Жалпы бөлім 1-БӨлім. Жалпы ережелер



бет6/17
Дата01.07.2016
өлшемі1.22 Mb.
#169757
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

7-тарау. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

      76-бап. Жұмыс уақыты

      1. Ұзақтығы қалыпты, ұзақтығы қысқартылған және толық емес жұмыс уақыты болуы мүмкін.
      2. Жұмыс уақытына дайындық-қорытынды жұмыстар (наряд-тапсырма, материалдар, құралдар алу, техникамен, құжаттамалармен танысу, жұмыс орнын дайындау және жинау, дайын өнімді тапсыру және басқалар), еңбек технологиясында, еңбекті ұйымдастыруда, еңбекті нормалау мен қорғау ережелерінде көзделген үзілістер, қызметкер өзінің уақытына еркін иелік ете алмайтын жұмыс орнында болу немесе жұмысты күту уақыты, мереке және демалыс күндеріндегі кезекшіліктер, үйдегі кезекшілік және еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде не Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын басқа да кезеңдер жатады.

      77-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы

      1. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.
      2. Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей төлемақымен ұзақтығы аз жұмыс уақыты көзделуі мүмкін.

      78-бап. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс


              уақытының қысқартылған ұзақтығы

      1. Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 181-бабына сәйкес белгіленеді.


      2. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 202-бабына сәйкес белгіленеді.
      3. Бірінші және екінші топтардағы мүгедектер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 224-бабына сәйкес белгіленеді.
      4. Еңбек шартында, ұжымдық шартта осы баптың 1 - 3-тармақтарында көрсетілгеннен кем жұмыс уақытының ұзақтығы көзделуі мүмкін.
      5. Қызметкерлерге жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленген кезде еңбекке ақы төлеу осы Кодекске сәйкес жүргізіледі.

      79-бап. Толық емес жұмыс уақыты

      Осы Кодексте белгіленген қалыпты ұзақтықтан аз уақыт, оның ішінде:
      толық емес жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту;
      толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту;
      бір мезгілде күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту толық емес жұмыс уақыты болып есептеледі.

      80-бап. Толық емес жұмыс уақытындағы жұмыс жағдайлары

      1. Еңбек шартында тараптардың келісімімен қызметкер үшін толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.
      2. Толық емес жұмыс уақыты белгілі немесе белгісіз мерзімге белгіленеді.
      3. Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу қызметкер үшін осы Кодексте, еңбек шартында, ұжымдық шартта, келісімдерден белгіленген жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын қандай да бір шектеуге әкеп соқтырмайды.

      81-бап. Жұмыс аптасының түрлері

      1. Қызметкерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыстың ерекшелігі ескеріле және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, жұмыс берушінің актісімен айқындалады.
      2. Өндіріс сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу қисынсыз болатын ұйымдарда бір демалыс күні бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
      3. Жұмыс беруші еңбек шартының және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын белгілейді.

      82-бап. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы

      1. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 8 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 7 сағат 12 минуттан және апталық норма 24 сағат болғанда 5 сағаттан аспауға тиіс.
      2. Алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 7 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда 4 сағаттан аспауға тиіс.
      3. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, ұйымның еңбек тәртіптемесі ережелерімен, еңбек шартымен, ұжымдық шартпен белгіленеді.
      4. Өнер және мәдени демалыс кәсіптік ұйымдарының шығармашылық қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық шартқа немесе еңбек шартына сәйкес күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін.

      83-бап. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге


              бөлу

      1. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлуге:


      1) жұмыс қарқындылығы әртүрлі болатын жұмыстарда;
      2) егер бұл қызметкердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерімен байланысты болса, оның бастамасы бойынша жол беріледі.
      2. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлген кезде жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) белгіленген ұзақтығынан аспауға тиіс.
      3. Күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) бөліктерге бөлінетін жұмыс түрлері, жұмыстағы үзілістердің саны мен ұзақтығы, сондай-ақ осындай жағдайлары бар жұмыс үшін қызметкерлерге төленетін өтемақылардың түрлері мен мөлшері еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді.

      84-бап. Ауысымдық жұмыс

      1. Өндірістік процестің ұзақтығы не жұмыс берушінің өндірістік қызметінің режимі күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан асып кеткен жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін.
      2. Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне өту қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып жұмыс беруші бекіткен ауысым кестелерімен белгіленеді.
      3. Жұмыс беруші ауысым кестелерін қызметкерлер назарына осы кестелер қолданысқа енгізілгенге дейін бір айдан кешіктірмей жеткізеді.
      4. Қызметкерді қатарынан екі жұмыс ауысымында жұмысқа тартуға тыйым салынады.

      85-бап. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс

      1. Қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық және жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.

      2. Икемді жұмыс уақыты режимінің кезінде:

      1) тіркелген жұмыс уақыты;

      2) қызметкер сол уақыт ішінде еңбек міндеттерін өз қалауы бойынша атқаруға құқылы икемді (ауыспалы) жұмыс уақыты;

      3) есептік кезең белгіленеді.

      3. Шегінде қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақыты ұзақтығының орташа нормасы сақталуға тиіс кезең икемді жұмыс уақыты кезеңіндегі есептік кезең деп танылады.

      4. Икемді жұмыс уақыты кезеңіндегі есептік кезең бір айдан аспауға тиіс.

      5. Икемді жұмыс уақыты кезеңіндегі күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақытының ұзақтығы күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасынан көп немесе аз болуы мүмкін.

      6. Тіркелген жұмыс уақытының, икемді (ауыспалы) жұмыс уақытының ұзақтығы, икемді жұмыс уақыты режиміндегі есептік кезең еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді.

      86-бап. Жұмыс уақытының жиынтық есебі

      1. Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақтала алмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.
      2. Шегінде қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.
      3. Кез келген, бірақ бір жылдан аспайтын күнтізбелік кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең болуы мүмкін.
      4. Жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы қызметкердің демалыс ұзақтығының сақталуы міндетті болып табылады.
      5. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс істеу тәртібі, жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленетін қызметкерлердің санаттары, қызметкерлер өкілдерінің пікірі ескеріле отырып, еңбек шартында немесе ұжымдық шартта не жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
      6. Осы Кодекстің 183, 190, 225-баптарында көзделген жағдайларда жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.

      87-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс

      1. 22 сағаттан бастап таңертеңгі сағат 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.
      2. Қызметкерлерді түнгі уақыттағы жұмысқа тарту осы Кодексте белгіленген шектеулер сақтала отырып жүргізіледі.

      88-бап. Үстеме жұмысқа тартуды шектеу

      1. Үстеме жұмыстарға:
      1) жүкті әйелдер;
      2) он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер жіберілмейді.
      2. Осы Кодекстің 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.

      89-бап. Үстеме жұмыстардың шекті саны

      1. Үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде - екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс.
      2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.
      3. Үстеме жұмыстардың шекті санын шектеу осы Кодекстің 90-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.

      90-бап. Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға


              жол берілетін ерекше жағдайлар

      Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға тек қана мынадай жағдайларда:


      1) ел қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстар жүргізу кезінде;
      2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;
      3) егер үзіліс жасауға болмайтын жұмыста ауыстыратын қызметкер келмей қалғанда, басқа қызметкермен ауыстыру шарасын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін жол беріледі.

      91-бап. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізу тәртібі

      1. Жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүзеге асыруға тиіс.
      2. Қызметкер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт қамтылатын нақты жұмыс уақыты есепке алынуға тиіс.
      3. Жұмыс істелген уақыт құрамында нақты жұмыс істелген жұмыс уақыты және жұмыс уақытына жатқызылатын өзге де уақыт кезеңдері есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндердегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есептеледі.
      4. Жұмыс істелмеген уақыт құрамында ақы төленетін және ақы төленбейтін уақыт, сондай-ақ қызметкердің және (немесе) жұмыс берушінің кінәсінен жоғалтылған жұмыс уақыты есепке алынуға тиіс.
      5. Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс беруші айқындаған құжаттарда жүргізіледі.
      6. Қызметкердің жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде орындаған не олардың орындалуын жұмыс беруші нақты уақытпен тіркей алмайтын кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында еңбек шартында белгіленген жұмыстар көлемін орындау ретінде белгіленеді.

8-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ

      92-бап. Тынығу уақытының түрлері

      Тынығу уақытының түрлері:
      1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер - тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс; ауысымішілік және арнаулы үзілістер;
      2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;
      3) демалыс күндері (апта сайынғы үздіксіз тынығу);
      4) мереке күндері;
      5) демалыстар болып табылады.

      93-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс

      1. Қызметкерге күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ішінде тынығуға және тамақтануға арналған ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бір үзіліс берілуге тиіс.
      2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде үш сағат өткеннен кейін және төрт сағаттан кешіктірілмей белгіленуге тиіс.
      3. Ұзақтығы 8 сағаттан асатын күнделікті жұмыста (жұмыс ауысымында) жұмыс уақытының икемді жиынтық есебі режимі кезінде тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде төрт сағат өткеннен кейін белгіленуі мүмкін.
      4. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс беру уақыты, оның ұзақтығы еңбек тәртіптемесі ережелерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді.
      5. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс уақыты жұмыс уақытына қосылмайды. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін болмайтын жұмыстарда жұмыс беруші қызметкерді жұмыс уақытында арнаулы жабдықталған орында тынығу және тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі, тынығудың және тамақтанудың тәртібі мен орны ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып шығарылған актілерінде белгіленеді.

      94-бап. Ауысымішілік және арнаулы үзілістер

      1. Жұмыстың жекелеген түрлерінде қызметкерлерге технологияға және өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруға байланысты, жұмыс уақытына қосылатын ауысымішілік үзілістер беріледі. Бұл жұмыс түрлері, мұндай үзілістер берудің ұзақтығы мен тәртібі ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған актілерінде белгіленеді.
      2. Жылдың суық мезгілінде ашық ауада немесе жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін қызметкерлерге жылыну және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнаулы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші қызметкерлердің жылынуы мен тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Бір жарым жасқа толмаған балалары бар жұмыс істейтін әйелдерге тынығуға және тамақтануға арналған үзілістен бөлек, осы Кодекстің 188-бабына сәйкес баланы тамақтандыруға арналған қосымша үзілістер беріледі.

      95-бап. Күнделікті (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы

      Қызметкердің жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмауға тиіс.

      96-бап. Демалыс күндері

      1. Қызметкерлерге апта сайын демалыс күндері беріледі.

      2. Бес күндік жұмыс аптасында қызметкерлерге аптасына екі демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында - бір күн беріледі.

      3. Бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып табылады. Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні жұмыс берушінің актісінде немесе ауысым кестесінде белгіленеді. Егер ұжымдық шартта, еңбек шартында өзгеше белгіленбесе, екі демалыс күні қатар беріледі.

      4. Мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар - православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.

      5. Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет ету қажеттігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін қызметкерлерге демалыс күндері жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған актілерінде бекітілген ауысымдық кестеге сәйкес қызметкерлерге (қызметкерлер тобына) аптаның әр күндері кезекпен беріледі.

      6. Іссапарда жүрген қызметкер демалыс күндерін өзі жіберілген жұмыс берушінің еңбек тәртіптемесіне сәйкес пайдаланады.

      97-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс

      1. Осы Кодекстің 98-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа қызметкердің жазбаша келісімімен жол беріледі.


      2. Демалыс және мереке күндерінде қызметкердің бастамасы бойынша жұмысқа жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
      3. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс кезінде қызметкердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 128-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді.
      4. Ұлттық және мемлекеттік мерекелер кезеңінде, сондай-ақ осы Кодекстің 96-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
      Ескерту. 97-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      98-бап. Қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке


              күндері жұмысқа тартудың ерекше жағдайлары

      Қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:


      1) төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
      2) жазатайым оқиғаларды, мүліктің опат болуын немесе бүлінуін болдырмау және оларға тексеру жүргізу үшін;
      3) жалпы ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмысы осылардың жедел орындалуына тәуелді болатын шұғыл, бұрын көзделмеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.

      99-бап. Қызметкерлерді демалыс және мереке күндері


              жұмысқа тартуды ресімдеу

      Қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

      100-бап. Демалыс түрлері

      1. Қызметкерлерге демалыстардың мынадай түрлері:

      1) жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстары;

      2) әлеуметтік демалыстар беріледі.

      2. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкердің тынығуына, жұмыс қабілетін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және қызметкердің өзге де жеке қажеттіктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.

      2-1. Қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының мынадай түрлері беріледі:


      1) жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы;
      2) ақы төленетін жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы.

      3. Әлеуметтік демалыс деп ана болуға, балалардың күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін қызметкерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату түсініледі.

      4. Қызметкерлерге әлеуметтік демалыстардың мынадай түрлері:

      1) жалақы сақталмайтын демалыс;

      2) оқу демалысы;

      3) баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыстар беріледі.


      Ескерту. 100-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      101-бап. Жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысының


                ұзақтығы

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Егер қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін басқа нормативтік құқықтық актілерде, еңбек шартында, ұжымдық шартта және жұмыс берушінің актілерінде көп күн саны көзделмесе, қызметкерлерге ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы беріледі. 
      Ескерту. 101-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      102-бап. Жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары

      1. Мыналарға:
      1) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары беріледі;
      2) бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік он бес күн болатын жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары беріледі.
      2. Қызметкерлердің өзге санаттарына жыл сайынғы қосымша демалыс беру және оның ең төменгі ұзақтығы Қазақстан  Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.
      3. Еңбек шартында, ұжымдық шартта қызметкерлерге үздіксіз ұзақ жұмысы, маңызды, күрделі, жедел жұмыстарды, сондай-ақ өзге де сипаттағы жұмыстарды орындағаны үшін көтермелеу сипатында жыл сайынғы ақылы қосымша демалыстар белгіленуі мүмкін.

      103-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын


                есептеу

      1. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы қолданылатын жұмыс режимдері мен кестелеріне қарамастан, еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі.


      2. Жыл сайынғы еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезінде жыл сайынғы қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы негізгі еңбек демалысына қосылады. Бұл ретте жыл сайынғы еңбек демалысының жалпы ұзақтығы ең жоғарғы шекпен шектелмейді.

      104-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық


                беретін жұмыс стажын есептеу

      Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретін жұмыс стажына:


      1) нақты жұмыс істелген уақыт;
      2) қызметкер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
      3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына, оның ішінде жүктілігіне және босануына орай демалыста болған уақытына байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт;
      4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт қосылады.
      Ескерту. 104-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      105-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру


                тәртібі

      1. Қызметкерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.


      2. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру ерекшеліктері осы Кодекстің 213-бабында белгіленеді.
      3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін.
      4. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы Кодекстің 108-бабының 3-тармағындағы талаптар сақтала отырып, осы Кодекстің 108 және 109-баптарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ауыстырылады, ұзартылады, үзіледі.
      5. Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу ол басталардан күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы кестеден тыс берілген жағдайда - ол берілген күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
      Ескерту. 105-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      106-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет