Жаңғали ұстаздың еңбегінен дәм татыңыздар!


ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ШЕРТПЕ ДӘСТҮРІ



бет3/3
Дата20.06.2016
өлшемі418.51 Kb.
#148703
1   2   3

ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ШЕРТПЕ ДӘСТҮРІ
Кеңес дәуірі (1917-1990) қазақ музыка мәдениетіне үлкен серпіліс әкелді. Бұрынғы күйшілік дәстүрдің ғасырлар бойы еркін дамыған ғұрыптық жолы ендігі жерде басқа соқпаққа түсті. Байырғы күйшілік салт ноталық жүйеге ауыстырылды, барлық күйшілік үрдіске ортақ орындаушылық методика қалыптасты, бұл жағдай домбырашылықтың ноталық сауатын ашқанмен, күй мектептерінің дәстүрлі дамуына едәуір зардабын тигізді. Европалық нота жүйесінің домбыра меңгертуді жеңілдетуден басқа зияны жоқ еді, мәселе қазақы күй өлшемдерінің орыстың халық аспаптары үлгісіне ұқсастырылып, ықшамдалып нотаға түсуінде болды. Материал ретінде қолға бірден Батыс Қазақстандық күйшілік мектеп алынды. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлері түгелдей өңделіп тартылды. Түпнұсқасынан айрылған күйлердің ноталық жазбалары ендігі жерде тұтас бір оқыту жүйесінің іргетасын қалады. Соның себебінен жалпы домбыра өнері далалық егемендігінен ілезде айрылды, әбжіл техника алға шықты. Бұған бірден алаңдаушылық білдірген А.Қ.Жұбанов «Өскен өнер» атты кітабында: «Күйшілердің репертуарындағы жүдеулік, бірін-бірі қайталаушылық бар екеніне байланысты айтылған сын да дұрыс. Шынында да, қазіргі күйшілердің орындаған күйлерінің бәрі шапшаң, бәрі асығыс. Музыка - өмір айнасы дейміз. Өмірде ылғый жүгіріп жүреміз бе?» - деген кейісін жазды. Орыс әндерін домбыраға сала білу шеберліктің шыңына баланды, Қазақ күйлерінің ішінен орысша ырғақтарды тауып, оны екі ұлт мәдениетінің туыстығы етіп көрсету жаппай саяси науқанға айналған да замандар туды. Оқыту бағдары да орыс балалайкасының әдістемесіне біржақты сүйеніп жасалды, қысқасын айтқанда, Қазақ күйді тартудың орнына «ойнайтын» болды (Бұл жат сөз оқыту барысынан әлі түспей келеді).

Шертпе күйге келсек, кеңестік өкіметтің идеологиясына берілген өз ұлтымыздан шыққан коммунистер оған үзілді-кесілді тиым салды, құлақ аспағандарды атып отырды, көп күйшілер құсалықтан өлді, жеңіл жазаланғандары айдауға бұйырылды. Мұндай теперішті көрген күйшілер өкіметтен қорқып домбыраларын отқа жақты, арттарына шәкірт қалдыру бақытынан айрылды. Сол себептен шертпе күй мектебі түбегейлі жойылуға айналды. Сол нәубетті өз басынан өткеріп, тағдырдың жазуымен аман қалған ұлы күйші - Әбікен Хасенов (1892-1958). Әбікен шертпенің шетқақпайға ұшыраған заманын өз көзімен көрді, Арқаның солқылдаған мырзасының өнері жаңа өкіметке керексіз болған соң, ол театрда актер болып нан табуды қанағат қылды. Соның өзінде өмірінің соңына қарай денсаулығының төмендегеніне қарамастан күйтабақ жазып қалдырды. Атышулы «Қоңыр» бір өзі қырық буын қосбасарға татитын алапат күй болды, Әбікен құлдықтың қамытын кигізген кер заманға ішкі наразылығын домбыраның қос ішегіне сиғызды, Алаш үшін жан берген арыстарды жоқтады. Кеңес дәуіріндегі мәдениет саясаты Әбікеннің күйшілік дарынын елемеді, көзі ашық оқығандардан С.Сейфуллиннен басқа күйіне оң баға берген ешкім болмады. Әр дыбысы шер мен шеменге толы «Қоңырды» өзінен кейін тісі батып тартқан домбырашы болған емес, Әбікен де Дина ана сияқты «күйін байлап кеткен» өнерпаз қатарында қалып отыр.

Арнайы оқу орындарында оқытылуына шек қойылған шертпе күй ендігі жерде басқа саладан саңлау тауып халық жүрегіне жол алды, жаңа дәуірін бастаған ұлттық театр, кино саласында музыкалық көркемдеуші бояу ретінде шертпе күйлер сәтті пайдаланылды. Бұған композитор Нұрғиса Тілендиевтің төккен тері адал. Ол көптеген киноларда («Қыз Жібек», «Көксерек»т.б.) музыкалық көркемдеуші құрал ретінде халық композиторлары - Тәттімбет, Тоқа, Тіленді күйлерін өз орындауымен жазды, білікті домбырашы ретінде ескі шертістің бар көркемдігі мен нақысын сақтады. Өзінің «Аққу», «Арман», «Әлқисса» күйлері арқылы күй дәстүрінің сақталуына барынша еңбек етті.

Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) Жетісу күйшілік мектебінің өкілі, солай бола тұра Арқа мен Қаратау күйлерін асқан ыждаһаттылықпен меңгерген домбырашы болды. Тоқа күйлерін алғаш рет күйтабаққа жазды, Сүгір күйлерін оркестрге түсіріп, ел игілігіне айналдырды. Өзінің ұстазы – Латиф Хамидиге арнаған «Баламишка» күйі орындаушылықтың шырқау шыңы болып саналады. Нұрғиса Тілендиевтің өнерде үзеңгілес болған досы, дарынды сазгер – Кенжебек Күмісбеков (1927-1998) те шертпе күйге еңбегі ерен адам. Композитордың «Арман» күйі Арқаның қоңыр күйлерінің ізімен шығарылған көркем туынды, күйдің өн бойындағы қобыз сарыны Дәулет Мықтыбаевтың қобыз шалысын еске түсіреді.

Тәттімбеттің біршама күйлері оркестр репертуарына кірді. Жетісу күйшілерінің жоғалудың аз ғана алдында тұрған мұралары «Отырар сазы» оркестрінің орындауында ел игілігіне айналды. Осыдан кейін «Мұрагер», «Сазген», «Адырна» сияқты жаңадан құрылған фольклорлық ансамбльдер өз репертуарларына шертпелерді көбірек кіргізе бастады.

Кеңес кезеңінде шертпе күйдің туын желбіреткен таланттардың бірегейі – Мағауия Хамзин (1927-2000) болды. Дарынды домбырашы Тәттімбет, Тоқа, Әшімтай, Аққыз күйлерін кең насихаттаумен бірге өз жанынан жаңа күйлер шығарып отырды. Мағауия күйшіліктің жаңа мектебін салған өнерпаз, ол домбыра тарту техникасын жетілдірді, шертпе күйдің үніне бұрын-соңды болмаған жаңа тембр бере алды, соның нәтижесінде халықтың марапатына ие болды. Мағауия күйлерінің дәстүрлі орындау шеңберінен шығып сахналық-академиялық сипат алғаны рас. Солай бола тұра, оның күйлері Арқа мектебінің өркендеуіне қосылған үлкен үлес болды.

Шертпе күй мәдениетінің жарық жұлдызы болған таланттың бірі – Уәли Бекенов (1934-2004). Дарынды күйшінің саналы ғұмыры шертпе күйді зерттеумен өтті. «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» атты монографиялар жазып қалдырды. Арқа, Алтай, Жетісу, Қаратау күйлерін тұтас тартатын энциклопедиялық білімнің адамы болды. Консерватория қабырғасынан қиын заманның өзінде шертпе күй сыныбын ашып көптеген шәкірттер тәрбиеледі. «Боздағым», «Жеңгем сүйер», «Ерен толғау», «Күй аңсаған» сияқты айшықты күйлер шығарды.

Сахналық-академиялық сипаттағы шертпе күйлерді шығарушы сазгердің бірі – Шәміл Әбілтаев (1948). Заман талабына ылайық жаңа күйлерді көп шығарған композитор өзінің алғашқы күй жинағын «Ұлытау» деп атады. Бұл кітаптағы «Жорға», «Жырау», «Өрікгүл» күйлері, кейінгі шығарған «Жусан иісі», «Бұлақ» шығармалары Арқа күйшілік мектебінің қоржынына қосылған құнды туындылар болып саналады. Шәміл Әбілтаев қазақ күй мәдениетінің қай мектебі болса да еркін меңгере білген сирек дарын иесі.

Жетісу күйшілік мектебінің дәстүрімен тамаша күйлер жазған композитор - Әбдімомын Желдібаев өзінің шығармаларында таза қазақы сарынды сақтай білген дара дарын иесі. Отызға тарта туынды шығарған, соның басым дені шертпелер. «Толғау», «Бозжігіт», «Көкшолақ» сияқты күйлері Шу өңірінің байырғы мақамымен үндесе жалғасады. Кәсіби білімінің жетіктігінің арқасында оркестрге жазған күйлері де ел игілігіне әлдеқашан айналған дүниелер.

Шертпе мәдениетін шет жерде жүріп жалғастырған дарынды күйшінің бірі – Тайыр Белгібайұлы (1906-1979). Ол Шығыс Түркістанда ғұмыр кешті, осы күні халыққа кең тарап кеткен «Салкүрең» күйін шығарған сазгер, бұл күйді «Хасен-Жәмила» фильміне лейттема ретінде жазған. Мұнан өзге «Ақарал», «Серпін» атты күйлері көпшілік құлағына таныс, бірақ әртүрлі себептермен күйші атымен аталмай, кітаптарға халық күйлері деп беріліп келді. Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» монографиясынан кейін ғана күйшінің аты ақталып, өз дүниелері өзіне қайтарылды.

Күйсандықтың сүйемелімен тартылатын шертпе күй формасындағы пьесалар жазуда композиторлар – Айтқали Жайымов пен Ермұрат Үсенов көзге түсті. Олардың шығармалары әртүрлі деңгейдегі конкурстар мен концерттік іс-шараларда орындалып отырады, оқу бағдарламасына да енген.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Консерватория қабырғасынан ашылған шертпе күй сыныбынан сабақ алған, Уәли мен Мағауияның сирек шәкірттерінің бірі – композитор Мұхамбетқали Тінәлин. Оның шығарған күйлері Мағауия мәнеріне жақын, жүрдек шертіледі, жаңашыл, теріс бұрау, шалыс бұрауларда шертілетін қайырымы аса күрделі күйлері бар. «Шідері қайыс», «Әлбекесін-ән» атты шығармалары қазіргі кезде жиі орындалып жүр.

Байырғы шертпелік мәнерді бойына сіңірген қазіргі белді сазгерлеріміздің бірі – Орынбай Дүйсен. Ол «Жетісу», «Жұматайға арнау» сияқты күрделі шертпелердің авторы. Күй шығарумен қатар шертпе методикасы саласында қағыс техникаларын анықтау ісімен айналысып оны төбелі әдістемелік құрал етумен де көптен шұғылданып келеді.

Шығыс Қазақстандық күйшілік мектепті қайта жаңғыртқан – Секен Тұрысбеков (1961) болды. Оның «Көңіл толқыны» күйі шертпе лирикасының жаңа парағын ашқандай елеулі жаңалық болды. Секеннің күйшілігі Байжігіттен Таласбекке дейін жалғасқан Алтайлық ұланғайыр мектептен дарыған. Қай күйі болса да жұртшылықты бей-жай қалдырмайды, сезімшіл шертіске құрылған әсем шығармалары бұл күнде халыққа жақсы таныс. Орындаушы ретінде де Арқа, Қаратау күйлерін таза тартатын күйші, Тәттімбет, Әбди, Сүгір күйлерін күйтабаққа жазған.

Халық арасынан шыққан күйші композиторларымыз – Төлеген Момбеков, Боранқұл Қошмағамбетов, Дәулетбек Садуақасов, Мұхаметжан Тілеухановтардың шертпенің дәстүрін бүгінгіге жеткізуге сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Бүгінгі жас ұрпақ соларды үлгі етіп өсіп келеді, олар өздерінің табиғи дарыны арқасында кәсіби күйшілігіміздің дамуына шексіз көмектерін көрсетті.



ЖЕКЕ КҮЙШІЛЕРДІҢ ОРЫНДАУШЫЛЫҚ МЕКТЕБІ
Қай дәуірде болмасын, белгілі бір музыкалық ағымның негізін қалап, соның басында тұратын орындаушылығы дара тұлғалар болады. Қазақтың аспаптық музыка мәдениетінің деңгейін көтерген дарынды бабаларымыз әр кезеңде өздеріне тиісті міндеттерін атқарып отырды. Олар күйдің композициялық құрылымының өзінше өсіп-өнуіне үлгі болды, тартыс мәнерінің мектебін қалыптастырып, оны арттағыға атамұра ретінде аманаттап отырды. Күй тарихында мұндай жандарды «Күй атасы» деп мәртебелеп атап отырған. Біздің тоғыз ғасырлық күй шежіремізде аттарын кие тұтып ардақтайтын осындай төбелі өнер иелері аса көп емес: Қорқыт, Кетбұғы, Асан Қайғы (Қайқы болуы да мүмкін), Қазтуған, Байжігіт. Ал, Тәттімбет, Құрманғазы, Бейсенбі, Дәулеткерей, Тоқа, Ықылас, Қожеке, Абыл, Қазанғап, Дина сияқты күйшілер солардың дәстүрін жалғастырушылар.

Бұрынғылардың күй шығару үрдісі бүгінгі композиторлық кәсіптен мүлде бөлек үрдіс болатын. Даланың салты бойынша ертедегі домбырашылар өзіне дейінгілердің күйлерін түгел тартып, ұстазының батасын алғаннан кейін ғана күйші боп саналатын. Белгілі бір күйдің тақырыбына өз иірімін қалдыруға осыдан кейін ғана ерік беріледі, соның нәтижесінде әр күйші табиғи қабілетінің парқына қарай көне күйлерді жаңғыртып отырады, кейіннен бұл күйлер орындаушылардың төл шығармаларына айналып та кете береді, мұның ешқандай сөкеттігі болмайтын. Қазақтың кісі атымен аталып тартылатын «Қосбасар», «Ақжелең», «Байжұмалары» осындай күйлердің қатарына жатады. Бұл жағдай күй мәдениетін байытып қана қоймай, көне сарындардың мүлтіксіз сақталуын да қамтамасыз етіп отыратын жағымды құбылыс әрі күйшілерге деген елдің естелік құрметі болды. (Күй авторларын анықтаудан туатын дау - дамайды туғызушылар қазақ күйшілігінде ғасырлар бойы жарғыланып қалған методологияның осы заңдылықтарын ескермейді. Біреудің күйін біреуге қасақана телу басқа әңгіме).

Күйлердің мектептерге бөлінуінің де негізгі себебі осы, белгілі бір аймақта өмір сүрген сазгерлік дарыны зор тұлға қалыптасып қалған күйшілік салтқа өз қолтаңбасын енгізеді, соның салдарынан домбыра тартудың белгілі өлкеге тән жаңа арнасы пайда болады, оның үйренушілері осы шеберліктің қағидаларын ұстанып, біртұтас зайырлы мектеп қалыптастырады. Енді осындай мектептердің қадауланған басты өкілдеріне тоқталып, орындаушылық ерекшеліктеріне түсініктеме берелік.

Шығыс Қазақстандық күйшілік мектептің атасы – Байжігіт (ХҮ1-ХҮ11ғ.). Байжігіт күйлерінің құрылымы мен орындалуы техникасы аса күрделі, шертістің барлық әдістері қамтылады, сол қол саусақтарының аспапқа жатысы табиғи, сондықтан дыбысты тербеу (вибрация), созу (легато) әдістері мейлінше жетілген. Шертпенің классикалық үлгісі ретінде Байжігіт күйлері басқа мектептердегі (Арқа, Жетісу) тәсілдерді де сіңірген. Меңгерілуінің қиындығына байланысты Байжігіт күйлеріне бойлаған адам аз. Бұл мектептің қазіргі кездегі жалғыз шебері – Таласбек Әсемқұлов.



Тәттімбет - Арқа мектебінің көшін бастаған күйші. Тәттімбет күйлерінің қалыптасқан ізін Әбікен мен Мағауия орындауларынан бажайлауға болады. Тәттімбет күйлері тақырыбы жағынан жаңашыл, күй құрылымы белгілі тәртіпті сақтайтындай қалыпта. Негізгі сарыны үш қайырылып түйінделеді. Қағысы да бірыңғай көсем шертісте орындалады. Тәттімбет артындағы Тоқа, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Сүгірлердің орындаушылық мектептеріне өнеге болған тұлға. Тәттімбет күйлерінің мақамы жалпы қазаққа сіңімді, сондықтан оның мектебін ұстанатын домбырашылар да көп.

Қожеке мектебі - Жетісулық орындаушылыққа үлгі. Әсерлі шертіс пен желдірме аралас виртуоздық тартыс Қожекеден қалған. Қожеке күйлері құрылымы жағынан классикалық шертіске ән формасын жарасымды кіріктіруімен ерекшеленеді. Яғни, фольклорымызда «Жыр күйлері» деп айшықталатын үрдіс осында сақталған. Бұл жағдай Қожеке мектебінің динамикасы жағынан орындалуы мейлінше күрделенген шығармалардың қалыптасуына алып келді, оған мысал – Нұрғиса мен Темірбектің дауылды күйлері. Қожеке күйлерінің түпнұсқасын бірден-бір дәл орындайтын домбырашы - Базаралы Мүптекеев.

Кейінгі кезеңде туғандықтан жаңа сарындарға біршама жақын мектеп –Сүгір мектебі. Сүгір мектебінің басты маңыздық ерекшелігі - қобыз иірімдерін домбыраға сәтті қотаруында, сонымен бірге Шығыс пен Батыс күйлерінің ортасына алтын көпір бола білуінде. Тартылуына қарай Сүгір күйлерін бірыңғай шертпе немесе төкпе деп айдарлауға болмайды, өйткені мұнда жалпы Қазаққа ортақ көне домбырашылықтың барлық нышаны бар. Сүгір мектебіне тән тағы бір ерекшелік композициялық құрылымының жасампаздығы. Ол домбырадағы қалыптасқан буындық-сағалық заңдылықтарды сақтай отырып, қобыз күйлеріндегі оқиғалық – баяндау тәсілдерін батыл енгізген, соның нәтижесінде күйдің эпикалық әсері мейлінше күшейтілген. Домбыраның штрихтық мүмкіншілігін жетілдіруінің арқасында «Аққу», «Бозінген» сияқты орындалуы күрделі шығармалар туғызды. Сүгір мектебін игергендердің ішінде бізге үлгі боларлық орындау -Төлеген мен Генералдың тартысы.



Күйшілік мектептердің ара-жігін ажырата білу – олардың ғасырлар бойы жинақталған шексіз байлығын сақтау деген сөз. Домбыра методикасы ғылыми сергектікпен жетекшілік көрсетіп бұл мәселені қолына алуға тиісті. Жалған айтқыш адамның сөзіндей жалаң «постоновкалық» шертіс бүгінгі орындаушылықты қанағаттандыра алмайды. Әр мектептің өз бояуы сақталуы үшін зерек көзқарас болуы керек, сонда ғана биік мәртебелі домбырашылық өнер қанат жаймақ. Бұл маңызы зор іске жас ұрпақтың қажыр-қайраты молынан жетеді деп сенеміз. Тамам.


Қолданылған әдебиеттер:

1.Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. – Астана, Күлтегін баспасы, 2002.

2.Жұбанов А. Өскен өркен. –Алматы, Ғылым баспасы, 1985.

3.Жұбанов А. Ғасырлар пернесі, Дайк-Пресс, 2002.

4.Жұмақова Ү. Күй құрылымындағы метроритм мәселелері. Алматы, Ғылым баспасы, 2000.

5.Шегебаев П. Дәстүрлі музыка туындату саласындағы домбыра стереотипінің функциялары. – Алматы, Ғылым, 2002.

6.Күзембаева С, Егінбаева Т. Қазақ музыкасы тарихынан лекциялар. –Алматы, «Таймас» баспа үйі, 2005.

7.Мұхамбетова Ә. Қазақ күйі.- Алматы, Дайк-Пресс, 2002.

8.Өтеғалиева С. Көшпенді халықтардың музыкалық аспаптар қоры. –Алматы, Ғылым, 1995.

9.Сарыбаев Б. Қазақтың халық аспаптары. –Алматы, Өнер, 1978.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет