз өз жанынан да күй шығарған, оның атышулы «Қоңыры» аспаптық музыкамыз тарихындағы теңдессіз туынды боп саналады. Оның әндерді күйге бергісіз шертетіні де бөлек әңгіме, Жаяу Мұсаның «Ләйлім» әнін ғажайып әсемдікпен орындап, оны күйтабаққа жазып қалдырғаны белгілі.

Арқа мектебінде орындаушылықтың үлкен екі арнасы бар, бірі қоңыр шертпе болса, екіншісі қуатты желдірме күйлер. Осы жағынан қарағанда желдірме күйлерді төкпеге еркін жатқызуға да болғандай, мысалы, Дайрабайдың күйі Арқа мектебіне жатқанмен екпіні мен ырғағы жағынан Атырау мектебінен алыстамайды, мұндай ерекшеліктерді Тоқаның «Бозайғырынан» да аңғару қиын емес.

Арқа мектебінің басқа мектептерден құрық бойы бір озықтығы «Қосбасарлардың» сән құруында жатыр. Ел ішінде «Қырық буын қосбасар» аталатын күйлер жалпы аспаптық музыкамыздағы біртуар жанр деуге ылайық қазына. Қосбасарлар әркезде әртүрлі жағдаяттарға байланысты шыққан, негізінен мұңды, шерлі күйлер. Қосбасарлар тегінде күйді шығарған адам атымен де аталады (Тоқаның «Қосбасары, Аққыздың «Қосбасары т.б.). Тәттімбет өз қосбасарларына әртүрлі жағдаяттарға байланысты ат қойып тартқаны тарихтан белгілі.

Арқа мектебінің дамуына Қазақстанның халық әртісі М.Хамзиннің көп еңбег сіңгенін атап өткеніміз жөн. Ол шертпенің жаңаша тартылу үлгісін жасады, ескі күйлердің жібін үзбей отырып, оның сахналық мәдениетінің дамуын жетілдірді, осы салада өз жанынан да көптеген айшық әуезді шертпелер шығарды.

Арқа күйшілерінің шығармашылығын алғаш зерттеп, ноталық жазбаларын тиянақтаған – Уәли Бекенов, оның «Шертпе күй шеберлері», «Күй табиғаты» атты кітаптары аса құнды ғылыми - әдістемелік еңбектер болып табылады. Зерттеушінің өзі де Арқа күйлерін талдап тартатын сұңғыла шертпеші ретінде қазақтың есінде аты қалды. Тәттімбет күйлерінің жинағы 1988 жылы Е.Үсеновтың құрастыруымен тұңғыш рет жарыққа шықты, 2005 жылы А.Тоқтаған мен М.Әбуғазинның редакциясымен толықтырылып қайта басылды. Тәттімбет тәліміндегі күйлердің толық топтамасын Б.Ысқақов жазып шықты. Бұл еңбекте Тәттімбет күйлерімен қатар оның мектебін құрайтын Арқа күйшілерінің бәрі қамтылған.

Арқа күйлерін таза меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, ұзақ жылдар бойы шертпенің насихаты болмады, оны оқыту ісі жүйелі түрде жүргізілген емес, қазіргі музыка мектептерінен бастап консерватория, академияға дейінгі домбыра пәнінің оқытылу үлгісі шертпе күйді толық қамтымайды, негізгі бағыт біржақты төкпе күйдің дамуына бағдарланып отырғаны рас. Соған қарамастан аға буын шертпешілерден үлгі көріп қалған дарынды күйші жастар өсіп келе жатыр, олар мүмкіндігінше түпнұсқаны меңгеруге тырысып бағуда, алайда, саусақ басу, қазақы қоңыржай қағыс дәстүріне тістері батпай жүргені де жасырын емес, оған балалайка мен орыс домрасының жаттығуларымен өскен жат машық кері әсерін тигізген деп түсінеміз.

Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория қабырғасынан Тәттімбет атындағы шертпе күй мектебі ашылды, оның ашылуына ықпал еткен дарынды күйші-педагог – Біләл Ысқақов. Бұл мектеп жалпы шертпе мәдениетінің Отандық алтын қазығы болып отыр, жыл сайын осы мектептен дәріс алған түлектер ата өнердің атын өшірмей, болашаққа жалғап жүр.

Арқа мектебінің жалауын жықпай жүрген көзі тірі шеберлер қатарында дарынды домбырашыларымыз – Мұхаметжан Тілеуханов, Дәулетбек Садуақасов, Пазыл Тұтқабеков, Мейрам Ұлмағамбетов, Ахат Байбосынов, Жалғас Садуақасовтар.



ЖЕТІСУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
Жетісу жері – қазақ халқының тағдыры талай рет талқыға түскен жер, үш жүздің қаны топырағына мәңгі сіңіп қалған тарихи мекен. Мемлекет басына күн туғызған талай құйтұрқы саясатты көрген қасиетті Алатау қазақтың байтақ елін көлеңкесімен қорғағалы нелер заман өтпеді, мұқым Шығысқа ықпалы жүрген Қытай империясы құдайы көршісі – Қазақты бодан қылудың бар айласын жасап бақты, ғасырлар бойы атүсті айқаспен бостандығын сақтап қалған қазақ елі үшін Жетісу жері әрісі - алты алаштың жерұйығы боп саналады.

Жетісу жерінің музыкалық мәдени мұрасы аса бай, домбыра өнеріне келетін болсақ, атадан балаға өзгеше нақыспен жалғасқан күйшілігі де бір ерен мұра. Жетісу жерінің күйлерінде байырғы түркілік сарын мейлінше жақсы сақталған, оған осы өлкеде ғасырлар бойы қазақпен ішек-бауыры араласып кеткен туыстас қырғыз, татар, ұйғыр, дүнген халықтарының да мәдениеті жаймашуақ әсерін бергені ақиқат. Олай дейтініміз – бұл халықтардың музыкалық мұрасы қазақ мәдениетіне жат емес, керісінше, олардың қазақпен жалпытүріктік тамырластығы бар, Жетісу домбырашылығының кемелдігіне мейлінше себепші болатын фактор осы.

Жетісу күйшілік мектебінің негізгі мінездемесін, өзге күй мектептерінен айырмашылығының нақты белгілерін музыкалық даму тұрғысынан тап басып айту едәуір қиындық туғызады. Себебі, бұл мектептің күйлерінде Арқа, Қаратау, Алтай, Сыр сарындары аралас кездесе береді, күй шалу машығында төкпелетіп тарту да бар, солай бола тұра күйдің дамуы шертпе шеңберінен шыға қоймайды. Ладтық тұғыры жағынан алғанда Жетісу шертпесі пентатоникаға бейім, күйдің техникалық орындалуы көрнекі тәсілдерді (қолды ойнатып түрлі қимылдар жасап тарту) көбірек қолдануды керек етеді. Бұл қырғыз қомызшылығынан ауысқан машық екені ақиқат.

Жетісу күйлерінің ортақ үлгісін мысал ретінде көрсету үшін Нұрғиса Тілендиевтің орындаушылық мәнерін алсақ жеткілікті. Н.Тілендиевтің репертуарындағы күйлерде қоңыр сазды шертіс пен қызу қанды төкпе кезектесіп тұрады, екі қолдың еркіндігінде шек жоқ, ал, күй сазына келер болсақ - қазақ пен қырғыздың әуездері бірден құлаққа келеді, асқан сезімшілдік пен виртуоздық тәсілдер қатқабат араласқа түсіп, тыңдаушыны баурап алады. Н.Тілендиев бұл дәстүрді атасы - Тілендіден, Жамбыл мен Кененнен үйренген. Яғни, Жамбылдың заманында гүлденіп тұрған Жетісу шертпесінің дәрежесі мен дәргейі қаншалықты болғанын осыдан –ақ білуге болады. Нағыз Жетісулық шертпе шындығында Жамбыл мен Кенендердің орындауларында талайларды тәнті қылғаны тарихтан белгілі, солай бола тұрса да Кеңес өкіметі кезінде оны іске татитын мектеп екен деп ескерген ешкім болмады. Сол себептен шығар, қырғыз бен қазаққа ақындығымен қатар күйшілігімен аты мәшһүр болып талай күй тартысында олжа салған - Жамбыл Жабаевтың мұрасы дер кезінде таспаға не нотаға жазылып алынбады, артындағы шәкірті – Күшікбайұлы Шаштайдың орындауындағы күйлерді ұқсатып үйрене алған адам болмады. Жетісу күйшілігінің кешенді өнер екенін көпшілік жас ғалым Б.Мүптекеевтің 1998 жылы шыққан «Жетісу күйлері» кітабынан кейін ғана білді. Соның өзінде Жетісудың жібек шертпесі оқыту бағдарламасынан өз төрін таба қойған жоқ. Бұл салқын немқұрайдылық әлі күнге дейін домбырашылар арасында өткізілетін әртүрлі мәдени іс - шараларда білініп қалады.

Алайда, Жетісу күйлерін тану барысында зерттеушілер тарапынан да қателіктерге ұрынып, жаза басу бар екенін айта кетуіміз керек. Жоғарыда тілге тиек еткен Б.Мүптекеевтің «Жетісу күйлері» кітабында Жетісу өңірін күйімен тербеткен небір саңлақтардың аты жоқ, аты Алашқа әйгілі Байсеркенің шәкірттері – Бердібек Мықтыбайұлы, Қожабек Жапбасов, Сатқынбай Өлмесұлы сияқты халық дарындарының үлгісін жалғастырған - Қатшыбай Таубаев, Темірбек Ахметов, Әшірәлі Шынғожаев, Тұраш Әбуовтер Жетісу күйшілік мектебінің мықты өкілдері ғана емес, жалпы шертпе өнерінің ірі тұлғалары болғанын дәлелдеудің өзі артық. Олардың үлгісін мұрат еткен «қазақтың ерке сылқымы» - Әбдімомын Желдібаев та осы мектептің бүгінгі көзі тірі жалғастырушысы екені көпке аян. Жетісу күйлерінің Кеңестік кезеңдегі қаны сорғалаған мұрагерлері ретінде осы өнерпаздардың есімдері кітапқа кірсе керек еді.

Тағы бір айта кететін жағдай, зерттеушілерде Жетісу күйлерін Шығыс Қазақстандық күйлермен шатастыру, ара-жігін ажырата алмау бар. Мұның салдары Шығыс Түркістандық күйшілерді зерделеу барысындағы олқылықтардан туындайды. Қытай қазақтарының домбыра тарту машығы Жетісулық машыққа жатпайды, ол Алтайлық мектептің меншігі (Шығыс Түркістандық күйшіліктің басында Бейсембі Дөненбайұлы тұр), яғни, Жетісу күйінің негізгі ұясы – Шығыс Түркістанда емес, Жетісуда. Дәлдеңкірей айтқанда, Алтай күйлерінде түркі-мұңғұл иірімдері бар, ал, Жетісу күйлерінде қырғыз ырлары басымырақ, қомыздың желдірме-толғаулары емін-еркін екі ұлтқа ортақ қолданысқа түскен. Тілендінің «Аққуындағы» шертпе мен төкпенің алма-кезек ауысу тәсілі қырғыз күйшілерінде (Атай, Тоқтағұл, Қара молда) бұрыннан бар үрдіс. Қырғыз оркестрлерінің репертуарында Қазақ күйі дегенде тек Жетісу күйлері таңдалып орындалатыны мектеп жақындығынан екені сөзсіз. Бұл пікірдің алашапқын жылдарда Жетісудан көшуге мәжбүр болған күйшілерімізден қалған мұраларға қатысы жоқ.

Жетісу күйшілік мектебінде ерекше орындаушылық салт жасаған домбырашы - Қожеке Назарұлы (1823-1881). Оның күйлері Тезек төре заманының куәгері, Шоқан Уәлихановтың осы Тезектің ауылында туысқаншылап жатып зерттеу жұмыстарымен айналысқаны көптеген деректерде бар, Қожеке елдегі атқамінер беделді адам ретінде Тезекпен де таныстығы болған. Қожекенің Біржан мен Сараның айтысына араласып, біршама күйлерін арнағаны А.Сейдімбек зерттеулерінде кездеседі (Қазақтың күй өнері, Астана -2002). Қожеке артына жалпы қазақ күйшілігіне ортақ мол мұра қалдырып кеткен біртуар дарын иесі. Қожеке Назарұлының күйлерін зерттеу кешеуілдеп барып қолға алынды, артындағы ұрпақтарының жеткізуінде нотаға түсірілген күйлер төлтума нұсқасын сақтаған деп айту қиын, бұл саланың зерттеуі мен насихатын бірдей көтеріп жүрген ғалым –Базаралы Мүптекеевтің еңбегі зор. Базаралының ноталық жазбаларының арқасында Рақыш Қожекеұлы, Мергенбай Ерденеұлы сияқты халық дарындары мәдени қазынамызға қайта оралды.

Жетісу күйшілік мектебінің ішінде Шу мен Талас өңірінің орындаушылық мәнері жеке арна ретінде дамыған мектеп, болашақта бұл да үлкен зерттеуді қажет ететін сала. Жетісу шертпесінің толыққанды игерілмеуінің бір себебі де осыған назар аударылмаудан болуы әбден мүмкін. Жетісу мектебінің бағдарын жасауда алтын қазық ретінде Нұрғиса Тілендиев пен Темірбек Ахметовтың шертпелерін басты үлгі етіп алуымыз керек, өйткені, ғасырлар бойы кемелденген Алатау шертпесінің өшпеген ұшқындары бізге осылар арқылы аманатталды.

Қазіргі кезде Жетісу мектебінің дамуына еңбегін аямай жүрген азаматтар қатарында Әбдімомын Желдібаев, Дүйсенбай Шаштайұлы, Талғат Орынтаев, Бақыт Жанұзақов, Нұрлан Бекенов, Ақбота Тұрымбетова, Нүркен Әшіровтар бар.

Жетісу күйшілік мектебін зерттеушілер – Гүлзада Омарова, Базаралы Мүптекеев, Сағатбек Медеубекұлы, Ербол Тұңғышұлы. Н.Тілендиевтің батасын алған шәкірті – Қошқарбек Тасбергенов ұстазының күйлерін күйсандықтың сүйемелімен орындау үшін тамаша музыкалық аудармалар (переложение) жасап, оны жеке жинақ етіп шығарды. Күйлерді оркестрге түсіруде біліктілік жасаған Халық қаһарманы, көрнекті өнер ардагері, композитор - Нұрғиса Тілендиев және дарынды дирижерлар – Жамағат Темірғалиев пен Самат Мәлімбаев.



ҚАРАТАУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
Қарата күйшілік мектебі дегенде домбырашылық пен қобызшылық өнер қатар қанат жайған Созақ жері бірден ауызға оралады. Күйшілік дәстүрге келсек - Қаратау күйлері Арқа орындаушылық үлгісінің өзінше дамыған бір арнасы болып табылады. Арқа күйшілерінің ішінде әуелі Сайдалы сары Тоқа мен Арғын Дайрабайдың (Алшын Дайрабай дейтін де күйші өткен) ықпалы Қаратау күйшілік мәдениетіне көбірек тигені тарихи дәлелді шындық. Осы күні Қаратау мектебін зерттеушілер Сүгірдің Тоқадан бата алғанын айтқанмен, тарту үлгісін бөлекше деп санап жүр. Шындығында, Сүгірдің ұстазы – Ықылас пен Тоқа бір елдің адамдары болған, олардың күй шалу мәдениеттері Тәттімбеттен тарағаны даусыз ақиқат. Қаратау мектебін талдағанда Ықылас пен Сүгірден арғы күйшілерден ешқандай дерек келтіре алмай жүргеніміздің бір шеті осында жатыр, яғни ежелден қоныстас болған Арқа мен Бетпақдаланың әлеуметтік-мәдени шежіресін білмеуіміз қате пайымдар жасауға түрткі болып-ақ жүр.

Қаратау шертпелерінің біз білетін Арқа мектебінен бөлектенетін басты айырмашылығы Тоқаның үлгісімен дамуында. Арқада Тәттімбеттен кейін аты аталатын Сайдалы сары Тоқа күйшілігінің шын ізі Қаратаулық үрдісте ғана сақталған. Кезінде сазгерлігі орта жүзге бедел болған Тоқаның мұрасы Кеңестік дәуірде салтанат құра алмады, қазіргі Тоқа күйлері деп міселеп жүргендеріміз - елдің есінде қалған ұлы сарындардың жұрнағы ғана. Оны орындаушылардың қай-қайсы болса да сол сарындарды тақырып ретінде алғанымен түпнұсқасын түйіндей алмай, өз жандарынан жаңаша тәсілдеп тартуға ұрынды, соның салдарынан Тоқаның күйлері осы мектептің топырағы жағынан ең жақыны - Әбікеннің тартысынан ауылы алыстап-ақ кетті. Тоқаға қоңыржай үнді Әбікен жақын ба, әлде қисыны күмәнді, бірақ оны жедеғабыл төкпелеткен техниканың көмегімен өтемдеген қазіргі тартыс жақын ба? Әрине, Әбікеннің жақындығы даусыз. Қазақ радиосының қорында ескі күйшілердің (Бегімсал Орымбеков) орындауындағы таспалар сақталған, бұл жазбаларда Тоқаның «Сарыжайлауы» бос бұрауда әсем шертіледі. Алайда, мұны үлгіетуге ынталанып жүргендер жоқ. Мұндай жағдайдың Тоқа мұрасына пайдасынан гөрі зияны көп. Солай бола тұра, күй астарындағы Тоқаның өзіндік дара қолтаңбасы шідері шешілмеген аттай екпіндеп-ақ көрінеді. Ал, Сүгір болса Ықыластың қобыздағы күйлерін түгел тартып, Тоқаның тарту мәнерін мейлінше шегіне жеткізе игерген жалғыз дарын. Тоқа күйлері мен Сүгір шығармаларының бір қолдан шыққандай ұқсастығының мәні осында. Ықыластың «Жезкиігін» Тоқа күйлерінің шебері - Мағауия Хамзиннің домбырада тартуы кезінде ешкімді таң қалдырған оқиға болған жоқ, халық оны аспаптың ауыс-түйісі бұрыннан қалыптасқан - Қаратаулық дәстүрдің жалғасы деп қабылдады.

Қаратау қобыз өнері қонған жер. Қобызшы Ықыластан Сүгірге, Сүгірден Жаппасқа жұққан қобыз бен домбыраны бөлмейтін телқоңыр күйшілік тек Созақта салтанат құрған. Сүгір Ықыластың төл шәкірті ретінде осы екі аспапты тең меңгерген. Мұндай феномен Сүгірдің шәкірті - Жаппас Қаламбаевта да болды. Осы күні күйшілікті кәсіп қылған жас дарындар - Саян Ақмолда мен Сәрсенғали Жүзбаевтардың да бұл жолды Созақтық салт ретінде ұстанып жүргені баршаға белгілі. Қаратау күйшілік мектебінің «Арқа мектебінен ерекшелігі мынау» дейтін бірден-бір айырмасы осы болса керек.

Қаратау шертпелерінің басында Сүгір Әліұлының (1882-1961) тұруы заңды құбылыс, өзіне дейінгі күйшілердің мұрасын барынша меңгерген дарын өз сазгерлігімен жаңа белеске көтерілді. Сүгір ескі күйшіліктің салтын сақтаған ең соңғы домбырашы; ол күйді екі тартқызбай қайталау, жанынан суырып-салып күй шығару, бір тартқанын қайталамай таңнан-таңға күй толғау сияқты бұрынғы өнерпаздардың жолын ұстанған дарын иесі болды. Сүгір күйлерін шертпелетіп те, төкпелетіп те шығара білген, оның «Ыңғай төкпе», Шалқыма», «Бесжорғалары» таза Дайрабайдан (кейбіреулер айтқандай Әлшекейден емес) ауысқан төкпелік дәстүрде туған күйлер. Сүгірдің күйлерін алғаш жарыққа шығарған – Ж.Қаламбаев еді, ол Сүгір күйлерін алғаш нотаға түсіріп (Қазақ халқының аспап музыкасы. ҚазССР ғылым академиясы. Алматы – 1964), күйтабаққа жазып қалдырды. Көзін көріп, күйлерін белсенді түрде насихаттағандар–Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров және Файзолла Үрмізовтер. Бұлардан басқа оның күйлерін тартушылардан Атабек Асылбеков, ағайынды Сейітхан және Әлімхан Әлімбековтер, Ергентай Борсабаев, Дабыл Ажақаев, Бексейіт Тұрсынбеков сынды күйшілердің аттарын құрметпен атауға болады.

Қаратаудың тағы да бір дарынды күйшісі – Бапыш Қожамжарұлы (1860-1928), ол Сүгірмен замандас болған адам, оның күйлері даңқты шөбересі -Төлеген Момбеков арқылы жетті. Төлеген оның «Қарқара», «Қаражорға», «Ыңғайтөкпе» деген күйлерін күйтабаққа жазып қалдырды. Мұнан өзге, «Қаратау», «Қарлығаш» деген күйлері белгісіз себептермен жазылмай қалыпты, бірақ ел ішінде оны тартатындар әлі кездеседі. Бапыш - кезінде Алтын Орданы тітіренткен ер Едіге шыққан Маңғыт тайпасының Саңғыл ата руынан. Қаратаудың теріскейін мекендеген Маңғытай, Саңғыл, Қоңыр Жиенбет руларының ежелгі қонысы - Ұлытау, Едіге заманында жорық құрып Ресей, Кавказ асып кеткен ноғайлылардың атақоныста қалғаны осылар ғана. Бұл атадан Бапыштан басқа да көптеген өнерлі адамдар шыққан. Созақ елінде күйшілігімен елді елеңдеткен – Сейітхан Әлімбеков, Әліп Тәшенов, Жақсыберген Саңғылбаевтар Бапышпен аталас, Төлегенмен ағайын. Бапыш Сүгірмен ауылдас болып, оның күйшілігін құрметтеп өткен адам, күй тарту мәнерінде де ұқсастықтар баршылық. Бапыштың «Ыңғайтөкпесі» Дайрабай күйлерінің екпінімен шыққаны анық білініп тұрады, Тоқаның үстіңгі ішекті саумалап жалқы тартуы «Қарқара» күйінде тәсіл ретінде көшіріліп алынғаны рас. Күй шежіресін таратушы ғалым –А.Сейдімбековтың «Бапыш жас кезінде Тоқа Шоңманұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты дәулескер күйшілердің алдын көріп, жанына еріп күйшілік –домбырашылық өнерін шыңдаған» деген зерттеу дерегі (Қазақтың күй өнері. Монография. Астана-2002. 786-бет) осы сөзіміздің дәлелді екенін айқындайды.

Сүгірдің бас шәкірті – Төлеген Момбеков (1918-1997). Төлеген Момбеков өзінің табиғи дарынымен ұстазына барабар құрметке ие болған домбырашы. Өйткені, Сүгірдің көптеген күйлері кейінгіге Төлеген ағамыздың орындауында жетті. Сонымен қатар өз күйшілігі де ерен болды, ол ұстазы –Сүгірдің орындаушылық мәнерін жеріне жеткізген шеберлігімен қатар өзі де бір мектепке үлгі боларлық орындаушылықтың шыңына шықты. Төлеген мұрасын зерттеп күйлерін жеке кітап етіп бастырған Алматы консерваториясының профессоры - Біләл Ысқақов. Төлегеннің айшықты күйлерін өз қолынан алғандардың ішінде – Секен Тұрысбеков, Рымхан Әбілханов, Рүстем Күлшебаевтар, Бекболат Тілеухан, Сәрсенғали Жүзбаевтарды атауға болады. Бұлардан басқа ел ішінде елеусіз жүрген өнерпаздан - тікелей шәкірті болған Жақсыберген Саңғылбаев пен Назбек Байтуаровты айта аламыз. Бүгінгі күнде Төлеген Момбеков күйлері мәдени мұрамыз ретінде оқыту бағдарламасынан берік орын алған.

Сүгір мен Жаппастың күйшілігі ата мұрасы болып қонған, асқан дарын иесі – Генерал Асқаров. Ол Сүгір мен Төлеген күйлерін жеріне жеткізе орындаушылығымен қатар өзінің де күй шығаратын сазгерлігі болған адам, Қазақ радиосында күйшінің шығарған әндері ғана сақталған, ал, өз күйлері белгісіз себептермен жазылмай қалды. Сүгірдің «Аққу», «Назқоңыр», «Шалқыма» күйлерін Генералдың алдына шығып ешкім тартқан емес, Жаппастың «Жұманын» ондай көркем шерткен адам мұқым Созақта бұрын - соңды болмағанын жұрт біледі. Генералдың күйшілігі туралы жазушы Тәкен Әлімқұлов «Кертолғау» дейтін хикаясында баяндаған. Төлегеннің орындауында қоңыр лиризм басым болса, Генералдың тартысында шабытты жігер есіліп тұрады, сырттай тыңдаған адамға тартылған күйдің тынысы көтеріңкі боп көрінгенмен ішкі күйзелісі запырандай ащы болатын. Бұл күнде Генералдың орындау мәнеріне ден қойған жастар көп болмағанмен баршылық, солардың бірегейі Жезқазғандық күйші - Жалғас Садуақасов. Оның орындауындағы Сүгірдің «Шалқымасынан» Генералдың екпіні айна-қатесіз қайталанады, мәтіні қоспасыз таза тартылады.

Сүгірмен қатарлас ғұмыр кешкен Арқадағы Сейфолла (Сәкеннің әкесі) мен Мәлік төре сияқты күйшілердің мұрасын халыққа жеткізіп, «Қаратаудың күй шежіресі» атанған – Файзолла Үрмізовтің тартысы да екінің біріне біте бермейтін өнер. Ол Сүгірдің «Кертолғау», «Телқоңыр» сияқты көптеген күйлерін соңына еріп жүріп үйренген. Файзолла Үрмізовтің орындауындағы Сүгір күйлері әлі зерттелген жоқ, насихатының кемдігінен шығар, дарынды домбырашының саусағындағы созақы күйлердің көпшілікке белгісіз қырлары ашылған жоқ. Оның өз сазгерлігі де мықты, Қаратаулық шертпенің кейінгі ұрпаққа бұзылмай жетуіне талмай еңбек етіп жүрген зиялы, ақсүйек адам. Төлеген, Генералдармен бірге жүріп, бауырлық қарым-қатынаста болған, күйлері бірнеше кітаптарға кірген арқалы күйші.

Домбыра мен қобызда қатар тартылатын «Кертолғау» күйлер циклі Каратау мектебінде айрықша дамыған. Күйдің арғы жанрлық анықтамасы – толғау. «Кертолғау» жыраулық өнерден ауысқан күй атауы, толғау сөзі аспаптық орындауға түскенде «Кертолғау» болып өзгерген сықылды. Күйде кездесіп отыратын штрихтар мен обертонға ұқсас қарлығыңқы дыбыстар қобыз қияғына еліктеудің әсерінен туған. Осымен парапар келетін «Қоңыр» күй тараулары да қобыздан ауысқан («Жолаушының жолды қоңыры») сарын. Бұл күйлердің жанрлық тегі аспаптық десек те, қазақы қара өлеңдердің әуені қайырма ретінде қосамжарлана шертілетінін аңғару қиын емес. Кәдімгі Арқа әндерінің ізімен құрылған әуендік форма «Қаратау шертпелері» тарауларының туылуына салдар болды. Сірә, Қазақта кең тараған «Жыр күйлері» жанрының шертпедегі көрінісі осы болар.

Қаратау күйлерінің ішінде тармақты күйлер топтамасы ерекше көзге түседі. Бұларға «Бесжорға», «Тоғыз тарау» күйлері жатады. Тармақты күйлердің шығу кезеңі Байжігіт, Тәттімбеттер заманына тұстас келеді десек, бұл Алтайдан Арқаға дейін өркендеген күйшілік үрдіс Қаратау аймағына дейін әсерлі болғанын аңғартады.

Қаратау мектебінің күйлерін нотаға түсіру саласында Мұхит Айтқалиев, Жаулыбай Иманәлиев, Уәли Бекенов, Біләл Ысқақов, Абдулхамит Райымбергенов, Рүстем Күлшебаев, Мұрат Әбуғазин сияқты зерттеушілер аянбай тер төкті. Созақ күйшілерінің өмірі жайлы құнды деректер жазған жазушыларымыз – Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Ақселеу Сейдімбеков, Сүлеймен Тәбризұлы, Өтеш Қырғызбаев, Төреғали Тәшеновтер.

Қаратау мектебінің ізін дәстүрлеп ұстаған күйшілерден – Рымхан Әбілханов, Ерғали Әлімханұлы, Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбаевтардың атын атауға болады. Қаратау күйшілік мектебі бұл күнде өз биігіне шығып, бір күй отауы болып отырған игі мұрамыз, оны жалғастырушы ұрпақтың үзілмеуі - Қаратау күйшілігінің бекзаттығын, сазының шалқарлығын көрсетеді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет