Иерархия—төменгі органдардың, шенділердің жоғарғы органдарға, шенділерге бағыну тәртібі.
Имидж — 1) басқаларға өзі туралы белгілі бір әсер етіп, пікір тудыру үшін жасаған субъектің сыртқы бейнесі; 2) үгіт-насихат, жарнама және т.с.с. арқылы субъект туралы кеңейтілген мағлұматтар беріп, арнайы бейнесін жасау.
Импичмент — жоғарғы лауазымды адамдарды (президентке шейін) конституцияны бұзғаны үшін немесе басқа қылмысы үшін жауапкершілікке тартуға және ісін сотта қарауға мүмкіндік беретін ерекше тәртіптің түрі. Ол жөнінде жауапкершілікке шақыру мәселесін парламенттің төменгі палатасы шешеді. Ал істі қарап, үкім шығаратын жоғарғы палата. Мысалы, мұндай тәртіп АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және т.б. елдерде орын алған.
Инагурация — 1) мемлекет басшысының өз қызметіне салтанатты түрде кірісуі; 2) тарихи оқиғалар құрметіне жасалған ескерткіш, ұйымдастырылған көрме және т.б. салтанатты түрде ашу.
Инновация — жаңалық енгізу, жаңарту.
Институализация — саяси қозғалыс немесе құбылыстың тәртіпке келтірілген, ұйымдасқан мекемеге айналуы.
Интеграция — мемлекетаралық саяси, экономикалық, әскери және т.б. одақтардың құрылуы. Оның негізінде ортақ мүдде, саяси қатынастардың жақындасу, бірлесуге тырысу үрдісі жатыр. Бұл салада Еуропалық Одақ зор жетістіктерге жетті. Оған кірген мемлекеттер экономика, әлеуметтік, қаржы саясатында, ғылыми зерттеулерде, технологиялық даму, айналадағы ортаны корғау, сыртқы саясатты жүргізу мәселелерін және т.с.с. шешкенде бірігіп іс-қимылдар жасауға келіскен.
Интерпелляция — үкіметке немесе оның жеке мүшесіне (министрге) белгілі бір мәселе жөнінде я оның жалпы саяси бағыты туралы түсініктеме беруді талап еткен депутаттардың ерекше сұрауы. Әдетте, ол қоғамды аландататын маңызды деректер туралы қойылады. Сондықтан ол сұрақтың туу себебі және қашанға дейін жауап берілу мерзімі көрсетіледі. Егер берілген жауап қанағаттанарлық болмаса, үкіметке (не оның мүшесіне) сенім білдірмеу мәселесі тууы мүмкін.
Кадрлық партиялар — қатарында сайлаушылардың 10%-дан кемі ғана болатын, мүше саны аз партиялар. Олар ұйымшылдығымен және тәртібімен көзге түседі. Мысалы, Австрия халық партиясы, Англия консерваторлар партиясы, Германия Федеративтік Республикасының христиандық-демократиялық одағы, Жапония либералдық-демократиялық партиясы, Француз коммунистік партиясы, Швеция орталық партиясы т.т.
Достарыңызбен бөлісу: |