Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1. Тіл білімінің дамуын шартты түрде неше кезеңге бөледі
2. Ежелгі Қытай тіл білімі
3. Ежелгі үнді тіл білімі
4. Ежелгі грек тіл білімі
5. Ежелгі рим тіл білімі
№10 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ОРТА ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ
Дәріс жоспары:
1. Орта ғасыр дәуірінің ерекшеліктері.
2. Әлемдік діндердің, канондық тілдердің пайда болуы, тіл біліміне тигізген әсері.
3. Араб тіл білімі.
1. Орта ғасыр – адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір. Еропа тарихы тұрғысынан қарағанда бұл мезгілді үш кезеңге бөлуге болады: а) 3-5 ғасырлар арасы. Бұл – құлдық дәуірдің ыдырап, феодалдық қоғамның құрыла бастаған кезеңі; ә) 6-10 ғасырлар аралығы. Бұл – феодалдық қатынастың әбден орнығып, гүлденген заманы; б) 11-16 ғасырлар аралығы. Бұл - феодалдық қатынастың ыдырап, капиталистік қоғамның туа бастаған, тарихта қайта өркендеу дәуірі (ренессанс) деп аталатын кезең.
Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі - әр түрлі діндердің әлемдік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.
2. Дүниежүзілік діндердің тарауымен қатар сол діндердің сүннет-парызын, шариғатын уағыздайтын жазбалар да тарады. Ол жазбалар тілі киелі, қасиетті тіл, пайғамбарлар тілі деп жарияланды. Жергілікті халықтар ол тілде жазылған аят-хадистардың мағынасын, тілін түсінбесе де жатқа біліп, құдайға құлшылық ететін дұға ретінде айтуға міндетті болды. Бұл тіл – тіл ғылымында канондық тіл деп аталады. Сөйтіп, дін тараған аймақтардағы халықтар өз ана тілімен қатар канондық тілді де қолданды. Канондық тіл бірден-бір дұрыс тіл деп жарияланды да, әр халықтың өз ана тілі, сөйлеу тілі – теріс тіл, пендешілік тілі деп есептелді. Жазба тіл, әдеби тіл канондық тіл болып саналады. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы – құранның тілі болды. Араб тілі оқу пәні болды. Оны молдалар, дін иелері оқытты. Оқытудың I-сатысында әліпби, екінші сатысында иманшарт, үшінші сатысында әптиек, одан кейін құран оқытылды. Еуропа халықтары үшін канондық тіл – латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылыми тілі ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқытылатын да латын тілі грамматикасы болды. Жеке тідер грамматикасы латын тілі грамматикасы негізінде сөз болып, соның үлгісіне түсірілді. Латын тілі грамматикасы барлық тілдерге бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ құрал деп есептелінді. Солай бола тұрса да орта ғасырдағы грамматикалық ой-пікірдің бір мәнді жағы бар: ол кейінгі заманғы жалпы тіл ғылымының сол орта ғасыр топырағында тамырлана бастауы еді. Әлем халықтарының бүкіл рухани мәдениетіне ұлы өзгерістер енгізді. «Қайта өркендеу дәуірінің» өзі де орта ғасыр топырағында көктей бастаған болатын. Сондықтан кейбір мәселеде кертартпалығына, діни қарсылықтарына қарамастан, орта ғасырды прогресс үшін, ғылым үшін құралақан болды деу жөн емес.
Зерттеудің өзіндік жаңа жүйесін жасай алмағандарымен, қолтума еңбектер бермегендерімен, филологиялық, грамматикалық мәселелермен орта ғасырда шұғылданушылар да аз болған жоқ. Олардың баса назар аударған бір мәселесі – көне канондық жазбалар тілінің өзіндік нормасын өзгеріссіз сақтау, кейінгі заман жазба тілін көне канондық тілмен үйлестіру, олардың арасындағы алалықтарды бір ізге салу сияқты нормалаушылық жұмыстар болды. Бұл жұмыстарында олар антикалық қоғам қалдырған грамматикалық, поэтикалық, риторикалық, логикалық тұжырымдарға сүйенді, соларды басшылыққа алды.
Канондық жазбалармен қатар біраз елдерде жазба жұмысы мен әдебиет едәуір дамыды. Жергілікті тілдерді зерттеу, нормалау, оларлың грамматикаларын жазу талабы күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, 7-15 ғасырлар аралығында иран, исланд, француз, испан, итальян, түркі, ағылшын т.б. тілдердің грамматикалары жарық көрді.
Грамматика мәселелерімен қатар ежелгі дәірден келе жатқан зат атауларының табиғаты жөніндегі мәселе де ескерусіз қалмады. Оны сөз етушілер бұл дәуірде де екі топқа бөлінді. Оның бірі – реалистер, екіншісі - номиналистер деп аталады. Реалистер заттар жөніндегі жалпы ұғым – ақиқат, ол алғашқы, зат соңғы деген идеалистік бағытты ұсынды. Номиналистер керісінше, зат болмаса, ол туралы ұғым да болмайды, сондықтан ақиқат нәрсе – зат, ол алғашқы, ал, зат туралы ұғым соңғы деген материалистік бағытты уағыздады.
Достарыңызбен бөлісу: |